Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мұхан Исахан. Дінбасыға дат!

Дата: 06 января 2011 в 01:50

Мұхан Исахан. Дінбасыға дат!

Аса қадірлі дінбасы Әбсаттар қажы(суретте), жыл бойы ел ішінде муфти сайлауы хақында түрлі алып-қашты әңгімелердің желдей ескеніне қарамастан, Құдай-Тағаланың қалауымен ҚМДБ-ның V Құрылтайындағы сайлауда Бас муфтидің орынтағына қайта жайғастыңыз. Рас, әдеттегідей емес «бұл әннің ырғағы бұрынғы әннен өзгерек» болып, осы жолғы сайлауда қалың бұқара демін ішіне тартып, бір сәт абыржығандай кейіп танытты. Өйткені, ҚМДБ-ға түрлі сипатта сын-ескертпелер айтып жүрген Р.Нысанбайұлы, Б.Сапаралы, З.Жандарбек, Б.Айнабеков, Д.Әшімханұлының мәлімдемелері біраз жұртты екі ұшты дүдамал ойға қалдырған болатын. Десекте, Елбасының ҚМДБ-ның қызметіне оң баға беруі, сондай-ақ, V Құрылтайға қатысушы делегаттардың бір жеңнен қол шығарып, бірауыздан өзіңізге дауыс беруі, жыл бойы жырға айналған мәселенің күрмеуін ағытып, нүктесін қойды. Ендеше, еліміздегі діни-ахуалдың түзелуіне пейіл білдіріп жүрген азамат ретінде ҚМДБ-ның V Құрылтайының сәтті өтіп, Хазіреттің  Бас муфти болып қайта сайлануын шын жүректен құттықтаймын. Сонымен бірге, бүгінгі күнге дейін Хақ діннің арын арлап, зарын зарлап келген Хазіреті Әбсаттар Дербісәлінің алдағы күнгі жұмысына сәттілік тілей отырып, ҚМДБ-ның қаперіне түйіні тарқатылмай тұрған мынадай мәселелердің бар екенін салмақпын:

Дінсіз ғылым соқыр, ғылымсыз дін ақсақ

Біріншіден, ҚМДБ-ның ішінен «Ғылым» бөлімі ашылса екен дейміз. Жалпы, Алланың бір есімі «ғылым» (Алим) екендігі, осыдан да Исламда ғылымға аса жоғары көңіл бөлінгендігі мұсылман қауымына мәлім. Бірақ, елімізде Ислами ғылым дамып отыр деп айта алмаймыз. Өйткені, Ислами ғылымды дамыту үшін әуелі араб тілі мен әдебиеті, тәпсір, хадис, фикх, кәлам, тарих секілді салаларға қатысты жүйелі түрде том-том еңбектер жазып шығаруымыз қажет. Дініміздің дәстүрлі бұл салалары дамымайынша, Исламның өркен жая алмайтыны екібастан белгілі. Тегінде, Исламдағы ғылым — күллі тіршілік қабаттарының сырын аша алатынымен құнды болуға тиіс. Мұсылмандардың қолында жаратылыс жұмбағын шешетін кілт — накл (Құран мен Сүннет) және ақыл тұр. Ендеше, біз неге Құранға субстанциялық ілім (Жаратушы мен жаратылысты тұтас қарастыру) тұрғысынан тәпсір жасамаймыз? Неге біз жаратылысты белгілі-бір заңдылықтармен түзген Ұлы Заңгердің құдыретін өзіндік тұрғыдан зерттемейміз? Бұл мәселеде неге біз өзгелердің дайындап берген асын жұтуға құмбылмыз? Осы мәселелер бойынша біз терең ойланып, бір шешімге келуіміз керек сияқты. Себебі, «дінсіз ғылымның соқыр, ғылымсыз діннің ақсақ» болып қала беретініне күмән жоқ. Сонымен бірге, ҚМДБ-ның құрамынан «Ғылым» бөлімі ашылып, мұсылман қолжазбаларын зерттеуді де қолға алса құба-құп болар еді. Хазірет, бұны айтып отырған себебіміз, елімізде өзіңізден кейін (Ә.Муминовты айтпағанда) қолжазбатанумен шұғылдануға ден қойған соқталы азаматтар жоқтың қасы. Қазақ халқының інжу-маржандары тек фольклорда емес, жазба әдебиетте де жатқаны анық. Осы мәселені әрірек барып зерттеу үшін өзіңіз бас болып қолжазбатанушылардың құрамын жасақтап, оларға жөн-жосық көрсетсеңіз екен. Қазақстанда сіз негізін салған осы ғылым саласын еліміздегі исламдық ең басты ұйым ҚМДБ дамытпаса, басқа қандай ұйым дамыта алады? Сондай-ақ, қазір түрлі ғылым салаларынан дінге қатысты диссертациялар қорғалып жатыр. Көптеген ғылым салалары өкілдерінің бұлайша Исламға қызығушылық танытуы құптарлық жағдай болғанымен, ғылыми негізсіз һәм ел мүддесіне қайшы жұмыстар да қорғалып кетіп жатыр. Мәселен, өткен 2009 жылы А.Избаиров деген азамат өз диссертациясында «қалыпты (радикалді емес) салафиттер» деген теорияны ұсынып, елімізде уахапшылдықтың өріс алуына ғылыми негіз жасамақ болды. Е.Оңғаров деген азаматтың Қазақ мәдениетіндегі Исламның орнын зерттеп жүргенін біліп, диссертациясының 80 пайызын аяқтағанында кездесіп, ғылыми жұмысына қазақстандық авторлардың қандай еңбектерін пайдаланғанын сұрасам, тақырыбына қатысты елімізде жарық көрген бірде-бір еңбекті пайдаланбапты. Диссертант: «Мен тек араб деректерін қолдандым», деп масайрап,  еліміздің ғалымдарының еңбектеріне мұрнын шүйіріп отыр. «Ау шырағым, сенің арабтарың қазаққа Исламның қаншалықты әсер еткенін қайдан біледі» десем, «Мен Мысырда 12 жыл оқығанмын. Маған ақыл айтпа», деп бой бермейді. Менің айтпағым ҚМДБ осындай шалағайлықтарға тосқауыл болса екен. Ол үшін еліміздегі Исламның атын жамылып қорғалатын кез-келген диссертациялық еңбек  ҚМДБ-ның «Ғылым бөлімінің» сүзгісінен өтуі тиіс деп ойлаймыз.  Сонымен қатар, бүгінгі күні елімізде жарық көріп отырған діни әдебиеттердің басым көпшілігі араб және түрік тіліндегі діни оқулықтардан көшіріліп отыр. Әдепкіде, оны байқамағанымызбен, кейін бірқатар еңбектердің плагиат екені белгілі болды. Көшіріп жазушылардың кейбіріне: «Ау, бұларың қалай?» деп көріп едік, бетіне көн қаптап алған жарықтықтар мізбақпайды. Түптеп келгенде айтпағымыз, ҚМДБ-ның құрамынан «Ғылым» бөлімі ашылса, елімізде шын мәнінде Хақ діннің өресі биіктей түсер еді дегіміз келеді.

Бүгінгі күннің Мұхаммед Хайдар Дулатиі қайда?

Екіншіден, ҚМДБ елімізде жауыннан кейін қаулап шыққан оттай өріп жүрген діни секталарға қарсы күресті күшейте түссе екен дейміз. Әсіресе, исламның атын жамылған адасқан ағымдарды ауыздықтауда ҚМДБ шешуші рөл атқаруы тиіс деп ойлаймыз. Ол үшін «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңда «Исламдық бағыттағы кез-келген дін ұйым тек қана ҚМДБ-ның рұқсатымен ғана қызмет ете алады» (Бұл пікірімізді 2008 жылғы Парламентке жазған тезисімізде келтіргенбіз) деген құқықтық норма қарастырылуы тиіс. Яғни, Әділет министрлігі Исламның атындағы діни бірлестіктерге діни қызмет жасау туралы лицензияны ҚМДБ-ның мақұлдауымен ғана беруі керек. Сонда, бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік туған болар еді. Ұзын құлақтан естуімізше Елбасымыз 2011 жылы Қазақстандағы діни-ахуалға реформа жасамақ көрінеді. Осы күнге дейін елімізде бей-берекет сайран салып жүрген уахапшылдар, хижратшы-тәкпіршілер, құраншылдар, хизбут-тахрир, таблиғшылар секілді кертартпа діни ұйымдарды ауыздықтаудың сәті енді түскен тәрізді. Яғни, «темірді қызғанда соқ» демекші, алдағы болатын осы науқанды пайдаланып, діни секталармен күресті күшейте түсуіміз қажет деп білеміз. Хазірет, уағында Мұхаммед Хайдар Дулатидің Кашмирді билеген кезінде діни секталармен қалай күрескенін сіздің зерттеулеріңіз арқылы танып білген едік. Ғұлама бабамыз адасқан тарихат саналатын Нұрбахшылар мен күнге табынушы Шамасин деген сектаны жойып, Кашмир халқының Сунниттік іліммен сусындап, рухани өрістеуіне жол ашқан еді. Яғни, айтпағымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің Кашмирде жасаған діни реформасы Қазастанда да жасалуы қажет. Ендеше, Тәңір-Тағаладан ғұлама бабамыздың ерлігін қайталауды сіздің пешенеңізге жазсын деп тілейміз.

ҚМДБ-ның құқықтық мәртебесі неге секталармен теңестірілген?

Үшіншіден, Мемлекет механизімінде ҚМДБ-ның құқықтық статусын өсіруіміз қажет секілді. Олай дейтін себебіміз, қазіргі «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша ҚМДБ-ның құқықтық мәртебесі сырттан келген келімсек сектаның мәртебесімен тең. Осы дұрыс па? Ат төбеліндей аз ғана мүшесі бар келімсек сектамен Қазақстандағы 2200 мешітті біріктіріп отырған ҚМДБ-ны теңестіру әділеттілік пе? Меніңше, бұл ешқандай құқықтық нормаға симайтын құбылыс. Қазақстан халқының 73 пайызының сенімі саналатын Исламның атындағы үлкен ұйымға бұлайша шекеден қарау құқықтық нигилизмнің көрінісі. Яғни, бұл барып тұрған абсурд! Сондықтан, «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңға және өзгеде мемелекет маханизімін қамтамасыз ететін заңнамаларға «Еліміздегі Исламға қатысты әрбір мәселеде ҚМДБ-ның ұстанымы ескерілуі тиіс» деген норма енгізіп, ҚМДБ-ның құқықтық мәртебесін көтеруіміз  шарт. Мәселен, елімізде жұмыс істей бастағанына бірнеше жыл болған Халал комитеттің қызметіне бақылауды неге ҚМДБ жүргізбейді? Бұл мәселені көтеріп отырған себебіміз, осы мәселеге мемлекеттік өзге құрылымдардың тиісінше бақылау жүргізетініне күмәніміз бар. Ал, ҚМДБ-ның еліміздегі халал индустуриясын дамытудың теориялық негізін  жасай алатынына кәміл сенуге болады. Сондай-ақ, мемлекет идеология саласындағы бірізділікті сақтау үшін де ҚМДБ-ның қызметіне басымдық беруі тиіс деп білеміз. Себебі, халық қазір көптеген мәселелердің шешімін заңнан емес, діни пәтуалардан іздейтін жағдайға келе жатыр. Ертең, бізде де кейбір мұсылман елдеріндегідей мемлекет пен діннің қақтығысы орын алмасы үшін осы бастан мемлекет пен діннің мүддесін ұйыстырғанымыз абзал. Ол үшін мемлекет ҚМДБ-ның құқықтық статусын өсіріп, бұл ұйымды өзінің ажырамас бөлігіне айналдыруы қажет. Ал, осы мәселенің бастамашысы өзге емес, ҚМДБ-ның өзі болса екен деп тілейміз.

Уағыз-насихатты күшейтпесек, ертең опық жейміз...

Төртіншіден, әлхамдуллаһ, ҚМДБ-ның жүргізіп отырған діни уағыз-насихатына кешегі күннен қарағанда жақсы деген баға беруге әбден болады. Әсіресе, muftyat.kz порталын ашылғаннан бері ҚМДБ-ның уағыз-насихатына жан кіргендей болды. «Қараңғыда әлсіз жарықтың қадірі болады» демекші, бұрын жұртшылық «Дарын айтты, Мұртаза айтты» деп пәтуаны солардың аузынан іздейтін еді. Ал, muftyat.kz ашылғаннан кейін қалың бұқара сұрағанын осы порталдан табатын болды. Дегенмен, бүгінгі аяқ алысымызды діни дағуаттың шарықтау шегі деп түсініп, тоқмейілсуге де болмайды. Бүгінгі күні ақпарат таратудың қас қайнар-көзі телеарна екендігі белгілі. Елімізде исламдық бағытта ақпарат тарататын «Асыл арна» телеарнасы бар болғанымен, бұл телеарна көңіл көншітерлік деңгейде діни қызмет атқарып отырған жоқ. Қазақтың дүниетанымына қайшы сөйлеймін деп басы талай дауға қалды. Журналистерінің діни сауаты да төмен. Одан қалса, қан-сөлі жоқ ақпараттарын сан мәрте қайталап көрсетеді. Танымдық бағдарламаларының өзінен тұщымды ештеңе ала алмайсың. Қысқасы, айтпағымыз ҚМДБ осы телеарнаны өзінің құрамына алуы керек сияқты. «Асыл арнаның» құрылтайшылары Қазақстандағы дін-мұсылман қауымының біртұтастығын ойлаған болса, телеарнаны басы бүтін ҚМДБ-ға беруге қарсы болмайды деп ойлаймын. Ал, ішмерездік танытып, оған мырзалығы жетпесе, онда «Асыл арна» үркердей бір топтың телеарнасы болып қала береді деген сөз. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның діни уағыз-насихат жасауына өзге де телеарналар мен радиолар арнайы сағаттар бөлсе нұр үстіне нұр болар еді. БАҚ-ның басшыларына дін мәселесінің аса маңызды екенін түсіндіре білсек, бұған қарсы болмайды деп ойлаймыз. Тағы бір қосарымыз, дінді құр қара сөзбен уағыздау бүгінгі күні жеткіліксіз болып отыр. Дін қазір көркем дүниелермен, театрмен, мултфильммен, киномен насихатталуы тиіс. Әрине, ҚМДБ-ның халал театр ашуға, мултфильм, кино түсіруге мұршасы жоқ екені белгілі. Бірақ, осындай игі істердің жүзеге асуына ықпал етсе екен деп тілейміз.

Мешіттер санын көбейту қажет

Бесіншіден, елімізде мешіттердің саны мен сапасын арттыру күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі екені белгілі. Бүгінгі күні Тәңірге тоба, ҚМДБ-ның құрамында 2200 мешіт бар. Десекте, еліміздегі Хақ діннің көсегесін құтайта түсу үшін әлі жүздеген мешіт салынуы керек тәрізді. Себебі, он бес миллион халқы бар Ыстанбул қаласында 5000 мешіт бар екен. Ал, біздің еліміздегі мешіттердің саны одан еке есе аз. Демек, елімізде сәулеті келіскен көк күмбездерді тұрғызу үдерісі жалғасын таба беруі тиіс. Әсіресе, халық тығыз орналасқан үлкен қалаларда мешіттердің санын ұлғайтқан ләзім. Мәселен, Алматыдағы жұма намазына келген нөпір халық мешіттерге симай, жаймаларын төсеп көшеге дейін шығып кетіп жатады. Бұл қуантарлық жағдай болғанымен, өзге дін өкілдерінің осы жадағай көрініске миығынан күліп қарайтыны жасырын емес. Сондықтан, жұма намазына келетін жұртшылықтың сұранысын қанағаттандыру үшін, сондай-ақ, мұсылмандардың мешіт мәдениетін дұрыс қалыптастыру үшін мешіттердің саны мен сапасын арттыруға күш жұмсауымыз қажет деп білеміз. Айталық, Алматыдағы әрбір мөлтек ауданнан мешіт ашуды неге қолға алмасқа? Иттің басына іркіт үйетін байшыкештерімізді қаптаған сыраханалар мен түнгі клубтарды сатып алып, мешітке айналдыруға неге үндемейміз?

Тайлы-тұяғымызға дейін зекет пен садақа беруіміз шарт

Алтыншыдан, ҚМДБ-ғы күйіп тұрған мәселелердің бірі қаржыландыру ісі екенінен хабардармыз. Өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болғандықтан, ҚМДБ-ның ұдайы қаражат тапшылығын сезінетіні белгілі. Тіпті, зекет пен садақадан жиналған қаржының имамдардың жалақысын өтеуге жетпейтінін естіп жүрміз. Осы жайтты аңғарған билік өткен жылы «Исламды қолдау қорын» құрып, шама-шарқынша ҚМДБ-ны қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етуге күш жұмсауда. Бірақ, одан Хақ діннің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болғаны шамалы болып тұр. Бәлкім, толыққанды қамтамасыз етуге аталмыш қордың қаражат көлемі әлі аз да шығар. Дегенмен, жыламаған балаға емшек жоқ екенін ескерсек, билікке қарап алақан жаюуға арланбауымыз керек. Дін таптырмас тәрбие құралы. Олай болса, қоғамдық тәрбие бұзылғаннан кейін барып, сотталғандарды түрмеде түзеткенше, мешіт-медресселерді молырақ ашып, жосықсыз іс жасамауға алдын-ала жастарымызды неге тәрбиелемеске? Билікке діннің жылуарын осылайша тереңірек сездірсек, мүмкін қаражат мәселесіне оң қабақ танытар деп ойлаймын. Сонымен бірге, еліміздегі Хақ діннің өкілі саналатын барлық бай-манаптардың тізімін жасап, олардан зекет пен садақа жинауды үрдіске айналдыруымыз қажет сияқты. Әсілі, оларды қайырлы-сауапты іске жұмылдыруды әу бастан үйретуіміз керек еді. Дегенмен, әлі  де кеш емес, Алла-Тағаладан несібесін мол қып алғандар, байлығының бір мысқалын сол Алланың жолында жұмсаса, одан кедей болып қалмайды. Осыны шөпке тышар байшыкештеріміздің жетесіне жеткізсек, жыртығымыздың жамалатыны сөзсіз. Сондай-ақ, қала берді зекет пен садақа беруге қарапайым халықты да баули түскеніміз жөн. Өйткені, Исламдағы зекет пен садақа беру үрдісі ең алдымен иманды болуға үндейді. Сайып келгенде айтпағым, «көп түкірсе көл» демекші тайлы-тұяғымызбен бірге қарассақ, иншалла ҚМДБ-ның қаражат мәселесі шешіліп қалар деген ойдамыз.

Шетелдерде шәкірт оқытуды доғару керек

Жетіншіден, ҚМДБ шетелдерде еліміздің жастарының діни білім алуына тосқауыл болса екен дейміз. Өйткені, бүгінгі күні елімізде орын алып отырған мұсылмандық плюрализмнің артында шетелде оқып келген жастардың немесе шетелден келген діни диверсанттардың тұрғандығы әмбеге аян. Алайда, осыған қарамастан Қазақстан азаматтарының шетелдерде білім алуы әлі жалғасын тауып жатыр. Біз шетелдерде діни білім алып жатқан студенттердің санын білу үшін Білім министрілігіне хабарласқанымызда, нақты бір мәлімет ала алмадық. Ал, сол саны беймәлім шетелдерде діни білім алып жатқан жастардың ертең елімізге қандай пиғылмен келетіні бір Құдайға ғана мәлім. Хазірет, өзіңіз құрған Нұр-Мүбарак атындағы Халықаралық Қазақстан-Египет Ислам Мәдениеті Университеті осы олқылықтың орнын толтыруға арналып ашылған еді. Алғашқы жылдары университет базасының жұпыны болуы, сондай-ақ, студенттер контингентінің төмен болуы үмітті ақтай қоймағанымен, дәл қазір аталмыш оқу орны ТМД-ғы діни білім беретін ең озық университетке айналып үлгерді. Бүгінгі күні Нұр-Мүбарак  университетінде ұзын-ырғасы 450-ге жуық шәкірт білім алуда. «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышарымның терісі артық» демекші шетелде діни білім алып, ертең елімізге ылаң салатын мүридтерден көрі біз осы Нұр-Мүбарактың түлектерін артық санаймыз. Себебі, Нұр-Мүбарак университетінде ата-бабамыздың ұстанған дәстүрлі Ханафия мазхабы бойынша білім беру жолға қойылған. Тегінде, шетелдерде белгілі бір мерзімге тәжірибе алмасу үшін немесе ғылыми дәрежені көтеру үшін Нұр-Мүбарак университетінің шәкірттерін жіберуге болады деп ойлаймыз. Бірақ, оның өзінде Ханафия мазхабы өркен жайған елдерде ғана оқытуға болады. Ал, Сүнниттік ілімнің тысындағы немесе радикалді топтар көп орналасқан Иран, Иемен, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы, БАЭ секілді мемлекеттерге шәкірттердің білім алуына мүлде жол беруге болмайды. Осы шетін мәселені ҚМДБ ұдайы назарында ұстаса екен деп тілейміз.

Дәстүріміз дінімізге қайшы емес

Сегізіншіден, Хақ дінмен қауышқанына он ғасырдан астам уақыт болған қазақ халқының салт-дәстүрлерін Исламға қайшы деп білетін елімізде жабайы бір тобыр пайда болды. Исламтанушы Қ.Жолдыбайұлы «Дін мен Діл» атты еңбегінде олардың даурықпа дүниелерін дін негіздерімен терістеп бергенімен, бұл жамағаттың басшылары өз араларында аталмыш еңбекті оқуға тиым салып, халқымыздың салт-дәстүрлерін жоққа шығаруын әлі доғарған жоқ. Билікте жүрген анабір шіңкілдек идеологына достарымыздың бірі барып жолығып «Ханафия мазхабында дәстүр дінге қайшы болмаса, оны ұстанудың исламға теріс еш сөкеттігі жоқ» деп айтса, «Ислам келген кезде де пұтқа табынушы арабтар сендер секілді «ата-бабамыздың салтынан айырыла алмаймыз» деп пайғамбарға қарсы шыққан» деп дес бермейтін көрінеді. «Ау ағасы Ханафия мазхабы бойынша салт-дәстүрлер «фасид» (жаман) және «сахих» (жақсы) болып екіге бөлінеді. Қазақтың фасид ғұрыптары Исламды қабылдаған он ғасырда бірте-бірте жойылып отырған. Ал, бүгінге жеткен салт-дәстүрлеріміздің Хақ дінге еш алабөтендігі жоқ» деп көрседе, шындықты қабылдауға әлгінің мойны жар бермепті. Құрметті Хазірет, сіз қаймағы бұзылмаған қазақы оңтүстік өңірінің тумасысыз. Айтыңызшы, қазақтың қай дәстүрі Исламға теріс келеді? Қазақтың қуанышы саналатын жеті атаға дейін қыз алыспау, шілдехана, бесік той, атастыру, сырға тағу, қыз ұзату, келін түсіру, беташар, құдалық, қоныс той, айтыс, терме, толғау, көрісу, селт еткізер, ұйқы ашар, бие бау, бәсіре беру, бәйге, аударыспақ, көкпар т.б. толып жатқан салттарының қайсысы Хақ дінімізге қас. Егер, осы салттарымыздың кінараты болса, бұрынғының молдалары да айтатын еді ғой «харам» деп. Бұл топ  мұнысымен қоймай, қазақтың дәстүрлі әні мен күйін де «бидғат» деп жоққа шығарғысы келеді. Ау сонда ән айтып, күй тартып, қолына домбыра мен қобыз ұстаған Асан қайғы, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Қожаберген, Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей, Ақтамберді, Дулат, Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Сүгір, Шал ақын, Абай, Шәкәрім, Ықылас секілді қазақтың иір бұтақты тұлғаларының бәрі адасқан ба? Хазірет, осы мәселеге Құдайлығыңызды айтыңызшы? «Балақтағы битті сықпасаң, басқа шығады» демекші, қазақ мәдениетін түп-тұқиянымен құртып жібергісі келетін осы бір оғаш пікірлерге тоқтау салмасақ, ертең қазақы қалпымыздан айырылып, опық жеп қалатынымыз айдан анық. Яғни, ҚМДБ-ның пәтуа бөлімінің бұл мәселеге нақты үкім беруін сұраймыз.

Қазақстандағы Ислам қандай болуы керек?

Тоғызыншыдан, саясаттанушы А.Сарым айтпақшы алдағы қырық-елу жылда Германияны билеп отырған «Христиан-демократтары» немесе Түркияның басындағы исламшыл «Әділет және Даму» партиясы секілді Қазақстанда да исламшыл бір топ билік басына келуі мүмкін. Бүгінгі күні еліміздегі исламдану үдерісінің қарқынды түрде жүріп жатқанын ескерсек, Айдостың айтқанын құптауға тура келеді. Бірақ, сол кезде елімізде шешуші рөлді қандай бағыттағы Ислам атқарады? Уахабиттік бағыттағы ма, жоқ әлде, кертартпа қадыми бағыттағы немесе дәстүрлі Ханафия бағытындағы Ислам ба? Міне, осы мәселеге ҚМДБ-ның стратегиялық бағдарламасы бүгіннен бастап әзір болуы шарт. Хазірет, өзіңізге мәлім болғандай, дін нормаларының реттейтін үш саласы бар. Оның біріншісі фикх, яғни амалға қатысты үкімдер. Бұл бойынша біз он ғасырдан астам уақыт болды Сүнниттік ілімнің ішіндегі демократиялық принциптерді көбірек жақтайтын Ханафия мазхабын ұстанамыз. Діннің екінші реттейтін саласы кәлам, яғни, сенім мәселесіне қатысты шарттар жүйесі. Бұл бойынша біз ақылды болуға үндейтін Матуридия мазхабындамыз. Үшінші салаға ахлах, яғни, адамның ішкі жан-дүниесі мен мінез-құлқын реттейтін моральдік құндылықтар кіреді. Бұл бойынша біз кешегі күнге дейін сопылық ілімді ұстанып келгендік. Задында, халқымыз Хақ дінмен сопылық ілім арқылы қауышқан еді. Сонау VIII ғасырдың аяғында бұрын Мубайдия өкілі болған Ысқақ ат-Түрік түркілерді соғыс майданында жеңу мүмкін емес екендігіне көз жеткізіп, «Бұл халыққа тек бейбіт түрде Исламды мойындату керек» деп ата-бабаларымыздың Хақ дінмен көркем түрде қауышуын қолға алған болатын. Осы үрдісті өз дәуірінде «Пири Түркістан» немесе «Сұлтани-Арифин» атағын алған Құл Қожа Ахмет Ясауи кең арнада жалғастырды. Оның мүридтері сопылық ілімді Орта Азия мен Дешті-Қыпшақ, сондай-ақ, Анатолия мен Еділ бұлғарлары арасына таратып, Ислам діні талай жұрттың руханиятына айналған еді Тіпті, Ясауидің ізбасарлары Алтын Орда мен Темір мемлекетінің идеологиясының темірқазығы болып, халықтың Хақ дінмен сусындауына екпінді түрде ықпал етіп келді. Қазақтың дүниетанымының сопылық іліммен сабақтасып кетуіне ықпал еткен екінші бір орден Нахшбандия болатын. Бұл қауымдастық та халықты руханият бесігінде тербеп, қал-қадерінше қазақтың мұсылманшылдығының артуына өз септігін тигізіп келді. Қасым ханнан бастап қазақтың көптеген хандары мен кешегі Кеңестік дәуірге дейінгі халқымыздың әйгілі тұлғалары осы тарихаттың мүриді атанды. Аталмыш екі тарихатты З.Жандарбек секілді зерттеушілер бір-біріне қарсы қойып, өткен тарихымыздағы кейбір қақтығыстардың себебін осыдан іздегісі келеді. Расында, екі тарихаттың сенімдік негіздері мен құрылымдық жүйесі бір. Ритуалдық үрдістерінің формалық ерекшелігі болмаса, мазмұндық тұрғыдан ешбір қайшылық жоқ. Тіпті, тарихта да екі қауымдастықтың ашықтан-ашық жауласқан кезі болған емес. Қайта, Нахшбандия өкілдері Ясауия шайхыларына ұдайы құрмет көрсетіп келген. Осы екі тарихатқа әлем мойындаған классикалық ғұламалар да оң көзқарас білдірген. Бүгінгі күннің тасауфтанушылары да екі тарихатты батыл (бұзылған) тарихаттардың қатарына жатқызған емес. Қазақ тарихының сахнасында бұдан өзге ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында жадидшілдер пайда болды. Жадидшілдер мұсылмандықпен қатар Батыстың дүниеуи ілімін қатар алып жүруді жақтаған жаңаша көзқарастағы зиялылар еді. Олардың қатарына Жәңгір хан, Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов, Хакім Абай, сондай-ақ, Әлихан, Мұстафа, Міржақып, Барлыбек, Ахмет секілді Алаш қайраткерлерін жатқызуға болады. Аса құрметті Хазірет, бұлардың бәрін тізбектеп отырған себебіміз, біздің ұстанатын Исламымыз қандай болу керек деген мәселеге қатысты болып отыр. Яғни, біздің Исламымыз фикх бойынша қазақы қалпымызды сақтауға мүмкіндік беретін Ханафия, кәлам бойынша бізді құлтемір емес, қайта ақылды болуға баулитын Матурудия, ахлах бойынша, бізді пәк болуға үндеп, әулиелікке жетелейтін Ясауия мен Нахшбандия, ғылым және дүниелік істер бойынша өзге жұрттан қалыс қалмауы үшін жадидшілдердің жолын ұстануымыз шарт. Сонымен Қазақстандағы Ислам қандай болуы керек деген мәселеде «Ханафия-Матуридия-Ясауия-Нахшбандия-Жадидизимді» тұтастықта негізге алсақ, ҚМДБ-ның ақиқат арнасынан ауытқымайтынына бек сенімдіміз.

Қазақстанда Хақ дін қазақ тілінде насихатталуы тиіс

Оныншыдан, Қазақстандағы Исламның тілі қазақ тілі болуға тиісті деп ойлаймыз. Тегінде, ҚМДБ бұл мәселені біз айтпасақ та ұлт мүддесіне сай оңтайлы шешіп келе жатыр. Дегенмен, тіл мәселесінде кейде көзге ұрып көріне бермейтін жайттарда кезігіп қалады. Айталық, имамдарымыз жұма намазда құтпаны неге қазақ тілінде де оқымайды? Бұл мәселені көтеріп отырған себебіміз, жұма намаздағы құтпаның фикх бойынша мынадай міндетті үш шарты бар: Біріншіден, Құраннан ең кемінде бір аят оқылуы тиіс. Екіншіден, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадистерінің бірі айтылуы қажет. Үшіншіден, дәл сол уақытта мұсылмандар үшін өте маңызды болған мәселеге Хақ діннің атынан жол көрсетілуі шарт. Осы үш шарт қазақша айтылмаса, қалың бұқара имамның не оқығанын қайдан біледі. Әсіресе, үшінші шарт бойынша барша мұсылман қауымына тән бір жайттың шешімі айтылды делік, ол араб тілінде айтылса, оны қаймана қазақ қалай түсінеді? Осы мәселе ұғынықты болу үшін құтпаның арабшасымен бірге қазақшасы да оқылса екен. Сондай-ақ, өзге ұлттар көп шоғырланған аймақтардағы мешіттерде ҚМДБ-ның жарғысы бойынша қазақ тілімен қатар, диаспара тілінде де 15 минут уағыз жасалуына уақыт берілгенімен, бұл пәтуаны кейбір мешіттер орындай бермейді. Мәселен, Алматыдағы «Войнах» мешітіне (атының бұлай аталуы да түсініксіз) жиылған жамағаттың 70-80 пайызы қазақтар болғанына қарамастан, жұма намаз басталғанға дейін тек шешенше шүлдірлеген дауысты естиміз. Бір қарағанда ұсақ-түйек мәселе болып көрінгенімен, ұлт мүддесі үшін аса маңызды саналатын осы жайттарды ҚМДБ кешіктірмей шешсе екен деп тілек білдіреміз.

Түйін

Біз датымызды осы жерден қайырсақ деп отырмыз. Себебі, бұлай мәселені моншақтап жіпке тізе берсек, ащы ішекше созылып кете беретіні белгілі. Хазірет, көтеріп отырған мәселелерді бәлкім біз айтпасақ та білетін боларсыз. Дегенмен, ұлт мүддесіне қатысты мәселелер санаңызда жандана түссін деген ниетпен жазып отырмыз. Есіңізге салмасақ бізге сын, елемесеңіз сізге сын болмақ. Атам Қазақ «Нар жолында жүк қалмас» дейді. Өзіңіздей ғұлама һәм қайраткер ұлдың ұлт мүддесі үшін қалтықсыз қызмет ететініне сенімдіміз. Тәңір-Тағалам сізге кешегі күні қазақтың сайын даласында муфти-қазы болған Науан хазірет, Марал ишан, Ғұмар Қараш, Садуақас Ғылмани секілді ғұламалардың жолын берсін деп тілейміз. Алла алашқа жар болып, дін аман болайық ағайын!

«Абай-ақпарат»

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы