Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бағдат Сәмединова.: «Өнер адамына атақ та, ақша да керек»

Дата: 13 января 2011 в 14:10 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бағдат Сәмединова.: «Өнер адамына атақ та, ақша да керек»

— Бағдат апай, адам баласының әр жылдан ғана емес, әр ай, әр күн, әр минуттан да сәттілік күтетіні ақиқат қой. Ал кеше ғана төрімізге енген Қоян жылын қалай қарсы алдыңыз?

— Әрине, әр жыл өз кереме­тін сыйлап жатады. Дегенмен үміттің жарқын күндері қашан­да қол бұлғап тұрады емес пе! Ылғи да алдыңнан бір шамшы­рақ жанып тұрады шақырып. Жаңа жылды Астанада тұратын қызым Маралдың үйін­де ерекше көңілмен қарсы алып, түнгі 3-тер шамасында бір жақсы құрбымның үйінде жалғастыр­дым. Жолдастарыммен Көкше­тау­дың баурайында өте жақсы демалып қайттым. Алматыға келген бетім осы.

— Ал кейбір адамдар: «Жаңа жылды тойламаймын, біздің жаңа жыл — Наурыз», — дейді...

— Қалай десек те, жыл санау 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қа­ра­ған түннен бастау алады. Сон­да қалай мойындамайсың?! Әлем жұрты шаттанып жатқан­да, бұған қалай немқұрайды қарауға болады? Жылт еткен қуанышты да бағалай білуіміз керек. Ал күн мен түннің теңе­сіп, тіршіліктің оянар сәті — нау­рыз екенін ешкім де жоққа шығар­майды.

— Ендеше, ойланып көрі­ңізші, Барыс жылы Сізге не берді?

Астанада жеке концертімді өткіздім. Сондай-ақ Алматыда Қа­зақкон­церттің 50 жылдығын, симфониялық оркестрдің сүйе­мелдеуімен Ш.Қалдаяқовтың еске алу кешін өткіздік. Осының бәрі жауапты кезеңдердің бірі болды.

— «Қазақконцерттің» мерейтойын атап  өт­­тіңіз­­дер. Бірақ онда әншілер жарқырап тұрғанымен, сахнаның безенуі еңсе басатындай әсер қалдырды...

— Сахна арзандау дүниелер­мен безендірілді. Өйткені оны көңілдегідей жасауға «Қазақ­кон­церт­тің» ақшасы жоқ. «Үкі­мет бөлмейді» дегенді естіп жата­­мыз. Оның жайын бухгалтер, басшы болмағаннан кейін біз қайдан біле қояйық. Әйтеуір неше жылдан бері күттіріп жүріп әншілерге бір-бір костюм тікті­ріп берді. Оған ризамыз. Бұрын­дары бізді жыл он екі ай­дың 8 айында «ақша тауып келуге»  қуатын. Балапан кезден келген соң, бұл мекеме ыс­тық. Бүгінгі таңда басшы­мыз­дың іскерлі­гінің арқасында арнайы гас­троль­дік сапарлар ұйымдас­ты­рылады. Одан үйіп-төгіп ақ­ша таппасақ та, жала­қыға қос­қанда жанбағысқа же­теді.

— Сонда аты әйгілі «Қазақ­­концертке» не жетіспейді?

— Жарнама жетіспейді. Ал оны жасау үшін, үлкен қаражат керек.

— Мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатыр ма?

— Егер жасалып жатса, көзге тү­сер еді ғой. Үкімет Астанаға көшкелі: «Қазақконцерттің жайы қалай?» — деген адамды көр­­ген жоқпын. Бәлкім, мен жоқта келген шығар. Өз басым естіген емеспін. Үлкен концерт­терден түскен қаржы сол жаққа кетеді. Әйтеуір әншілер­дің өне­рін пайдаланып жатқандай. Не­гізі, әді­лет­тілік деген болған емес және ол болмайды деп ойлаймын.

— Телеарнадағы бір сөзіңізде: «Дәстүрлі, қазақы әндерді айтқан соң, бізді көрермендер көп тыңдай бермейді», — деп едіңіз. Бұл сөзіңіз әннің қадірін білетін жұрттың көңіліне келеді деп ойламайсыз ба?

— Бірден-бірге жеткен халық әнін Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебековтердің арқасында өзі­мізге сіңірдік. Соны келер ұр­пақ­тың жадына жеткізер алтын көпірміз. Мұны қазақы көрер­мен жақсы білсе керек. Дегенмен халық әндеріне көңіл бө­лін­бейтіні рас. Әртүрлі кештерге, той-думандарға эстрадалық ба­ғыттағы әншілер шақыры­лады. Неге? Өйткені халықтың билеуі керек.

— «Қазақтың тіліне, салт-дәстү­ріне жаным ашиды» дегеніңізге не түрткі болды?

— Тіл деген бір ауыз сөздің артында бар қазақтың болмысы жатыр. Меніңше, бойында қа­зақ­­тың қаны бар нағыз азаматтар — Желтоқсан көтерілі­сі­не қатысты. Олар: «Қазағым еш­кім­­нен кем емес, басқаның табанына таптатпаймын», — деді. Осындай отансүйгіштік қасиет қазіргі жастарда бар ма екен? Арамызда қазақ деген елді мо­йындамай жүрген орыстар әлі де көп. Әйтеуір өзге ұлттың ұл-қыздары қазақ тілін үйреніп алып, әп-әдемі сөйлеп те жүр. Оған да тәуба! Өз ана тілін біл­мейтін, салт-дәстүрден мақұ­рым қаракөздерді көргенде қа­лай жаның ауырмайды, қа­лай ренжімейсің?!

— Орта буынның өкілі ретінде өнердегі жас­тарға нендей баға бересіз?

— Бүгіні бар, ертеңі жоқ ән­ші­лерді қабылдай алмаймын. Әнші болу үшін көптеген өнер тарландарының сүзгісінен өте­тін жүйе жақсы еді. Қазір бір жақсы ән жаздырып «жұлдыз» болып жүргендер өзіңді қағып өтетін болды. Бұл мәселе жайлы көп айтылып-жазылға­ны­мен, одан «май» шығып жатыр ма? Бір кезде Алтынбаева деген әнші шығып еді. Киімді де киді, сахнаны да керемет бе­зен­діріп аннан да, мұннан да көрінді. Қазір қайда енді? «Әсі­реқызыл тез оңар». Жасан­дылық деген осы. Сахнадағы адам образ жасай білуі керек.

Мәселен, әлем жұрты Алла Пугачеваға неге таң­данады? Өйткені оның әр әні — бір қойы­лым. Жан-тәнімен об­раз­­ға еніп, әр сөзіне мән береді. Ал бізде ол билейтін ән бе, би­ле­­мейтін ән бе, байыбына бармайды. Мағынасына қай­­шы қи­мыл­дайды. Тоқетері — не айтып тұр­ғанын түсінбейтін әнші­лер көп. Сондай-ақ қазақтың небір асыл қасиетін қор етіп, «жаным, сүй­дім, арманымды» қайта­лай­ды. Қазақта өзге те­ңеу жоқ па? Қазақ тілін аяйық та.

— Кейбір әншілердің санаға сіңген халық әндеріне, Шәмші әнде­ріне өзгеріс енгізіп, жаңаша түрлендіруін қаншалықты мақұлдай­сыз?

— Халық әндерін өзге иірім­дермен түрлендіріп, жаңалық енгізіп жатқандар бар. Бірақ тү­бін бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Ал Шәмшінің әндерін дауысына келсін-келмесін айтып жүрген­дер­ді көріп жүрміз. Оның әнін өзгертуге «өзі өлсе де, кө­зін көр­­гендер» жол бер­мейді деп ойлаймын.

— Қоғамдағы қандай жағдайға алаңдап, нендей нәрсеге көңіліңіз толмайды?

— Алаңдайтын мәселе көп. Жастардың тәрбиесі өте қиын. Баяғыда бізді «қызға қырық үйден тыйым» деп тәрбиелеуші еді. Қазір кейбір жап-жас қыз­дар бір-бір шалдың «ашынасына» айналған. Осыған қарап тұрып «болашақ қалай болады» деп налимын. Саин көшесіндегі қыздарды ары қуды, бері қуды. Содан жезөкшелік тыйылды ма? Олар оны кәдімгідей кәсіп­ке айналдырып, «қызметтерін» әлі де жалғастырып жүр.

— Оларды тізгіндеу үшін...

— Үлкенімізге қанағат бер­сін. Ақсақалдарымыз адасып жатқанда, жастардан не сұра­мақ­пыз? Ал ата-аналар қалай­ша баласын бетімен жібереді? Бәлкім, ұяты оянар... Жақында Қызылордада тұратын Айгүл деген қызбен кездейсоқ таныс­тым. Әңгімелесу барысында ол ІІБ-де қызмет істейтін үлкен кісімен уақыт өткізіп жүргенін айтты. Ұққаным — оның бар мақса­ты үлде мен бүлдеге орану екен. Сонда ол қыз «он екіде бір гүлі бір ашылмай» жатып, неге мұндай жеңіл жүріске ын­тық? Неге қалаған дүниесіне өз еңбегімен талпынбайды? Ол өз теңімен жарасымды емес пе?

Білуімше, жаңағы еркектің әр қалада бір-бірден әйелі, жеті-сегіз баласы бар екен. Ақыл тоқтатқан жаңағы ер­кек жас­тар­ға жөн сілтеп, жанын­дағы адасып жүр­ген қа­рында­сына неге дұрыс жол көр­сет­пейді? Сол «мықтының» үлде мен бүл­деге орап жүрген көңіл­десі өз қызымен, қарында­сы­мен, тіпті немере қызымен қа­тар­лас болмасына кім кепіл? Сон­да ар қай­да, ұлттық намыс қайда?

— Жақында «Келін» фильм­і­нің режиссері Ермек Тұрсынов «Алтын адам» жүлдесіне ие болды. Ал ақын Сара Тоқтамыс­қызы «қа­зақ келінін жалаң­аштаған режиссер бұл атақ­қа лайық емес» дегенді айтыс барысында тіліне тиек етті...

— Қазіргі заманда кімнің та­ныс-тамыры, ақшасы бар болса, «марапатты» солар алады. Тіпті сах­надан ешбір еңбегін көрме­ген адамдар атаққа ие болып жатыр. Ал аталмыш фильм бүкіл елдің көңілінен шыққаннан атақ алды дей алмаймын. Ондай фильм­ді қазақи орта көр­мейді. Ешкім ертең іздемейді де. Қазіргі мамандар ақша табу үшін фильм түсіріп, сол әрекет­ке мақтау іздейтін­дей. Ал оның тәрбиелік мәніне бойлайтын адам кемде-кем. Мәселен, «Келін­ді» сызылып тұр­ған «Қыз Жібек» фильмімен салыстыруға келе ме?! Онда бай­лық та, намыс та, әдеп те, нәзік сезім де бар. Арада 30 жыл өтсе де, сол «Қыз Жібек» өз қалпында.

— Мәдениет саласының олқы тұстары өз алдына, қоғамдағы тағы нендей тұс көңіліңізді алаңда­тады?

— Дін саласы. Қазір әртүрлі бағытты ұстанғандар елді адас­тыруда. Осы жағдайда дін басында отырғандар неге бір жүйеге келтірмейді. Байқауым­ша, бізде іштей кереғар дүние­лер астасып жатқандай. Біреу шешесіне: «Сен намаз оқымай­сың, демек қолың — харам, да­йындаған асыңды ішпеймін», -депті. Бұл қандай әдеп­тілік? Оған өмір сыйлаған анадан артық жан бар ма? Бұл деге­ніңіз қарсы тәрбие ғой. Біз кешегі атеизмді де бастан кешірдік. Сол кездерде ақ кимешек киген әжелеріміз ешкім­ге жарнама жасамай-ақ бес уақыт намазын оқыды. Бізді ешкімнің ала жібін аттамауға, өтірік айтып, жаман­дыққа бармауға үйретті. Осындай қазақи ізгі қасиеттерді имандылық деп түсіндірді. Егер ненің дұрыс-бұрысты­ғын асқан шеберлікпен уағыз­дай білсе, кім құлақ түр­мей­ді. Біз білмейтін терең сырлары көп қой. Ал хиджаб кию — белгілі бір халықтың киім үлгісі. Қазақ­тың жаппай хиджаб киюі­не қарсы­мын. Ол қанша жерден бетін бүркеп, бес намазын еселеп өте­ге­німен, жаны таза болмаса, не үміт? Дін белгілі біреулер­дің мақ­сатына айналып, басқа нәрсемен шатаспаса екен.

— Қазір телеарналар жас жұлдыздардың жарнама алаңына айналғандай. Ал өнердегі орны сал­мақтанған салиқалы толқыннан үлгі аларлық бағдарлама некен-саяқ. Негізі, телеарна да тәр­бие берудің бір саласы емес пе?

— Біз білетін Ресейдің теле­бағдарламаларында үлкен-кіші деп бөлмейді. Бар ғұмырын өнер­ге арнаған соң, кімнің ән айтқысы келмейді? Кейбір телеарна жастардан ақыл-кеңес сұ­райтын бағдарламалар ұй­ым­дас­тырады. Олар несін айтады. Көзін ашып, компьютермен жаз­­ған екі әнімен тойдан-тойға «шапқылап» жүр. Қай жерден ол ұлағатты сөз естіп, қандай бір кітап оқып тауысты дейсің. Қа­зіргі жастардың дені кітап емес, газет оқи ма екен? Проза, поэзия дегенге көз сала ма екен?

— Еліміз еңсесін тіктеді, ұлт рухы көтерілді дей аласыз ба?

— Тәуелсіздік алғалы бері кейбірі кей­ін кетсе, енді бірінің намысы оянды. Ал адамға ең керегі — намыс. Халықтың асыл қасиетін құнттамаған адамда ондай қасиет бола қоймас. Ұлт­тың рухы көтерілу үшін, әр адам өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Қазір ата-аналар «жастар өзі біледі» деп жатады. Ал жастар оны қай­дан біліп туады? Оны тәрбиелеу керек. Бойына тәрбие сіңіретін жастан өткен жас өзімбілермен­дікке салынып, ертең бағынбай кетеді. Біздің әлем елдерінен кейін қалуға еш хақымыз жоқ.

— Әншілердің гастрольдік сапарлармен ірі қала­ларды аралап жүретінін жиі естиміз. Жалпы, сіз­дер ауылда өнерсүйер ел барын ұмытып кеткен жоқсыздар ма?

— Несін жасырайын, ауылдағы халық әншілерді телеарнадан көруді жөн санайды. Өйткені ондағы тұрмыс әлі де төмен дең­гейде. Мәселен, біздің 500 дол­ларға жетпейтін айлығымыз бар. Ал ауылдың қарттары, ары кетсе, 10-20 мың теңге зейнетақы алады. Мұғалімдердің жалақысы да осыдан аса көп емес. Ендеше, олар қалай келеді концертке? Бала-шағасына жұмсайтын ақ­ша­сын сыртқа шаша ма? Дегенмен ауылдарға тегін концерт беру шарасы ұйымдастырылса мен келісер едім.

— «Екі жұлдызға» қатыс­тыңыз. Жұбыңыз Мэльс Елеусізов болды. Сайыс­тан ертерек шығып қалғанда, қатысқаны­ңызға өкінген жоқсыз ба?

— Өкіндім. Бұл — дарынды да үйлесімді жұптарды сұрыптайтын жоба емес, тек бизнеске құ­рыл­ған жоба. Яғни белгілі бі­реулер — ақшалы, енді біреулері масқара болып қалды. Мен соның екінші тобындамын.

— Жақында бір танымал актер: «Маған атақ ма­­­ң­ыз­ды емес. Сол атақтың орнына қаражат бер­се дұрыс болар  еді», — деген еді.

— Егер сол актерге ақша берілген болса, атақ беріл­мегеніне ренжір еді. Мен де ақша тапқанды жақсы көремін. Ол — менің бүгінгі тұрмыс-тір­шілігім, болмысым, барым. Қар­жым болмаса, мен қалай өмір сүремін? Ақшасыз мен өнерімді көрсете аламын ба? Соның ар­қасында үй алып, тұрмысымды түзедім. Ал атаққа ие болу — сің­ірген еңбегіңнің бағасы. Сон­дықтан адамға атақ та, ақша да керек.

— Өзіңіз қандай да бір атақтан үміттісіз бе?

— Атақ берсе, әрине, өнерім бағаланды деп қуанар едім. Егер атақ алуға әлі сай емессің десе, оған да мақұл. Бірақ кейде өнерге еңбегі сіңбей атақ алып жатқандарды көргенде, күйін­беске шараң қалмайды екен. Бүгінгі таңда ондай дәрежеге ие болу үшін де таныс керек сияқты. Ал менің тамыр-танысым жоқ. Кезінде кейбір үлкен кісілердің жолыма тосқауыл болғандары да кез­десті. Не өзі айта алмай, не бас­қаға жол бермей: «Ол кім сонша?» — дегендерін естідік.

— «Өнер адамында өзім­­­шілдік қасиет болмаса, биікке көтеріле алмайды» дегенге көзқа­ра­сыңыз?

— Біздің жаратылысымыздың өзі сол өзімшілдіктен тұрады. Себебі, бізді: «Менен өткен әнші жоқ», «Мен әдемімін, бәріне ұнай­мын» деген пікірге үйретті. Өнер адамында өзімшілдік болмаса, өзін-өзі дәлелдеуі қиын.

— Жақында Қысқы Азиа­даға арнап кейбір сазгерлер ән жазса, кейбір өнер иелері концерттік бағ­дарламаға ілінбегеніне ренжулі. Сізде қандай жаңалық бар?

— Азиадаға ән арнамадым, бармадым деп ренжімей-ақ қояйын. Ол қай продю­серлікке жүктелді, солар өз айна­ласын­дағыларды ғана жинауда. Ша­қырса, барар едім. Дегенмен құралақан да емеспін. Тараз қа­ла­сына барып Азиада алауын жаққалы отырмыз. Тегін концерт береміз. Ұйымдас­тырушы­лар біз­­ді баптап, ақысын төлеп қойғандай, кейде реніш білдіріп жатады.

— Ол күндер нағыз патриоттық әндердің шырқалатын шағы деңізші.

— Жақында маған хабарлас­қан ұйымдастырушы қандай ән айтатынымды сұрап, «Сен өкпе­леме», «Аппақ гүлдер» деген әндерді тізбелеп жатыр. Сонда мен: «Ойбау-ау, махаббатқа әб­ден батар болдық қой. Азиадаға рухты көтеретін, жалынды әндер керек емес пе? Мен бір патриот­тық ән, бір халық әнін айта —    мын», — деп кесіп айттым. Сонда ға­на: «Оныңыз да дұрыс екен», — деп жатыр. Негізінде, солай болуға тиіс емес пе?

— Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

— Көбіне кітап оқимын. Әрине, кітап атаулы керемет дей алмаймын. Елдің бәрі Абай мен Мұ­қағали емес қой. Бір ғана құнды сөзді табу үшін, бүтіндей бір туындыны оқуға бармын. Поэзияны сүйемін. Ақындардың өлеңдерін көп оқимын. Одан рухани азық алып, керек жерін өзіме түртіп алу қашанғы әдетіме айналған. Жақ­сы көретін ақында­рымның бірі — Қадыр Мырза­лиевтің 20 томдық кітабы шық­қалы жатыр. Алдын ала тапсырыс беріп қойдым. Қолыма тисе, сауатымды ашар дүние табам-ау деген ойдамын.

— Қос қанатыңыз — қызда­рыңызды қияға ұшырып­сыз. Кезінде «Hit TV» телеарнасының жүргізу­шісі болған Марал Бай­­ғара «әнші болуым мүмкін» деп сұхбат берген еді. Ол арнадан неге кет­ті?

— Мен балаларымды «атаңа ­нә­лет» деген масқара сөзге қалып жүрмеңдер деп тәрбие­ледім. Кезінде Марал аталмыш арнада қызмет істеп жүргенде, оның қазақи тәрбиесіне қайшы ашық-шашық киінуін талап етті. Ондайға намысы жібермеген соң, өз еркімен қызметін тастады. Қазір Астанада тұрады, баламен үйде. Ал Меруерт Алматыда Қа­зақ радиосында дикторлық қыз­метте жүр. «Өнерді үйрен де жирен» деген ғой. Өнер жолы оңай емес. Әнші болам деген­дерін мен қаламадым.

— Бағдат апай, сіздің көзқарасыңыздағы ер-азамат қандай болуы керек? Жеке өміріңізде не жаңалық?

— Негізі, қазақ жігіттерінің «сегіз қырлы, бір сырлы» бол­ғанын қа­лай­мын. Қазақтың барша азаматы солай болса деп армандаймын. Баяғыда ер айтса болды, ол орындалатын шаруа бо­латын. Қазірде сөзінде тұр­майтын азаматтар көп. Азаматтық борыш, ер­лік міндет кеміп бара жатқан­дай.

— Газет оқырмандары мен көңілдің хошын келтірер әніңізге құмар тыңдар­ман­дарыңызға айтары­ңыз.

— Жақсы мен жаманның қаді­рін ажырату үшін, газет-журнал­дардан қол үзбейік. Өйткені жақ­сылық жаныңды сүйсіндіреді, нем­құрайдылық жаныңнан өтеді де кетеді.

Демек, жан сүйсінтер жаңалықтар бола берсін. Мен өнерге халық әндерімен келдім. Ал бар өнер халық әндерінен бас­тау алады. Ендеше, асыл қазы­намызды сүйіп, халық әнін, салт-дәстүрін, мәдениетін баға­лай бі­лейік, ағайын...

Әңгімелескен —

Ардақ Иманбекқызы,

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 01 (84) 12 қаңтар  2011 жыл.

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы