Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Өнерде кімнің танысы бар, соның «шансы» бар

Дата: 23 января 2011 в 09:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Өнерде кімнің танысы бар, соның «шансы» бар

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері — Мәдениет саласында бір орталыққа бағы­натын жүйе мен тегеурінді заңның жоқ­.

– Арыстанбек аға, бүгінде өзіңіз қазақ үшін киелі қара шаңырақты, болашақ қазақ өнерінің қазанын қайнатушы актер, режиссер, суретші, әнші тағысын-тағылар түлеп ұшатын іргелі оқу орындарының бірін басқа­рып отырсыз. Жылына бұл жерден қаншама түлек шығады. Бірақ бір парадокс: облыс театрлары кадр жетпейді дейді де жатады, бұл қалай? Әлде академия тек шәкірттерін оқытуға ғана жауап беріп, оның қоғамға пайдасы тиер, ұлттық мәде­ниет көшін алға сүйрейтін нағыз кәсіби маман болу не болмауымен тіпті жұмысы жоқ па?

– Орынды сауалдан бастап отырсыз, расында, бұл – бүгінде бізді де алаңдатып отырған күрделі мәселе. Осы ретте мен бір нәрсенің басын ашып айтар едім: бәрі де – мәдениет саласында бір орталыққа бағы­натын жүйе мен тегеурінді заңның жоқ­тығынан. Иә, өзіңіз айтқандай, біз, ака­демия, жыл сайын қаншама театр актерін дайындап шығарып жатырмыз. Кезіндегі қабылданған заңдар бойынша, облыстық театрларымыз – облыс әкімдігіне, респуб­ликалық театрлар – Мәдениет министр­лігіне, ал, біз, оқу орындары, Білім министр­лігіне бағынамыз. Міне, мәселе қайда жа­тыр! Нағыз идеологиямыз қазір, Бай­тұрсыновша айтқанда, «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешуде. Міне, біздің бір кездері жіберген олқылығымыз бүгінде осылай өзіміздің алдымыздан таудай мәселе болып шығып отыр. Ал енді мұның қо­ғамдағы зардаптарын айтар болсам, онда... Мысал үшін, жергілікті жерден бір талант өсіп шыққан күннің өзінде оны облыстық театр өзінен жоғары жаққа жібермейді, сондай-ақ өздері де қанша жерден мықты болып тұрса да, өздеріне сырттан ешкімді кіргізбейді. Дәл осындай біздің театр­ларымыздың басындағы жағ­дай көпірге келіп, бірін-бірі не ары, не бері өткіз­бей тұр­ған ақ лақ пен көк лақтың мүйіз­десуін елес­тететіндей. Осының сал­дарынан елімізде қазір орта буынды бірде-бір мықты режиссер жоқ. Қазіргі жүрген­дердің бар­лығы да – аға буын өкілдері. Олар рес­публика театр­ларының қайсы­біріне жете берсін? Сол себепті бүгінде Алматы Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстық театр­ларында бас режиссер жоқ. Ал театр толық­қанды жұмыс істеуі үшін онда кем дегенде екі-үш режис­сер болуы керек. Ең масқарасы да – сол, шын мәнінде, бізде талантты деген режиссерлер бар, бірақ оларды жұмысқа алмайды. Неге? Себебі театрды басқарып отырған адамға мықты бәсекелес керек емес. Егер таза мағынасында бәсекелестік болса, ол өнерді алға жылжытар еді, мәселе – сол таза бәсекелестік емес, біздегі пендеуи көреал­маушылық болып тұр емес пе?! Мұн­дай сорақылық облыстық театр­лардың сол облыс әкімдігіне бағын­ған­дығынан туып отыр. Жоғарыдан қорқатын әдетіміз емес пе, ал бұл жерде – рақат, жал­тақтайтын министр­лік жоқ, театр басшы­сының өзі – қожа, өзі – би. Бүкіл билік – өз қолында: көр­­кемдік жетекші – өзі, дирек­торы – өзі, күллі репертуар – өз қолында. Со­дан келіп, облыстық және жер­гілікті театрлар бүгінде елді жік-жікке, ру-руға бөлетін, нағыз трайболизмнің оша­ғына айналды. Қалай дерсіз? Театр басшысы көрер­мен жүрегіне жол табуды биік мә­дениет, терең білім­нен емес, халықтың ру­шылдық санасынан іздейді. Сөйтіп, жер­гілікті халықтың руынан шыққан бір батырды не әкімнің ата-бабасы болып келетін біреуді қаһарман етіп, сол жайлы пьеса жазады да, сахналайды. Әкімге солай жағымпазданып, өз қара басының жағдайын түзеп алған талай пайда­күнемдер өкінішке орай, көптеген театр басшы­лы­ғында отыр. Өнердің мықты идеоло­гиялық құрал екендігін есте ұстасақ, онда біз мұндай сорақы жағдайды шұғыл арада тыюымыз керек. Олай етпедік екен, онда даму жоқ, өзіміз құрған лабиринт ішінде тұйықталып жүре береміз. Егер бізде бір жүйе болғанда, онда өзара маман алмасу болып, рес­пуб­ликаның ең мықты режис­серінің жергілікті жерлерге келісімшартпен жұмысқа баруына болар еді, сондай-ақ жергілікті таланттар да республикалық сах­наға шығар еді. Өкінішке қарай, бізде сол жүйе жоқ. Соның салдары­нан біз мықты деген түлектерді жіберіп көрдік те, бір жылға жетпей қайтып келді. «Біз сен­дерді жібердік қой, енді неге қайтып келдің?» десек, олар не дейді дейсіз ғой? «Аға, сіздер шығарма­шылық деп шы­рыл­дайсыздар, мәдениетті ауылдан бастап көтеру керек деп бізді жібересіздер, ал ол жақта сіздер үйреткен не Шекспир, не Чехов жоқ, ойнайтынымыз – ескерткіштің ашы­луында батырлардың шай­қасы, жер­гілікті батыр бәрін жеңіп шығады, одан қалса, мереке кезінде – концерт, бітті» дей­ді. Енді өзіңіз қойған мәселенің түпкі түйіні қайда жатқанын түсінген шығар­сыз?

– Әрине, бірақ тағы бір сауал туын­дайды, неге осы мәселе біздің қоғамда ашық айтылмайды? Неге соның зар­дабын тартқан әртістер не болмаса режиссерлер бірігіп, бір­ауыздан бір шара қолданбайды?

– Бұл сұрақ бүгінде талұыланып жүр? Оның үстіне қазір қоғамда «әлемдік театрлардың бәрі әлдеқашан жекеменшікке өтіп кеткен» деген түсінік қалыптасқан. Ал, шындығында, қа­лай? Өзім жеке қызығушы­лықпен дүние­жүзі театрларын зерттеп жүрмін. Мысалы, Оң­түс­тік Кореяда жеке­меншік театрлар бар. Бірақ қанша жерден жеке­меншік болса да, олардың әр репертуары елдің Мәдениет министрлігінде бекітіледі. Оны айтасыз, жекеменшік театр басшысы өзінің қалтасынан шығарған қаржысы жайлы жыл соңында министрлікке барып есеп өткізеді. Заң – солай, тәртіп – солай. Олар ұлттық мүд­деге қатты мән беріп, ештеңеге бейжай қарай алмайды. Ал бізде қалай? Жекеменшік театр «өзім қожа, өзім бимін» деп, ойына келген қойылымды сахналайды. Тіпті ха­лыққа ұнау үшін жартылай жалаңаш қыз­дарды билетіп, спектакль қояды. Тексеріп, «мыналарың не?» деп жатқан ешкім жоқ.

– Кино түсірсек те, біріне анадай, біріне мынадай деп, көңіліміз бір тол­май-ақ қойды. Басқамен салыс­тырамыз да, «қазақтың қолынан түк те келмейді» деп өзімізге үкім шығарып қоямыз. Ал енді бұлай жамандағанда да, бізге ешкім жақсы кино жасап бермейді. Шынында, бізге жан-жақты сапалы дүние тудыруға не кедергі? Техникалық базамыз әлсіз бе, болмаса кәсіби ізденіс жоқ па? Мүмкін, біз қолында бір сайманы жоқ адамға егін ек дегендей, киногерлерге еш жағдай жасамастан, таудай нәрсені талап етіп отырған шығармыз?.. Жалпы, қазақ киносын жұрт көруі үшін бізге не істеу керек?

– Қазір біз осы ретте жауап іздеп, жан-жақты зерттеп жатырмыз. Осыған байла­нысты үлкен халықаралық форум өткіздік. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойын­ша арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр. Бірақ бізге оның бәрінен бұрын ғылыми көзқарас қажет. Жергілікті билік өкілдерінің көңіліне келмей-ақ қойсын, бірақ дүние­жүзілік беталыс – солай. Себебі ұлттық идеология – көрінгеннің қолына беріп қоя салатын дүние емес. Сон­дай-ақ бізде керемет бір қойылым қойып не болмаса бір кино түсіріп, солайша сол сала­дағы бүкіл мәселені шешеміз деген көзқарас бар. Күлкілі емес пе?! Нақты мысал келтір­сек, кезінде «Көшпенділерді» түсірерде «осы фильмнен кейін қазақ кәдімгідей рух­танып кетеді» деп ойладық. Ал не болды? Керісін­ше, киноны көрген халық «ей, қазаққа Құдай кино түсіру қабілетін бер­мепті ғой» деп, қолды бір-ақ сілтеп, еңсесі одан сайын түсіп кетті.

– Неге, Шәкен Аймановтай тұлғаның кезінде қандай керемет кинолар түсірдік емес пе?!

– Әрине, солай ғой. Мен сізге, жалпы, ха­лықтың еңсесі түсіп кеткенін айтып отыр­мын. Енді көпшіліктің бәрі бірдей мә­селені терең талдай білмейді ғой. Көзге не көрініп тұр, соған сай ой қорытады. Ал, шын­ды­ғында, әрине, қазақтың қолынан келмейтін іс жоқ. Нақты дәлел керек болса, айтайын. Ресейде қазір әлемді аузына қарататын фильм жасап отырған режис­серлер кімдер? Тимур Бек­мам­­бетов. «Ирония судьбы» жалғасы, «Чер­ная молния», «Елки» кімдікі? Сол Тимур қазақ па? Қазақ! Сол секілді ресейлік теле­сериалдар ішінде ең жоғары рейтингіге ие болған, керек десеңіз, халықтың сұранысы бойынша әлі түсіру жалғасып жатқан «Громовтардың» режиссері Бақыт Қилыбаев – қазақ! «Охота на изюбря» режиссері – Абай Қарпықов. Міне, осындай көптеген қазақ режиссері Ре­сей­дің мәрте­бесін көтеріп жатыр. Сондықтан «қазаққа кино түсіру өнері дарымаған» деген –жаңсақ пікір.

– Иә, жоғарыда аты аталған режис­серлердің бәрі – тегіс қазақ, бірақ олар қазақтың емес, Ресейдің киносын түсіріп жатыр ғой. Неге?

– Манадан бері айтып жатқанымыздай, бізде заң бар, жүйе жоқ. Соның салдарынан дарынды режиссерлер тасада қалып, өз мүмкіндіктерін дәлелдей алмайды. Есесіне өнерде кімнің танысы бар, соның «шансы» бар. Әйтпесе өз елінде керемет кино түсіру олардың арманы емес дейсіз бе?.. Біздің академияға келіп, олар мастер-класс өткізіп тұрады. Сондықтан олардың қай-қайсысын да «кетіп қалды» не болмаса «өзгеге қызмет етіп жүр» деп кінәлау орынсыз. Одан да өзіміздегі кінәраттар мен ішкі кемшіліктерге сараптама жасау керек. Неліктен Ресей идео­логиялық жағынан керемет алға дамып кетті? Оларда өнер де, спорт та – керемет дәрежеде. Себебі олар ең бірінші кезекте өнерді идеология құралы ретінде жақсы пайдалана алды. Мысалы, «Лед­нико­вый период» атты бір ғана бағдарлама ұйымдас­тырды, нәтижесінде қазір Мәскеу, Санкт-Петербург дүкен­дерінде коньки жоқ. Егер жұл­дыздары адам қызығарлық нәрсе жа­саса, ел соңынан ереді. Бұлар – бір-бірімен өте тығыз байланысты нәрсе. Егер сол сияқты Ресейдің футбол командасы өзге елді жеңіп жатса, оны телеарналар жарыса көрсетеді де, әрбір жас жеткіншектің бойында футбол­шы болуға деген құш­тарлықтың оянары сөзсіз. Қоғамда өнерге – тойдың мәселесі, өнер адамдарына асаба деңгейінде қарай­тыны жасырын емес. Экономи­калық жағынан жақсы дамы­ғанымен, өнеріміз осындай болып тұрған­дықтан, әр адамның көкейінде оған қатыс­ты наразылық тууы – заңды құбылыс. Қазір біз театр актерлерінің екі-үш тілде еркін сөйлеуін талап етеміз не болмаса голливуд­тық фильмдерді көріп отырып, біздің кө­кейімізде «неге бізге де осындай блок­бастер түсірмеске?» деген сауал қылаң бе­реді. Бұған қуану да керек, себебі бұл халқымыздың талабының жоғары деңгейге көтерілгендігінің айғағы ғой. Бірақ өзіміз­дегі кемшіліктерді жойып, мәдениет сала­сын бір жүйеге келтірмей, аталған талап ешқашан орындалмайды. «Неге?» деген сауал әлі талай бізді мазалап, шешімін тап­пайды.

– Баспасөзге берген сұхбаттары­ңызды бағамдап отырсақ, сіз «Алтын адамның» насихатшысы секілдісіз...

– Мені түсінбейтінім, кезінде жерімізден «Алтын адамның» табылуы керемет әлемдік жаңалық болды, ал неге онда ол ары қарай жалғасын таппай қалып қойды? Неге ол жайлы әлі бірде-бір ғылыми-көпшілік деректі фильм түсірмедік? Көркем фильм әне түсіреміз, міне түсіреміз дедік, қайда? Одан бері заман алға озып, Берелде керемет тарихи жәдігерліктер табылып жатыр. Керек десеңіз, жерімізден, нақтырақ айтсақ Шіліктіден, үшінші «Алтын адам» табылды. Неге оны халық білмейді? Өйткені ол жайлы не бір қойылым, не бір деректі фильм, ең ақыр аяғында телебағ­дарлама болып жатқан жоқ. Елбасының мынадай мазмұнда айтқаны бар: «Неге біз бір елдің мұрағатынан табылған құнды­лықта­рымыз­ды алып келіп, өз мұ­ра­ға­тымызға тығып қоюға әуеспіз?» Шынында солай, біз Қытайдан т.б жақтан алып келген жәдігер­лерімізді жетілдіріп, өз тари­хымызды жаңғырту жолында жұмсамайды екенбіз, ол сол өлі зат күйінде шаң басқан мұрағатта жата береді екен. Сөйтсек, бізде маман жоқ екен! Неге? Кезінде ондай маман бізде оқытылмаған. Әйтпесе осы күнге дейін бізде бір ғана реставратор – Қырым Алтын­беков қана бар. Шындап келгенде, жәдігерлердің жалғыз жана­шыры сол шығар. Өзінің күшімен, жиған-тергенімен ашқан лабора­ториясында жалғыз өзі отбасымен бірге таңнан қара кешке дейін сол жәдігерлерді қалпына келтіру үшін күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Мемлекет тарапынан оған еш көмек жоқ. Сондықтан ол азаматқа, өз білімі мен жанын қазақ тарихы жолында жұмсап отырғаны үшін мың да бір рақмет айтуға тиіспіз. Әйтпесе оған жан-жақтан ұсыныс түсіп, жоғарғы жалақыға жұмысқа ша­қы­рады. Ол ешқайсысына да келіспей, елде отыр. Осы жағын қолға алу мақсатында біз былтырдан бері Өнер академиясында ғы­лыми-көпшілік деректі фильм режис­сер­лерін даярлайтын курс аштық. Жер астынан табылған жәдігерлерді қалпына келтіріп, сақтау үшін керекті реставратор, яғни қалыпқа келтіру мамандығына да оқы­тамыз. Бүгінде сол сала мамандарын оқытатын магистратура мен докто­рантура бар. Осы жыл­дың өзінде біздің докторанттар Санкт-Петербургтің Эрми­тажына, Италия мен АҚШ-қа тәжі­рибе жинақтауға барып қайтты. Себебі рестав­ратор кім, ол қандай болуы керек, қай жерлерде жүруі керек дегенге біздің қоғамнан әзірге жауап таба алмайды. Ал, негізінде, ол археологтің тікелей жанында жүретін, нағыз химияны да, медицинаны да білетін сақа маман болуы тиіс. Біз сондай мамандық иесін қалып­тастыруға күш салып жатырмыз.

– Манадан бері мәдениет сала­сында қандай да бір олқылық болса, заңның дұрыс жұмыс істемеуінен еке­нін айт­тыңыз, әсіресе соның ішінде қай саланың осы заңның осалдығынан зардап тартып отырғанына нақты мысал келтіре аласыз ба?

– Нақты мысал керек болса, айтайын. Театрдағы басты тұлғаның бірі режиссер десек, сол режиссер – адам өмірінің екінші мамандығы. Себебі әбден актер ретінде қалыптасып, бойындағы қабілеті пісіп-жетіл­меген адам жақсы режиссер бола алмайды. Ал біздің заң бойынша, екінші мәрте гранттық негізде білім алу заңға қайшы, тек ақылы түрде. Сондықтан көп­теген азаматы­мыз оқымақ болып келеді де, оқу бағасын естігенде, кері бұрылып кетіп қалады. Сон­дықтан біз бесіктен белі жаңа шыққан бала­ларды режиссерлікке оқытуға мәжбүр болып отырмыз. Ал өмірді әлі білмейтін бала қайдан шебер режиссер бола қойсын?! Міне, осылайша, біз бір кездері дұрыс қа­был­данбаған заң арқылы өз қолымызды өзіміз кескендей болып отырмыз. Ресей заңында «в виде исклю­чения» деген жолдар бар екен. Сол бойын­ша олар режиссерлікке грантпен қабылдай алады. Бізге де сондай заңды жүйе орнат­пай, көптеген осындай мәселені шешу қиын. Ал біз екінші маман­дықты ақылы ету арқылы мемлекеттің ақша­сын үнемдеп жатырмыз деп айтамыз. Қайдағы! Дәл осы орайда біз, керісінше, өзімізге керек адамды оқытпай, қаншама қаржыны желге шашып жатырмыз деп толығымен айта аламын. Осы проблеманы шешпей, біз режиссерді де өсірмейміз; осы проблеманы шешпей, аниматорларды да қалыптастыра ал­май­мыз.

– Өнерді өрге жүздірмей жатқан тағы бір үлкен мәселе – біздегі «өнер адамынан басшы шықпайды» деген түсінік екенін айтыпсыз, ойыңызды тарқата түссек...

– Біле білсек, дүниежүзінде өнерге қабі­летті адамдар бірінші басшы болып келеді. Мысалы, АҚШ-та Билл Клинтон – керемет саксафоншы, Рональд Рейган – тарихта қал­ған мықты актер. Біздің Елбасымыз қандай? Домбыра шертеді, сазгер, ақын­дық қабілеті де ерекше, спорттың небір түріне қабілетті, шешен, айта берсек, шегіне жету қиын. Өнерді қалай түсінеді? Керісінше, өнерге жан-жүрегімен жақын адамдар, сондай басшылар – адамзат тари­хында керемет із қалдырған жандар. Өйткені өнерді түсінетін адам ұлтқа жаны ашиды, білімді адамдар – солар. Соны көр­мей ме, білмей ме – бізде «өнер адамдарынан жақсы басшы шық­пайды» деген қате пікір жайлап алған. Шыны керек, бізде көбіне ортанқол шенеу­ніктер шіреніп отырып алған, не Қырым Алтын­бековті білмейді, не басқа да сол сияқты зиялы адамдарды білмейді. Психо­логияда дәлелденген бір құбылыс бар: адам бір нәрсені өзі түсінбегенде, мұрнына иісі бармағанда, еріксіз оны жек көре бастайды. Біздің өнерді өрге бастырмай жүрген – сондай қолынан өнер келмейтін шенеу­ніктер. Мен өз басым өнердің бір құлағын ұстай тұра, «ненавижу это искусство» деген адамдарды талай рет көргенмін. Осы ретте Абайдың «білгенге – мар­жан, білмеске – арзан» деген  керемет сөзі бар. Мысалы, біл­­ген адам Әлібек Дінішевті алақанға салып аялар болса, білмеске ол не,  басқаң не – құны көк тиын. Мысалы, Қырым Алтын­бековтің ұлт тарихы үшін жасап жатқан еңбегіне күле қарап, «бейшара, мен сияқты коттедж салып, джипп сатып алудың орнына, қа­рашы, күл-қоқыспен айналысып жүр» дейді де қояды. Не болмаса «мен атағы жер жарған әншінің өзін ақшаға жалдап, келтіре аламын» дейді. Бұл барып тұрған мәдениет­сіздіктің көкесі емей, немене?!

Оқшау ой

Біз Ресей театр және кино өнерінің майталманы, керемет актер, дарынды режиссер Олег Табаковпен жақсы қарым-қатынастамыз. Ол кісі – бірегей педагог те. Қазір біз сүйсіне көретін орыс киноларының актерлері сонау Сергей Мироновтардан бастап, бүгінгі Сергей Безруков, Константин Хабенский т.б. дарынды актерлерді тәрбиелеп отырған ұстаз биыл Ресей театр колледжін ашты. «Біз, негізі, әртістерді жастайынан оқытуымыз керек», – деді Олег Табаков. Бұл – біз үшін де өте өзекті мәселе, неге десеңіз, біз балаларды мектеп бітірген соң актерлікке тағы төрт жыл оқытамыз. Сөйтіп жүргенде олардың жасы 21-ге келеді. Айталық, Ромео мен Джульетта 17-18 жас шамасындағы қыз бен жігіт болса, бізде еріксіз оны ең кем дегенде 21 жастағы актерлер ойнайды. Тіпті кейде 30-дан асса да ойнап жүргендер бар. Содан жұрт күлмей, қайтсін?! Ал оған актер кінәлі ме? Әрине, оның еш кінәсі жоқ. Бұл мәселені мемлекет ойлап, шешуі керек. Бізге де актерлерді жастайынан тәрбиелейтін театр колледжін ашу керек.

Сөз арасында

Батыс елдерінде кез келген адам жұмысқа орналасарда одан алдыңғы жұмыс істеген жерлерінен міндетті түрде ұсыныс-мінездеме сұрайды. Содан соң сол саладағы мықты деген екі маманның пікірін алады. Бізге де батыс­тың осындай жақсы жақтарын алу керек. Мұнымен мен қазақ жаман дегім кел­мей­ді, себебі, шыны керек, небір мықты қазақтар да бар. Шетелге шық­са­ңыз, ғылыми институттарда, білім саласында, мәдениет ошақтарында жұ­мыс істейтін қазақтарды кездестіруге болады. Шүкіршілік, жат елдің көшесін сыпырып, базарында сауда жасап тұрған бір қазақты көрмейсіз. Осының өзі ұлтымыздың білімділігін, өзге елдермен теңесе алатынын көрсе­теді.

 

По сообщению сайта Nur.kz