Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

А. Мәсәлім. Шәкәрімнің идеал қоғам арманы

Дата: 25 января 2011 в 08:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

А. Мәсәлім. Шәкәрімнің идеал қоғам арманы

Социальная задача не знает границ.

Виктор Гюго

Әуелде қауым-қауым болып қана өмір сүретін адам баласы Тәңірінің берген ақыл-ойын пайдалану арқылы, жаратылыс заңдарын қолдану нәтижесінде постиндустриалды қоғамға өтеміз деп күтіп отыр, алды өтіп те қойған. Енді сол барлық ой, ғылым-өнердің дами келе берген жемісі қазіргі жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатқан адам қоғамы деп қарасақ, мақтана алатын жағдайда емес сияқтымыз. Олай дейтініміз, жер бетінде алдау-арбау, күштінің әлсізге күш көрсетуі өршімесе тоқтайтын түрі жоқ. Жиырмасыншы ғасырдың басында алға кеткен елдердің әскер жиып соғысуын, адам баласының өз кейпінен кеткендігін дәл басып айтқан Шәкәрім атамыз: Ойласаң, барша адамзат — туған бауыр, Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр. Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ, Бұл сөзім талайларға тисе де ауыр.

Еуропа білімді жұрт осы күнде, Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде [1, 84], — деп көрсетеді. Ал академик В.И.Вернадский осыған байланысты философиялық ойлар, діни идеялар, белгілі бір заң аясындағы мемлекеттік басқару моделі де адам баласына рухани бірлік тауып бере алмады дегенді айтады: «Мы живем во всяком случае в эпоху крупнейшего перелома. Философская мысль оказалась бессильной возместить связующее человечество духовное единство. Духовное единство религии оказалось утопией. Религиозная вера хотела создать его физическим насилием — не отступая от убийств, организованных в форме кровопролитных войн и массовых казней. Религиозная мысль расспалось на множество течений. Бессильной оказалось и государственная мысль создать это жизненно необходимое единство человечества в форме единой государственной организацией» [2, 213]. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын, қасқыр мен қой бірге жайылатын қоғамның орнау механизмі мен концепциясын Антика дәуірінің философтары Платонның ең үлкен шығармасы «Мемлекет пен заңдар» диалогынан, Аристотельдің «Политика» атты шығармасынан кездестіруге болады. Одан бері Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» деген еңбегінде бар. Ислам әлеуметтік институттары «идеалды қоғам» идеясын зерттеуді алғашқы орта ғасырда қолға алған, ал Еуропаның қайта жаңғыру дәуіріндегі Томас Мордың «Утопиясы» сол әл-Фарабидің ықпалымен жазылған. Орта ғасырдан бері Еуропаның діни догмалық қоғамында тұншығып келген батыс ой-пікірі Француз революциясынан кейін жанартаудай бұрқ етті де, қалаған жағына қарай атылды. Ғылым мен өнердің әр саласында жаңа көзқарас пікірлер пайда болды. Мәселен, әдебиет, музыка, сурет өнерінде өмірдің нәзік құбылыстарын көрсетуде еркін творчествомен айналысатын «романтизм» дәуірі пайда болды. Сол кезге дейін ғылымға деген көзқарас, әсіресе, философияда теологиялық негізде болған болса, әлеуметтану ғылымының негізін салған Огюст Конттың «позитивизмі» философияда төңкеріс жасады. «Позитивисты утверждают, что основной массив знании о мире, человеке и обществе нужных в практической жизни, получается в специальных науках. Это знание противопоставляется традиционной философии как «метафизике». Вся традиционная философия должна быть упразднена и заменена специальными науками. Позитивизм обьявляет себя воззрением, освобождающим науку от догматических философских концепции» [3, 354]. Дене мен пәнге байлаған, Баяғы Конттың сөзі еді [1, 176]. Позитивизмнің тарих бетіне шығуы, кең етек алып кетуі жайдан-жай болған құбылыс емес, ол буржуазияның саяси билік үшін жеңісінен кейін қалыптасты. Сол кезде қол өндірістің орнына машиналы-техникалық өндіріс келді, мысалы, «бу» күшін пайдалану арқылы тепловоздың пайда болуы, кең көлемде темір жолдарының салынуы, т.с.с. жаратылыс ғылымындағы жаңалықтар индустриалды қоғамның дамуындағы дүмпулерге әкелді. Өз алдына бұл дүмпулер адамдардың өмірінің жақсаруына әкелетін болғандықтан, Огюст Конттың «философия діннен ажыратылуы керек және жеке-жеке пәндерге жіктелуі тиіс, адамдар «өмір», «өмірдің мәні» деген сияқты сұрақтарға жауапты арнайы ғылымдардан алады», — деген жаңалығы саяси өмірде де, қоғамдық өмірде де өз орнын тауып кеткендігінің себебі осыда жатты. Осы жерде В.И.Вернадскийдің ойын келтірсек, өзінің тар қапасынан шыға алмайтын маман ғалымдар туралы: «Чувство долга и стремление к идеалу завладевают человеком, смотрящим на науку обширным взглядом, а не взглядом специалиста, не видящего ничего за пределами своей специальности и мнящего себя ученым» [2, 153] десе, Шәкәрім атамыз: әлем, адам, жаратылыс категорияларын бес сезім танымына байлап қойып, материалдық деңгейден аспайтын — құрсауға түскен сананы былай суреттейді: Затшылдық көзін байлады, Адастырып айдады. Жан билемей тән билеп, Ақылдың соры қайнады. Ғылым деп уды жегізді, Денесіз зат жоқ дегізді. Дәлелсіз пәнмен перделеп, Тапқызбай қойды негізді [1, 235]. Сол кездегі ойшылдардың қоғамды діни догмадан, Шәкәрімше «шатақ діннен» ажыратып алу арқылы ғана адам баласы өз мақсатын табады дейтіні заңды нәрсе болса керек, өйткені еркін оймен дағды (догма — М.A.) бір-біріне мүлде теріс құбылыс. Шатақ дін мен дағдыға, Шоқынба, достым, зиян бұл [1, 92]. Немесе: Оқуың, дінің, дағдың көп, Не бір білгіш айтты деп. Кетпесін солар жетелеп, Жарамас өйтіп ой көму, — дейді де: Сүйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді, Дін десе білімділер тұра қашар [1, 70], — деп, ойшыл білімді адамдардың діннен қашқан себебін ашып береді. Осыдан бастап құдайсыздар қоғамында белгілі бір елде «әділетті қоғамның» орнауын әлеуметтік жағдайдың неғұрлым өсуімен, әлеуметтік теңдіктің орнауымен болады дейтін түсінік қалыптасты, ол үшін адам баласының басынан қанша революциялар, қанша әлемдік соғыстар өтті. Ақыр аяғында «капитализм», «коммунизм» болып даурығудың, ұлы дүбір ғаламдық оқиғалардың аяғы қарын теңдігі санасына келіп тірелді. Қазір де технократтық сана: экономикалық реформаларды; әлеуметтік реформаларды; саяси институттарды жетілдіретін болсақ, осыдан бәрі шешіледі деп ойлайды. Неге сан ғасырлық реформалар адамды түп бақытты ете алмады? Неге проблемалар керісінше күрделеніп, шырмаланып, глобалды катастрофаларға әкелді? Адамзаттың ұлы ұстаздары мәселені түбегейлі шешудің жолы біреу-ақ деп көрсетеді, ол — рухани кеңістікте. Бойға бітпеген білім — бүгін дау, ертең — ұмыт. Сонымен, адамдардың жүрек тыныштығын тауып бір-біріне махаббатпен әсем де көркем өмір сүруін қайдан аламыз? Бұл жөнінде адамзаттың ортақ перзенті Лев Толстойдың «Никакая реформа не исправить зла, пока люди останутся таковы каковы они есть, и потому ждать исправления зла можно не от изменения формы нашей жизни, а только от распространения доброты и разумности» [4, 34]. Мұндағы Л.Толстойдың айтып отырған қайырымдылық пен ақыл — ойлылық, махаббат пен ғаделет — адамдардың жүрегінде өсіп-өнетін қасиет. Жүрегінде осы қасиет орныққан адамды ақ жүрек дейміз. Осы жерде екі ойшылдың айнытпай бір нәрсеге дәл түсіп тұрғанын көруге болады. Айла, күш — айуандықтың ең жаманы, Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес. Ар түзейтін бір ғылым табылмаса, Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес. Құр айтқанмен қолынан түк келмейді, Ақ жүректі таза адам болса кем-кес [1, 86]. Ал, Шәкәрім атамыздың мына бір сырына назар салсақ, онда мынадай жайтты қызықты баяндайды: Анық байлық жүрекке біткен өнер, Білімдінің барлығы соған төнер. Арам жиып мақтанған дәулет емес, Алдымызда бір күн бар есеп берер [5, 82]. Бұл жердегі бабамыздың айтпақ ойы — сол жүректің тазалығы, ол -махаббат, ғаделет. Тазалық оқумен немесе жаттаумен келетін нәрсе емес, ол Сократтың «Өзіңді өзің таны!» дейтін философиясымен ұштасып жатыр. Ал, Абай атамыздың айтатыны: Жұрттың аузын күзетсең, күн көрмессің, Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым! [6] Л.Толстой: «И ни науки, ни искусство, ни роскошь, ни промышленность, ни риторика, ни полиция, ни таможня не в состоянии задержать висящее на воздухе здание, не имеющее основание. Государство, основанное только на расчете и скепленное страхом, представляет сооркжение и гадкое и непрочное. Только нравственность масс есть прочный фундамент всякой цивилизации» [4, 895]. Иә, мұндағы өндіріс те, өнер де, адамдарды ақ жүрекке, әлем бірлігін ұғынуға жеткізу құдіретіне ие емес, тек адамзат тарихындағы ғалымдардың ұлы көшінен үзілмей келе жатқан бабалардың мұрасынан таба аламыз. Осы жерде Шәкәрім атамыздың мына сыр сөзіне зер салсақ: «Мен ақ жүрек» деген сөз босқа шығын, Қару, күшпен көрсетіп қарсылығын. Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ, Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.

Қару, әскер тастаудың жөні келмес, Неге десең, біріне-бірі сенбес. Тамам адам періште блмай тұрып, «Ал, түзелші» дегенге ешкім көнбес, [1, 86] — деп келеді де, былай аяқтайды: Адамның сыртқы дене жаралысы, Нәпсісі айуанмен анық теңдес, Бөлектігі жалғыз-ақ таза ақылда, Әлің келсе, жол тап та осыны емдес! [1, 86] Бұл жердегі «таза ақылымыз» біз ойлағандай қолмен ұстап және көзбен көретін заттар (материалдық — М.А.) туралы ойланатын ақыл емес, барлық іштарлық пен қызғаныш, кекшілдік пен пасықтық, мақтаншақ пен ұшқалақ сияқты арзан қылықтардан арылған жанның күйін айтамыз. Осындай шынайы «өрелікке» өзімшілдік — индивидуализмге емес, ар-иманға сүйенген шын өркениеттілікке жеткен елдің ғана өрісі кең, өмірі баянды, «әділетті қоғам» құра алатынына анық көзіміз жетеді.

Әдебиеттер:

1. Шәкәрім. Иманым. — А.: Арыс, 2000. 2. Вернадский В.И. Биосфера и ноосфера. — М., 1989. 3. Ильин В.В. История философии: Учебник для вузов / — Питер, 2003. 4. Толстой Л.Н. Круг чтение. — М., 2007. 5. Ш. Құдайбердіұлы. Шығармалары. — А.: Жібек жолы, 2006. 6. Құнанбаев А. Шығармалары. ІІ том. — А.: Жазушы, 1995.

А. МӘСӘЛІМ, Шығыстанушы

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы