Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Гүлжаухар Көкебаева. Нар тұлға: саясаткер, ғалым, азамат

Дата: 12 января 2011 в 01:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Гүлжаухар Көкебаева. Нар тұлға: саясаткер, ғалым, азамат

Отан тарихындағы айрықша бір еңсесі жоғары тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқай туралы соңғы он бес жылда көп жа­зылып жүр. Солардың ішінде әрқай­сысының өзіндік айрықша орны бар туындылар ретінде Дархан Қыдыр­әлиевтің кітабы мен Көшім Есма­ғам­бетовтің «Әлем таныған тұлға (М.Шо­қайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы)» атты кітабы — осы тақырыптағы алғашқы іргелі зерттеу.

Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы деректер Қазақстанда жоқ екенін, олардың тек шетелдердің мұрағаттарынан табыларын кәсіби  тарихшылар білетін-ді. Алайда, соларды табу ғана емес, түсініп-оқып, аудару да екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. Осы тұрғыдан алғанда К.Есмағамбетовтің кітабын Мұстафа Шоқай туралы шетелдік деректер мен зерттеулердің энциклопедиясы деуге болады. Монографияда Алаш арысының Франциядағы мұрағатымен қатар Ресейдің, Өзбекстанның, Қазақстанның — барлығы 12 мұрағаттың материалдары, ұлт көсемінің өзі тұстас эмиграцияға кеткен түркі зиялыларымен жазысқан хаттары, кездесулері мен пікір алмасу деректері және шет тілдердегі зерттеулер пайдаланылған. Мұның өзі ұлт көсемінің саяси қайраткер ретінде қалыптасып, дамуын «сырт көз» тұрғысынан емес, оның өзінің ішкі толғаныстары мен ойлары негізінде зерттеуге мүмкіншілік берген. Кітаптың кіріспесінде Шоқайдың өмірі мен қызметінің Қазақстанда және шетелдерде зерттелуіне толық тарихна­малық талдау жасалған. Қазіргі отандық тарихнама саласындағы еңбектер көбінесе қазақ және орыс тіліндегі зерттеулерді талдаумен шектелетіндігін ескерсек, осының өзі жалпы Қазақстан тарихының тарихнамасына қосылған аса қомақты үлес екенін мойындауға тиістіміз.

Монографияда Мұстафа Шо­қай­дың өмір жолы, Қазақстандағы және шетелде эмиграцияда жүр­гендегі саяси қызметі, ұлттық тәуелсіздікке қатысты идеяларының қалыптасуы мен дамуы кешенді түрде талданған. Зерттеуші ғалым Алаш арысы өмірінің бұрынғы шыққан басылымдарда әртүрлі айтылып жүрген фактілерін де қарастырып,  шетелдік деректерді салыстыра отырып, дәлелді түрде жүйелеген. Автор Мұстафа Шоқайдың мемлекеттік қайраткер, саясаткер, ғалым ретінде қалыптасу жолын жеке кезеңдерге бөліп, «М.Шоқай дүниетанымының қалыптасуы», «Бостандық үшін күрес жо­лында», «Түркістаннан Парижге», «Ұлттық қозғалыстың ұйымдық негіздерін қалау», «Ұлттық қозғалыстың стратегиясы мен тактикасын айқындау» деген тақырыптармен топтастырған.

ХХ ғасырдың бірінші ширегінде саяси аренаға шыққан қазақ зиялыларының көз­қарасы мен идеялық бағыттарын зерттеуді көптеген авторлар олардың Ресей социа­листеріне (большевиктер мен меньше­виктерге) қатысты позициясын көрсетумен ғана шектейтіні бар. Ал К.Есмағамбетов Шоқайдың саяси көзқарасының қалыпта­суын оның басты мақсатымен — Түркіс­танның тәуелсіздігі жолында күресу мақ­сатымен байланыстырады. Демек, Шоқайдың университетте оқып жүрген кезіндегі Петербург қоғамының саяси өміріне бел­сенді түрде енуі, солшыл және центристік ағымдардың әртүрлі бағыт­тарының өкілдерімен  танысуы олардың идеяларының Түркістанның азаттық алуы мәселесіне тиімділік тұрғысынан іске асты. Шоқайдың студенттік жылдарында шет аймақтардағы халықтардың тәуелсіздігі мәселесі патша өкіметіне қарсы күрестің аясында жүргізілді, сондықтан Шоқай патша өкіметіне оппозицияда болған топтармен танысуға тырысты. Ол жұмысшы қозғалысына да, эсерлер мен кадеттерге де мән берді. Осылайша, Шоқайдың жас та болса, саяси қозғалыстың әртүрлі бағыттарымен таныса келе, кадеттер мен эсерлерге ойысуы оның болашақта ойлы саясаткер болатындығын көрсететінін автор дәл тапқан.

Кеңес өкіметінің идеяларын қабыл­да­удан  саналы түрде бас тартып, шетелге кеткен түркістандық қайраткер­лердің эмиграциядағы саяси қызметі, жалпы кеңестік Шы­ғыстың ұлт тәуелсіздігі жолын­дағы күресінің әлемдік аренаға шығуы туралы мәселенің отандық тарих ғылымында зерт­телуі тым-ақ кенжелеп қалғаны белгілі. К.Есмағамбетов еңбе­гінде аталған мәселеге айрықша назар аударылған. Автор «Жо­лайрығында» деп аталған бө­лім­де ұлт тәуелсіздігі мәселесінің шешілуінің соңғы үміті болған Құрылтай жиналысын кеңес өкіметі қуып таратқаннан кейін түркістандық қайраткер­лердің күрес тактикасын өзгертуге тиісті болғандығын көрсетеді. Тәуелсіздік жолындағы саяси күрес тығырыққа тіреліп, оның есесіне  қарулы  күрес етек алды, оның өзі (басмашылар қозғалысы)  тым тар радикалдық діни сипатқа ие бола бастады, сөйтіп күрес жолын таңдаудың да өрісі тарылды. Осындай жағдайда Мұстафа Шоқай шетелге кетті. Монографияда Алаш арысының шетелдегі орыс демократтарымен қатынасы да осы басты мақсат — ұлт тәуелсіздігі жолындағы күрес мақсатымен анықталғаны көрсетілген. Монографиялық зерттеудің Мұстафа Шоқайдың эмиграция­дағы өміріне арналған бөлімде­рінде тек Шоқайдың ғана емес, Еуропадағы бүкіл түркі эмигранттарының саяси қызметіне талдау жасалған. Бұл тұста Шоқайдың ой-өрісінің айрықша кеңдігі, өзіндік идеялары мен табанды тұғырнамасының болуы нәтижесінде түркі эмигранттары арасында  зор беделге ие болып, осы ортадағы саяси жетекшіге айналу жолы мұрағат деректері және Шоқайдың өз еңбектерін талдау негізінде баяндалған. Қазақстандық ғылыми әдебиетте әлі толық зерттелмеген «Түркістан ұлттық бірлігінің» қызметі кітапта жан-жақты талданған.

«Шоқай — халықаралық сарапшы және тарихшы» деген бөлімінде ұлт көсемінің ғалымдық бейнесі ашылған. Шынында да Шоқайдың халықаралық мәселелерге жазған мақалалары оның дүниежүзілік соғыстар аралығындағы халықаралық қатынас­­тарды, ондағы ірі мемлекеттердің рөлін,  өзіндік мақсаттары мен дипломатиялық «ойындарын» терең түсініп, талдау жасағанын көрсетеді. Автор Шоқай бейнесінің осы бір қырын да жақсы сипаттай алған. Бұл тұста автордың зерттеуіне Шоқайдың Париж мұрағатында сақталып, осыдан аз уақыт бұрын отанына оралған жазбалары мен еңбектері негіз болған. Шоқай дарынды ғалым, бірақ жан-жағында не болып жатқанына мән бермейтін бейсаяси «кабинеттік» ғалым емес, ол сол зерттеушілік қызметінің де туған халқының азаттығы жолындағы күреске зиянын тигізбеуін көздейді. «Көрнекті түркітанушы ғалымдармен және Батыс елдерінің зерттеу орталықтарымен шығармашылық байланыстар орнатуға мүдделілік танытқанымен, М.Шоқай өзінің саяси ұстанымдарына қайшы келетін қадамдарға бармайтын, — деп жазады К.Есмағамбетов. — Ол орыс бодандығын­дағы мұсылман халықтарының дербес өмір сүруге құқылылығын мойындамайтын­дармен қандай да болсын қарым-қатынастан ашық түрде, ешбір күлбілтесіз бас тартып отырды». Автордың Шоқайдың еңбектері Батыс елдерінде сенімді дерек көзі ретінде саналады деген пікірі де әбден дұрыс айтылған. Жалпы алғанда кеңес өкіметі басшыларының Шоқайды ұнатпауының бір ұшығы осында жатқан тәрізді.

Соңғы жылдарда мұрағаттардың бұрын құпия болып келген көптеген қорларының ашылуы белгілі қазақ зиялыларының өмірін, өзара қарым-қатынасын толық зерттеуге мүмкін­шілік берді. Бұл бағытта бірқатар көзге түсер зерт­теулер  басылып шықты. Алай­да, кейбір сәттерде жеке тұлғалардың идеялық қайшылықтарын, саяси позициясының айырма­шы­лығын түсіндіру орнына жеке бас араздығын талдап кететін жағдайлар да бар. Ал Көшім Есма­ғам­бетовтің зерттеуінде Мұс­тафа Шоқайдың замандас­тарымен қарым-қатынасы ұлт-азаттық қозғалысының стратегиясы мен тактика­сын ойластыру, сол мәсе­ледегі пікірталас пен идеялық айырмашылық тұрғысы­нан қарастырылған. Соған орай автордың ХХ ғасырдың 20-жылдарын­дағы қазақ қайраткер­ле­рінің саяси күрес бары­сында әртүрлі идеялық бағытта болуы олардың ең басты мақсат — ұлт тәу­елсіздігіне жету мақсатында ортақ тіл табысуға ұмтылу­шылығымен қатар, ұлттық дәстүрлі этикаға сай ымы­рашылдық пен өзара сый­лас­тықтың та болғандығын көрсетеді.

Кітапта автор кейбір белгілі тұлғалардың арасындағы ой-пікір алмасушылықтарды, олардың бірі-біріне  өзара  ықпалын да қарастырады. Шоқай өмірінің және азаттық қозғалысы тарихының фактілерін өзі зерттеген деректер бойынша талдай келіп, соның кейбір қырларын әлі де зерттеп, тиянақтай түсу қажеттілігін нұсқайды. Бұл жерде ғалымның әлемдік гуманитарлық ғылымда қалыптасқан аса бір жақсы дәстүрге — белгілі бір идея туғызып, соның негізінде болашақ зерттеулерге  бағыт беру дәстүріне сүйенгенін байқаймыз.

Еңбекте қазақстандық авторлардың Шоқайдың еңбектерін баспаға дайындауда жіберген қателіктеріне талдау жасаған. Автордың Б.Садықова мен С.Сапановтың кітаптарына берген сыны әділ екеніне дау жоқ. Алғашқысы — зерттеушілік еңбек емес, құжаттар жинағы. Ал құжаттар жинақтарына қойылатын белгілі бір талаптар (құжат­тардың түпнұсқадан ауытқымауы, егер түпнұсқаның бірнеше нұсқасы болса, оны атап көрсету, әрбір құжатқа түсініктеме беру,т.с.с.) бар. Екіншісі, ғылыми-зерттеулер қатарына жатпайды, өйткені, мәтіндегі фактілердің дұрыс-бұрыстығын анықтайтын сілтемелер жоқ. Кітаптың соңында берілген «Қысқаща библиография» деген тізім мүлде сын көтермейді, ал автордың ұстанымы Кеңес өкіметін жалаң жамандау тұрғысынан көрініп, ғылыми негізділігіне күмән тудырады. Б.Садықованың кітабын жақсы, көркем тілмен жазылған, көпшілікке арналған әдебиет қатарына жатқызу дұрыс-ау деп ойлаймын. Шынында да соңғы жылдарда Мұстафа Шоқай туралы қалам тартатындар көбейіп кетті, олардың кейбіреулері кәсіби тарихшы да емес. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайдың еңбектерін «ерінбегеннің» бәрі басып шығаруда, мәтіндерде мазмұндық және стильдік қателер де бар, оған түсініктемелер мен авторлық ғылыми талдау да бермейді.

«Біздің заманымыздың адамына тән барлық адасулардан бір ұрпақтың өмірі барысында толық арыламыз деу қиын, мүмкін адамзат өз тарихының тар өлшемінен шығып, жаңаша ойлауға ие болғанша ұзақ жылдар керек болар», — деп Э.Фромм айтқандай еліміздің тарихындағы аса бір күрделі де қайшылықты болған кеңес заманындағы жеке тұлғалардың қазақ халқының азаттық қозғалысы тарихындағы орнын анықтау талай-талай дау-дамай туғызатын да шығар. «Адасулар» тек бүгінгі зерттеушілер ғана емес, сол тұлғалардың өзіне де тән екендігін ұмытпайық. Демек, болашақ  зерттеу­шілердің алдында тарихымыздағы белгілі жеке тұлғалардың әрқайсысының өмірі мен қызметін, көзқарасы мен ой-дүниесін әсірелеп, бояп, «ағартып», жақсартпай да, «сүмірейтіп», қараламай да, объективті түрде ғылыми тұрғыдан зерттеу міндеті тұр. Көшім Есмағам­бетовтің «Әлем таныған тұлға» атты кітабында бұл міндет ғылыми негізде  іске асырылған. Монографияда Шоқай бейнесі жан-жақты сомдалған, ал автордың әрбір сөзі дерекпен дәлел­денген, әрбір тараудың соңында сіл­темелер берілген, мұрағат құжаттарының көшірмесі мен фотосуреттер ақиқатты айқындай түскен. Осындай ғылыми құндылығы айрықша жоғары, орасан зор көлемдегі жаңа деректерді ғылыми айналымға қосқан монографияның бағасы жоғары әрі құнды екенін айтқымыз келеді.

Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА, тарих ғылымдарының докторы

«Егемен Қазақстан» газеті

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы