Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Жәди Шәкенұлы. Ғабиттің зарлы қайғысы немесе «қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз!»

Дата: 08 января 2011 в 14:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Жәди Шәкенұлы. Ғабиттің зарлы қайғысы немесе «қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз!»

Төл әдебиетіміздің тіл мәселесін ауызға алғанда Ғабит Мүсіреповсіз сөйлеу мүмкін емес. Көркемсөз зергері әдебиетіміздің ақсақалдығын,  әр сын, ақылын сөзімен емес ісімен, ұлтына берген көл-көсір, бөгенайы бөлек көркем шығармасымен көрсетті. Оның қаламынан туған дүниелер мүлде кем-кетіксіз қаланған алып ғимарат сияқты. Мүбада бір кірпішін — бір сөзін қозғар болсаң, құрылысқа ақау түседі. Тіпті құлап қалуы да ғажап емес. Сондықтан да Ғабең өзіне қандай қатаң талап қойса, өзгеден де соны күтті. Алып ескерткіштің әр тасын өз қолымен қалап, «Ғабит мұнарасын» тұрғызды.

Әдебиетіміздің, әдеби тіліміздің түп-төркініне келгенде, Ғабең­нің қыран жанары тым арыны — бағзы түркі, қыпшақ даласын шолады. Бай тіліміздің құдіретті болғанына сенеді және сендіреді. Онан кейінгі жалғаушылары ретінде қазақ жырауларын тілге тиек ете келіп, сөз соңын Абайға бұрады. «Ұлы ақын қарапайым сөздердің қалай мағыналы боларын қалай уытты, қалай екпінді, қалай жылы, қалай суық болар сыр-сипатын ашып, ана тілімізге жан бітірген адам... Абай қазақ халқының әдеби тілі ғана емес, барлық мағынасында тілін түзеуші, барлық мағынада сөз қасиетін ашушы» дейді. Міне, біз бұдан Ғабеңнің өзін Абай мектебінің адал шәкірттігіне  телігенін бірден байқаймыз. Бұл телу шын мәнінде өзін өнерге, ұлт әдебиетінің ыстық-суығына байлап, ана тілдің ащы азабын тартуға бел буған қайраткерлігі еді. Құранның күллі мұсылман халқының аузынан түспеуінде, Абайдың жалпақ алашты сөзіне жүгіндіруінде тілдің қандай қүдіреті бар? Сөз киесіне, Абай әлемінің тұңғиығына үңілген Мүсірепов өзі де сол тілді тоқсан толғауға салып, тобықтай түйінін іздеді. Тапты да. Бірақ алдында ұлы ұстаз — Абай тұр. Абай мұхиты жатыр. Біздің Ғабитттен асып сөз сөйлеуге жүрексініп отыр­ғанымыз сияқты, Ғабитте Абайдан аттай алмады. Абайсыз сөз сөйлеген жоқ. «Біз Абайдың: «қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз!» деген зарлы да, зарлы қайғысына тым-ақ жақындап келеміз. Өзімізді он жыл оқытуға шамасы келетін, оқыған надандарға айтуға тура келеді. Сондықтан Абай зарының салмағы бізге он есе ауыр түсуі керек. Жазушы тілсіз, сыншы қырсыз дерлік кезеңге келіппіз» дейді Ғабең 1984 жылы Қазақстан жазушылар одағында сөйлеген сөзінде («Қазақ әдебиеті» газеті 1984 жыл 21 желтоқсан). Содан бері де аттай желіп жиырма алты жыл өтіпті. Осы сөз құлағымызға жаңғырыққан сайын айналамызға жасқана қараймыз. «Ғабеңнің өзін он жыл оқытуға шамасы келетін», «оқыған надандардың» қатарында емеспіз бе деп шошимыз. Шошитын да жөніміз бар. Алдыңғы буынына қарағанда, соңғылары одан ары азғындап, шөжіп бара жатқан адам деген аты қымбат болғанмен, заты арзан әулеттерденбіз. Етістік пен сын есімді ғана қолғанат етіп, етектей диплом, елге жария есім алып жүрген ғалым, жазғыштарымыз қаншама. Әдебиеттен ақсақал, жастардан тіл таба алмай шаршап жүргеніміз өтірік пе? Ендеше біз қорықпай кім қорқады?! Қазақ сынды текті ұлттың ұландары болғанымыздан, ата-бабаның ақ арын, уыздай таза тілін бұлғаудан қорыққанымыз, әрине, ұлттың болашағынан қорқуымыз емес пе!

Ғабеңнің сөзін одан ары тереңдей түссек, әлгі қорқынышымыз сейілгені былай тұрсын, тіпті де үдей түседі. Шындыққа бас имеске амалымыз жоқ. Тағы да кемеңгердің сөзіне кезек берейік: «Көркем әдебиет ең алдымен қай тілде жазсаң, сол тілді жақсы білуді талап етеді. Соңғы жиырма жылдың ішінде бізде ана тілімізді жақсы білуден көрі «білемін» деушілер көбейіп барады. Сөйте тұра ана тілін менсінбейтін қалай болса, солай бұрмалай беретін жауапсыздықтарын жасыра алмайды. Жауапсыздықтың екінші аты талантсыздық. Талант пен жауапсыздық — өтірік пен шындық, көлгірсу мен жанашырлық сияқты — бір жүрекке сиыса алмауы керек. Жүрек  — тазалық мекені, сұлулық мекені, ерлік мекені, әділет мекені». Осыларды айтқан Ғабең «ана тілін менсінбейтін, қалай болса солай бұрмалай беретін жауап­сыздықтар» жөнінде біраз мысалды құлағынан тізеді. Бекділда Алдамжаров, Молдахмет Фаназов, Дүкенбай Досжанов бастаған қаламгерлердің тіл қолданысынан байқаған кінараттарды сипай қамшылап, «танау» сөзін келсе-келмес қолданған бір топ «жасқа» (қазіргі қарттар) тоқталады. Олардың ішінде бүгіндері есімі елге әйгілі Қалихан Ысқақ, Мағзұм Сүндетов, Смағұл Елубай, Кәрібай Ахметбековтар бар. Аталған буынның кейінгі шығармаларына көз жіберсек, осы «так-тактан» кейін тіл қолдануда барынша сақ болғаны білінеді. Демек, Ғабеңнің талмау жерін дәл тауып, жүйелі сын айтқанында шүбә жоқ. Мұндайда ол біреудің бетіне қарап мәймеңкөлегісі келмейді. Ұлттың болашағы — жастарда деп оларды адасудан аулақ болуға, тіл тазалығына, шынайы еңбекке жетелейді. «Талант пен жауапсыздықтың — өтірік пен шындық, көлгірсу мен жанашырлық сияқты — бір жүрекке сиыса алмайтындығын» айтады. Шындықты шымбайына батырып, түзетуіне жол нұсқайды: «Біздің жас ақын-жазушыларымыз әдебиетке біз жастар тақырыбы­мен келеміз деп еді. Асыл тастан, ақыл жастан деген халық қағидасы бойынша үлкендеріміз үлкен үміт еткенбіз. Ол үміт әлі ақталған жоқ», — деген алаңдаушылығының ар жағында жастардан күтер үміті мен таудай талабы қатар жатыр. Махмұт баласы өзі байқаған әртүрлі сөз-сөйлемнің көзге көрінер олпы-солпысын нақтылы мысалдармен көрсетіп отырады.

Тіпті сын жанрына келгенде, кемдікті түзеу, барды бағалау жайында да арнайы ескерту жасайды. Мұхаметжан Қаратаев, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев бастаған бір топ сыншылардың «Мұхтардың «Абайын» роман емес» деп шулап жатқанда «үн­демей» қалғанын сынайды. Осылайша оның әр сөзінен әдебиетке деген шынайы жанашырлығы, ұлтына деген мөлдір махаббаты, тілге деген сүттен ақ, судан таза періште көңілі бірден байқалады. Әділеттің туын көтеріп, мінімізді көзге шұқып айтар сол ақсақалдықтың сағындырып жүргеніне де біраз болды-ау.

Жас прозашыларды ақтарып-төңкерген ұлы классик ендігі жерде драматургияға да аз аялдап, онан поэзияға ауысады. Мұнда да сөздің бісмілласы Абай болады. Жазба поэзияның тілінің батырлар жыры мен жыраулар мен айтыскер ақындардан басталғанын айта келіп: «Абай тек қана поэзия тілін түзеп берген жоқ, жалпы тіліміздің орамдылығын, бейнелеу шеберлігін, сөйлем құрылысындағы әр сөздің өз орнын, сөйлемдегі ой салмағын қайда, қалай қалауын да үйретіп кетті. Абай бізге ұлы мектеп!» дейді. Бұл сөздер жай ғана айтылып тұрған жоқ. Оның ар жағында ат басындай алтынға бергісіз асыл ойлар жатыр. Тереңіне жете алмасақ та бергі бетінен байқағанымызды айтар болсақ, бірі жазба әдебиетіміздің Абайдан көп бұрын басталғанын, өзге емес өз тарихымызда талай халықтық қаламгерлеріміздің болғанын тағы бір мәрте мақтанышпен ескертеді. Және де бізді Абай мектебінен тіл тәлімін ғана емес, шеберлік жетістігі мен ар тәлімін қабылдауға шақырады. «Тіліміздің орамдылығын, бейнелеу шеберлігін, сөйлем құрылысындағы әр сөздің өз орнын, сөйлемдегі ой салмағын қайда, қалай қалауды үйренуді» құлағымызға қайталай құяды. Ал бүгінгі біздер бұл сөздерді қай деңгейде түсініп, қалай қабылдаймыз? Оған жауап беру үшін Ғабит қана емес талай дананың тағылымын ақтарып, қолда барды таразыға тарту керек болады. Ондайда Абайдан асып, Ғабиттен асып сөз тапсақ, онда біз ұтамыз. Бірақ таба да алмаймыз, ұта да алмаймыз.

Сонау 1913 жылдың өзінде-ақ Абайды «қазақтың  Бас ақыны» деп бағалаған А.Байтұрсынов: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды орынды дәмді болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады» деп бекер айтпаған шығар. «Ақынның бәрі ғалым емес, ғалымның бәрі ақын емес. Абайда осының екеуі де бар» деген еді ғой С.Мұқанов. Қазақтың қара сөзін бір кісідей қасиеттеген көрнекті жазушы М.Мағауиннің өзі: «Мен өзім Абай жөнінде жазуға қорқамын. Мұны бұрын айтқанмын. Өзіңнің деңгейіңнің бәрі көрініп қалады. Абайды талдамай-ақ, Абаймен салыстырмай-ақ, сол өз бетіңмен жүре­тін болсаң, кішкене абыройлырақ боласың. Абайдың терең­дігіне біз әлі жеткеніміз жоқ. Мен бір жазғанымда айт­қам: «Мен Абайдың тізесіне жеткен кезде бұрын-соңды қазақта қалам ұстаған жұрт­тың барлығы менің тобығымда қалады» деп», — деген жоқ па. Жаңағы біздің күпіршілік ойымызға беріл­гендерге бұдан үлкен жауап жоқ. Сай-сайдан құйылған парасат пайымы бір арнада табысып жалғыз ғана даңғылды бойлайды. Оның көш басында сөз көсемі Абай.

Ғабеңнің тереңдерге қалай үңілгеніне қазірше осы да жетерлік.

Қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классиктердің бәрін де ой көзімен шолып, алды-артын, ой-қырын тінте бақылап отырады. Бөтен мақсат, бықсыма ой, шикі баға, желбуаз сөз атымен жоқ. Не айтса да кесіп-пішіп, иін қандырып, жеткізіп айтады. Ендігі жерде жастар жырын парақтап оның тіл қолдану жағындағы олқылықтарын сынайды. Өкім Жайлауов, Мақсұт Неталиев, Шөмішбай Сариев, Ибраһим Исаев, Тілепалды Жамбылов өлеңдерінен мысал келтіреді.

Тіпті поэзияның олқылығы мен тілдің жұтаңдығына келгенде, кешірімге келмес кейісті бейнеге еніп, күйінішпен тіл қатады. «Ана тілін білмеушілер өздерін білімсіз деп санамайды-ау деймін. Сондықтан өздерін асырап отырған ана тілін қалай болса солай қорлай беруге ұялмайды. Ал енді ұяты жоқ арсыз адамнан ақындық күтудің қажеті жоқ. Ақын-жазушы деп аталатын адамдар «бойы былғаң, сөзі жылмаң» еркетайлар емес, халық алдында жауапты қалам қайраткерлері... Қоқыр-соқырды көркем әдебиет санап, жауапсыздыққа мәймеңкөлеп қарауды қояйық!» - деп ақын-жазушыға қойылатын ауыр талаптың тілден басталатындығын баса айтады. Бүгінгі «демократияның» арқасында балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан әдеби қауымға қайрылып бір қарасақ Ғабеңнің аса таяғы төбемізге төніп тұрғандай үрейлі сезім билейді. Соны сезсе керек, «ашулы шал» көзімізге шұқиды: «Қадірлі сыншылар, зерттеушілер, редакторлар, тұтасынан алғанда дүниежүзілік мәдениет-әдебиет қорына үлес қосып отырған дәуірімізде өз үйімізден табылып жатқан қоқсыққа сіздер де жауап­тысыздар!». Бұдан үлкен сөз, бұдан үлкен ескертуді әлі естігеміз жоқ. Естіртетін, батылдықпен айтатын ары таза сақалдыны таппай жүрміз. Көпке жал-жая, қазы-қарталы көже үлестіру түгілі, өз қазанының қаспағынан аспайтын қара құрсақ шалдар көбейді. Қолда барды теке қойып, соларға бас шұлғыған көбіміз «мәймеңкөмен» күнелтеміз. Ұлы суреткер — әдебиетіміздің шын жанашыры бұл сөздерін кешегілер үшін емес — «қоқсыққа» белшесінен батқан біздер үшін айтып отырған сияқты. Қалай ойлаймыз? — оны жүрек тазалығына тапсырғанымыз жөн. Сөз алыбы мінімізді ғана қазбайды. Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова жырларынан үзінді келтіріп, тілдік шеберлігіне сүйсініп, үміттің үкісін қадайды. Жастардан ертеңді іздейді.

«Әдебиет тілі бір халықтың тіл байлығын  ғана көрсетпейді. Сонымен бірге сол халықтың елдік дәрежесін, ой-кемерін, сезіну тереңдігі мен таяздығын да көрсетіп тұрады. Ең  ауыры — ана тілін білмеген ақын-жазушы ел-жұртының ескілі-жаңалы тіршілігімен ажырасқанын көрсетеді», - деп сөзін тұжырымдаған Ғ.Мүсірепов ойын ғана білдіріп қалмастан, өсиетін өз аузымен жеткізіп кетіпті. Дара талант — әмбебап өнер иесі о дүниеге кетерінен бір-ақ жыл бұрын Одақтағы осы баяндамасында көкіректегі шерін ала кетпейін дегендей, ағынан ақтарылып, бар мен жоқты бағамдап, Қазақ әдебиетінің хал-күйіне кеңінен тоқталған екен.

Егер Ғабең осы сөздерін дәл қазір алдымызда сөйлеп тұрған болса, қайтер едік. Аталған жиырма алты жылда әдебиетіміздің жаңашылдық жағынан, «батысшылдығымен» жоғары көтерілгені шын шығар. Тілдік жағы қалай? Әсіресе Ғ.Мүсіреповтың сүйікті прозасының мұрагерлері... Бұған бірдеңе деуге батылымыз жетпейді. Әдетімізше жалтақтаймыз, күрсінеміз.

«Біз Абайдың: «қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз!» деген зарлы да, зарлы қайғысына тым-ақ жақындап келе­міз...Жазушы тілсіз, сыншы қырсыз дерлік кезеңге келіппіз», — деген Ғабең сөзін қайта ауызға алсақ, жазушы Абай арқылы өзінің ақтық зарлы қайғысын ақтарып кетіпті. Абайдан бері жалғасқан соңғы буынға алаңдаушылық Ғабең дәуіріне келгенде тіпті де асқынып, жазылмас жара, айықпас дертке айналған түрі бар.

Осы сөздің айтылғанына да жиырма алты жыл болды. Жаңа туған бала жиырма алты жасқа келсе, жиырма алты жастағы жігіттер елу екіге келіпті. Аз да, көп те уақыт емес. Олай болса, ғасырлар өларасын бөктерінген жиырма алты жылды артқа тастап, қандай кезеңге келіп отырмыз? Бұл Абай алаңдаған «қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз!» деген кез бе, әлде Ғабеңнің қайғысын қоздатқан «жазушы тілсіз, сыншы қырсыз дерлік кезең бе?». Қалай болғанда да, қазақтың Ғабитінің қабырғасы тектен текке қайысқан жоқ. «Заман ақыр жастарына» зарлы қайғысын айтып зар жылап кетті. Әдебиеттен тазалық, сұлулық, ерлік, әділет іздеген жазушы жүрегінің жұбанышынан көрі алаңдаушылығы басым болды. «Сөздердің қалай уытты, қалай екпінді, қалай жылы, қалай суық боларын» Абайша ашқысы келіп «зарлы қайғы» деген сөз тіркесін де бекер қолданған жоқ. «Абай зарының салмағын он еседен ауыр» сезінген Ғабеңнің зарлы қайғысының салмағын біз қанша есе ауыр сезінеміз?! Арқамызға аяздай бататыны да осы.

Күллі дүниенің көркемдікке мансұқ болғаны сияқты сөзіміз, сөз өнеріміз — әдебиетіміз өзінің көркемдігімен құнды. Жаратқан Аллаһ тағала Құран Кәрімде көркем сөзді мақтай келе: «Көркем сөз тамыры (жерде) терең, талдары көкке ұласқан ағаш секілді. Мұндай ағаш Жаратқанның рұқсатымен әрдайым мәуесін беріп тұрады. Аллаһ тағала ғибрат алсын деп осындай мысалдар арқылы түсіндіреді» (Ибраһим сүресі, 24-аят), — деп бұйырған екен. Тура осы аяттың өз дәлелін әдебиетші көзімен қарағанда — әлемдегі ең үздік, оқырманы ең көп, ешқандай өзгеріске ұшырамаған, адамның жан жүрегіне барынша жақын, діліміз бен тілімізді құдіретіне жүгіндіре алатын, аса қуатты «көркем шығарма» — Құран Кәрімнен табуға болады. Қазақтан Абай, орыстан А.Пушкин, Л.Толстой, И.Бунин, немістен Гете т.б. сол көркемдікті ерте таныған бір тума талант иелері. Ал, Ғабиттің ғазалын қозғаған да осы киелі өнердің — көркем сөздің шамы.

Құранның хикметі, Абай сөзінің сиқыры, Ғабит зергерлігі — өлмес туындыға арқау болатын жалғыз желі!

Сөз тірілмей, ел тірілмейді. Тіл түзелмей, ел түзелмейді. Ел тірілсе, тіл түзелсе, әдебиеттің аспаны ашық, ары таза болады. Әдебиетіміз кірсіз, мінсіз болса, күллі әлемнің жаратушысы Алла­ның алдында, әдебиетіміздің атасы — сөз ғұламасы Абай мен Ғабиттің алдында, азғындауға бейім еліткіш ұрпақтың алдында жүрегіміз таза, жүзіміз жарық болар еді.

Шын мәнінде даналар көкірегін қарс айырып шыққан бұл күрсініс Абайдың да, Ғабиттің де қайғысы емес, бүкіл халықтың, ұлттың зар-мұңы. Бүгінгі қазақ әдебиетінің зарлы қайғысы. Ал қазақ әдебиетінің қайғысы Абай мен Ғабиттің ғана қайғысы емес, баршамыздың зарлы қайғымыз.

«Жас қазақ үні» газеті

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы