Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Алдаберген Кемпірбай. Мұрат қарттың мұнысы қалай?

Дата: 18 января 2011 в 14:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Алдаберген Кемпірбай. Мұрат қарттың мұнысы қалай?

Мұрат Әуезовке ашық хат!

Датым бар! Біз осы «ұлттық мүдде, ұлттық идея» деп ұрандатудан тынбаймыз. «Тілім, дінім, ділім» деп жар салып, ойбайлаймыз. Алайда, ақ пен қараны ажыратуға, тарихи әділдікті орнатуға, нақты іс бітіруге келгенде әлсіздік танытамыз. Әлбетте, бұл орайда кеңес дәуірінен «мұраға» қалған құлдық сананың ықпалы зор. Қаншама жыл қазақты қан қақсатып, құрдымға жібере жаздаған сұм жүйені қалайша қарғап-сілемессің?!.. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Сәдуақас, Мағжан армандаған Алаштың ақ таңының шапағатты сәулесіне шомылудан қашып, қайдағы бір жалған ғылымға ден қойып (Тұрсын Жұртбай), қоғамдық сананы улайтын жағымпаздардың туфлиін жалаймыз (Мұхтар Шахановша теңесек. Ұлт жанашырына базынам, өкпе-назым: сүйкімсіз «ов» жалғауын алып тастаңызшы тегіңізден). Алашорданың 90 жылдығында, ең құрмаса 9 игілікті іс атқарсақ, мерейіміз асқақтар еді-ау! Ең құрмаса, тұңғыш қазақ үкіметінің ғасырға жуық мерейтойын, интернационализм жолында қазақтың қыршын жастары құрбан болған ауған соғысының 20 жылдығындай атай алмадық-ау. Қазақстанның ұлттық мемлекеттік аумағының бекітілген күні 1920 жылдың 24 тамызы екен, жадыңызға жаттап алыңыз, оқырман! Тұрсын Жұртбайдың мәлімдеуінше («Айқын» газеті, 15 қаңтар, 2011 жыл), қазір батыр аталарымыз қасық қаны қалғанша айқасқан қасиетті жердің 15 пайызынан айырылыптық. Жүрегің қарс айырылып, тілім-тілім жара боп, қан жылайды. Смағұл Сәдуақасұлының күлін қашан мұсылман ғұрпымен жерлеп, Кенесары мен Кейкі батырдың басын тауып, аруақтың ризалығын аламыз, осы? Алаштың айқасқалары Тұрсын ғалым көрсеткендей, мемлекет пен ұлт тағдыры үшін айтысты, тартысты! Шыдамның шегі жетіп, төзім таусылады екен. Мың күн сынбаған шөлмек, бір күнде сынады ғой.

Керісінше, қалың бұқара шын бейнесінен мақұрым космополиттер ұлттың мұңын жоқтауды былай ысырып, көрінген нәрсені көкиді. Ұлтсыздану ұранын әспеттей санамызға сіңіруге күш салады.

Әңгіменің әлқиссасына көшсек. Былтырғы жылдың аяғына таман орыстың шовинизм иісі мүңкіп тұрған «Литер» газетінің апталық жинағында Мұрат Әуезовтің генерал Колпаковскийдің бейітінің басына барып, тағзым еткені мақтанышпен жазылыпты. Көрші Ресей одақтас болған, қазір ТМД аумағындағы елдердің, белгілі-белгісіз себептерге байланысты, орыс жерінде көмілген хас тұлғаларына қателіктерін мойындап, құрмет білдірмек түгіл, тапа-тал түсте Грузия басып кірді. Ертең бізге солай әлімжеттік, озбырлық танытып, тізесін батырып жатса, Мұрат Әуезов секілділердің тырп етпесіне, тіпті қуана қарсы алатындай. Өз ағамыз деп өзеурейтін өзбектер ше, шекарада мал баққан бейбіт қазақты нысанаға алғаны аздай, Ташкенттегі қазақ генералы, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов атындағы ауданды, ірі метроны әп-сәтте басқаша өзгертіп, еңселі ескерткішті трактормен қырып тастады. Ал, керек болса, Кобзонды қуған Ислам әканың әкіреңдеуі. Кеңпейіл қазақ бәріне төзіп, сонда да табалдырықтан енген беті, төрге озған жат жұрттыққа «айналайын» деуінен танбайды ғой, бейне бір кілтін бұрап қойған зырылдауық сағат секілді. Қайда сонда космополит қайраткерлердің шырылдап, бейбастыққа тоқтау салуы?!

Қазақ бұқаралық ақпарат құралдары үн-түнсіз. Өре түрегеліп, Колпаковскийдің елесімен қауышқан Әуез ата ұрпағына «ақсақал бұңыныз қате ғой енді» дегенін тостым зиялы қауымның. Тым-тырыс. Бірақ та, ұлттың келешегіне өлшеусіз зардабын келтіретін қастандықтармен күресуден қалжыраған әріптестерімді түсінуге болатындай, өйткені мізбақпас билік «баяғы жартас, сол жартас».

Біле жүріңіз, қазаққа қарсы бағытта жұмыс істейтін бұл басылымды «Нұр Отан» қыруар қаржы жұмсап, жарыққа шығарады. Көлемді мақаланың жалпы мағынасы «қазақты адам қылған, аң терісін жамылған күйінен арылтып, өркениетті күйге жеткізген» Колпаковский атты «қоғам қайраткерін» дәріптеу екен. Суреттерде салтанатқа жиналған казактардың түрі сұсты, суық, қазақты атып-асқан отарлау сұмдықтарындағы жазалаушы отрядтар сияқты сесті. Колпаковскийді тегін жарнамалауды асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болса да, әке аманатына селсоқ қарап, айдалаға лаққан, тамырынан ажыраған Мұрат қарт қолға алып, барша жұртқа жариялаған. «Колпаковский секілді теңдессіз адамның есімін неге елеусіз қалдырдық, зәулім ескерткіш орнатпаймыз ба?» деп жылап, туғанындай еміренгенде, етегі жасқа толғандай-ақ. Қазақтың жатқа жіберген есесі түгелденгендей, Колпаковскийге ескерткіш орнату қажет дейсіз бе? Ау, көке, стоп! Қарттық пен қырттықтың арасы бір ақ қадам. Егер, көкірегін қазына көнекөз болсаң, жұрт жапатармағай сыйлап, төбесіне көтереді, ал казактардың (қазақ емес) қолайына жағам деген Мұхаңның артында қалған шіріген жұмыртқа болсаң, мылжың қарт яки оттаубай қырт дейді. Абыройдан жұрдай кімге қажетсіз? Ресейге ме? Онда өз скинхед жауыздары жетеді. Міне, адам өлтіруден тайынбаған нағыз нацистер осы тақыр бастар! Тек, түріңіз славянға келмесе болды, қойша бауыздайды. Сондықтан ешкім ұлтшылдықты фашисттік идеямен шатастырмасын!

Мүмкін, Жириновскиймен достасарсыз? Байқаңыз, азамат өрті тұтанудан сақтаныңыз. Дүмше молдалар секілді даурыққан, тереңіне үңілмей, тым асығыс әзірленген доктрина секілді «қырсық» құжаттарды халыққа тықпалаған ересектердің ерсі қимылы жастардың арасына жік салуда. Екіжүзділік шаршатпай ма азамат атын қадірлеген әр жанды? Алла тағала талай жылғы бодандықтан соң маңдайымызға жазған азаттық тұсында, қоғамның негізгі қозғаушы күші жастар, әр жағдайда әрқилы сандырақтаған сіздерге енді сенбейді. Одан да, желтоқсанда жастарды «нашақор, алқаш, бұзақы» деген сол кездегі биліктің көп қолшоқпары сияқты жай ғана астыңызға тыға берген байлықты малданып, тыныш жатпайсыз ба? Тағы бір тығырықтан шығар амал, ұлттан кешірім сұрап, әдемі қартаю. Әкенің шарапатын сіз, бәлкім, «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деп бұрыс ұққан шығарсыз? Ертең, азаматтық ұстанымыңыз ұлтты ұлықтауға қайшы сіздердің құрметтеріңізге көше, елді мекен, мектеп берілгенде, өскелең ұрпақ өкілдеріне не деп түсіндіреміз? Обалыңыз кімге? Жұбан ақынның «мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп асау жырын төгілте келіп, «мен орыстың күңі едім, құлы едім, күңнен туғанмын» деуі қай адасқаны? Ақындық дарын азаматтық аталатын тұнықты лайлауға жол ашады деп кім айтты? Расы керек, орыстар «Алжас» деп бұрмалайтын, Жер-ананы адамға табындырған О.Сүлейменов пен кейіпкеріміз сияқты есі ауыса бастаған қыңыр шалдар кеуде соғып, ұлтты өркендетуге титімдей болсын үлес қосуға талпынғандарды менсінбей, пысқырмай қарауы қанды қарайтады. Қабдрахманов сынды орысша тәрбиеленген, орыстың астауынан жуынды ішіп, қазақ тілін есіре даттаған, сонымен қоймай, ақылдымсыған шұбар жыландардың, Ахаң күйзелгендей, балақтан қапқаны батады. Еңсенді езіп, қатты қапаландырады. Тасбай Симамбаев деген сенатордың пасық пиғылы, «орыстардың үлес салмағы басым, Петропавлды Қызылжарға өзгертуге әлі ерте» деген сасық сылтауы тіпті айран-асыр қылып, іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ. Анығырақ, несие мен қымбатшылық қос бүйірден қысып, тұрмыстың ауыртпалығы титықтатып бітті. Әйтпесе... Елбасының ұлттар достастығы саясатын желеу етіп, ұлыстарды еркелетіп, соларға көзсіз табынатынын қайтерсің шіркіндердің?

Жаңағы кәпірге «дұға бағыштаудан» кейін, «Абай жолы» сынды тамаша классикалық туындыны, әлемге біртуар перзенттің даңқын жайған эпопеяны жүрегіндегі тамшыдан қағаз бетіне түсірген әкенің беделіне нұқсан келтіремін, аруағын мазалаймын деген үрей бойыңызды билемей ме? Мұрат қарттың мақамына салсақ, Колпаковский Алматының іргетасын қалаған. Алайда, Верныйдың көшесінде «ит пен киргиз жүрмесін» деген бұйрық бергені жайлы халық арасында жағымсыз дерек тарағаны турасында дым келтірмейді. Патшаның нұсқауын бұлжытпай орындаған генерал құлдық қамытын киген халықты қайтсін? Қисынсыз. Ғалымдар Алатау баурайындағы әсем қаланың тарихын 1000 жылға тереңдетіп жатса, бұларың бір жарым ғасырдан бері қайырумен шектелуден тайынбайды.

Абай данышпанның қара сөзіне сүйенсек, уайымның түк әбестігі жоқ. Әрине, сары уайым емес. Менікі, ұланғайыр елімізде жымысқы ойлы ұлтсыздар жаһанданудың туын желбіретіп, «Америка орнатамыз» деп байбалам салып, Үкіметке сауал жолдай ма деген сауалдың сауырын қамшылаған уайым ғой. Ал, Үкімет басында тілдік қоры бай қазақ тілінде екі сөздің басын әзер құрайтын, ұлттық мүдде мүлде жат кәрлі Кәрім мұртын сипап қойып, миығынан күліп отыр. «Бірің өліп, бірің қал» дейтін шығар қытай философиясын шұқшия оқитын ол сабазың.

Мұрат қарт, Юрий Захаров тәрізді бағзы заманда қағылған-соғылған «зек» ата-бабасын құшақ жая қарсы алған байырғы тұрғындарға тас атқан надан, меңіреудің қасында қалай тұрдыңыз? Зәрін шашқан оңбағанға батаңызды бердіңіз бе әлде «талабыңа нұр жаусын, қарағым» деп «ладтың» лаңшылы мен «славяндардың» сүмелегіне. Мен, ол «тамырды» баяғыда халық жауы санатына қосып қойғанмын. Неге сонша дәріптедіңіз Колпаковский деген қазақты қорлаған, қолы қышығанда сабаған келімсекті? Әлде, әлі күнге әділетсіздіктен зар илеген, шенеуніктер қойша иірген қазақтың жыртығын жамауға, қол ұшын созуға шамаңыз жетпей ме? Мүмкін, дәтіңіз бармайтын шығар... Түсінесіз бе, тәуелсіздіктің хақ келбеті қанша жатырында тұншықтырса да, жұпар иісі аңқып, ұлтың айбарлы ұландарының мұрнын қытықтайды. Бесік жырында әлдиленген балғын бәрібір аққа жақ болады, шындыққа ұмтылады. Сонда, сіздің әрекетіңізді біз қалай түсіндіреміз? Аясаңыз етті біз байғұсты! Қара жер қойнауына аттанғанда, о дүниеде жауапты өзіңіз берерсіз, ал бұл жалғанда сүйекке өткен сызды, шіркеу болар масқараны қалай жуып-шаярмыз? Бәрібір, түбінде тіліміз дара күйде асқақтап, асыл дініміз елдің шырқын бұзар секта, ағымдардан Жаратқан иенің құдіретімен, пайғамбарымыз Мұхаммедтің с.ғ.с. қолдауымен, әулиелердің жебеуімен тазаланып, мерейленетіміз анық. Далбасаңызға көнбеймін еш. Тарих бұндай ағаттықтарды кешірмейді.

«Абай-ақпарат»

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы