Otis
  

«

Aманғали Сыпабеков: Малдың дауысынан адамның дауысын салған оңай

»

Дата: 18.05.2012 в 16:13 · Категория: Без категории

Aманғали Сыпабеков: Малдың дауысынан адамның дауысын салған оңай

Aманғали Сыпабеков: Малдың дауысынан адамның дауысын салған оңай

«Базар жоқ» театрының әртісі Aманғали Сыпабековпен сұхбат.

– Малдың даусын салып, мал тауып жүре бересіз бе, жоқ әлде өнеріңізге өзгеріс енгізесіз бе?

– Біртіндеп өзгеріс енгізіп жатырмын. Негізі бұрыннан адамдарға пародия жасайтынмын. Бүгінде актерлердің бәрі белгілі тұлғалардың даусын салып кеткеннен кейін аздап өзгешелік болсын деп малдың, жан-жануарлардың дауысын салуға бет бұрғаным рас. Малдың дауысынан адамның дауысын салған оңай ғой, негізі... Алдағы уақытта өте белгілі, танымал тұлғаларға пародия жасасам ба деген ойым бар. Брюс Ли, ертегілердегі Тазша баланы, Мауглиді, Тарзанды салып, бәрін орайластыра отырып, оны тек шет ел ғана емес, біз де істей аламыз дегенге саятындай бір көрініс шығаруды ойлап жүрмін.

– Әу баста «Шаншар» театры арқылы танылдың. Театр жетекшісінің талай таланттардың танылуына қосқан үлесі мол. Уәкеңнің назарына қалай іліктің?

– О баста Уәлибек Әбдірайымов Таразға келіп талантты жастарды іздейміз деп жар салып жүргенде, мен жоғары оқу орнының 3-курсында оқитынмын. Менің өнерімді көрді де, маған бағыт-бағдар берді. «Адам деген алыстан қиялдамау керек, сосын ешкімде жоқ, ешкім ойнамаған ерекше роль шығару керек», – деп ақылын айтқан еді. Содан мен оқуымды бітіріп, бір жарым жыл өткен соң, Алматыда бір тойда жаңа нөмірмен шығып өнерімді көрсеткен кезде Уәкең риза болып, «Шаншарға» шақырды. Солай танылдым. Қазір менің ағам да, жағам да сол кісі.

– «Шаншардан» Уәкеңнің батасын алып кеттің бе, әлде арада реніш болды ма?

– Аллаға шүкір, Уәкеңнің батасын алып кеттім. Әуелі Алла, екінші Уәкең себепші болып, жол көрсетіп, көмек берді. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді ғой атам қазақ. Әлі күнге дейін араласып, хабар алысып тұрамыз. Егер Уәкең қызықшылығына шақырса, ортақтасып, көмектесуден аянбаймын.

– Келешекте «Шаншар» театры қайтадан шақырса барар ма едің?

– Ол жеке театр ғой, қазіргі Астана қалалық көңілді тапқырлар театры – мемлекеттік театр. Сосын қазіргі «Базар жоқ» театрында өз қатарластарым, өз замандастарым. Әңгімем де, жанрым да жарасады. Уәкең: «сен актерский ойнай алмайсың», – дейтін. Расында ол кісілердің мысы баса ма, ойнай алмай тұратынбыз. Әңгімеміз жараспай, тіл байлығымыз да жетіңкіремейтін. Ол кісіге барған күнде де ұрсуы мүмкін: «не үшін келдің, сол жақта жүрмейсің бе», – деп. Әлі күнге дейін көрген жерде: «Жарайсың, орныңды енді таптың», – дейді.

– Бұрынғы Аманғали мен бүгінгі Аманғалидың айырмашылығы неде?

– Шүкір, есейген сияқтымын. Көбісі «өзгергенсің» дейді. Өзіме олай емес, бұрынғы қалпымда сияқтымын. Бұрын әйтеуір күлдірсем болды деген ой болатын. Бүгінде астарлы әзіл болса екен деймін. Ол да бір өсу шығар.

– Ал материалдық жағынан өсу бар ма?

– Театрдан көмек бар ғой енді, жеке көлігім бар. Қазір машинасыз қазақ жоқ шығар. Сұмдық машина демей-ақ қояйын, әйтеуір аяқартарым бар. Үй салдым. Енді үйленсем бе деймін.

– Алдағы жоспар...

– Арман-мақсатым – «Базар жоқ» театрымен өрлеп, жоғарылау. Қазақстанның «Базар жоқ» киностудиясы» және олардың кинолары,.. «Базар жоқ Голливудта» бірінші келе жатыр,.. Бірінші Тұрсынбек, Аманғали, Қанат,.. бәрі солай келе жатса,.. жаңалықтарда көрсетіп жатса,.. сол менің арманым. Қазақтың атын аспандатсақ , сол арман.

– Танымалдылықтың пайдасы көп пе, зияны көп пе?

– Танымалдылық жақсы, әрине. Өз басым зиянын көрген жоқпын. Танымал болғаннан көшеде емін-еркін жүре алмадым деу артықтық. Көшеде жүргің келсе, актерсың ғой, елдің сені танымауына барыңды сал. Көшеге шыққым келсе, шляпамды киіп, болмаса «петушок» па, бірдеңені іле салып, киініп көшеге шықсам, мені ешкім танымайды.

– Сатирадан сыбағасын алып жүргендер бүгінде той басқарып, асабалықпен де ақша тауып жүр. Өзіңнің асабалық өнерің бар ма?

– Асабалыққа қарсымын. Басқарамын десем қолымнан келеді. Сөйлеу керек, күлдіру керек, тост беру керек, бір асабаның сөзін жаттап алсам да той басқаруға болады. Бірақ 6 сағат сөйлеп тұру оңай емес. Біреуге ұнайсың, біреуге жақпай қаласың. Тойға бармайды емес, барамын, онда да 5-10 минуттық нөмірімді көрсетуге барамын. Лажы болса, қонақ боп барамын.

– Замандастарың тележүргізушілікке ойысып жатыр. Ондай ойың, жоспарың жоқ па?

– Мен ол салаға бара алмайын-ау. Менікі актерлік қана.

– Ал киноға түскің келмей ме?

– Ал бұл менің арманым. Ұсыныстар түсіп жатыр, бірақ киноның бағыты, сценарийі, кейде режиссер ұнамай қалады. Егер кастингке барып қатыссам алар ма еді, бірақ мен бірде-біреуіне қатысып көрген емеспін. Актерлік шеберлігіңді көрсетіп, керемет ойнай аламын десең ғана түсуге болатын шығар. «Оған мен дайынмын» десем, тым артық айтқаным.

По сообщению сайта Nur.kz


Читайте также:
Кому (e-mail)
Антибот
Имя *
Комментарий *
E-Mail

На этот адрес будут приходить уведомления о новых комментариях.
Мы никогда и никому не покажем этот адрес электронной почты.
Антибот *
О ПРОЕКТЕ | РЕКЛАМА НА САЙТЕ | ПИСЬМО В РЕДАКЦИЮ | ИСТОЧНИКИ НОВОСТЕЙ | ПРЕДЛОЖИТЬ ЛЕНТУ

Сейчас в базе агрегатора 2 157 973 новости из 205-и лент