Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Ташкентте генерал Рақымовтың ескерткішін трактормен сүріп тастады

Дата: 11 января 2011 в 13:10

Ташкентте генерал Рақымовтың ескерткішін трактормен сүріп тастады

Бұрынғы Өзбекстан Компартиясы ОК-тің бірінші хатшысы Ислам әка Каримов КСРО-ның көзіндей «көлбеңдеп» тұрған кез келген нәрсеге кенеше қадалатын болған.

Астанада есін жоғалтып алса да, еркелеп ән шырқауын қоймаған Иосиф Кобзонды есігінен де сығалатқан жоқ. Ташкентте соғыс кезінде эвакуацияда болғанын бетке ұстап, «ардагерлерге тегін қайырымдылық концерт қоямын» деп қанша қиылса да Каримов көнбеді. «Ескі жүйенің идеологиясын насихаттайтын әндеріңнің түкке керегі жоқ» деп байғұсты бездіріп жіберді.

Біз 9 мамырды Жеңіс күні ретінде жалаулатып өткізсек, өзбектер үшін бұл — қаралы күн.

Әсіресе, Ислам ака ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай патшалық Ресей мен бұрынғы КСРО-ның көлеңкесін де таппайтын етіп, Ташкентті тазартуға кірісті. Есесіне Әмір Темір дәуірі мен бүгінгі тәуелсіз өзбек елінің белгілерін бедерлеуге күш салуда. 2009 жылы 22 қарашада Ташкенттегі автоматын басынан асыра көтеріп тұрған кеңес солдатының алып ескерткішін сұлатып сап, орнына ант беріп жатқан өзбек сарбазының ескерткішін қойды. Біз Астана төріне әспеттеп жаңадан шіркеу салсақ,

Ташкенттің қақ ортасында тұрған, салынғанына бір ғасырдан асып кеткен Александр Невский атындағы православ храмын бульдозермен сүргізіп тастады.

Әскери даңқ саябағында тұрған Отан Қорғаушылар монументін алып тастап, аллеяны комиссар, ұшқыш пен танкист, барлаушы бюстерінен, «Катюша», танк, ракета, зеңбірек сынды кеңестік әскери техника жәдігерлерінен арылтты. Кезек ұлттық батыр ретінде дәріптеліп келген Сабыр Рақымовқа келгенде де сабырлылық танытқан жоқ. Алдымен Батырдың есімін метрополитен стансасынан, сосын өткен қараша айында Ташкенттегі аудан атынан аластатты. Енді міне, ескерткіші... Ауғандағы өзбек генерал Достум да жетеді деді ме, Сабырдың өздерінде ғана емес, соғыс тұсында шығыс халықтарынан шыққан тұңғыш генерал екендігіне де пысқырып қарамады.

Мұны айтқанда біз, өзбектің өзгергеніне өкпелеп отырғанымыз жоқ. Орыстық құлдық санадан біржола құтылам десе, ол — елдің ішкі ісі. Өзбек елі — Петропавл пен Павлодар атауын ауыстыра алмай отырған Қазақстан емес.

Бірақ басқасы — басқа, ала тақиялылардың әлемге әйгілі қолбасшы Рақымовқа тиісетін жөні жоқ еді.

Қасық қаны қалғанша қанқұйлы жаумен айқасып, мерт болған, бүтіндей бір дивизияны басқарған даңқты генералды кеңестік жүйеде қызмет еткеніне бола, заманы үшін жазғырудың не жөні бар?! Ислам әканың өзі сол жүйеге қызмет етіп, көтерілмеп пе еді?! Әлде, Рақымовтың 1922 жылдан Қызыл Армия қатарында атты әскерде қызмет етіп, басмашылармен белсене күрескені үшін Қызыл Жұлдыз орденін алғанын бетіне баса ма? Ол жақта басмашылар тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалар ретінде бұл күнде қатты құрметтеледі. Әлде, бұдан басқа себебі бар ма? Бар болғанда қандай! Қанша жерден көлеңкелеп жасырса да, қазаққа келгенде қабағы қырыстана қалатын ала шапанды ағайын осы жерде өзін-өзі ұстап беріп отыр. Себебі сол, ұлттық батыр ретінде өзбектің мақтанышына айналған Сабырдың этникалық қазақ екендігі бұрынғы Одақ көлеміне түгел жайылып кетті! Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған, руы — Ұлы жүз ішіндегі Суан. Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс кезіндегі өмірін қысқаша шолсақ, 1942 жылдан 395-атқыштар дивизиясының командирі болған. 1943 жылы полковник Рақымовқа «генерал-майор» шені беріледі. Сұсты Сталиннің өзі Солтүстік Кавказды басқыншылардан азат етудегі ерлігі мен әскери шеберлігіне тәнті болғаннан «Темір генерал» деп ат қойған Батыр 1945 жылы 26 наурыз күні Польшада оққа ұшып, Ташкентке әкелініп жерленеді. 1965 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. 1967 жылы өзбектер «Генерал Рахимов» деген кино түсіреді.

Кезінде Бауыржан Момышұлы Сабыр Рақымовтың артында қалған сүйген жары Құралай Натуллаеваны (Сабырова) Ташкенттен Алматыға бірнеше рет көшіріп әкелген екен, өзағаңдар қайыра алып кетіп отырған. Әліби Жангелдиннің туған қызы болып келетін Құралай апай бұл турасында да, ерінің ұлты құжатта кездейсоқ «өзбек» болып жазылып кеткенін де (ол заманда «төлқұжат» болмағаны қандай жақсы, әйтпесе Төле мен Әйтеке би де, Жалаңтөс батыр да «өзбек» боп жазылып кетер еді), Батырдың соңғы арманы ресми түрде қазақ болып өлу болғанын да, осы жолда өзінің көрген талай теперішін де «Айқын» газетінен бастап, басқа да газет-журналдарда, теледидарда берген сұхбаттарында жеріне жеткізе айтты.

«Екеуміздің қазақ екенімізді дәлелдеу үшін 50 жыл бойы сандалып, бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. 1946 жылы кірмеген көрім қалмаған соң, ақыры әбден күйіндім де, радиокомитетке барып, Сабырды да, өзімді де «қазақпыз» деп жариялап жібердім.

«Сабыр — Ұлы жүздің баласы, Суанның ішіндегі руы Қанбағыс, Мәмбетбек датқаның немересі» деген сөзімді естіп, Өзбекстанның қауіпсіздік ұйымының қызметкерлері келіп, мені бір түнде жүк машинасымен алып кетті» дейді «Айқын» газетінің тілшісімен болған сұхбатта бұрынғы әскери дәрігер Құралай апа. Сабырды қайта қазақ қылу үшін жарты ғасыр бойы ары-бері шапқылап, ақырында жоғарғы әскери училищенің мұрағат бөлімінен «Сабыр Омарұлы» деген құжатын тапқан. Сонымен бірге Сабырдың туған жері Қазығұрттағы мұрағат қорында Туу туралы куәлігі сақталыпты. Өзі оқыған Ташкенттің әскери академиясында да ұлты «қазақ» деп жазылыпты.

Соның өзінде 1996 жылы халықаралық сотқа беріп, соның арқасында қазақ екенін ресми түрде дәлелдеген байғұс кемпір ерінің ақтық аманатын 50 жылдан соң орындап, елге көшіп келіп, Алматы маңында 2006 жылдың аяғында көз жұмғаны көпке белгілі.

Келесі 2012 жылы Сабыр Рақымовтың туғанына 110 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай тарихшылардан арнайы комиссия құрылып, Батырдың өмірін жан-жақты зерттеудің, насихаттаудың, үлкен дүбірлі шара қып өткізудің реті келіп-ақ тұр. Қағынан жеріген құландай өзбектер әйгілі батырдан сырт айналып жатқанда, бұрынғыдай халықтар достығына сызат түседі деудің енді реті қалған жоқ, өз бауырымызға шындап тартсақ, ердің де, елдің де мерейін асқақтатар іс болмақ. Әзірге Шымкентте Республикалық әскери мектеп-интернатқа (бұрынғы Суворов училищесі) есімі, Алматы, Шымкент, Таразда көше аттары, Қазығұртта ауыл аты берілгенін ескерсек, бұдан былай да Рақымовтың атын асқақтату ісі барлық өңірде жалғасын таба бергені жөн.

Еңселі ескерткішін тұрғызу керек. Бауыржан Момыш-ұлындай қазақ үшін қайталанбас тұлғаның қатарында қазақтың тағы бір алыбы иық тірестіріп тұрса, жаман ба?!

Бір айта кетер нәрсе, жат жерде туғаннан жатсынып жүрген жақсыларымыз жалғыз Сабыр атамызбен шектелмейді.

Өзбекстанда туып-өсіп, сонда көз жұмған кемел қазақтың тағы бірі — КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі, КСРО халық суретшісі, академик Орал Таңсықбаев. Осы Таңсықбаевты Қастеев есімін қастер тұтып өскен ұрпақ жөндеп танымайды да. Әйтпесе Қастеевпен қатар аталуға тиіс (кейін емес) қазақ бейнелеу өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірегейі. Әлемдік құбылыс. Таңсықбаевтың өткен ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанда тұрып, жұмыс істегені тағы бар. Кезінде осынау дара суреткерге Алматыдан пәтер алып беру үшін Мұхтар Әуезовтің өзі біраз жүгірген көрінеді. Бірақ неге екенін қайдам, үй берілмеген. Орал атамыз өкпелеп кеткен. Өкпелеткен — өзіміз. Өзағаңдар Оралдың қазақ екенін даусыз мойындайды. Бірақ қазаққа қимайды. Қимайтынындай бар, баға жетпес туындыларының түпнұсқасы түгелдей сол жақта.

Жатқа берген жерлерімізді қайта иеленбейтініміз анық, енді ең болмаса, есіл ерлерімізді егеленейік те. Өскен өлкесі өзге деп өлі аруақтарымызды өзекке теуіп, өзбекке телуді тыятын кез жетті!

«Тауларды да биіктетейік, даланы да асқақтатайық» дейтін Олжас ақынша қисындасақ, Бауыржан атамызды да биіктетейік, Сабыр атамыздың да салмағын асырайық, Әбілхан атамызды да әуелетейік, Орал атамызды да оралтайық.

По сообщению сайта Nur.kz