Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қазақстан Арал теңізін құтқаруға болатынын дәлелдеді

Дата: 23 января 2011 в 09:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақстан Арал теңізін құтқаруға болатынын дәлелдеді

Абай Әбдірахманұлы, ХХІ ғасырда тіршіліктің көзі саналатын судың жетіспеушілігі адамзат үшін өте үлкен мәселеге айналып барады. Күннен-күнге оның әлеуметтік, экономикалық, экологиялық маңызы артпаса, кеміп отырған жоқ. Тіпті қазірдің өзінде ол өзінің жетіспеушілігі жағынан көмір, мұнай, газ сияқты жер қойнауынан алынатын қазба байлықтармен бәсекелесе бастады. Уақыттың өтуімен, әлеуметтік маңызы жағынан тіпті қара және түсті металдар сияқты өте қымбат деңгейге көтерілуі мүмкін. Сіз кезінде Арал теңізінен Қытайдағы Лобнорға дейінгі құрлықішілік тұйық су қоймаларының гидроэкологиялық мәселелерін зерттеген ғалым ретінде судың адамзат өміріндегі орны, оның бүгінгі жағдайы жайында не айтар едіңіз?

— Бұл қазіргі таңда біздің еліміз үшін де, жалпы адамзат үшін де өте өзекті мәселе. Өйткені Жер планетасындағы табиғи сулар оның үштен екі бөлігінен астамын құрап қана қоймай, ондағы зат-қуат алмасу үдерісінің негізгі қатысушысы. Сондай-ақ сутегі, метан және басқа да газдармен бірге атмосферадағы парниктік тиімділікті қалыптастырып, тіршіліктің болуын қамтамасыз етеді. Такламакан, Гоби, Қызылқұм, Қарақұм сияқты алып шөлдері бар және өте үлкен қуаң белдеу өтетін Орталық Азия тұрғындары үшін судың маңызы мен тіршіліктегі бағасы бұрыннан белгілі. Алайда тап осы аймақта адамның өз қолымен жасалған Арал апаты орын алды. Сөйтіп, Жер биоценозының бір түрі саналатын барлық табиғи суларды адамзаттың су ресурстары деп санауға және өзендер мен көлдерді, теңіздерді тек шаруашылық мақсатында ғана пайдалануға болмайтыны белгілі болды. Судың қызметі қоршаған ортадағы биосфералық, адамзат қоғамындағы әлеуметтік үдерістермен ғана шектелмейді екен. Ол өз молекуласының ерекше парамагниттік қасиеттерінің арқасында тек зат пен қуат тасушы ғана емес, биокеңістіктің өмір сүруін қалыптастырып, адам ағзасын қоса алғанда, өсімдік және жануарлар әлеміндегі әрбір индивидтің бойындағы алмасу үдерістерінде үлкен маңызды рөл атқарады. Осылай су табиғаттағы негізгі жүйеқұраушы фактор болып, табиғи-шаруашылық жүйедегі жеке бөлшектердің өзара қатынасын реттейді.
— Сонда судың осындай қасиеті мен қызметін жете түсіну үшін Арал апатын қолдан жасау қаншалықты қажет еді? Қалай оған жол беріп алдық?
— Егер табиғат құбылыстарын гидроэкология тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда бұрынғы КСРО республикалары бастан кешіп жатқан көптеген экологиялық апаттардың төркіні мен себептері түсінікті бола бастайды. Осы көзқарастан, Арал теңізінің тартылуын Орта Азияда мақта өсіру үшін суармалы жерлерді күрт көбейтуді жүзеге асыру арқылы «адамның өз қолымен жасалған апат» демеске амал жоқ. Өйткені олар теңіздің құрып кететінін біле тұра бұған саналы түрде барды. Бірақ мұның жаһандық экологиялық апатқа әкеп соқтыратынын ойлаған жоқ. Сол себепті де Арал аймағындағы бүгінгі жағдай ғылыми қауымдастық үшін күтілмеген нәрсе болды. Оның үстіне тоталитарлық жүйе тұсында Арал апаты және оның болашақтағы салдары жайында айту өте қауіпті еді. Соған қарамастан Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматы және басқа қалаларда «мақта тәуелсіздігі» саясатына қарсылық білдіріп, төніп келе жатқан апат жайында айтқан ғалымдар болды. Алайда әкімшіл, әміршіл жүйе оған құлақ аспады, қайта ондай пікір білдіргендер қудаланып, жазаланды.
— Табиғаттағы тепе-теңдік пен заңдылықтардың бұзылуы да әртүрлі апаттарға әкеп соғатынын ғылым әлдеқашан дәлелдеді. Арал апатына қандай заңдылықтардың бұзылуы басты себеп болды?
— Орта Азияны мекендеген байырғы тұрғындардың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан суармалы егін шаруашылығын жүргізу дәстүрі бар. Өткен ғасырдағы 60-ыншы жылдардың басына дейін бұл дәстүрлер бұзылған жоқ. Ғылым жетістіктері жоспарлы түрде енгізіліп, суғару жүйелері жаңғыртылып отырды. Алайда КОКП Орталық Комитетінің 1965 жылғы атақты май пленумынан соң «мақта тәуелсіздігіне» бағыт алынды және оған, негізінен, Орта Азияда суармалы жерлерді күрт көбейту есебінен қол жеткізу көзделді. Сөйтіп, Қызылқұм, Қарақұм шөлдерімен шекаралас бос жатқан жерлерді жаппай игеру басталды. Суармалы жерлерді осылай кенет және экстенсивті дамытудың нәтижесінде Сырдария мен Әмудариядан жылына алынатын судың көлемі 54 текшешақырымнан 110 текшешақырымға жетіп, екі еседен де асып кетті. Бұл 1975 жылдан бастап жерасты суларының көтерілуін тездетіп, топырақтың сорлануына, соның салдарынан мақта алқаптарындағы өнімділіктің азаюына алып келді. Ал өнімділікті арттыру үшін гектарына 400 келіге дейін берілетін минералды тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық зиянкестеріне қарсы 54 келіге дейін жұмсалатын улы химикаттар суармалы жерлерді улап, мақта талшығының сапасын күрт төмендетті, адамдардың арасында ауруға шалдығуды керісінше көбейтті. Ал дамыған елдерде улы химикаттарды қолдану гектарына 1-2 келіден аспайды. Осыдан-ақ мақта өсірілетін аймақтарда топырақтың улану деңгейі қандай екенін пайымдай беріңіз! Сөйтіп, Арал теңізінің тартылуы есебінен «шөлістанда гүлденген оазистер орнатамыз» деген ақылға сыймайтын әрекеттердің нәтижесінде қатты уланған және күн өткен сайын шөл далаға айналып бара жатқан жерлер пайда болды. Есесіне, Жер шарының үлкен бір аймағында биокеңістіктің өмір сүруін, климаттағы өзгерістерді қалыптастыратын табиғи реттеушіден айырылдық. Оның салдары аймақ үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін қаншалықты ауыр екенін айтудың өзі қиын...
— Бұл жаһандық деңгейдегі үлкен мәселе екенін бүгін бүкіл әлем мойындап отыр. Осы тұрғыдан Арал теңізін құтқару да адамзаттың ортақ міндеті емес пе? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? Қазіргі нәтижелерге көңіліңіз тола ма?
— Бұрынғы КСРО-ның арнайы үкіметтік комиссиялары Арал теңізін құтқару бойынша концепциялардың ақырғы үзілді-кесілді нұсқасын дайындау бойынша жұмысты аяқтай алған жоқ. Ал теңіз күннен-күнге құрып, аймақ атмосферасын ластайтын щаң мен тұз көбейіп бара берді. Бұл Арал апатының көзге көрініп тұрған, жақсы зерттелген және баршаға белгілі салдары. Сонымен бірге қазірше тек мамандарға ғана белгілі, келешекте аймақ тұрғындары үшін аса қауіпті, мүмкін, тіпті гендік деңгейде жүріп жатқан өзгерістер мен аурулардың көбеюі, суармалы жерлер мен жайылымдар өнімділігінің айтарлықтай төмендеуі, таулар жалаңаштанып, мұздықтардың еріп-азаюы, аймақтық және жаһандық климаттың өзгеруі сияқты басқа үдерістер де күшейіп барады. Бұл жағдайға кең ғылыми қауымдастық әлі назар аудара қойған жоқ. Тіпті кейбір ғалымдарымызды соңғы жылдары өзен суларының болмашы ғана көбеюі қанағаттандыратын сыңайлы. Ол мұздықтардағы ғасырлар бойы жиналған қордың жұмсалуы есебінен болып жатқаны көп адамды ойландырмайды. Соңғы жылдардағы зерттеулер Каспий теңізі деңгейінің «күтілмеген» көтерілуі, Батыс Еуропада жиілеп кеткен тұзды жаңбырлар, парниктік жылынулар мен жер стратосферасындағы кері кетулер мен және басқалар құрғап қалған Арал теңізі мен Қарабұғазгол шығанағының табанынан көтерілетін құрлықтық ауыр аэрозолдер шақыратын табиғаттағы біртұтас тізбекті реакцияның нәтижесі екенін көрсетті. Сондықтан теңізге кемінде жылына өзендерден 30-40 текшешақырым ағын су түсетін жағдай қалыптастырып, оны биоценозға бай су қоймасы ретінде сақтап қалу керек. Ғалымдардың бүгінгі іздеп жатқан тұсында Арал проблемасын шешудің нақты ұтымды нұсқасы жоқ.
— Сіздіңше не істеуіміз керек? Арал проблемасын шешу тұжырымдамасын қалай ғылыми негіздеуге болады?
— Мен осы Арал апатының зардабын татып отырған әйгілі Тұран топырағының түлегі әрі су шаруашылығының маманы, ғалым болғандықтан, өзімнің зерттеулерім, ғылыми журналдарда жарияланған белгілі ғалымдар мен басқа да мамандардың ауқымды дәйекті материалдарын терең де жүйелі түрде талдай келе мынадай ойға келдім.
1. Арал апатының негізгі себебі теңіздің өз бассейніндегі өзен суларымен ағып келетін тұздарды жұтып, оны қайта өңдеп, өз биоценозының өніміне айналдыратын тұщыландыру фабрикасы, Орталық Азияның аридтік климатын тұрақтандыратын реттегіш рөлін түсінбей, күрделі табиғишаруашылық жүйені біліксіз басқарудың нәтижесі.
2. Аэроғарыштық түсірілімдердің нәтижелері негізінде жасалған көптеген мамандардың талдау қорытындылары жылына орташа 116 текшешақырымды құрайтын Әмудария мен Сырдария өзендерінен келетін ағын судың 115 текшешақырымы суармалы егістік үшін алынатынын көрсетті. Мұны кем дегенде жылына 30 текшешақырымға дейін қысқартып, Орталық Азия аймағының ішкі мүмкіндіктерін пайдалану есебінен теңізді тым құрығанда 1985 жылғы ең төменгі экологиялық көлемде қалпына келтіру керек. Бұл барлық суармалы жер көлемін жүйелі түрде қайта құруға мүмкіндік береді.
3. Аймақта 30 пайыздан астам жыртылып егілетін жер «екінші тұздану» үдерісі кезінде пайдалануға жарамсыз болып қалған. Олардың тұзын шаю және суғару үшін нормадан 2-3 есе артық өзен суы пайдаланылады. Осы жерлерді ауыл шаруашылығы айналысынан уақытша шығару Арал теңізі үшін қажетті өзен суының өтуіне және ол жерлерде суармалы егіншіліктің ежелгі дәстүрлерін қалпына келтіру мақсатында суғару жүйелерін жоспарлы түрде қайта құруды бастауға жағдай туғызады.
4. Қазақстан мен Орталық Азияның басқа республикаларындағы суармалы жерлердің жалпы өнімділігі оларға жұмсалатын судың көлеміне тәуелсіз екені регрессивті талдау әдісімен дәлелденді. Бұл — аймақта судан пайдаланудың ғылыми түсініктерге мүлде қарсы, қарақшылық дәрежеде жүріп жатқанын көрсетеді.
5. Орталық Азия республикаларындағы коллектор-дренаж суларының жалпы көлемі жылына 35 текшешақырымнан асады. Қазіргі кезде оның бәрі түгелдей дерлік ағын сулар жиналатын қоймаларға жіберіліп жатыр. Соңғы жылдары олардың көбі, тіпті ең ірі Сарықамыс, Арнасай сияқты көлдер бұрын топыраққа сіңген улы шаң мен тұздардың ауру шақыратын бактерияларын өндіретін «көшетханаға» айналды. Осы су қоймаларын бірте-бірте жойып, босаған коллектор-дренаж ағынын аймақ үшін тұщыландыру тиімділігін қалпына келтіру мақсатында Арал теңізіне жіберу керек.
6. Сырдария өзеніндегі Шардара, Әмудариядағы Түйемойын су қоймалары бұл өзендер суының Арал теңізіне түсуін түгелдей тоқтатты. Олар коллектор-дренаж суларын да толық іркіп тұр. Оның үстіне Әмудариядағы Хиуа оазисі мен Сырдарияның ашық даласындағы гүлденген аймақты батпаққа айналдырып барады. Осы және төменгі басқа да су қоймаларын толық жойып, өзен суларының Аралға жетуіне жол ашу үшін екі өзеннің де арналарын гидравликалық тұрғыдан тазалау қажет.
7. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары құрылған Қарақұм каналы жылына 12 текшешақырым су алады. Оның тең жартысы ысырап болып, екінші тұздану үдерісін шақырып, тек шөлді аймақтағы жайлауларды тоздырып жатыр. Сондықтан бұл каналға алынатын су көлемі 8 текшешақырымға дейін қысқартылуы тиіс.
8. Өзен суларының ішкі резервтерін тиімді пайдалану Арал теңізінің тартылу үдерісін тоқтатып, оның деңгейін біртұтас биологиялық су қоймасы ретінде қайта қалыптастыратын 43,0 метрлік белгіге дейін көтеруге мүмкіндік береді. Теңізді әрі қарай қалпына келтіру және Орталық Азия республикаларының тепе-тең даму болашағы судан пайдалану мәселелерін түп-тамырынан қайта қарап, мүлде жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Егер Арал теңізінің түсіп бара жатқан деңгейі тұрақтандырылмаса, ол жер атмосферасына 20...30 жыл бойы тұзды шаң шығарып, бүгінгі күннің өзінде айтарлықтай өзгерген жаһандық климат тұрақсыздығының тұрақты факторына айналуы әбден мүмкін. Сондықтан Аралды құтқару бүкіл адамзаттың ортақ міндеті деп түсініп, оған дүниежүзілік қауымдастық бірлесе күш салуы және теңізді шұғыл түрде құтқару қажет.
— Ол үшін не істеу керек? Мәселен, Қазақстан Солтүстік Аралды сақтап қалу бойынша едәуір жұмыс істеді. Меніңше, аймақтағы басқа республикаларда қазірше осындай тындырымды іс байқалмайды?
— Иә, Қазақстан шын мәнінде, Арал теңізін құтқаруға болатынын дәлелдеді. Солтүстік Аралдың қайта қалпына келе бастауы, онда балық шаруашылығының дамуы мұның айқын мысалы. Үлкен өкінішке қарай, Орталық Азиядағы басқа республикалар бұл мәселеге онша бас ауыртпай отыр. Егер халықаралық қауымдастық белсене араласып, бірлескен іс-қимыл жобаларын жасап, олардың орындалуын қатаң талап етсе, жағдай өзгеруі мүмкін. Арал апатын жоюдың меніңше бір-біріне ұқсамайтын, бірақ өзара өте тығыз екі жолы бар. Біріншісі — Әмудария мен Сырдария өзендерінің бассейнінде су-жер және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды қайта құру. Бұл бағытта Арал аймағында экологиялық зардап шегіп жатқан халыққа медициналық қызмет көрсету және әлеуметтік қамтамасыз етуді күрт көтеріп, суармалы жерлерді реконструкциялау, мақта, күріш монокультурасына маманданған шаруашылықтарды қайта құрып, тау жүйесіндегі ағыс қалыптастыратын жоғалып бара жатқан кіші өзендерді сауалтып, қалпына келтіретін, барлық елді мекендер мен өндірістік нысандардағы кәріз және сумен қамту жүйелерін жаңғырту шараларын жүргізіп, су тазалау қондырғыларын құру, су, жер, қазба байлықтар мен атмосфера ауасын қоса алғанда, барлық табиғи ресурстарды пайдаланудың қалдықсыз технологиясын енгізу қажет. Екіншісі — ең төменгі экологиялық тиімді деңгей мөлшерінде болса да теңіздің өз акваториясын қалпына келтіру, оны жүзеге асыру мерзімін және Арал теңізі үшін ішкі су ресурстарының резервтерін анықтап, оларды іске асыру, сырттан мысалы, Каспий теңізі немесе Сібірден су жеткізу жобаларын жасап, жүзеге асыру.
— Сібірден су жеткізу демекші, жуырда ғана лауазымынан шеттетілген Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков бұдан біраз бұрын: Аралды құтқару үшін Сібір суын ақылы негізде болса да бұру керек, деген еді. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында Ресей президенті Дмитрий Медведевпен кездескен кезінде мұны ресми түрде айтты. Бірақ арқадағы көршілеріміз бұрыннан да мұның қандай да бір экологиялық зардаптарын алға тартып, қарсылық көрсетіп келе жатқаны белгілі. Бұл зардаптар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланып, ай сайын аспанға ғарыш зымырандарын ұшырып жатқан Ресейдің Қазақстанға тигізетін зардаптарынан артық па? Олардың қаншасы төбемізге құлап, жерімізді улап, халқымыздың денсаулығын құртып, бізге көпжақты зиян келтіріп жатыр ғой! Сонда тараптардың теңдігі, әділеттілік деген қайда? Оның үстіне әскери полигондарды жалға алғаны үшін Ресей жағы төлейтін қаржылардың да жеке шоттарға түсіп жатқаны белгілі болып қалды. Егер сол қаржылар Сібір өзендерін бұру жобасына жұмсалса бүкіл адамзат үшін пайдалы болмас па еді?
— Бұл сұрақ сені, мені немесе тек Қазақстан халқын ғана емес, өзге көршілес туысқан республикалардағы Арал апаты аймағында өмір сүріп жатқан 50 миллионнан аса халықты толғандыратын бүгінгі күнгі ең өткір сұрақ деп білемін. Арал апатының тіпті жаһандық климаттың өзгеруіне әсер етіп жатқаны жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Сондықтан бұл мәселені шешуді бүкіл әлем болып қолға алу керек.
2010 жылдың тамыз айында Қазақстанға арнайы сапармен келген БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Арал теңізі мен Семей аймағында болды. Сол сапарында Бас хатшы Аралды өз көзімен көріп: «Жаһандағы ең ірі экологиялық апат аймағы» деп атады. Көп ұзамай-ақ, Ашхабад қаласында БҰҰ мен Аралды құтқару қорының атқарушы комитеті арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды. БҰҰ-ның басшысы өзі басқаратын ұйымның Арал мәселесіне қатысты жобаларға қажетті барлық техникалық, сараптамалық, тіпті қаржылық көмегін көрсететініне уәде етті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ІNTERNATІONAL HERALD TRІBUNE газетіне берген сұхбатында: «Экологиялық мәселелерді шешу үшін Қазақстанға халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет. Қазіргі кезде Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіріп, бұл экологиялық проблеманы өзімізше шешуге тырысып жатырмыз. Бірақ мұндай маңызды мәселені толығымен шешу үшін ЕҚЫҰ-ның ресурстарын пайдалануымыз керек», деп мәлімдеді.
Менің түсінігімде КСРО-ның мұрагері ретінде Арал апатының салдарына белгілі бір деңгейде Ресей жауапты. Елбасымыз Аралға Сібір өзендерінің суын бұру мәселесін Ресей президентіне тектен-тек айтпаған шығар. Нұрсұлтан Әбішұлы не айтса да жеті емес, жетпіс өлшеп, әбден пісіріп айтатын сұңғыла саясаткер, көреген Көшбасшы ғой, көресің әлі, келешекте мұның да нәтиже берері сөзсіз. Қазақстан басшысының әлем алдындағы абырой-беделі біздің елімізге халықаралық қауымдастықтың қолдауымен көптеген күрделі мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Сондықтан саяси айтыс-тартыстарға бармай-ақ қоялық. Уақыт бәрін өз орнына қояды.
— Лайым, солай болғай! Жалпы, Сібір өзендерін Аралға қарай бұрудың нақты жобасы бар ма?
— 1970 жылдардың ортасында бұл жобаның бірінші басқышы дайын болған еді. Сібір өзендерінің бір бөлігін бұру бойынша әртүрлі 12 трассадан сушаруашылық, техникалық және экономикалық талаптар бойынша Обь өзенінің Ханты-Мансийск қаласының солтүстігінде Ертіске құятын тұсынан су алатын «Торғай нұсқасы» деп аталатын нұсқа таңдалған болатын. Алынатын су көлемі жылына 27,2 текшешақырым деп есептелді. Оның жалпы ұзындығы 2300 шақырым болып, содан 400 шақырымы Ертістің сол жағалауындағы батпақты жерлерден өтетін. Оның үстіне су көтеретін төрт насос станциясының екеуін осы тұста құру қажет болды. Мұның бәрі құрылысқа кететін шығын мен жұмыстың орындалу мерзімін айтарлықтай ұлғайтатын еді. Сондықтан жоба бойынша жұмыстар 1986 жылы тоқтатылды да барлық сұрақтар жауапсыз қалды.
Кейінірек алматылық тәжірибелі гидроқұрылысшы Тоқтарбек Бисебиков трассаның бастапқы бөлігінің жаңа нұсқасын өз бетінше жасап шықты. Бұл нұсқа бойынша су Обь өзенінен Салехард қаласының маңындағы Сергинский ауылының тұсынан алынады да Орал тауының шығысы арқылы Серов, Ирбит, Челябі қалаларын айналып, Қостанай маңында Тобыл өзенін кесіп өтіп, Құсмұрын көлінің батыс жағалауы арқылы «Торғай нұсқасына» қосылады. Бұл алғашқы нұсқадан ұзындау болғанымен, су биік және құрғақ жерлерден өтетін болғандықтан анағұрлым тиімді болатын. Алайда Кеңестер Одағы құлаған соң бұған бас қатырған ешкім болмады.
— Аралды құтқару үшін Каспийден су алудың мүмкіндіктері қандай?
— 1977 жылдан бастап Каспий теңізінің су балансы ұнамды болып, жылына орташа +58,0 текшешақырымды құрап отыр. Осы көлемнің бір бөлігін, жылына 40 текшешақырым су алу Арал теңізін тұрақтандырып, оның деңгейін қалпына келтіруге мүмкіндік берер еді. Қазіргі кезде ол екі жақты пайдалы: бір жағынан Аралды қалпына келтіріп, атмосфераны құрғап қалған теңіз табанынан ұшып жатқан тұзды шаңның қыспағынан, екінші жағынан жыл сайын өсіп бара жатқан Каспий теңізі деңгейінің көтерілуін тоқтатып, оның жағалауындағы елдердің халқын әр жылы қайталанатын үлкен залалдан құтқарар едік.
Арал теңізін құтқару жобалары байқауында Каспийден екі трасса бойынша су алу қарастырылады. Біріншісі, Небит-Даг шығанағынан басталып, Үзбой өзенінің ескі аңғарымен су Сарықамысқа құлайды. Одан Дариялық коллекторы арқылы Судочье өзеніне түсіп, Арал теңізіне жетеді. Бұл судың минералдануы 12 г/л-ден асады. Ал Жәлел Дүйсебаев ұсынған екінші, солтүстік трасса Каспий мен Арал жағалауларының тұтастай қазақстандық бөліктері арқылы өтеді. Канал Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Бозашы түбегіндегі Комсомол шығанағы құрлыққа терең енетін тұстан басталады. Әрі қарай Жарынқұдық, Амантау-Матай арқылы Бейнеу станциясының солтүстік тұсында темір жолды кесіп өтіп, Үстірттің үстімен Бәйгебекмұрын мүйісіне, одан Арал теңізінің солтүстік-батыс жағалауына жетеді. Бозашы түбегінің маңындағы теңіз суының минералдану деңгейі 4 г/л. Бұл оңтүстік нұсқадан анағұрлым төмен. Осы жағдай солтүстік нұсқаға анағұрлым артықшылық береді. Өйткені суды осы нұсқа бойынша алу Арал теңізінің тұздану деңгейін азайтып, оның келешекте қалпына келетін биожүйесінің өмір сүруін анағұрлым жеңілдетеді. Оның үстіне оңтүстік трассаның ұзындығы 800 шақырым болса, солтүстік трасса одан 300 шақырымға қысқа. Екі канал да кеме қатынасын дамытып, шетелдерге теңіз арқылы шығуға мүмкіндік береді. Енді қайсысының тиімді екенін экономистер мен инвесторлар шешуі тиіс. Қайткенде де жоғарыда айтылған Арал теңізі мен канал бойындағы жерлердің тұздану тепе-теңдігі жайлы ұмытпау керек. Бірақ Сібір өзендерінен не Каспий теңізінен Аралға қарай су алу үшін бүгінгі күні бір нәрсе — қуатты насостар жоқ.
— Қазақстан аграрлы ел болғандықтан ауыл шаруашылығында айтарлықтай суармалы жер көлемін пайдаланады. Бірақ бізде су ресурстары жетіспейді. Өткен жылы экономика ғылымдарының докторы, академик Мұқтар Тінәсілі «Қазақстанға дербес су шаруашылығы министрлігі керек» деген мәселе көтерді. Қызылағаштағы қайғылы оқиға да суғару жүйелері мен гидротехникалық құрылыстардың жағдайын ашып көрсетті. Осыдан соң бір кездері жекеменшікке өтіп кеткен көптеген су қоймалары мен гидроқұрылыстар мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Сіз бұған қалай қарайсыз? Жалпы, Қазақстандағы су ресурстарының қазіргі жағдайы қандай?
— Бүгінгі әңгіме өзегінің өзі су және оның тіршіліктегі орны туралы болғандықтан, алдымен еліміздің су ресурстары жайлы айтайын. Жыл сайын қайта қалпына келетін табиғи судың (өзен сулары) көлемі 27 мың текшешақырым, ал әлемдік су ресурстарының көлемі шамамен 9000 текшешақырымға тең. Бұл 20 миллиардтан аса адамды ауызсумен қамтамасыз етуге мүкіндік береді. Бірақ Жер шарында судың бөлінуі бірдей емес. Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда су өте тапшы. Мысалы, республикамыздағы табиғи судың көлемі бүкіл ТМД елдеріндегі көлемнің 4 пайызына да жетпейді немесе өзен суын жер көлеміне шаққанда 42 миллиметрді құрайды. Бұл Достастық елдері бойынша ең соңғы көрсеткіш. Ал Түрікменстанның өзінде ол — 139, Өзбекстанда — 250, Тәжікстан мен Қырғызстанда — 600, Грузияда — 985 миллиметрге тең. Бұрынғы КСРО, қазіргі дербес мемлекеттердің мамандары «су ресурстары» деген түсінікке табиғи сулардың бүкіл көлемін — өзен сулары, жерасты сулары, мұздықтар мен көлдер, тіпті атмосфералық ылғалды да кіргізеді. Бұл — үлкен қате! Өйткені табиғи сулар жаһандық және аймақтық климаттық процестерге қатысады және олар ландшафт пен аймақтар биоценозының өмір сүруін қамтамасыз етеді.
Осы тұрғыдан Қазақстан су ресурстары өте тапшы елдердің қатарына жатады және бүкіл елге ортақ байлық ретінде оны тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы министрлік болғаны өте дұрыс. Осындай төменнен жоғарыға дейін тұтас құрылым мен меншік иесінің жоқтығы себебінен де еліміздегі су қоймалары мен гидроқұрылыстар әбден тозып бітті.
— Әңгімеңізге рақмет!

По сообщению сайта Nur.kz