Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Гүлмира Тойболдина. Судың зары қысқанда, Қазақстан бірінші құрғайды

Дата: 13 января 2011 в 13:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Гүлмира Тойболдина. Судың зары қысқанда, Қазақстан бірінші құрғайды

Қазір жер бетінде суды сырттан сатып алып, тасымалдап ішіп отырған мемлекеттер бар. Мұндай жағдайға Қазақстанның да ілігіп кетуі кәдік. Еуразиялық құрлықтың қақ ортасындамыз деп кеуде қаққанымызбен, мұхиттардан алыс жатқан Қазақстан ТМД елдері арасында суы ең аз ел болып есептеледі. Ал Орта Азия бойынша біздің ел су қоры таусылуға айналған мемлекеттер қатарына сырғып барады...

Мәңгілік еш нәрсе жоқ. Бәрі де түгесіледі. Мұнай, металл, өзге табиғи байлықтар да... Өркениет озған сайын түрлі қор да таусылады. Адамзат қазір қаржы дағдарысынан шығудың амалдарын іздеп, бас қатырып жатыр. Бірақ бұл да — уақытша құбылыс. Адамзат атаулыны қаржы дағдарысынан да өзге, қатты алаңдатып отырған бір мәселе бар. Ол — су.

ЮНЕСКО 2030 жылға қарай жер шары халқының жартысына жуығы (47 пайыз) су тапшылығына ұшырайды деп отыр. 2 миллиард адамды сумен қамтамасыз ететін, ең ірі деген 7 өзен бастау алатын Гималай мен Тибеттегі мәңгілік мұздақтар шапшаң ери бастады. 2100 жылы мұздақтар еріп бітеді, жер бетіндегі үлкен-үлкен 70 өзен тартылады деген болжамдар айтылуда.

Су тапшылығы дегеніміз не? Бұл ең алдымен — елді мекендер қаңырап бос қалады деген сөз. Ішкі-сыртқы миграция артады. Су тапшылығынан миграцияға ұшырайтындардың саны 700 миллион адам болуы ықтимал. Су тапшылығы артқан кезде, егістік жерлердің көлемі азаяды, демек, дүние жүзі бойынша астық тапшылығы туындайды, азық-түлікке деген сұраныс артқан үстіне артады.

Қара құрлықтың жарты миллиардқа жуық халқы қазірдің өзінде таза су іше алмайды. Олар өзен-көлдер мен жаңбыр суларын қорек етіп отыр.

Уақыт өте келе, әлемдік нарықта судың бағасы мұнайдың бағасымен теңесетін болады. Су әлемдік саясат­тың басты құралына айналады. «Осы ғасырдың ортасына таяу әлемде су тапшылығы туындайды» деген болжам­дар­дың кейінгі кезде жиі және батыл айтылып жүргені осыны мегзейді. Адам баласының мұнай мен газға қарағанда, суды барлық жерде, барлық кезде қолданатынын ескерсек, бізді қандай сынақ күтіп тұрғанын мөлшерлеу қиын емес. Жер бетінде су дағдарысы орын алса, тіршілік атаулының не күйге түсерін ойлаудың өзі қорқынышты!

БҰҰ-ның Даму бағдарламасының есебі бойынша, Қазақстан халқының үштен бірі таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Егер жағдай бүгінгіден өзгермесе, енді 30-40 жылдан кейін таза ауызсуға деген халықтың қажетін өтеу Қазақстанда тіпті мүмкін болмай қалады. Себебі, біздің елде таза су қоры қазірдің өзінде, бар-жоғы 3-ақ пайызды құрайды. Әрине, «Шетелдік сарапшылар не болса, соны айта береді» деп қол сілтеуге болар еді. Десек те, біздің елді мекендердің дені қазіргі таңда ауызсу зардабын тартып отырғаны жасырын емес. Рас, әр аймақта Үкіметтің қаулысы бойынша «Ауызсу» бағдарламасы «Ақбұлақ» бағдарлама­сына ұласып, әлі де жалғасуда, бірақ халықтың үмітін ақта­ғаны шамалы...

Қазақстан суды Ресей мен Қытай­дан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбек­станнан алады. Осы елдермен екі арадағы әр трансшекаралық өзен бо­йын­ша, бүгінге дейін белгілі бір қиын­дықтар қалыптас­қанын жасыруға болмайды.

Айталық, Батыс Қазақстан облысын­дағы табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді! Өйткені ондағы су көлемі көрші ел аумағында қалыптасады. Мәселен, Қазақстанның батысындағы ең үлкен су көзі — Жайық өз бастауын Башқұртстаннан алады. Өзге екі үлкен өзен Шаған мен Деркөлдің бастауы Орынбор аумағында жатыр. Қараөзен мен Сарыөзен Саратов облысынан басталады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1992 жылдың 27 сәуірінде Ресей мен Қазақстан мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендерді бір­лесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Шындап келгенде, бұл келісім, негізінен, Ресейге қызмет жасады. Көршіміз жаңа су қоймаларын салды. Бұрынғы су қой­маларына күрделі жөн­деулер жүргізді. Мұның бәрі бізбен келісілмей-ақ жүзеге асып жатты.

Келісімнің біржақты сипат алуы Орал өңіріндегі су мөлшерін азайтып, сапасын төмендетіп жіберді. Сарыөзеннің төменгі ағысындағы көлдердің дені, Қараөзеннің қойнауындағы Қа­мыс, Самар көлдері кеуіп қалды. Бұл эко­логияға да әсер етті. Су төңірегіндегі келіссөзді қайта қарау туралы мәселе көтерілді.

Ресейдің Волгоград облысы арқылы Еділ суын Қазақстандағы Жәнібек суландыру жүйесіне беруде ресейліктер суды тауарға айналдырып, оған салынатын салық мөлшерін көтеріп жіберді. «Кісіде­гінің кілті аспанда» деген — осы!

Бір кезде мақталықты суару үшін есепсіз су жұмсаған өзбек ағайын­дардың арқасында Аралдың суы тартылды. Бұл аздай, енді олармен Шардара және Сырдария мен Әмудәрия суын бірігіп, тиімді пайдалану туралы бір мәмілеге келе алмай отырмыз. Қай жылы Өзбекстан мен Қазақстан қыр­ғыздардан су сатып алмаймыз деп еді, өз-ағаңның еш нәрсесі кеткен жоқ, Қа­зақстанның оңтүстік аймағы тасқын­ның астында қала жаздады. Қырғыз ағай­ындар «қазақ бауыр ғой» демеді, табиғи апаттың өзін тиімді пайдаланып, Қа­зақстаннан Қырғызстанға жеткізіле­тін жанар-жағармай тасымалына жеңіл­дік талап етті. Мұнан кейін де қазақтың суға қатысты жағдайы оңтүстікте оңала қой­мады. Қырғыз бен өзбек өз егістік­тері мен мақталықтарын кеңейткен сайын, Қазақстанның оңтүстік аймақтарын­да суармалы жерлер өте көп мөлшерде (2,3 мың гектардан 1,3 мың гектарға дейін!) қысқара бастады.

Бастауын оңтүстіктегі таулардың ба­сындағы мұздақтардан алатын біздегі өзендердің тартылу қаупі бар: мұз­дақтар еріп жатыр. Еліміздің шығы­сындағы екі ірі өзен — Ертіс пен Іле бастауын Қытайдан алады. БҰҰ-ның болжамы бойынша су мұқтаж­дығына бірінші болып ұшырайтын Қытай болмақ.

Мамандардың бағалауына қараған­да, ең қиын да ауыр жағдайды қытай­лықтар бастан кешеді. Өйткені 2030 жылы Қытайдың халқы 1,6 миллиардқа жетеді. Демографиялық өсу — аждаһа елінің суды пайдалануға деген сұра­нысын арттырады. Әлемдегі су қорының 7 пайызы осы елге тиесілі десек те, бүгінгі күні Қытайдағы өзен-көлдердің 90 пайыздан астамы ластанған. Ішуге, кейде, тіпті, пайдалануға да жарамсыз.

Бұл елде қазірдің өзінде ірі-ірі деген 30 мегаполис су тапшылығын сезінуде. Сарапшылардың пікіріне сенсек, 2030 жылға қарай Қытай ауызсуды сырттан сатып алатын мемлекеттердің қатарын толықтыратын көрінеді. Бірақ оған дейін Қытай қол қусырып қарап отырады десеңіз, қателесесіз. Ол қазір Қа­зақстанға қарай ағатын өзендерге тос­қауыл салуда. Қазақстан үшін Қытай экспансиясының ең қауіптісі — су болуы ғажап емес. Ертіс пен Іленің суын бұру — Қытай үшін сусыз жатқан Шыңжанды игеру үшін керек. Бұл жұмыстың басталуы — Қазақстанға экологиялық апат әке­летіні туралы дабыл да қағылды. Бірақ Қытай мен Қазақстан арасында шекарааралық өзендерге бірлесіп бақылау жасау бөлімшелерін құрудан әріге баратын салиқалы келісім болмай тұр. Көрші Қытай — халықаралық конвенция («Ше­кара­аралық өзендер ағысы және халық­аралық көлдерді қорғау мен қолдану жөніндегі Хельсинки конвенциясы») қабылдауға асығар емес және асықпайды да. Іле — Қас, Текес, Күнес деген үш өзеннен бастау алады.

Қазір дәл осы Іле бастау алатын жерге Жырынтай ГЭС-і салынған. Бөгеттің ұзындығы — 30 шақырым, биіктігі 2000 метрден асады. Бұл ГЭС басын мәңгілік мұз басып жатқан Еренқабырға тауының екінші бетінде сусыз жатқан Жың ауданы үшін пайдаланылмақшы. Қазір Ерен­қабырға тауын тесіп, туннель салу жұ­мысы жүргізілуде. Туннель іске қосылған кезде, Іленің бізге келетін суы 30 пайызға кемиді!

Текес өзенінде мұндай ГЭС-тің екеуі салынған. Қас, Текес, Күнес суға ғана емес, кенге де бай деседі. Тек қана Қас өзенінің бойында 17 кен шайқау орны ашылған. Мұның бәріне қоса, көршіміз шекаралық өзендердің жағалауларын бойлаған егістік көлемін үнемі арттырып отыр. Дүниежүзілік V су форумында ауыл шаруашылығы министрі А.Күріш­баев Ертіс пен Іле жағалауында Қытай егістік алқаптардың көлемін арттырған сайын, Қазақстан су тапшы­лығын сезіне бас­тағанын айтты.

Бірақ Қытайдың энергия өндіруге қажет суды еркін пайдалануы, өз өндірісін тоқтатпауы — Қытай мүддесі кез келген халықаралық конвенциядан жоғары тұратынын көрсетті. Қытай өз әрекеті арқылы су тапшылығынан құтылуда, ал Ресей мен Қазақстанда, керісінше, су мәселесі күрделене түсті.

Бір кезде өзбек ағайындар бізді Аралдан (олардың суды есепсіз пайдалануы теңізге құятын судың көлемін 75 пайызға дейін азайтып жіберген еді) айырды. Арал бүгін қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың қасіретіне айналды! Қазір Аралды жандандыру, жаңа су қорын жасау үшін де ешкім қол ұшын созып отырған жоқ. Ал қазір Қытай Балқаш пен Зайсаннан айыра ма деген қауіп бар. Оның ар жағында: «Ертіс пен Ілені бөгеп отырған Қытай Қазақстанды уысында ұстауды көздеуі мүмкін-ау» деген күдік те жоқ емес!

Біз үшін Ертіс пен Іленің құқықтық мәртебесі 10 жылдан бері тек сөз жүзінде ғана қалып келеді. Шанхай Ынты­мақтастық ұйымынан үміт күткен боламыз. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол біреу ғана, ол — Қазақстан, Ресей, Қытай тарапы бірлесіп, бір келісімге қол жеткізу. Бүгінде БҰҰ мамандары мен бірқатар сарапшылар алдағы уақытта әлемдік картада суға қатысты үш әлеуметтік-экономикалық мәселе туындап, басты күн тәртібіне айналатынын айтады.

Оның біріншісі — 2020 жылдан кейін әлемнің 22 мегаполисі (бұл деген — миллиардтаған халық!) құбырлар арқылы келетін тазартылған судың мұқтаждығын сезінеді. Әсіресе Қытайдың 50-ден астам қаласы қиыншылыққа тап болады. Өндіріске пайдаланатын су азайып, ауыл шаруа­шылығына қолданылатын су мөлшері азаяды. Осының салдарынан Қытай экспорттаушы елден импорт тасымалы ұлғайған мемлекетке айналады. Бұл әлемдік нарықтағы жағдайды күрделен­діре түседі. Африкадағы құрғақ­шылықтың салдарынан халық Еуропаға қарай ауады.

Екіншіден, су әлеуметтік деңгейді танытатын мәртебеге ие болады. 2015 жылдан кейін трансұлттық корпорациялар дамушы елдерден орасан зор көлемде су көздерін сатып алуды жүзеге асырады. Ауызсу мәселесі алдыңғы орынға шығып, көптеген елдің үкімет басшылары су ресурсын әлеу­меттік бақылау құралына айналдырады. Әлемдік нарықта су экспорты үлкен бизнеске жол ашады.

Үшіншіден, суды қайталап пайда­ланудың технологиясы жасалады. Су тапшылығы — суды үнемдеуге алып ке­леді. Осы су тапшылығын елдің алды болып сезінетін Қытай аталған дағ­дарыстан шығудың жолдарын іздей бастайды. 2025 жылдан кейін халық­аралық нарықта әлем­дік гидроэкономика саласы өркен­дейді, оны жүзеге асыру жөнінен Қытай алдыңғы орынға шығады. Қазақстанның бір үміті Сібір өзен­де­рін бұру жобасында жатқан еді. Сібірдің Ханты-Мансийский қаласы маңынан басталатын канал жоба бойынша Обь өзенінен басталып, Ертісті бойлай, Торғай даласы арқылы Сыр өңі­рінің Жосалы қыстағының маңына келеді. Сөй­тіп, Сырдарияны кесіп өтіп, Өзбек­станға тоқтайды.

Бірақ онсыз да ғасырға жуық талқыланған бұл жобаның дәл қазіргідей су тапшылығы қарсаңында жүзеге асуы мүмкін бе? Оған бірауыздан жоқ деп айтуға тура келетін сияқты.

Оның үстіне, кез келген жобадан геосаяси астар іздейтін Кремльдің бұл әрекеті түбінде бір қайтарымды талап етері сөзсіз. Кейбір экономикалық сарапшылар бұл үлкен саясатқа әкелер жобаның басы екенін айтады. Енді не істемек керек?! Суды тазартып, бірнеше рет қолдану әдісі туралы Еуропада 1975 жылдан бастап айтыла бастады. Тіпті мұнан екі жыл бұрын суды ысырап етпеу және тиімділігін арттыру туралы ұзақ мерзімге арналған бағдарлама да қабылданған.

Біздің мамандар, өз кезегінде, елдегі су тапшылығын реттеу үшін ең болмағанда барлық суландыру каналдарын жабық желіге көшіру керектігін айтады. Ал ұзақ мерзімді және ағымдағы міндеттерді шешу үшін тиісті халықаралық шарттарды дайындау қажет көрінеді. Болмаса, бүгін мұнайын шашып-төккен Қазақ­станның бір қасық суға зар болар күні алыс емес сияқты. Тек «айтқанның аузы жаман» демеңіздер...

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 01 (84) 12 желтоқсан 2011 г.

 

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы