Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Әділ Семейханұлы. Құрманбек биігі

Дата: 10 января 2011 в 13:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Әділ Семейханұлы. Құрманбек биігі

Қаптаған қара нөпір қауыммен сіресіп, сыналанып қалған қарағайлы алқаптың етегіндегі көсілген көгілдір алаңқай бүгін бір бөлекше тым-тырыс; Әркім өз жүрегінің лүпілін өзі тыңдағандай, тек қана бір нысанаға — анау жап-жасыл шыршамен көмкерілген сахара сахнаның қақ ортасына барып жайғаса берген жігітке, әлде бірдеңені зарыға күткендей, бар зейіндерімен көз алмай тесіле қарап қалған...

Сонан, домбырасының құлағын күйлеп алған ол қағып-қағып жіберіп:

«Әсет те, Біржан да емес, Құрманбекпін,

Келеді өз тұсымда думанды өткім.

Адаммын, жасамақпын адамша өмір,

Қорқуға, қорлануға туған жоқпын». — десін!

Осыдан тұп-тура 24 жылдың алдында Сарыбұлақ сахарасында ұлан-асыр дулы дүбірмен өтіп жатқан Алтай елінің Бесінші кезекті Ақындар Айтысының бір сәтінде енді-енді қырықты қырқалап бара жатқан бұл жігіт ағасы шаршы топқа осылай деп үн қатты.

Япырым-ау, бұл қандай жалын? Жан түбінде тынып жатқан бұла сезімінің әлде бір ереуіл рухтың күшімен бұлқынып шығып, буырқана толқығаны ма? Жоқ әлде, алыс шаппас ұшқырлықтың әудем жерлік ап етпедегі дызылы ма? Әйтпесе, Әсет кім еді? «19 ғасырдың соңғы ширегі мен 20 ғасырдың бас шенінде арғы-бергі бетте бірдей айтыс өнерінің жалынын лаулатып, үздік өнегесін көрсеткен әйдік ақын» емес пе еді. Біржан кім еді? Баябан Орта Азия даласындағы сұрапыл айтыстың үлгісі ретінде танылған әйгілі Біржан-Сара айтысының» бас геройы емес пе еді. Бұлармен иық тіресе қояр осы заманда кім бар дейсың. Күллі қазақ айтыс өнерінің қос шыңы іспетті маңғаз қасқайып тұрған осынау қос алыпқа күні бүгін тамсанып, айтысытың шырқау биігін осылармен өлшеп жүрмейміз бе, бірақ, мына жігіттің жалыны бөлек, үні қатаң, десі күшті. Жасу, жасқану дегеннен мүлдем аулақ, әншейін, салған жерден «Әсет те, Біржан да болмаймын», «өз биігімді жасаймын» дейді. Сонсын, қорланып-қорқып, жалтақтап-қалтақтап, қоян тірлікпен күн кешуді жаны қаламайды. Өмір бойы анасының ақ уызымен дарыған өнерімен думандатып, адамша жасап, халықтың мәдениетін қордаландыруға барын арнамақ.

Азаматы тізгін жұлқып, «боламын» деп тұрса, халқы қалай ғана желеп жебемейді, сатырлаған шапалақпен көміп тұрып, осы бір көгілдір көз тығыршықтай қара ұлына ақ жол тіледі, үлкен үміт артты, басын қоя берді...

Сонан бері 24 жаз бен 24 қыстың жамбасы жасырылды. Жұмыр жердің қойны-қоншы жойқын өзгерістер мен толағай табыстарға толды. Көзқарас жаңарды, көз ая кеңіді, идеия сомдалды, өріс ашылды, кімнің кім боларына, қандай еңбек жаратарына уақыт ғана төреші  екен. Сол бір жылдағы жай ғана қажеттілік үшін ылдалдалап ілгерлей салған көк жасаңдағы аядай сахнада тұрып, бірақ, алып қашқан асау сезіммен жар салған әлгі қара ұл, бүгін міне өз биігін де жасап үлгерды,  қазақ Айтыс өнеріне тағы бір биік қосылды. Мұның аты «Құрманбек биігі». Ол енді «Әсет те, Біржан да емес»,  тек өзі. Әне, жеке дара шауып барады, бірақ, көмбеге әлі алыс, шапқан сайын екілене түседі...

Сел сезімнің серісі, саңлақ ақын Бердібек Құржықаев бір айтыса да бірегей шындықты айтты:

«Шабыты ұшқыр шапшаң үйрек сұқсырдан,

Көмейінде көк долы бір күш тұрған.

Құрманбектей қаусырма жақ қазақтың,

Ақыны бар айдағардай ысқырған».

Осы төрт жолда Құрманбек Зейтінғазыұлының айтыс ақыны ретіндегі бар бітімі менмұндалап тұр. «Көмейіндегі долы күш» — ақынның ойлылығы да, «қаусырма жақ» — оның шешендігі.

Суырып салма жасампаздық — айтыс ақынының табиғатына біткен қасиет. Бұл қасиет дарымаған жерде, ақыннан үлкен нәрсе дәмету тым артық. Ал ұшқыр шабыт — суырып салмалықтың бастау көзі. Шабыт жоқта, ақындық табыс жоқ. Әріптеспен айтысқанның жөні осы деп тереңге тартпай, жеңіл қарпып, сан-саққа кетіп, әр шөптің басын шалатындарды ендігәрі үкілеудің реті жоқ. Халықтың ақыннан сұрайтыны — дәуір талап етіп отырған маңызды сұрақтаға көркемдік өремен жауап қайтару, көңіл бөліп көксеп жүрген мәселелердің шиесін табу, ортаға салар ой айту. Құрманбектің ұстанған жолы осы. Жайшылықта өмірден, қоғамдық ортадан, адамдар ара қарым-қатынастан түйгендерін ой елегіде қортып, идеиялық дайындықпен жүреді. Былайша айтқанда, ол үлкен шабыттың ақыны, толғанбай, тебіренбей тұрып әріптеске беталды «сөз салмайтын» кісі. Қайсы өлеңін оқысаң да зәредей жасандылық пен жаттандылықтың қылпын аңғара алмайсың, бәрі де сол сәттің өзінде туып, әріптестің жүрегінде жол тауып жатады. Сонсын, оны тыңдаған сайын тереңдеп, тереңдеген сайын желпініп, ақынға деген таңғалысың мен тамсанысың еселеп артып отырады, ақынның бұл жағындағы ерекшелігі көбінесе қарсыласының қойған жұмбақтарына қолма-қол қайтарған жауаптарынан айқын көрінеді.

1985 жылы Үрімжіде Қытай фолклоршылар қоғамының ғылми бас қосуы өтті. Мәжілістің ұсынысымен Құрманбек көнекөз әріптесі Жамалқанмен сөз сайсыты. Айтыстың басы екі әріптестің бір-бірін мақтауымен жайбырақат басталды да, соңы кілт шиленісіп, жұмбақ табысуға ауысты. Бұл ақынның жалпылық білім деңгейі сынға түсер сәт еді. Сонда Жамалқан:

«Жұмбақ тілмен қояйын сөздің жайын,

Татымдырақ бір жауап берші маған.

Ел мұрасы кешегі асыл айнаң,

Сөз қозғайын азырақ осы жайдан.

Айтыспасақ көңіліміз көншімейді,

Бұл айтысытың шықты екен басы қайдан?»

Деген «басы бітеу» бір сауалды қойып қалды. Айтыс зерттеуінің басы-қасында жүрген мамандардың өзі тиянақты бір шешімге келе алмаған бұл жайға Құрманбек не десін? Ғылмилықты талап ететін күрмеуі көп  күрделі дүние ғой. Бірақ әріптестің қарызы одан қиын, қалайда бірдеңе айтып иландыру қажет. Шабытты ақын бейне Бердібек айтқан «сұқсырдайын» еш іркілмей лыпылдай жөнелген:

«Әри деген қыз бопты жас жамалы,

Өз тұсынан өнері асқан ары.

«Айт дегенің айтайын әри-айдай...»

Депті жігіт қиылып қас-қабағы.

«Қайдан сені білейін, бойдай талай...»

Депті қыз болмаған соң басқа амалы.

Әлі күнге мұра боп жалғасып жүр,

Осы арадан бұл айтыс басталады».

Мұндайда ақ жал ақын Жамалқанның да үдете түсетіні бар, әріптесті арт-артынан соққылап, ары қарай сыналап тастайды. Егерде ой өрісі тарлау біреу болса, төтеп бере алмай «қол көтереді». Енді ол Құрманбекті мына қырына алды:

«Мен сені қыран дейін қырағы шын,

Қиырға тура тартып шығармысың.

Жердегі жеті жоқты бірден-бірден,

Әріптес, түсіндіріп шығармысың?»

Құлдилап құлап ағатын бір сулар болады, қанша бөгсең де дес бермей жөңкіліп беретін. Құрекеңді дәл осының өзі дейсің:

«Қалқатай сұрауыңның қатесі жоқ,

Күйеудің қайын жұртта батасы жоқ.

Ежелден құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ,

Иттердің сыйласатын атасы жоқ.

Ойласаң су біткеннің  сүйегі жоқ,

Тоқтаусыз соққан желдің тиегі жоқ.

Тасқа тамыр бітпеген өсімдіктей,

Бұл шешуім шықты ма жүйелі боп?»

Жан-жақтың қысымы жан алқымдап тұрған қысылтаяң сәтте, қиуасыз  қойылған сауалға  қолма-қол жауап қайтарып көріңіз қане.

Әрине, өрелі айтыс қос ақынның ортақ еңбегі. Бір жағы мықты, бір жағы осал айтыстан сара туынды шықпайды, тіпті оны жеңді-жеңілді деп жіктеп жатудың өзі бас артық шаруа. Зерттушілер  «Біржан-Сара айтысын» қазақ айтысның шоқтығы, деп қарайды. Расында солай. Мұның осындай шоқтықты болуы екі ақынның ойының кеңдігі мен білігінің тереңдігінде жатыр. Осыған ұқсас Жамалқан да ер жігіттың ары жағын  сынар күрмеулі сауал қоймаған болса, бәлкім, Құрманбектің де мұндай өрелі жауабы тумас еді. Ақ иық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» дейтіні де осыдан. Осындай үлкен ой тартысында суырылып шыққан ақынды ғана шынайы ақын, дейді халық. Демек Құрманбек пен Жамалқанды осы заман айтысының серкелері деуге болады, сол  үшін де олар кейінгі буын жас ақындардың «атасы» мен «апасы» болған да, әр жолғы жыр сайыстарда олардың есімдері бар ақынның өлеңіне арқау болып жатады.

Албатта, Құрманбек қойған күрелі сауалдарға Жамалқан да іркілмей жауап қайтарып, дарабоз талантын әйгіледі.

«Жауабың талабыма татығандай,

Болады мұнан артық ақын қандей?!

Бермеді қолға тізгін деп отырсың,

Құреке сен де сұра қапы қалмай». Біздің қазіргі кейбір жас ақындарымыз арасында, жұмбаққа жамалқанша осылай деп тіленіп тұрып жауап қайтарғанды қойып,  әріптесінің алғашқы сұрауының өзінен жүрексініп, ойы он саққа бөлініп, соңында тыңдарманын өкпелетіп алғандар да болған. Бұл идеиялық дайындықсыздықтың, қатаңырақ айтқанда, таяздықтың белгісі.

Құрманбек пен Жамалқандағы бір үлкен ерекшелік жұмбақты шымыр ұйқасқа құрып тұрып жүйелі қояды. Ал енді Құрағаңның жұмбағы мен Жамалқанның шешімін қараңыз:

«Жамалқан көрмек болсаң бізден тыңдап,

Қояиын алдыңызға бірер жұмбақ.

Аяулы бәрімізге болған әжем,

Тым ұзақ жас жасаған жүздеп-мыңдап.

Дариға-ай, сол әжемнен мәпелеген,

Айрылдым бір апатта төте келген.

Шуылдап бір топ бала қала бердік,

Бағдарсыз бірін-бірі жетелеген.

Іздедім тірі екенін ұғып кейін,

Табудан бар күшімді ірікпедім.

Депті әжем: «мәңгі өлмеймін іздей берсін»,

Естіген жерің бар ма біліп тегін?»

Ұлттық өнерден хабары болмаған адамға құрағаңның бұл жұмбағы асу бермес асқар іспетті, бұған парасат-пайымы мол, жалпы білім деңгейі жоғары ақын ғана жауап қайтарады. Сонда отырып Жамалқан:

«Фолклор бар өнердің текті анасы,

Емес пе көркемөнер көп саласы.

Дерегін ғасырлардың іздеп жүрміз,

Ешкімнің бұған айтар жоқ таласы.

Қорғауда ел мұрасын асыл ерлер,

Кетуден қаймықпаған сотқа басы.

Екеуіміз емес пе сол мұраны,

Темір етік тоздырған жоқ қараушы», — деді. Көне мұра атаулының көбіне көр соқырлықпен мұрын шүйіре қараған тұста, фолклорымыздан бір мезет көз жазып қалғанымыз рас, заман көзінің оңға қарауымен өшкеніміздің жанғаны да ақиқат, шындық. Қос ақынның деттеп отырғаны да осы.

Атам қазақ сөздің жүйесін таныған, мұның өзі үлкен білімділікті, аңғарлықты аңдатып жатады. Жамалқанның бойына осы қасиет дарыған ақын. Сол үшін де осы айтысытың соңғы шешімінде Құрманбекті:

«Әсет, Біржән өлді деп естуші едім,

Тірі жүрген рухы сен екенсің», — деп бағалады

Жалпы Құрманбек пен Жамалқанның осы жолғы айтысы суырып салма айтыс жасампаздығының шынайы үлгісін көрсетті. Өз басымыз бұл айтысты олардың барлық айтыстарының ішіндегі шоқтығы ең биігі деп қараймыз, әсіресе Құрманбектің дүние таным жағында барған сайын биіктей түскендігін  аңғарамыз...

Ақын дәуірдің төлі, ақынды дәуір баулиды. Өзі жасап жатқан уақыт пен кеңістіктен тыс, жеке-дара қалатын бірде-бір ақын болмайды. Егер болады делінсе, ол тарки дүниешіліктен басқа дәнеңе емес. Мұндайда ақында қайнаған өмірге деген жалындаған ынта да, шынайы сезімнен туған сүйіспеншілік те болмайды. Ынта жоқ та, өмірден үйрену жоқ. Ал, өмірден үйренбеген, ойы жұтаң, ойламы таяз, тілі кедей адамнан ақын шықпайды. Ақындыққа баруда адамға табиғи таланттан сырт, мол білім қажет. Қарсы жақтың не айтып отырғанын түсінбей, өз алдыңа ала қашсаң, бұл сенің кенжелігінң, кенделігің.

Біздің қазыргі жас айтыс ақындарымыздың бір талайында үйрену жетпейді. Өрелі айтыс жүйелі үйренуден туады. Өткен күндерге үңілер болсақ, әр бір кезеңдерде білімі қордалы, білігі мол ақындар әріптесін алып та, шалып та «жығып» отырған.  Демек, Құрманбек пен Жамалқанның жоғарыдағы жұмбақ айтысын осы заман айтысының биік деңгейін танытатын сара туынды деп кесіп айтуға болады. Әрине, бұл — қос ақынның өмірден жалықпай үйренгендігінің нәтижесі.

Жасырары жоқ, соңғы кездерде біздің көзімізге осындай жұмыр өрілген айтыстар тым сараң көрінетін болды. Бір мезет жарқ етіп шығып өнер айдынын өзінше дүрілдетіп, болашағынан үлкен үміт күттірген ақындарымыздың соңғы жылдардағы мимырт қадамы, шыны керек, өлең құмар қауымды недәуір үмітсіздендіріп қойған жайы бар. Үйрену — мәңгілік парыз, ал азамат болу онан да маңызды. «Толдым», «болдым» деп тоқмейілсуден ешқандай жақсылық келмейді. Бұл жағында Құрманбек кейінгі жастарға үлкен мектеп, мәңгілік оқылар кітап, жас буын ақынға осы түйін айқын болуға тиіс

Құрманбекке ақындықты Тәңір бере салған жоқ. Бәрін де өмірден оқыды, тұрмыстан тоқыды. Қаршадайынан өмірдің аязына қарылып, аптабына қақталды. Бәрін көріп өсті. Осындай ортада жігерін шыңдады. Қысталаң күндерде рухын жасытпай, жаутаң көз боп мүсеуремей, өмірге оптимистік көзбен қарап, жарқын болашаққа үлкен сеніммен үңілді. Таланттың қасіретті өмір жолы бүгінгі әсем өнер жолына осылай ауысты, сол үшін де оның өлеңдерінен қайсарлық пен қайраттылықтың жалыны лапылдап тұрады. Оның Мейрәмқанмен, Күләнмен, Изетпен, Бәтимәмен, Қаленмен, Ләззәтпен, Әқылимамен, Ханшамен әріптестік айтыстарында да осы ерекшеліктер бірден көзге ұрады.

Құрманбек әріптесін ешқашән да орынсыз теңеулермен шенеп-мінемеген немесе айыбын бетіне басып, ел алдында ыңғайсыз күйге түсірмеген. Есесіне а деп басталғаннан-ақ қарсы жағын желеп-жебеп, ершімді өлең айтуға қузап отырған. Қарсы жағының түр-тұлғалық кемістіктерін орынсыз  қазбалай беру де айтыс мәдениетніе жат қылық

«Өрелі өлең туар талапкерден,

Өнерге өз дәуірім қанат берген.

Ақмарал — аманбысың, ақын Күлән?

Алтайдан құрбың едім қалап келген,

Бұл сазға Сал Біржандай ат арытып,

Басқадан бағыңдаы зор балап келгем.

Күтемін өнегелі өнеріңді,

Тұлғалы туған қыз деп санатты елден».

Бұл — Күләнмен айтысының түсе қалған жері. Ақындар айтысы екі-үш күндік бой жазар дыр-думан емес, үлкен өнер сайысы, өлең бәсекесі. Бүгінгі тамаша айтыс — ертеңгі ұрпақтың рухани азығы, ұлттың қазынасы. Осы талапқа жеткізу ақынға сын. Демек, қолына домбыра алып, сахнаға көтерілген адам осы түйінді шынайы түйсінуге тиіс. Құрманбектің: «өз басым әрбір сөзіме аса жауапкершілікпен қараймын, артына үлгі-өнеге қалдырмаған ақынды өмірден бос өткен адам деп есептемеймін» дейтіні де осы жайды аңғартады. Халықтық өнерге жанашырлық осыдан артық болмайды. Екінші бір сөзбен айтқанда, бұл — кемел азаматтың ел деп соққан жүрегінің ып-ыстық лүпіл-тынысы.

Құрманбек биігінің тағы бір көрнекті қыры сөз тапқыш шешендігі. Ақындық пен шешендік егіз ұғым. Айтыс ақынында осы қос қанат тең жетілгенде ғана биікке парлап ұша алады. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысталаң шақта, ылғи да, соны сыр ашып, алуан теңеулер тауып отыратыны оның шешендігін аңғартады

«Көрік берген көркіңе ұзын салы,

Ақ маңдай, алма бетті, қызыл сары.

Тұйғын топшы, аршы төс, алма мойын,

Бой шымырлар тамылжып үзілсе әні.

Сүйрік саусақ, ақ білек таралмаған,

Кішкенеде үлкен де жаралмаған.

Өнер десе бал тамған таңдайынан,

Тамаша ақын Күләндай табарма адам».

Қолыңа қалам алып, ақ қағаздың алдында бір қауым толғанып отырсаң да ойыңа оңайшылықта орала бермейтін осы сұлу шумақтардың Құрманбек аузынан маржандай төгілгенін көргеніңде, таң қалу былай тұрсын, тамсанасың. Осындағы «ақ маңдай», «алма бетті», «тұйғын топшы», «аршын төс», «алма мойын», «сүйрік саусақ», «ақ білек» дегендер жайшылықта біз естіп, көріп жүрген, көп қаламгердың «көже-қатығы» болған теңеулер десек те, бірақ осының бәрін Құрманбек «қаумалап» әкеп, төрт жолға басы-аяғын жұмырлап, теп-тегіс қатарынан сиғыза қойғанда, су жаңа болып, жалт-жұлт етіп жарқырап-түлеп, аунап шыға келген. Мұны енді өзгенің емес, Құрманбектің деп қабылдайсың, соныкі деп мойындайсың, «өстіп айтқан екен» деп оқып жүресің, ұрпағыңа жалғайсың. Ақындық мәдениет, ақындық шешендік, қюадан қиыстырар шеберлік деген осы.

Жүйе ұтылап, ой қуалап айтысу — ақындар айтысының ең негізгі ерекшелігі. Сонсын бұл көрінген көк аттының емес, өмірден ұққаны мол, жаратылыс дүниесінің жомарт пейілінен шынайы нәр алған кесек, ірі ақынның ғана қолынан келер керемет. Ақын Жамалқан Қарабатырқызы екі-үш жылдың алдында бізге берген бір сұхбатының арасында қазіргі жас ақындарда осы жағының кенделік танытып отырғандығын, тіпті барған сайын солғындап, әріптестердің жаттандылыққа көбірек бой ұрып бара жатқандығын ерекше қадап айтқан еді. Көрнекті ақындар Қыдырқан Мұқатайұлы мен Қасымқан Уатқанұлы да осы көзқарасты құптаған-ды. Халық айтыса қалт айтпайды. Бұл жағындағы кемістікті қалай да түзетпей болмайды. Құрманбектің барлық айтыстарында үңіліп отырсаңыз, сөздің жүйесін, әріптестің ойын  қуып, еш қандай шашау шығармай толғаумен бірге, қарсы жағын да осы арнаға жетелеп отыратындығын аңғарасыз.

Ақын дәуірмен тыныстас делінетін болса, дәуірдің барлық лүпіл-тынысы, оңы-солы, күнгейі-теріскейі түгелдей ақын көзінен қалт қалмауға тиіс. Өмірдің ылғи да бір жағын ғана мақтап, маймөңкелеп өте шығудан немесе қараңғы жағын ғана қазбалай беруден аброй келмейді. Ақын екенсің, өмірге жауапты көзбен қарауың, шанайы шындықты айтуың, бәрін бір шыбықпен айдамай, дүниеге бірдің екіге бөліну көзқарасымен үңілуің қажет. Ақын жөнінен өмірде болып жатқан істерді , қай тұрғыдан ортаға қою ең маңізді.  Құрманбектің Қаленмен айтысы осындай бір тақырыптың шиесін шешіп жатады. Сонда кален отырып бүйдеген:

«Құрекеңе сөз болды жай келгенім,

Кейбір бастық  сүйейді шай бергенін.

Қарымжысы қайтады қай жағынан,

Көзім көрген пикөпте* қой келгенін.

Жасырынып жал-жая, қазы-қарта,

Қапты құрт пен қарынды май келгенін.

Ел алдында ақын ба төкпегені,

Құрекеңнің кей сөзін ептегені.

Толып тұрып нөмірі бір баланың,

Тарықтырды дашуеге* өтпегені.

Кете берсе ылаңы қайда барар,

Теріс нысай қай күні тектеледі?!»

(*Пикөп — жеңіл көлік, *дашуе — университет)

Әрине, ақынға өмірдегі «бармақ басты, көз қысты» қара байырлықты айту — парыз. Халықтың ақыннан дәмететіні де осы. Бірақ, бұл жалпылық құбылыс емес, даму жолында болып жататын, сылып алып тастауға болатын кішігірім мерездер. Бұған Құрменбек былай жауап қайтарған-ды:

«Тауып алдың демеймін қайдағы істі,

Артқы есікпен* кейбіреу айналысты.

Мен секілді біреулер шелек жалап,

Менен үлкен біреулер айран ішті.

Көп басшылар халыққа арнады өзін,

Барлығы да санаға байланысты.

Халық берген ұқықты пәк қып ұстап,

Ұмытпау керек морал, ар-бамысты.

Аз адамының алжасқан ісі ғана,

Қойса ұшықтап оларды ұшына ма.

Партиямыз пәктігін сақтап отыр,

Сен айтқандай ахуал ішінара.»

(*Артқы есік — сыбайлас жемқорлықты меңзеп отыр)

Реал өмірдің бар болмысы осы. Шынында, қазір партия ішінде өте аз санды адамның халық берген құқықты теріс айландырып, іріп-шіріп отырғандығына көз жұмуға болмайды, бірақ, бұл жалпылық емес, Құрманбек айтқандай ішінаралық жағдай. Ақынды дәуірдің тамыршысы дейтынымыз, міне осы.

Ұйғұрдың үлкен білікті ұлы Сайпиден Әзези бір кезде:

«Құрманбек, сен алтайдың бұлбұлысың,

Бәйгеден озып шыққан дүлділсің.

Ойларың бейне атқыған мөлдір бұлақ,

Күмбірлейді домбыраңнан бір күміс үн».

Деген екен. Әрине, бұл Құрманбекке берілер бағаның кішкентай ғана бір жағы. Пішіндік, құбылыстық тұлғасы. Әйтседе, терең тыныспен тебірене отырып, өмірдің иіні мен иріміне бойлап, сарабдал да салмақты ой айта алмаса, бұлбұлдың құр үнінен не пайда? Бізше, Құрманбекті бұлбұлға теңеу тақиясына тарлық етеді. «Құрағаң айтыс ақындары ішндегі шоқтығы биігі, бір дәуірдің маңдайға басары»(Мақсай Қожанайұлы). Солай, бірақ бұл да аз. Жамалқан Қарабатырқызы айтады:«Құрманбк ауыз екі айтыстың алыбы, шешен тілмен ұтқыр айтатын, халық аңыздарына, тарих-шежірелеріне, фолклорына әбден қанық  адам, өте ойшыл, талғампаз ақын. Аузына түскенін ұйқастың қажеті үшін құрай  салмайды, әр сөзін ойланып айтады. Құрманбектің сол жолғы менің сұрауларыма қайтарған қолма-қол жауабы  осы айтыстың өресін ерекше биіктетіп жіберді, мен бұл айтысты барлық айтыстардың шоқтығы деймін»,-деп.

Шынын айтқанда, Құрманбек — әрі оқылған, әрі оқылмаған кітап. Оқылғаны — ол көп айтыс жасады, елдің бәрі оқыды, жаттап алды, сұрасаң «мықты ақын» дейді. Ал, оқылмағаны — Құрманбек жөнінде бір талай сөздер айтылса да, өлеңдерін талдау, оған шолу жасау сияқты шағын формадан ары барған жоқ. Мәндік көзқарастар ортаға түспеді. Яғни, Құрманбек жөніндегі зерттеу тереңдеген жоқ. Әрине, бұл жеке Құрманбек ғана емес, Жамалқан, Бүбімәри  сияқты көрнекті айтыс ақындарының да басында бар жағдай. Әр бір өнер иесі өз бағасын өз тұсында алуға тиіс. Уақыт өтіп, ұрпақ жаңаланғаннан кейін зерттегенімен оның бар қыры толық ашылып кетпейді, көптеген тұстары ұмыт қалады. Біз көбінесе «темірді қызуында соқпаудан» немесе сол тұлғаны өз кезеңінде  бағамдай алмаудан ұттырып жүрген халықпыз. Осыдан ба, әйтеуір, көбінікі көз жұмғаннан кейін  ескеріліп, жатта кеп мақталып жатады...

Ақын болмаса, ақындар айтысы да болмайды. Ал, ақындар айтысы туралы сөз айту, өресін көтеру үшін, жеке ақынды бұтарлап зерттемей болмайды. Зерттегенде көне тарихқа, өткен күндерге, басы ашылған тұстарға айналсоқтай бермей, соны сырларын ашу, заман тынысымен қабыстыра, өзге ұлт көркемөнерімен салыстра зерттеу қажет. Мұны көрнекті зерттеуші Бексұлтан Кәсейұлы былай деді:«Айтыс өнерінің қыры мен сыры анықталып болды ма, зерттеп-зерделеуге, сыр-сипатын аша түсуге зәру болып отырған тағы қандай қатпарлы мәселелер бар? Айтыс өнері сөз болғанда сәпсім бұрынғылар айтып болған ереже-қағида тәрізді тұстарды ширлай бермей, шама келсе соны өрістерге назар аударып, тың мәселелерді немесе шыт жаңа болмаса да, шешім таппаған жайіттерді шешуге талпынбай болмайды деп ойлаймыз».  Шыны осы. Ақындар айтысын зерттеуге ендігәрі тың көзқарас айтпай, жөбішөнкі, олпы-солпылығын мінеп-шенеудің қажеті шамалы. Бәрі де даму барысында табиғи болатын жайіттер...

Салыстымалы түрде айтқанда,  осы заман айтыс тарихын Құрманбек Зейтінғазыұлынсыз елестеу қиын.  Ақын — дәуір перезенті делінсе, әрине, сол дәуірдің тыныс-тіршілігі оның жасампаздығына арқау болуға тиіс. Демек, Құрманбекті өзі жасап отырған қазіргі дәуірмен байланыстырып тұрып зерттеу, оған әсте байырғы ақындар айтысы үлгісінің көзімен қарамау, өз заманның ерекшелігін көрнектілендіру қажет деп қараймыз. Автономиялы Райондық Саяси Кеңестің бұрынғы төрағасы Жәнәбіл Сымағұлұлы 2006 жылы шіңгілде өткен Құрманбек жасампаздығы жөніндегі ғылми талқыда: «Құрманбек қанша өлең айтты, қанша сыйлық алды, қанша әріптесін жеңді, халыққа керегі ол емес, керегі өлеңінде қаншалық нәр бар, ұрпаққа ой саларлық салмақ бар ма? Ауыздан-ауызға, үйден-үйге, ауылдан-ауылға, аймақтан-аймаққа, тіпті шекара аттап шетелге жететін қуаты бар ма? Соңына халықтың қара өлеңі секілді ғасырдан ғасыр аттап өлмей, өшпей, ұрпақтар көңілінде сақталар жақұт жырлар қалдыра алды ма? Міне осы керек»,-Деді. Бұл — ақынның жеке басына да, оны зерттеушілерге де қойылар талап. Шынында солай, бір ақынның жеңгені мен сыйлық алғанын айту — ақпарат құрлдарының үгіт міндеті. Мұны журналистер өз кезінде тектеп айтқан, дүйім елге жариялаған. Ал, зерттеудің жөні бөлек, жауапкершілігі қатаң. Онда ақынның бар қыры мен сыры, яғни ақын жасаған дәуір, қоғамдық орта, ақын идеиясы, көзқарасы, айтыс мәдениетін дамытуға көрсеткен игі ықпалы, көтерген тақырыбы, айтыс өлеңінің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі, ақындық тіл қолданысы бәрі-бәрі мәндік жақтан, ғылми тұрғыда терңдей сөз етілуге тиіс. Құрманбекті зерттегендік — осы заман айтыс өнерін зерттегендік. Қазақ айтысын басынан-аяғына дейын бір тұтас тұлға, дамып, кемелдене беретін өнер десек, осы заман айтысы бұл алып тұлғаның бір сүбелі саласы. Ал осы заман айтысының өр жағында Құрманбек, Жамалқан бастаған мықты ақындар  тұр. Олардың  биігі осында. Құрманбек осылай зерттеуді талап ететін, әрі осы талапқа лайық әйдік ақын. Сонсын ол тағы тек айтыс ақыны ғана емес, өмірден түйгендерін өзінше толғап, оны көркемдік өремен бедерлеп халқыныа ұсынған жазба ақын. Бұған дәлел сұраушылар болса, «Ақындар айтысы» деп аталатын альманақтың соңғы жартысын оқыңыз дейміз. Бұл жөнінде көрнекті зерттеушілер Мақсай Қожанай мен Қарман Қомаңовта өз айтарларын айтқан. Әсіресе, Мақсайдың «Құрманбек жаратқан өлең ұйқасы» деген тың көзқарасы зерттермендерді елең еткізді. Қарманның ақын жасампаздығындағы философиялық ойға жасаған талдауы да көңіл көншітеді. Осындай егіз-қатар жасампаздықпен тең жетілу біздің елдегі ақындарда тек Құрманбекке ғана тән ерекшелік. Ол шыққан биікітң тағы бірі осы.

«Елге серт» деген өлеңінде Құрманбек:

«Өлең десе жасымнан толқығамын,

Білем онан өрелі ой туарын.

Азаматтық арымдай құрметтеймін,

Өлең менің кіршіксіз бой тұмарым.» депті.

Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның азаматтық жарнамасы бұл. Құрманбектің ғұмыры — өлең ғұмыр. Әне, ол енді теңін теңденіп, жыр жайлауына қаиқаиып барды, биіктеп барды...

Әділ Семейханұлы, «Шынжаң» газеті қазақ редакциясы тілшілер бөлімінің бөлім меңгерушісі

Дайындаған: Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы