3D Service

«

Мырзагелді Кемел. Шәкәрімнің ар ілімі

»

Дата: 26.09.2011 в 11:44 · Категория: Қазақша жаңалықтар

Мырзагелді Кемел. Шәкәрімнің ар ілімі

Мырзагелді Кемел, экономика ғылымдары докторы,

профессор, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Шәкәрім өз шығармаларында «ар білімі» деген терминді қолданған. Ол «ар» сөзін «совесть» деп тәржімалаған. Ар дегеніміз не? Ол тек адамға ғана қатысты түсінік. Михаил Лермонтов: «Адам ісіне құдаймен бірге төреші бір нәрсе бар, ол — ар» деп айтқан. Абай аудармасында ол өлең былайша келтірілген:

Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!

Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,

Қазысы оның — арым мен бір-ақ құдай.

Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар — әр адамның өз ісінің төрешісі». Ғ.Есім: «Құдай құратын «сотқа» дейін адам өзінің арының алдында жауап бермек» дейді. «Менандрдың: Әр адамның құдайы — өзінің ары» деген сөзі бар.

Бізде «ар» сөзіне ғылыми тұрғыдан қандай анықтама беріледі? «Шәкәрім» энциклопедиясында А.Тоқсамбаева: «Ар — адамгершілік сана, этика-философиялық категория. Адамгершілік (адамшылық, адамдық) қазақ халқында адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтық мағынасын білдіретін ұғым-өлшем болса, Ар оның шығу тегі, бұлақ бастауы. Арды адам бойындағы жақсы қисиеттердің өлшемі, адамгершілік санасы деуге негіз бар», — дейді.

Ар — адамдық сананың негізі деп: «ар түзер адамның адамдық санасын» деген өлең жолдарымен Шәкәрім де айтқан. Шәкәрімше айтқанда ар өзіне жақын, әлі ара жігі ашылып зерттелмеген ұят, ұждан ұғымдарымен бірлікте.

Шәкәрім «Ашу мен ынсап» атты өлеңінде «ар» сөзін бірнеше рет қайталанған:

Бәріне де құлақ сал,

Рахым, ұят, ар қайда?

Және:

Көп наданнан жасқанып,

Сорлың елге бас ұрған.

Рахым, Ұят, Арының,

Бетін топырақ жасырған.

Және де:

Дайын қылдым бәрін де,

- Сақтық, Ұят, Рахым, Ар,

Ынсап деген кәрің де.

Бұл өлеңде ар адам бойындағы ашу-ызаға қарсы, ынсапқа жақтас қасиет ретінде көрініс тапқан.

«Жастық туралы» деген өлеңінде:

Қарамай ұят, арына,

Жанды қиып жарына, — дейді.

Шәкәрім өлеңдерінде, аудармаларында ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін жиі көтереді. Оның шығармаларында өзінің ішкі табиғатына, көзқарасына сәйкес келетін және сол идеясын жеткізуге лайық детальдар мен сюжеттік элементтер тапқанда ғана сол туындыны жазуға бой ұрады.

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып,«көппен көрген ұлы той» деп,

Береді бұл надандық кімге пайда? — депті қазаққа Шәкәрім.

«Ақылды сол — нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол — арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол — таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды».

Және:

«Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан», — деген шумақтар да Шәкәрімнің ар ғылымына дәлел боларлық өлең жолдары.

Шәкәрім ар түзейтін ғылым жағында. Ол «ар білімін» жақтайды. Соның аты озғанын қалайды. Оның «Таза ақыл», «ақ жүрек» дегені жай бір қысыр кеңес емес, адамгершілік философиясынан тарайды. Ізгілік, әділеттілік бар істе басты болуға керек. «Мылтық билеп тұрғанда, әділет жоқ» деген құнарлы пікірге  келеді. «Жиырмасыншы ғасырдың адамынан, Анық таза бір елді көрмей өттім» дейтіні де сондықтан.

Шәкәрім өлеңдерін ұқыптап оқып қарағанымызда тек «ар» ұғымына қатысты тұстарының өзі өте мол екеніне көз жеткіземіз:

 

... Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ.

 

... Арсыз арам, асығыс айлакерлік,

Мұның бәрі шайтанның досы болмақ.

 

... Құдай кешер, Алла деп күнә қылмақ,

Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ.

 

... Ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық,

Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.

Алтауының ішінде ынсап әділ,

Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.

 

... Ар демек — адамшылық намыс деген,

Арың кетпес жағыңа қарыс деген.

 

... Ар, нысаппен іс қылып, азап тартып,

Ақ жолында өледі бірталай жан.

 

... Ар, нысаптың пайдасын жан сезеді,

Өлген соң бәйге аларын біліп тұр жан.

 

... Арманым байлық, мансап, мақтан емес -

Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы.

 

... Ақтан безген ары жоқ өңкей залым.

 

... Ардан күсіп, арамның біреуі бол.

 

... Арланбай арыңды да сатасың.

 

... Қаны қызып құтырып,

Ар-абыройы ұмытылып.

 

... Наданға арамдық ар ма?!

 

... Ар сатар шайға да болса.

 

... Ар түзер адамның адамдық санасын.

 

... Ақ жолдан айнымай, ар сақта оны біл.

 

... Бәрі адамның бірдей ағарып,

Ары нәпсіні жеңсе тазарып.

 

... Ар, иманнан айырды.

 

... Сөз, мінезі құбылса,

Ар-иманы жоқ деп біл.

 

... Өнер қылма, ар сатып, жалданбақты.

 

... Адаспайсың ақылды арлыға ерсең,

Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.

Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың,

Алданбайсың артынан ере берсең.

 

... Арсыз, арам айланы тастасалық,

Адал іске талаппен бастасалық.

 

... Бұл елде адалдық бар ма,

Наданға арамдық ар ма?

 

... Арам ойлы ақыл деп, ардан күсіп.

 

... Ар қайда, ақыл қайда, намыс қайда.

 

... Арың сатпа, терің сат, адалды ізде.

 

... Арыңның өлең болсын айнасындай.

 

... Арын сатып, елді алдап.

 

... Арыңды сатып арамға,

Адалды қалай аласың?

 

... Адам үшін арымен ойламаған,

Жүксіз, ойсыз, жүктімен санаспайды.

 

... Ар билейтін заманда нәпсі өліп.

 

... Әл жеткеннің бәрін жеп,

Арды жұтқан жарай ма?

 

... Алла сүймек, ар сүймек,

Ұқтырар адамдықтың шын екенін.

 

... Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.

 

... Жайнар көңіл, қайнар өмір,

Ар білімі оқылса.

 

... Адамдық борыш ар үшін,

Барша адамзат қамы үшін,

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін.

 

... Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз, өнерсіз,

Болады ақыл тұл.

Мақтанға  салынба,

Мансаптың тағы үшін.

Нәпсіңе билетпе,

Басыңның бағы үшін.

 

... Ұрлықпен елге жағындым,

Әртүрлі атақ тағындым,

Ар кетіп, айла жамылдым.

 

... Арға ие басшының соңына ер,

Таң артынан хақиқат күн шығады.

 

... Ар жеңіп шығады, арамның қарасын.

Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,

Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын.

 

... Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық

- әуес болар алты шарт.

 

... Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан.

 

...  Ар қайда, ақыл қайда, намыс қайда?

Өңкей итке жалындың, табыс қайда?

 

... Рахым, Ұят, Ар қайда?

Қаруыңды жиып ал,

Құр ашудан не пайда?

 

... Ар сатар шайға да болса,

Бір асым майға да болса.

 

... Әділет, мейірім, ар мен нысап,

Аты бар, олар елде жоқ.

 

Міне, Шәкәрімнің мұрасын бір шолып шыққанда «ар» сөзіне қатысты қаншама өлең жолдары табылды.

Толстойды не үшін ұстаз тұтатынын айтқан «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» атты өлеңінде:

Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,

Сондықтан ол иесі терең ойдың, — деп ардың жолын таңдаған Толстойдың шәкіртімен деуден танбаймын деп келтіреді.

Ар ұғымының мәнін қарама-қарсы арсыздық ұғымын қолдану арқылы ашуға болады. Ар адам бойындағы алғашында бар нәрсе. Оны жетілдіріп өсіре түсу де, құртып, жоғалтып алу да адамның тағдырына қатысты болады. Адам бойындағы жақсы қасиеттер арға көлеңке түсірмеуге ұмтылады.

Шәкәрімнің пайымдауынша өмірдегі жақсылық та, жамандық та, жеке адамның бойындағы арлылық пен арсыздықтан, қасиет-кемшіліктерден бастау алады. Және кемшіліктің үлкен-кішісі болмайды, оның бәрі адамдықтан айрылуға, ардан аттауға бастар жол.

Еріншектен салақтық,

Салақтықтан надандық,

Бірінен-бірі туады,

Жоғалар сөйтіп адамдық, — дейді ақын.

Шәкәрім «Үш анық» атты философиялық еңбегінде: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі — адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ» деген.

Сонымен, ар дегеніміз не? Қазіргі заманғы адамгершілік туралы түсінікті этика деп атайды. Немесе, мораль. Осы екеуі адамгершілік деген ұғымға сәйкес келеді. Бірақ Абайда да, Шәкәрімде де адамгершілік деген сөз жоқ, Абай оны адамшылық дейді, Шәкәрім — адамшылық, ар дейді. Адамшылыққа қатысты білімді Шәкәрім «ар білімі» дейді. «Ар білімі» деген тіркес, түсінік — Шәкәрімнің жаңалығы. Ғарифолла Есім айтады: «Ар білімі» ұғымының ауқымы кең. Ар білімі адамның адамшылығының кемелденген кезінде қалыптаса ма деймін. Менің түсінігімше, ар ниет арқылы көрініс береді. Әдетте, адамдарды ақ ниетті, қара ниетті деп бөліп жатамыз. Қара ниетті адамда ар бола ма? Керісінше, арсыздық солардан шығады. Ақ ниетті адамдардың әр ісінде ізгілік жатады. Арлы адамдар — солар. Адамға бас иіп, құрмет білдіру де соларға тән. Ар білімі болса — арлылықты да, арсыздықты да зерттеуі керек» дейді.

Сонымен ар білімі деген — ар туралы біздің біліміміз. Яғни білуге тиісті, білуге міндетті нәрселер.

Ғарифолла Есім осыны айта келіп Шәкәрімнің «ар білімін» өзінше талдай келе оны «ар жүйесі» деп атайды. Оны төмендегіше негіздейді: «Адамзат жаратылғалы алдымен заттық табиғатқа ие болған, яғни басқы мақсат — ішіп, жеу, қарынды тойындыру. Мұны философ ғалым бірінші жүйе — тән жүйесі деген. Екінші болып жан жүйесі айтылады. Үшіншісі — адамның санасы. Төртінші — нәпсі жүйесі, ол тек ішіп-жеу емес, артына ұрпақ қалдыру ниеті. Бесінші — көңіл жүйесі, яғни көңіл азығын іздеу. Алтыншы жүйе — рух жүйесі, яғни адамның рухани мәдениеті. Жетінші жүйе — ар жүйесі, ол Жаратушыға барар соңғы баспалдақ».

Ғарифолла Есім ар жүйесі дегенді өз сөзімен былайша түсіндіреді: «Ар жүйесі дегенде адамшылық кеңістігі айтылады. Ар таза күйінде кездеспейді, оның көріну формалары: ұят, намыс, ұждан, ғашықтық, достық, кісілік, жомарттық, ізгілік, парасаттылық, даналық, талаптылық, т.б. Ар дегеніміз көңіл мен рухтың сапалық өлшемі немесе анықтаушысы деуге болады». Біз автордың бұл ойымен толық келісеміз. Орынды-ақ.

Бұл тұжырымдарды біз мақұлдаймыз және болашақта терең зерттеу, өмірге енгізу қажеттігін түсінеміз. Сөйте тұра адамгершілік пен арды зерттейтін  түсінікті «ар ілімі» деп атауды ұсындық.  Себебі не? Себебі біз ар ұғымы білім шеңберінен шығып, ғылым, таным, дін түсініктерімен астасып кететін ұғым деп танимыз. Сондықтан оны «ар ілімі» деп атауды лайық санаймыз.

Біздің түсінігімізше ардың оянуы үшін білімді болу аз, адам алдымен көргенді, тәрбиелі болуы керек. Таным-түсінігі мол адам арсыздыққа бармайды.  Ардың ояулығы — арға нұқсан келетін істі болдырмайды. Ол үшін білім аз, көргенділік, көрегендік керек.

Ғылым көзі — іздену, ағартушылық. Ғылым — бүкіл елді сусындата алар шалқар көл, халықты байлыққа, бақытқа бөлер таусылмас кен, рухани дерттің бәрін аластайтын, елге қуат, күш беретін дәру. Білім алуды ғылыммен ұштастыра игерсе, қазақ та тарих көшінде өзгелермен тең дәрежеде болашаққа бет алмақ, басқалармен басы теңеспек, бәсекелес бола алмақ.

Ілім дегенде біз діннің де ар ілімін қалыптастыруда өзіндік орны бар деп санаймыз. «Дін дегеніміз — ғылым мен білімнің анасы» деген Шәкәрім ақылман. Демек Шәкәрім дін мен ғылым-білімді біртұтас дүние, бірге дамуы тиіс ілім деп қарастырған.

Дін жолы — иман жолы, имандылық жолы. Дінсіз адамның арды аттауы, қиянатқа баруы оңай. Өйткені ол дінсіздіктің нәтижесінде құдайдан қорқу сезімінен ада. Шәкәрім мұның мағынасын терең түсінген ғұлама. Сондықтан да өз өлеңдерінде: «Қиянаты бардың иманы жоқ», — деп жазып кеткен.

Шәкәрім ілімі деп атауымыз осы дәлелдерге негізделген. Шәкәрімнің 1912 жылы «Айқап» газетінде жарияланған «Білімділерге бес сауал» деген еңбегінде ар іліміне қатысты, білім мен ғылым және дінге қатысты сауалнамасы бар. Бес сауал мынау:

1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

3. Адамға өлген соң, мейлі не жөнмен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

4. Ең жақсы адам не қылған кісі?

5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бар ма, бұзылып бара жатыр ма?

Шәкәрімнің бес сауалы бір сәттік ойдан туа салған асығыс дүние емес. Бұл сауалдар отыз жылдан астам Шәкәрімнің ішкі дүниесіне төңкеріс жасап, ол оның жауабын ұдайы іздеумен болған. Әділғазы Қайырбеков «Шәкәрімтану мәселелері» атты көптомдықтың 6-томында «Шәкәрім һәм Сәбит» деген мақаласында Шәкәрімнің өзі өлетін жылы Сәбит Мұқановқа өзінің кітаптары мен қолжазбаларын таныстырумен қатар, өзін мазалап жүрген өзекті сауалдарды, көзқарастарын былай білдіргенін жазған: «Қырықтан аса бергенімде: Жан не? Дін не? Барша әлем қалай жаралған, адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, нысабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан адам өлген соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не ғылған жөн? — деген сияқты ылғи дене сезімімен сезілмей іш жаққа: әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай ойлайтын ноқтасыз  — таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен: пәлен пайғамбар, түген профессор айтты дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса ол кім болса да бас ұрам. Іздегенім тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан хақиқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін». Осылай дей келе Шәкәрім: «Жан сыры», «Жаралыс сырына» тірі күнімде не қарсы айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім» дейді. Мұндай сауалдар білімділерге «Айқапта» қойылған сауалдардың басқа бір қыры десе боларлық.

Бұл сауалдары арқылы Шәкәрімнің ақыл-ойының кеңдігін көреміз, екіншіден, осы сауалдардан Шәкәрімнің дін, білім мен ғылымды біртұтас деп қарайтындығы айқын. Міне сондықтан Шәкәрімнің өзі айтқан «ар ғылымы», философ Ғарифолла Есім түзету енгізген «ар жүйесі» түсінігін мақұлдай келе оны «ар ілімі» деп атауды дұрыс деп санаймыз.

Бұл сауалдарға Ғарифолла Есім Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойы алдында шығарған «Данышпан Шәкәрім» атты кітабында алғаш рет жауап табуға тырысады, толғамдар жасайды, ой тарқатады, пікір жарыстырады. Жазған талдауларын жауап демейді, «сауалға ізденіс» дейді. «Байқап отырсақ, адам баласының жауапқа қанағаттанған кезі болмаған. Бәрі уақытша. Сұрақтың жауабы дәл сәтінде дәлелді болғанмен, күндер өте, заман оза келе сол дәлел дәлелсіздене бастап, адамның күдік сезімін оятып, жаңа жауап іздеу басталады» дейді. Демек бұл сауалдар мәңгілік сауалдар, олар ғасырлар бойы біздің алдымыздан шығып, жаңа-жаңа түсініктемелер беруді талап етіп тұрады.

Айгүл Ісімақова «Шәкәрім оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында жасаған «Абайдың шәкірті — Шәкәрім Құдайбердиевтің «Ар білімі» атты баяндамасында: «Отаршылық саясаты үстем кезде Шәкәрім қажы иман сөздерін алға шығарып, өлеңдері, прозалық шығармалары, поэмалары, аудармалары арқылы іске асырған. Әр сөзімен өзінің дінін, ділін, иманын қорғайтын ойларды көркемдеп айтқан» дейді.

Шәкәрімнің «Алты әңгіме оқуға жайың бар ма...?» деген өлеңі өз аударма жасаған алты әңгімеге аңдатпа есебінде жазылған. Ол әңгімелердің үшеуі Лев Толстойдың «Асархидон-Лаэли», «Үш сауал» және «Крез патша», сонымен бірге «Шығыстың жүз әңгімесі» жинағынан алынған «Ұждан», «Қолшатыр бұйрығы», «Пан-Жи-Зан хан». Өлеңді Шәкәрім ғибраттық мақсатта жазған.  Өлеңде ірі-ірі адамдық танымдар аталған: үміт, болашақ, адамзаттық, ар ілімі. Алты әңгіменің мәніне, не айтылғанына үңілуді жас өспірім ғалымдардан өтініш еткен. Ғибрат ал деп қана қоймай, «жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылуына» үндейді. «Орыс, қазақ — адамның бірі бірдей, Ешкімді алалама оны білмей, Кем-кетікке болысу — ар міндеті, Халқыңа пайда тигіз босқа жүрмей». Шәкәрімнің «Ар ілімі» концепциясының идеясы бұл шығармасында түпнегіз тірек ретінде көрініс тапқан.

Ғарифолла Есім: «арлылыққа қарама қайшы ұғым арсыздықтың екі түрін атайды, ол — пысықтық пен надандық. Шынында, пысықтық — икемділік, ол ұятты тиімді тұрмыс пен жайлы өмірге алмастыру ниетінен туындайды, ұятсыздық — арсыздық. Пысық адам әр ісінен пайда іздейді, өзіне тиімді жағын қуады. Сол үшін жанын жалдап, ар кешуге бар. Шын арсыздық пысықтыққа тырысушыдан туады. Ал енді, надандықтық арсыздық болатын себебі не? Надан адам надандығын жасыруға тырысады, сол үшін ұмтылады, біреуі ғылым жолына түседі, біреулері билікке ие болады. Сөйтіп өз болмысын жасырып, түрленіп отырады. Сол арқылы атақ-даңққа, көпшілікке жағу, ұнау қабілетін иеленеді. Бірақ, надандық бәрібір күндердің күнінде байқалып, танылып қалады» деп академик-ғалым надандықты арсыздыққа балайды.

Заман шындығының тереңіне үңілген ақынның азаматтық шығармаларының негізгі ұсынар идеясы заманды түзеу болды. «Мен жетектеп өлемін, Өрге қарай қазақты» деп алдына мақсат қойған ол заманды түзеуді, ең алдымен адамды түзеуден бастау қажеттігін айтады. Замандастарының бойындағы түрлі кеселдер, кесір мінез, теріс қылықтар Шәкәрім сынының нысанасына айналды. Ақын өз өлеңдерімен солармен күреседі.

Жүрегі таза адамдар,

Зұлымдықтан амандар,

Қиянатсыз надандар,

Әулиеден кем емес, — деген өлең жолдарын оқып, арлылықтың қарсы беті саналатын надандықтың өзі қиянатсыз болса, сол да жетерлік деген философиялық ой айтады.

«Насихат» деген өлеңінде ақын ғылымның пайдасын, адамзат қоғамының өркендетудегі орнын жоғары бағалай келіп, надан, залым, айлакер, арам ниетті адамдарға ғылым үйретсе, ол әрі пайдасыз, әрі қауіпті дегенді айтады. «Шын залымға берме ғылым, ол алар да жоқ қылар. Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды айла етер» дейді.

Шәкәрімнің «Әділ-Мария» атты романы қарапайым өмір шындығын суреттеу арқылы адамгершілік пен ар тазалығы, адалдық пен ынсап мәселелерін көтереді. Шәкәрімнің пайымдауынша, адамның әрбір іс-әрекеті осы ұғымдарға бағынуы керек. Адамды түрлі сапалық топтарға бөлетін оның бай-кедейлігі емес, рухани байлығы, оның ішкі әлемі, жан-дүниесінің жай-күйі болуға тиіс. Жалпы, адамгершілік мәселесі Шәкәрімнің бүкіл шығармашылық табиғатына тән тақырып деуге болады. Адамның рухани болмысы, ақыл мен талап, ар, ұждан, ынсап ұғымдары Шәкәрім шығармаларында бірінші кезекте көрініп тұрады.

Шәкәрімнің «Бәйшешек бақшасы» деп аталатын шағын миниатюралардан тұратын топтамасындағы бір шағын эссесінде жан мақсұты мен тән мақсұты туралы айтқан: «Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірін тән мақсұты, екіншісін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін — тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін — жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды».

Ойшыл ақынның «Үш анық» атты философиялық еңбегінде де осы «жан мақсұты» негіз етіп алынған.

«Үш анықтың» негізінде келіп ар ілімі қалыптасады. Ар ілімі — ол рухани тазару жолы.

«Үш анықта» ар ұғымы ұждан деген ұғыммен түсіндіріледі: «Адамдағы нысап, әділет, мейірім — үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша ұждан деген ұғым туады» дейді. Сөйтеді де: «адамшылық арым соны істеуді ұнатады» деген «ұжданың солай қылғанды ұнатады» дегендік болып шығады» дейді. Демек ұждан мен ар тең түсінік. Шәкәрім ұждан, яғни ар туралы пікірін: «ұждан — жан тілегі» деп қорытындылайды. Осы философиялық трактатта Шәкәрім: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс — ұждан. Ұждан дегеніміз ынсап, әділет, мейірім» дейді.

Шәкәрім: «таза дене, толық мінез ой істерін керек қылады, соның қатты бір керегі — ұждан. Оны адам осы өмірі үшін ғана керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады. Атым қалсын, мені жақсы көрсін, пәленше сондай таза деген үшін емес. ...Ұжданның жан тілегі екеніне нанған адам өмірде істеген қиянатына қатты өкініп, күйіп, істеген жақсылығына қуанып өлсе керек. Олай нанбай, ұжданды құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деп ұғатын кісіге жақсылық пен қиянаттың көп айырмасы болмаса керек. Оған бүгінгі өмірдің айла-әдісін тапса болғаны. ...Ұждан — өмірге бірдей керек таяныш. Бұған нана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір заң-жол тазарта алмайды» дейді.

Шәкәрімнің ар ілімінің мақсаты ішкі тазалыққа жету арқылы хақты тануға жол ашу. Сондықтан Шәкәрімнің ілімі барлық адамзатты бақытқа жеткізуге бағытталған дейміз. Ол қазақ философиясының ойын ерекше белеске көтерген ойшыл.

Шәкәрім: «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» дейді. «Ақылды жанның мүлкі — әлем» дейді тағы да. Соңғы бір жол сөз ерекше тоқталуға тұрарлық. Мұнда Шәкәрім: ақылды жан ғана әлемді мүлік ретінде тани алады, ондай жан дүниеге жақын тұратын басқа пенделер секілді әлемнің құбылмалы жарысында жұтылып кетпейді, — деп тұр. Әлемді мүлік ретінде санау үшін де қаншама ақыл-парасат керек.

Арлы адам дегенде халық арасында кімдерді айтады? Бойында ұят, қайрат, жігер, жауапкершілік, кісілік, намыс, талап, ерлік секілді асыл қасиеттері бар адамды айтады.

Шәкәрім қазақ қоғамын қалай құрудың тұжырымдамасын жасап кеткен адам. Оны алдымен адамның жан дүниесі таза, ары биік болумен байланыстырған.

Шәкәрім өз өмірі арқылы даналыққа жеткен тұлға екенін дәлелдеген дегдар жан. Даналық деп арлылыққа, ақыл мен сабырға, ізгілікке негізделген қарекетті айтамыз. Даналықтың арналары — ізгі ой, ізгі мінез-құлық және ізгі іс. Осы үшеуі де Шәкәрім бойынан табылған, оның тұлғасын биіктетіп тұрады.

Шәкәрім философиясы «Өзіңді таны, соның нәтижесінде адамды таны» деуге келеді. Шәкәрім зерттеулері бойынша адам болмысы үш бөліктен тұрады: тән, рух және жан. Тән табиғаттың негізгі элементтері топырақ, су, ауа, от және эфирден тұрады, ол — материалдық болмыс. Рухқа — сезім, ой-өріс, ақыл-ес, түйсік және әркімнің өзіндік «мені» жатады. Жан болса адам өмірін басқарушы, қуат көзі, тіршілік болмысы. Жан таным-білімге және рухани ләззатқа құштар. Жанның толығуы тек рухани жолмен ғана жүзеге асады. Рухани жетілген адамның бүкіл болмысы кемелді келеді. Жан тәнді тек рух арқылы билейді. Адамның материалдық болмысын жан мен рух болмысы жеңіп тұрса, нағыз жетілген адам содан шығады.

Академик Ғарифолла Есім өзінің «Адам зат» деп аталатын кітабында адамды түсінуде өзгеше өлшемдер қолданады: «Менің түсінігімше адам болмысында мынадай алты жүйе бар, олар: тән жүйесі, жан жүйесі, нәпсі жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі».

Шәкәрім ғылыми-талдамалық еңбектер де жазған. «Үш анық» атты еңбегінде өз дәуірінде ғылымға таралған, жаратқан ие жоқ, барлықтың өздігінен жаралып жатқан деген өз көзқарасының төрт дәлелін келтіреді: Сондағы «қайта айналыс жолы» деген бірінші дәлелі атомға арналған. Сонда: «Барлық нәрсенің түп себебі бұрыннан бар қуатты дене (сила вещества) атом. Әр планета, Жер, Күн, Ай болсын басында газ, түтін, жалын сияқты болып көп заманнан соң салқындап қатты дене болып, осы бір қалыбында қалмайды» дейді. Шәкәрімнің философиялық лирикасында да айдың жарық шығармайтын аспан денесі екендігін айтатын ғылыми тұжырым бар: «Кісі бағын деме бағым, өз денеңді нұрлы қыл. Ай сықылды болма жарық, қарыз алып күн нұрын. Күн сықылды көпке білдір, шықты ма күн, батты ма ай, Ай сықылды айтып отыр, қанша ғұмыр өткенін».

Шәкәрімнің тек айға қатысты өлең сөздерін санамалап көрсек, оның біз байқағандарының өзі бірталай: «Өтірікпен өткізіп күнін, айын, Демейді жамандықпен жолығайын», «Ай өлген соң күн шықты, Мен жеңемін оны деп», «Нұрыңнан нұр алып, Аспанда жарық ай. Келеді қозғалып, Жақындап бер қарай», «Жар нұрымен көңілді аш, Күн менен ай, шамнан без», «Ай нұры да азаяр, Айнала шеті толған соң. Ақ жүзіңнен нұр таяр, Арманда болып оңған соң», «Күн батып жоғалды, Нұрыңнан ұялып. Жұлдыз бен ай қалды, Сәулеңнен нәр алып», «Көмескі сәуле берер ай мен жұлдыз, Жүрісі шатаспайды, шаршамайды».

Мұрат Әуезов сопылықтың төрт сатысы болатынын айтады және әр сатыны былайша түсіндіреді: бірінші саты — шариғат, ол — күнделікті тұрмыс, екінші саты — тариқат, яғни таным-білім жолындағы ұмтылыс, үшінші саты — мағрифат, ол — жетілу, төртінші саты — ақиқат, ол, атының өзі айтып тұрғандай — ақиқатқа жету. Қожа Ахмед Иассауидің өзі осы төрт сатының екіншісінде жүрмін деген. Ол дегеніміз ұлы ұстаздың таным-білім жолындағы еңбегін ғана айтып, ақиқатқа жетпек түгілі, жетілудің биік шыңына да шыға алмадым дегені. Шәкәрім де жетілудің биік шыңына жетсем деген, сол үшін көп оқыған, таным мен ғылымға асық болған.

Ақиқат. «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді. ...Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс ұждан. Ұждан дегеніміз — ынсап, әділет, мейірім». Расында, ақиқатты тану оңай емес. Шәкәрім ақиқатты тану жолындағы ең негізгі категорияларды — ақыл мен ұжданды бөліп алып талдайды. Өтірік ақиқаттан алыстатса, шындық ақиқатқа жақындатады. Ақылы мен ұжданы үйлесім тапқан адам өтірік айтпайды, ондай адам адасса білместіктен адасады. «Хақиқат жерде қалмайды, Жалғанға сатпас шыныңды» дегенде философ ақын ақиқатты ұстанған адам шындық жолын ештеңеге айырбастамайды дейді.

Ақыл адамның негізгі сипаты, маңызды қасиеті. «Ойқұмарлықтың өзі ақыл емес, ол оның шолғыншысы» дейді Шәкәрім. Ақылға қатысты қазақта мынадай ұғымдар айтылады: ақыл, парасат, зейін, даналық, зерде, зеректік, пайым. Шәкәрім: «Ақылдан ойға сыр тарап, Үміттің шамы жанған күн. Жар есіркеп бер қарап, Нұрына жүрек қанған күн» дейді. «Үш анықтағы»: «...барша адам шамасына қарай, қай бірі өзі үшін, қай бірі табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады» деген сөздерден ақыл қарауындағы адам толық адам саналады деп түсінеміз. Осы еңбекте тіршілік туралы, жанның мәңгілігі, немесе, өлген соң тірілетін жан жоқ деген екі жолды кең талдауға барарда, сау ақыл ұғымын да қолданған: «Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу ақылы сау адамға қатты міндет. Неге десең адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсақ, біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын-өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса, соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей жалғыз ғана осы дүние қамын қылу үшін, олай болса бұл екеуін қалай тексереміз. Оны тексерушінің әр түрлі діндер жайынан әрбір білімділердің сол туралы айтқандарынан хабары болу керек. Және қатты керек бір шарты — өзінің тұтқан діні, оқыған-ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден шын босатып сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек. ...Бұл екі жолдың түбі қайдан шыққанын тексерсе, адамдардың біз һәм әлемдегі барша нәрселердің қайдан бар болғанын, мұны кім жаратқан деген ойынан шыққан. Неге десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды және адам жаңа бір нәрсені көрсе мұны кім жасаған, бұл неге керек демей қоймайды? Сондықтан жаратушыны іздеп әркім әртүрлі ой жүргізген». Байқап тұрсақ сау ақыл ноқтасыз және науқассыз болуы тиіс екен. Сау ақыл ғана үнемі қозғалыста, ізденісте болады делінеді. Шығарманың қорытындысында: «Барлықтың түп себебі жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ» деп түйінделеді.

Шәкәрімнің Америка тарихынан, ғылымынан, әдебиетінен хабары болған. Ол «Үш анық» еңбегінде және Сәбит Мұқановқа жазған хаттарынан айқын көрінеді. Оның біріншісінде Америкадағы спиритизм жайында айтылса, екіншісінде «Американың Бичер Стоу деген әйелі жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағайдың балаганы» дегенін қазақшаға аударғаным бар шығар» дегенінен анық көрініп тұр. Сонымен бірге Шәкәрімнің «Ана жыл әскер шығып, оңнан-солдан...» деген өлеңі тұтастай Америкада болған бір оқиғаға арналған. Бұл өлеңнің негізгі идеясы да Шәкәрімнің барлық шығармаларындағыдай адамшылық атты биік қасиетке арналған. Сол өлеңдегі Уолдер Бендет деген кейіпкердің атынан Шәкәрім мынадай ой айтады: «Ешкімді алаламай қара деген, Бәрін де өз бауырым деп сана деген», бұдан ұлы Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген философиясын танимыз. Уолдер Бендеттің кеме суға ғарық болған кезде, ең соңында құтқарушы қайыққа сыймай қалған әйелге өзінің құтқарушы белдігін шешіп беріп, өзінің суға кетуі — біреудің өмірі үшін өз өмірін сыйлау көрінісі өлеңді оқу үстінде ойландырып, таңдандырып қана қоймайды, сол арқылы дүние, байлық үшін қиянатқа барудың қажетсіздігі, әлемде болып жатқан мемлекеттераралық түрлі талас-тартыстар, отаршылдық, күштінің әлсізге жасайтын әлімжеттігі, адамшылыққа қарсы зұлымдық әрекеттердің ешбір опа бермейтіні танылады. Адамшылық жолында бұл кейіпкерден әрбір адам үлгі алса, әркім өз бойында жақсылыққа бастар қасиеттерді қалыптастыруға тырысса, жер бетіндегі адамзат баласы бір-біріне қысылғанда көмекке келуге әзір тұрса, мейірім мен шапағат нұры жайласа, сонда зұлымдық атаулы ауыздықталып, қиянатсыздық, адамсүйгіштік әрекеттер көбейсе, адамзат баласы сол арқылы ортақ бақытқа қол жеткізер еді деп армандайды.

Шәкәрімнің өз өлеңдерінде кейіпкерінің нәсіліне, ұлты мен ұлысына қарамай, барша адам — адамзат баласы, олардың бәрі тең, бәрін бірдей көруге тиіспіз деген тың идеология ұсынады. Біз Шәкәрімді оқып, танып-білген сайын оның бір ұлттың немесе бір мемлекеттің деңгейінде қалып қоймай, бүкіл адамзат баласының мұң-мұқтажын ортақ мәселе ретінде қарастыратынын терең түсінеміз.  Оны замандастары кезінде-ақ аңғарған. Сұлтанмахмұт бір өлеңінде бұл қазақ басқалардан өзгеше, оның мақсұты биік, алыс, ол қазақты жекелеп, бөліп айтпай, бүкіл адамзат мұңын қоса айтады дейді.

Шәкәрім «Аурусыз жанға айла жоқ...» деген өлеңінде: «Аурусыз жандар — мисыздар, Мисызда ауру бола ма?» дей келе «Милыда ойсыз күн болмас, Ауырмай миы тұра ма» деп түйіндейді. Бұдан «ауру» ұғымын Шәкәрім «ой» ұғымы ретінде пайдаланғанын түсінуге болады. Демек, «аурусыз жан — ойсыз жан». Жалпы, тұспалдап айту Шәкәрімде өте жиі кездеседі: арақ — ақыл, мастық — ой, жар — хақиқат, жан — нәпсі болып кете береді.

Шәкәрім өлеңдерінде жиі кездесетін сөздерінің бір парасын алып қарағанның өзінде ар ілімі деген бір ұғымның қауызына сияр жүздеген сөзді табуға болады: жан, тән, көңіл, рух, ар, ұят, ұждан, ақыл, ой, сана, сезім, түйсік, парыз, борыш, намыс, жігер, қайрат, ынсап, қанағат, парасат, ындын, нәпсі, қайырым, рахым, мейірім, залым, әділ, зұлым, адал, алал, халал, абырой, сабыр, талап, арам, харам, өтірік, шын, дос, қас, тату, араз, жақын, дұшпан, іс-әрекет, еңбек.

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы


Кому (e-mail)
Антибот
Имя *
Комментарий *
E-Mail

На этот адрес будут приходить уведомления о новых комментариях.
Мы никогда и никому не покажем этот адрес электронной почты.
Антибот *
О ПРОЕКТЕ | ПИСЬМО В РЕДАКЦИЮ | ИСТОЧНИКИ НОВОСТЕЙ | ПРЕДЛОЖИТЬ ЛЕНТУ

Сейчас в базе агрегатора 2 232 277 новостей из 210-и лент