Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Тәшенев тағылымы

Дата: 01 февраля 2011 в 14:10

Тәшенев тағылымы

Өткен ғасырдың 60-жылдарында, байтақ елдiң бейбiт өмiрi кезiнде Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Ж.Тәшенев жалғыз өзi Орталықтың қыспағына төтеп берiп, Сарыарқаның бес облысының аумағын Ресейге бергiзуден аман сақтап қалды. Ж.Тәшеневтiң арқасында Қазақстанның құрамында қалған жер мөлшерi 565,4 мың шаршы шақырым немесе қазiргi Қазақстан Республикасы аумағының бестен бiр бөлiгi. Егер сол кезде Жұмабек Ахметұлы Орталықтың айтқанынан шықпай, көршi республикаға аталған бес облысты бере салғанда, Ресей Федерациясының құрамына қарапайым есеппен 3,7 миллион адам (1999 жылғы халық санағы бойынша) кетiп қалар едi. Ал бұған Түрiкменстанға кеткелi тұрған кендi Маңғышлақты, Оңтүстiк Қазақстанның Өзбекстанға тағы да бергiзгелi тұрған үш ауданын Тәшенев бергiзбей, Қазақстанның құрамында сақтап қалдырғанын қоссаңыз, онда Жұмекеңнiң бүгiнгi тәуелсiз Қазақстан Республикасы тарихындағы рөлiне қазiргi ұрпақ лайықты бағасын беруi тиiс.
Ал егер Солтүстiк Қазақстанның бес облысының сақталуын бүгiнгi тәуелсiз елiмiздiң әлеу­меттiк-экономикалық даму сатысына сараптап қарайтын болсақ, Жұмекең жасаған ерлiк пен қайсарлықтың мәнi мен маңызын ештеңемен салыстыру және өлшеу мүмкiн емес! Соның нәтижесiнде қазiргi Қазақстан Солтүстiк Америка (АҚШ пен Канаданың солтүстiгi), Еуропада (Франция, Украина және Ресейдiң оңтүстiгi), оңтүстiк жарты шар (әсiресе Аргентина және Австралия) қосқандағы бүкiл әлемдiк жетекшi астықты алқап атанып, жоғары сапалы астықты дақылдарды мол өндiретiн мемлекетке айналды.
Жұмекеңнiң ұлттың беткеұстар мәдениет және әдебиет қайраткерлерiне Алматының төрiндегi жаңа үйден пәтерлер бергiзiп, оны «Қазақ ауылы» атандырғанын, (өзiмiздiң пысықайлардың Мәскеуге жiберген «домалақ арызында Тәшеневтi «ұлтшылдықты көздеушi» деген), «Қазақ әдебиетi» мен сол кездегi «Социалистiк Қазақстан» газеттерiн аударма басылым болудан сақтап қалғанын оқырман қауым жақсы бiлер деймiз. Жалпы, Ж.Тәшеневтiң бойында ерекше бiр қасиет бар. Бұл — Атамекен мәселесiне тиiстi өткiр проблемалардан қашқақтамау, қайта соған бел шешiп кiрiсу, соның оң шешiмiн табу. Егер кеңес үкiметi кезiнде қалыптасқан қатаң партиялық тәртiп пен интернационалдық мәселелердi алға тартатын болсақ, Жұмекеңнiң осындай батылдығы мен өжеттiгi ерте ме, кеш пе өзiне қарсы қолданылатын сол кездегi саяси жүйенiң шоқпары болатынын ол бiлмедi емес, бiлдi. Соған қарамастан Жұмекең саяси жүйемен емес, сол кезде қалыптасып, күш алып бара жатқан шовинизммен күрестi, сол үшiн партияның «Кеңес Одағында барлық ұлттар мен ұлыстар тең құқылы» деген қағидасын Мәскеу шенеунiктерiне қарсы қолданды, өз ұлтының есесiн ешкiмге де жiбермеуге тырысты. Осы тұрғыда Жұмекең таққа жармасқан масап қуған шенеунiк емес, қайта өз елi мен жер мәселесiнде намысты қолдан бермейтiн, қажет болса, сол үшiн жоғары лауазымды қызметтi қиып кетуге әзiр тұрған нар тұлғалы азамат едi. Шындығында солай болды да. Шiркiн, осындай қасиет қазiргi тәуелсiздiк алған шағымызда жоғары лауазымды, таққа жабысып қалған қазақ шенеунiктерiнде жетiспейтiнi тiптi өкiнiштi-ақ! Шынтуайтына келсек, Тәуелсiздiк тұғыры әрбiр басшыдан зор ыждағаттылықты, өз ұлтына қамқоршы болуды қажет ететiн жауапты мемлекеттiк iс. Өкiнiштiсi, осындай қайраткерлердiң саусақпен саналатыны, олардың өз бойларында ұлттық намыс пен ұлттық мәселелерге немқұрайды қарауы қазақ ұлты үшiн қауiптi үрдiске айналып бара жатыр.
Жұмабек Тәшенев өмiр кешкен кезеңнiң ерекшелiгi — ол қызмет жасаған жылдардың жеке бiр адамның ғана емес, бүкiл халықтың басына түскен идеологиялық зобалаң, партиялық демократияны бүркемелеп, астыртын жасалынған империялық пиғылдың шектен шыққан шырқауы едi. Жұмекең ғұмыр кешкен дәуiр ұлы Абайдың кезiндегiдей; «Николай құлап өлген соң... «азабын тағы да тартқызған» тектiнi тұқыртқан, жарыместiлердi құтыртқан қазақ даласындағы құбылыстар мен өзгерiстердiң қазақ үшiн жағымсыз көрiнiсi болатын. Өкiнiштiсi, қазақтың басына түскен осындай зобалаңдар қай кез болсын қайталанып отыратыны. Сонда ойға келетiнi, өмiрдiң небiр қиын-қыстау кезеңдерiн тарих тек қана бiздiң ұлттың пешенесiне жазып қойған ба екен деген заңды сұрақ туындайды.
Жұмабек Тәшеневтiң билiкке келуiнiң өзiнде де заңдылық бар. Соғыстан кейiнгi ауыр кезеңдi баршамыз тарихтан жақсы бiлемiз. Сол кез Жұмекең замандастары алдында Кеңес үкiметiнiң Алаш арыстарын репрессияға ұшыратуы санадан да, көзден де ғайып бола қоймаған тұс едi. Алаштықтардың орындалмаған армандары сол кездегi ұрпаққа аманат етiп қалдырылғандай көрiнетiн. Сол себептi болар, соғыстан кейiнгi қазақ ұл-қыздары бiлiм алуға жан салды, сол үшiн қолдағы мүмкiндiктi барынша пайдалануға тырысты. Жұмабек Тәшенев те бұл үрдiстен шет қалмады. Кезiнде Ресейдiң Воронеж қаласындағы институтты тәмамдаған Жұмекең экономист мамандығын алып елге оралды. Жұмекең қай салада iстемесiн, әрқашан жұмыста өзiне де, өзгеге де қатаң талап қоя бiлдi, тапсырманы мүлтiкiсiз орындау Тәшенев үшiн аксиома болатын. Ең бастысы, адамдарға сене бiлу, олардың күш-қуатын толық пайдаға асыра бiлу Жұмекең үшiн өмiрлiк кредоға айналды.
1952 жылы Ж.Тәшенев Ақтөбе облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығына сайланды. Мұндай жауапты қызметке Жұмекең тас-түйiн дайын едi. Лауазымды қызметтiң түрлi сатыларынан сүрiнбей өткен Ж.Тәшенев ендi ешкiмге жалтақтамай, өмiрден жиған-терген тәжiрибесiн қолдануға және қандай да бiр күрделi мәселелердi жүзеге асыруға мүмкiндiк алды.
Соның мысалы ретiнде Ақтөбе облысында Ж.Тәшенев жетекшiлiк еткен жылдары қара металлургия, химиялық, тамақ және жеңiл өнеркәсiптер қарыштап дамыды. Республикада жасалынған терi және аң терiсiнен жасалған сыртқы киiмдердiң жартысынан астамы Ақтөбе кәсiпорындарының үлесiне тидi. Жылдан-жылға ет және ет өнiмдерiн өндiру арта түстi. Өнеркәсiптiң жалпы өнiмi 3 есеге, күрделi қаржы бөлу 2,4 миллиард соммаға жеттi.
1955 жылы Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағасына сайланды. Мұндай лауазымға жетудiң өзiндiк себебi бар едi. 1955 жылдың басында Н.Хрущев пен П.Булганин бастаған Кеңес үкiметiнiң делегациясы Үндiстанға бара жатқан сапарында Ақтөбеде аялдады. Ол кезде Мәскеуден Шығысқа қарай ұшатын барлық ұшақтар Ақтөбеге қонып, жанармай құйып алатын. Мемлекет делегациясы тоқтаған аз уақыттың iшiнде обкомның бiрiншi хатшысы Ж.Тәшенев қонақтарға сый көрсетiп қоймай, облыстың барлық жетiстiктерiмен таныстырып үлгердi. Ферроқорытпа зауытына апарып, ауылшаруашылық озаттарымен кездестiрiп, үлкен iскерлiк танытты. Сол жолы елдiң екi бiрiншi басшылары Ақтөбе облысының бiлгiр экономист, жас бiрiншi хатшысының iскерлiгiне, бiлiмдiлiгiне, тап­қырлығына, халық арасында асқан беделiне тәнтi болды. Әрi Кремльге сол кезде өздерiнiң ықпалынан шықпайтын бiлгiр басшы таңдау керек едi. Орталық басшыларының ойламаған жерден Тәшеневпен кездесуi осы мәселенiң түйiнiн шешкендей болды.
Тағы бiр айта кететiн жағдай, 1953 жылғы қыркүйек пленумының алдында Орталық партия комитетiнде өткен Бүкiлодақтық партиялық кеңесте Ж.Тәшеневтiң сөйлеген сөзi Хрущевке қатты әсер еткен едi. Кейiннен Н.Хрущев Жұмекеңнiң сол кеңестегi сөзiнiң мазмұнды жерле­рiн 1953 жылдың Орталық партия комитетiнiң қыркүйек пленумындағы баяндамасына қосқаны да мәлiм. Осындай жағымды әсердiң себебi болар, Мәскеудiң ықпалымен Жұмекең­нiң республика басшылығына келу дәуiрi басталды.
Әдетте жоғары лауазымды жұмысқа келген кейбiр шенеунiктер ондай қызметте тыныш отырып, жан баққанды ұнатады. Сөйтiп, ол орында неғұрлым ұзақ отыруға тырысады. Мұндай жаңсақ пiкiр Жұмекеңнiң бүкiл болмысына жат едi. Әрбiр Одақтас республикалар Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағалары бiрден КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумы төрағасының орынбасары болып саналатын. Және кезек бойынша Мәскеуге барып төраға мiндетiн атқарып отыратын. Жұмекең Мәскеуге келген сайын бiршама шаруаларды тындыруға мүмкiндiк алды. Ол ең әуелi Бауыржан Момышұлына және Рахымжан Қошқарбаевтарға Кеңес Одағының батыры атағын алып берудi қолға алды. Бiрде Мәскеуге барған кезектi сапарында Ж.Тәшенев Бауыржан ағамызға сол атақты алып беру үшiн қабылдауға маршал Коневтi шақырады. Жай шақырмай, оны ресми қабылдап, ресми түрде әңгiмелеседi. Мұндай кездесулерге немқұрайды қарайтын маршал Конев, Жұмекең ұсынысына келiспедi. Сол бiр ағаттықты түсiнген Жұмекең, кейiннен таныстарына ағынан жарылып, «атағы жер жаратын маршал Коневтi ресми емес, қазақша қазы-қартамен, оған тiр­кестiре армян коньягi және Алматы апортымен қарсы алғанда, мәселенiң бәрi шешiлiп кетушi едi», — деп өкiнiшпен айтқан әңгiмесiн көптеген жора-жолдастары осы күнге дейiн айтып жүредi.

Республика Министрлер Кеңесiне төраға болып беку Қазақстан экономикасының өрге басу шағымен тұспа-тұс келдi. Тыңның игерiлуiне байланысты республика облыстарының да қанаты кеңге жайылды. Көптеген облыс орталықтарында ауыр индустрия ошақтары мен зауыт-фабрикалар бой көтере бастады. Сондай кәсiпорындарды басқару үшiн орталық өз кадрларын орналастырып, соларға кең жол ашты. Олардың бәрi болмаса да кейбiреулерi қызмет орнын өз мақсаттарына пайдалануды көздеп келгендер едi. Және ондай басшылар жергiлiктi кадрларды назарларына iлмедi де. Республика басшылығы осындай жағдайды ескере келе, Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағалығына өр мiнездi әрi экономист жас Ж.Тәшеневтi тағайындады. Бұл өте дұрыс шешiм едi.
Ауыр өнеркәсiп саласында қазақ кадрларының тапшылығын ескере отырып, Республика Үкiметi солтүстiк аймақтарда жоғары оқу орындарын аша бастады. Соның бiрi Павлодар индустриалды институты едi. Алматы және Қарағанды политехника институттарының ректорлығына жергiлiктi кадрлар тағайындалды. Сөйтiп, қазақ жастарының техника мамандығын меңгерулерiне алғышарт жасалынды.
Ж.Тәшенев Министрлер Кеңесiне төрағалық еткен 11 айдың iшiнде республикалық өнер­кәсiптiң жалпы өнiм өндiруi 104,2 пайызға орындалды, темiр және хром кенi, кокстелген көмiр, шойын, болат, қара металл, қорғасын, цинк, жез және темiр жабдықтары жоспардан тыс өндiрiлдi. Осы кезде көңiлге медет болатын жағдайлармен бiрге Қазақ КСР басшылығын алаңдататын мәселелер аяққа оралғы бола бастады.    Мәскеудiң үй iшiнен үй тiктiрiп, орталығы Целиноград болған Тың өлкесiн құруын республика басшылығы бұл аймақты дамытудың жоспары деп түсiнгенмен, iс жүзiнде олай болмай шықты. Орталықтың көздеген Тың өлкесiнiң астықты бес облысын Ресейге ың-шыңсыз бергiзу мәселесi айқындала бастады.
Ол үшiн Тың өлкесi бiрiншi басшыларының бәрi бiрдей Мәскеудiң бұйрығымен тағайындалды. Кремльден қолдау тауып отырған Тың өлкесi басшылары дербес одақтас республика болып саналатын Қазақ КСР басшылығын формальдi түрде ғана мойындап, есеп-қисаптарын тек қана Мәскеуге беретiндi шығарды. Текетiрестiң көкесi ендi басталды.
Талай рет Ж.Тәшенев Тың өлкесi партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Т.Соколов пен өлкелiк атқару комитетiнiң төрағасы В.Мацкевичтердi сабасына түсiрiп, ел мен жердiң кiмдiкi екенiн оларға тоқпақтап түсiндiргенмен, «Күштiнiң арты диiрмен тартады» дегендей, олар алған беттерiнен қайта қоймады. Қайта олар, Н.Хрущевке тiкелей шығып, Ж.Тәшеневтiң өздерiне қыспақ көрсетiп, қалыпты жұмыс iстеуге мүмкiндiк бермей жатқанын айтып, шағымданумен болды.
Ақыры бұл тартыс аяқталар шақ туғандай едi. Тың өлкесi аумағын Ресейге түпкiлiктi бергiзу мәселесiн шешу үшiн Н.Хрущев Алматыдан Д.Қонаев пен Ж.Тәшеневтердi шақыртты.
Бұл арада осы оқиғаға байланысты мынадай болжам айтуға болады. Бiрiншiден, республиканың екi бiрдей басшысы өздерiн Мәскеуге не үшiн шақыртып жатқанын iштей сездi. Сондықтан кiмнiң қандай көзқараста болатыны алдын ала ойластырылуы да ықтимал. Сондықтан бiреуi тәуекелге барып, Н.Хрущевке қарсы тұруы тиiс едi. Ондайда бiреуi сөзсiз жұмыстан алынса, екiншiсi сол бағыттан таймай, елдiң тұтастығын сақтау жолында еңбек етуi қажет деген келiсiмге келулерi ықтимал. Бiрақ сценарий мен жымысқы әрекеттiң бәрiн Никита Сергеевичтiң өзi бұзып, кiммен қалай астыртын келiсiм жүргiзгенiн қалайша айтып қалғанын аңғармай қалды. Үнемi асығыс шешiм шығаруға дағдыланып қалған ол: «Жедел шешетiн мәселе республиканың жер көлемi. Жолдас Қонаев бұған қарсы емес деп, Жұмекең үшiн жұмбақ болған мәселенiң бетiн ашып тастады. Ендiгi жерде бүкiл Кеңес Одағы басшылығына жалғыз Тәшенев қарсы тұруға тура келдi. Сәл үнсiздiктен кейiн сөзiн жал­ғастырған Хрущев: «Жұмабек Ахметович, ендi Сiздiң пiкiрiңiздi бiлсек» дегенде Жұмекең өзiне тән сабырлылықпен: «Никита Сергеевич, бұл мәселенiң шешiлуi былай тұрсын, тiптi күн тәртiбiне қойылуына үзiлдi-кесiлдi қарсымын!» деп келiспейтiнiн бiлдiрдi. Мұндай жауапты күтпеген Н.Хрущев ашуға булыққаны соншалық, не айтарын бiлмей, ұзақ үнсiздiктен кейiн: «Бұл мәселе Сiздiң құзырыңызда емес, оны Орталық партия комитетi өзi шешедi» дегеннен басқа ештеңе айта алмады.    Қабылдаудан шыққан Жұмекеңдi күтiп алған Димекең: «Әй Жұмеке, жүрек жұтқан батырсыз-ау» деп бауырына қысқаннан басқа амалы қалмады.
Бұл кездесуден Жұмекең сөзсiз жеңiспен шықты. Елiнiң тұастығын сақтап қалуда қандай ерлiк жасағанын Жұмекең бiрден түсiндi ме жоқ па, ол жағы бiзге беймәлiм. Бiрақ, КСРО басшылығымен тайталасып, оның айтқанына көнбеудiң немен аяқталатынын Жұмабек Ахметұлы сезбедi емес, сездi және Орталықтың қандай да бiр шешiмiне тас түйiн дайын болатын.   Ең бастысы осындайда жанына батқаны, кейбiр жора-жолдастар мен тамыр-таныстардың Жұмекеңнен бойларын алыстата бастағаны едi. Сонда Қазақстанның осыншама жерiнiң тұтастығын кiмдер үшiн, не үшiн сақтауға басын тiктi? Бiр өзiн кiмнен болса да, қалай болса да арашалап қалуға Жұмекеңнiң қауқары да, бiлiмi де жетер едi. Жұмекең бүкiл болмысынан бiрбеткей, алған бағытынан қайтпайтын нағыз қайраткер едi, сондықтан өзi айтқандай: «Мен елiмнiң жерiн таққа айырбастамаймын» деуi тегiннен-тегiн айтылмаған. Бұл ұлтжанды азаматтың сөзi, өжет адамның көзқарасы, тектiлiктiң белгiсi.
 
ТӘШЕНЕВТI ҰЛЫҚТАУ — ҰРПАҚТАР ПАРЫЗЫ
Дүниежүзiне ықпалы жүрiп тұрған алып мемлекет — Кеңес үкiметiнiң тарағанына да 20 жылдай уақыт бопты. Сол мемлекеттiң құрамындағы 15 одақтас республикалар қазiрде өз алдына үй тiгiп, әлем картасында тәуелсiздiгiн жариялаған он бес дербес мемлекет болып, өздерi таңдаған бағытпен өмiр кешуде. Қарап отырсақ, сол кезде дүниеге келген сәбилер азамат болып, оңды-солын ажырататын жағдайға жеттi. Қазiргi жастар бұрынғы Кеңес үкiметi жайлы жарияланымдардан оқып, ата-аналарының әңгiмелерiн естiгендерi болмаса, құрдымға кеткен мемлекет туралы түсiнiктерi шамалы. Әрине, өткенге тас лақтырып, оны жамандай беруден аулақпыз. Кеңес үкiметiнiң көлеңкелi жағымен бiрге, оның бүгiнгi күнi тәжiрибеде қолданатын тиiмдi жақтары аз болмаса керек. Сол себептi тарихтың өткенiне талдау жасау арқылы оның ақиқатына көз жеткiзген ләзiм. Оның бiр жолы түрлi жиындар мен конференциялар өткiзiп, өткен кезеңнiң жағымды жағына мән берiп, кем-кетiктерiне талдау жасау арқылы, ақиқатқа жете аламыз.
Сондай шаралардың бiрi — белгiлi қоғам қайраткерi, ұлтымыздың бiртуар азаматы Ж.А.Тәшеневтiң ендi төрт жылдан соң тойланатын 100 жылдығына орай өткiзiлетiн «Ж.Тәшеневтiң азаматтық ерлiгi және қазiргi кездегi патриоттық тәрбие» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болар едi.
Естерiңiзге сала кетелiк, 1998 жылды «Ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. Осы тарих жылында ғалымдарымыз бiздiң жыл санауымыздан да ары барып, бергiсiн азат елiмiздiң тарихымен аяқтап, барлық қалаларымызда iрi-iрi конференциялар өткiзiп, бұрын зерттелмеген небiр көлемдi тарих, әдебиет, этнография, мәдениет жөнiндегi сүбелi еңбектерiн көп томдық академиялық кiтаптар етiп шығарды. Сөзсiз, бұлардың бәрi — жүзеге асырылған игiлiктi шаралар.
Алайда, осы атаулы жылдан кейiн бiр мүшел уақыт өтсе де, мемлекетшiлдiк пен патриоттықтың асқан үлгiсiн қылышынан қан тамған Кеңес үкiметi кезiнде көрсете бiлген Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтiң қайсарлығы мен батылдығына неге екенi белгiсiз тиiстi бағасы берiлмей келедi.
Жат елдердiң көрнектi қайраткерлерi Петр бiрiншi, Джордж Вашингтон т.б. тұрмақ ежелгi құлдар көтерiлiсiнiң көсемi Спартакты бiр жұма оқытатын бiздiң тарих, басқа еңбектерiн айтпағанда, мұнайлы Маңғыстауды, мақталы оңтүстiктi, астықты алқап терiскей бес облысты жалғыз өзi қорғап қалған Ж.Тәшеневтiң атын да жазбағандықтан, небiр ғалымдарымыз бен жоғары лауазымдағы шенеунiктердiң көпшiлiгi ұлттық қаһарманымыздың ерлiгi тұрмақ оның кiм екенiн де бiле бермейдi.
Елiмiздi ширек ғасыр басқарған Д.А.Қонаев айтқан «жүрек жұтқан, көзсiз батырымыз» — Жұмекеңдi өз халқының бiлмеуi әр қазақтың ұлттық намысына сын, сүйегiне таңба екенi ащы да болса ақиқат. Тiптi кейбiр зиялыларымыздың өзi Жұмабек дегендi «Жұмабай Тәшенов» деп қателесiп айтатыны да үйреншiктi жағдайға айналды. Бұл дегенiңiз отаршылдық саясаттың билiктен кеткенiмен санадан кетпегенiнiң нақты көрiнiсi.
Ж.Тәшеневтi бiлмейiнше, елiмiздi ұн экспорттаудан бiрiншi, астық экспорттаудан алдыңғы бестiкке кiргiзген «Тың игеру» жобасының да, жиырма Бельгия сыйып кететiн алты облысты Ресейге бiржолата қосылып кетуден сақтап қалған тарихын да танып бiлу еш мүмкiн емес. Елiнiң, жерiнiң өткенiн сезiнбей, оның ерлiкке, өрлiкке толы тарихын бiлмей отаншылдық сезiмдi оята алмаймыз. Шындығында, бiз Жұмабек Тәшеневке керек емеспiз. Керiсiнше, Жұмекеңнiң ерлiкке толы асқақ рухы «ғаламдық санаға» бет бұрған бiздiң қоғамға ауадай қажет әрi жастарымыздың жүрегiне де осындай ұлттық өр рухты сiңiре бiлуiмiз қажет.
Сондықтан Жұмекеңе байланысты өтетiн жиындарда айтылатын ойлар мен ұсыныстардың нақты iске асырылуы үшiн, ең бiрiншi кезекте биылдан қалдырмай Ж.Тәшеневтiң өмiрi мен қызметiне ресми түрде тарихи-саяси бағасының берiлуiне қол жеткiзуiмiз керек. Осының бәрiн ғылыми түрде сараптап-зерттеп, мектеп оқулықтарына, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына кiргiзiп, мемлекеттiк басқару академиясындағы болашақ шенеунiктерге «Тәшенев тағылымы» атты дәрiсi мiндеттi түрде оқытылуы тиiс.   
Жалғыз осы Астанамен тоқталып қалмай, елiмiздiң барлық iрi қалаларында және жоғары оқу орындарында «Ж.А.Тәшеневтiң қазақ тарихындағы орны» деген тақырыпта ардақты азаматтың өмiрi мен қызметiне талдау жасалып, ғылыми-тәжiрибелiк конференциялар өткiзген жөн. Астанадағы жоғары оқу орындарының бiрiнен «Тәшеневтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылса, нұр үстiне нұр болар едi. Сонда ғылыммен айналысатын жастарымыз Ж.Тәшеневтiң саясаткер, экономист, патриоттық, қайраткерлiк қырлары мен қоса тың игерудiң бұрын беймәлiм болып келген құпияларын толық зерттеп, тарих, саясаттану ғылымдарына да зор үлес қосылар едi, әрi жас ғалымдарымызға да бұл түрең түспеген тың тақырыптар болар едi.
Ұлтымыздың мақтанышы болатын арысымыздың атына Астананың төрiнен және басқа да iрi қалаларымыздан ұзын да кең даңғылдар мен көшелер берiп, теңдессiз ерлiгiне сай сәулеттi де зәулiм ескерткiштер тұрғызатын уақыт жеттi. Ұлтының ерлiгiне, тарихына, рухына айналған Жұмекеңнiң барлық өмiрiнен толық деректер мен сырлар шертiп тұратындай бас қаламыздың қақ ортасынан, әрi өзiнiң кiндiк қаны тамған туған жерiнен жан-жақты мағлұматтар беретiн мәдени орын ашылса деймiз.
Осы ретте Жамбыл облысындағы соғыс және еңбек ардагерi Әбдiлда Әлмұқанов ағамыздың: «Тәшеневтiң есiмiмен аталатын жоғары дәрежелi орден шығарылса, Тәшеневке «Халық қаһарманы» атағы берiлсе» деген ұсынысын иiсi қазақтың барлығы қолдайтынына еш күмән жоқ. Олай болса, осындай асылдарымызды ардақтай бiлейiк. 

                                                      
Мейрам Байғазин,
журналист
Астана қаласы.

http://www.zhasalash.kz/ruhaniyat/3773.html

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы