Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Ғалым Бақыткерейұлы. Кімдердің Исламын ұстанамыз?

Дата: 26 января 2011 в 01:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ғалым Бақыткерейұлы. Кімдердің Исламын ұстанамыз?

Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Ислам дінін қабылдағаннан бері оның ықпалымен тілі де, ауыз әдебиеті де, салт-дәстүрі де байып, мұсылмандық сана ұлттық санасына кірігіп кеткені соншалықты жетпіс жыл дінсіздіктен кейін де өзін қазақ сезінетін әрбір қазақ  өзін мұсылман санайды. Сол себепті де елімізге өзге діндерді таратушы жат жерліктер келіп өз үгіт-насихаттарын жүргізе бастаған кезде қазақтар мұсылман ретінде олардың бұл істеріне наразылық білдіріп, оларға жауап ретінде өз дініне қарай бет бұра бастады.

Бірақ, өзге діндердің іріткі әрекеттерінен қауіптеніп мұсылмандықтан пана іздеген көптеген қандастарымыз Исламға ден қоя бастаған кезде аптығын басып, көңілін суытатын кейбір жайларға куә бола бастады. Өйткені, кейбір мұсылман топтарының пікірінше осы кезге дейін Ханафи мазхабын ұстанып  келген қазақ «дұрыс» жолды  ұстанбай келген болып шықты.  Осындай пікірді ұстанатын  шетелдік топтардың  кесірінен намазхандардың бірін-бірі қаралап, бірін-бірі айыптаған дін ішілік дау-дамайдың өршіп кеткені соншалықты оның иріміне еріксіз тартылған адам онсыз да тұрмыс-тіршілік тауқыметінен қажып жүрген жанына діннен дауа таппақ түгел өз басына қосымша уайымдар мен қосымша қиындықтар жүктеп ала бастайды. Осыдан кейін «бізге мұндай дін қажет пе?» деген сауал туындап, Исламнан көңілі қалған кейбір жандар одан бой тарта бастаса, немесе жылы құшағын жайған өзге діндерге кете  бастаса оған ешқандай да таңғалудың қажеті жоқ. Мұндай Исламға үрке қараушылық көңіл күйді мемлекеттің салқын қабағынан да, ақпарат құралдары тарапынан діни-танымдық бағыттағы материалдардың азайып кетуінен де байқауға болады.

Мұндай көңіл-күйді түсіну де қиын емес. Қазақ қашанда жікшілдіктен зардап шегіп, алауыздығының сазайын тартумен келеді. Оның еңсере алмай келе жатқан жүзшілдік, рушылдық тәрізді ескі жіктеріне өткен ғасыр тілге байланысты тағы бір жік қосса, бұл ғасыр өзінің партиялық, және діни негіздегі жаңа жіктерін ала келді. Бұлардың қай қайсысы болмасын еліміз үшін көптеген қиындықтарды тудыра алады. Бірақ, діни жікшілдік, соның ішінде Ислам ішіндегі жікшілдік небір бітіспес топтар көбейіп кеткен қазіргі кезеңде өзінің  қауіптілігімен ерекшеленеді.

Бірақ,  біздің Исламнан қол үзіп кете алмайтынымыз анық.  Қаласақ та, қаламасақ та біз онымен санасуға, онымен істес болуға, қоғамнан оған өз орнын беруге мәжбүрміз. Сондықтан да біз оны тереңірек тануға ұмтылып, оның өз ділімізге жақын, мемлекетімізге қолайлы бағытын анықтап, сол арқылы оны ұлттық мүддемізге пайдалануға тиіспіз.

Мемлекетімізде түрлі топтардың көбейіп кетуіне  халқымыздың дін жөнінде, діни топтар жөнінде тиісті мәліметтерінің жоқтығы, соның салдарынан да олардың дұрыс пен бұрысты, пайдалы мен зияндыны ажырата алмай қате таңдау жасаулары себеп болуда. Сондықтан да елімізде әрекет етіп жатқан мұсылман топтарының ұстанымдарына  талдау жасап, олардың қырлары мен сырларын мейлінше ашып, және олардың арасында туындап жатқан қайшылықтардың себептерін де түсіндіріп, сол арқылы халқымыздың   дұрыс жолды таңдауына мүмкіндік жасау қажет.

Жалпы алғанда ұлтымыздың басым көпшілігі өздерін мұсылман ретінде санайды. Бірақ, солай дегенмен де белгілі бір топтың құрамы нақты құлшылық жолына түскен намазхан адамдар арқылы  ғана анықталады. Осы намазхандар менің жеке пікірімше жасырын әрекет етіп жүргендерді есептемегенде негізінен бес топқа топтасқан.

Олардың біріншісі қазақ халқы осы кезге дейін ұстанып келген Ханафи мазхабын ұстанатын, Діни Басқарма Мүфтиаттың төңірегіне топтасқан намазхандар. Олар Мүфтиат тағайындаған мешіт имамдарына бой ұсынып, туындаған діни мәселелерде соларға жүгініп, мазхаб тәртібі бойынша құлшылықтарын атқарады. Олар шариғатқа қайшы келмейді деп танылған салт-дәстүрлерді ұстанады, ресми билікті мойындайды, және иманның шарттарын сақтайтын өзге топтардағы намазхандар мен намаз оқымайтын жандардың да мұсылмандықтарына шүбә келтірмейді. Сол арқылы имамдарына бой ұсынушы мешіт намазхандары өздерінің кеңдігімен, сабырлылығымен ерекшеленіп, орташа көзқарас ұстанатын жамағат ретінде танылады.

Екінші топты өз үгіт-насихаттарын қарқынды түрде жүргізіп жатқан  уаххаби-салафи намазхандар құрайды. Бұлар ханафи мазхабын да,  ресми билікті де, Мүфтиатты да мойындамайды.  Тек өз насихатшыларын ғана тыңдап, өз шейхтерінің пікірлеріне ғана ден қояды. Мешіт имамдарына бағынбайды, кейбіреулері тіпті, мешіт имамына ұйып намаз да оқымайды. Олар тек өздерін ғана Құранмен, сүннетпен жүретін, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыятын бірден-бір топпыз деп есептейді. Өздеріне қосылмаған намазхандардың бәріне де Аллаға серік қосу, дінге жаңалық енгізу, сүннетпен жүрмеу, имамдарына көзсіз еру тәрізді айыптар тағып, оларды өз араларында адасқандар деп те санайды. Соған орай оларға қатысты қатаң көзқарас ұстанады. Олар тек «сүннетпен жүру керек» деп ұлттық ерекшеліктер мен салт-дәстүрлерді де қабылдамайды. Сол себепті де бұлар арабтануға бейім тұрған намазхандар болып табылады. Қазіргі кезеңде бұлар «ихуан муслимин», «хизбут тахрир», «мадхалит» және басқа да тек өздерін ғана нағыз салафи санайтын  бірнеше топтарға бөлініп кетті. Олардың бәрі дерлік Абдулуаххабты өздеріне ұстаз санайды, бірақ сөйте тұра өздерін «уаххаби» деп атағанды жақтырмай, «салафи» деп аталғанды жақсы көреді. Бұл атау оларға халықты  үркітпей өздеріне адам тарту үшін жақсы бүркеніш болып табылады. Олар қайтыс болған адамдарға Құран сауабын бағыштамайды, және дұға еткен соң бет сипамайды. Намазда Ханафи мазхабының ешбір тәртібін қабылдамай, оны мүлде басқа тәртіпте орындайды. Біздегі уаххабилердің көпшілігінің сырт пішіндерінде өзге мұсылмандардан айырмашылық жоқ.  Өздерін сәлафимыз деп таныстыратын болғандықтан «уаххабис» атауынан шошынатын жандар олардың уағыздарын тыңдай жүріп өздерінің қалай уаххаби болып кеткендерін аңғармай да қалады. Негізгі орталықтарының бірі уахаббизмді ресми дін ретінде ұстанатын Сауд Арабиясында орналасқан. Және сол жақтан қаржыландырылады.

Үшінші топты құрайтын намазхандар таблиғ жамағаты деп аталады. Олар мазхаб ұстанады. Өздерінің басты міндеттері ел аралап насихат жүргізу арқылы дін тарату деп есептейді. Және  өздері «амал» деп атайтын дін тарату мақсатына лайықтап жүйелеп алған өз тәртіптері бар. Ол тәртіптері бойынша олар мемлекеттің де, Мүфтиаттың да істеріне араласпай, амалдарын жасау барысында мемлекеттің де, мешіттің де тәртібін бұзбауға мейлінше тырысады. Муфтиатпен, мешіт имамдарымен санасқанмен оларға толық бойұсынбайды, және амалдарында өз әмірлеріне ғана бағынады. Ханафи мазхабын ұстанатындықтан да олар мұсылманбыз деген жандардың имандарына күман келтірмей, жалпы бәрімен де жақсы қарым қатынасты сақтауға мүмкіндігінше тырысып бағады. Мазхаб ішінде де өздеріне тән  тәртіптерімен ерекшелене отырып олар дінді тарату амалдарында өздерін өзгелерден озық санайды. Өз  амалдарына көп көңіл бөле жүріп дүние істерінен, отбасылық міндеттерінен қол үзіп кетуге бейім. Шет елдерге де шығып уағыз жүргізетін болғандықтан ұлттық ерекшеліктермен санасады, және шариғатқа қайшы келмейді деп есептейтін салт-дәстүрлерді ұстанады.  Сыртқы пішіндері мен сөздік қорларында Пакистан мен Индияның ықпалы байқалады. Пакистан үлгісімен киініп, сақалдарын жіберіп, балақтарын қысқартып алған таблиғ жамағаты ел аралап үгіт айтуға шыққанда халық оларды білместікпен «уаххабистер» деп атап, үркіп жатады. Таблиғтардың негізгі орталықтары Индияда орналасқан.

Төртінші топты сопылық тариқат жолын ұстанатын намазхандар құрайды. Бұлар да өздерін мазхаб ұстанатын мұсылмандар санатына енгізеді. Бірақ,  құлшылықтарын мазхаб тәртібімен арқарғанмен  өзіндік ерекшеліктері де бар. Және иман мәселесінде олар өздерінің пірлеріне сиынып, олардан жәрдем сұрауларымен де ерекшеленеді. Мемлекет ісіне араласпайды. Мүфтиатқа бағынбайды. Өз алдарына  ашып алған мешіттері бар. Ал, мешіттері жоқ жерлерде ортақ мешіттерге көп жоламауға тырысады. Дін істерінде имамдарға емес толықтай өздерінің пірлеріне бағынады, және пірлеріне көзсіз сену, сөзсіз бой ұсыну бағытында тәрбиеленеді.  Өздерін діннің сыртқы пішіні захирмен емес, ішкі мәні батинмен терең айналысатын жамағат ретінде санайтындықтан олардың кейбір топтары намаз, ораза тәрізді парыз құлшылықтарды орындауға  мән бермейді. Олар тариқатты таңдаулылардың жолы санайды, содан да өздерін таңдаулылар санап өздерін жалпы жамағаттан жоғары ұстайды. Өзге намазхандармен араласпай тек бір-бірін ғана жақын тұтады. Салт-дәстүрге қарсы емес, қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрлері де бар. Сопылардың пірлері негізінен Өзбекстанда тұрады.

Бесінші топқа  «ата жолы», «ақ жол», «ақ орда» тәрізді ұйымдар құрып алған емші, балгерлер мен солардың ықпалымен намазға жығылған «аруақшыл» намазхандар жатады. Бұлар да өздерін мазхаб ұстанатындар қатарына жатқызады, бірақ Ислам мен шамандықты ұштастыруға тырысқан олардың тәртіптерінде түрлі ырымдарға негізделген өз ерекшеліктері  мол. Олар әулиелер мен ата-баба аруақтарының  шипалары мен  небір кереметтеріне тәнті болып солардың нұсқауымен, солардан қорыққандарынан ғана намазға жығылып, өздері айтатындай «ақ жолға» түседі. Және үнемі соларға сиынып, жалбарынып жүреді. Әрі мезгіл-мезгіл әулиелердің бастарын   зиярат етіп, солардың ризалығы үшін құрбандық шалып отырады. Иманның шарттарын білмейді, немесе біле тұра мойындамайды. Құранды киелі зат ретінде ғана қасиет тұтады, оның мағынасын білуге тырыспайды, және оны аруақтарды риза ету үшін ғана оқиды. Мемлекетті мойындайды. Аллаға серік қосу, және басқа да шариғатқа жатпайтын іс-әрекеттерін айыптайтындықтан Муфтиатқа, мешіт имамдарына  бой ұсына қоймайды. Өздерінің жиналатын ордалары және әулиелердің бастарына салған мешіттері де бар. Ортақ мешіттерге негізінен құран оқыту үшін көп келеді. Қазақтың салт-дәстүрлерін шариғатқа сиымды, сиымсыз деп айырмастан берік ұстайды, тіпті ырымшылдық негізінде жаңа салт-дәстүрлер де қалыптастырып жатады. Аруаққа сиынатындықтан ұлтымыздың көрнекті өкілдеріне де тағзым етіп дәріптеп, бастарына барып ас береді. Аруаққа сенбейтіндерді «атеист», ал қарсы шыққандардың бәрін «уаххабис» деп айыптайды.

Осы бес топтың намазхандары да өздерін тура жолды ұстанушы мұсылмандар санайды. Бірақ, бәрі бірдей өзге топтардың туралығын мойындай бермейді. Солардың ішінде уаххабилер өзгелерге қатысты өте қатаң көзқарас ұстанып, ешқандай да ымыраға келмейтін топ болып саналады. Олардың ең төзімсіздік танытатын тобы аруақшыл намазхандар тобы. Оларды уаххабилер нағыз мүшіріктер деп есептеп, олардың мұсылмандықтарын ешқандай да мойындамайды.  Өздері пайда болған кезеңде уаххабилердің «дінді тазарту» әрекеттерін осы  аруақшыларды қырып-жоюдан бастағаны тарихтан белгілі. Уаххабилердің төзімсіздік танытатын екінші қатардағы топ тариқат жолын ұстанатын сопылар болып табылады. Өздерінің пірлеріне сиынатын болғандықтан  уаххабилер оларды да мүшіріктердің қатарына жатқызады. Бірақ, бұл екі топтағы намазхандар мешіттерге көп келмейтіндіктен, келсе де өздерін ашық танытпайтын болғандықтан да олардың жолдары уаххабилермен көп қиылыса бермейді. Мешіт ішілік дау-дамай негізінен уаххаби, таблиғ, мешіт жамағаттарының арасында өрбуде. Уаххабилер таблиғ жамағаты мен мешіт жамағатының мұсылмандықтарына ашық күман танытпаса да оларды дінге жаңалық енгізген, сүннетпен жүрмейтін, имамдарына көзсіз еретін намазхандар санайды. Және, өліктерге құран бағыштайтынын болғандықтан ішінара мүшіріктер деп те айыптап жатады. Соның ішінде де олар пайғамбардың(с.ғ.с.) сүннетінде жоқ, сол себепті де нағыз бидғат деп есептейтін «амалдарды» жасайтын таблиғтарға қатты шүйлігеді. Өздерін сәлафи санайтын уаххаби топтарының кейбірінің арасында  бірін-бірі кәпір деп айыптауға дейін баратын өзара дау да орын алған. Негізінде мешіт ішілік дау-дамай  тек өздерінің ғана тура жолды ұстанатындықтарын, ал өзгелердің дінді бұзып адасып жүргендерін дәлелдеуді мақсат етіп белсенді түрде насихат жүргізіп жатқан уаххабилердің кесірінен қозуда. Олар өздерінің «дәлелдері» жинақталған дискілерді тегін таратып, ауызша да қызу үгіт жүргізіп өз қатарларын көбейтуге ұмтылуда. Және өздерінің менмен, қызбалықтарымен ерекшеленетін олар күш ала бастаған жағдайда өзге топтардағы намазхандарға қысым жасап оларды мешіттерден ығыстырып та жатады.

Имамға бойұсынатын мешіт жамағаты мен таблиғ жамағаты болса аруақшылар мен сопылардың әулиелерге, пірлеріне  табынушылық әрекеттері мен шариғатқа қайшы келетін кейбір істерін қостамайды. Бірақ, оларға төзімділік танытып, тек үгіт арқылы ғана ықпал етуге тырысады. Және   өздерін дінді бұзушылар деп айыптап жүрген уаххабилердің істерін шектен шығу, бүлікпен (фитнамен) айналысу деп бағалайды. Және өз ұстанымдарын қорғау барысында олармен текетірес жағдайында жүруге мәжбүр болуда.

Мешіт жамағаты мен таблиғтар арасында таблиғтардың үш күн, қырық күн, төрт ай ел аралап кету және басқа да өзіндік ерекшеліктері бар «амалдарына» қатысты белгілі бір түсініспеушілік те орын алған. Бірақ, мазхаб ұстанатын олар уаххабилерге қарсы ауызбіршілік те танытып қояды. Негізінде мешіт жамағаты өзгелерге қарағанда өзінің бытыраңқылығымен ерекшеленеді. Ал, таблиғтар бұл тұрғыдан алғанда ұйымшыл. Сол себепті де,  кейбір мешіттерде таблиғ жамағатының мазхабтың тірегі болып имамдарға демеу болғанын да жоққа шығаруға болмайды.

Тариқат жолын ұстанатын сопылардың түрлі топтарының бәрінің де ең жақтырмайтындары өздерін адасқандар деп есептейтін уаххабилер болып табылады. Ал,  пірге сиынуларын, және басқа да өзіндік тәртіптерін қостамайтын мешіт жамағатына олар белгілі бір салқындықпен қарайды. Өзгелердің мінін термеуге тырысатын, және дүниеге көзқарастары мен сыртқы пішіндерінде де кейбір ұқсастық бар таблиғтармен белгілі бір шамада тіл табыса алады. Ал, сопыларға ең жақын топ аруақшылар болып табылады. Өйткені, олардың сиынатын әулиелері мен пірлері ортақ болып келеді. Сол себепті де олар бір-бірін жақын тартып, ауызбіршілік танытуға да бейім. Сопылар өзара ұйымшыл, және нәпсіні тәрбиелеу жолына түскен бейбіт жамағат ретінде танылғанмен өз ұстанымдарын қорғау барысында кімдерге болса да қаттылық, қызбалық көрсете алады.

Аруақшылардың да өзге топтардың ішінде Аллаға серік қосуға төзімсіздік танытатын уаххабилермен жұлдыздары қарсы. Және серік қосуды айыптайтын имамдар мен мешіт жамағатын да жақтырмай оларды да уаххабилердің қатарына қосып жібереді. Қазақтың бағзы заманғы шамандық әдеп-ғұрыптарымен  астасып кеткен, түрлі ырымдарға негізделген қазақы салт-дәстүрлерді берік ұстанатын осы аруақшыларды қазақтың ұлтшыл зиялы қауымы іш тартып, оларға қолдау көрсетуге бейім. Және мұсылмандық пен шамандықтың ара жігін ажырата алмайтын қарапайым халық та олардың «мұсылмандықтарын» жөн көреді. Осындай түсінбестіктің салдарынан да мұсылмандықты шариғатқа сай берік ұстануға тырысатын кейбір намазхандарға халықтың «сектант» деп үрке қарау үрдісі қалыптаса бастады.

Секта ұғымының бізге қатысты басты анықтамасы бойынша ол негізгі діннен бөлініп шыққан топ. Келесі бір анықтамасы бойынша мұндай топ өзінің тар ауқымдағы топтық мүддесімен ғана тұйықталып, өздерінен басқалардың бәрін де адасқандар  санайды. Және бір анықтамасы бойынша олар өзі бөлініп шыққан негізгі дінге бәсекелес ретінде әрекет жасап, мүмкін болса  оның орнын басуды мақсат етеді. Осы негізгі дінге, немесе қоғамға деген қарсылық барысында мұндай топтардың қатаң әрекеттерге жүгініп, қоғамның шырқын бұзатындықтарынан секта ұғымының төртінші анықтамасы туындайды.

Осы анықтамаларды басшылыққа ала отырып жоғарыдағы топтарға талдау жасасақ мешіт жамағатында негізгі топтан бөліну көрінісін таппаймыз. Өйткені, олар Ханафи мазхабын ұстанады. Ал, Ханафи мазхабы болса Ислам дінінің қалыптасу кезеңінде, түзіліс үстіндегі жалпы үмметтен табиғи түрде іріктеліп шыққан, Құран мен сүннетті түсіндірудің төрт мектебі болып табылатын Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали тәрізді төрт мазхабтың бірі. Бұл мазхабтардан бұрын біртұтас, жан-жақты жүйеленген негізгі дін болды деп санау қате пікір болып табылады. Өйткені, ондай діннің із-түзссіз жойылып кетуі мүмкін емес. Егер мүмкін десек онда ол дінді сахабалар мен табиғиндер жойып жіберген болып шығар еді. Өйткені, мәзхабтар осы сахабалар мен табиғиндердің  кезінде, олардың тікелей қатысуымен қалыптасты.  Сол себепті де  сахабалар мен табиғиндер негізгі  дінді жойып, оның орнына төрт мазхабты пайда қылды деу оларға тағылған өте зор айып болып табылар еді.

Осы пікірді басшылыққа ала отырып Ханафи мазхабының заңды мұрагерлері болып табылатын мешіт жамағатында негізгі діннен, немесе негізгі мәзхабтан бөліну әрекеті мүлде жоқ деп нақты түрде айтуға болады. Және бұл жамағат өзге төрт мазхабтың да туралықтарын толық мойындайды. Және иманның негізгі шарттарын сақтайтын өзге топтардағы мұсылмандардың да мұсылмандықтарына күман келтіруден тартынады. Және  бәсекелестік танытып, ығыстыруға тырысатын негізгі діні жоқ болғандықтан үшінші анықтаманы да оларға қолданудың да еш қисын жоқ. Және бұл жамағатқа қоғамның шырқын бұзатын қандай да болмасын әрекеттерден бой тартатын сабырлылық тән. Осылайша қай жағынан алып қарасаң да мешіт жамағаты сектанттар болып табылмайды. Олар негізгі дін болып табылатын әһли сунна уәл жамағаттың бір  мазхабы Ханафи мазхабын ұстанушы   орташа жамағат атауына толық сай келеді. Осы  Ханафи мазхабының Қазақстандағы заңды басшылығы Муфтиатқа қатысты ұстанымдарына орай басқа топтардың секталығы немесе дербес ағым екендігі анықталады.

Уаххабилер «біз сәлафтардың жолымен жүреміз» деп өздерін негізгі дінді ұстанушылар ретінде көрсетуге тырысады. Бірақ, олардың нақты ұстаздары сәлафтар заманынан көп кейін өмір сүрген ғұламалар екені белгілі. Жалпы  өздерінің ғана  дінді дұрыс түсініп,  тек өздерінің ғана тура жолды ұстанатындықтарына деген көзссіз сенім   секта атаулыға тән басты қасиеттердің бірі. Мысалға христиандардың қай сектасын алып қарасаң да олар Библия мен апостолдардың жолдауларын тек өздері ғана дұрыс түсініп, тек өздері ғана оларды берік ұстанатындықтарына кәміл сенеді. Сол себепті де олар тек өздерінің ғана жұмаққа ие болатын таңдаулылар екеніне еш күман келтірмейді. Сол сияқты  уаххабилер де Құран мен сүннетті  өздері ғана дұрыс түсініп, ақиқатты ғана ұстанатындықтарына, сол себепті де жұмаққа кіретін жалғыз топ өздері ғана екендіктеріне көзсіз сенеді. Ал, шындығына келгенде уаххабилердің өздерінің де, олардың  нақты ұстаздарының да ата-бабалары  неше ұрпақ бойына мазхаб ұстанып келген адамдар. Сол себепті де уаххабилердің бәрі де белгілі бір мазхабтың өкілдері болып табылады. Және олардың уағыздап жүрген Алланың бірлігі, сүннетпен жүру, дінді таза ұстау, имамдарға көзсіз ілеспеу тәрізді істер мәзхабтар үшін еш жаңалық емес, мазхабтардың табиғатына тән төл ұстанымдары. Мұны мойындамау олар тарапынан жасалып жүрген үлкен әділетсіздік. Және олардың ұстанып жүрген ақидасы мен фиқһтары да әр мазхабтан жырымшылай жүріп құрастырып алған ешқандай жаңалығы жоқ құрама тәртіп. Бұл жағдай олардың  мазхабтан бөлініп шыққан фитнашы топ екендіктерінің бұлтартпас дәлелі. Және олар мазхабтан шыға отырып өздерінің тура жол тапқандықтарына өте сенімді. Әрі олар өзге мұсылмандарға  қарсы белсенді үгіт-насихат жүргізіп, өздерінің топтық тар мүдделері үшін ғана қызмет етеді. Және олардың осы әрекеттерінен  мазхабтарды жойып олардың   орнын басу мақсатындағы бәсекелестік айқын көрінеді. Және олардың қолға қару алып, жарылыстар ұйымдастырып, белсенді әрекеттерге көшуге бейім екендігі кімге болса да аян. Міне, осылай сараптай келгенде уаххабилер тобының секта ұғымының төрт анықтамасына да толық сай келетіні  күмансыз.

Таблиғ жамағаты мазхабты  мойындайды. Бірақ, негізгі жамағаттан өздерінің «амалдық» тәртіптерімен ерекшеленеді. Сол амалдары бойынша іштей тұйықталып өз әмірлеріне бағынады. Соның нәтижесінде мешіт имамдарымен белгілі бір қайшылыққа түсе отырып негізгі  жамағатпен келіспеушілікке жол береді. Халықты дінге, мешіттерге шақыра отырып өз қатарларына да адам тартатын олардың тарапынан негізгі жамағатқа қатысты белгілі бір шамада бәсекелестік те байқалады. Амалдарына қатысты мәселелерде табандылық танытқанмен, жалпы оларға жұмсақтық тән. Олар өзгелермен санасып, өздерін сабырлылыққа тәрбиелеуге баса мән береді. Өйткені, жұмсақтық, төзімділік танытпай амал жасау мүмкін емес деп біледі. Негізінде қай мазхабтың намазханы да таблиғ жамағатына  қосыла отырып өз мазхабын ұстана береді. Оларды біріктіріп тұрған басты мақсат дін тарату үшін амал жасау, және сол амалдың  ішкі тәртібі. Сол себепті де оларды дін тарату мақсатында  құрылған, бір орталыққа бағынатын, барлық мазхабтарға да ортақ ерекше  құрылым деп санауға да болады. Осылай талдау жасай келе таблиғ жамағатында да сектаға тән кейбір белгілер көрініс беретінін байқауға болады.

Тариқат жолындағы сопылар да өздерін мазхаб ұстанушылар қатарына жатқызады. Бірақ, олар шариғат мәселелерінде ғана  мазхабпен бірігеді, онда да барлық тариқаттары емес. Ал, ақида мәселесінде пірлеріне сиынып, олардан жәрдем сұрайтын ерекшеліктері оларды мазхаб ұстанушылар ретінде санауға мүмкіндік бермейді. Өйткені, Алладан Өзгелерге сиынып, жәрдем сұрау Ханафи мазхабы бойынша Аллаға серік қосу. Ал, Аллаға серік қосу мазхаб ақидасы бойынша куфр. Осы иманның басты шартындағы келіспеушілік шешуші келіспеушілік болып табылады. Сопылардың өздерін кемелдендіру мақсатында Құран мен сүннетке негізделмеген түрлі әдістерді қолданып, оларды діни амал ретінде атқарулары олар тарапынан дінге енгізілген үлкен жаңалық болып табылады. Ол әдістердің қаншалықты пайдалы, тиімді екенін, соған орай жақсы не жаман бидғат екенін кесіп айту жөн болмас. Бірақ, ол әдістердің бидғат екені сөзсіз.

Жалпы суфизмде мазхабтарды ғана емес өзге діндерді де жатырқамай олардың басты да жоғарғы ілімі болып сіңіп кету қасиеті бар. Өздерінің Исламдық негіздерін олар сахабалар мен  табиғин ғұламалардан бастау алады деп біледі. Және оларға тән ерекшеліктер сол кездерден бастап көрініс береді. Осы тұрғыдан алғанда  өзіндік ерекшеліктері мол және айқын тариқат жолындағылар өздерін Исламның жеке бір тармағы ретінде ұсынуларына да болар еді, бірақ олар мұны қаламай, өздерін мазхабтардың құрамдас бөлігі етіп көрсетуге тырысады. Онда да өз ерекшеліктерін сақтай отырып мазхабтардың таңдаулы, ерекше бөлігі ретінде саналуды қалайды. Бұл шын мәнінде бөлек шығуды қаламай, үй ішінен үй тігу әрекеті болып табылады. Өйткені, сопылардың қай тариқаты болса да мазхаб ішінде қала отырып, іс жүзінде мазхабтың заңды басшылығына емес тек өз пірлеріне ғана бағынушылықта болады. Ал пірлер өз тариқаттарының тәртіптерін басшылыққа алады.

Тариқатшылар өз ішінен тұйықталып, өздеріне қатысы жоқ деп білетін мемлекеттік, қоғамдық істерге бейтараптық танытады. Өзге топтарды адасқандар немесе діннің сыртқы пішінімен ғана әуестеніп оған терең бойлай алмайтын қарапайым жамағаттар санайды. Белсенді түрде болмаса да насихат жүргізіп  намазхандарды  пірлердің қол астына тартып алуға қарсы емес. Осы тұрғыдан алғанда негізгі мешіт жамағатына бәсекелестік байқатады. Мемлекетке, қоғамға қарсы қатаң шараларға жүгінуден тартынады.  Осы айтылған пікірлерді жинақтай келгенде тариқатшыларға  дербес жеке ағым немесе  мазхабтардан бөлінген  секта ретінде де қарауға болады.

Аруақшылар да өздерін мазхаб ұстанушылар ретінде көрсетуге тырысады. Бірақ, олардың басты қағидасы аруаққа сиыну болып табылады. Сол себепті де Аллаға қосақтап та, жекелей де аруақтарға сиынатын, солардан өз қалауларын сұрап жалбарынатын аруақшылар иман мәселесінен бастап-ақ мазхаб негіздерінен толық ажырап кетеді. Тіпті олар құлшылық амалдарын да сол аруақтардың қорқытуымен бастап, солардың нұсқаулары бойынша, ең бастысы, соларды риза етіп қалауларын алу үшін атқарады. Сол себепті де оларға мазхаб ұстанушылар ретінде қарау дұрыс емес. Тіпті, оларды мұсылман санау да орынсыз. Бұл топта негізгі діннен бөліну көрінісі жоқ, өйткені, олар әуел бастан дінге енбеген, Исламның сыртқы көрінісін батперде етіп өздерінің бағзы заманға шамандық негіздерінде қалған топ болып табылады. Сондықтан да оларды Ислам дінінің ішіндегі  топ  емес,  ежелден келе жатқан дербес шамандық  жүйе деп санаған жөн болады.

Енді бұл топтардың күш алып басымдыққа ие болған жағдайда не болатынын, оның елімізге не әкелетініне де талдау жасап көрелік. Өзгелерге қатысты қатаң көзқарас ұстанатын уаххабилердің қай топтарына болмасын көбею барысында қатайып, мінез көрсету тән. Сол себепті олардың мемлекетпен де, өзге мұсылман топтарымен де, діннен тыс халықпен де аралары қатты ушығып, олар тарапынан белгілі бір қысымға ұшырайтын болады. Осыны сылтау еткен мұндай топтар мемлекетке де, өзге топтарға да, дінсіз халыққа да  қарсы жиһад ашып қарсылықтың қатаң түрлеріне жүгіне бастауын күтуге болады. Қазіргі кезеңде еппен ғана үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өз қатарларын көбейтіп жатқан уаххабилер үшін өзгелермен татулық сақтап бейбіт қатар өмір сүру мақсат емес. Олардың қай-қайсыларының да бірден-бір мақсаттары қажетті күш-қуат жинақтап алып қысқа мерзім ішінде  шариғатпен жүретін Ислам мемлекетін құрып тастау.

Шындығына келгенде, барлық топтардағы мұсылмандардың да  шариғатпен жүретін мемлекеттің қол астында өмір сүргенді қалайтыны жасырын емес. Бірақ, уаххабилердің өзгелерден ерекшеліктері бұл жолда олар даму заңдылықтарын ескеріп, өзгелердің  мүддесімен санасып, өз шамаларын да бағамдап жатпайды. Олар қысқа мерзім ішінде көнгендерді көндіріп, көнбегендерді қанға бөктіріп өз тәртіптерін орнатуға тырысады. Және сен мұсылмансың,  сен кәпірсің деп ажыратып әуре болып жатпайды. Өйткені олар үшін өзге топтағылардың бәрі де адасқандар болып табылады, сол себепті де олар басқа топтағы мұсылмандар түгел, өзге сәлафилерді  де сыпыра соғатын болады. Егер діни төңкеріс жасауға  шамалары жетпей қалған жағдайда олар жарылыстар ұйымдастырып, қорқытып-үркіту шараларымен айналысып оңайлықпен басылмайтын болады. Ал, жеңіске жетіп  өз билігін орнатқан жағдайда да олардың аптығын басып тыншыға қоймайтыны тағы анық. Олар енді айналасындағы елдерге де «ақиқат дін» уаххабизмді таратуға бар күшті жұмылдырып, елді уаххабиттердің тірек нүктесіне айналдырып, маңайына үрей мен өшпенділік себе бастайтынын болжауға болады.

Уаххабилерге тән тағы бір ерекшелік олар «тек сүннетпен ғана жүру керек, дінді жаңалық атаулыдан тазарту керек» дей отырып  ұлттық ерекшелік атаулыны жоққа шығаруға бейім. Сол себепті де олар үстемдікке ие болған жағдайда «сүннетте жоқ» дей отырып бірте-бірте  халқымызды  ұлттық дәстүрлері мен тілінен де «тазартып», арабтандырып жіберетін болады. Сондықтан да уаххабилердің бел алуынан дініміз үшін де, мемлекетіміз үшін де, ұлтымыз үшін де ешқандай жақсылық күтудің қажеті жоқ.

Өз амалдарына көп көңіл бөлетін таблиғ жамағатының  сол амалдарынан өзге істермен айналысуға уақыттары да, ықыластары да жоқ. Олар  дінді тар шеңберде түсініп, дүниенің ісі деп мемлекеттік және қоғамдық істерден бой тартады, және  дүниенің оқуы деп діни оқудан өзге оқу орындарында оқып білім алуға да салқын қарайды. Мұндай көзқарас тариқат жолындағы сопыларға да тән. Сондықтан да олардың қатарларының көбею барысында  мемлекетімізді өркендететін, ұлтымыздың өзгелермен бәсекелесік мүмкіндігін арттыратын көптеген салалар қағажу көріп, біз алға жылжымақ түгел қол жеткізген көптеген жетістіктерімізден де айрылып қалатын боламыз.

Шамандық сенім діни сенімнің даму үрдісіндегі ең төменгі сатылардың бірі. Сол себепті де шамандыққа қайтып оралу біз үшін кері кету, рухани тоқырау болып табылады. Мұндай сеніммен біз қуатты, өміршең діндерді ұстанатын рухы берік ұлттармен бәсекеге түсе алмай, оларға жұтылып кететін боламыз. Қазақтың ұлттық дәстүрі мол, сол себепті де ұлттық ерекшелігімізді сақтауға мүмкіндік беретін сенім тәрізді көрінгенмен ол бұл  тұрғыдан алғанда  өте алдамшы дін. Шамандықты ұстанатын талай халықтардың жат ықпалдарға төтеп бере алмай,  өз ұлттық ерекшеліктерінен тез айырылып, өсімі де тоқтап ұлт ретінде жойылып  кеткендері тарихтан белгілі. Ал, қазіргі қарқыны қатты  жаһандану үрдіс жағдайында мұндай тайғақ негізбен ұлт ретінде сақталып қалу тіпті де мүмкін емес.   Сондықтан да  ұлт болашағын ойлайтын жандардың шамандыққа, немесе шамандық «мұсылмандыққа» іш тартып, иек артулары өзін-өзі ақтамайтын жаңсақ қадам болып табылады.

Жоғарыдағы топтардан байқалатын кемшіліктерге бой алдырмай, бар мәселеде де сабырмен, парасатпен, біліктілікпен іс жасау,  қандай да болмасын ұшқарылық атаулыдан ада таза Исламға тән орта көзқарасты ұстану мешіт жамағаттан ғана көрініс табуда. Бұл жамағат таза мәзхаби ақида мен фиқһты негіз етіп алған Муфтиаттың  басшылығымен кілтипаны көп дін мәселесінде мемлекетпен де тіл табысып, өзге топтармен де қарым-қатынасты ушықтырмай, халықты да діннен шошытып алмауға тырысып, сақтықпен іс жасауда. Осы бағытта олар ширкпен де күресіп, бидғаттың жақсысы мен жаманын ажыратып, дәстүрдің шариғатқа сиымдыларын сұрыптап, дін істерінде шектен шықпай байыптылық танытуда. Мазхаб тәртібі бойынша дін ұстана отырып, мемлекеттік, қоғамдық істерден де қалыс қалмауда. Дін ілімін игере отырып, өзге білімдерге де сырт қарамай заман ағымынан қалыспауда. Сол арқылы бұл жамағат Исламның кең де парасатты, сабырлы да салиқалы, өрелі де өміршең, таза да қайсар рухын шынайы түрде ұстануда десек қателесе қоймаспыз.

Жоғарыдағы топтарға қарайтын болсақ мазхаб ұстанамыз дейтін кейбір топтардың  мазхаб негіздерін өрескел бұзып жүргендерін байқаймыз. Және олар билік тарапынан да, өзге мемлекеттердегі мәзхаб басшылықтары тарапынан да мойындалған еліміздегі мәзхабтың заңды басшылығына  бой ұсынбайтындықтарын да аңғарамыз. Шын мәнінде мазхаб ұстану дегеніміз мазхабтың ақидасы мен фиқһын ұстану ғана емес, ол мазхаб негіздерінің тазалығын қорғайтын, мазхаб жамағаты үшін Алла Тағаланың алдында тікелей жауапкершілік алатын мәзхабтың заңды басшыларына бой ұсыну. Сондықтан да өздерін мәзхаб ұстанушылар санатына қосатын топтарды ақида мен фиқһ мәселелері тұрғысынан ғана емес, мәзхабтардың заңды басшылықтарына бағыныштылық тұрғысынан да зерделеп басын түпкілікті ашып алу қажет. Өйткені, сондай топтардың өздеріне ғана тән іс-әрекеттері жалпы мәзхабтарға таңылып, соның салдарынан да мәзхабтар ширк, сүннетпен жүрмеу, бидғат, басшыларына көзсіз еру тәрізді негізсіз айыптардың астында қалып зардап шегуде. Сондықтан да мәзхабтарға ондай топтармен өз қарым-қатынасын анықтап, өз қатарларын лайықсыз топтардан тазарту қажет. Бұл оларға нақты өз ұстанымдары мен өз істері үшін ғана жауап беріп, өздеріне бағынышты нақты намазхандар үшін жауапкершілік алуларына мүмкіндік береді.

Сөз соңында айтылатын жай бұл көпшілікке еліміздегі басты діни топтар мен олардың өзара қарым қатынасы жөнінде жалпылама түрде болса да қажетті мағлұмат беру мақсатында үстірт жасалған талдау. Және бұл автордың жеке пікірі, оның алып-қосатын жерлері өз уақытымен анықтала жатар, бірақ осының өзі де парасатты жандар үшін дұрыс таңдау жасауларына мүмкіндік береді деп ойлаймын.

«qazaq.kz» cайты

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы