Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Айбын Ақпатша. PR-ын журналистер жасайды, стипендиясын басқалар алады!

Дата: 17 января 2011 в 02:40

Айбын Ақпатша. PR-ын журналистер жасайды, стипендиясын басқалар алады!

Биылғы жылы он алтыншы мәрте берілетін Мемлекеттік стипендияның 50 иегерінің есімі Мәдениет министрлігінде мақұлданып қойылған. Олардың кімдер екендігі қарапайым «пенделерге» жақын күндері Президенттің өкімі шыққаннан кейін мәлім болмақ.

Жалпы, Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия кімдерге, қандай еңбектері үшін беріледі? Осы жөнінде аз-кем деректі ортаға сала отырайық. Ел арасында «Президенттік стипендия» аталып кеткен стипендияны беруге қатысты қатып қалған ережеде айтылғандай, оған лайық болу үшін халық жазушысы, халық әртісі, халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері немесе әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың сахибы деген мәртебелі атағыңыз, сондай-ақ қазақ әдебиетіне, мәдениетіне сіңірген өзіндік қолтаңбаңыз болуы шарт.

1994 жылы тағайындалған стипендияның тұңғыш «шәкірттері» қатарында Қадыр Мырза-Әлі, Қалмұқан Исабаев, Қалихан Ысқақов, Хадиша Бөкеева, Қасым Жәкібаев, Бибігүл Төлегенова, Әмен Хайдаров сынды корифейлер болды. Содан бері елдің мәдениеті мен әдебиетіне үлес қосқан 50 адамның есімі жазылған тізім жыл сайын азды-көпті жаңарып, тың есімдер қосылып отырады. Стипендияны бірнеше жыл бойы тұрақты түрде алатындар да бар.

Елбасының жеке қорынан бөлінетін стипендия иегерлерінің ішінде Тұрсынбек Кәкішев бастаған ақсақалдар, Серік Ақсұңқарұлы, Тұрсынжан Шапай, Светқали Нұржан, Маралтай Ыбыраев, Әмірхан Балқыбек, Айгүл Кемелбаева сынды ақын-жазушылар мен сыншылар, Дулыға Ақмолда, Ерболат Құдайбергенов сияқты актерлер мен әншілер, Ақтоты Смағұловадай суретшілер бар. Жалпақ жұрт оларды стипендия иегерлері ретінде ғана емес, өз саласындағы дарындар санатында білері хақ.

311 мың теңгені (Өткен жылы осы мөлшерде болған — А.А.) құрайтын қаржылай қолдау қарабайыр тірлігі қаламына тұсау болып жүрген жастардың бағын ашса құба-құп! Бұл қаражат жастарды ұшпаққа шығарып жібермесе де, еңсесін тіктеуіне ықпал етіп, рухани тұрғыда күш-жігерін жани түсері сөзсіз.

Айтпақшы, әуел баста елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудан жалықпайтын журналистер қауымы да болған «елуліктің» қатарында. Мәдениет саласындағы мырзалар журналистерге жалақысы мен қаламақысы да жетеді деді ме екен, әйтеуір, тоқсаныншы жылдардың соңына таман журналистер сырттап қалды. Ақиқатын айтқанда, «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қауымының қазақтың кем-кетігін түгендеп жүрген еңбегін ешкім жоққа шығара алмақ емес. Қазақ қоғамының қай қалтарысына үңілсеңіз де, журналистердің қаламы тимеген, үні жетпеген жер кемде-кем екенін аңғарасыз. Басқасын айтпағанда, билік дәлізіндегі тұлғаларды да, ақын-жазушыларды да, өнер қайраткерлерін де халыққа таныстырып, жақындастырып, екеуінің арасында алтын көпір қызметін атқару міндеті — журналистердің иығындағы жүк. Осы есіл еңбек құзырлы мекемелер тарапынан еленбей жүргені өкінішті-ақ. Қысқасы, мемлекеттегі кез келген шаруаның PR-ын журналистер жасайды да, стипендиясын басқалар алады. Парадокс.

Биліктің астауынан жем жесе де, қоғамның жүгін арқалаған сүбелі туындыларды дүниеге әкелген тұлғалар тарихта аз емес. Мәселен, Гоголь «Өлі жандарын» жазу үшін Ресейден жырақтап Италияға кетіп, ол үшін І Николай патшадан қайта-қайта қарыз сұрап алыпты. Жазушы қарызын патшаға қайтарып үлгермеген. І Николайға екі дүниеде де «қарыздар» болғандардың арасында Пушкин де бар. Тіпті, данышпан ақын өмірден өткеннен кейін патша әулеті оның отбасын асырауды өз мойнына алған екен. Әйтсе де, осы қаламгерлер патша берген қаржыға өлмейтін дүниелер тудырды. Орыс классиктерінің дегдарлығы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өкілдеріне жұғысты болсын дейміз-дағы.

«Нұр Астана» газеті

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы