Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Нағашыбай Қабылбек. Билік Айбекті «жер аударды» ма?

Дата: 10 января 2011 в 16:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Нағашыбай Қабылбек. Билік Айбекті «жер аударды» ма?

Айбек Қалиевті көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық.  Киелі Торғай өңірінде дүниеге келген ол бала тай кезінде топ жарса, есейе келе аламанда ат оздырды. Халықаралық және Республикалық айтыстарға қатысып бірнеше дүркін жеңімпаз атанды. Елдің құрметіне бөленген таңдаулы айтыскер ақындардың бірі. Еуразия университетінде қызмет жасаған жылдары қазақтың жақсы-жайсаңдарының алдын көріп, тәлім-тәрбие алғанын мақтанышпен айтады ақын. Қара қылды қақ жаратын турашылдығымен алқалы топта танылған Айбек Қалиев Астанадан Арқалыққа қоныс аударғалы да біраз болды. Бүгіндері Арқалық мемлекеттік педогогикалық институтында педагогика және филология факультетінің деканы.  Жуырда арқалы ақыннан сұхбат алудың сәті түсті.

— Айеке, көпшілік сізді сертке ұстаған алмас қылыштай көреді. Қай айтыста болмасын кесіп айтасыз. Шындықты алмас қылыштай жарқылдатып алып жүру бір өнер. Дегенмен, қапы кетіп өз денемді жарақаттап аламын-ау деп қорықпайсыз ба?

— Сөзіңіздің астарын түсініп отырмын. Сондықтан кең ауқымда жауап беріп көрейін. Халықтың алдына айтысуға шыққан соң, қалжыңға сүйеніп, қарсыласымды қағыта бергенше, көкейімде жүрген ойларды бүкпей ашық айтқым келеді. Бұл cөзім айтыста әзіл керек емес дегенді білдірмейді. Орнымен айтылған шымшыма әзіл айтыстың сәні ғой. Астарлы әзілімен-ақ қоғамның жанды жерінен «қыршып алатын» ақындар көп арамызда. Ақиқатқа шөліркеген халық өзіңіз айтқан алмас қылыш — шындықты жанып алатын тас қайрақ. Арзан әзіл мен кесек сөздің дәмін айыра білетін солар. Халыққа жағамын деп құр босқа төпелей беру ақынға абырой әпермейді.  Рас, кейде жан сарайымның зынданында жатқан ащы мысқылдар бостандыққа шығып, еркіме бағынбай кететін кездер жиі кездеседі. Сондай сәттерде билік басында отырғандар мені оппозиционерлердің қатарына қосып жібереді. Ол аз десең жеткен жетістіктерді көрмейтін көрсоқыр, жасалып жатқан жақсы істерді бағаламайтын қияли, «Асан қайғы», «Жылауық» деп атағандар да болған. Оларға не айтарсың? Ақталып ағымнын жарылғым келмейді. Билікті мақтап, қол жеткізген толағай табыстарды менсіз де жырға қосатындар жеткілікті. Маңдайалды «Егемен Қазақстан» газеті, көшбасшы «Хабар» мен «Қазақстан» арналары «мақтаудан» жарысқа түсіп жатыр емес пе? Менің олқы жерімді толтырып жатқаны үшін оларға «рахмет» айтамын. Бірақ құр мақтаудан халықтың құлағы сарсып біткенін  ескермейтіні жаныма батады. Сондықтан алмас қылыштай жарқылдаған шындықтың бір сілтенуі керек тоғышарларға. Кімнің қолымен болса да.

Билікті мұқатып ұпай жинау мақсатым емес. Бірақ көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрған мінді айналып өте алмайтыным рас. Әділетсіз айтылған сынның өзі жаныңды жаралап кетіп жатады. Оған қарағанда билік маған «оң» қабақ танытып жүр. Қатты айттың деп абақтыға қамап, сөзіме шектеу қойып көрген емес. Әр нәрсе өз уақытында айтылуы керек. Мысалы, біздің президент орнынан кетсе, бүгінгі көпірте мақтап жүргендер бірінші болып даттауды бастайды. Ал, сол күні Елбасымыздың жасаған жақсы істерін айтуды мен де қолға аламын.

— Лапылдаған айтыстың жалыны биліктің «маясына» шапшып кеткесін сөндірілді. Әркім әр саққа жүгіртті. Айтыстың «обалына» Айбек қалды, Елбасыға дат айтып несі бар еді дегендерге не айтар едіңіз?

Айтыс халықтық өнер. Киелі өнерді ешкімнің де меншіктеуге хақысы жоқ. Бізге дейін де айтыс арқылы қоғамның тыныс-тіршілігі халықтың құлағына ақындардың аузымен жетіп отырған. Қиядағыны қиып түсетін қырғи ақындардың артықшылығы да осында. Бірақ, сол замандарда «төске өрлеп» кеттің деп, айтыстың қол аяғын «кісендеп» тастаған кез болмапты. Жарайды, айтыстың тоқтауына  кінәлі мен болсам, айтыс неге «таяқ» жеуі керек. «Таз ашуын тырнап аладының» кебі емес пе бұл. Меніңше  айтыстың тоқтатылуына мына жайттар себеп болған тәрізді. Бүгінгі айтыс ақындарының көбінің ой-өрісі өте жоғары. Олар қоғамдық саяси өмірдегі келеңсіздіктермен үнемі бетпе-бет келіп отырады. Сондықтан күрделі-күрделі қоғамдық мәселелерді айтыс сахнасында көтеру белең ала бастады. Бұл халыққа ұнады. Билік ішін тартып қалды. Шеңберден шығып кеткен ақындар халықтың «көзін» ашып, бағытынан тайдырып жіберетіндей үрей биледі. Өйткені, біздің билік шындықтың жүзіне тура қарай алмай келеді. Биліктің бер жағында жүрген жылпос ағаларымыздың адресіне айтылған кейбір сындар, жоғарыға «сақал-мұрты» өсіп, адам «шошырлық» кейіпте анайылау жетіп жатты. Бұл менің жеке пікірім.

— Халықтың ойындағысын айтамын деп билік тарапынан ескерту алған кезіңіз болды ма?

— Арнайы шақыртып алып тіліңді тарта сөйле деп қысым жасаған, дөң айбат көрсеткен кездері болған емес. Ал телефон арқылы «бала тіліңді тарта сөйлесең қалай болады, әлі де көрер қызығың көп, биліктің жағасына жармаса беріп қайтесің» деген сарындағы ескертулер жиі болып тұратын. Мұның бәрі жүйкеге әсер етпей тұрмайды ғой. Сын-қамшының ұшы тиіп кеткен жекелеген тұлғалар да өкпе ренішін айтып жататын.                 — — - — -- — Жүрсін Ерман бір сұхбатында «Айбек Алматыда өткен «Бас кеспек болсада тіл кеспек жоқ» деген айтыста қатты кетті» дегенді айтты. Ұстазыңыз шошитындай не бүлдірдіңіз?

Алматыдағы әлгі айтыста шектен шығып кетті дегенге келіспеймін. Біреудің басын жарып, көзін шығаратындай сөз айтылмаған сияқты.Шындықтың бетіне тіктеп қарауға екінің бірінің жүзі шыдамайды ғой. Бәлкім жоғарыға жұмбақтамай тура жасаған соққыларым  ұнамаған шығар. Бірақ халықтан ешкім әулие емес. Кім не десе о десін, сол жолғы айтыс халықтың көңілінен шыққанына сенімдімін.

Айбек Астананың төріндегі жайлы жұмысынан Арқалыққа неге «жер аударылды?». «Арқада күн жылы болса Арқар ауып несі бар» дегендей, ел арасында әртүрлі алыпқашты әңгіме желдей есіп жүр. Осының нақты жауабын өз аузыңыздан естісек?

Менің Астанадан кетуімнен саясат іздеудің қажеті жоқ. Елдегі азаматтар бірге қызмет жасауға шақырды. Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педогогикалық институт осы аймақтағы білімнің қара шаңырағы саналады. Анабір жылдары осы білім ордасының жағдайы төмендеп, беделінің түсіңкіреп кеткенін жасыруға болмас. Оқырман жағымпаздық деп түсінбесін, осы ордаға жаңа келген ректор Жасұлан Шаймарданов қыруар еңбек сіңіріп екі-үш жылдың айналасында институтты адам танымастай етіп өзгертті. Республикадағы алқалы жиындарда институттың аты үлгі ретінде атала бастады. Қазір жоғары оқу орындарында ғылыми дәрежесі бар мамандардың санын арттыру жолға қойылып келеді. Сол себепті Жасұлан Құдайбергенұлы да ғылыми дәрежесі бар жастарды жинап, қызметке шақырды. Өзіңіз білесіз, облыс жабылғаннан кейін Арқалықтың жағдайы күрт қиындап кеткенін. Жартысынан жуығы қирап, соғыстан кейінгі Грозный қаласын еске түсіретін Арқалықтан ғылым кандидаттары түгіл, өзге аймақтардан келген студенттер де шошынып қайтып кетіп жатыр. Арқалыққа ешкімнің келгісі келмейтіні де рас. Ректорымыз ең әуелі осы елден шыққан азаматтарға қолқа салды. Сондай шақыртудың бірі маған да түсті. Торғай өңірі таланттылардан ешқашан кенде болмаған. Дарынды жастар легі өсіп келеді. Өзімнің туған жерімде қызмет жасап, соларға бағыт-бағдар беріп, үзіліп қала жаздаған Торғай ақындық мектебінің дәстүрін жалғастырғым келді. Көп ойланбастан Арқалыққа ат басын бұрғаным сондықтан. Билік мені «жер аударып» жіберді деген өтірік.

— Елімізде сөз бостандығы бар ма? Болса қаншалықты дәрежеде деп ойлайсыз?

Бізде сөз бостандығы жоқ.

Бұлай кесіп айтуыңызға не себеп?

Оған себепті алыстан іздеп әуре болудың қажеті шамалы. Кешегі тәуелсіздік күніне арналған айтыста ақындардың аузына қақпақ қойылып, қырын кетіп бара жатқандарға ескерту айтылып отырғанын естіп жатырмыз. Кейбір ақындар бүйте берсе, мұндай айтысқа қатыспаймыз деп жатыр. Шын тәуелсіздіктің шынайы салмағын мақтау арқылы жеткізу ешкімге опа бермейді. Айрандай ұйыған республикалардың іруіне желтоқсан оқиғасы себепкер болды. Сөйте тұра, біз тәуелсіздігімізді ең соңында жарияладық. Арада 20 жыл өтсе де тіл мен ділдің тәуелсіздік алғаны күмәнді. Әлі күнге қылқан жапырақтың тасасында тәуелсіздігіміз тойланып келеді. Дәл осылай жүре берсек әлі де тойлана бермек. Жай ғана мысал. Тәуелсіздік еліміздің басты мейрамы — Ұлық мереке. Оның алдына қара салуға болмайды. Сөйте тұра 25-қараша күні жаңа жылдың шырша ашылды. Бұл жаңа жылды тойлауды бастай беріңдер деген ишара. Сол-ақ екен Тәуелсіздік мейрамына бөлінген жарнамаларды жаңа жылдың ұрандары басып кетті. Ұлық мереке жайына қалды. Біз осы жаман әдеттен арылуымыз керек. Жаңа  жылдың Тәуелсіздікке «миығынан» күлуі өскелең ұрпаққа қандай тәрбие бермек. Ол аз десең биыл ұялы байланыс тораптары тәуелсіздік қарсаңында қалта телефондарына құттықтау жіберуге жарамады. Егер құттықтап жатса елдің мерейі емес пе? Қазақтың кеңістігінен сорғалатып пайда тауып отырғандар жеме-жемге келгенде мысық құсап көздерін жұма қалды. Тәуелсіздік қатардағы мерекелердей жай ғана аталып өтті. Астананың төрінде дүбірлеп өткен айтыста осыларды көзге шұқып айтуға болмас па еді? Өлең деген өсекшіні дос еткен  ақындарды оңашалап тезге салу кімге керек болды екен.  Бізде науқаншылдық әлі қалмай келеді. Биыл да былтырғы қойылым қайталанды. Басқа сценарий бойынша.

Ақындарды ауыздықтап алып, «тереңнен» қопарып сөйлеуге шектеу қою, кейбір ақындарды  ЕҚЫҰ туралы айтуға итермелеу, қорқытып-үркіту тыңдар құлаққа ерсі. Ақындардың аузына қақпақ қойған жерде сөз бостандығы жайлы әңгіме қозғау ұят.

Тәуелсіздікке арналған айтысқа сын айтуыңызға қарағанда шақырту алмағаныңызға өкпелі сияқтысыз?

— Жоға.  Жүрсін  Ерман ағам хабарласып, айтыс жайлы құлағдар еткен. Бірақ кейін министрліктегі сараптаудан өтпей қалғанымды естідім. Бір жағынан бұл айтысты үкімет өткізсе, ауызға қақпақ қойылатынын сездім. Қатысуға да аса құлықты бола қойған жоқпын. Жүрсін ағама өз орныма Тоба Өтепбаев атты шәкіртімнің қатыстыру жайында өтініш айттым.

Айтысқа қатыспасаң да көп жайттардан хабардар секілдісің?

Иә, ақын достарым хабарласып тұрды. Айтыс барысында  нені айту, нені айтпау турасында нұсқау беріліп отырған секілді.  Олардың сөздерінен ұққаным егер келесі айтыс дәл осы сарында өтетін болса айтысудан бас тартпақ ниеттері бар.

Айтыс биліктің қолына көше бастағандай. Бұлбұлдың да жемсауы бар дегендей ақындардыңда бала-шағасы, асқазаны бар. Келешекте сарай ақындарының көбеюі мүмкін бе?

— Айтысты билік өз қолына алғаннан кейін қаншалықты дәрежеде өткеніне халық сыншы ғой. Жақында «жақсылықтың жаршысы» «Хабар» арнасы азулы көріністердің «тісін» қағып алып, сұлу сөздердің бет ауызын «опалап» көрсетті. Дегенмен, билік өзінің қамшысымен жасқап менің сөзімді сөйле деп күштеп отырса, айтыстың тоқырау кезеңі басталады. Құр құлқын үшін айтыстан халық та жалығады. Айтыстан сән кетеді. Кең сарайларға халықты жинаудың бір әдісін билік табар, бірақ олардың жүрегіне жол табу әй, қиын болар. Сарай  ақындары жайлы сөз басқа. Олар қай заманда да болған. Және бола береді. Қолдан жем жеген қыранның бабы кетіп, бағы тайса тышқан ауласа да күнін көреді. Ал тектілері қорлыққа шыдамай өздеріне адал үкім шығарды? Ақындардың да арлылары, тектілері бар. Оған уақыт таразы.

Билік айтыстан шеттете берсе «асау» Айбектің «жуасып» ноқтаға басын июі мүмкін бе?

Сахнада әр ақын өзінің шынайы бет бейнесін көрсетеді. Биліктің бір жүлдесі үшін сөзін сөйлеп кетсем халыққа қарайтын бет қалмайды ғой менде. Сондықтан биліктің бір алғысын аламын деп халықтың қарғысын арқалағым келмейді.

— Әңгімеңізге рахмет!

www.masa.kz

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы