Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мәдина Сәдуақасова: «Бақытты әйелмін деп айта алмаймын...»

Дата: 20 января 2011 в 16:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Мәдина Сәдуақасова: «Бақытты әйелмін деп айта алмаймын...»

Кешегі қыз... емеспін

— Мәдина, мынау қытымыр өмір адамды әрқашан күреске жетелеп отырады ғой. Ендеше, махаббат мүйісінен сен туралы жаңалық естір күн қашан?

— Жауабымды бір көрініс арқылы айтайын... Бірде «Алматы — менің алғашқы махаббатым» деген концерттік бағ­дар­лама «Тақиялы періште» фильм­інің же­лі­сіне ұқсатылып қойылды. Сонда әртіс­тік образ­ға енген Нағима Есқа­лиева «ұлы» Марат Оспановқа қыз іздеп, ән салып тұрған менен: «Мәдина, сіздің тұрмысқа шық­қыңыз келе ме?!» — деп сұрайды. «Әрине, келеді!» — деймін мен. «Ендеше, менің ұлым бар ғой...» — дейді Нағи­ма. «Кеші­ріңізші, менің оған ешқандай уақытым жоқ», — деп, жүгіріп кетіп қала­мын. Көр­діңіз бе, менің қазіргі жағдайым дәл осы көрініске сай келеді...

— Бірақ уақытым жоқ деп жүрген кезде, жастық шақ деген құрғыр зымырап өте шықпай ма...

— Әрине, табиғат заңына дер кезінде ілесіп, жартыңды тауып, балалы-шағалы бол­ғанды кім ойламайды? Мен де ойлаймын. Өйткені мен кешегі 20-25 жасар қыз емеспін... Бұ­ған дейінгі күйеуім таби­ғатыма, жаныма жақын бол­ғаннан кейін өмірлік серігім деп сенген едім. Бірақ адам ойлағанымен, Алла шешеді деген рас екен. Өз келісімімізбен екі жаққа кеттік. Ендігі жерде өткенімді ұмытып, жаңа өмірді бастадым. Өйткені 2010 жылы бұл тақырып мен үшін мүлде жабылды.

— Бір сұхбатыңызда: «Мен ба­қытты әншімін, бірақ бақытты адаммын дей алмаймын», — деген екенсіз. Бұл пікіріңіздің сыры неде?

— Кейбіреулер «адам ба­қыты» мен «әйел бақыты» дегенді бір қалыпқа салып қарайды. Негізінде, екеуі екі бөлек түсінік болса керек. Ол жерде мен: «Бақытты ән­шімін, бақытты адаммын», — деген едім. Себебі, өз Қазақстанымда өмір сүріп жатырмын. Ата-анам, бауырларым аман-есен, өз тірліктерін істеуде. Айналам толған — танымал адамдар. Олармен тілдескеннің өзі бір бақыт болса, бұдан қалай серпіл­мейсің?! Сондай-ақ Құдай маған көрікті кейіпті де, әдемі үнді де бере салған! Демек, ер адамдар қарамайды емес — қарайды, сөз айтпайды емес — айтады. Жасыратын несі бар, мен қазір әйел ре­тінде жалғызбын. Өз жартымды кез­дес­тіре алмай жүргендіктен, бақытты әйел­мін деп айта алмаймын.

— Ендеше, қазақта нар тұлғалы азаматтар көп қой, жартыңызды қандай кейіпте көргіңіз келеді?

— Бұрын мен сүйгенім мынадай болса деп, өзімше өлшем жасайтынмын. Ал өмір көрген соң, мұның барлығының түкке тұрмайтынын түсінеді екенсің. Менің жартымда әкеме ұқсас қасиеттер болса дей­мін. Себебі, әкем өте шынайы, еңбек­қор, таза жан. Отбасына, тірлігіне жан-жүре­гімен берілген. Әлі күнге әке-шешем бір-бірін жақсы көреді. Сонда біз оларға қа­рап, «ескірмеген махаббат» деп күле­міз.

— Жуықта ғалымдар ерлі-зай­ып­тылар жұбын таңдайтын ерлер емес, әйелдер екенін дәлел­депті...

— Адам психологиясын түпкілікті білу мүмкін емес. Ол ешқашан дәлелденбейді. Әрине, өз басым, сүймеген адаммен тек отбасын құру үшін бірге бола алмаймын. Яғни мен оған, ол маған ғашық болған кез­де ғана қосыламын. Ал махаббатта сүю — бір бөлек, ары қарай өмір сүре      алу — басқа жағдай.

 

Жұлдыз — маған суық

—        Жаңа жыл басталды, жаңа жоспарлар қандай?

— Бір қызығы, менің жоспарларым аяқ астынан құрылып жатады. Дегенмен ең бірінші кезекте Азиаданың ашылуына комментатор ретінде қатысуым мүмкін. Ал концерттік бағдарламада әнін Павел Ли, сөзін Асқар Дүйсенбі жазған «Қазақ жастарының әнұраны» әнін орындаймын.

— Жаңа жыл қарсаңында «Серпер» жастар сыйлығының иегері атаныпсыз, құтты болсын!

— Рақмет! Бұл жетістік 2010 жылдағы атқарған жұмыстарымның бағасы іспет­тес. Өйткені өнер жолында жүргеніме 15 жылдай уақыт болыпты. Бұл біреуге аз, біреуге көп. Былтыр Астанада «Аяулы арман» деген атпен алғашқы концертімді өткіздім. «Екі жұлдызға» қатысып, тәжі­рибе алдым. Спортшылар қандай болады деуші ем, оны жоба барысында Бақыт Сәрсекбаев арқылы білдім. Ол өте тамаша азамат екен. Шанхайда өткен Бүкіл­әлемдік көрмеде өнер көрсеттім. Ал Қа­ра­­ғанды қаласында Қарақат Әбілдина екеуміз «Ал, құрбым» атты концерт бердік. Осындай есте қаларлық сәттер көп болды.

— Сіздің кейбір газет-журнал­дарға өкпеңіз бар екен...

— Қазір тек басылымдар ғана емес, телеарналар да әншілерден бір ілік іздейтін сияқты. Бізді халықпен байланыстырып отыратын журналистер емес пе? Олардың кейде болған нәрсені бұрмалап жариялайтындары ұнамайды...

— Мәселен...

— Айгүл Иманбаеваның туған күн кеші болды. Сонда отырғанда, әйтеуір бір сө­зімді іліп алып: «Мәдинаға Айгүлдің туған күні ұнаған жоқ», — деп жазып жіберіпті. Ал бұл жағдай Айгүл екеуміздің арамызда түсініспеушілік тудырды. Сондай-ақ, өт­кенде бір журнал «Мен Мәдина Сәдуа­қа­совамен оянам» дегізіп, Айқынды жа­ла­ңаш күйінде шығарып қойыпты. Мұндай жоқ­тан бар жасаған сенсацияның керегі не?

— «Жұлдыз ауруын» 18 жасыңызда басыңыздан өткеріпсіз, «айығу» қиын болған жоқ па?

— 1999 жылы ауылда жүргенде топты жарып, Республикалық «Жас қанат» байқауында бас жүлдені жеңіп алдым. Елге оралғанымда, жергілікті телеарналар күндіз-түні мені көрсетті. Әкімдік қызмет­керлері күтіп алып, алғыстарын айтып, сыйлықтарын беріп Аы. Сол жылы Қы­зылорда облысының «Жыл адамы» ата­ғын алдым. Мұндай жағдайда 18 жастағы қыздың басы айналмағанда қайт­сін. Қай­да барсам — ел таниды, ал танымағандарға ренжитінмін. «Жұлдыз ауруы» деген осы екен. Бар жетістік бір сәтте үйіліп-төгіл­генде, кімде-кім осы кезеңді бастан ке­шеді деп ойлаймын. Меніңше, сол сәт­терден ешкімді ренжітіп алмай, өзіңді-өзің «жұлдыз» сезініп өтіп кету керек. Ал жастық шақтағы «жұлдыз ауруы» жалғаса берсе, адамның психоло­гиялық ауытқуға ұшырауы мүмкін.

— Ал қазір өзіңізді «жұлдызбын» деп толық айта аласыз ба?

— Өзімді «жұлдыз» деп аталатындарға жатқызғым келмейді. Яғни жұрт алдында мені «жұлдыз» дегеннен гөрі, «танымал әнші» деп аталғанды ұнатамын. Өйткені жұлдыз көкте, бірақ оның жаны жоқ. Суықтық жансыз нәрсеге тән. Ал менің жаным, жүрегім бар. Адамдарға жылы нұр, шуақ сыйлағым келеді. Енді «жұл­дыздай жарқырауға» келсек, мен үнемі жарқырап тұрамын деп айта алмаймын. Сахнадан тыс уақытта бетіме еш бояу жақпай, қарапайым жүргенді ұнатамын. Жұмыс киімімді киіп, көлігімді тазалаймын. Ал көпшілік орталарға, сахнаға «Мәдина Сәдуақасова» болып жарқырап шығамын!

— «Баланың жақсы болуы — нағашыдан» дейді. Сіз Мұқағалидың Қарасаз жұртына жиен екенсіз...

— Анамның есімі — Күлтай. Бала­бақ­шада тәрбиеші болып қызмет атқарады. Ақынның барлық өлеңін жатқа біледі. Тәрбиеленушілері байқаулардың жүлде­сіне ие болып отырады. Ал нағашы­ларымның сол өңірден екенін мақта­нышпен айтқаныммен, Қарасазға әлі бар­ған емеспін. Ол жерден шақырту күт­пеймін, өзім баруым керек. Жасыратыны жоқ, ол жақта концерт қоюға сескеніп те жүр­мін. Кешімді кішігірім залда емес, табиғат аясында өткізгім келеді. Дегенмен репертуарымда Мақатаевтың бір-ақ әні бар екен, үлкен жинақ жасап алма-йынша, ол өлкеге бара алмаймын.

— Ажарыңызды ашып, халыққа танытқан «Махаббат жалыны» әні екенінде дау жоқ. Бірақ сол әніңізге түсірілген бейнебаян өзіңізге ұнай ма?

— Адамның көңілі еш нәрсеге толмайды екен. Бәлкім, жаратылыс солай шығар. Бейнебаянға үңілсем, сол кездегі дең­гейімді көрем. Дегенмен кешегі Мә­ди­наға қарап, ыстық сағыныш тербейді жанымды. Ал бүгінгі таңда мен — мәдениетті, көркем, білімді, білікті ортада жүрген басқа Мәдинамын. Шегімнен шықпай, ылғи жинақталып жүремін. Өйткені тың­дармандарға, тіпті кекіл қойып еліктейтін кішкентай қыздарға үнемі өз деңгейімде көрінуім керек.

 

Ауылға жаным ашиды

— Ал біздегі шоу-бизнеске көңіліңіз тола ма?

— Меніңше, эстрадалық шоу-бизнестің мәдениеті өте жоғары. Ал мәдениеттің негізі сыйластықта жатыр. Әр әншінің өз орны, өз аты бар. Яғни «үлкенді — үлкен, кішіні — кіші» деп қадірлей алатынымызға сенімім мол. Тек қана мемлекет тарапынан  үлкен концерт ұйымдас­тырылмай­тынына налимыз.

— Өнер иелері үшін мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың салмағы қандай?

— Ешқандай көмекті көріп жатқан жоқпыз. Әр әнші өз бетімен жүр: «сен қай­да жүрсің», «үй-жайың, жағдайың қалай», «қайда тұрып жатырсың» деп, ешкім де сұрамайды. Әйтеуір бір қуанатынымыз — өнер адамдарына кеңшілік берілген. Не істегіміз келеді, соны жасаймыз. Кейде ойлаймын: бәлкім, қажетімізді өзіміз сұрамаймыз. «Жыламаған балаға...» деген бар ғой. Мен аздап жуастау қызбын. Егер батылдық танытып: «Маған бір бөлме беріңізші» немесе «Концерт өткізгім келеді», — десем, ешкім маған қарсы болмайтынына, көмектесетініне сенемін.

— Қоғамның бір мүшесі ретінде қандай жағдайға бейжай қарай алмайсыз?

— Ауыл мәселесіне! Ол маңайда­ғыларға көңіл әлі дұрыс бөлінбейді. Оны гастрольдік сапар барыстарында көріп, біліп жүрміз. Жұмыс істеймін дегенге қалада орын бар, ал ауылда... Егер қолымда билік болса ауыл тұрмысын гүлдендіруге, мемлекеттік қызметтегі адамдардың айлығын көтеруге күш салар едім.

— «Атымды қазақ десе, мақтана­мын» дейтіндей, ұлт рухы көтерілді ме? Тіл мәселесі шешімін тапты дей аласыз ба?

— Ағаларым: «Кезінде қоғамдық көлік­терге кіргенде қазақша сөйлеуге ұялушы едік, енді қазақтар орысша сөйлессе, ала көзбен қарайтын шаққа жеттік», — деп оты­рады.

Бүгінгі күнді Кеңес үкіметімен салыс­тыру мүмкін емес. Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық орыстарда да пайда бола бастады. Олардан айырмашылық болуы үшін, ана тілімізді жай ғана емес, тарихымызға, ділімізге, дінімізге мән беріп, құнарлы сөйлеуіміз керек. Бізде: «Мен қазақпын! Қазақстан деген мемлекетте қазақ деген тілім бар! Жеті атамды білем!» — деген мақтаныш бар. Бұл — рухтың оянуы!

— Сахна сыртындағы көрерменге әншінің ішкі дүниесі беймәлім. Бірақ әнші Ақбота Керімбекова: «Орыстілді әншілер мен қазақтілді әншілер бөлініп алған. Олар бізді «мамбет» деп атайды», — дейді. Шынымен, солай ма?

— Мұндай жағдайлар болды. Жейтін наны да, тыңдарманы да бір — халық еркесіміз. Өнерімізді бір сахнада көрсете тұрып, «бөлінушілік» дегенді түсінбеймін. Қазақтілді әншілерге «менсінбеушілік» бар дегенге де еш негіз жоқ. Бұл пікірді әншілер өздері шығарып алған. Орыстіл­ділер қазақша ән айтуға қызығады, талпынады. Өзара сыйластық, тіл табысу болған жерде қайшылық туындауы мүмкін емес. Мәселен, менің репертуарымда орысша «Далеко» деген бір ғана ән бар екен, «мамбет» десе, мен-ақ болайын онда...

— «Тележүргізушілікте Мәдинаның бойында жасандылық байқала­ды» деген сыни пікірге қандай уәж айтасыз?

— Бұл — «Таңғалмаңыз» бағдарлама­сына байланысты айтылған пікір. Басында ойнақы түрде, басқа образға енуде біршама қиыншылықтар болғаны рас. Кәсіби актерлердің жанында жасанды­лықтың байқалмай қалуы мүмкін емес. Бірақ Азамат Сатыбалды мен Жанатбек Байтековтің арқасында бойымдағы бұл қасиетті мүлде жойдым. Бағдарламада осы екі азаматтың тигізген көмегі көп болды.

— Әнші Мейрамбек Бесбаев екеуіңіз дуэт құрмақшы едіңіздер...

— Кездескенде «дуэтіміз қашан болады» деп күліп қоямыз. «МұзАрт» — қазақ елі үшін ғасырда бір болатын топ емес пе? Ал қазір Мейрамбектің де, менің де өнеріміздің жанып тұрған шағы. Дуэт, әрине, болады. Әзірше уақытымыз сәйкес келмей жатыр.

— Болашақта кітап жазатын ойыңыздың бар екенін білдік. Тақырыбы қандай?

— Бұл «танымал тұлғалармен кездес­кенде алған әсерлерімді кітап етіп жазсам» деген қиялдан туған ой ғана еді. Тіпті ұялып қалдым ғой! Өнер иелерінің қиялға берілетін сәттері көп емес пе?! Мен Мағжан Жұмабаевтың туындыларын өте жақсы көремін. Яғни сезімге жақын, лириканы, романтиканы сүйетін нәзік жанмын. Сондай-ақ жай ғана әнші емес, кәсіби психологпын. Кез келген адамның жан-дүниесі мені ерекше қызықтырады. Мейлі, ол бастық, мейлі, маскүнем болсын... Көптен бері тележүргізуші ретінде көрініп жүргенім белгілі. Жұмысыма көптеген сын да айтылды. Сондағы түйгенім: маған білім жетіспейді екен. Қазір білімімді толықтыра түсу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінің журналистика факультетінде «радио және тележурналист» мамандығы бойынша оқып жатырмын. Бұйырса, осы жылы диплом аламын.

— Газет оқырмандарына не айтар едіңіз...

— Қазақстанның әрбір адамы жақсы өмір сүруге лайықты. Жаңа жылда жақ­сылықтарға үміт артып, биіктерге ұмтыла берейік. Өтірік-өсекке ұрынбай­тын, шындықтың майын тамызатын бас­пасөз беттері жақсы жаңалықтарға тола берсін!

Әңгімелескен -

Ардақ Иманбекқызы,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 02 (85) 19 қаңтар  2011 жыл.

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы