Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Сейіт Кенжеахметұлы. Халық үшін шам қылған жүрек майы

Дата: 29 января 2011 в 18:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Сейіт Кенжеахметұлы. Халық үшін шам қылған жүрек майы

— Алаш арыстары Ахмет мен Міржақып  туған өлкеде өсіп, өндіңіз, бұл  адамдар туралы бала жастан естіп, білген шығарсыз?

— Мен бұл есімдерді тым ерте естідім. Біздің бала кезімізде ауылдың үлкендері Ахметті, Әлиханды, Міржақыпты бөлмей айтатын. Содан біз ойлайтын едік, бұлар біздің кешегі соғысқа кеткен аталарымыз шығар деп. Менің туған жерімнен Міржақыптың ауылы 25 шақырым ғана...

Есейе келе әлгі адамдардың атын ешкім айтпайтын болды. Әр шаңырақта сақталатын төр шежіреміз болатын. Бертіңде Міржақыптың атын содан да сызып тастады.

Ол тұста арыстардың атын ауызға алуға ел қатты қорықты. Біз оныншы класқа келген  1957 жылдары  мүлде айтылмайтын болды. Мен он жылдықты тәмәмдаған соң  өзім оқыған Торғайдағы орта мектепке мұғалім болып орналастым.

Осы мектептің іргетасын алғаш қалаған Ыбырай Алтынсарин атаң. Ыбырайдың күллі Арқа өңірінен талғап, таңдап Торғайда мектеп ашуының өзіндік себебі бар. Мұнда мектеп ісіне көмектесетін, жаңашыл адамдар болды. Олар — Шақшақ Жәнібектің тұқымдары еді. Ал, Ыбырай осы кісілерге жиен болатын. Бір қызығы алғашында  осы мектеп заманауи сұранысқа байланысты орысша оқытқан. Тұңғыш бітірген  14 баланың аты-жөні белгілі. Артынан осы мектепте Ахмет, Міржақып, Әліби Жангелдиндер оқыпты.

Ұстаздықтың сыртында аудандық көркем  өнерпаздар үйірмесіне аралас-тым және театрдың  режиссері болдым. Бір сөзбен айтқанда, ауыл арасына ерте танылдым. Елдің қазақи танымы, ойлау жүйесі бұзылмаған заман еді-ау. Әсіресе көненің көзіндей есті қарияларға үйірсек болдым.  Олар маған ішкі сырларын айтып, шерін тарқататын. Бір жағынан халықтың басынан өткен әділетсіз оқиғаларды  біле жүрсін дейтін шығар.

Ауылда Ғани деген молда болды. Өзі банктің күзетшісі еді. Күзетші деген аты ғана, қолында қауқар көрсетер таяғы да жоқ. Банктің есігінің алдында үстел сияқты ұзын аласа орындық бар. Соның үстіне шығып алып, Ғайнекең намазын оқиды. Бұл 1961 жылы болатын.

Осы кісі бір күні мені шақырып алып: «Жүр музейге барайық»  деді. Музей Аманкелді Имановтың  бұрынғы штаб үйінде орналасқан, Аманкелдінің мемуарлық музейі-тін. Келдік. Бір суретті көрсетті. Суретке қарасам, адам шошитын үш төбет бейнеленіпті. Аяқтарын жүн басып кеткен, жұлып жеп қоярдай арсылдап тұр. Әйдік шынжырмен байлап қойыпты. Шынжырдың бір ұшы  орыс генералдың қолында тұр. Бұл генерал ақтың офицері Колчак екен.

Құдірет-ау, әлгі үш төбеттің басы кәдуілгі адам. Ақсақал айтты: «Бала, есіңде болсын, мына «үш басқа» жақсылап қарап ал. Бұлар ит емес, қазақтың нағыз ұлылары осылар. Мынау тұрған шашы тақырлау, жанары өткір, қыран қабақты адам — Әлихан Бөкейханов. Ортадағы көзілдірігі бары — Ахмет Байтұрсынов. Ал, мына шетінде тұрған өзіңнің туысың — Міржақып Дулатов» — деді.

- Міржақып сізге жақын жамағайын ба?

— Бір атадан тараймыз, ол кісі «Мадияр», менің руым «Жылқыайдар».  Ата қонысымыз іргелес, бәріміз анауың кім, мынауың кім демейтін бір елдің жамағайындарымыз.

Атамыздың атын  айтуға тыйым салынған заманда ол кісіні  туысым деп ашық айтудың өзі көзсіз ерлікке пара-пар еді-ау. Бірен-саран болса да ондай адамдар болды.

Ауылымызда Қапият деген ағайынымыз бар еді, бір күні сол үйге бардым. Көп суреттерді қарап отырып, шағын суретке көзім түсіп, «Бұл кімдікі» деп сұрадым. «Міржақыптікі» дейді. Япырмау, бұны  ашық ұстап отырғаныңыз қалай, десем, әлгі ағайыным: «Немене, туысымның суретін сақтауға болмай ма?»  десін. Жата жабысып суретті сұрадым. Мен бұны еселеп алайын. Түп нұсқасын өзіңе қайтарам, дедім. Қайтардым да...

Жоғарыдағы оқиғадан кейін Алаш арыстарына қатысты дүниелерге  аса назар аударып, суреттерін, осыларға қатысы бар қағаздарды жасырын жинастыра бастадым. Әрі қолайлы тағы бір мүмкіндік туды.

— Ол қандай мүмкіндік?

— 1961 жылдың күзінде Аманкелді Имановтың мемуарлық  музейінің директоры, атақты ақын Нұрхан Ахметбеков денсаулығына байланысты жұмыстан босап орнына мен директор  болып бардым. Осы музейдің қорында Торғай өңірінің тарихына қатысты дүниелер көп болды. Алаш арыстарына  қатысты  суреттерді тауып алдым. Оны кейін айтам...

Осы музей 1963 жылы жабылды. Музейді жабу үшін Қостанайдан Павливский деген  орыс келді. Ананы-мынаны көріп, керексіз қағаз, дүниелерді  тізімдеп өртейтін болды. Соның ішінде 1947 жылы Ә.Қастеев салып, Қазақстанның Совмині бекіткен Аманкелдінің суреті кететін болды. Қателеспесем  10 мың рубльге бағаланған еді. «Ойбай-ау бұл суреттің тарихи маңызы өте зор дүние еді», десем әлгі орыс тыңдамайды. Қастеев  Аманкелді батырды көрмеген адам, тек білетін адамдардың ауызша  айтуымен салған. Сөйте тұра, айна-қатесіз дәл бейнелеген.

Енді не істейін. Ойлап көрсем, музейдің кілті өзімде, неге ұрлап алып тығып тастамаймын. Қалай десек те өнер туындысы ғой. Содан аудан мәдениетін басқарып отырған Сәмен деген жігітке бардым. Бетті азамат еді. «Сәке, осылай да, осылай ұрлық істейін деп тұрмын», дедім. Ол кісі: «Істе, бірақ маған ақылдасқан жоқсың»  деді.

Қостанайлық орысты үйіме апарып жатқызып, ұйықтаған соң жалғыз  өзім жорыққа аттандым. Алдында ғана музейге ұры-қары кіріп кетпесін деп айналасын биік дуалмен қоршатып, қақпасын үш метрлік қарағай тақтаймен қиуластырып, танкпен итерсе де қирамайтын топса орнатып, құлып салғызып едім. Енді келіп қорлықты осыдан көрейін. Жас кезім емес пе, қақпаға арқан салып өрмелеп шығып, ішке кірдім. Суретті алып шығып, үйге әкеліп тығып тастадым.

Бұл сурет артынан бір кәдеге жарады ма?

— 1970 жылы Торғай облысы ашылып, 1972 жылы алда болатын Аманкелдінің 100 жылдық мерейтойына дайындық басталды. Қайтадан музей ашатын болдық. Өзбекәлі Жәнібеков обкомның хатшысы еді. Осы кісіге барып өткендегі «ұрлығымның» мәнісін айтып бердім. Марқұм өте шешімтал еді, «Қайда, ол сурет жүр кеттік»  деді. Үйге келдік, көрдік. Суретті алатын болды. Және менің өз қолыммен жасаған балаларымның бесігін «музейге қоямын» деп  қоса сұрады. Сол бесік пен сурет күні бүгін Арқалық қаласындағы  дала музейінде тұр.

Сол кезде ел арасында  жасырын болса да арыстарды іздеушілер болды ма?

— Мен 1966 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қостанайға облыстық газетке қызметке ауыстым. Қала маңында Қонай деген ауыл бар екен. Онда ертеде, аштық жылдары ауып келген торғайлықтар тұрады екен. Бәрі менің туыстарым  — «жылқыайдарлар». Араласып мәре-сәре болдық.

Бір күні үйіме жаңағы ауылда тұратын Шалабай деген кісі келді. Қасында әйелі бар. Әңгімелесіп отырып: «Сейіт, біз саған әдейі оңаша келдік» — деді. «Заманның қиын екенін білеміз, қарағым, біз ешкімге айтпаймыз, сенде Міржақыптың суреті бар екен, соны бір көрейік, деп келдік»  деді. «Сіздер Міржақыптың кімі боласыздар?». Әйел адам: «Айналайын! Мен Міржақыптың жақын қарындасымын. Ол кісі ұсталғанда сегіз жаста едім, артына қайырылып қарағаны, киген киімі, жүрісі, тұрысы, дәл қазіргідей көз алдымда тұр», — деп жылады.

Мен айттым: «Жарайды, көрсетейін. Ол кісі жиырма адамның ортасында тұр. Танымайтын шығарсыздар» дедім. Көрсеттім. Көп адамның арасында тұрған ағасын дереу таныды. «Айналайын-ай, ағакем-ай суретіңді көруге зар болдым-ау» деп, көкірегіне басып еңіреді-ай келіп. «Мен бұл суретті сұрамаймын. Бірақ, келіп көріп тұрайын, түбі  көресің Сейіт, осы кісілер ақталады. Сен мұны тегін сақтап отырған жоқсың. Керексіз сурет болса лақтырып жібермейсің бе?»  деді. Осы кісі ақыры ағасының ақталғанын көріп барып дүниеден өтті.

Бұл сурет сіздің қолыңызға қайдан түсіп жүр?

— Бұл суреттің тарихы қызық. 1918 жылдың жазында Ахмет, Міржақып, Райымжан Мәрсеков, Садық Аманжолов тағы бір адам бар бес кісілік делегация Қытайдың Шәуешек қаласына барған.  Сондағы қазақтармен кезіккен. Үрімжіге барып Шыңжаң өлкесінің бастығы Ян Зын Шынның қабылдауында болып,  жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің атынан келісім жасауға әрекеттер жасаған. Сол сапарларында Шәуешек қаласында суретке түсіпті. Ішінде әнші Әсет Найманбаев та бар.

Музейдің директоры қызметін атқарып жүргенімде бұрыш-бұрышта  жиналып қалған, ешкімге керексіз неше түрлі заттар болды. Араб емілесімен тексі жазылған суреттер бар еді. Түбі керек болады-ау дегендерін тыққыштап сақтап жүрдім. Ішінде баяғыдағы өзім көрген «үш төбеттің» суретіне дейін бар еді.

Бірде қорды ақтарыстырып отырып қақ ортасында Ахаң бар, оң жағында Міржақып, сол жағында басына папаха киген, кеудесі көріктей,  бітеу жағалы ақ көйлек киіп, қайыс белбеу буынған, тұлғасы көз сүріндірер, етжеңді адам отырған сурет тауып алдым. Көрген жұрт: «Ойпырым-ай, мына Ахаңның сол жағындағы адам тегін болмады, өзі кім? — деп сұрайды». Мен: «бұл Мәрсеков деген» деймін. Ол кезде Мәрсековті біздің жақ онша біле бермейтін.

Әлгі адамдардың келіп көріп жүргені осы сурет еді.

Біреулер  КГБ-ге айтып қойып басыңыз пәлеге қалған жоқ па?

Қостанайда облыстық газетте  жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Бірде таңертең жұмысқа кіріп келе жатып төменгі қабатта есік көзінде тұрған екі-үш  адамды көрдім. Маған бәрі де тесіліп қарап қалыпты. Бір түрлі секемдендім. Сыр білдірмей жоғары көтеріліп, кабинетіме келдім. Азғана уақыт өткен соң мазасызданып қайта айналып далаға шықсам, әлі тұр екен. Мені көре салып: «Сізде  шаруамыз бар, тоқтаңыз!» деді. Шошып кеттім. Біреуі қалтасынан құжатын суырып алды. КГБ-ның қызметкерлері екен. «Сіз, Кенжеахметов боласыз ғой?» «Иә!». «Коммунист емессіз бе?». «Дәл солай». «Әкеңіз соғыста қаза тапты ғой?».  «Солай болған».

Әлгілер мені ертіп алды. Қонақ үйге келдік. Әңгімені бастады. Сіз, осындай-осындай екенсіз. Бірақ, өзіңіз туралы ешқандай жаман пікір жоқ. Өте еңбекқор адамсыз. Кітаптарыңыз шығыпты. Өлең жазатын көрінесіз. Бірақ, — дейді: «Сізде антипартиялық, халық жауы, қоғамға жат адамдардың суреттері бар екен...»

Ақыр соңында оқты көздерін көкірегіме тіреп тұрып, суреттерді қайдан алғанымды сұрады. Шындықты айттым. «Сол суреттерді бізге беріңіз, қарайық, деді. «Беруге болмайды ғой,» — дедім. Олар айтты: «Бізге беріңіз, ондай суретті сіз сақтауға тиіс емессіз»,  деп  алып кетті.

— Ондай  суреттер сізде бар екенін олар қалай біліпті?

— Мен қарап жүрмей 1918 жылы Торғайда  құрылған совдеп (кеңес билігі) мүшелерінің тізімін КГБ-ден сұратқан едім. Сол совдептің мүшелерінің бірі Әбдірахман қажы артынан кәмпескеге ілініп, жаман атты болған екен. Содан күдік туғызып алғаным. Мен туралы сұрастырған, тексерген. Араб ғаріпін оқитынымды білген. Ақыры суреттер туралы біреу айтқан.

— Артынан сол суреттерді іздеген жоқсыз ба?

— Іздемедім. Шынын айтсам қорықтым.  Кезінде  «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітап жазған, КГБ-ның  полковнигі Серік Шәкібаев деген ағамыз бар еді. Соған барып ақылдастым. Ол айтты: «Сейіт қарағым! Сен сол суреттерден  құтылғаныңа тәубе айт, енді іздеуді доғар», деп кесіп айтты. Содан кейін қойдым.

Мәрсеков, Ахаң, Жақаңдар бірге түскен сурет сол күйі кетті ме?

— Оны бірнеше дана етіп көбейтіп алған едім. Көшірмелері қолымда қалды. Бірнеше жылдың алдында бір газет Мәрсековтың суреті табылды, деп сүйінші сұрады. Ол кісінің суреті 40 жыл менің қолымда болды. Мәрсеков туралы менде керемет материалдар бар.

Одан басқа менің қолымда қуғын-сүргінге ұшыраған 100-дей адамның суреті бар. Басы  Мұхаммед-Салық  Бабажанов, Бекмұхаммедовтерден басталады. Ал, 150 адамның толық өмірдерегі бар. Ә.Бөкейхановтың туған жылын күні бүгінге дейін әркім әртүрлі жазып жүрміз. Өткен жылы менімен ауылдас алматылық  тағы бір дөкей жазушы Әлихан туралы мақала жазды. Туған жылы тағы қате. Әлиханның өз қолымен толтырған өмірбаяны бар емес пе, осыны ешкім ескермейді. Менде осының көшірмесі бар. Ал, Ахаң мен Жақаң туралы жинағандарымның бір өзі екі үлкен папка.

Райымжан Мәрсеков Алаш көсемдерімен үзеңгілес жүрген үлкен тұлға емес пе?

— Мәрсеков үлкен тұлға. Шығыстың қазағы. 1879 жылы туған.  Омбы гимназиясын Айдархан Тұрлыбаев екеуі үздік бітірген. 1897 жылы Петрбордағы Император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Оқу бітірген соң Омбыда он неше жыл қызмет атқарған. 1912 жылы Семейге көшіп келген. Алашорданың нағыз қайраткері. С.Сейфуллин «Алаштың тілі» деп атаған «Сарыарқа» журналын шығарып тұрған.

Семейде құрылған Алаш әскерінің басшысы болған. 1922 жылы бір түнде Қытай асып кеткен. Сонда ағартушылық қызметін атқарып жүріп 1939 жылы ішінде Шәкәрім қажының баласы Зият бар ондаған  оқымысты қазақтармен бірге (бәрі дерлік Кеңес елінен бас сауғалап барғандар) құрбан болған. Осы жақтан арнайы тапсырыс болған деген пікірлер айтылып жүр. Бұл шындықтан алыс емес...

Осы кісінің Жікен деген баласы 1960 жылдары Қытайдан келіп Семейдің  Ақсуат ауданында елеусіз шопан болып жүріп бертінде дүниеден өтіпті.

Қолыңызда Ахмет Бірімжанов туралы деректер бар ма?

— Торғайда екі Ахаң болған. Бірі — Ахмет Байтұрсынов. Екіншісі — Ахмет Бірімжанов. Ол кісі 1870 жылы туған. 1895 жылы  Қазан университетінің  заң факультетін кіші алтын медалмен бітірген. Осы медаль қазір Алматыдағы туыстарының қолында. Бұл кісі атақты Шақшақ Жәнібектің  ұрпағы. 1906 жылдан бастап Ресейдің Мемлекеттік Думасына екі рет депутат болған адам.  1920 жылдың орта шенінде төрт-бес қазақты шетелге оқуға жіберген. Соның бірі — інісі Ғазымбек Бірімжанов Берлинде медициналық жоғары білім алған. 1938 жылы атылып кетті.

— 1921 жылғы Торғайда алапат аштық  болды. Жүсіпбек Аймауытов халықты аман сақтап қалу үшін Семей өңірінен мал жинап, Торғайға жаяу  айдап апарды. Осы оқиға жайлы не білесіз?

— Біздің бала кезімізде Торғайда қылағай қызыл сиырлар болды. Солар-дың тұқымы қазір де бар. Жүдеубастау, тұрқы кішкене, сүті аз мал. Ел айтатын: «Бұлар баяғы аштық жылдары Семей жақтан айдалып келген малдың тұқымы»  дейтін. Ұзын сөздің қысқасы 1920-21 жылдары Торғайда алапат аштық болған. Атақты ақын Әбіқай Нұртазиннің «Тас мешін» деген дастаны бар. Дәл осы аштық туралы жазылған.

Осы тұста Жүсіпбек Аймауытов бас болып М.Дулатов, Қ.Сәтбаевтар Семей өңірінен мыңдаған  мал жинап Торғайға жаяу жалпы айдап келген. Елге тегін таратып берген. Ел қайтті дейсіз ғой, малды дұрыс таратпады деп әлгілердің үстінен арыз жазған. Сөйтіп Аймауытовтың басын сотқа іліктіріп жіберген. Мұны Ахмет Байтұрсынов естіп, беделін салып құтқарып қалған. Сол сотта сөйлеген Жүсіпбектің сөзі бар. Ол: «аштан өліп, қырылып жатқан елдің несібесін жегенше, анамның шуын жегенім артық еді» деп налыған.

— Ахмет пен Міржақып ақталғанын туған елі қуанышпен қабылдады ғой. Сіз осы тарихи оқиғаның ортасында болдыңыз емес пе?

— 1989 жылы 4 наурызда Ахмет Байтұрсыновтың ақталғанына бай-ланысты Торғайда керемет үлкен той өтті. Мен облыстық жазушылар бөлімінің басшысы едім. Ел тайлы-тұяғы қалмай Ахаң туған Ақкөлге жиналды.

Халық өлгені тіріліп келгендей масайрап анасы бір, мынасы бір ел алдына шығып сөз сөйлеп жатты. Бір заманда  көптің арасынан біреу сөз сұрап, қол көтерді. Сөз бердік. Әрине, — деді әлгі адам: «Ахаң ақталды, қуанып жатырмыз. Осы ел айтады, Ахаңның жанында Міржақып деген кісі болған дейді...»  деп, сөз бастап келе жатыр еді, анадай жерде отырған екінші бір адам айғайлап: «Сен тоқта! Ол туралы қазір мен айтып берем»  деп ортаға өзі шықты.

Бұл адамның жасы сол кездің өзінде тоқсанда екен. Ахаңдардың тұсында Кеңес өкіметінің милициясы  болыпты. Байтұрсынов туралы жақсы пікір айтты. Көзін көріпті. Сөзін тыңдапты. Бір заманда: «Жаңа ғана Міржақып туралы сұраған кім» деді. Шетте отырған жасамыстау жігіт тұрып: «Мен» деді. Ол — деді, әлгі қарт: «Барып тұрған жауыз, қанішер болған. Егер ол ақталса мен Горбачевке дейін арыз жазам. Ол Аманкелдіні өлтірген» демесі бар ма.

Райкомның бірінші хатшысы Жақан Қосабаев: «Міне, енді пәле басталды,  халық екіге бөлініп тартысады, сіз шығып сөйлеңіз», деді шарасызданып. Мен дәл осыған дайын емес едім. Шықтым. Сөзді Сұлтанмахмұт Тор­айғыровтың  арыстарға арнаған өлеңі­мен бастадым:

«Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейханов,

Бірі — күн, бірі — жұлдыз, бірі — айым,

Кешегі қара күні осылар ғой,

Халық үшін шам қылған жүрек майын...

Ау, халайық! «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды», деген. Ахмет айың болса, Міржақып күнің емес пе еді. Қара басының қамы үшін емес, халқының болашағы үшін құрбан болған жоқ па?» деп жүріп дауды әзер бастық.

— Міржақып атамыздың  Ресейден сүйегін әкеліп туған жеріне қайта жерлеген  оқиғаның ішінде болдыңыз ғой?

- Негізінен бастаманы қолдаған, сүйекті әкелуге күш, көлікпен көмектескен сол кездегі Торғай ауданының әкімі Жақан  Қосабаев еді. Ол кісі де  марқұм болып кетті.

Жангелдин ауданындағы Торғай совхозының орталығынан шамамен 100 шақырымдай қашықтықта, Секе өзенінің бойында, Қызбел тауының сыртында «Бидайық» деген совхоз болды. Осы совхоздың атын Жақаң ақталғаннан соң «Міржақып Дулатов» деп өзгерткен  еді. Осыған байланысты Міржақыптың музейі ашылды. Егін шаруашылығы дамыған бай совхоз.

Алматыдан Жақаңның қызы Гүлнәр апай келді. Көпшілік ақылдасып Жақаңды осы совхозға жерлеуді ұйғарды. Дәл енді сүйекті арулағанға кіріскен жоқпын. Мүрдені текеметке салып арулап атқарғандардың бірі мадияр Жұмабай деген кісі еді. Бұл адам Жақаңның жақын туысы, әрі Міржақып түсіп аттанатын үлкен шаңырақтың иесі болған адам. 1937 жылы халық жауы атанып сотталып, көп жыл айдауда болып келген. Өмірден көрмегені жоқ, нағыз тектінің тұқымы еді. Осы кісі маған айтты: «Құдайдың құдіреті-ай, марқұмның шашы қап-қара күйінде ешбір дақ түспепті»  деді.

Осылай жерленді, артынан әдемі кесене салынды. Оның қарсы алдында музей бой көтерді. Екеуі де қазір қатар тұр. Бірақ осыған баратын адам жоқ. Бұрынғы 200 шаңырақтан 10-15 ғана түтін қалған. Басқалары көшіп кеткен. Міне, көрдіңіз бе, марқұмның музейі иен далада қалып қойды.

Үш-төрт жылдың алдында заманның қиын кезінде жерге көміліп сақталған кітаптарды тауып алғаныңыз жөнінде теледидардан хабар таратылды. Оқиға қалай болып еді?

— Бала кезімізде Торғай жерінде өте керемет тақуа, оқымысты адамдар болды. Олар: Тәшкент, Бұқара, Ғалия медіресесінен білім алған адамдар болатын.  Соның бірі — ақын Ғафу Қайырбековтың әкесі еді. Және осы кісінің Ғалия медіресесін бітірген куәлігі сақталған. Қазір де бар.

Айтайын дегенім Торғайда Арыстан-бек деген молда болды. Қуғын-сүргінді қатты көріп, көзге ілінбеу үшін қарапайым сиыршы болып өмірден өтті. Тақуалығы соншалық жыл он екі ай күн аралатып ораза ұстайтын. Осыдан 25 жыл бұрын қайтыс болды. Өлерінде ұрпақтарына өсиет айтыпты, менің кітаптарымды біреу сұраса беріңдер. Ешкім сұрамаса зиратымның басына апарып бірге көміңдер, деп тапсырыпты.  Сол кезде алыста жүріп мен естімей қалдым.

Арада бес жыл өткен соң барып мұрагерлерінен кітапты қазып алуды өтіндім. Қабыл алмады. Он жылдан кейін тағы бір айттым, болмады. Он бес жыл өткен соң тағы айттым, көнбеді. Содан қойғам.

Жиырма екінші жыл дегенде Торғайда бір адам қайтыс болып, соған барып жүргенде молданың туыстарымен жолығып қалдым. Көзі қарақты адамдар болатын. Содан ұзын сөздің қысқасы кітапты қазып алатын болдық. Молданың қызы бар екен. Ол келісімін берді. Қаздық. Бұрын шайдың қорабына салып ретсіз көме салған екен. Көбі шіріп кетіпті. Соның өзінде оқуға жарайтын отыздай кітап шықты.

Қандай кітаптар бар екен?

— Басқасын айтпағанда Араб филосо-фиясының үш томдығы. Әр қайсысы мың беттік, араб грамматикасының бірнеше томы шықты. Басқасы діни кітаптар. Қолдануға жарамсыздарын қайта көміп кеттік.

Қолыма түскенін Отырар кітап-ханасына алып келдім. Бірақ, кітап беттерін қозғамай оқысаң тұрады, қол тигізсең үгітіліп түсіп қалады. Күн көзіне шыққан соң сөйтіп кетті. Өңдеп, жөндейсіздер ме, деп қолымда қалғанын Ұлттық акедемиялық кітапханаға алып бардым. Олар жөндей алмайды екен, әрі сақтауға да мүмкіндігі жоқ. Өйткені, бұл кітаптардың ауруы басқа кітаптарға жұғуы мүмкін.

— Кітаптар қазір қайда?

— Үйімде сақтап отырмын.

— Бұл кітаптармен танысқан ғалымдар болды ма?

— Египеттен оқу бітірген Қадыр деген жігіт менімен бірге жұмыс істеді. Оқып, зерттеп жүр еді, ол бала да қайтыс болып кетті. Кітаптар Мысырда, Иранда басылған екен. Және кітаптың иесі Арыстанбек молда өзі оқып,  тұсына белгілер қойып отырыпты. Бір құранның ішінен молданың сия қарындашы шықты. Менде сақтаулы тұр.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

«namys.kz» сайты

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы