Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Динара Мыңжасарқызы. Қазақстанда суицидтің көбеюіне не себеп?..

Дата: 29 января 2011 в 19:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Динара Мыңжасарқызы. Қазақстанда суицидтің көбеюіне не себеп?..

2010 жылы 237 рет өзiне қол жұмсау әрекетi тiркелдi

Бұрын-соңды «жасөспiрiмдер өзiн-өзi өлтiрiптi» деген суық хабарды құлағымыз шалмайтын едi. Неге екенi белгiсiз, соңғы жылдары «Пәленшенiң баласы асылып өлiптi, Түгеншенiң қызы өзiне қол жұмсапты» деген сарындағы өне бойыңды тiтiркендiретiн азалы хабарға жұрттың құлағы да үйрене бастаған. Әсiресе кейiнгi екi-үш жылдың iшiнде жасөспiрiмдердiң өзiн өлiмге қию деректерiнiң шамадан тыс көбейiп кеткендiгi жүрек шошытады.

Суицидке бой алдыру оқиғалары бұрын да болған шығар. Бiрақ былтырғы жылдың соңына таман мұндай қайғылы жағдайдың жиi тiркелгенi белгiлi. Қазан айының басында Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында 9-сыныптың екi бiрдей оқушысының өз үйiнiң шатырында асылып тұрған жерiнен табылуы қоғамды ауыр ойға түсiрдi. Қыршынынан қиылған жасөспiрiмдердiң өлiмiне себеп болған не нәрсе?
Мiне, Тұздыбастау ауылынан тараған осынау бiр жантүршiгерлiк оқиғадан соң мұндай фактiлер көбейiп кеткендей ме, қалай? Күн сайын ақпарат құралдары жаңалықты тiкелей осы iспеттес оқиғалардан бастайтын болды. Өзiн-өзi өлiмге итермелеу жағдайы белең алып бара жатқан қоғамда «баламды қалай қорғаймын» деп басын қатырып жүрген ата-ана да тығырыққа тiрелдi. Уайымы үдей түсiп, түнгi ұйқысы шырт бөлiндi. Ендi не iстемек? Баланы қалай тәрбиелемек керек? Құрсағын жарып шыққан баласының өмiрiн сақтап қалуды ойлайтын кез келген ата-ананы алаңдатқан сауалдың жауабы бұлыңғыр.
Десек те әр түйткiлдiң бiр шешiмi бар. Себепсiз салдар болмайды. Нелiктен қоғамда балалардың өзiне-өзi қол жұмсау оқиғалары жиiлеп кеттi? Әлде батыстанып бара жатқан жастар мен жасөспiрiмдердiң тәрбиесiн уысымыздан шығарып алдық па? Бәлкiм, «баланың бетiнен қақпай өсiру керек» деген кейбiр ұлттың бiзге жат тұрмыс-салтын бойымызға сiңiрдiк пе? Мүмкiн дәстүр сабақтастығы үзiлген, адамдары азғындаған қоғамның iштей iруi осыған әкелiп соқты ма? Сансыз сауал сананы сан-саққа жүгiртедi.
Суицид дегенiмiз — адамның саналы түрде өз-өзiне қол жұмсауы. Психология iлiмiнде оның ашық, белсендi және жасырын сияқты үш түрi бар. Өкiнiшке қарай, қазiргi қоғамда жасөспiрiмдер арасында суицидтiң барлық түрi көбейiп кеттi. Бiрақ осыны телеарнадан күнделiктi айқайлатып айту былай тұрсын, адамның мүрдесiн анық көрсету дұрыс па? Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн теледидарға телмiретiнiн ескерсек, бұл жасөспiрiмдердiң санасына селкеу салмай ма? Тiптi мұны күйбең өмiрдiң кәдуiлгi жаңалығы ретiнде қабылдайтын дәрежеге жеттiк десек өтiрiк емес.
Кез келген пенденi бей-жай қалдырмауы тиiс қайғылы оқиғалар жайында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке депутаттық сауал жолдаған Мәжiлiс депутаты Жарасбай Сүлейменов бiраз сұмдықтың бетiн ашты. Ол отбасының ғана емес, бүкiл халықты ойландыруы тиiс суицид оқиғаларының жыл санап арта түсуiн қолда бар деректермен тәптiштей жеткiздi. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiне сенсек, Қазақстан әлемдегi ең көп суицидтiк жағдайлар тiркелген ел ретiнде үшiншi орынға шыққан көрiнедi. Яғни бұл елiмiзде жыл сайын өз еркiмен өлiмге бас тiгушiлер қатарының артып жатқанын аңғартады. Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылы 260 жасөспiрiм өзiне-өзi қол жұмсап, өмiрмен қош айтысса, 2010 жылы осындай 237 оқиға тiркелген. Ата-анасының қабырғасын қайыстырып кете барған балалардың қайғылы өлiмi көбiнесе Шығыс Қазақстан облысында орын алған. Осы өңiрде былтыр 30 шақты жасөспiрiм өмiрдiң базарынан ерте қол үзген. Алайда, бұл көрсеткiш денсаулық сақтау саласы мамандарының ақпаратымен мүлде сәйкес емес. Шығыс Қазақстан облыстық салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы: «2009 жылы Шығыс Қазақстанда 34 жасөспiрiм өз-өзiне қол жұмсаса, 46-сы осыған әрекет жасаған. Ал былтыр 60 жасөспiрiм ажал құшса, 73 жеткiншек өзiн-өзi өлтiргiсi келген. Демек суицид көрсеткiшi жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр» дегендi ашып айтады.
Бiр айта кетерлiгi, мұндай деректер елiмiздiң барлық өңiрiнде тiркелуде. Былтыр Алматы облысында — 22, Қарағанды облысында — 21, Ақмола облысында — 18, Жамбыл облысында — 16, Оңтүстiк Қазақстан облысында — 19 суицидтiк әрекет жасалған. Соңғы үш жылда Солтүстiк Қазақстан облысында өз-өзiне қол жұмсау көрсеткiшi екi есе өскен. Бұл — осыншама ата-ана қара жамылып, ботасынан айрылған бозiнгендей еңiреп қалды деген сөз.
Жарасбай Сүлейменов мырза: «Дүниенiң ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы, неше түрлi компьютерлiк ойындар жастардың арасында суицидтiң көбеюiне ықпал етедi. Жасөспiрiмдердiң өз-өзiне қол салуына көбiнесе айтылған сынды дұрыс қабылдамауы, қиындықтарға төзбеуi себеп болуда» деп қоғамның назарын аударуға әрi мәселенiң байыбына үңiлуге шақырды.
Айта кету керек, әскерге азаматтық борышын өтеуге аттанған азаматтардың iшiнде де әлiмжеттiкке төзе алмай өз-өзiне қол жұмсайтындар көп. Соңғы екi-үш жылда арыстай ұлдардың туған жерiне табытпен оралу оқиғалары жиiлеп кеткен. 2009 жылы 97 өзiн-өзi өлтiру фактiсi тiркелгендiгi туралы мәлiмет бар. Қайғылы оқиғаның көбейiп кеткендiгiн жоққа шығармайтын Қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков: «Сарбаздарға қол жұмсау, әлiмжеттiлiкке тосқауыл қоюда жүйелi әрi пәрмендi шаралар жүргiзiлсе де нәтижесi байқалмай отыр», — дейдi алаңдаушылық бiлдiрiп. Бұл да ойланатын жайт.
«Мектеп оқушылары арасында суицид неге көбейiп кеттi?» деген сауалға мамандар әртүрлi жауап қатады. Бiрiншiден, ауылды жерлерде жастардың бос уақытын өткiзетiн бұрынғы клубтар мен спорттық орталықтар жетiспейдi. Содан кейiн жағымсыз әрекетке барып, бiрте-бiрте қылмыс жасауды үйренедi. Мұның соңы зұлымдыққа, қатыгездiкке итермелейтiнi айдан анық. Екiншiден, суицид көрсеткiшiнiң көбеюiне елдегi дағдарыстың да салқыны тигенге ұқсайды. Қаншама отбасының асыраушысы жұмыстан қысқарып, күнделiктi нәпақасынан айырылды. Бұл да отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде өмiрдiң ақ-қарасын жаңадан танып келетiн жасөспiрiм тәрбиесiне ауыр тиетiнi сөзсiз.
Суицид — қоғамға төнген қауiп. Онымен ел болып, халық болып күрес жүргiзу керек! Ол үшiн жұмысты неден бастау қажет? Жапония өткен жылы азаматтардың өз-өзiне қол салуымен күресу, алдын алу үшiн бюджеттен 32 миллиард доллар қаржы жұмсапты. Ал бiзде ше? Мәселенiң әбден шарықтау шегiне жеткен кезде ғана аттандап жатқанымыз қалай? Әрине бүгiнде бiлiм ұяларында мектеп инспекторы да, психолог та жұмыс iстейдi. Десек те баланың iшкi жан-дүниесiне үңiлiп, етене жақын қарым-қатынас орнатып, тiл табысатын психологтар кемде-кем екенiн мойындау керек. Тiптi бiзде психологқа деген сұраныс та, қолдау да жоқ. Бiр мектепте кемiнде 1500 бала бiлiм алса, бiр психолог қайсыбiрiне жетедi?
Бiз жасөспiрiмдердiң суицидке жиi бару себебiн психология ғылымының профессоры Күләш Оразбековадан сұраған едiк. Психолог-маман бұл мәселенiң өршiп кетуiн әрiден бастады.
— Алла Тағала жақсы мен жаманды қатар жаратса да, жаманнан жиренiп, жақсыға жақын болуға ұмтылу үшiн жол сiлтедi. Бiрақ жастардың арасында өнеге жоғалып кеттi. Тәрбиенiң негiзi — өнеге. Суицидтiң көбейiп кетуiнiң өзiндiк себебi — осы. Бiрiншiден, отбасындағы тәрбие нашарлап кеттi. Демографияға үлес қосып, көп баланы өмiрге әкелiп жатқандар бар. Алайда оларды асырай алмай, дұрыс киiм кигiзе алмай, тiптi дұрыс тамақ iшкiзбейтiн отбасы көп. Сосын ол бала өзiн мектептегi құрбысынан төмен сезiнедi. Намыс — балалардың бойында туғаннан болады. Кейде баланың мазаққа шыдай алмай өз-өзiне қол жұмсап жатуы сондықтан. Екiншiден, тағдырдың жазуымен баланы некесiз дүниеге әкелетiн аналар бар. Ол екiқабат болған күннен бастап, өзiн тастап кеткен жiгiттi де, iштегi шаранасын да қарғап-сiлейдi. Мiне, осындай ананың құрсағында жатқан нәрестеде қандай тәлiм-тәрбие бар? Ол бала туғаннан бақытсыздыққа ұшырайды. Оның психикасында ауытқу пайда болады. Бiле бiлсек, қазақта бала көтерген келiндi түн әлетi жалғыз далаға шығармаған. Оған түрi қорқынышты адамды көрсетпеген. Өйткенi оның бәрi iштегi балаға зиян деп бiлдi. Қазiр бәрi керiсiнше.
Үшiншiден, қазiр балалар неше түрлi фильмдердi көредi. Бiрде Америкаға барған сапарымда телеарнада бiздегiдей зұлымдық сарындағы кинолардың берiлмейтiнiне куә болдым. Атыс-шабыс, қырып-жоюды насихаттайтын фильмдi көрген бала соны iстегiсi келедi, елiктейдi, суық қаруға үйiр болады. Қысқасы, соның бәрiн өз басынан өткеруге бел буады. Төртiншiден, мектепке қымбат телефонның түрiн ұстайтын оқушылар көп. Оған әлеуметтiк тұрмысы төмен отбасының баласы қызығып: «Менде мұндай телефон неге болмайды? Әке-шешем неге сатып әпермейдi?«-деп ызаланады. Бұл мектепте бiрыңғай тәртiп пен талаптың жоқтығынан болып отыр. Тәртiптiң жоқтығы соншалық, кейбiр жоғары сынып оқушылары үзiлiс кезiнде сыра iшiп отырады.
— Қазiр мұндай оқиғалардың күн санап көбейiп кеткенiн естiп те жүрмiз. Бiрақ та осыны телеарнадан ашықтан-ашық көрсетудiң қажеттiлiгi бар ма? Бұл баланың психикасына әсер етпей ме?
— Тағы айтам, баяғыда бiр қыз екiқабат болып қалса, соны жабық хат арқылы бүкiл республика бойынша талқылайтын. Бiрақ оны телеарнадан, радиодан жарияламайтын едi. Ал қазiр экраннан өлiп жатқан адамның бет-бейнесiн ашық көрсетедi. Мұны көрiп өскен баланың ертеңгi күнi дәл соны қайталамауына кiм кепiл? Менiңше, адам өлтiрiп, зорлап кеткен суық ақпаратты теледидардан көрсетуге болмайды. Тыйым салу керек. Жақында балабақшада эксперимент жүргiздiм. Балаларға: «Бiз отбасы ойынын ойнаймыз. Сендер болашақта кiммен бiр үйде тұрғыларың келедi? Соның қолын тез арада ұстаңдар» дедiм. Бәрi әп-сәтте қол ұстасып тұра қалды. Тек Гауһар атты қыз ғана басы салбырап, оқшауланып тұр. «Гауһар, саған не болды?» десем, «Мен ешқашан тұрмысқа шықпаймын. Менiң мамам тұрмысқа шыққан жоқ. Оның қолында сақинасы жоқ» — деп жылап жiбердi. Көрдiңiз бе, кiшкентай қыздың өзi анасының тұрмысқа шықпағанын бiледi. Ал бiз «Ой, ол бала ғой» деп мән бермеймiз. Шын мәнiнде олар бәрiн iштей сезедi, күйзеледi.

Толқын Жақаева, №13 көпсалалы гимназияның мұғалiмi:
— Бiреу тәрбие жұмысы дұрыс жүргiзiлмейдi деп, мектептi кiнәлайды, ендi бiреу баланың араласатын ортасынан көредi. Кейбiрi бар себептi ата-ананың өзiне жабады. Ал қырық жылдан берi балалармен етене қарым-қатынаста жүрген ұстаз ретiнде айтсам, егер тәрбие жұмысы дұрыс жүргiзiлмесе, нелiктен бұл iндет бiр ғана облыстан, ауданнан шықпайды? Өкiнiштiсi, өз-өзiне қол жұмсау деректерi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен шығып жатыр ғой. Алла тағала сақтасын, бұл жасөспiрiмдер арасына келген нәубеттiң бiр түрi сияқты. Қазiр осы жөнiнде психологтар да көп жұмыс iстеуде. Тәрбие сағатында балалардың көзқарасын, ойын бiлуге тырысамын. Бұл мәселенi халық болып шешу қажет. Депутаттар да көтерiп жатыр. Бәлкiм, Денсаулық сақтау, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң алдына мәселе қойып, себептерi мен салдарын жоюдың жолын қарастыру керек шығар. Сосын бүгiнде телеарнада өмiрiн қиған балалардың бейнесiн көрсетiп, баспасөзде суретiн беру дұрыс емес. Ол әсiресе жүйкесi жұқарып жүрген баланың санасына керi әсер етедi. Бұрын мұндай оқиғалар iшiнара кездескенмен, оны дабыра айтпайтын едi. Ал қазiр суицид жаппай iндетке айналып бара ма деп қорқамын.

Рая Хариқызы, Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназияның директоры:
— Бұл мәселе елiмiздi алаңдатып отыр. Соған байланысты оқушылар арасында тәрбие жұмыстарын жандандыруды қолға алдық. Педагогикалық кеңесте жасөспiрiмдердiң өз-өзiне қол жұмсауы оқиғаларын талқылап, себебiн анықтауға тырыстық. Қазiр бұл бағытта тәрбие жұмысы жан-жақты жүргiзiлуде. Қалалық, аудандық бiлiм беру басқармасы, бөлiмi тарапынан оқушылар арасында анонимдi анкеталық сұрауға жауап алынды. Оның қорытындысы бойынша мiнезi тұйық, ешкiммен араласпайтын балалардың суицидке бейiм болатындығын бiлдiк. Мұндай балалар өзiн жалғыз сезiнiп, ата-анасының жақсы көрмейтiндiгiн жазған екен. Ал бiздiң мектепте әлiмжеттiк жасап, ақша бопсалау деректерi жоқ екендiгi анықталды. Оқушының бос уақытын зая кетiрмеуi үшiн қоғамдық жұмыстарға тартып жатырмыз. Әуезов ауданының құқық қорғау мамандары бiрнеше рет келiп, балалармен кездесiп, түсiндiру жұмысын өткiздi.

Гүлмира, ата-ана:
— Әрине балаларым үшiн қатты уайымдаймын. Екi ұл, екi қызым бар. Бәрi де мектепте оқиды. Таңертең сабаққа кетсе, келгенше тағат таппаймын. Жасөспiрiмдер арасында өзiн-өзi өлтiру оқиғасы тiркелгенiн естiген сайын, жүрегiм тас төбеме шығады. Бойыңды қорқыныш билейдi. Сондықтан да балаларымның неге мұқтаж екендiгiн бiлу үшiн жақынырақ сөйлесуге тырысамын. Кез келген ата-ана баласының тiлiн тауып, тең дәрежеде қарым-қатынас жасауы тиiс. Олар да ақымақ емес. Қоғамда не болып жатқанын бiлiп, көрiп жүр.
Тәрбие — тал бесiк. Отбасында ата-әже институтынан тәлiм алған баланың қылығы да, мiнез-құлқы да ерекше. Оның бойынан iзгiлiк пен iзеттiлiктiң, сыпайылық пен инабаттылықтың иiсi аңқып тұрады.
Қасиеттi Құранда: «Өздерiңе өздерiң қол жұмсамаңдар!» (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сiздердi бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейiрiмдi» делiнген («Ниса» сүресi, 29-аят). Демек адамның өз-өзiне қол жұмсауы — үлкен күнә. Ал жастар мен жасөспiрiмдер өз-өзiне қол жұмсауға неге үйiр болып кеттi? Қоғамды да, ата-ананы да алаңдатып отырған — осы.

«Түркістан» газеті

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы