3D Service

«

Путиннің патшалығы: Қазақстан үшін кірістер мен шығыстар

»

Дата: 15.03.2012 в 17:54 · Категория: Қазақша жаңалықтар

Путиннің патшалығы: Қазақстан үшін кірістер мен шығыстар

Өзінің бұрынғы билігін президенттік статуста жалғастыратын Владимир Путиннің патшалық саясаты Қазақстанға не береді? Осы сауал төңірегінде философ Әбдірашит Бәкірұлы мен журналист Ермұрат Бапидың ой өрімдері.

Ермұрат Бапи: Әбдірашит мырза, Ресейдегі президенттік сайлаудан кейін философтар ортасында қалыптасқан «ескі-жаңа» президент жөніндегі пікірлерге шолу жасау мақсатымен сізді әңгімеге тартып отырмын. Путиннің патшалық заманына байланысты сөз көп: мәселен, Қазақстан қоғамында Путиннің қайтадан таққа отыруы ел тәуелсіздігіне қауіп төндіруі әбден мүмкін деген пікір бар...

Әбдірашит Бәкірұлы: Иә, «Путиннің патшалыққа қайта келуі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?» деген сұрақтың жөні бар. Кейбір саясаттанушылар «Путин Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне қауіп төндіретін қадамға бара алады, сондықтан Қазақстан путиндік Ресейден сақ болуы керек» дегендей пікірлер айтуда. Себебі қазақ елінің Ресей империясының және КСРО мемлекеті құрамында болған кездердегі тартқан азабы өлшеусіз. Сондықтан мен бұл алаңдаушылықты түсіністікпен қабылдаймын. Әрбір халықтың, мемлекеттің өз тәуелсіздігін соңғы мүмкіндігі қалғанша қорғайтыны ақиқат. Бұл — адамзат тарихында алтын әріптермен жазылған бұлжымас қағида. Атадан балаға қалатын өсиет, мұра! Алайда осы мәселеге байланысты көптеген басқа сұрақтардың басы қылтияды.

Ермұрат: Сол «қылтиыстар» қиын болайын деп тұрған сияқты. Мәселен, Путиннің президенттікке оралуы жөнінде американдық «Voice of America» газеті ендігі жерде Ресей өзінің ұлыдержавалық пиғылын Еуразиялық одақты күшейту арқылы жүзеге асырады деп жазған екен. Анығында, Владимир Путин өзінің бұл ойын халықаралық қауымдастықтан жасырмайды. Мысалы үшін, ол өзінің сайлауалды науқаны кезінде «Известия» газетінде жазған мақаласында «Еуразиялық одақ Кеңестер Одағының мұрасы негізінде құрылуы керек» деп жазды.

Ол — қай мұра? Біз кеңестік мұраға кеңірдектен тойған елміз: аштық, репрессия, концлагерьлер, жанталаса қарулану, «холодная война», ұлттық және рухани күйзеліс — бәрін бастан кешірдік. Ендеше бізге бұл мұра қажет пе? Мәселенің ең маңыздысы осы болып тұр. Яғни, Путин Еуразиялық одақты кеңестік мұраның қалпына салып құруға күш салса, біз әлемдік жаңа текетірестің бір мүшесі боламыз. Ал 15 миллион ғана халқы бар Қазақстанға мұндай ойын тіптен қажет болмаса керек.

Әбдірашит: Бұл арада «Ресей секілді алып державаны қалпына келтірем деген ниетті (саясатты) ұстанғаны үшін Путин қазақстандықтардың алдында кінәлі ме?» деген сұрақ ойға оралды. Егер Путин сайлау алдында бүкіл ресейліктерге «менің ондай ниетім жоқ» деп жарияласа, бүгінде ол қайтадан президент бола алар ма еді? Шынын айту керек, мүмкін, Ресей халқы оны дәл осы ниеті үшін ғана қайта сайлаған болар? Олай болса — біздікі не байбалам? Яғни, ұлыдержавалық саясатты ұстану  қазіргі заманның барлық алып елдеріне тән. Ондай саясатты бүгінде Қытай, АҚШ, Еуроодақ (Ұлыбритания, Франция, Германия) ашық ұстанып отыр. Одан Иран да, Израиль де, Үнді де, Жапондар мен Оңтүстік Корея да кет әрі емес. Әсіресе Қазақстанға қатысты алғанда бұл елдердің бәрі де, тіптен түбі бір саналатын Түркия да осындай саясат ұстануға машықтанып алған. Ал оларға осындай жолды ашып берген кім? Ол — өз билігіміз және бәріне де «көз құрты» болып отырған қазба байлығымыз! Сондықтан мәселе Путинде емес дер едім. Алайда бұл сөзді Путинді қорғау деп ұқпау қажет — ол қайдағы бір қазақтың «қорғауына» мәжбүр емес және де қаймана қазақтың «Путин долой!» дегенін шыбын шаққан құрлы көрмейді. Бұл енді нақты шындық!

Ермұрат: Міне, Әбеке, мәселе осы «шыбын шаққан құрлы көрмейтін» шындықтан шығады. Яғни, бізді Путин мен путиндік Ресей империалистік амбицияның құралы ретінде ғана пайдаланғысы келеді. Әйтпесе, Ресей бізге одақтас ел ретінде несін бөліп беріп жатыр? Қазір Ресейдің алақандай ғана Қырғызстанға қаржылық көмек көрсетуге қауһары жоқ. Сөйте тұра сол одаққа бізден кейін қырғыздарды сүйреп кіргізбек ойы бар. Ресейдің әлемдік саясатынан біз үшін үлгі аларлық ешқандай жасампаздық жоқ. Бізге Ресей емес, өркениетті Еуропамен, болашаққа бағыт алған Батыспен одақтасу керек.

Біз бабалардың «Орыспен дос болсаң, беліңде балтаң болсын» деген нақылын назардан шығарып алдық. Басқасын қайдам, Путиннің патшалық заманында бұл даналықтың қажеттілігі қайтадан туған сияқты. Әрине, ол балта шабысуға емес, сананы сергіту үшін қажет-ақ еді...

Әбдірашит: Жасыратын несі бар, қазіргі біздің билік қана емес, қазақ халқы да Ресейге қарап «бой түзеуге» үйренген (300 жылдық бодандықтың «бос» өтпегені). Бұл жағдайдан бір мезетте арылу мүмкін еместігін өзіміз де анық байқап отырмыз. Ол тіл мәселесінде (халықтың рухының темірқазығы) анық көрінуде. Ендеше ұлттық мүддені әлсіретіп алған билік қана емес, халықтың өзі де Абай айтқан «орыстан үлгі алу» жолын әлі жалғастырып жатыр. Мұны да терістей алмаймыз. Дәл осы жағдайда халықтың (бұқара) санасының дамуы екі бағытта өрбуде: бірі — өз тәуелсіздігіне төнер қауіпті инстинкті түрде сезіну, оған қарсы қорғаныс иммунитетін қалыптастыру болса; екіншісі — қорғаныс инстинктін қалыптастырудың өзі де «орыс үлгісімен» жүретіндігінде.

Мәселен, Путинге 47% дауыс берген Мәскеу шаһары «антипутиндік» митингілерді апта сайын өткізіп жатыр. Оларға 10-20 мың адам қатысуда. Соңғы митингіде Ресей билігі 250-ден астам адамға «тәртіп бұзды» деп айып салғанымен, олардың бірде-біреуіне «рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырды», «митингілер өткізу туралы заңды бұзды» деген кінә таққан жоқ. Яғни, бұл халықаралық адам құқы нормаларын Медведев-Путин тандемі мойындай бастады дегенді білдіреді. Сондықтан Мәскеуде бейбіт шеру бұдан былай да орын ала бермек.

Ал бізде ше? Биліктің Ресей саясатының ықпалынан шыға алмайтынына сенген шерушілер «рұқсатсыз митингі» өткізіп еді, не болды? Бұқара «орыстан үлгі алып», алғаш рет құдайдан құдіретті әкімнің рұқсатынсыз, өздері қалаған алаңда ереуілдетті. Ал билік болса, бұл жерде үлгіні Ресейден емес, Қытайдан алды десе болады... Ендеше мұны «біздің биліктің Ресейден тәуелді еместігі» деп түсінеміз бе?.. Егер Путиннің мысы басып тұрса, онда біздің ереуілшілер неге сотталып, айыпталып жатыр? Неге ресейліктер секілді өз ойларын ашық айта алмай жатыр? Бұл — өте күрделі сұрақтар қатарында... Сондықтан менің кейбір саясаттанушылар сияқты «Ойбай, Путин келе жатыр! Құритын болдық!» деп байбалам салғым келмейді... Олай дейтін болсам, өз отандастарының пікіріне құлақ арта бастаған Путинді жазықсыз қаралағандай болмаймын ба?!

Ермұрат: Ресейде қалыптасып келе жатқан қарсылық акцияларына, оппозициялық қозғалыстың дамуына Путин мен Медведевтің ешқандай үлесі жоқ. Егер олардың үлесі болса, ресейлік билік әлемдік дамуға кері саясат жүргізіп қана орыстарды ширықтыруда деп ойлау керек. Әлемдік өркениеттің даму жолы түбінде Путинді құртып тынады: ағысқа қарсы жүзу мүмкін емес.

Дегенмен, Әбеке, орыспен одақ болған екенсің, ендігі жерде жиірек «байбалам салып» тұрған дұрыс болады. Орыстардың өзі айтпақшы, «шабақ қалғымас үшін, шортан қажет». Бұл жердегі «шабағымыз» — біздің билік. Қазақстан Ресейдің құшағында тұншығып кетпеуі үшін, шортан-халық уық-уақ «байбалам салып», Ақорданың ақыл-есін кіргізіп тұрғаны артық болмайды. Қаншама күштімін десе де, Ақорда халықтың қаһарынан қатты қаймығады.

Ал бізге әлдекіммен одақтасу қажет пе еді деген сұраққа келер болсақ, өркениет әлемінен өз орнын тапқан Грузияны мысалға алуға болады. Грузиндер дию орыстың ырқынан шықты да, өркениетті Еуропамен, Батыспен одақтаса білді. Яғни, геосаяси жағдай Ресейдің майлы бөксесіне байланып қалмағанын дәлелдеді. Біз үшін де көпвекторлы саясаттың сүбелі бағыты Батыс жақта еді. Өкінішке қарай, біз жөні түзу машина шығара алмаған орыстың ырқында тағы да он екі жыл қалатын болдық. Ал он екі жыл дегеніңіз — қазіргі шапшаң заманда тұтас бір дәуір екенін мойындауға тура келеді...

Әбдірашит: — Иә, геосаясатта Ресей әлемнің барлық елдерімен, әсіресе қуатты державалармен бәсекелестік жағдайда. Бұл оның билігіне айлалы империялық саясат жүргізуге ықпал етеді. Әрине, ондай саясат толық экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізе алмаған (дұрысы — уыстан шығарған) біз үшін қауіпті екені рас. Бірақ соған қарамастан, Қазақстан енді ешуақытта Ресейге саяси бодан болмайды.

Бұл мәселені оның құшағына өз еркімен ұмтылатын біз шешпейміз, оны шешетін Ресейдің өзі. Иә, ол да әлемнің барлық өзге мемлекеттеріндей Қазақстанның зор байлығынан дәмелі, оны Америкамен де, Қытаймен де бөліскенді қаламайтыны анық. Сондықтан Қазақстан тарапынан ұсынылған «Кедендік одақты», «Біртұтас экономикалық кеңістікті» ол құшақ жая қарсы алды (өз аяғымен келіп тұрған мүмкіншіліктен неге бас тартуы керек?).

Ал, әгәрки, Қазақстанның өзі іштен ыдырап, өзгелерге жем болу қаупіне тап болса (құдай ондайдың бетін аулақ қылсын), онда Ресей оған дайын болуға, қазақ жерін қолдан шығармауға ұмтылады. Сол үшін оған Қазақстанмен қандайда бір Одақта болуы қажет. Мәселені Ресей жағы осылай қояды. Ал «оның қолтығына кіру» саясатын ұстанып отырған, негізінен, өзіміз ғой... Ал қазіргі жағдайда Ресей үшін тәуелсіз Қазақстанды «жұтудан» келер пайдадан зияны басым: бүкіл әлемнің Ресейді экономикалық және т.б. оқшаулаудан бөтен, бұрынғы ТМД көршілерінің өздері (мысалы: Украина, Прибалтика елдері, Грузия, Өзбекстан, Әзербайжан) оған біріге қысым жасауға баруы кәдік.

Онымен қоса Қазақстан байлығының біраз бөлігін иеленген Қытай, Трансұлттық корпорациялар Путинге қарсы астыртын майдан ашуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мүмкін, демократия лебін сезінген Ресей халқының өзі де Путиннің мұндай қадамына қарсы тұратын болар. (Мысалы, Мәскеудегі метро атын Алматы атына өзгертуге, немесе Лужковтың Сібір өзендерін Қазақстанға бұру ұсынысына наразылық танытулары секілді).

Ал қазіргі жағдайда Қазақстан саяси тұрғыда тәуелсіз мемлекет ретінде Ресей мен Ауғанстан, Ресей мен Кіші Азия, аракідік Қытай арасында буферлік міндетті атқаруда. Сондықтан сыртқы саясатта үш елді біріктірген жалғыз Ресейден гөрі, Одаққа біріккен үш елдің дауысы басым екенін Путин біледі. Тіптен әріптестерінің (Белоруссия, Қазақстан) дауысы әлсіз болғанның өзінде  Қазақстанның саяси бірлік ретінде сақталып тұрғаны оған маңыздырақ!

Басқаша айтсақ, тәуелсіздік біздің билікке қажет болмай қалғанның өзінде, Қазақстан байлығына кенедей жабысқан сыртқы күштер оны сақтай отырып, өзара теңдік жағдайда байлықты одан әрі сора беруге мүдделі. Ресей де сол қатарда. Алайда оларға (Ресейге де) ондай «мүддені» біз өз қолымызбен жасап бергеніміз анық. Оны түзеу үшін Қазақстан Қытайға емес, Ресейге сүйенуге мәжбүр. Болмаса, Қытай аждаһасы тілін сумаңдатып жұтуға даяр. Онсыз да бірталай байлықтың Қытайға қалай өтіп кеткенін халық «болар іс болып, бояуы сіңгеннен» соң бір-ақ білді...

Ермұрат: Дегенмен, сіз әлемдегі озық ой орыс жағында емес екенін мойындайтын шығарсыз. Ресей соғыс техникасынан басқа оңған дүние шығармаған ел. Тіпті қалта телефонының соңғы озық технологиясын ресейлік ғалым, Нобель лауреаты Жорес Альферов ойлап тапса да, орыстар оны да дер кезінде пайдаға асыра алмады. Ресейдің қазіргі ғарыш саласы да негізінен тек соғыс саясатына жұмыс істеуде. Еуропаның әлсіз елдерге қаржылық көмек жасау қуаты бар, ал Ресей өзінің славян бауырлары украиндар мен беларусьтарға жәрдем етерлік жағдайда емес. Ендеше мешеу қалған Ресеймен одақтасу біз үшін тиімді ме, жоқ па деп, кеңірдек жыртудың өзі ыңғайсыз.

Менің бір түсінерім: Еуропа мен АҚШ біздің дербес, ұлттық ел болғанымызды қалайды. Олар біздің тәуелсіздігімізге ешқашан қатер төндірмейді және Батыста ондай пиғыл жоқ. Тіпті Ирак пен Ауғанстанның өзін АҚШ дербес, әрі қуатты ел ретінде көргісі келеді және талибандық күштерге қарсы соғыс осы бағытта өрбіп отыр. Өркениетті әлем өзінің қауіпсіздігін жер шарының тұрақтылығымен бағалайды. Ал Ресейдің Сирияға қатысты саясаты, оның алдындағы Мысыр мен Ливиядағы төңкерістерге байланысты ұстанымы, саясаттанушы Айдос Сарым айтқандай, «бұзық баланың» әрекеті. Ресей өзінің әлемдік аренадағы мүддесін АҚШ-пен текетірес арқылы қорғау саясатын ұстанған. Бұл — сайып келгенде антиамерикандық экстремизмнің белгісі.

Мені «АҚШ-тың адвокаты» деп ешкім жазғыра қоймас. Бірақ Ресейдің қазіргі әлемде ұстанған саясаты АҚШ-ты қорғауға мәжбүр етеді. АҚШ — құрып кеткенде адам құқығы үшін араша түсетін ел. Ал Ресейдің Сирияға, араб елдері мен «араб көктеміне» қатысты саясаты саналы биліктің сықпытын көрсетпейді. Қайткенде және қандай жағдайда болсын, АҚШ-қа қарсы тұру — қазіргі Ресейдің сыртқы саясатындағы басым бағытқа айналды. Жасампаз саясат бұлай жасалмайды. Бұл — дәрменсіздің долы әрекеті. Осы тұрғыдан келгенде, мен Ресейдің қазіргі билігін байы тастап кеткен долы қатынның «өш алу» әрекетіне балар едім.

Әбдірашит: Бұл арада да даулы мәселе аз емес. Мәселен, біздің елге «инвестор» атын жамылып келген Батыс елдері бізге не берді? Тәуелсіздіктен кейін ел байлығын шетелдіктер иелене бастады. Сол кезде айтылған «олар бізге жаңа заман технологиясын әкеледі» деген үміт ақталмады. Оның орнына өз елімізде отырып дискриминацияға ұшырайтын жағдайға жеттік (Жаңаөзен оқиғасының басталу себебі осыдан).

Шетелдік компанияларға Қазақстан шикізат қоймасы болып қалғаны маңызды боп шықты. Өздеріне жұмақты орнатуға жан салатын олар қазаққа келгенде тайғанақ. Қаншама әділетсіздікті, шырмаған коррупцияны көре отыра, сылап-сипап, алдарқатып, жабық күйінде қоя салады. Оларға үміт артқан біздің оппозиция Батыстың осындай екіжүзді саясатын енді аңғара бастады. Олардан көңіл біртіндеп қала бастады. Ал Ресей болса — коррупциялану тұрғысынан да, басқа жағымен де бізге шамалас, әлде біз оған шамаласпыз. Орыс халқы жағдайды түзеу күресін қарқындатып келеді. Мүмкін, бұған Путиннің «қате саясаты» дем берер. Олай болса, ондай күрес түрі Қазақстанда да белең алмай қоймайды... Баяғы сол Путиннің арқасында! Ал «араб көктемінің» бізге еш қатысы жоқ дер едім.

Осы сөздерден кейін ел арасынан «мынау орысшыл екен ғой» деп айтатындар да табылар. Бірақ өткен жылы күзде біраз ұлтшыл азаматтармен бірге «Мемлекеттік тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысқан мен ешқандай да «орысшыл» емеспін. (Мен ол заңның болашақта бәрібір назарға алынатынына сенімдімін. Атақ үшін емес, ұлтыма титтей болса да қызмет еткеніме марқаямын). Ал бүгінгі таңда қазақ халқының солтүстік көршінің империялық саясатынан тартқан зардабын жария ету, деколонизацияны талап ету өтініштері тек Путинге тіреліп тұрған жоқ. Ол — тарихи әділеттілікті қалпына келтіру қадамынан туындайтын, әріден көтерілер мәселе. Алайда, өкінішке қарай, оны дер кезінде, тәуелсіздікпен бірге көтеруге біздің биліктің жүрегі дауаламады. Қазір тақырыпты тіптен жауып тастағысы келеді. Алайда Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістікке енген тұста бұл мәселе ашық көтерілмесе, достасатын елдер бар шындықты айтып, одан сабақ алмаса — достықтың еш баяны болмайды. Менің айтайын дегенім осы еді.

Және бір ауыз сөз қосайын: айналып келгенде бір елдің билігі екінші елдің билігімен белгілі бір деңгейде қатынаста болады (кейде сыбайлас болуы мүмкін), ал «мәңгілік достық» тек халықтар арасында орнайды. Менің бұл афоризмімнің мағынасы — екі елдегі жағдай ұқсас болғандықтан, халық сөзін сөйлейтін оппозициялық күштердің күресі де бір арнаға тоғысса деген ойға саяды. Баяғыда К.Маркс айтқандай: «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сыңайлы. Қайтейік, өз еліңде амал қалмаған сайын, осылай деуге мәжбүр болады екенсің...

Ермұрат: Айтпақшы, Әбдірашит мырза, тәуелсіздіктен кейін келген инвесторларды бұзған — біздің билік. Егер Қазақстанға келген шетелдік компания өз мүддесін заңмен емес, коррупциямен, пара берумен ғана қорғай алатын болса және жемқорлықтың жәрдемімен жарты Қазақстанды көшіріп кетуге болатынына көзі жетсе, ол үшін сіз айтқан «инвестор» атын жамылып келгендерді жазғырудың реті қайсы? Осы тұрғыдан алсақ, Ресей үшін де қазақстандық билікті жемқорлықтың жүгенінде ұстау — ең тиімді тәсіл.

Мәселен, Путин өзінің «кэгэбэлік» тәсілімен Ақорданың айыптарын жіпке тізіп отырмағанына кепілдік жоқ. Егер ертеңгі күні Назарбаев «басқадай өнер» шығара бастаса, «КГБ» агенттері жинаған компраматтар Ресейдің федералдық телеарналарынан ағыла жөнелуі әбден мүмкін. Ал қазіргі әлемде телетехнологияның күші керемет екені мәлім: Қазақстан қоғамын Ақордаға қарсы қотара көтеру — Ресей үшін аса қиын шаруа болмайды. Сондықтан Путин Ақорданы бетегеден — биік, жусаннан — аласа етіп ұстауға тырысады.

Әрине, менің ойым Ресей саясатының алтын қазығы деп айта алмаймын. Бірақ «кгблік» Путиннен басқадай озық ой күтуге болмайды. Себебі кезіндегі «НКВД»-дан бастап, бүгінгі ресейлік «ФСБ», қазақстандық «КНБ» қоғамға жасампаз тұлға әкелмеген сұмпайы мекемелер.

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 112-113 (141-142) 14 наурыз 2012 жыл

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы


Кому (e-mail)
Антибот
Имя *
Комментарий *
E-Mail

На этот адрес будут приходить уведомления о новых комментариях.
Мы никогда и никому не покажем этот адрес электронной почты.
Антибот *
О ПРОЕКТЕ | ПИСЬМО В РЕДАКЦИЮ | ИСТОЧНИКИ НОВОСТЕЙ | ПРЕДЛОЖИТЬ ЛЕНТУ

Сейчас в базе агрегатора 2 228 762 новости из 210-и лент