3D Service

«

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – еліміздің болашаққа бағдары

»

Дата: 29.12.2012 в 08:22 · Категория: Қазақша жаңалықтар

Сенбі, 29 желтоқсан, 2012

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – еліміздің болашаққа бағдары

Қазақстан халқының ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың 2050 жылға дейінгі бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құжат – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария етті. Жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, алыс болашаққа көз тастаған Елбасы жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін Қазақстан халқы қандай қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы қажеттігін, қандай сынақтардан сүрінбей өтіп, қандай мақсаттарға қол жеткізуі керектігін қолмен қойғандай етіп нақтылап, жіліктей отырып, өз ойын елдің ендігі жердегі даму көгіндегі темірқазығына айналар «Қазақстан-2050» Стратегиясына сыйғызды. «Кеше кім едік, бүгін кім болдық, ертең кімге айналамыз?» деген сауалдардың барлығына нақты жауап берілді.

Өткен күннен алыс жоқ
Халқымыз қашаннан «өзін өзі білген ер бақытты, өзін өзі билеген ел бақытты», деп азаттықты бәрінен биік қойған. Дәуірлерден тамыр тартқан тарихымызда азаттықтан аңсарлы, еркіндіктен еңселі ұғым болған емес. Өткенді еске алмасақ, жаңа жадыға жазылмайды. Есте жоқ ескі замандардан бері ұлан-ғайыр далаға ордасын тіккен талай қағанаттар мен хандықтар дәурен құрған, билік жүргізген. Олардың қай-қайсысы да елдік пен ерліктен кенде емес еді. Бірақ, мәмілесі кем соққандықтан заманын сең соқты, татулығы жетпей тозды, ынтымағы болмай азды. Бірлігінен айырылып берекесі қашты, елдігінен айырылып еңсесі түсті.
Алайда, алаштың азаттығы үшін қарқарадай басын бәйгеге тіккен ерлер қай заманда да табылған. Олар елін жасытпау үшін, дұшпанын тасытпау үшін қаны мен жанын аямаған. Осылай сан ғасырға созылып, күні кешеге дейін жалғасқан ұлы күреске 20 ғасырдың соңында нүкте қойылды. Қазақ елі 1991 жылдың 16 желтоқсанында азаттығын алды, тәуелсіздігіне тәу етті. Қазақ жылнамасының жаңа беті ашылып, тәуелсіздік тарихы тасқа басылды. Нұрсұлтан Назарбаев сынды ай маңдайлы асыл ұлы тізгінін ұстаған тәуелсіз ел болашаққа нық сеніммен бет алды.
Сонау Күлтегін заманынан қалған «Халқы бегіне, бегі халқына сенген ел ұзақ жасайды» деген өсиет өзектілігін ешқашан жойған емес. Сенім – сын сағаттағы серігі екенін нық ұғынған халқымыз, ең бас­тысы, кемел келешекке деген сеніміне селкеу түсірген жоқ. Соның арқасында қиындық атаулыны қайыспай көтерді, белестерді бірге бағындырып, асулардан бірге асты. Қысталаң уақыт, қиын кезеңнің бәрінде дұрыс шешім қабылдап, тура жол таба білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең қиын-қыстау күндерде бірлігінен танбай, бар қиыншылыққа төтеп берді, қисайған жүгін түзеді, тұманды жерден жол тапты, күмәнді жерден жөн тапты. Сөйтіп, 21 жылда 21 ғасырдың ең қарқынды дамушы елдерінің қатарына қосылды. Елі дүйім дүниеге танылды, Елбасы күллі әлемге сыйлы болды. Бұл – шын мәнінде тәу етер құндылығымыз –Тәуелсіздігіміздің жемісі, тәуелсіз елді өз қолымен құрған Елбасының жеңісі.

Болашаққа апарар баспалдақ
Қазақстан 21 жылда қос ғасырға бергісіз жолды жүріп өтті, талай толайым табыстарға жетті. Мұның барлығы өздігінен бола салған жоқ. Күллі ел болып жұмылып, тынымсыз еткен еңбектің, сол еңбекке барша халықтың басын біріктірген бірліктің, бірлік болмай тірлік болмасын әрбір азаматтың жетесіне жеткізе ұғындырып, жөн мен жол сілтеп, елге бас бола білген Елбасының «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» жүргізген сарабдал саясатының арқасында ғана мүмкін болды.
Алысты көздейтін сұңғыла саясаттың иесі Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикалық қиындықтардан еңсесін тіктей алмай жатқан шақта «Қазақстан-2030» Стратегиясын жария еткені белгілі.
«Қазақстан-2030» Стратегиясы «біз боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» деген жолайрықта тұрған шақта, айсыз түндегі темірқазықтай жолбасшымыз болды, барар бағытымызды белгілеп, жүрер жолымызды айқындады. Ол тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, мемлекеттілікті нығайтудың, бірнеше ондаған жылға болашақты болжап, соған сәйкес қарекет қылудың нағыз ғылымы болды. Көз жетпес көкжиектен арғыны, алысты көздеген «Қазақстан-2030» елімізді соқтықпалы, соқпақсыз сүрлеуден сүріндірмей алып өтіп, дамудың даңғылына жетеледі. Нәтижесіне дүйім дүние куә: аз ғана жылда мемлекет пен қоғам қайта құрудың ұлы бетбұрысын жасады, дамудың ұлы жолын жүріп өтті.

«Қазақстан-2030» – біздің дербес мемлекет ретінде аяққа нық тұруымыздың кепілі

Елбасы Қазақстан халқына Жол­дау­ында біздің «Қазақстан-2030» Ст­ра­тегиясында көрсетілген мақсаттарға мерзімінен бұрын жеткенімізді айрықша атап өтті.
Алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесі. «Қазақстан-2030» Стратегиясының аясында жүргізілген қажырлы еңбектің арқасында қазақ елі 14 мың шақырымдық шекарасы шегенделген, мемлекеттігі мызғымас мықты елге айналды. Аумақтық даулардың туындау қаупі біржола сейілді. Ғасырлар бойы қазақ оғландарының басты мақсаты болған шекара сызығын белгілеу Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында іске асты. Шекара – біздің мемлекетіміздің заңды орнының, беделінің белгісі.
100-ден аса этнос пен 17 кон­фес­сияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ел бірлігі сақталып, нығайды. Шетелдік инвестициялар мен ішкі салымдар деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсуге қол жетті. 15 жылда ұлттық экономикамыз 1,7 триллион теңгеден 28 триллион теңгеге дейін, яғни 16 есеге өсті. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты артты. Орташа жалақы 9,3 есеге, зейнетақы 10 есеге өсті. Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа жетті. 1997 жылдан бері елімізде 942 мектеп және 758 аурухана мен өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұл – Тәуелсіздігіміздің тұғыры – елдің бірлігінің, қоғамның келісімінің арқасында жеткен жемісті жетістік.
Стратегияның Елбасы атап өткен тағы бір табысы – энергетикалық ресурстардың ел игілігіне айналуы. Мұнай-газ сала­сы­ның ІЖӨ-дегі үлесі 1997 жылғы 3,7 пайыздан 2011 жылы 25,8 пайызға өсті. «Қазақстан-2030» Стратегиясы қа­былданғаннан бергі 15 жылда 48 мың шақырым тас жол түбегейлі жөндеуден өткізіліп, жаңадан салынды, сонымен қатар, 1100 шақырым темір жол төселді. Осының бәрі елдің әл-ауқатының өскенін, әлеуметтік жағдайының жақсарғанын, өмір сапасының артқанын көрсетеді.
Тәуелсіз Қазақ елінің тағы бір табысы – осы жылдарда еліміз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарудың заманауи, әрі тиімді үлгісін құруға бел шеше кірісті. Президенттік басқару институты тәуелсіздікпен бірге қалыптасып, нығая түсті. Елбасы атап өткендей, осылайша «Қазақстан-2030» Стратегиясында көзделген басты міндеттер орындалды, қалғандары табысты жүзеге асырылуда.
Соңғы 15 жылда «Қазақстан-2030» біз бетпе-бет келген жаһандық кедергілердің барлығына лайықты төтеп берген құді­ретті құралымызға, әр қадамымызды анық басуға бастайтын қасиетті бағ­дар­ша­мымызға айналғанына осынау санаулы цифрлардың өзі-ақ айқын дәлел бола алады.

Тіршілік бүгінмен тоқтамайды

Қазақстан осыдан 15 жыл бұ­рын тәуелсіздігін тұғырлы етіп, мем­ле­кеттілігін нығайта түсу үшін қабылдаған стратегияның бағдарламасын мерзімінен бұрын орындап шықты. Бізбен деңгейлес тәуелсіздігін алған елдер о баста даму соқпағын таңдағанда «Қазақстан жолына», яғни стратегиялық жоспарлау жолына түсу керек болғанын мойындауда. Стратегиялық жоспарлау біздің тәуелсіздік жылдарындағы өмірлік заңымызға айналды. Алға стратегиялық мақсат қою – біздің бүгінгі және болашақ ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі болды. Ендеше, біз осы жолдан айнымауымыз керек. Елбасы соңғы Жолдауында осы ұстанымға алдағы уақытта да берік болуымыз қажеттігін атап көрсетті.
Екіншіден, заман өзгерді, әлем өзгерді, әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі – Қазақстан да өзгерді. Мемлекетті шарболаттай шынықтырып, заман сынағына салатын заманауи сын-қатерлер де өзгерді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің елдігіне сынақ болатын 10 сын-қатерді нақтылап көрсетіп берді. Тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, тұщы судың тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, үшінші индустриялық революция, әлеуметтік тұрақсыздық, өркениет құндылықтарының дағдарысы және әлемдік тұрақсыздық қаупі секілді сын-қатерлердің қай-қайсысы да қаперден бір сәт те шығаруға болмайтын өмірлік маңызы бар түйткілдер. Бұл қатерлерге қарсы тұрудың амалдарын Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Дағдарыстан шығудың кілті», «Бесінші жол» және басқа да көптеген ауқымды мақалалары мен «G-GLOBAL» сияқты жаһандық бастамаларының аясында көтеріп келеді. Елбасы тәуелсіз Қазақ елі осынау сын-қатерлердің қай-қайсысына да кез келген сәтте лайықты тойтарыс беруге сақадай-сай болуы қажеттігін бұл жолы да қадай ескертті.
Үшіншіден, қазіргі Қазақстан мен осыдан 15 жыл бұрынғы Қазақстанның арасы жер мен көктей. Біздің дамылсыз дамуымызға кедергі болатын түйткілдер де, меже етіп белгілеп, бағындыруға ұмтылатын биіктер де басқа. Халықтың әлеуметтік ахуалы адам танығысыз өзгерді. Ел дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Сондықтан да, халқымызды бүгінгіден де асқақ мақсаттарға жете­лейтін стратегиялық құжаттың қажет­тілігін өмірдің өзі туындатып отыр. Осы қажеттілікті терең ұғынып, жүрек­тің сүзгісінен өткізгеннен кейін Ел­басы заман сынына лайық болудың қазақстандық үлгісін «Қазақстан-2050» Стратегиясына жинақтап, жүйелей отырып, ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 21 жылдығы қарсаңында жария етті.

Келер күннен жақын жоқ
Елбасы өз жұмысының ең басты мәні – күллі қазақстандықтардың бой­ын­да ешкімді елдік мұраттардан сырт қалдырмайтын инновациялық, стратегиялық және жаһандық деңгейдегі ойлау қабілетін қалыптастыру екенін айтып келеді. Осыдан 15 жыл бұрын «Қа­зақстан-2030» Стратегиясын жария еткенде де, жақында ел назарына «Қазақстан-2050» Стратегиясын ұсын­ғанда да Нұрсұлтан Назарбаев осыны ай­рықша атап өтті.
Бүгінгі буын «қазіргі жастарымыздың немере, шөберелері қандай Қазақстанда, қандай әлемде өмір сүреді?» деген мәселені ешқашан қаперден шығармай, мұқият ойластыру қажеттігін, нақты жос­пар жасап, соған сәйкес қарекет қылуы керектігін айтты. Бұл – Қазақ елінің бо­лашағын жоспарлау, олай болса, қазақ же­рінің еркін де егемен ертеңін бүгіннен бастап қалау.
Мамандардың болжауынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі адамзат баласының саны 9 миллиардқа жақын­дайды. Бұл қазіргіден айтарлықтай көп. Адам санының күрт өсуі, біріншіден, жаһандық бәсекені мейлінше арттыра түседі. Жан алып, жан беріскен ымырасыз бәсекеге төтеп бере алған ұлт қана әлемдік сахнадағы өз орнын сақтай алады. Тәуелсіздіктің сынға түсер сәті, міне, сол кез болмақ.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуел­сіз­діктің туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға да соншалықты қажыр-қайрат керек», деген сөзі бар. Біз өркениет көгіндегі жұлдызымызды жарық етіп, ең дамыған елдердің қатарында болсақ қана, жаһандық бәсекеде үздіктердің қатарынан табыла білсек қана тәуелсіздігіміз баян­ды болатынын Елбасы талмай айтумен келеді. Татулығымыз бен береке-бірлігімізге біліміміз бен білігіміз, технологиямыз бен инновациямыз сай болса ғана тәуелсіздікті сақтау жолындағы күресте мерейіміз үстем болады. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында осы қағиданы ту етіп ұстайды.
Жаңа стратегия жоғарыда айтылған 10 сын-қатерге лайықты тойтарыс ретінде берілетін Қазақстанның жауабы іспетті. Стратегияның басым бағыттары ретінде аталып өтілген 7 басымдықтың қай-қайсысы да өмірлік маңызы бар мәселелер. Жаңа бағытты экономикалық саясат, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа қағидалары, білім мен кәсіби машық, мемлекеттілікті әрі қарай нығайту және қазақстандық демократияны дамыту, дәйекті де болжалды сыртқы саясат, сондай-ақ Отанға деген сүйіспеншілік – қазақстандық патриотизм алыс болашаққа көз тіккен Қазақстан қоғамының ендігі жерде алдынан туар айы, адастырмас темірқазығы іспетті.
Бұл басымдықтар – болашақ ұрпақтың өмірі жарқын да жайдары, алаңсыз болуына, олардың гүлденген Қазақстанда ешкімнен кем – қор болмай, еңсесі биік елде тіршілік кешуіне қажетті бас­ты алғышарттар ретінде біз жасап беруді мойнымызға алып отырған тарихи жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті Қазақстан халқы абыроймен алып шығуға міндетті.
Осы басымдықтарды қаперден бір сәт те шығармай, көзделген мақсаттарға кезең-кезеңімен, сатылы түрде қол жеткізер болсақ, алға қойылған басты мақсатымыз – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарынан ойып тұрып орын алу біздің қолымыздан келеді.
Әрдайым тарихтан тағылым ала білген халқымыз «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында көрсетілген басым­дықтардың қай-қайсысы да тіршіліктің тұтқасы, дамудың даңғылына түсудің басты шарты – ел мен жерге деген сүйіспеншіліксіз, елдің бірлігі мен берекесі болмай жүзеге асуы мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. «Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, еркіндік қайда болса, елдік сонда» екенін халқымыз әу бастан терең ұғына білген. Барша Қазақстан халқының татулығының тірегі, бірлігінің бесігіне айналып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы осының айқын дәлелі. Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың теңдессіз тетігі ретінде күллі әлемге үлгі болып отырған Қа­зақстан халқы Ассамблеясы ор­тақ Отанымызда бейбітшілік пен келі­сім­д­і сақтап, қазақ жерін мекен еткен 100-ден астам ұлыстың өкілдері Ота­нымыздың тағдырына қатысты ортақ жауапкершілікті бірге арқалаған біртұтас отбасына айналуына шексіз үлес қосты. Мәдениеттер үнқатысуының теңдессіз еуразиялық үлгісі атанған Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты да тұрақты дамудың ең басты шарты ретінде Қазақстан халқы бірлігінің мызғымас тұғыры бола білді. Қазақстан қоғамының патриоттық құндылықтары осыны негізгі діңі етіп ала отырып, ұдайы нығаю үстінде. Алдағы уақытта да Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген биік мақ­сат­тар жолында ұлтты ұйыстырушы, ха­лықты жұмылдырушы рөлін абыроймен атқаруға дайын.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясында айрықша атап өткен қазақ­стан­дық патриотизм мен барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі – тұтас стратегияның табысты жүзеге асуының кепілі. Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесіне сай биікке көтерілуі, барлық этнос өкілдерінің оны ұлтты ұйыстырушы негізгі құрал ретінде жүрекпен қабылдап, ниетпен үйренуі,  Ата Заңымызда атап көрсетілген дін бостандығын есте сақтаумен бірге ел дәстүріне қайшы келетін түрлі ағым­дардан сақ болуы, әркімнің өз ұлттық даралығын сақтай отырып, ортақ құн­дылық – қазақстандық мәдениет, қазақ­стандық дәстүр мен даралық арқылы бірігуі, түптеп келгенде, стратегияның барлық басымдықтарының түбегейлі орындалуына, сол арқылы стратегияның түпкі мақсаты – Мәңгілік ел болуымызға негіз қалайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясын мемлекетіміздің Мәңгілік ел болу жолындағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісіне теңей отырып, бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біздің аспан астында адамзат баласы қанша жасаса, сонша ғұмыр кешетін ұлы ел бола алатынымызды атап өтті.
Алдыңғы толқын – аға буынға, ор­таң­ғы буын – отандастарға, кейінгі толқын – жастарға айтылған қуатты үн­деу кім-кімді де тебірентпей қоймайды, әркім­ді Қазақстанның алтын ғасырында ұлы тарихтың иесі атанып, ұлы істерді өз қол­дарымен жасауға жігерлендіреді.
Бүгінгі күн кешегі күннің шәкірті. Халқымыз сан ғасырлық тарихында бас­тан өткерген қиындықтардан ой түйе отырып, ондай сәттерді кейінгі ұрпақтың көрмеуі үшін еңбек ету – біздің негізгі мақсатымыз, тиісінше, ерен еңбек арқылы жеткен жетістіктерімізден пайым жасай отырып, болашақ қазақстандықтар одан биік белестерді бағындыруына жол салу біздің басты мұратымыз болуы тиіс.
Ендеше, қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этнос өкілдері бір атаның балаларындай «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» бірігіп, көрнекті істің көмілмейтінін, беріле істегеннің берік болатынын көкейге түйе отырып, ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы – еңбекке жұмылуға тиіс. Сонда ғана біз қазақ жерінде тұратын әрбір азаматтың, әрбір отбасының ұлы Тәуелсіздігіміздің желбіреген көк туының астында елі мен жері үшін атқарған ерен еңбегін мақтан тұтып, бақытты болашаққа беттегенін көреміз.
Қазақстанның ең тарихи жауап­кер­ші­лікті сәтте маңдайына біткен бағы, тұтасқан тұманның ішінде көкжиектегіден арғыны көріп, қиыннан қиыстырып жол табатын жолбасшысы, айсыз түнде адастырмай, анық та айқын болашаққа бастайтын біртуар перзенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев нұсқаған бағытқа шып-шырғасыз, бірлікпен бет алу барша Қазақстан халқының парызы деп білемін.
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің
Хатшылық меңгерушісі.

 Принтерден шығару

Тақырыпты Форумда талқылаңыз

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті


Читайте также:
Кому (e-mail)
Антибот
Имя *
Комментарий *
E-Mail

На этот адрес будут приходить уведомления о новых комментариях.
Мы никогда и никому не покажем этот адрес электронной почты.
Антибот *
О ПРОЕКТЕ | ПИСЬМО В РЕДАКЦИЮ | ИСТОЧНИКИ НОВОСТЕЙ | ПРЕДЛОЖИТЬ ЛЕНТУ

Сейчас в базе агрегатора 2 243 329 новостей из 210-и лент