Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мұртаза Бұлұтай. Қазақстан – діни ағымдардың сайыс алаңы

Дата: 05 января 2011 в 13:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Мұртаза Бұлұтай. Қазақстан – діни ағымдардың сайыс алаңы

Дүниежүзіндегі экономикалық, саяси һәм әлеуметтік ахуалдың күрделілігі терең сараптауды қажет етпейтіндей дәрежеде баршаға аян. Оның ішінде Қазақстанымыздың дербес ел ретінде кемелденуі қаншалықты қиындықтарға толы екенін осы елдің азаматтары ретінде сіздер мен біздер көріп, біліп отырмыз. Әсіресе, дін мәселесіне келгенде де жағдайымыз шым-шытырық, мүшкіл һәм қолайсыздау. Тәуелсіздіктен бері өткен азғантай жылдың ішінде Қазақстан діни ағымдар мен діни-идеологиялық топтардың экспансия (жайылу) һәм эксперимент (сынақ) алаңына айналғандай. Ядролық сынақтарды тоқтата білген күшіміз бен даналығымыз, бірлігіміз бен жауапкершілігіміз зардабы ядролық апаттан төмен түспейтін діни сынақтарға келгенде қауқарсыз не бейқам болып қала берді. 1992 жылдың қаңтар айында қабылданған қолданыстағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» Қазақстанды діни ықпал енгізу тұрғысынан «инвестиция» салуға өте қолайлы және шұрайлы елге айналдырды. Адам құқықтары мен демократиялылықтың басты көрсеткішін дін атаулыға есік ашып, төрлету деп қабылдаған жаңсақ сана салдарынан атам қазақ атын естіп, түсін түстеп көрмеген сан ағым қаптап, азаматтарымызды түрлі әдістермен бағындырып, ғасырлар бойы ел ішінде көрінбеген жік салды, ағайынды араздастырды. Ағайынды бір-біріне жау қылмаса да жат қылды, ал олар күндердің күні жау болмайды деп айта аламыз ба? Деструктивті діни ағымдар мен тоталитарлық секталардың антагонизмді насихаттап, басқа жолдағыларға теріс көзбен қарайтыны бесенеден белгілі. Кейбірі азаматтарымызды біріне-бірін айдап, азғырып ғана қойған жоқ, тіпті, оларды өз мемлекетіне қарсы күреске де салып қойды. Бұрын, тіпті, ойға келмейтін нәрселер қазір күнделікті әңгімеге айналып барады. Мәселен, сектаға өтіп кеткен кейбір жастарымыз әскери борышын өтеуден бас тартып жатыр екен, бұл көп емес, осыдан 15-20 жыл бұрын ғана ойға келуші ме еді? Жуырда араб елдерінен шабыт алатын «салафи» бағытын ұстанған 200-ден астам қазақ жастары ел аман, жұрт тынышта отанынан қашып, бірнеше жыл бойы Чехияда босып жүр дегенді баспасөзден оқып, жағамды ұстадым. Ол қашқан қазақ кімге керек өзі?! Олардың салафилердің отанына емес, зайырлы Еуропаны паналағаны өз алдына жеке әңгіме. Кейбір азаматтарымыздың (көбісі қандастарымыз) Кришна ағымын қолдап, шеру ұйымдастырғаны мәлім. Айта берсек осындай келеңсіздіктердің тізімін бүгін бітіре алмаспын ба деп қорқамын. Сонда бізге не болды?! Қайда бара жатырмыз, ағайындар-ау?! Жетіскеніміз осы ма?! Сан ағымның жетегінде кеткен он мыңдаған, тіпті, жүз мыңдаған бауырларымыздың душар болған осы халіне көңілдеріңіз тола ма?! Ұрпақтарымыз осындай талан-таражға салынады-ау деп ойлап па екен бұрынғылар?!

Бұл жерде мәселенің тек діни сенім бостандығы яки жекелеген адамдардың өздеріне ұнаған сенімге қосылуынан әлдеқайда тереңде жатқанын бәріміз аңғарып тұрсақ керек. Менің ойымша әңгіме халқымыздың дәстүрлі тұтастығына жасалған операцияда, отанымыздың ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне жасалған саботажда, ұрпақтар сабақтастығына, ұлттық бірлікке, халықтар достығына қағылған сынада. Өзінің дәстүрлі діні мен тіліне, қысқасын айтқанда, рухани мұрасына әлі қауышып үлгермеген, оны заманауи биіктен сараптау деңгейіне жетпеген, жазусыз ақ қағаздай жаны пәк азаматтарымызды түрлі авторлардың құзырына беріп, тастағандаймыз. Не жазса да сол автордың өз еркінде! Нәтижесінде кейбір азаматтарымыз не кришнашы, не иеговашы, не евангелист немесе Исламды далдалаған кертартпа да қанаушы топтардың бірінің ішінен шыға келуде. Бір таң қаларлығы, сырттан келген діни ағымдарға беріліп кеткен біздің азаматтар, жеті атасынан сол ағымда келе жатқан белсенділерден сол ағымды қорғаштау, насихаттау жағынан асып түспесе, төмен түспейтіні. Бүгінде иеговашылармен қандай бір дау-дамайға түссеңіз, америкалық иеговашы алдыңнан шықпайды, кришнашыларға бірдеңе айтып көрсеңіз, сөз таластырған үндіні көрмейсіз, фундаменталист протестант миссионерлермен пікір таласқа яки ғылыми айтысқа түсе қалсаңыз, олардан гөрі олардың ықпалында кеткен өзіміздің ағаларымыздың қаһары қаттырақ болатынын көресіз. Демек, діни ағымдардың «инвестициясы» өзін ақтады, олар Қазақстанға келіп, бекерге шығынданған жоқ, алда қырман күтіп тұр оларды. Дәл осы тұста мына сахна неліктен көрініс тапты және біздер неге әлсіз болып қала бердік деген сауал мазаласа керек. Әр ата-ана өз ұрпағын жаманаттан, кесапаттан сақтап қалуға тырысатыны секілді, мемлекет деген ірі ұғым, биік шаңырақ та өз азаматтарын зиянды ықпалдардан, ірітуші-шірітуші күштерден арашалап қалуы керек емес пе?

СЫРТТАН КЕЛГЕН АҒЫМДАР

Қазақстанда жанталаса миссионерлік жасап жатқан діни ағымдардың бастысы протестант бағытындағы шіркеулер. Бұлардың көбісінің орталықтары Америка, Оңтүстік Корея және кейбір Еуропа елдерінде. Ғасырлар бойы миссионерлік тәжірибесін жинақтаған протестант шіркеулері Америкадағы саяси құрылымдармен біте қайнасып кеткен. АҚШ-тағы протестант христиандардың 70 пайызы фундаменталист евангелист секталардың ықпалында деген пікір бар. Технология дамыған бүгінгі күні діни ағымдар мен секталар тек діни үгіт-насихат тасымалдаумен ғана шектелмейді, олар саяси-идеологиялық ықпалдарды да қоса енгізеді. Дәлел ретінде, протестант шіркеулерінің христиандықтың католик тармағындағы Оңтүстік Америка елдері, Орта және Шығыс Еуропа және Ресейде ерекше белсенділікпен жұмыс атқаруын айтуға болады. Бұл өздері онсыз да ежелден христиан дініндегі халықтарды протестант жағына шығару — прозелитизм. Демек, басты мақсат христиандандыру емес, менталитетті ауыстыру арқылы католиктер мен православтарды саяси-экономикалық ортақ лагерге кіргізу, ықпал шеңберіне енгізу. Осы елдердегі протестанттардың санын арттыру арқылы оларға іштен ықпал ету.

Сонымен қатар христиан емес халықтарды, әсіресе, стратегиялық маңызы бар елдерді шоқындыру амалдары бар күшімен, 24 сағат, 365 күн бойы жүзеге асырылуда. Протестант шіркеулері соңғы жылдары Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан сияқты елдерде қарқынды жұмыс істеп келеді. Оңтүстік Корея соңғы жарты ғасырда шоқындырылды. Қытайдағы шоқынғандардың саны 25-55 миллион арасында деп болжануда, алайда «Иса Мәсіх Пекинде — Христиандық Қытайды қалай құбылтуда және әлемдегі күш тепе-теңдігін қалай өзгертуде?» атты кітаптың авторы, атақты «Тайм» журналының тілшісі Дейвид Аикман (David Aikman) «Қытайда 70 миллион протестант және 12 миллион католик христиан бар» деп жазады. Автордың пікірінше бұл сан жағынан 70 миллион мүшесі бар Қытай коммунистік партиясынан да ірі жамағат (http://www.eni.ch/articles/display.shtml?05-0691). Өзіңіз ойлаңызшы ағайын, болашақта дүниежүзіндегі ең мықты державаның бірі болатыны әзірден көрініп тұрған Қытайдың шоқындырылуы кімнің мүддесіне тиімді болмақ? Экономикасы қарқынды даму үстіндегі Үндістанда христиандықты қабылдаған үнділердің саны 25-30 миллион шамасында және бұл сан күн сайын өсіп келеді. Үндістанда көп таралған тілдерде діни үгіт-насихат тарататын 20-шақты телеарнаның болуын немен түсіндіреміз. Енді миссионерлер елімізге не үшін ағылып келетінін түсіну қиынға соқпаса керек. Миссионерлік саласына жұмсалып жатқан миллиардтаған долларлар қайдан келіп жатыр және христиан секталарын кімдер қолдайды? Олардың барлығының аталмыш елдерде, оның ішінде өзіміздің елде де жанашырлары, қолдаушылары бар. Әңгіме қолына Библия ұстап келген бірнеше монах жөнінде емес ағайын, одан да әріректе, одан да тереңде жатыр миссионерліктің мақсаты және жоспарлары. Дін — құрал ғана. Дін адамдарды инандыру және ұйымдастыру үшін таптырмас құрал, орны толмас ресурс. Бір рет сендіріп, бағындырып алған соң не істетуге болмайды көр-соқыр берілген пақырға? Сондықтан, еліміздегі және әлемдегі діни үрдістерге жалаң діни сенім бостандығы тұрғысынан қарау менің ойымша бұл сергелдеңі мол көкейкесті мәселені шала бағалаушылық болар. Дін ауыстыру түгелдей дүниетанымыңыз бен менталитетіңізді, саяси көзқарастарыңыз бен өмірдегі мақсаттарыңызды тұтастай ауыстыру деген сөз. Христиан секталары шексіз қаржы және кадр ресурстарына және халықаралық саяси қолдауға ие болғандықтан үлкен табыстарға қол жеткізіп отыр. Біздің олармен бәсекелестікке түсетін еш мүмкіндігіміз жоқ, себебі не қаржылай не басқаша қолдаушымыз жоқ. Біздер күн көрудің қамымен жүргенде олар барлық жағынан қамсыздандырылған он мыңдаған миссионерден құралған үгіткерлер армиясымен, әлемдегі ең ірі баспаханалар және телеарналар жүйесімен жұмыс істеуде. Менің дін жөніндегі заңымыздың өтпей қалуына қапалануым да осыдан....

ИСЛАМДЫ ДАЛДАЛАҒАН АҒЫМДАР

Бүгінде елімізде мұсылмандарды жіктерге бөліп, біріне бірі қарсы уағыз тарататын көптеген діни ағымдар, топтар бар. Бұлар өздеріне жақпаған адамдарды (үкімін Құдайға қалдырмай-ақ!), тамұққа лақтыруда алдарына жан салмайды. Басым көпшілігі сырттан келген яки шетелдерде оқып, бізге жат ағымдардың ықпалына душар болған өзіміздің балаларымыз тасымалдаған ағымдар. Бұларға қарсы яки балама ретінде іштен шығарылған теріс ағымдар да бар. Әрине, бұл жерде ауруды аурумен жоюға болмайтынын атап айту шарт. Ауруды тек ем арқылы, ащы да болса дәрі-дәрмен арқылы жеңуге болатынын естен шығармаған жөн.

Аталмыш ағымдарды негізінен екі топқа бөлсек болғаны:

1.Эзотерикалық, мистикалық ағымдар: Бұлар негізінен «нақылға» иек артады, құпия-сырларға жетудің жолын өздері ғана біледі, аскетизмді дәріптейді, рационалды ойлауға қарсы, ғылымды мансұқтайды, өз қатарларына қосылғандардың еркіндігіне мейлінше шектеу қояды, ақылды желіден шығарып адамды құр мойынсұнғыш қуыршаққа айналдырады. Діни әдебиеттері аңыз-әфсаналар мен таңғажайып құбылыстарға толы. Пирамиданың астында қалың көпшілік тұрса, төбесінде барлығын билеп отырған тариқат көсемі тұрады.

2.Схоластикалық догматизм ағымдары. Бұлар негізінен көр-соқыр сенімге және мойынсұнуға үгіттейтін, бұрынғылардың жолын айна-қатесіз қууды уағыздайтын, көнені аңсайтын, артқа тартатын ескішіл, кертартпа топтар. Діни ритуализм мен формализмді басты орынға қоятын осындай ағымдар өздеріне қосылған азаматтарды бірден догматтарға бағындырып, фатализмді санаға құюмен болады.

Осы екі қарсылас бағыт елімізде қарқынды түрде үгіт-насихат жасап келеді. Менің ойымша бұлардың бірі арбаны оңға құлатса, ендігісі солға аунатады, ал бізге орта жол керек. Бұл екеуіне де қосылмаған ортадағы мұсылман қауым болса қандай бағытты ұстанарын білмей, кімге барып, кімнен сұрарын ажырата алмай, әбігерге түсіп, басы қатып отырған жайы бар. Аталмыш қарсылас бағыттардың ортақ қасиеттері де бар. Олар:

— Бұл ағымдардың басым көпшілігі сырттан келген. Демек, бұлар сырттан биленеді.

— Екеуінде де Құранда орны жоқ «рұһбандық» яғни «діни тап» пайда болған. Екеуінде де «киелі адамдар» мен «ұлықтар» пантеоны барлық мәселені шешіп тастаған, біздерге тек мүлтіксіз құлдық ұру, еліктеу ғана қалдырылған.

— Қатыгездік культі, басқа сенімдегілерге төзімсіздік, жаңалықтарға томаға-тұйықтық басым.

— Қосылғандардың материалдық және моральдық еркіндігіне барынша шектеу қою.

— Адамзаттың заманауи ізгі жетістіктеріне (мағрұф), ғылымның көптеген табыстарына, мәдениет пен өнердің құндылықтарына көп жағдайларда тыйым салу яки мансұқтау.

— Тоталитарлық иерархиялық жүйелері арқылы елдегі саясатқа ықпал ету, тіпті, түбінде билікті өздерінің идеологияларына сәйкестендіру, теократиялық мемлекет орнату.

— Діни синкретизм, әсіресе йаһұдилік пен христиандықтан қабылданған элементтер (исраилият және мәсіхият).

Бүл ағымдар өздерінің нағыз тура жолда жүргендерін дәлелдеу үшін жамағаттарының сан жағынан көптігін алға тартады. Алайда, адам санының көптігі ғылым және Құран тарапынан дәлел ретінде қабылданбайды:

Жербетіндегілердің көпшілігіне бағынатын болсаң, олар сені Аллаһтың жолынан тайдырады. Шынында, олар тек болжалға (күмәнді ойға) еруде һәм сол болжалмен топшылауда! (Әнғам сүресі, 6/116)

ҚҰРАН МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БӨЛІНУІНЕ

ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ ҚАРСЫ

Ислам діні — бірлік діні. Ислам — ізгілік діні, ол ешқашан да имандылардың қырғи-қабақ болуын, жанжалдасуын қаламайды, жалпы ешкімге де жамандық тілемейді. Дініміз бейбітшілік діні және барлық мұсылмандарды туысқан бауырлас деп санайды. Деструктивті және кертартпа діни ағымдардың мұсылман үмметін қырық пышақ етіп бөлуі ең біріншіден дінімізге жасалған ең үлкен қиянат емес пе?! Тағы да Құранға жүгінейік:

Діндерін жік-жікке бөліп, топ-топ болғандарға сенің еш қатысың жоқ! Олардың ісі/бұйрығы Аллаһқа тиесілі! Аллаһ оларға істегендерін хабарламақ! (Әнғам сүресі, 6/159)

Өздеріне айқын айғақтар келгеннен кейін жіктерге бөлінгендер және келіспеушілікке ұрынғандар сияқты болмаңдар! Оларға орасан зор азап бар! (Әли Имран сүресі, 3/105)

Бәрің түгелдей Аллаһтың желісінен мықтап ұстаңдар және ешқашан да жіктерге бөлінбеңдер! (Әли Имран сүресі, 3/103)

Осыншама мәліметтен соң бірер сөз өзімнің болашақ жөніндегі ой-пікірлерім турасында болмақ. Ислам әлемін тығырықтан шығару үшін не істеуіміз керек? Менің ойымша біз мұсылмандар кітабымыз Құранда айқындалған жолмен, ақыл жолымен, ғылым-білім жолымен, зайырлы қоғамды сақтай отырып, демократиялық еркіндіктер мен құқықтарды мүлтіксіз орындай отырып, гуманизм мен бейбітшілікті дәріптеп, еңбекшілдік және ізденімпаздық негізінде даму және ілгерілеу жолында жүруіміз керек. Құран осының барлығына да келісім береді, тіпті, талап етеді:

— Құран ішкі үйлесімінде керемет біртұтас жүйе,

— Өмірдің барлық саласына қатысты үлгілі тұжырымдар жасайды,

— Барлық заманаға және барлық адамзатқа үндеу жолдайды,

— Ақылды жоққа шығармайды, қайта ақылды негіз етуге шақырады,

— Өмірмен, ғаламдағы жаратылыс заңдарымен қайшылыққа түспейді,

— Тыйымдары аз, еркіндігі мол, адамның абыройы мен қадір-қасиетін қорғайды,

—   Адамның ішкі әлеміне де жол табады,

— Әр түрлі қанаушылыққа қарсы, әділетті өмірді ұсынады,

— Бірлік пен берекеге шақырады,

— Білім мен парасатқа шақырады, қараңғылық пен озбырлықты жақтырмайды.

Менің ойымша мұсылмандар осы керемет кітапты жөнді түсініп жатқан жоқ, оның жолын зерттеп жатқан жоқ. Дінді тек ритуал деп санайтын еліктегіш сана Құранды жабық сандықтардың, шкафтардың ішінде тұтқын еткен, шаң бастырып қойған. Мына аяттар осы трагедиялық сахнаны көз алдыңа әкеледі:

Пайғамбар (Мұхаммед): «Уа, Ием! Шынында, менің қоғамым мына Құранды тастандыға айналдырды!» деді. (Фұрқан сүресі, 25/30)

Олар мына Құранды сараптап, ойланбай ма?! Немесе, олардың сана-сезімдері құлыптаулы ма? (Мұхаммед сүресі, 47/24)

Шынында Құранды ескерулерің үшін жеңіл еттік. Ескерушілер жоқ па?! (Қамар сүресі, 54/17,22,32,40)

НАДАНДЫҚПЕН КҮРЕС

Қараңғылықты жарық жояды, надандықты білім. Сондықтан, қараңғылықтың жауы — жарық, надандықтың жауы — білім. Діни сенім адамдардың дүниеге, жаратылысқа, өмірге, қоғамға және өзіне деген көзқарасын айқындайды. Қазіргі тоталитарлық діни секталарды бір сәт шолып көрсеңіз, бұлардың өз жамағаттарының өміріне толығымен иелік етіп, толығымен өз уысында ұстап, билеп-төстейтінін байқайсыз. Олар адамдардың қалай киінетінінен бастап, қалай жүріп-тұратынына, сыртқы пішіндерінен ішкі әлемдеріне дейінгі барлық кеңістікті жаулап алған, пендеге ырық бермейді, көз аштырмайды. Ал өз бағыттарына қосылмаған жандарды олар жақтырмайды, тіпті, өз идеологияларына қарсы пікір білдірушілерді алуан түрлі айла-шарғымен бопсалауға, қоқан-лоққы жасауға, үркітіп-қорқытуға дейін барады. Өз орталарында сондай адамдар туралы түрлі «бұйрықтар» мен «үкімдер» шығарып, инквизицияға салады. Шайтанның өзін таң қалдыратын жала жабу, ғайбаттау, қаралау, күйе жағу амалдарын жүзеге асырудан еш тайынбайды олар ауыздарына Аллаһтың я басқа Құдайдың атын ала отырып, ант-су іше отырып. Әсіресе, халықты жарыққа, білімге, даму мен өркениет жолына, зайырлы мәдениетке шақыратын отаншыл һәм бірде бір сектаға өтпеген тұлғалар «көзге шыққан сүйелдей» көрінеді осындай тоталитарлық кертартпа қанаушы топтарға. Қазіргі интернет жүйесі осындай ынсапсыздар, ұяттан жұрдайлар үшін таптырмас құрал, онда әр түрлі өсек-аян мен ғайбат, жала таратылады және ешбір жауапкершілікке тартылмайды. Менің ойымша мемлекетіміз деструктивті ағымдардың қолындағы осы улы қаруды залалсыздандыру жағынан жедел шара қолдануы ләзім.

Шіріткіш һәм ыдыратқыш ағымдармен күресудің ең басты жолы ғылым-білім арқылы күресу. Оқыған, білімді, әлемде болып жатқан жаңалықтардан жан-жақты хабары бар, еркін ойлау қабілетінен айырылмаған, санасы уланбаған, көзі ашық, гуманизм принциптеріне берік, елінің болашағын ойлайтын, ілгерішіл, бірбеткей, талапты да талантты, бір Аллаһқа ғана құлдық ұратын, еңбекшіл һәм ізденімпаз адал жандардан тұратын қоғам құра алсақ, онда Қазақстан әлемдегі ең ауқатты һәм дамыған елдердің қатарынан көрінері сөзсіз. Барлық мұсылмандар осы жолмен жүрсе қандай тамаша болар еді. Сонда қазіргі Швеция, Германия, Жапония деңгейіндегі мұсылман қоғамдары пайда болар еді, әттең! Ал қанаушы топтарға, тоталитарлық секталарға надандық ғана керек, өйткені надан тобырды басқару, қанау, алдап-арбау қиынға соқпайды. Қанаушылықтың барлық түріне қарсы болуымыз керек, оның ішінде діни қанаушылыққа да тұтастай қоғам болып қарсы туруымыз шарт.

Мына Құран аяттарын оқып, түсінген мұсылман қалайша надан болсын?!  Ислам дінінің білімге, ғылымға қаншалықты мән бергенін мына аяттардан-ақ байқауға болады:

Шынында, пенделері ішінде Аллаһтан білімділер қорқады! (Фатыр сүресі, 35/28)

Айт: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зұмар сүресі, 39/9)

Айт: «Ием! Білімімді көбейт!» (Та-Ха сүресі, 20/114)

Кешірімді негіз ет! Ізгілікті бұйыр! Надандардан теріс бұрыл/аулақ бол! (Ағраф сүресі, 7/199)

Еркін санадан, еркін ойлай алатын адамнан шексіз ой-пікір, жаңалық шығады, ғылыми тапқыштық осындай ортада гүлденеді, дамиды. Ал, санасына бұғау салынған, еркін ойлау қабілетінен айырылған, шектеулі ойлайтын адамнан да шектеулі дүниелер ғана шығады, қыңыр-қисық, мардымсыз туындылар, өнімдер ғана дүниеге келеді. Алысқа кетпей-ақ, кешегі Кеңес заманын мысал етсек те болғаны. Онда атеист-коммунист идеология еркін ойлауға шек қойған еді, нәтижесінде қоғам мен экономика тоқырауға ұшырады. Атақты социолог, политэкономист Макс Уэбер (1864-1920) еңбектерінде экономикалық даму мен қоғамның өркендеуінің діни сенімге де байланысты екенін жан-жақты зерттеген. Догматизм мен схоластиканы қатты ұстанатын ритуалист католик қоғамдарының экономикалық әл-ауқат жағынан христиандықты реформаға салған протестанттардан артта қалуын осы себепке байланысты деп түсіндірген ғалым. Шын мәнінде мұсылмандардың эконмика және ғылым-білім мен технологияда артта қалуының бір себебі надандық пен жалқаулыққа апарып соқтыратын фатализм мен аскетизм десек қате болмас. Әйтпесе, Исламда дүниелік дамуға қарсы ешбір бұйрық жоқ, қайта дүние мен ақыреттің үйлесімді арақатынасы бар:

«Уа, Иеміз! Бізге дүниеде де ізгілік бер және ақыретте де ізгілік бер!» (Бақара сүресі, 2/201)

Дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа! (Қасас сүресі, 28/77)

Өкінішке қарай мұсылман елдерінің басым көпшілігіндегі қанаушы діни топтар мұсылман үмметінің еркін ойлауына, еркін өмір сүруіне жойқын зиян келтіруде, оларды қараңғы ғасырларға кері қайтаруға әрекет жасауда.

Осы шағын мақаламда біраз дүниенің басын ашып айтуға тырыстым. Артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын. Бірақ, мұсылман халқымның телім-телім болып, қырықшақты дінге бөлінгенін, бір мұсылманның өзінде бірбіріне аманы жоқ ондаған бағытқа жіктелгенін көріп, әбден қиналған соң, елдің, мемлекеттің болашағына уайымдаған соң осының бәрін ашық айтып отырмын. Менің ұжданымның алдында бір парызым өтелген сияқты болды, қалғанын өзің біл ағайын!

Мен экономикалық дағдарыстардан қорықпаймын, экономика бірде дамиды, бірде құлдырайды. Мұнайымыз таусылып қалады дегеннен де қорықпаймын, себебі мұнайсыз елдер де дамып жатыр, тіпті, Германия, Жапония сияқты елдердің еш мұнайы да жоқ. Ал мен рухани құлдыраушылықтан, надандықтан, ұлтымыздың дінге бөлініп берекесінің кетуінен қорқамын, тіпті, үрейленемін. Материалдық дүниелерді орнына қоюға болады, бірақ ғасырлар қойнауында қалыптасқан рухани мұраға жасалған зиян оңайлықпен оңғарылмайды. Сондықтан, ойланайық, ағайын, ойланайық!

Мұртаза БҰЛҰТАЙ

Философия ғылымдарының кандидаты,

Дінтанушы, мәдениеттанушы

«Абай-ақпарат»

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы