Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бейбіт Қойшыбаев. Желтоқсанға саяси баға берілгенде, тәуелсіздіктің тұғыры бекиді

Дата: 20 января 2011 в 16:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бейбіт Қойшыбаев. Желтоқсанға саяси баға берілгенде, тәуелсіздіктің тұғыры бекиді

Міне, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы, кеңестік империяның көбесін сөккен қасіретті де қастерлі Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы аталар жыл да табалдырықтан аттады.

Коммунистік біртұтас мем­лекеттің ыдырауына, тиі­сінше, одақтас республика тә­жін кигенмен, іс жүзінде уни­тарлық елдің саяси құрсауымен шырмалған отар аймақтарын дербестенуге бастаған қазақ жастарының тарихи қозғалы­сына биыл — ширек ғасыр. «Жаңа 37 жыл» көріністері басылғалы бері жұртшылық сонау дүбірлі күндердің себеп-салдары жайында жылма-жыл сөз етіп келеді. Желтоқсанға жиырма жыл толар қарсаңда Алматы­дағы Республика ала-ңына — Көтеріліс алаңына! — кі­ре­беріс­те еңселі ескерткіш бой түзеді. Тәуелсіздіктің биыл­ғы мерейлі 20 жылды­ғымен бірге, Желтоқ­сан көтерілісінің 25 жылдығы да аталып өтетініне шүбә келті­руге болмайды. Әйтсе де...

Таяуда Алматы қалалық әкім­дігі 17 желтоқсанға орай дәстүрлі «дөңгелек стол» өт­кізген-ді. Негізгі баяндаманы Тарих институтының директоры жасады. Ол институт әзір­леген «Қазақстан тарихының» 5-томы жақында ғана жарыққа шыққанын, томның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын арқау еткен жұмыстарды сараптаумен басталғанын аян етті. Оқиғаға баға берудің қиын екенін, сол күндері өзінің жақындарының да жапа шеккенін әңгімеледі. Одан кейін сөйлеушілер, не­гізінен, желтоқсаншылар көте­рілістің әр қырына тоқталды.

Желтоқсаншылардың құ­қық­тық жағдайын нақтылауға қызмет ететін жаңа заң жобасын жасау мәселесі нақты қол­ға алынғаны айтылды. Алдағы ширек ғасырлық датаға дейін Желтоқсанға саяси баға бе­ріледі деп үміттенетіндерін жария етті.

Дегенмен баяндамаға байланысты менің көңіліме орал­ған күдік сейілмеді. Сондықтан да сөз алып, желтоқсаншылар күткен саяси бағаның осы жиырма бес жылдық кезінде де беріле қоюы неғайбыл екенін айтып, күмән келтірдім. Өйт­кені еліміздегі тарихи зерттеулермен бірден-бір түбегейлі шұғылданатын, тәуелсіз Қазақ­стан тарихын ширек ғасырдан бері жазып келе жатқан ғылыми мекеме, баяндамашының айтуына қарағанда, Желтоқсанды әлі оқиға деп санайды, оған әлі ғылым тілімен тиянақты баға бермеген.

Осы уақытқа дейін қа­лып­тасқан қоғамдық пікір бо­йынша, Желтоқсан көтерілісі отар­лық дәуірдегі ұлт-азаттық қозғалыстың соңғы, шешуші серпілісі іспетті бағаланатыны белгілі. Ал ұжымдық «Қазақстан тарихы» күні кеше шыққан арнаулы томында сол кезеңді арнайы қарастырғанмен, оны өз атауымен атамаған. Ендеше, бұл кезінде билеушілер бұза­қылық келеңсіз оқиға ретінде бетке басқан сонау ереуілден бері 24 жыл өтсе де, оған саяси баға беруге негіз болатын ғылыми тұғырнама жасалмаға­нын көрсетеді емес пе? Демек, 2010 жылғы іргелі ресми ғылы­ми еңбекте дәл анықтама бе­ріл­меген, мән-мағынасы айқын тұжырымдалмаған Желтоқсан көтерілісі саяси бағасын 2011 жылы ала қоюы екіталай-ау деген күдік өз-өзінен туады...

Кезінде тарихшы Бекмаханов бір өзі-ақ Кенесарының ұлт-азаттық қозғалыс көсемі екенін дәлелдейтін іргелі монография жазған, рас, оны мет­рополия кері бағалады, себебі біз отар ел ахуалында едік. Енді ше? Қазір біз тәуелсіз мемле­кетпіз. Алайда еліміздің ресми ұжымдық ғылыми-тарихи ме­ке­месінің жекелеген зерттеу­шілер әлдеқашан дәлелдеген шындықты растай алмай отыр­ғаны қалай?

Ғасырларға со­зылған ұлт-азаттық қозға­лыс­тың жеңісті шыңы болып табылатын Желтоқсан туралы әділ де дұрыс тұжырымдама жасауда неліктен дәрменсіздік танытуда? Меніңше, ширек ға­сыр­лық қаралы-салтанатты күнге дейін бұл мәселені қалай дұрыстауға болатынын осынау ғылыми мекеменің шұғыл ой­ланғаны жөн... Менің осы пікірлерімнен кейін баяндамашы қайта сөз алды, оқиғаны кітапта тап солай — ұлт-азаттық көтеріліс деп бағалағандарын, оны баяндамасында көрсеткенін (мен аңдамасам керек), 5-томға тап солай жазғандарын айтты. Бұл хабарға отырғандар түгел риза болды. Желтоқ­саншылар қата­рында біз де қол соқтық...

***

Әрине, мұндай мәлім­демеден кейін ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылым ко­митеті, Ш.Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титуты, Ә.Х.Марғұлан атын­дағы Археология институты атынан 2010 жылы жарыққа шыққан іргелі «Қазақстан тари­хының» 5-томындағы Желтоқ­санға қатысты ғылыми тұжы­рым­дармен тікелей танысып байқауға асыққанымыз түсінікті болса керек. Тек, өкініштісі, кітапты оқи келе, лапылдаған көңіліміз су сепкендей басылды. Жасыратын несі бар, оны құдды маркстік-лениндік әдіс­темемен қаруланған кеңес тарихшылары жазғандай әсер қалдырды...

«Қазіргі Қазақстан» деп атал­ған 5-томда Желтоқсан жайы екі жерде сөз болыпты: «Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихнамасы мен деректері» бөлімінің «Тарихнама» атты 1-тарауында Желтоқ­санды зерттеген еңбектерді шолған үш бет (19-21-бб.), «Қазақстан тәуелсіздік алу қар­саңында» деген 1-бөлімнің «Кең­естік қоғам дағдарысының тереңдей түсуі» атты 2-тара­уында болған оқиғаларды хронологиялық ретпен баян­даған бес бет (90-95-бб.) бар.

19-бетте: «Қазақстанның қазіргі заман тарихында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары ерекше орын алады, бұл оқи­ғаларға мұрағат деректері бо­йынша 60 мыңнан астам адам қатысты, 8 мыңнан астам адам қамауға алынды, 200 қатысушы сотталды, бір жарым мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, әкімшілік жазалауға тартылды. Қаншама жас қыр­шын қаза тапты», — деген хабарлама келтірілген.

Одан әрі: «Кезінде Парла­менттің арнаулы комиссиясы 1986 жылғы Желтоқсан оқиға­ларының се­бе­бін зерттеп, зардаптарына тал­дау жасады. Алайда бұл оқи­ғалар отандық ғылымда әлі лайықты көрінісін тапқан жоқ», — деп бір түйінде­леді. Назар аударыңыз: «бұл оқиғалар» содан бері 24 жыл өтсе де, «отандық ғылымда әлі лайықты көрінісін тапқан жоқ»!

20-бетте: «Алматының ала­ң­ында болған оқиғаларға» «сол кездегі партия басшы­лығы» берген «бастапқы бағаны те­ріс­ке шығаруға мүмкіндік» ту­ғанда, 1997 жылы шыққан «1986 жылдың желтоқсаны: дақпырт пен шындық» деген «көлемі шағын, алайда ма­ңызды» еңбегінде академик М.Қ.Қозыбаев «осынау тарихи оқиғаға жаңаша қарап, ...бол­ған оқиғаны тұңғыш рет «Жел­тоқсан көтерілісі» деп атап, оған шынайы талдау жасай білді», — делінген. Бірақ осыдан он үш жыл бұрын: «1986 жылдың желтоқсанында ұлт-азаттық қозғалысы өз дамуы­ның жаңа кезеңіне аяқ басты.

Ол Одақтың ыдырауымен және республикалардың еге­мендік жариялауымен аяқтал­ған тұтас бір тарихи белестің бастауы болды», — деп қорыт­қан М.Қ.Қозыбаевтың тұжы­рымын бүгінгі ұжымдық автор­лардың тәуелсіз ел ғалым­дарына лайықты деңгейде тиі­сінше дамыта да, тиянақтай да алмағаны байқалады. Олар жас­тар қозғалысының жер-жерде өрістеп, жаппай сипат алғанын ескермей, тек Алматыда бол­ған ахуалды ғана қарастырады, әрі оны көбіне «желтоқсан оқи­ғалары» деп бағалауға бейім тұрады.

Ұжымдық авторлар: «Қазақ жастары 1986 жылдың желтоқ­саны күндері ондаған жылдар бойы үстемдік құрып келген тоталитарлық режимге батыл қарсы тұрды, сөйтіп, бұрынғы КСРО кеңістігінде ұлттық-де­мократиялық қозғалысты да­мы­туға өлшеусіз үлес қосты. Оқиға басқа халықтарға қарсы бағытталмаған-ды, бұл елдегі екі күштің: буыны қатпаған демократия мен ол кезде қылы­шынан қан тамып тұрған әкім­шіл-әміршіл жүйенің тұңғыш қақтығысуы болатын» (93-б.), — деп тұжырымдайды. Тек бұл, шындап келгенде, осыдан жиырма шақты жыл бұрын Шаханов комиссиясы берген баға...

Сондай-ақ, 654-беттегі «Хро­нологиялық көрсеткіште» Желтоқсан көтерілісіне бар болғаны: «1986 ж., 17-18 жел­тоқсан — Алматыдағы жастар мен студенттердің КОКП мен Кеңес үкіметінің ұлттық сая­сатына қарсы жаппай толқу­лары» деген анықтама берілген...

***

Біздің күткеніміз не еді? Әрине, Желтоқсанның нақтылы саяси сипатын ашатын әділ ғылыми баға. Отандық ғылым, тәуелсіз елдің тарих ғылымы жан-жақты дәлелдеп, қорытқан ғылыми дәйек. Осы ретте өткен тарихымызға бір сәт көз жүгіртейікші...

КСРО деген ортақ шаңы­рағымыздың Тәуелсіз Республикалар Одағы болуға тиіс әуелгі мәртебесі сақталмады: қатаң бір партиялық орталыққа бағындыру арқылы ол жаңа империяға айналдырылды.Рес­публикалар алдамшы да астар­лы идеология арқылы жаңа отар деңгейіне түсірілді. Тиісінше, елімізде ұлт-азаттық қозғалыс іс жүзінде толастаған жоқ: ұлт мүддесін көздейтін ойлар астыртын да, рұқсат етіл­ген ауқымда да түрлі қарқын­мен дамып жатты. Соның нәти­жесінде халықтың ұлттық санасы өсті, ақыры, жағдай ушық­қанда, бұрқ етіп, ұлт-азаттық көтеріліс тұтанды.

Міне, осы жайттер «Қазақ­стан тарихында» ғылыми түрде тиянақталып көрсетілсе деп едік. Кеңестік Социалистік Рес­публикалар Одағы деген әде­мі атауы бар Империяны тұтас­тандырған коммунистік режим­нің қазақтарды отар құлдары деңгейіне түсіріп, басып-жан­шуы — бүгінде тарих сахнасынан кеткен өкіметтің мемле­кеттік қылмысы ғой, соны ғалымдарымыз аталған іргелі тарих кітабында сиырқұйым­шақтатпай, ғылыми жолмен әшкерелесе деп тілеп едік. Алайда бұл үміт ақталмады.

Осыдан барып мынандай сауал еріксіз ойға оралады: ғылыми дәйегі жасалмаса, біздің өкіметіміз саяси баға бере қояр ма екен?

Не істеу керек? Шұғыл арнайы комиссия құруды сұрау керек шығар? Әлде Желтоқсан жайы екі мүшел уақыт бойы жан-жақты айтылып келе жат­қандықтан, тиісті саяси бағаны Жоғарғы биліктің, айталық, Парламенттің өзі-ақ берер ме екен? Ал нұсқау күтіп отырған ғылым, бәлкім, билік тарапынан берілген бағаны дәйек­тейтін қомақты ғылыми еңбегін содан кейін жаза жатар... Ескі заманғы әдетінше... Өкінішті-ақ, әрине...

Әлде отандық ғылым тұт­қасын ұстағандар осы өзекті мәселеге қатысты кемшілік­те­рін мойындап, шұғыл да батыл әрекет жасар ма екен?

Қалай болғанда да, желтоқ­саншылар үміті, халық үміті ал­дан­бауға тиіс. Өйткені бұл тә­уел­сіздігімізді нығайтып, баянды ете түсу үшін керек.

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 02 (85) 19 қаңтар  2011 жыл.

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы