Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Дихан Қамзабекұлы. Ұл қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы не үшін Астанаға жерленбек?

Дата: 06 января 2011 в 02:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Дихан Қамзабекұлы. Ұл қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы не үшін Астанаға жерленбек?

Смағұлдың сүйегі: ақиқат пен аңыз

Сонымен 2010 жылдың соңында Смағұл Садуақасұлына қатысты ірі мемлекеттік шараның ізашар істері басталды. Дерекпен айтсақ, дара қайраткердің туғанына 110 жыл, қайтқанына 77 жыл толуы шамасында Құдайдың құдіретімен Мәскеудің «Донское кладбищесінде» сақталып келген денесінің күлін, біріншіден — мұсылман ғұрпымен жерлеу, екіншіден — Отанына жеткізу мәселесі көтеріліп қалды. Бұл қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Яғни сүйек қайта жерленуі мүмкін, ал кремациядан (арнайы өртелгеннен соңғы үдеріс) кейінгі сүйектің күлін елге әкелу немесе дәстүрлі діни рәсіммен жерлеу (қара жердің қойнына беру) фактісі кездескен емес.

Сондықтан да бұл — аса жауапты, аса шетін, аса маңызды оқиға.

Біз осы тұста «Смағұл сүйегінің күлі тұрған жерді алғаш кім тапты?», «Жалпы қайраткер өліміне қатысты қайғылы да тағылымды оқиғаны халқымыз қалай қабылдап жүр?» деген сұрақтарға жауап беруді артық көреміз. Себебі, бұл жерде мәселенің мәнісі тым тереңде жатыр.

Дегенмен, ақыры бастаған соң кішкене мәлімет берейік. Мемлекет және қоғам қайраткері С.Садуақасұлының денесінің күлі Дон кладбищесінде тұрғанын оның ағайын-туыстары бұрыннан білген. Олар Смағұлдың жұбайы — Елизавета Әлиханқызы Садуақасовамен (1903-1971) араласып тұрған (Медицина саласынан ғалым болған Лизаға туысқандары: «Неге елге қайтпайсыз?» деп сұрақ қойғанда, ол: «Ел жақсы ғой, бірақ мені барған күннің ертесіне тұтқындайды» деп жауап берген). Ал, С.Садуақасұлы өліміне келсек, ағайын-туыстары мен қайраткерді зерттеген ғалымдардың бәрі де бірауыздан «НКВД өлтірген» деп есептейді, былайғы жұрт бұл өлімді 30-жылдардың зұлматы аясында қарағанымен, оған көп мән бермейді.

Өз басымыз С.Садуақасұлы мұрасы бойынша диссертация жазардың алдында, ресми баспасөздегі елеусіздеу деректің («Ескі крематорийге қойылған» деген) жөн сілтеуімен 1991 жылы Мәскеудің Дон кладбищесіне барып (метромен жүргенде — Тамбов аялдамасы, Серпухов валы), зиярат еткен едік. Сол жолы әйгілі төңкеріс рухымен Дон монастыры негізінде 1927 жылы ашылған Мәскеу крематорий кеңсесіндегі сарғайған тіркеу журналынан қайраткер денесінің күлі «6-колумбарий,  3-секция, 3-қатарға» қойылғанын біліп, беті әйнекпен бекітілген сөреде тұрған тас табыт-қобдишаны көзімізбен көрген болатынбыз (Мұсылманға таң да жат нәрсе: сырттағы, іштегі сансыз қабырғаларда рет-ретімен, қатар-қатар марқұмдардың аты-жөні жазылып, күлі салынған сан мың осындай қобдиша-құмыралар тізіліп тұрды. Бұларды кез келген адам көріп тамашалай алар еді. Бірақ көз жаңылыстырып, қорқыныш тудыратын сансыздың ішінен ә дегенде қазақ қайраткерінің «табытын» табу оңай емес-ті).

Кейін БАҚ-тан біліп жаттық: осы христиан зиратына құпия түрде саяси репрессия құрбандары 3 мәрте опай-топай жерленіпті (қазір ол «бауырластар қорымы» ретінде айқындалған).

Жалпы журналист қауымы кез келген деректі халыққа дұрыс жеткізуі керек. С.Садуақасұлы сүйегі күлінің елге жеткізілу керектігі мәселесіне байланысты жарияланып жатқан мақалалардағы «мәйітті ешкімге көрсетпей ... өртеп жіберген», «жәшікте сақталған арысымыздың күлі», «Дон зиратының қоймасынан табылды», «жанында жерленген кейбір мәйіттер» (қобдишадағы күл қалай жерленеді?) т.б. ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді.

Шынтуайтында, С.Садуақасұлының өлімі жұмбақ болғанымен, мәйітінің өртелгені ешқандай да жасырын қалған емес. Кремация белгіленген рәсіммен атқарылған. Қайраткер 1933 жылы 16 желтоқсанда Кремль ауруханасында көз жұмған (Алланың жазуымен, арада 58 жылдан кейін дәл сол күні Қазақ елі тәуелсіздігін жариялайды). 18 желтоқсанда Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, Ғ.Тоғжанов, М.Мырзағалиев, В.Шагов, А.Авдеев (6 адам) қол қойған мұнақып (некролог) «Известия» газетінде басылған. (Мұнда Смағұлдың еңбек жолын тізіп өтіп, соңында партия жолынан адасты дегенді де көрсетеді). Оның мәйітімен қоштасу 19 желтоқсанда Мәскеу көлік құрылысшылары клубында өткен. Бұл шараға жары Лиза, қайын атасы Әлихан Бөкейхан, саяси қайраткерлерден Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов т.б. қатысқан. Өкінішке қарай, Қазақстанның бірде-бір басылымы С.Садуақасұлына некролог бермеген. Оның есесіне 1933-1934 жылдар тоғысында Ғалым Малдыбайұлы Смағұл қазасына арнап «Социалды Қазақстанға» материал жолдағанда, осы басылымның редакторы Әйтіке Мусин оны әшкерелеп, «Төңкеріс дұшпаны — ұлтшылдардың сыры жеріне жеткізіліп ашылсын» атты мақала жазған (1934 жыл, 22 ақпан).

Осында Ғ.Малдыбайұлынан алынған мынандай дәйексөз бар:

«Бір жолдас: «Өлерінен екі күн бұрын Смағұлға барсам, жүдеген екен, халы төмендеп, көзі көрмеуге айналған екен. Бірақ ақыл-есі дұрыс екен.

—     Смағұл, қалайсың? Тиышпысың? — дедім.

—     Тиышпын. Ана жылдары ұрсып жүргенде «сен өлсең, мыңдаған «похорон» (өлімді хабарлаған қағаз — Д. Қ.) жасаймын деуші едің, енді жаса «похоронды» деді» деп, ол жолдас шорт кесіп, әлденелер ойына түскендей қабағын шыта қалды...

...Крематория басына жиналғандардың ішінен бір жолдас: «Смағұл өмірінде сатылуды жек көретін, өз жолында мықты жігіт еді. Оқуын бітіре салып, қазаға ұшырағаны аса аянышты болды» деді...».

Осы шамада Смағұлдың әкесі Садуақас баласы ауырып жатқанын естіп, Мәскеуге барған. Бірақ әке-шешесі, бірер ағайыны елден арып-ашып жеткенде, қайраткер о дүниелік болып кеткен еді. Білетіндер: «Молда Садуақас христиан кладбищесіне барған жоқ. Мәйіті өртелгенін естігенде, марқұмның рухына бағыштап Құран оқыды да, қалғанының бәрін Аллаға тапсырды» деседі.

Қайраткердің мағыналы ғұмырбаяны

С.Садуақасұлының атқарған қызметі мен тындырған ісі қазақ қайраткерлігінің эталоны іспетті. Ол қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлік» (1916-1918) пен оның бағытын дәйекті түрде жалғастырған «Жас азаматта» (1918-1919), Ақмола облыстық Алашорда комитетінде (1917-1920), Сібір төңкеріс комитетінде (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында (1920), Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында (1920), Қазақ ОАК төралқасында (1920-1921), Бүкілресейлік ОАК-інде (1920-1921), Семей губернелік төңкеріс комитетінде (1921), Қазақ ОАК Түркістан автономиялық республикасы өкілдігінде (1921), Қазақ автономиялық республикасы Жоспарлау комиссиясында (1923-1924), Халық ағарту комиссариатында (1925-1927), Қазақ педагогика инситутында (1927-1928) жауапты һәм жетекші қызмет атқарды. Жастай саясаттың өтінде жүріп, қой терісін жамылған отаршылдармен күресті. Ел мен жердің тұтастығын ойлап, Ақмола мен Семей губернияларының аумағын Қазақстанға толық өткізу шарасына қажыр-қайрат жұмсады. Әкімшіл-әміршіл жүйенің ұлт республикаларына қатысты шала, біржақты, әпербақан саясатын әрқашан білім-білікпен батыл әшкерелеп отырды.

20 жасында — ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген Ағарту министрі болды. Ұлт театрын ашу ісін Смағұл үйлестірді. Сонымен қабат ол қазақтың ән-күйін хаттауға жәрдемдесіп, Абайдың, Сұлтанмахмұттың жазғандарын тірнектеп жинауға мамандарды жұмылдырды.

Қым-қуыт саяси қызметте жүріп-ақ ол «Жас азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», «Өртең» газеттері мен «Балапан», «Трудовая Сибирь», «Жас қазақ»  журналдарында қосымша қызмет атқарып (кейбірін уақытша басқарып), 1924-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (бүгінгі «Ақиқат») журналына, 1925-1926 жылдары «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетіне редактор болды. Міне, осы шақта БАҚ-та Алаш ойы лайықты айтылды, баспасөз елшіл сипат алды.

Әрине, 20-жылдары қазақта елеулі, білікті қайраткерлер аз болған жоқ. Бірақ солардан Смағұл Садуақасұлының айырмашылығы — ұлт мүддесі мен тарихын терең саралай алатындығы және «ескі оқығандарды» (Алаш осылай тұспалданып айтылған) жаңа мемлекет ісіне орнымен тарта алғандығы және орталық (Мәскеу) пен республика арасындағы саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынаста принципті көзқарас ұстағандығы еді. Қайраткердің бұл ұстанымы Қазақстанға Ф.Голощекин басшы болып келгенде айқын көрініп, соңы батыл азаматтың саясаттан күшпен шеттетілуімен аяқталды. 1927 жылы Ташкенттегі «Казпедвуз»-ға (Қазақ педагогика инситуты) уақытша жіберілген С.Садуақасұлы уақытты ұту үшін 1928 жылы Мәскеу транспорт инженерлері институтына оқуға түсіп, оны 1932 жылы бітіреді. Ресми мұнақыбында жазылғандай, ол ғұмырының соңғы жылы  Мәскеу-Донбасс темір жолы құрылысында участок басшысының орынбасары (инженер-құрылысшы) болып жұмыс істеген.

Ел арасындағы «Смағұл өлімін естігенде Мағжанның айтқаны» деген өлеңде (қайраткердің жолдасы Омар Сансызбайұлынан қарағандылық Шалқарбек Кәрібаев жазып алған) мынандай бір үзік бар:

 

Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен.

Сол баладан, сол панадан айырылған,

Қайран қазақ, орны толмас жара екен.

Бұл — ақылға сыйымды баға. Өйткені, С.Садуақасұлы жасы кіші болса да А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы т.б. аға толқынмен бірге Ж.Аймауытұлы, Б.Майлин, М.Әуезов сынды таланттарға үнемі қаржылай да, моральдық та қамқорлық көрсетіп отырған.

Ұлт қаламына қамқор Смағұл өзі де жазушылық пен сыншылдықтан құралақан болмады. Оның «Салмақбай, Махамбет» әңгімесі, «Күміс қоңырау» повесі, «Әдебиет әңгімелері» (мақала) — классикалық дүниелер. Мұның сыртындағы «Сәрсенбек» романы, басқа да повесть, әңгіме, мақала, зерттеулері заман келбетін айнытпай байыптай алды. Екі тілде бірдей жазатын С.Садуақасұлы саясатта да, руханиятта да әрқашан ұлт ісіне олжа сала білді.

Смағұл неге өлтірілді?

Қайраткер қапыда қаза тапты. Етжақын ағайыны марқұм Рақымжан Жусанов пен қайын жұрты жағынан туыс Сырым Бөкейханов қайраткердің жары — медик Елизавета Әлиханқызының бұл өлімге күдікпен қарағанын жеткізеді.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімін өз көзімен көргендер аз емес. Солардың бірі — кәдімгі Сәбит Мұқанов. Жазушының әйелі марқұм Мәриям апай былай деп еске алыпты: «Крематорий деген — осы» деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. «Марқұмды неге  елге апармады екен?» деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды.  ...Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай болып сұлап жатыр екен. Арба соңында сыбырлап: «Әлихан Бөкейханов — қайын атасы, әйелі — Лиза, анау — баласы» деп түйіндіріп тұр. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. ...Бөкейханов келбетті адам екен. ...Кескін — келбеті патшадай болып көрінді маған: тәкаппар, суық жүзді. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. ...Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді».

Тағы бір дерек (марқұм Ж.Бектұров айтқан): қайғы арқалаған Әлиханды крематорийден Т.Рысқұлов пен Н.Нұрмақов қолтықтап алып қайтқан.

Жоғарыдағы Ғ.Малдыбайұлы естелігін оқығаннан кейін мынандай заңды сұрақ туады:

1. Смағұл неге «Енді жаса «похоронды» дейді?

2. «Смағұл сатылуды жек көретін» деген сөздің астарында не бар?

3. С.Садуақасұлын кім, не үшін өлтірді?

Смағұл Садуақасұлының  құр сүлдері қалса да ұлттық идеалды өзіндей қадірлемеген танысына  «Енді жаса «»похоронды» деуі — Наурызбай баһадүрдің:

Дұспанға кетті арымыз,

Онан біздің артық па,

Майданға кірмей жанымыз? -

 

деген сөзінің жаңғырығы іспеттес. Өлімнен адам ретінде қорқу — баршаға тән қасиет. Ал, ар үшін, ант үшін өлімнен қорықпау — қасиеттің қасиеті. Өлім аузындағы Смағұл «тиышпын» дейді. Бұл — «тәуба», «шүкір» дегені.

Пікірлестерінің бәрі дерлік репрессияланғанда, С.Садуақасұлы мұнар күндердің басталғанын білгені анық. Сонда Смағұл неге олардың сапында жоқ? Бұл сұрақтың жауабы мынау: С.Садуақасұлы 1928 жылдың басында жеке-дара қуғынға түскен-ді. Сол жылы Мәскеуге барып оқуға түсуі — оны сот тұзағынан біраз мерзімге  құтқарады. Ал дәл осы кезде елде болса Ақаңдармен бірге көгенделер еді. Алайда бұл құрық 1932 жылы оқу бітіріп, Мәскеу-Донбасс теміржолына қызметке тұрғанда (репрессияланған зиялылар осы жолда жұмыс істеген), оның мойнына түсті. Ежов, Шкирятовтар «бір амалын жасап», тепсе темір үзетін, өмірі дімкәстігі білінбеген С.Садуақасұлын Кремль ауруханасына түсірді.

«Смағұл сатылуды жек көретін» деген сөздің мағынасын ашардан бұрын біз оқырманға С.Садуақасұлының ұлт алдында атқарған басты тарихи маңызды істерін санамалап өтпекпіз. Олар:

1) азамат ретінде ол Алаш зиялылары мұраттарын большевизм жағдайында дамыта алды;

2) саясатшы ретінде автономиялық дербестікке екпін түсіріп, Қазақстанның шикізат көзі болып қана қалмауын мәселе етіп көтерді;

3) ағартушы ретінде жалпы оқудың, соның ішінде экономикалық оқудың (кооперация, т.б.), педагогикалық оқудың, саяси оқудың негізін қаласты;

4) әдебиетші, тарихшы ретінде жалпыадамзаттық рухани құндылықтар мен ұлттық идеалдарға табан тіреуді қалыптастырып, дамытты;

5) адам ретінде жаратқан талант сыйлаған тұлғалардың барлығына дерлік жан-жақты жәрдемдесті.

Бір сөзбен айтқанда, Смағұл — ХХ ғасырдың 20-жылдарының әрі Кенесарысы, әрі Әлихан-Ахметі еді (А.Байтұрсынұлы хаттарында «Смағұл бұған қалай қарайды  екен?» деп отырады).

«Смағұл сатылуды жек көретін»... Бұл не сөз? Шәкәрім қажы лепесін еске түсірейікші:

Қазақтың көзсіз баласын

Қаңғытып қайда барасың?

Арыңды сатып арамға,

Адалдап қалай аласың?..

 

...1922 жылы С.Садуақасұлы И.Сталиннің қабылдауына жазылады. Әне-міне деп кезегі жақындағанда, Сталин кабинетінен Орынбордың 2 қызметкері шығып келе жатқанын байқайды. Сол-ақ екен ол қабылдауға кіруден бас тартады. Мәскеуден досына жазған хатында Смағұл: «Мұнда келіп ұққан бір нәрсем: қазақ Мәскеуге келіп, ішкі кикілжің жөнінде хабар бермеуі қажет. Әсіресе, бірін бірі жамандамасын,  сөз тасымасын. Егер билік үшін ары мен жанын сатса, беті аулақ! Біз олардың ізінен де, ісінен де безінеміз», — дейді. Иә, мұны айтып отырған жігіт 22 жаста ғана. Сол жылы жариялаған бір мақаласында Смағұл бүй дейді: «Біздің туған еліміз басқалардай өнерлі, өрнекті емес. Туғаннан жетім, өскенде де бір жетім болдық. Қабырғамыз қайысып, нәзік жұмсақ қолмен ауыр жүк көтердік. Қазақ жастары жасымыз жетпей ел билеу жұмысына кірістік. ...Ауыр жүкті әлсіздігімізден көтере алмай жатсақ, біреулер әдейі көтергің келмейді деп кінәлайды. Біреулер көмектесудің орнына аяқтарын жолымызға көлденең салды. Біреулер күлісіп анадайдан қарап бос тұр. Бұл «біреулердің» атын атауда ешбір қажеттілік жоқ. Жұрттың бәрі біледі». Ал бұдан да ерте 20 жасында жариялаған еңбегінде: «Бізге төрелік керек емес. Біз атақ іздеген кісілер емеспіз! Біздің ниетіміз автономияшылдық емес. Біз автономия керек дегенде, айтатын дәлеліміз мынау: әр халықтың тілі бөлек, тұрмысы бөлек. Жалпы адамшылық бақытқа жету үшін әр халық өз тілінде мәдениетке қожа болып, өз шаруасына қарай тұрмысын өзгерту керек (сабасына қарай — піспегі!)», — деп жазады. Оза туған Смағұл осы шамадағы тағы бір байыптамасында: «Бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, жаңа дүние орнату жеңіл жұмыс емес. Бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығарғанмен оңдалмайды. Бұған ақыл керек, білім керек, ақ жүрек, адал ниет керек», — дейді. Осы сөздер бүгінгі де қаратып айтылғандай-ау!

Орталық функционерлері бірлі-жарым қазақты басшылыққа тартып «ұлттар тең» деп көз бояған сәтте, С.Садуақасұлы: «Қазақтың теңдігі бес-алты жігіттің төре болғанымен табылмайды, жұрттың тіршілігін көркейтетін жұмыстармен табылады», — деп кесіп айтты. Сол орталық тап деп, ескілік деп, ел бағдарын бұзғанда, Смағұл: «Жаңа пікір деп нені айтамыз? Біреудің ойына келгенді айтқанды жаңа пікір тапты дей аламыз ба? ... Ескі деген де бір кезде жаңа болған. ...Қыс пен жаздың арасында жазғытұрым бар», — деген еді. Міне, осылардың бәрі жиылып келіп С.Садуақасұлының арды сатпағандығын — елдік мүддені сатпағандығын айғақтайды. Ал Смағұл мен Голощекин тартысы ар-намыс тартысы ретінде бір романға жүк болғандай...

Смағұлды тәтті сөзді — ащы сөзге, теңдік сөзін тәлкек сөзге айналдырған саяси жүйе өлтірді. Не үшін өлтірді? Хан Кенедей намысты, Әлихан мен Ахметтей елшіл һәм зиялы тұлпар-тұлғадан түк қалмасын деп.

С.Садуақасұлы бейіті қайда тұруы керек?..

Атаңыз қазақтың әрбір ескі сөзі — есті сөз. «Топырақ бұйыру» немесе «бұйырған топырағы» деп жатады үлкендер. Нақты мына жағдайда, өкінішке қарай, Смағұл Садуақасұлына топырақ та бұйырмаған. Оның мәйіті мұсылманша жерленбеген. Денесінің күлі — бүгінде жат діннің қорымында, қорымда болғанда бас ғимаратының қабырғасында арнайы ыдысқа салынған күйінде тұр. Жетпіс жеті жылдан бері. Енді не істемекке керек?..

Біз діни ғұрыптың маманы емеспіз, бірақ «осы өрескел жағдайды қалайда түзету қажет» деп тәуелсіздігіміздің елең-алаңына-ақ баспасөзде ой айтқан болатынбыз. Адам ретінде, Смағұл мұрасы мен еңбегіне жанашыр ғалым ретінде.

Бұл ойымызды осыдан екі жыл бұрын ҚР Президенті әкімшілігінде істейтін білікті мемлекет қызметкері, қазіргі Жезқазған әкімі Б.Әбдіғалиевке айтқанбыз. Бойында қаны бар Берік мырза «мәйіттің күлін міндетті түрде әкелуіміз керек» деп жанып кетті. Елді ойландыратын бұл іске әрі қарай қайраткер Сабыр Қасымов араласты. Сәкеңнің халықаралық беделі мәселені оң шешуге ықпал етті.

Жақында Б.Әбдіғалиев «Абай» сайтына С.Садуақасұлы мәйітінің күлі елге әкелінетіні туралы ақпарат берді. Сайтта әр түрлі  пікірлер (коммент) жарияланды. Бәлкім, ой-пайым алуандығы керек те шығар. Не нәрсені болсын пісіріп, ақылдасып шешкен дұрыс қой. «Қалай тұр — солай қала берсін» дегендер де бар. Бірақ олар бір нәрсені ескермеген сияқты. Біз осы қай діндегі елміз?.. Енді Б.Әбдіғалиев жариялаған суретті қарайық (сайттың «Топ-мақалалар» айдарында). Бірінде — шіркеу, екіншісінде — Смағұл денесінің күлі тұрған тас ыдыс. Бұрын да, 30-жылдары да, бүгін де шіркеу бізге жат еді. Бірақ С.Садуақасұлы қайтқан 1933 жыл көшеде атеизм мен большевизм құйыны соғып тұрды ғой. Қазір кім дінсіз болғысы келеді? Ал, қайраткеріміздің күлі сол төбесінде кіреш тұрған шіркеудің бас ғимаратының бір бөлмесінде тұр (Дон монастыры 1992 жылдан бері дәстүрлі діни қызметін қайта жалғастырды). Бұл ата дініне қайтып жатқан тәуелсіз Қазақстан үшін ұят емес пе?.. Біз С.Садуақасұлы мұрасын 20 жылдан бері зерттеп жүрміз. 2 томдық еңбегін шығарып, 1 монография жаздық. Сондықтан бұл қайраткер туралы бір нәрсе айтуға моральдық құқымыз бар ғой деп ойлаймыз.

Смағұлдың жайы басқаларға қарағанда сәл күрделірек. Біз мүрдесі туралы айтып тұрмыз. Біріншіден, ол жер қойнына берілмеген. Екінші, жат діннің қорымында тұр. Ал, Мұстафа Шоқайдың жайы бұдан мүлде бөлек. Оның мүрдесі Германиядағы түрік-мұсылмандарының қорымында тұр. Айырма осы. Біз кезінде «Мұстафа бізге сүйегін емес, еңбегі мен ісін аманаттаған» атты мақала жазғанбыз. Мұндағы ойымыз — М.Шоқайды саяси саудаға салып, елге әкеліп жерлейміз дегендерге қарсылық көрсету еді. Себебі, ол бәрімізге көп нәрсені ойлантып, қилы тағдырымен, өз жөнімен жатыр. Ал, енді Смағұлдың мүрдесіне қатысты көп ойлануымыз керек-ау. Оның үстіне С.Қасымов сынды батыл, іскер азаматтар Мәскеу басшылығымен келісіп, мәселені шешуде қазақ абыройына олжа салып отыр. Салыстыру үшін айталық: өлілерге деген аса тұрпайы қатынастың үлгісі болып саналатын факт әрі Ресейде  тұрған орны белгілі «Кейкі батырдың бас сүйегі» елге қашан әкелініп жерленетінін бір Құдайдың өзі біледі...

Әрине, С.Қасымов та, Б.Әбдіғалиев те, мен де бұл мәселенің өте шетін екенін білеміз. Мұнда үш принцип басшылыққа алынуы керек: елшілдік, зайырлылық және діни. Жоғары дәрежелі діндарларымыз «Өзге діннің қорымында тұрған мәйіттің мұсылман қорымына көшірілуінің өзі — үлкен сауап. Дене ме, оның бөлшегі ме, күлі ме — міндетті түрде жер қойнына берілу керек» деп отыр. Сонда әлігі «басы даулы» күлді Дон кладбищесінің жеріне көмеміз бе?.. Сол зиратта  шашылып қалған Алаш зиялыларының сүйегін табу, әрине, мүмкін емес. Ал, Смағұлдікі айрықша ойландыратын факт болып тұр.

Дон қорымынан алып шығып, Мәскеудің кез келген мұсылман зиратына апарып жерлегеннен гөрі Отанымызға, елордамыз — Астанаға алып келіп қою елшілдікке де, дінімізге де қиғаш келмес.

Зиялылармен, діндарлармен ақылдаса келе, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлы мәйітінің күлін жерлейтін екі орынның бірін таңдауды лайықты көріп отырмыз. Оның бірі — Кенесары сарбаздары мен 30-жылдардың аштық құрбандары жерленген «Жастар» шағын ауданы жанындағы мұсылман қорымы. Екіншісі — біраз жұрт «Қабанбай батыр зираты» деп жүрген қаладан 20 шақырым жердегі бейіт-төбенің маңайы.

«Неге?» дерсіз. Көреген демеске әддіңіз жоқ, С.Садуақасұлы 1922 жылдан бастап жазған «Сәрсенбек» романында: «Нағыз қазақ болу үшін біртұтас жерде бірыңғай орналасса, жеке ел болып қалыптасар едік. Сонда қазақ Жапония сияқты елге айналар еді» деп, болашақта мемлекет орталығының Ақмола өңірінде орнауын армандаған...

Ал, қоғамымызда зират пен зайырлылық үйлесімінің әңгімесі әлі толық пісе қоймаған секілді. Біз ұлттық пантеон туралы айтып отырмыз.

Қайраткерді жерлеу рәсімі туралы

Біздіңше, С.Садуақасұлы мәйітінің күлін мұсылман ғұрпы бойынша жерлеу шарт екені жөнінде ешқандай талас болмауы тиіс. Осы тұста оқырман үшін бір деректі қосымша айта кеткіміз келеді. Смағұлдың әкесі өңірге белгілі молда, діндар болған. Садуақас қазірет (1872 жылы туған) 1937 жылы Смағұлдың әкесі болғаны үшін атылған. Молданың баласы жасында білімпаз діндар Әбіл Қуанышұлынан сабақ алған. Смағұл 1921 жылы «Жастарға — жаңа жол» атты кітабында «Молданы поппен салыстыруға болмайды. Мұсылман молдасы әрі дін үйретеді, әрі сабақ береді. Былайша айтқанда — учитель» деп большевиктер үшін тосын ой айтады.

Біз осы маңызды елдік шараны сөз етпес бұрын діндарлармен ақылдастық. Олар мынандай күрделі жағдайда мәйітке қалайша жаназа шығарып, оның күлін қайтіп жерлеуге болатынын мұсылман дүниесінің тәжірибесіне сәйкес атқара алатынын мәлімдеп отыр. Бір ескерер жайт, үлкен дін ғұламалары «пантеон қажет емес» деп есептейді. Олардың пікірінше, «бақиға аттанған мұсылманның бәрі де бірдей, олардың пәнидегі баға-дәрежесін бір Алла ғана береді».

Мысалы, туысқан Түркия тәжірибесіне келсек, оларда пантеон жоқ. Ататүрік дінге бөлекше қараған. Оның сүйегі жатқан қорым да бөлектеу. Бұрынғы Осман билеушілері тірісінде үлкен мешіт соғып, қайтқанда «Тірілер Құран оқыр» деп сүйегін соның маңына қоюды аманаттайды екен. Түркі жұртының ішінде пантеонды Әзірбайжаннан көрдік. Оларда ел үшін құрбан болған шейіттерді бір бөлек, саясат пен мәдениет қайраткерлерін бір бөлек қойыпты. Соңғысының төріне Гейдар ақсақал жерленіпті. Бәрі де зайырлы түрде мүлгіп тұр... Грузияда мәдениетті пантеон бар деп естідік.

Қайраткердің сүйегін елге әкеліп жерлеудің тәжірибесі өз діндесімізде — Түркияда, басқа дінде — мысалы, Жапонияда бар.

Ұмытпасақ, 1992 жылы түріктер 20-жылдары сүйегі Орта Азияда (бүгінгі Тәжікстан жерінде) қалған Әнуар пашаны еліне қайта әкеліп жерледі. Бұл генерал түрік-мұсылмандарына болысамын деп большевик пен басмашылар қақтығысында мерт болған-ды. Сонда олар сүйекті арнайы әскери ұшақпен әкетіп, Стамбұлда арнайы салтанатпен қарсы алған еді. Сөйтіп үстіне Түркия туы жабылған табытты Стамбұл көшелерімен алып өтіп, белгіленген орынға ислам ғұрпымен қойған-ды.

Біз мұны жүз пайыз қайталамасақ та, ұқсап бағуымыз керек. Ғалымдар мен қайраткерлерден құрылған арнайы делегация Мәскеуге барып С.Садуақасұлы сүйегінің күлі салынған табытты тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын жауып әкелген сәтте оны әуежайда әнұранмен салтанатты рәуіште (зиялылар қатысатын митинг) күтіп, Астанадағы Тәуелсіздік даңғылымен алып өтіп, діни рәсімнен кейін белгіленген қорымға қою қажет.

Ал, тарих үшін Мәскеудің Дон қорымындағы сөреге «Бұл жерде 1933-2011 жылдары Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси репрессия құрбаны Смағұл Садуақасұлы (1900-1933) денесінің күлі тұрды» деген тас-белгіні естелікке қалдырған ақылға сыйымды.

Айтқандайын, 2011 жылы 14 қаңтарда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қайраткер Смағұл Садуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Оған ғалымдар, мемлекет және мәдениет қызметкерлері, қаламгерлер, оқытушылар, жастар қатысады. Аталған шара Алаш тұлғасы құбылысын жаңаша байыптауға арналған.

Бұл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің елеулі бір қадамы болары ақиқат.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Профессор

«Абай-ақпарат»

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы