Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бейбіт Қойшыбаев. Таралымы мардымсыз танымды еңбек хақында

Дата: 28 января 2011 в 10:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бейбіт Қойшыбаев. Таралымы мардымсыз танымды еңбек хақында

Біз үшін, біздің тәуелсіздігімізді баянды ету үшін азаматтарымызды тарихпен тәрбиелеу, тарихтың ұзақ жылдар бойы жасырылып келген қаралы беттерін ашу арқылы тәрбиелей түсу маңызды. Кім-кімге де өткен жолымыздың әлі де баймағлұм тұстарын танытатын жаңа кітаптар туралы біле берген абзал. Осындай ой жетегімен оқырмандарға сталинизмнің өткен ғасырдың алғашқы жартысында жасаған қылмыстарын әшкерелейтін бір елеулі жұмысты таныстырғым келеді.

Былтырлары зерделі оқырманның кітап сөресі тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің елімізде өткен ғасырдың 20-40 жылдары орын алған саяси қуғын-сүргіндер кезеңін зерттеген жаңа еңбегімен толықты (Койгелдиев М.К. «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов», Алматы, 2009. 448 б.).

Кітапқа үш алғысөз берілген. Бірін Фридрих Эберт қорының Қазақстан мен Орта Азиядағы  жоба-үйлестірушісі д-р Вульф Лапинс, екіншісін «Зерде» қорының президенті Әлихан Бәйменов жазыпты. Кітап екі қордың бірлескен жобасы ретінде дүниеге келген екен. Жобаның көздеген мақсаты — Қазақстандағы өткен ғасырдың алғашқы жартысында орын алған  қоғамдық-саяси үдерістердің осы уақытқа дейін кешенді түрде зерттелмеген тұстарын құжаттар негізінде қарастыратын еңбектің тууына мұрындық болып, соны жарыққа  шығару  болған көрінеді.

Қорлар басшыларының діттеген ортақ ойына бастар бірнеше маңызды қадам белгілі зерттеуші, саяси бұрмалаулар мен репрессиялар кезеңдерінің білгірі, отаршылдыққа қарсы қозғалыс пен кеңестік дәуір тарихының ірі маманы, ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің тарапынан жасалған екен.     Ғалым туындысына кітап авторы ретінде берген алғысөзінде Кеңестер Одағында өткен ғасырдың 30-жылдары орын алған жаппай жазалаулар жайында кейінгі ширек ғасыр ішінде үлкен кітапхана қорын құрарлық әдебиет шығарылғанын атап өтеді. Соған қарамастан, ғалымның пайымынша, жиырмасыншы жүзжылдықтың 20-50-ші жылдарындағы саяси репрессиялар тарихы тек біздің тәуелсіз еліміздегі тарихнама үшін ғана әлі зерттелмеген дерлік тақырып болып тұр.

Автор мұндай салғырттықтан Ресей мен Украинада орын алған «мұрағаттық төңкерістің» Қазақстанда көрініс таппағандығы, сондай-ақ, кеңес шындығы жағдайында қалыптасқан  шетаймақтық сананың әлі жойылып бітпеген салқыны сезіліп тұрғанын айтады. Осынау  ғылыми проблеманың күні бүгінге дейін тым мардымсыз қарастырылуына ведомстволық мұрағаттардағы құпия сақталып келген қорлардың жамылғысын ашуға заңнамалық құжаттардың да толық құқықтық негіз жасамай тұрғаны рас. Дегенмен, зерттеушілік ізденістерінде  ол қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланған. Ұлттық Қауіпсіздің комитетінің бірқатар облыстық департаменттері мұрағаттарындағы ашық құжаттар мен материалдарды талдауға алып, зерттеу жұмыстарын жүргізе келе, бұған дейін беймәлім боп келген бірқатар жәйттерге назар аударғанын атап айту ләзім.

Еңбектің елеулі жаңалығы ретінде Қазақстандағы тұтас әлеуметтік топтарды — байлар мен дінбасыларын (ишандарды, имамдарды, молдаларды) жосықсыз жою үдерісі орын алғаны тұңғыш рет ашып айтылып отырғанын айтар едік. Бұл жәйт бұған дейін беймәлім болып келген нақты құжаттық материалдар негізінде көрсетілген. Сондай-ақ кеңес билігінің  қалыптасу үстіндегі ұлттық саяси элита мен шығармашыл интеллигенцияны қудалауы, ұлт қызметкерлеріне ГПУ-дің және онымен қатар, әрекеті одан бір кем түспейтін жазалаушы орган сипатына енген партиялық өлкелік бақылау комиссиясының жазықсыз жала жабу жолымен «қылмыстық» және жеке істер ашуы, жалпы, жаңа отаршылдардың Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасындағы ұлттылық сипатты жоюға бағытталған тегеурінді идеологиялық шабуылы арнайы талдауға алынған. Бұл тұрғыдан алғанда,  бұрын біздің тарихнамамызда сталинизм мен Қазақстандағы репрессияларды ұлт мәселесімен тығыз байланыста қарастырған мұндай еңбектің болмағанын атап өту ләзім.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі сол, мұндағы күллі талдаулар, тарихтағы трагедиялық құбылыстың жекелеген эпизодтарын жаңғыртулар,  большевизмнің ұлт мәселесіндегі өрескел қиғаштықтары мен бұрмалауларын ашу  әрекеттері ресми құжаттар мен деректерді тартумен қатар, құпия полиция жүргізген тергеулердің материалдары негізінде жүзеге асырылған.

Еңбек бес тараудан тұрады. Алғашқысында нақты тергеу материалдары және айыптау қорытындысы арқылы Есіл аймағында тұратын бұрынғы алашордашылардың істі болу тарихы  қарастырылып, баршасының қолдан қиыстырылған жалалы айыптар бойынша сотталғаны көрсетіледі. Келесісінде Солтүстік Қазақстан өңірінде 1921 жылы орын алған шаруалар көтерілісі мен оған қазақтардың қатысуы және, әрине, тиісінше,  жазалану жайы әңгіме болады.

Үшінші тарауда Көкшетау аймағында ақпан революциясынан кейін құрылған жергілікті қазақ комитетінде және ол ұзамай  «Алашорда» үкіметінің буынына айналғанда белсенді қызмет істеген Темірбеков Әбжан мен патшалық тұсындағы қазақ қозғалысына қатысушы, кеңес  кезінде халық судьясы болған, 1921 жылғы шаруалар көтерілісіне жетекшілік жасады деген желеумен ұсталған байырғы ұлт қайраткерлерінің бірі Жанталин Ахметтің тергеу істері талданады. Ал  «Ишандар ісі»  деген тақырыппен айдарланған төртінші тарауда дін қызметкерлерінің жалған жаламен қуғынға ұшыратылуы қарастырылады.

«Большевикше «өз тағдырын өзі айқындау» деген тақырып қойылған соңғы тарауда  автор азаттық қозғалысының шыңы іспетті алашорда кезеңі мен оның қайраткерлерінің, сондай-ақ алаш идеяларын кеңес өкіметі ауқымында іске асыруға тырысқан коммунистердің қайғылы тарихына — ұлтттық интеллигенцияның орталық жүргізген  шовинистік іс-әрекеттерге көрсеткен қарсылығына және оны тұншықтыру, басу жолдарына назар аударады.

Саяси репрессияларды құбылыс ретінде тек сталиндік кезеңмен байланыстырғанымызбен,  іс жүзінде ол большевиктер билікке келісімен пайда болған-ды, тиісінше, Сталин өмірден өткеннен кейін де жалғасты. Мұның себебі, автордың бағамдауынша, социализмге беттеген сайын таптық күрес шиеленісе түседі делінетін қате идеологиялық қағиданы басшылыққа алып, нақты адам тағдырымен санаспай, биліктің қисынсыз күш қолданулар жасағанында жатыр. Еңбегінің қорытындысында автор саяси элитаға, интеллигенцияға, дін қызметшілеріне қатысты жүргізілген жазалаулар табиғатын қарай келіп, биліктің өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар ескерілмейтін жаңа «коммунистік дінге» сендіруді мақсат еткенін, сол себепті ақтауға болмайтын адам шығынына жол беріліп, ұрпақтар байланысына қаяу түсірілгенін айтады. Ол  еңбегін мағынасыз жазалаулар салдарынан тап болған қасіретке орын бермеуге әбден болар еді деп қорытады (354-б.).

Автор өз зерттеулері негізінде өлкеде панисламшылдық контрреволюциялық көтеріліс әзірлеген ұйымның іс жүзінде болмағанын, оны құпия орган қызметкерлерінің қолдан қиыстырып жасағанын, сөйтіп саяси жалған айып тағып, талай жазықсыз жанды қуғынға ұшыратқанын, атуға кескенін дәлелдейді. Сосын  өзіне мұндай әрекет жасауға органдарды не итергені жайында сұрақ қояды. Жауабы түсінікті: біріншіден, билік жазаға халықтың жаңа топтарын, қилы жандарды көбірек тарта отырып, әсіресе, контрреволюциялық панисламшылдық орталықтың ұйымдасып, тіпті жұмыс істеп тұрғаны жайындағы жалған деректі жалаулату жолымен, еркін ойды мүлдем ауыздықтауды көздейтін репрессия ауқымын ұлғайтуды қажет етті, екіншіден, осы кезде ештеңеден тайынбайтын шексіз билік жүйесіне айналған ішкі істер халық комиссариаты осындай қорқынышты әрекеттері арқылы елді «жаулардан тазартуға» бағытталған қызу жұмыс жүргізіп жатқансыды (284-б.).  Мұның бәрі, әрине, дәулетті таптарды жойып, саяси және шығармашылық элита қарсылығын баса алған биліктің одан әрі  ұстанған, мәні тереңге кететін саясатының жалғасы болатын. Осылай қорытқан автор пікірінің орындылығына шәк келтіре алмайсың.

Автор құпия қызметтің Фома Иванов деген  қызметкерінің өтініш-мәлімдемесін жария еткен (316-317-бб.). Хат өлкелік партия  ұйымының көсемі Филипп Голощекинге және қазақ коммунистері арасындағы беделі жоғары Смағұл Садуақасовқа өте құпия түрде 1926 жылғы 10 қыркүйекте жолданған екен. Онда большевиктер жұмысының астары айтылып, құпия орган ұстанған ішкі сыр айқара  ашылыпты. Мәлімдеме жасаушы «европалық қызметкерлер тобы жүргізіп отырған саясатты» көзбе-көз көріп, біліп, жүзеге асырысып жүрген ГПУ қызметкері ретінде, өзіне белгілі келеңсіздікті «европалық басшы» — Б(б)КП Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы Голощекин мен «қазақ басшы» — бюро мүшесі Садуақасовқа «объективті пайым жасаулары үшін» жеткізуді партиялық борышы санаған. Оның айтуынша,  ГПУ-дегі топтың «антипартиялық саясаты қолдарында бар барлық күштерді қазақ қызметкерлеріне қарсы пайдалану жолымен, оларды қудалау және қуғынға түсіру жағына бағытталған».

Осынау адал көңілімен өлке басшылығына қобалжулы хабар беріп отырған ГПУ қызметкері өзі әшкерелеп отырған саясат ауқымында  қандай жұмыстар жүргізіп жүргендерін ашып айтады. Айтқандарын біз де санамалайық. Қазақ Республикасындағы ГПУ қызметкерлері атқарған бірінші кезектегі міндет — қазақ қызметкерлері үстінен жалған куәліктер жинастыру болған. Бұл үшін түрлі әдіс қолданылыпты. Ең алдымен «қазақтардың басбұзар (қылмыстық) элементтерін жалдап, немесе ат ұрлаушыларды тұтқындап, қазақ қызметкерлері туралы куәгерлік жалған көрсетілімдер аламыз». Екіншіден, «қазақтың жауапты қызметкерлеріне айдап салу үшін ықпалды рубасылары мен орыс кулактарынан әдейі арнайы топтар құрудамыз. Сөйтіп олардын өздерімізге қажет материалдар аламыз». Үшіншіден, «аңдуды, із кесуді күшейтудеміз, сол жолмен қазақ қызметкерлерінің жұмысын шарасыздық кейіпке түсіру үшін, бірінің «кінәсін» екіншісіне жапқызып, бір-біріне айдап саламыз».

Одан әрі ол қолдап арандатудың тағы бір масқара тәсілі жайында баян етеді: «Біздің саясатымыздың сипатына сай, жемісті операцияларымыздың нәтижесінде, ГПУ желісі бойынша жыл сайын ондаған қазақ кедей шаруаларын өлтіріп жүрміз, — осылай қазақ жарлылары мен орташаларын қазақ қызметкерлерінен алшақтатудамыз». Қанды қол құпия органның қылмыстарын қалай жүзеге асыратынын да жасырмайды, бұл сан айлалы құпия қызмет кісі өлтірушілерді тауып, құрбандығына  астыртын айдап салатын да көрінеді: «Егер өзіміз тікелей өлтірмесек, онда орыс бұзықтары арқылы әрекет етеміз» (316-б.).

Осындай ағынан жарылуынан кейін құпия орган қызметкері Иванов өтініш-мәлімдемесін жазған сәтте немен шұғылданып жүргендерінен хабардар етеді: «Биылғы жылы, (яғни 1926 жылы — Б.Қ.) бұрынғы жылдардағыдай әдетпен, әскерге шақырылғандарды тек қазақ тұрғындарына қарсы әрекетке ғана емес, лауазымды орындарда отырған жауапты қызметкерлерге де қарсы жұмсап жүрміз».  Демек, ұлттық республикалардың басшылары мен беделді қайраткерлерін уыста ұстау үшін қилы арандатушылықпен шұғылдану — Қазақстандағы чекистердің басты кәсібі болған.

Ивановтың құпия хабарына қарағанда, чекистер  қазақ тұрғындары мен лауазымды қызметкерлерге де қарсы айдап салып жүрген әлгі әскерге шақырылғандарды орыс тұрғындары алдында «жылқы ұрлаушы» (конокрад) деп айыптап түсіндіретін көрінеді. Сонда, құпия қызметтің түрлі қитұрқы тәсілмен қиюластыруы нәтижесінде, орыс тұрғындары қазақтың басшы қызметкерлерін ат ұрыларын басқарушылар  іспетті қабылдайтын болады.

Егер олардың мұндай әрекетінің түбі шикілігі сезілер болса, онда күдік туғызбайтын ыңғайлы таптық  жамылғыны бүркене қояды: яғни әрекеттерінің жасандылығын «біреу-міреу байқап қалса, — дейді  чекист Иванов, — бәрін орыс кулактарына, атамандарына, қазақ рубасыларына жаба қоямыз». Өйткені олардың ішінде де сенімді адамдары жетіп артылады: «орыс кулактары мен қазақ рубасылары арасында бізден үлкен ақша алып, қазақ қызметкерлері үстінен бізге қажет елеулі материалдар беріп жүрген агентіміз болып табылатындар жеткілікті, соларды Қазақстан жағдайына орай тиімді басқарып, қазақ жауапты қызметкерлеріне қарсы  пайдалануға тура келеді» (317-б.).

Біздің елімізде «тарихтың қалауымен» ортақ тағдыр кешкен халықтардың «достығы» құбылысы астарында, міне, көрінбейтін қызмет осындай қулық-сұмдықтармен  қалыптастырған жағдай жатыр.

Ал сонау көрінбейтін қызметтің әрекет-қимылдарын көздеген мақсаттарына жету үшін ешқандай да бұрмалаудан тартынбайтын большевиктер, республика партия ұйымын басқарушылар, біздің жағдайда — орталықтың эмиссары Голощекин   қозғалысқа келтіріп отырған. Мұны  автор нақты айғақтармен дәлелдеп, саяси қуғын сүргіндер науқанының екінші толқынында ұсталған алаш қайраткерлерінің репрессиялану тарихын талдай келе, бұлтартпас құжаттар негізінде байыпты қорытынды жасайды.

Отан тарихын білуге құмар қауымға, оқытушылар мен студенттерге  кітаптың берері мол екені анық. Тек оның көпшілікке жетпейтініне, таралымының өте аздығына ғана өкініш білдіруге тура келеді. Керек кітапты жеткілікті мөлшерде шығару да, әрі оны жер-жерге — ауылдарға тасымалдау да күні бүгінге дейін шешімін таппаған мәселе болып тұр.

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы