3D Service

«

Қасым Аманжолов. Ей, тәкаппар дүние!

»

Дата: 18.01.2011 в 01:20 · Категория: Без категории

Қасым Аманжолов. Ей, тәкаппар дүние!

 

Қас талант, Алаштың аңызға айналған ақыны Қасым Аманжоловтың 17-нші қаңтар туған күні және биыл ақынның 100 жылдығы. Қасым Аманжоловтың көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады. Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды.

Қасым Аманжолов — көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды.

Қ.Аманжолов — өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын.

«Абай-ақпарат»

 

Абай арманы

«Адасып, алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық, қамалмай.

He ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай»,

Деген сөзі ақынның қайнап іште,

Келе жаттық жүйткітіп шаңқай түсте.

Көсіліп арыстандай жатты Шыңғыс,

Сенген соң бойындағы алып күшке.

Келе жаттық кең қорық Жидебайға,

Қарауыл қалды артта әлдеқайда.

Кернеген көкіректі көп сыр жатыр,

Келеміз айтарлықтай соны Абайға...

Айдынның аралындай бір дөңесте

Тұр қыстау талай сырды салып еске.

Еркіндеп араладық әр бөлмесін,

Абайдың еркелері біз емес пе!

Бейіт тұр кәдімгі ескі, төрт қүлақты,

Япыр-ай, ақын бұған қалай жатты?!

Тіл қатпас түсі суық, сұп-сұр мола,

Сезе ме қуанышты, махаббатты...

Қария жас көңілді, жүзі бір нарт-

Әрі әнші, әрі күйші, өзі жомарт,

Көп сырды көңілдегі берді шешіп

Абайдың немересі Исраил қарт:

- Жігіттер, келіпсіздер Абайды іздеп:

Маған да ишаратпен «қалайсыз?» деп.

Ризамын! Ойламаған екенсіңдер

Абайдың ескі жұрты Абайсыз деп.

Сөзімде, ескертерсіз, болса қатам,

Ақынға мекен болмас зират пен там.

Аралап туған елін кеткен еді

Сенің де, менің дағы Абай атам.

Атаңның аңсағаны сендер едің,

Әрқайссыңды атаңа тең дер едім,

Ғылым, еңбек, бар бақыт өздерінде,

Осы емес пе, қарағым, ең керегің.

Жұттай қысып бір кезде қатал заман,

Оны жырлап берген-ді атаң саған.

Үнін естіп бүгінгі бақыттының,

Атаң шыдап қабірде жата алмаған, -

Деген сөзі зерделі қарияның

Бір сілкінтті ақынның өр қиялын.

Кеттік тағы аралап байтақ елді

Арасымен алуан уақиғаның.

Колхоз бардық, әрбір үй, әрбір мектеп

Ақын ата Абайын жүр қүрметтеп.

Қала келдік, шықты алдан тағы да Абай,

Бекер ойлап жүріппіз «құр сурет» деп.

Қабырғадан қараса ойлы көзбен,

Тірі адамдай емес пе бәрін сезген.

Асқақ жыры ақынның жүр аралап

Өзіміздей кәдімгі өр мінезбен.

«Республика тойына жаздым өлең», -

Деп барсам мен ұйымға — кімді көрем?

Нағыз төрде отыр ол маңғазданып,

Сөйлесердей сенімен, меніменен.

Ақын ата, жетіпсің арманыңа,

Осыны аңсап жүрегің талмады ма!

Бізбен бірге келіпсің бүгінгіге,

Бізбен бірге барарсың алдағыға.

 

Дүниеге жар

Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені?

Мен қазақтың баласы!

«Тағы жұрт» деп тағы да,

Танымассың, білмессің.

Өйткені мен қазақпын,

«Англичанин» емеспін.

Танисың ғой сен оның

Өзінен бұрын мылтығын,

Дәріптейсің қасиетін

Адамы түгіл, итінің.

Мен де оны бір кезде

Етігінен танығам

Қадай басып өкшесін,

Далама кеп қаңғыған.

«Тағы» дейтін халқымды,

Дозақ дейтін даланы.

Кен қазам деп көр қазып,

Ақтаратын моланы.

Жылап жатса бір қазақ,

Күлуші еді-ау ол өлі!

Соның бәрі сұрқия

Сұм патшаның әлегі.

Екі аяқты ақ патша

Көп батырды шеңгелін.

Cap далада сарғайдым,

Қасіретпен шөлдедім.

Мынау қара көзімнен

Сансыз дария жас ақты.

Өз етімді өзіме

Кесіп алып асатты.

Айтып-айтпай, не керек,

He көрмеді бұл қазақ!

Дүние бүгін ұялар,

Айтпа, ойбай, аузың жап.

Сорлы емес ем ежелден,

Қаралы едім, зарлы едім.

Ұялушы ем өзге елден,

Намысты едім, арлы едім.

Есе тиер, енші алар

Ел болсам деп ойлаушы ем.

Қазақпын деп айта алар

Мен болсам деп ойлаушы ем.

«Тәкаппар дүние төріне

Емін-еркін шықсам-ау!

Айтқанымды тыңдатып,

Айтқандарын ұқсам-ау», -

Деп ойлаушы ем, сол болды,

Арманыма жеттім мен.

Үдере жорттым, жол болды,

Тау төңкердім екпінмен.

Енді мені менсінбес

Европаның қай елі?

Қарсы келсем, құшақтар

Қаратпайтын әйелі.

Сорлы негр қара боп

Туғанына жазықты.

Тәкаппарсың, дүние,

Көп қорладың аз ұлтты.

Қаталастың бірақ сен,

Аз дегенің көп екен.

Көміп кетер кепшілік,

Көп кешікпес, күні ертең.

Бола бермес дүниеде

Күнде жанжал, күнде шу.

Жауып кетер жер бетін

Жалғыз ғана қызыл ту.

Сол қызыл ту астында

Күн келбетті қазақпын.

Отар емен телмірген,

Азаматпын, азатпын.

Енді, сірә, дүние,

Танисың ғой мені сен.

«Танысамын соғысып», -

Деп ойлама, тегі, сен.

Төрт құбылам түгел сай,

Қорқытпайды соғысың.

Жетпіс қабат қорғаңдай

Батысымда — орысым.

Шымқай болат киінген

Шүғылалы шығысым.

Тас түлектей түйілген

Қырғыз, якут туысым.

Қазақ деген атымды,

Өшіре алмас ешбір жау!

Төбесінен, тиіссе,

Төңкерілер Алатау.

Аумағы мол алыппын,

Кеңіді менің құшағым.

Британия аралын

Қолтығыма қысамын.

«Тағы» емеспін, тағы айтам,

Адаммын-ды бұрыннан.

Адаммын деп жылағам,

Адаммын деп қырылғам.

Тәкаппар ұлы дүние!

Қазақ деген мен деймін.

Мылтығыңды ұсынба,

Қолыңды ұсын, кел деймін!

Алматы, 1940.

 

Қазақстан

Елу жаста елім бар деп айта алмай,

Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.

Елім бар деп айтатын бір туды күн,

Елім бар деп шырқатайын мен бүгін,

Қойсын енді Қорқыт күйін сарнамай.

Атам Абай, арманыңа бер тыным,

Сен таппасаң, біздер таптық жер тыңын.

«Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен

Мынау дала, біздер өскен кең мекен -

Қызыл тулы ел Қазақстан дейтұғын!

Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,

Тоңы — алтын, түгі — торқа жер мынау!

Қарағанды — қара қазан қайнаған,

Дүние-байлық тұрған жайнап айналам,

Елдігіме етер шүбә қандай жау?!

Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы,

Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!

Тұр ғой соғып туған дала жүрегі,

Кім қызықтап, мақтан етпес бұл жерді,

Бақытыңа қуан, қазақ баласы!

Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.

Ел намысын ешбір жауға бермейміз,

Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз -

Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!

Байтақ Отан — туып-өскен өз елім,

Өмірімдей өршіп аққан өзенім!

Артым жақсы, алдым қандай тамаша,

«Бөтен елдің падишасы болғанша,

Өз елімнің терсем артық тезегін!»

Қуанамын, көрсем атты қазақты

Ән шырқаған алшы тастап тымақты.

Қуанамын шапқанына құйғытып,

Қанаттанып, алыс жолды тез ұтып,

Огты көзбен тұрса шолып жан-жақты.

Аралашы Алматының көшесін,

Емендермен егесе сен өсесің.

Талғар тауда тудай жайнап талабың,

Бой ұрасың мұхитына даланың,

Қайтарам деп өміріңнің есесін.

Туған бала құба құмда, жер үйде,

Тоқсан томды алдына алып ҚазПИде,

Отыр дүние архивтарын ақтарып,

Соны көріп сүйсінем де мақтанып,

Кетем жырлап, қосылам да бір күйге.

Тау қопарған, көлді көлге қотарған,

Біз ерлерміз алғыс алған Отаннан.

Туған жердің салмақтап сом алтынын,

Содан ұғып келешегін халқының

Жүрген жасты жырлап өтсем, жоқ арман.

Кемпір көрем көк өзендей күй төккен,

Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.

Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,

Күлкісі — күн, сайрап кетсе — сандуғаш,

Жігітіміз барабар жас түлекпен.

Көк құрыштан құйылғандай бір елміз,

Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.

Әніміз бар асқақ жалау сықылды,

Көтерілсе — тік көтерер жұртымды,

Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз.

Елу жаста елім бар деп айта алмай,

Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.

Елім бар деп айтатын бір туды күн,

Елім бар деп шырқатамын мен бүгін,

Еркелеймін кең даламда баладай.

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,

Бұл далада атам қолға ту алған,

Бұл далаға жылап келіп уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман!

1946.

 

Hap тәуекел

Hap тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,

Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!

Бұл сапарда сүрініп те қалармын,

Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!

Жығылам деп, жүре алмаймын жәй басып.

Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.

Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,

Іш пыстырып, жалт-жалт қарап байқасып.

Жығылсам да жүгірумен өтемін,

Аяңшылдың ақылын мен не етемін.

Жығылармын, алқынармын, шаршармын,

Барар жерге бұрынырақ жетемін.

1940.

 

Өлең туралы

Отырам кейде құрысып,

Бойымда бір жүк жатқандай.

Өтеді уақытым жылысып,

Өз міндетін атқармай...

Кетемін кенет сілкініп,

Іздегенім тапқандай.

Манадан бері іркіліп,

Селім бір енді аққандай.

Келеді өлең еселеп,

Үлгіре жазып жатамын.

Бір әндетіп, бір сөйлеп,

Мол рақатқа батамын.

Құрысқан бойым жазылып,

Лапылдап отым жанады.

Отырғандаймын мәз қылып,

Ойнатып сәби баланы.

Өлеңім — менің бөбегім

Өзіме тартқан секілді.

Үстіне түсе төнемін,

Үйретіп оған не тілді.

Дүние қандай тамаша!

Реніш-қайғы маған жат.

Құлпырып, мәз боп балаша,

Айналам толған махаббат.

1949.

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы


Читайте также:
Комментарии:
Автор: janna, 10.02.2012 в 12:28
фу,отстой
Кому (e-mail)
Антибот
Имя *
Комментарий *
E-Mail

На этот адрес будут приходить уведомления о новых комментариях.
Мы никогда и никому не покажем этот адрес электронной почты.
Антибот *
О ПРОЕКТЕ | ПИСЬМО В РЕДАКЦИЮ | ИСТОЧНИКИ НОВОСТЕЙ | ПРЕДЛОЖИТЬ ЛЕНТУ

Сейчас в базе агрегатора 2 233 246 новостей из 210-и лент