Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Балтабек Ерсәлімов: «Мен Абайдың өскен ортасы мен ұрпақтары туралы ғана тырбанып жүрген жайым бар»

Дата: 10 января 2011 в 01:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Балтабек Ерсәлімов: «Мен Абайдың өскен ортасы мен ұрпақтары туралы ғана тырбанып жүрген жайым бар»

 

Әр ұлттың рухын көтеретін данасы мен дарасы, қол бастаған батыры, сөз бастаған шешені, ел бастаған көсемі бар. Өсер ел, өркендер жұрт ондай алыптарының ісіне адал, ұлы ойының ұйытқысы болып, оны ұрпақ сабақтастығына айналдырады. Ондай жолды сақтамай, өз кезеңіне ғана бас ұрып, бағынышты күн кешкен ұлттың ертеңі күмәнді, болашағы күңгірт. Сондай тұғыры биік тұлғалардан қазақ кенде де емес, кенже де емес. Тарихтың бетін парақтасаң, ғасырлар қойнауының қатпарына қадала көз жүгіртсең, елдің есесін жібермеген, жұрттың жұлығын шығармаған, қатардан қалдырмаған, көш соңына тастамаған, өзгемен теңестіріп, еңсесін тіктеген жақсы, жайсаң қазақта шоқ жұлдыздай шоғыр-шоғыр. Егер соны бағалап, олардың ұлтым, халқым, жамағатым деген озық идеясын таныта алсақ, өзіміз әр сөзінен дәйек алып, тамсанып жүрген, өзгелердің мықтыларының қай-қайсынан болса да кем соқпайтын зиялылар баршылық. Тек тоталитарлық жүйе кезінде уланған сананы түзей алсақ болғаны. Әрине, бұл арада біз өзімізді ғана танып, томаға тұйық болуды, оқшау қалуды қалап отырғамыз жоқ. «Біз кімбіз?» дегенде ұлан-асыр жерімізге сай ұлы ұғымдардың алып діңгегіне айналған арыстарымыздың әр сөзінің, әр ой өрімінің астарында рухани байлықтың көкесі жатқанын, оны ел болған тұста көмескі қалдырмай кейінгі ұрпағына таныстырып, соның арнасына тоғысу керектігін алдыңғы кезекке шығарсақ жетіп жатыр. Материалдық байлыққа қол қусырған құлдықты өмірі ұзақ рухани байлық жеңіп, жеңіс мәресінен көрініп отырса қане.

Осы рухани байлықтың басында тұрған данышпан Абайды пір тұтып, жүгінетініміз анық. Ақынның алып айдынына көбіміз қайық салуға батылымыз бармағанда, өлшеулі өремізден асу үшін, ойымыздың өтімін арттыру үшін «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сөзіне сілтеме жасап, өзіміз де жұмбақ кейіп танытып, өлеңі мен қарасөзінен жиі-жиі мысал алып жүреміз. Кейде сол арқылы ақталуға, не тосылған тұста желіп өтудің амалына айналдыра қояты­нымызды несін жасырамыз. Астанадан алыста жатса да сол Абайды алдымен өзім танысам, одан соң жұртқа жеткізсем, өскен ортасын, артта қалған ұрпақтарын «тірілтсем» деп жүрген бір азамат бар. Ол — республикалық Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімов. Біз онымен төмендегі ой өрімдерімізді бөліскен едік.

 

— Балтабек Бәзілұлы, сіздің Абай әлеміне ат шалдырғаныңызға да біраз уақыт болыпты. Ұлы тұлғаны қаншалық дәрежеде танып білдіңіз?

— Абай алып дария ғой. Алып дария­ның мінезін білмей, болжаммен тәуекел деп айдынына қайық салсаң, қапы кетуің мүмкін. Мен Абайдың екінің біріне ырық бере қоймайтын ой тұңғиығы емес, өскен ортасы мен ұрпақтары туралы ғана тырбанып жүрген жайым бар. Өзің айтқандай, қазір бір әдет етек алып бара жатыр. Кез келген адам Абайдан дәйек сөз алады. Бірақ оның сол сөздің мән-мағынасын, астары қалың, қатпары мол түпкі ойын терең түсінетініне күмәнім бар. Абай айтқан мінді өз бойымыздан іздемей, өзгеге теліп, оған жүгінсем шатыспаймын ғой, басқаның мысын басамын ғой деген жымысқы ой да жоқ емес-ау. Абайды толық білген адам, ұлы ақынның өзі айтқандай, ол — толық адам. Иманды да ибалы — адам. Кісі ақысын жемейтін, кембағалға кең, жесір мен жетімді өзіне теңгеріп, тең ұстап, қамқорлық жасай алатын — адам. Ісі мен сөзі алшақ кетпейтін адал — адам. Ал сөзін айтып, оны орындамаған адам... ол туралы айтпай-ақ қойсам деймін.

Осы күні кейбір ағайындар өзге елдің, әсіресе патша заманындағы орыс ауқат­тыларының рухани салаға тигізген көме­гін жиі айтады. Ондай адамдар қазақта да болған. Абай да осал ортадан шықпаған. Кеңес дәуірінде көп айтатын жеті атасы­нан байлық үзілмеген, қолынан құрық түспеген нағыз мықтының ұрпағы. Бірақ Абай сол ортаны тәрк етіп, «Жарлы емес­пін зарлымын, Оны да ойла толғанып, Жұртым деуге арлымын, Өзге жұрттан ұялып», «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл», — деп қара халықтың қатарына шыққан. Ақылымен жұртына қалқан болған. Ұлтымды қайтіп оятамын деп ащы да айтқан, ашынып та айтқан. Халықты қалжыратып отырғандар­ды түйнек тигізердей түйреп те айтқан. «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек», «Мен ішпеген у бар ма?», «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүлей», «Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқасы кетті ғой», — деген. «Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр, Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр. Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, Не пайда, не залалды біле алмай жүр», — деп күйзелген. Бұл өлең жолдары сабақ алып, санаңа түюге боларлық десек, қарасөзде­ріндегі ой өлшемдері тіпті бөлек. Мен одан бұл арада мысал алып жатпай-ақ қояйын. Әттең, кейде соның бәрін ойлы көзбен емес, атүсті оқитынымыз, айта салу үшін ауызға алатынымыз өкінішті-ақ. Бұл Абайды толық танымағандықтың кесірі.

— Сонымен Абайға бет бұруыңыз Абай қорын басқарудан басталды ма?

— Ұлттың айбыны мен айбары болған адам қашанда сол ұлттың жабырқаған сәтінде, қабағына кірбің түскен кезде, сын сағатта желеп-жебеп отырған ғой. Өткен ғасырдағы алапат соғыс қазақты да қалжыратып кеткенде Абайдың жүз жылдық тойы — зиялылардың, мемлекет қайраткерлерінің бастауымен жеңіс тойымен ұштас өтіп, жұртты бір серпіл­тіп, сергітіп тастағаны белгілі. Ол кезде мен сегіз жастағы бала едім. Мұхтар Әуе­зовті сол жолы алғаш рет көрдім. Анам қасына барып сәлемдескеннен кейін: «Мұха, мынау менің балам Балтабек!» дегені әлі есімде. «Анау, Асқар Тоқмағам­бетов деген ақын ағаң, мынау Әди Шәрі­пов деген ағаң!» — деп еді.

Екінші рет Абай тәуел­сіздігін алған қазақ жұртын тағы бір көкке көтеріп, мерейін өсірді. 1995 жылы қазақтың іргелі ел екенін, еліне сай ұлы­ның бар екенін дәлел­деді. Сұғанақ сұқ көз­дердің алдын­да ұрпағы ұлы­сын ардақтай алатынын көр­сетті. Әлихан Бө­кейханов айтпақшы, қазақ­тың бас ақыны ұлылықтың үлгісін осы ұлан-асыр тойымен бастап берді. Одан кейін той тойға ұласып жатты. Мұның бәрінің ұйытқысы да, ұйымдас­тырушысы да мем­лекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені айдан анық.

Сол той қамы 90 жылдардың басында-ақ басталған еді. Ел болу­ды ерте аңсаған Алаш арыстары жиі бас қосқан Семейдің зиялы қауымы мен облыс басшылары (Мәркен Шәй­жүні­совтің еңбегі зор болғанын айта кетуім керек) ақын тойына өз үлестерін қосуға ұмтылды. Абай қоры құрылды. Бірнеше кітап шығару жос­пар­ланды. Абай атында газет шығарсақ дедік. Ақылдаса келе, қазақ сөзінің хас шеберлері Жүсіпбек Ай­мауытов пен Мұхтар Әуезовтің тікелей бастауымен 12 нөмірі жарық көріп, 1918 жылы тота­литарлық жүйенің тепкісінен жабылып қалған Абай журналын қайта жаңғыртуға бел байладық. Бұл ниет жүзеге асып, 73 жылдан кейін рухани мұра ұлтымызбен қайта қауышты. Ендігі ел ардақтылары шығарған сол журнал­дың анау ғасыр­дағы бірінші нөмірінде олардың оты ойынан шығып, қағазға түсіп, жария­ланған бас мақаладан бір үзіндіні оқырманға ұсынып көрейін. «Тұс-тұстан жау қысып, мал мен басқа дау түсіп, дағдарып қазақ сасқан соң орысқа келіп бағынды... бұрынғы дәурен көзден бір-бір ұшты... Ұрлық, не түрлі әрекет кер­ней бастады. Сөз сыбыр­ға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп, азды, тозды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды дана, рақымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисық­ты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алы­сып өткен Абай еді. Қазақтың әде­биетіне жан берген, сөздің сыртынан сыр­лап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, әрекет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен, адам баласын бауыр тұт, адам­шы­­лыққа қызмет ет деген Абай болатын...»

Міне, алыптар бірін-бірі қалай толық­тырып отыр! Ой мен сөздің ұштасуы деген осы шығар.

— Біртуар қаламгер Мұхтар Әуезов: «Абай жатқан дария, мен одан шөміштеп қана алдым» деген ғой.

— Ол рас. Мен бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі — ұлы Абайдың аруағына басымды идім!» — деген сөзін қосар едім. Біз осыны  түй­сінсек, Абай өсие­тіне адал бол­сақ, бі­реудің қол астын пана­лап, қабағын бақ­пай, өз билі­гіміз өзімізде екенін ұғынсақ, соны баянды етіп, кейінгі ұр­паққа шып-шыр­ғасын шығар­май тап­сыруды ойласақ, мен жоғарыда келтірген бас мақа­ладағы азып-тозудан аман қалып, оған жол бермес едік.

Абайды қарғадайым­нан та­нып білдім, табынып өстім десем, Құдай алдында кешіріл­мес күнәға қаларым анық. Күн көрудің жайы осы деп, етек-жеңім желпілдеп Кеңес дәуірін­де үлкенді-кішілі қызмет атқар­дым. Абайдың жиені екенімді білсем де, оған көп мән бере қоймадым. Бір кіндіктен тара­ған 9 баланың 8-і жер жаста­нып, солардың бодауына мен қалып­пын. Анам Қапиза Абай­дың тете інісі Ысқақтың ұлы Ахметбектің қызы еді. Сөйте тұра, ол кісі наға­шы­ла­рым туралы тіс жара бермей­тін. Бала кезімдегі фа­милиям Ысқақов болатын. Кейін өзгер­тіп жіберді. Ол да мен үшін жұмбақ еді. Анам ақыл айтса: «Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, байқап жүр. Аңыратып кетпе!» — дей­тін. «Адал жүр, кісі ақысын жеме, артық сөйле­ме, әр сөзіңе қарауыл қой, шөл­мек мың күнде емес, бір күнде сынады. Оны Абай деген ақын айтып кеткен. Сен одан асып туған жоқ­сың!» — деп құлаққа бір түр­лі естілетін өлең жолдарын тіз­белеп кете­тін. «Адамзат — бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарылқап алдар бірақ» — деп бір қайырып тастап, одан соң: «Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың өлсең тағы. Мені мен сен тең бе деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі — ол баяғы. Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа, Көз жет­ті бір қалыпта тұра алмасқа. Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» — дейтін. Сөйтсем, анамның айтпағы тереңде екен. Бауырымның аты аталып жүрсін деп фамилиямды нағашы атам Ысқақ­тың атына жаздырыпты. 20-30 жылдары Абайдың ұрпақтарына жетесіз­дер қырғидай тигені мәлім. Ол аз болған­дай 1951 жылы тағы бір сойқан басталып, Мұхаңның (Әуезов) Мәскеу асып кетке­нін естіген, күнде көріп жүрген Қайым аға Мұхамедхановтың 25 жылға айдал­ғанын көрген анам менің жалғызым да қара тізімге ілініп кете ме деп, тегімді өз атама көшіріпті.

Жылымық жылдар басталғанда анам шындықтың бетін ашты. «Текті жерден шықтың. Тексіздердің сұрқиялығынан зәбір көрген Абай атаңның ұрпақтарын тірілт. Нағашың Кәкітай Абай атамның өлеңдерін 1909 жылы Петерборда шығарған еді. Жағың түскенше тірісі мен өлісіне, алдымен Абай атаңа қызмет ет!» — деген еді. Бұл 80-ші жылдардың ба­сы болатын. Ана сөзі жатсам да, тұр­сам да ойымнан кетпеді. Нағашы жұр­тыма ба­рып, көргені көп, көңілге түй­гені мол зер­делі адамдармен сөйлесіп,  естігенімді көңіл­ге тоқумен бірге, жазып ала баста­дым. Мұрағаттарды ақтардым. Ақыры аз күндік мансапты тастап, Абай ұрпақта­рын іздеуге біржола бет бұрдым. Менің бағыма қарай темір құрсау сөгі­ліп, мәңгілік деген Кеңес дәуірі келмес­ке кетіп, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік.

Абайдың 150 жылдығында Қайым ағаның «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт томдығын шығардық. Абай журна­лының іргесі бекіді. Жұрт сүйіп оқитын басылымға айналды. 160 жылдық тойын­да да қарап қалған жоқпыз. Төрт кітап шығардық. Өзге де атқарған шаруалар бар.

— Сол кітаптардың бірі өзіңіздің «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» ғой.

— Иә. Ол кітапқа кірген алуан түрлі оқиғаларды тізе берсем, жетіп артыла­ды. 30-шы жылдар­дың ой­раны, сұра­пыл соғыс Абай ұр­пақ­та­рын қаусатып-ақ кеткен. Қазақ­қа сөз арнаған жақсыдан қалған көз еді-ау деп ешкім ара түспеген. Тұрағұл Ибраһимов (Абайұлы) Әлихан Бөкейха­нов, Міржақып Дулатов­тармен бірге 1922 жылы, одан кейін 1927 жылы екі рет түрмеге қамалып, 1928 жылы Шым­кент қаласына жер аударылған. Сонда бақилық болған. Оны жерле­ген жерге зауыт салынғанда сүйегін қазып алатын адам табылмай, құрылыс астына басылып қалған. Ол кісі өте зиялы адам болыпты. Абайдың өлеңдерін, әндерін жинау­мен бірге, М.Горкийдің, Дж.Лон­донның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ал Абайдың тұңғыш өлеңдер жина­ғын «Қазақтың ақыны Ибраһим Құнан­байұлының өлеңі» деген атпен Санкт-Петербургте Кәкітай, Тұрағұл Құнан­байұлдары деп бастырған Кәкітай­дың да тағдыры май тоңғысыз болмаған. Өмірден өткенде «Қош, досым Кәкіш!» — деп Әлихан Бөкей­ханов қазанама жазғанын айта кетсем, артықтық етпес.

Ал, Әрхам Кәкітайұлын Құдайдан безген белсенділер «Феодал, жуанның тұқымы, халыққа жақсылық ойламайды», — деп найза ұшына іліп, Өзбекстаннан бірақ шығарған. Сол жақта жүріп, ол артта қалған ел-жұртына «Апама, көп сәлем де Мұштар жиен, Бетінен бала­лардың түгел сүйем. Естіп қалдарыңды, қапаландым, Оңғарсын, істің артын, жаппар ием!» — деп зар төккен екен. Сол секілді, Абай немерелері Жағыпар, Әубәкір, Ахметбек, Алдажар, Бал­тақай­лар, олардың бала-шағалары Халит, Шағатай, Мүбәрак, Медғат, Жәудаттар тінту, тергеу-тексеруден бір босамапты. «Бай тұқымын құрту керек» деген сөз­ден мезі болған Абайдың сүйікті ұлы Ма­ғауияның Жағыпары, Ахметбек Ыс­қақ­ұлы ішкі жаққа, Халит Әрхамұлы Көк­пек­тіге, Әубәкірлер Үржарға, Нияз­бек пен Құлшерік көршілес орыс ауылда­рына, Ақжал, Балажал Аягөз, Зайсан өңірлеріне безіп кеткен. 1932 жылы Халит Әрхамұлы Көкпектідегі елге ат басын тіреп, Құнан­бай атасының басына барып құран оқымақ болғанда бай-шонжардың балалары қайта төбе көрсетті деп бел­сенділер шолақ мылты­ғын шошаңда­тыпты. Тергеу тексеру ке­зінде жуан жұдырықтардың қолынан таяқ жеп, сойылға жығылған Абай ұр­пақтары аз болмаған. Кейін бәрі ақтал­ды. Асыл азаматтардың орнын басқан бір бет қағазды медет етіп қала бердік қой.

Мен кейде бір нәрсеге қайран қала­мын. Осы біздің қазақ бас ал десе, шаш алатын жат қылыққа қалайша жақын жүреді екен?!. Осы бір сұмдық әркез аяқ­қа оралғы болатыны несі?! Сол заман­мен кетсе бір сәрі ғой. Одан кейін де әлденеше рет алдан шыққанын қай­терсің. Осы арада мына бір оқиға ойыма орала береді. Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған атақты композитор Бекен Жамақаевқа да жала жабылғаны­нан хабардармын. Оның «Махаббат вальсі» жұрттың сүйікті әніне айналған кезде, бұл туындыны Бекен ұрлап алыпты деген пәлелі сөз шығыпты. 1958 жылы Алжир революциясының батыр да өжет қыздары Жамилә Бухитер, Жә­милә Бу­паша жайында фильм елімізде көрсетіле бастады. Сонда бір әдемі музыка ойнап тұратын. Ол сарын Бе­кен­нің аталмыш әніне ұқсас болса керек. Сөйтіп, аяқ астынан Бекен «ұр­лық­шы» атанады. Ән иесі дағдарып қалғанда ұлы тұлға Ахмет Жұбанов ара түсіп, Алжир мем­лекетіне бұл әуенді қайдан алдыңыз­дар деген хат жіберіпті. Олар ән әуенін эфирден алғанын айтып, жауап беріпті. Бекен ақталып, жалақорлардың аузына құм құйылыпты. Бекеннің дара таланты­нан туған әнді алжирліктер аспанға көте­ріп, киносын әрлесе, біз ондай құдіретті әуенді оған қимай, ұры деп рухсыздық таныттық. Өзгеге дегенде емешегі үзіліп, өзімізге келгенде шалқақ­тап қалатын осы бір жат әдеттен қазақ арылса, айбыны асқақтай түсер еді-ау!

— Отан соғысынан қайтпай қалған Абай ұрпақтары аз емес көрінеді.

— Айналайын-ау, Құнанбаевтар әулетінен 7 адам хабарсыз кетті ғой. 1995 жылы шыққан «Боздақтар» деген қызыл кітапты парақтасаң, жеті боздақ мөлдіреп қарайды саған. Аруақтары риза болсын, аттарын атап кетейін. Олар Әлихан, Берекехан, Жошыхан, Қалышер, Қап­сәләм, Құзайыр, Тоқташ Құнанбаевтар.

Осы арада ойыма мына бір жана­шырлық оралып отыр. Мен оны құжатқа сүйеніп, еске түсірейін. 1945 жылдың тамыз айының 19-ында Халық Комиссар­лар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасы­нов тоталитарлық жүйенің қысымынан ық­пай-бұқпай, Абай әулетінің алты ада­мына дербес зейнетақы тағайындаған. Сол алты адамның арасында қазір жер басып жүргені, биыл 80-ге толған Ғазел Жағыпарқызы ғана. Ол — Мағауияның немересі, Абайдың шөбересі. Бұрын Абай ұрпақтарынан бес кемпір бар еді. Мәкен апа Тұрағұлқызы кетті. Енді 80-нен асқан төртеуі селкілдеп отыр. Ел болған тұста осы Абай ұрпақтарына да көңіл бөлінсе дегім келеді... Асылдан қалған сынықты, сұңқардан қалған сарқытты ардақтау арқылы кейінгіге үлгі көрсетсек, несі айып. Тектіліктің әдемі өнегесін мен Абай ұрпақтарынан байқап жүремін. Ұлы ақынның мерейтойларына шақырылмай қалғанда да тайдай тула­мағанына куәмін. «Абай — қазақтың, халықтың, ұлтының Абайы ғой. Біз соған ризамыз!» — деп отырады. Абай­дың бел баласы Мағауия­ның ұлы Жағы­пардың екі қызы Ишағы мен Ғазел қазір Алматыда тұрады. Ишағы апамыз (1922 жылы туған) Отан соғысы жылда­рында авиация технигі болып, Харбин майда­нында көп ерлік көрсеткен. Ал Ғазел (1925 жылы туған) «Қазақ­фильм» кинос­тудиясында ұзақ жыл қызмет етіп, қазақ киносы тарихы мұра­жайын бас­қар­ған. Абайдың тұңғыш ұлы Ақылбай­дың Исрайылынан туған Күлзипа (1925 жылы туған) өмір бойы ұстаз болған адам. Қонысы Шығыс Қазақстан облы­сы, Зайсан қаласында. Төртіншісі Әрхамқызы Мінәш. Еркек кіндіктен Ақылбайдың Әлімқұл деген ұлынан туған Бағұфұрдың ұлы Айдар да (1949 жылы туған) 60-қа таяп қалды. Мұны айтудағы басты себеп, Абай да­ныш­пан ойшыл ғана емес, ұрпақ өсірген әке екенін де еске сала кету еді.

— Елді көп аралайсыз, жұрт ішінде жү­ресіз. Қала тіршілігі қапылыс. Қазақ­тың алтын діңгегі ауыл. Сол ауылға Абай шы­ғармалары, Абай рухы жетіп жатыр ма?

— Әй, жоқ. Шіркін, 15 миллион халықтың 5 миллионының үйінде Абай шығармалары тұрса ғой! Ол қазірше арман күйінде қалуда. Шыққан кітапта­ры­ның таралымы — 1000-2000, ары кетсе 3000. Ол кімге жете қойсын. Абайдың рухани дүниесінен ақша аямағанымыз жөн-ау деп топшылаймын. Дүкендерге Абай шығар­мал­арының ілуде біреуі түсе қалса, оның бағасы құрық бойлатпайды. Елбасы ар мен намысқа балаған Абай шығармала­рын Отанымыздағы ұлт пен этносқа түгел жеткізудің бір жолын қа­рас­тыру керек сияқ­ты. Ал сылтау айтып, нарықты көл­денең тартып, соза берсек, жаһандану заманында Абай рухы шаң қауып қала ма де­ген қаупімді де алға тартқым келеді. Әрине, ләйім мен қа­те­лесейін. Қалалардағы кітап дүкеніне бас сұқсаң орыс ағайындардың Пушкин мен Лер­монтовын, өзге де сөз ұстағандары­ның шығармала­рын көресің. Олардың ақша­ны қайдан табатынын қайдам. Құдайға тәуба, еңсеміз тіктел­ді ғой. Эко­номикамыз өсу үстінде. Ендеше, Абай шығар­м­аларына «жеңілдік» беру керек-ақ. 150 жылдығында әп-әдемі энцикло­педия шы­ғардық. Одан кейін ол жаңар­тылған жоқ. Сирек кітап­тар­дың біріне айналды. Абайдың балаларға арнаған энциклопе­диясын шығару мәселесін де қозғап жүрміз. Әрине, мен жеке басқа табынуды қаламай­мын. Бірақ Абайдан тағылым алу жағын ұмытпасақ екен. Осы күні жемқор деген бір пәле шықты. Егер олар Абай­дың ұлтын сүйе отырып, халқын қалың ұйқыдан ояту үшін ащы мысқылмен мінеп-шенеген өлеңдері мен қарасөз­дерін оқы­са тыйылар ма еді? Халық­тың несібесіне бұйырған бай­лық­ты талан-таражға салып, қарынның құлы болмай, ұлтын құрметтейтін, қазынаға салған қолын кері алып, қорқау қасқырдай жатырға шабуылын тоқтатар ма еді? Қалай десек те  ұлы Абай — Ибраһим-Абай бізге абай бол деп кеткен.

— Шәкәрімнің 150 жыл­дығы таяу қалды. Бұған Абай қоры не тірлік жасап жатыр?

— Қор мемлекеттік меке­ме емес, сауда-саттықпен де айна­лыспайды. Рухани құн­ды­лықты қарын байлығынан жоғары қоятын, Абайын ар­дақ­тым деп білетін, ұлтымның ұйытқысы деп тани­тын ақ ниетті азамат­тарға арқа сүйейді. 15 жыл ішінде атқар­ған азды-көпті жұ­мыстың шет жағасын жо­ғарыда айттым. Біз Абай мен Шәкәрім мұрала­рын жұрт­шы­лыққа жеткізу жолын­да жағымыз бен аяғымыз талғанша жұмыс жасап келе­міз. Абайдың ақындық құді­ретін, Шәкәрім­нің филосо­фия­лық ой бай­ламдарын жас ұрпаққа насихат­тай­мыз. Кел­денбай Өлмесеков деген азамат Шәкәрім мен Абай әндерінің ту ұстау­шы­сы болып келеді. Баяғы Жаяу Мұсадай ел аралайды. Шағын ауылдан бастап, үлкен қалалардағы мектептерде болып, екі алыптың әні мен өлеңін жұртқа таныс­тырып, талабы бар ұл-қызға үйретеді.

Бұл арада ең басты айтсам дегенім мынау еді. Заман жаңарды, қоғам өзгерді. Қазір елдің көңілін сөзден гөрі, көрініс көп аударады. Соны ескеріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра» бағдарла­масы аясында бірнеше тақырыпқа топ­тастырылған, 15-20 минөттік телехабар түсіруді ойластырған едік. Онда Абай ұр­пақтары, шәкірттері, кіндік қаны тамған атақонысы бар, бәрін қамтысақ дегенбіз. Абай ұрпақтары кім дегенде, мыналар еді десек, Абай, Шәкәрім туған мекен қан­дай болған десе, міне деп ал­дына жайып салсақ, Абай мен Шәкәрім мұраларының жанашыры, зерттеушілері мына адамдар десек, кез келгеннің назарын бірден ауда­рары анық. Осыны қалай іске асырамыз деп ойланып-толғанып, кім көмек қолын созады деп жүргенде Мәкен апай Тұрағұлқызы, Қайым аға Мұхамедханов, өзге де бірнеше арыстар өмірден өтіп кетті. Ел мен жер, Абай, Шәкәрім, олар­дың ізба­сарлары туралы айтады-ау деген көне­көздер селеулей селдіреп барады. Сөзім жалаң болмасын, телехабарды «Менің Абайым», «Абайдың ақын шә­кірт­тері», «Жидебай», «Шәкәрім» және басқа тақырыптарға топтастырған бола­тын­быз. Тіпті, бұл хабарларды орыс тілінде шығару жоспарын да құрғанбыз. Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады деп бәрі қаржыға келіп тіреліп, әдемі ой торда қамалып отырған жайы бар. Демеушіге көз сатқан біз ғана емеспіз, көп. Содан кейін азаматтардың есігін қаға беруге батылың бара бермейді. Әйтсе де, жақсы жандардың бар екенін, біздің бетімізді басып жүргенімізді өздері айт­қыз­бай біліп хабарласатын, қамқорлық көрсетіп жататын, ұлтын сүйген ұл-қыздарға деген алғысымды ерекше айтқым келеді. Біз біраздан бері Абай қорын мемлекет қамқорлығына алса, ең болмағанда облыс бюджетінен тиын-тебен қарастырылса деген тілегімізді айтып жүрміз. Уәде бергендер бар. Нәтижесі ұзын арқан, кең тұсау күйінде қалып қоюда. «Ештен — кеш» деген ғой, Шәкәрімнің тойы қарсаңында ол өтініш тізгін ұстағандардың құлағына жетіп орындалса, ұлылар рухы тағы да бір асқақтар еді-ау!

Шәкәрімнің 150 жылдығына бір жылға жетпейтін уақыт қалды. Қазақтың осы заманғы батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров  тойды әлемдік деңгейде өткізу жөнінде былтыр Үкіметке сауал жолдаған еді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Сең қозға­лар деген үміт бар. Дегенмен, асығыстан аулақ болу үшін ерте қимылдағанға не жетсін. Абайды толық танып, біле алмай жатқанда, Шәкәрім әлемі айнадай айқын деуге әлі ерте. Осы ұлы тойда оның сан қырынан санамызға сәуле түссе, қане. Ол үшін ойшылдың әлемін сала-салаға бөліп, қарастыру керек. Және ақын Мерғали Ибраевтың Шәкәрім туралы пьесасы болған. Соны сахнаға қойып, Шәкәрім­нің кесек тұлғасын халыққа көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сөзді сөз түртеді. Бұрын Семейдегі Абай театры Абаймен басталып, Абаймен жабылушы еді. Қазір сол үрдіс жойылған. Соны қалпына келтіріп, Абай, Шәкәрім шығармаларымен театрдың есігін ашып, шаңырағын биіктетсек, еш ұтылмас едік. Бұл үрдіс ұрпаққа үлгі болып қалар еді. Егер біз осыны орындай алсақ, Абайдың, Шәкәрімнің шалқар ойына қанығар едік. Абай кім, Шәкәрім кім деген сұраққа жауап алып, даралардың даралығы та­ны­лар еді. Абайтанушы, білімдар ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Абайдың ақын шәкірттерінің ішінде Шәкәрімнің орны бөлекше, ол Абай шәкірттерінің ішіндегі бас шәкірті деп аталады. Өйткені, оның ақындық өнерімен қоса, ойшылдық тереңдігі, философиялық толғаныстары өз заманы үшін теңдесі жоқ қайталанбас рухани құбылысқа айналды. Абайды терең танып білгендер ғана, Шәкәрімнің ойшылдық табиғаты­на адаспай жол таба алмақ» — дейді. Бұл қоспасыз шындық. Біз осының түп төркінін тереңнен қозғап аша алсақ, бүкіл дәуірді ұғынып, ақыл-ойдың ке­ніне қанығар едік. Заманның құлы бол­май, ұлы болған, болыстыққа таласқан болымсыздарды, қулық сауған қуларды, ел арасына сөз тасыған арсыздарды, татымсыздарды, малдан басқа көрері жоқ көрсоқырларды, партия құрып, елді ала тайдай тулатқан парық­сыздарды, кісі ақысын жеп, халықты қан қақсатқандар­ды, өзін зор санап, кедей мен кембағал­дарды қор санап, теңгермей тентірет­кендерді аяусыз әшкерлеген осы арыста­рымыздың рухани дүниесі жұртқа жетсе, ақ пен қараның қандайлық екенін ажыратар едік. Осының бәрі әр қыры­нан зерттеліп, зерделеніп мерзімді басы­лымдарда жарық көрумен бірге, кітап болып шығып жатса, ол шенеуніктердің алдынан асып, қарапайым халық қолына тисе, ұтымды болар еді. Жалпы, халық­пен бірге болып, артынан сөз ертпеген адам сол халықпен бірге жасайтынын осы екі ойшылдың қайта түлеген екінші өмірінен көруге болады. Шәкәрімге дейін Абай сынық қанат қыранның күйін кешсе, енді қанаты бүтінделіп, қазақ сахарасын шарлауда. Жақсының шарапа­ты мол ғой. Абай сәулесі Шәкәрімге, өзге де ізбасарларына, бүкіл қазаққа түскені шындық. Қазір нұрлану үстінде.

Тағы бір ойымды айта кетсем дей­мін. Ұлы адамдары бар ел оның атаулы жылдарын атап өтпей тұра алмайды. Әр той сайын олардың туған жерінде мың­даған үй тігіп, одан өзге де жұмыстарды атқаруға аз қаржы кетпейтіні белгілі. Мысалы, Абайдың 150 жылдығында қос-қолаңды қоспағанда 2 мыңға тарта үй тігілді. Той тараған соң орны омы­райып қал­ды. Бір жағынан ондай сән-салтанат­сыз ұлттық үлгіңді көрсете де алмайсың. Сол себептен, той өтетін жер­ге бір кешен салынса, ол кейін туризм мекеніне ай­налса деген қиял мені кейде тербеп кете­тіні бар. Әрине, қазақ үйді сол күйінде сақтау қиын. Әйтсе де, озық заманда соған сай келетіндей ұзақ тұратын әдемі бір үй формасын ойластырсақ қайтер еді? Ондай кешен бой көтерсе, әр он жыл сайын Абай, Шәкәрім, Мұхтар, өзге де арыстарымыздың мерейтойлары сол жерде жалғасын тауып жатар еді. Бір шығынмен көп шығынның орны жабылар еді.

Иә, айта берсек әңгіме көп. Бірін-бірі толықтырған ұлыларды Құдай қазақ өзгеден қалмасын, терезесі теңесіп, иығы тік жүрсін деп берген болар. Соны бағалай білу толқын-толқын ұрпақтың қарызы мен парызы деп білемін. Тәубе дейік, еліміз ауқатты, халқымыз сауатты, көзі ашық, көңілі ояу. Осындай күнді армандаған Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда Дәнішпан, Ғұлама, Философ еді. Қор елде туды да қор болып өтті» — деп өкінсе, болашақтан үмітін үзбеген сөз зергері Міржақып Дулатов: «Зәредей шүбһа етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар» — дейді.

Шәкәрім сөзі көп ойға қалдырады. Төрт құбылаңды әркез түгендеуді ескертеді. Оқу-білімсіз оңалмайты­ныңды меңзейді. Қараңғылық — қапас тірлік дейді. Ол заман кетті. Сауатты­лықты сапасыздық илеп кетпесе болғаны. Кейде Шәкәрім айтқан өкініш осы күні де кездесіп қалатынын қалай жасыра аларсың.

Ал Жүсіпбек сөзі шындыққа айналды. Абай қазақтың айбары мен ары болды. Енді Шәкәрімді де осылай танып білсек деген үкілі үмітті жамағаттың алдына көлденең тартқым бар.

— Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.

Түпнұсқадағы тақырып: «Ибраһим-Абай — абай бол деген қазаққа»
«Егемен Қазақстан» газеті

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы

Читайте также