Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Жарасбай Сүлейменов, депутат: «Балалар бесіктен белі шықпай жатып неге өмірден түңілетін болды?»

Дата: 14 января 2011 в 10:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Жарасбай Сүлейменов, депутат: «Балалар бесіктен белі шықпай жатып неге өмірден  түңілетін болды?»

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палатаның жалпы отырысында депутат Жарасбай Сүлейменов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда: «Соңғы кездері қайда болмасын жасөспірімдердің, мектеп жасындағы балалардың өздеріне өздерінің қол көтеруі жиілеп кеткені жасырын сыр емес. Европа мен Азияны ғана емес, бүкіл әлемді кезіп жүрген осындай қайғылы оқиғалар елесі біздің елімізді де орап өткен жоқ. Өткен жылы 13 қазанда Қарағанды қаласында он төрт жасар жасөспірім асылып қалды. Арада бес күн өткеннен кейін жұртшылық Алматы облысының Тұздыбастау кентінде он бес жасар екі жасөспірімнің  өздеріне өздері қол жұмсап, өмірмен қош айтысқандарын естіп, жағаларын ұстасты.

23 қарашада бұқаралық ақпарат құралдары Ақтөбе қаласында он жетідегі қыз бала мен он бес жасар жасөспірімнің  асылып қалғаны туралы ақпарат таратты. 26 қарашада осындай оқиға Алматыда қайталанды. Бұл жолы айтып келмеген ажалдың құрығына он алты жасар жасөспірім ілікті.

Желтоқсанның 6-13 аралығында Теміртауда, Семейде, Астанада, Ақмола облысының Щучинск қаласында тағы үш қыз, екі ер бала өз еріктерімен өмірден озды.

23 желтоқсанда Ақмола облысының Егіндікөл ауылында жергілікті мектептің 10 сыныбында оқитын қыз бала асылып өлді. Өкінішке орай жаңа жылдың алғашқы күндері де ата-аналарға қайғы арқалата келді. Бұрынғы күні ғана бұқаралық ақпарат құралдары жұртшылыққа Ішкі істер министрлігі академиясының бірінші курс студентінің көп қабатты үйдің төбесінен құлап өлгенін естіртті.

Осындай жантүршігерлік хабарлар кімді де болсын, бей-жай қалдырмауға тиіс. Он екіде бір гүлі ашылмаған, оңы мен солын танымаған, еріндеріндегі ана сүті кеуіп үлгермеген  балаларымыз баудай түсіп, қыршынынан қиылып жатыр.

Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылы  елімізде 260 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап өмірмен қош айтысқан. Жағдай өткен жылы да түзеле қойған жоқ, сөйтіп ел бойынша осындай 237 оқиға тіркелді. Бұл дегеніңіз осыншама ана қара жамылып, ботасынан айырылған бозінгендей еңіреп қалды, мыңдаған жүректерге жара түсті деген сөз.

Бір алаңдарлық жай, қайғылы оқиғалар барлық облыстарда дерлік тіркелуде. Шығыс Қазақстан облысында 30 шақты жасөспірім өмірі­мен қош айтысса, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе  облыстарының әрқайсысында 20 ның үстінде бала өздеріне өздері қол көтеріп, жас өмірлерін қиды. Соңғы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш екі есе өскен.

Сөйтіп, бүгінде ата-анасы баласы мектепке кетсе, үйге аман-есен орала ма деп, өздері жұмыста жүрсе, кешке балам алдымнан шығар ма екен деп алаңдайтын, мазасыз күй кешетін  болды. Ертең мезгілсіз ажал кімнің есігін қағады, кімді зар жылатады?! Бұл пәле бізге қайдан жабысты? Сырты бүтін, іші түтін балалар қайдан шығып жатыр? Балалар бесіктен белі шықпай жатып неге өмірден  түңілетін болды? «Сенің табаныңа қадалған шөгір менің маңдайыма қадалсын» деп бауыр еті баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр ата-ананың көз жасы неге құрғамайды? Бұған мамандар не айтады?

Олардың бір тобы суицид оқиғаларының  жиiлеуiне әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылық, дiни ағым­дардың әрекетi, есiрткi қолдану  себеп болып отырғанын алға тартады.

Өзіне-өзі қол жұмсаушылардың көбеюі ең алдымен телеарналардан беріліп жатқан ұрыс-төбелеске, қантөгіске толы фильмдердің  әсері, сондай-ақ, бәріне шайлығын айырамын, байлығын еселеймін деп шарқ ұрып жүрген ата-аналардың жұмысбастылығы кінәлі, олар күнкөрістің қамымен  таң атқаннан күн батқанша үй қарасын көрмейді, балардың оқуына, тәрбиесіне көңіл бөле бермейді, назардан тыс қалған бала өзін керексіз сезінеді деушілер де бар.

Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі қиындықтар бала психологиясына кері әсер етуде. Өз-өзіне қол салу — түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындайтын проблема.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының 2008 жылы «Балалар суициді» тақырыбында жүргізген арнайы зерттеуінде балаларды осы жолға итермелейтін негізгі себептер ретінде баланың күрделі әлеуметтік-психологиялық жағдайы, одан кейін — ұлтаралық қатынас, отбасылық тұрмыстың қолайсыздығы мен қолдаудың болмауы сияқты факторлар аталған.

Дүниенің ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы, неше түрлі компьютерлік ойындар, көбінесе жастардың арасында суицидтің көбеюіне ықпал етіп отыр.

Жасөспірімдердің  өздеріне-өздерінің қол салуына көбінесе,  айтылған сынды дұрыс қабылдамауы, қиындықтарға төзбеуі себеп болады. Сондай-ақ, қоғамдағы жат қылықтарға әуес, нашақорлар мен маскүнемдер суицидке бейім келеді.

Өзіне-өзі қол жұмсайтын жастардың көбеюі — еліміздегі жастар саясатының деңгейінің төмендігін көрсетеді.

Дәрігерлердің айтуынша, суицидті дəрігерлер аурудың бір түрі десе, психологтар бұл жан күйзелісінің көрінісі дейді.

Өткен ХХ ғасырдың басында осы жайға назар аударған австриялық психолог Зигмунд Фрейд адамның өзіне-өзі қол жұмсауы ызақорлық, агрессиядан болатынын мәлімдеген. Ал, америкалық психолог Карл Менниндер суицидтің барлығын санадан тыс жасалатын өзара байланысты үш негізгі себеппен: өш алу — жек көрушілікпен, тығырықтан шығатын жол таппағандықпен  және кінәлі сезімнің күштілігімен түсіндірген.

Біреулер бәрін жоқшылыққа жапса, енді біреулер оған кереғар ой тастайды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бірінші ойға бас шұлғиын десең, халқымыздың басынан небір қиын зауалдар өткен, қазақ аштықты да, жалаңаштықты да көрген. Бірақ сол үшін ешкім асылып өлген жоқ. Әлде, жастарды адастырып, шатастырып жатқан Абай атамыз айтқан, тамағы тоқтық, көйлегі көктік пе? Былай қарағанда, бәрі қисынды, айтылған сөздер нысанаға дөп тиіп жатқан сияқты. Сонда қалай, бұл — себеп-салдары түсінікті, қалыпты жағдай деп, өзімізді өзіміз жұбатып, сырттай бақылаушы болып отыра береміз бе? Жағдай түзелудің орнына  ушыға түссе, мұндай сәуегейліктен бізге не пайда?

Әлде, бәрі рухтың әлсіздігінен бе екен? Бұл жайды ауызға алып жатқан ешкім жоқ. Бірақ оны да есептен шығаруға болмайды.

Рас, жоғарыда айтылған оқиғалардың барлығы бойынша дерлік қылмыстық iстер қозғалған. Бірақ, көбінің себебі ашылмай жұмбақ күйінде қалып қойған. Әдетте, жасөспірімнің  неге осындай  қадамға барғандығы жіті зерттелмейді, іске қатысы бар лауазымды адамдар оқыс оқиғаны тезірек ұмытуға тырысады, кінәлілерді сырттан іздейді. «Өзара түсіністік бар жерде, қандай қиыншылақтар болмасын, бала ешқашан өз-өзін өлтіру туралы ойламайды да. Егер ондай болса, онда бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынаста бір кінәраттың болғаны.» Бұл ұстаздың сөзі. Олардың өздерін кінәлаушылар да жоқ емес. Ата-аналар кiнәлi, мұғалiм­дер кiнәлi,  қоғам кiнәлi  деп құр даурыққанмен мәселе шешіле ме? Жоқ. Сайып келгенде бұл жекелеген отбасының емес, қоғамның проблемасы, қоғамға төнген қауіп. Сондықтан онымен халық болып күресуіміз керек, араласуымыз керек! Әр тағдырға араша түсуіміз керек!

Мысалы, Жапония өткен жылы азаматтардың өздеріне өздері қол салуымен күресу, алдын алу үшін  бюджеттен 32 миллиард доллар қаржы жұмсапты. Бұдан біз нені аңғарамыз? Күншығыс елінде депрессияға ұшыраған адамдарды емдеудің мемлекеттік деңгейде ойластырылған бағдарламасы бар. Олар біз сияқты оқиғадан кейін опынып, санын соғып жатқан жоқ, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде, қоғам мүшелерінің, әсіресе, жастардың қауіпсіздігі үшін күресті басым бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Басы ауырып, балтыры сыздамай-ақ, кішкене ғана күйзеліске түссе, олардың адамдары психологиялық қызметке жүгініп, көмек алып отырады.

Бiз осы жағын ойластырдық па? Айына-жылына бiр өтетiн конференциялар мен басқосулар, балалар арасындағы суицидтің алдын — алуға байланысты облыстарда  ұйымдастырылып жатқан шала-жансар, даңғаза шаралар, әңгімелер  елiмiздi жайлаған мәселенi шеше алмайтынын түсінетін мезгіл жетті. Сон­дықтан осы мәселені мемлекеттiк деңгейде мықтап қолға алуымыз керек.

Бұған кейбіреулер «бізде де мектептерде психологтар бар, мектеп инспекторлары жұмыс істейді» деп уәж айтулары мүмкін. Біріншіден, мектептерде  балалардың мінез-құлқында өзгерістер байқалған жағдайда оған зер сала қарап,  ашық әңгімеге шақырып, себептерін анықтайтын ұдайы балалардың ортасында жүруге  тиіс  психологтар жетіспейді, болған күннің өзінде білімі мен біліктілігі талаптарға сәйкес келе бермейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыстың ақсап жатқаны ақиқат.

Елімізде психикасы әлсіз адамдарға көмек көрсететін орталықтар ашу  мәселесі өткір қойылуға тиіс. Бұл тек балаларға ғана емес, ересектерге де аса қажет екенін уақыт дәлелдеп отыр. Қазіргі кездегі жекеменшік психологтарға барып, емделуді көптеген отбасылардың, әсіресе ауылды жерде тұратын адамдардың қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне осындай қызмет болаты-нын көп адамдардың білетініне күмәнім бар. Әрбір баланың денсаулығы, өмірі үшін күресетін кез келген сияқты. Бұл үшін қаржыны аямау керек. Өйткені дәрігерлер суицидті емдеуі қажет аурулар қатарына жатқызып отыр.

Өзін-өзі өлімге қиған төртінші сынып оқушысы Ерболдың тағдыры да бізді ойландыруға тиіс. Өзінен  ересек балалар күнбе-күн оның басқан ізін аңдып, ақша талап етіп, жүргізбей қойған. Сорлы бала мектепке де кіре алмай қалған. Бұл жайды ата-анасына айтуға баланың батылы жетпеген. Ақыры  амалы таусылған ол  өзіне -өзі қол жұмсап, асылуға мәжбүр болған. Бірде-бір ересек бала мұны мойындаған жоқ, сөйтіп,  қылмысты істі жабуға тура келген. Тұздыбастаудағы оқиғадан кейін де осындай бір өрескелдіктің шеті көрініп қалғаны белгілі. Жасыратын ештеңе жоқ, халық арасында қылмыскерлер мектеп оқушыларына салық салады екен деген әңгіме бар. Олай болса, оған құқық қорғау органдары неге араласпайды? Сосын мектептегі инпектор не бітіріп жүр? Олардың кейбіреулері жағдайдан хабардар болса да «көрмес түйені де көрмес» дегендей ештеңеге араласпайтын, ал оқушы шағым айтып барса, арыз жаз дейтін көрінеді. Бұл не сөз?! Қай оқушы арыз жазады? Осылай жабулы қазан жабулы күйінде қалуда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сенсек, Қазақстан бүгінде әлемдегі ең көп суицидтік жағдайлар тіркелген ел ретінде үшінші орынға шығып отыр. Яғни республикада жыл сайын өз еркімен өлімге бас тігушілер қатары арта түсуде. Әсіресе «қолдан жасалған» өлімнің еліміздің келешегі — жастардың арасында кең таралуы, жас балалардың өздеріне өздерінің қол көтеруі — бұл-қоғамның қайғысы. Демек, оны одан әрі бақылаусыз қалдыруға болмайды, жастар ортасын сауықтыруды жедел қолға алу осы проблеманы жан жақты зерттеп, нақты шаралар белгілеу және оларды дәйектілікпен жүзеге асыруға күш жұмылдыру қажет.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Қоғамды алаңдатып отырған осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасының Ішкі істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне, басқа да мүдделі ұйымдарға  нақты тапсырмалар беруіңізді, елімізде балаларды қорғау мен қолдау шаралары жүйесін қамтитын кешенді бағдарлама жасау мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз.

Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратып отыр.

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы