Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бауыржан Берікұлы. Ардың ісін арзандатпайық

Дата: 20 января 2011 в 17:10

Бауыржан Берікұлы. Ардың ісін арзандатпайық

Қазір бір ақынның бір өлеңі түгілі бір сөзіне сын айтсаң, оны тұтасымен жоққа шығарып отыр деп түсініп қалатындар да бар. Ол — дұрыс емес. «Әдебиет — ардың ісі», «Әдебиет — әдеп, ұят» деген сөз бар.  Әдебиетте әдеп сақтайық, ұят болмасын. Сынға түсіністікпен қаралық. Әрине, жаңылмайтын жақ жоқ. Сонымен қатар: «Сын түзелмей — мін түзелмейді» дегенді де ұмытпауымыз керек. Тіл тазалығын ақындар сақтамағанда кім сақтайды?! Тіл мәдениетін қалыптастыруда қаламгерлердің рөлі ерекше. Ендеше, қолына қалам ұстаған жас қаламгерлеріміздің шығармаларына сын көзбен қарағанымыз бұрыс болмас, ағайын.

«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мағыналы сөздің өлеңге де қатысы бар.  Поэзияда тетігін таппай қолданылған бір сөздің өзі жоғарыдағы мақалға қаншалықты қатысты екенін дәлелдей алады. Себебі, әр сөзді өз орнымен қолдана білу — ерекше елде жоқ дарындылықты қажет етпейді, тек сау ақылмен «ақырын жүріп, анық басуды», үнемі жүрек көзімен үңіліп отыруды қажет етеді.

Сөзімізге арқау болғалы отырған — Алмас Темірбай, Ақберен Елгезек, Болат Шарахымбай, Нәзира Бердалы, Асылзат Арыстанбекқызы секілді ақындарды оқырман қауым жақсы таниды деп білеміз.

Енді кезекте осындай ақындардың өлеңдеріне қатысты ой-пікірімізді ортаға салайық. Осыған орай тағы да бір електен өткізетін жайттарға байланысты өз ойымызды бүгіп қалғанды, үндемей қоя салғанды жөн көрмедік. Сонымен, замандастарымыздың шығармашылық ауылына саяхат жасап көрелік.

Мәселен, жырсүйер қауымға есімі белгілі Нәзира Бердалының мына бір өлең жолдарына назар аударып қараңызшы («Өзім жайлы»):

«Өзім жайлы айтар болсам

Бір өлеңге сыя ма?

Мен — ағашпын, жайқалған сан,

Тамыр жайған қияға». (?)

Негізінен қазақта «тамыры терең жайылған», «тамыры тереңге кеткен» деген сөз бар. Әріге бармай-ақ, Жұмекен Нәжімеденовтің: «Бұтақтарым — биікте, тамырларым — тереңде» деген сөзін де дәлел ретінде алсақ та болады. Тамыр қияға жайылмайды. Сондықтан да ақын бұл жерде «тамыр жайған қияға» деген сөзді дұрыс қолданбаған.

Н.Бердалы мына бір ұсынысымызға қалай қарар екен? Мәселен, ол жоғарыдағы өлең жолдарын:

«Өзім жайлы айтар болсам

Сыя ма бір өлеңге?

Мен — ағашпын, жайқалған сан,

Тамыр жайған тереңге», —

десе қалай болар еді?

Үзбей ізденгіш, дарынды Ақберен Елгезек:

Жанның шетін (?) ілби басып, жиектеп,

Мұң өрнегін оюлайды ақшамдар. (?)

Көкжиекте іңірлерді (?) иектеп,

Ауысады алма-кезек аспандар, — (?)

деген екен. Бірақ осы шумақтағы «аспандар, ақшамдар, іңірлер» ұғымы дұрыс берілген деп ойлайсыз ба? Әдетте аспанның арғы бетіндегі тылсымды «он сегіз мың ғалам» немесе «жеті қат көк» деп айтпайтын ба едік? Аспандар, ақшамдар, іңірлер деу — қалыптасқан ұғым-түсінікке қайшы, тіпті ұлттық тілдік нормаға сай келмейді ғой?

Ақын Ұлағат Ханзаданың өлеңдерінде де біраз ой қайшылықтар ұшырасады. Мәселен, оның «Жүрек жасы» деген өлеңінде:

Көңілім мұзды жарып, тасты еріткен,

Алақұйын қасіреттен қашты өңім.

Көкіректің күмбезін жас кеңіткен,

Түйсігімнің табанымен тас күредім, — (?)

деген екен. Біріншіден, түйсіктің табаны (?) бола ма, екіншіден, адам табанмен (?) тас күрей ме  екен?.. Қанша түсінуге тырыссақ та, әрі оқып, бері оқып көрсек те, бұл сөздердің мағынасын еш түсіне алмадық.

Ал, өлеңсүйер қауымға есімі жақсы таныс ақын Әсел Салықтың:

Қуантып аласың да жылатасың,

Тым ауыр бір мен үшін бұл әдісің.

Неліктен келіп тұрсың кетіп қалмай,

Бір жола өмірімнен құрақ ұшсын, — (?)

деген өлең шумағынан сіз не түсіндіңіз? («Ақ жауын тектес жанарым», 20-бет). Осы шумақтағы соңғы үшінші жол мен төртінші жолдардағы ой бір-бірімен тіпті қабыспай тұр емес пе?

Тақырыбы «Мен сол бір кез» деген өлеңінде:

Мен сол бір кезде өзіңді шын сүйіппін,

Арманның көркем бағында бірге жүріппін.

Жаңбырменен қосыла көздің жасы

Көкіректен төгілерін білмеппін... —

депті. Құдды поэзия емес, проза оқып отырғандай әрі-сәрі әсер алады екенсіз.

Ал «Сырымды ешкім көрмесін» деген өлеңінде:

Сөндіріп алмай сәулесін,

Басып кет, қалқам, пернесін.

Жасырып жаннан жасқаған

Сырымды ешкім көрмесін, — (?)

деп жырлаған екен. Бұл жерде ақын «сырымды ешкім сезбесін», «хәлімді ешкім көрмесін» деп жазса дұрыс, түсінікті болар еді деп ойлаймыз.

Енді жас ақын Динара Мәлікованың өлеңдерінен үзінді келтірсек:

Тағы бір шылымның сорабы,

Бос қалған қорабы...

Дүние түтінге тұншығып,

Бүрсиіп тоңады...

***

Көздеріңнен құлағанда кірпігің,

Көкте жүрген екенбіз...

Үмітіне үзілгенде үрпінің, (?)

Адасқанбыз екеуміз... —

деген екен. Мұндай өлеңдерді Динара Мәлікова жазған дегенге мүлдем сенгің келмейді. Шылымның сорабы деген не сөз? «Үмітіне үзілгенде үрпінің» деген сөзден сіз бірдеңе ұқтыңыз ба? Бұлай «күрделі» жазу (тек оқушы қауымды көп әуреге салатыны болмаса) — асқан таланттылықты тіпті де керек етпейді. Бұл да («үмітіне үзілгенде үрпінің») әнебір жылдары бір жас ақынның «Шабыт» халықаралық жыр сайысына қатысып, орын алған өлеңіндегі «миымның ішінде мысықтар мияулап» дегені секілді сөз тіркестерінің қатарын толықтырғаны болмаса, талғампаз жырсүйер қауым үшін ешқандай да жаңалық емес.

Біз сонымен қатар, әдебиетте алатын орны ерекше, рухшыл ақын Болат Шарахымбайдың да мүлт кеткен жерлерін айтпауды жөн көрмедік. Ол былай дейді:

«Сүлеймен абыз Су Ие!

Бір құйшы! Қансын сілесі! (?)

Күрмеуге келмей дүние,

Өгейсіп тұрған бұ несі?!.»

Мұндағы «сілесі» деген сөз өлең шумағының соңғы жолында тұрған «бұ несі» деген сөзге ұйқас үшін алына салған секілді. Әйтпесе, кез келген қазақ баласы «сілесі қансын» демейді, «шөлі қанды немесе шөлін қандырды», «шөл басты» дейді. Ал «сіле» деген сөзге келетін болсақ: «сілесі қатты», «әбден діңкеледі» деп айтқан жоқ па?!

Ақынның келесі өлеңінің мына бір шумағындағы бірінші жолына қараңызшы:

Жанталасам суға түскен балықтай, (?)

Ернін сонша шүйіреді қара аспан.

Қауырсыны жұлым-жұлым,

Жан ұқпай,

Мен — қоңыр қаз үйірінен адасқан.

Балық онсыз да суда тіршілік етпеуші ме еді?! Көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Біз суға емес, ауға түскен балықтың қалай жанталасатынын көріп өстік емес пе? Сондықтан Б.Шарахымбай өлеңінің «Жанталасам суға түскен балықтай» деген жолдарын: «Жанталасам ауға түскен балықтай» деп жазса түсінікті болар еді деп ойлаймын.

Б.Шарахымбай «Сырбаз өмір» деген өлеңінде:

Кигенің былғары ішік, сылқым етік, (?)

Саз сырнайды салушы ек бүлкілдетіп,

дейді. Сөздік қорымызда «сылқым келіншек, кербез келіншек» деген бар еді. Бірақ ақынның «сылқым етік» деген сөзіне түсінбедік. Бұл да «бүлкілдетіп» деген сөзге ұйқас үшін құрылған ба деп қаласың.

Ал Қажымұқан Есқалиев деген ақын:

Бара жатыр кімді қимай, белгісіз

Қаңқылдайды, қарайлайды аққулар, — (?)

деген екен. «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған» деген сөзді білуші едік, ал аққудың қаңқылдамайтынын дәлелдеп жатудың өзі басы артық нәрсе деп ойлаймыз.

Иә, ақын ішкі бұлқынысын өлеңмен өреді. Бірақ Махамбет секілді тіліп айту — бір басқа, ел аузындағы ұятты сөздерді Поэзияға араластырып айту — бір басқа. Екеуі екі бөлек дүние. Мәселен, мұндай сөздер — Асылзат Арыстанбекқызында да, Алмас Темірбайда да кездесіп қалады.

Мысалы, Асылзат Арыстанбекқызы:

Өз еліме сыймай қаңғып келемін,

Айта берсем таусыла ма арызым?!

Осы болса «тәуелсіздік» дегенің,

Онда оның әкесінін ауызын... — (?)

десе, ал Алмас Темірбай:

Қызығы алдамшы, дүние,

Қызыңды ұрайын! — (?)

депті.

Былайғы кезде ауылдағы шайпау кісілердің аузынан шығып кете беретін анайы сөздерді сөз патшасы — киелі өлеңге қолдану менің ойымша ұтымды тәсіл емес сияқты. «Әкесінің ауызын», «енеңді ұрайын» немесе «қызыңды ұрайын» деп жаза беру — Поэзия табиғатына қарама-қайшы құбылыс деп ойлаймыз.

Жалпы алғанда шындық деген қай кезде де ащы болады ғой. Бірақ та кісінің көңіліне қарап, айтпай қалдыра салуға болатын ақиқат болмауы қажет. Жасыру, кемшілікті көрсетпеу, немкеттілік таныту — әдебиетке сын. Немкеттілік таныту керек десеңіз бұл әдебиетке ғана емес, ақын замандастарыңа қастандық жасау деген сөз. Сонымен бірге қазақта: «Ауруын жасырған арам өледі» деген сөз бар. Айтылған сынға ақындарымыз түсіністікпен қарайды һәм шын жүрекпен қабылдайды деп ойлаймыз.

Және де Әшірбек Сығай ағамыз: «Жас қазақ» газетінде жарияланған «Сыншының күні — күн емес!» деген сұхбатында: «Бельинскийдің өзі ХІХ ғасырда «әдебиет құрып бара жатыр», — деп дабыл қаққан. Бұл Бельинскийдің орыс әдебиетіне жаны ашығаны деп түсінем», — деп ой білдірген екен. Біз бір сөз үшін еш ақынды да жоққа шығармаймыз, десек те тағы да қайталап айтамыз, «бір қарын майды бір құмалақтың шірітетінін» естен шығарып алмауымыз керек. Сол сияқты біз де қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының құлдырамауын тілейтін көп тілекшінің бірі ретінде, жоғарыдағы өз пікірімізді осылайша ортаға салғанды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

 

 

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы