Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

«Жүрейік, жүрек ауыртпай»…

Дата: 01 февраля 2011 в 14:20

«Жүрейік, жүрек ауыртпай»…

М.Әуезов атындағы академиялық театрда қырғыз драмтургі Бексұлтан Жәкиевтің «Жүрейік, жүрек ауыртпай» драмасы (Әшірбек Сығайдың аудармасында) сахналанды. Бұл сахналанудың бір ерекшелігі – қазақ театр өнері патриархтарының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұстаз драмада басты рөлдегі қарияны сомдаған Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаевтың 75 жас мерейтойымен тұспа-тұс келуі. Шымылдық жабылар тұста драманы сахналаушы, профессор Есмұқан Обаев тебірене сөз айтты: «Бүгін театр үшін сәтті күн. 60 жылға жуық уақыт қазақ өнеріне кірпік қақпай қызмет еткен, асылдардың сынығы, көсем актер, әкемтеатрдың ақсақалы Сәбит Қоңырбайұлы 75 жасқа толды. Бұл – біз үшін мерейлі дата. Бәйтерегімізге ғұмыр тілейік».
«Жүрейік, жүрек ауыртпай» – екі бөлімді пьеса. Ауылдағы жалғыз қалған әкесін қолына алған ұл мен келін астыртын қара шаңырақты сатып, қарияны қаладағы үйге қамауға алады. Яғни бәрі де қарияның жағдайы үшін. Ал «үйдің ақшасына» сау кісіге мүгедек арбасын алып келеді. Сыйлы қонақты күтулі келін «мазасыз» атасын бір күнге «курортқа», яғни қарттар үйіне өткізе тұруға күйеуін көндіріп, ақыры жіберіп тынады. Қалай болса да баюды көздеген келін қарияның хал үстінде жатқанын ести сала, оның жаназасынан түсер ақшаны есептей бастайды. Осы екі арада жаны қалған атасы үйге келіп, жерлеуге дайындалушылардың үстінен түседі. Түбінде баладан баз кешкен қарт қарттар үйіне өзі кетеді. Қысқаша фабуласы осы.
«Жүрейік, жүрек ауыртпай» – адамдар арасындағы қарым-қатынастың шиеленіскен формасына құрылған отбасылық драма. Драманың орны мен уақыты маңызды емес, ол әр қоғамда бар. Неге? Құндылықтардың ауысуы – кіші қоғам – отбасының моральдық, этикалық кескін-келбетін кісі танымастай өзгертіп жіберген. Қазақ шаңырағындағы құндылық дегенде, әсілі, жабайы иерархияға емес, елдік сана мен дала заңынан тамыр алып, ішкі моральдық тәртіпке негізделген өзгеше бір этностық көркем құбылысты атасақ керек. Қазір, шартты түрде, Шығыс пен батыстық үлгілер мен үрдістердің синтезі болып табылатын бұл құбылыс екі шектің біріне ғана майысқан кезде утопиялық мәнге ие болатыны анық болды. Бұл дилема емес. Таңдау бар. Бірақ сіз таңдайсыз ба, жоқ әлде сізді таңдай ма? Мәселенің мәнісі осы жерде секілді. Бір бөлмені еуропашалап, бір бөлмені қазақшалап қоятын ғадет өткен ғасырдың орта шенінен бар нәрсе. Міне, дәл осы секілді отбасылық мәселелердің біріне еуропашалап, біріне қазақшалап қарайтынымыз тағы да бар. Доңғалақ пен үзеңгіні ойлап тапқан халық құлып пен түрмені де ойлап таба алар еді ғой. Алайда ол жөнінде тарих үндемейді. Ойлап табу бар да, оны қолдану бар. Егер осы уақытқа дейінгі өнертапқыштардың патенттелген дүниелерінің бәрін қолданысқа енгізіп жіберсе, не болатынын ішіңіз сезеді. Бірақ сіз де үндемей қоя саласыз. Біздің «көзімізді ашқан» өркениет өзімен бірге әлеуметтік мәселелердің патенттелген шешімдерін де ала келді: жетімхана, қарттар үйі, психотриялық аурухана, криматорий, түрме, әйелдер түрмесі… Ешкім ештеңеден сақтандырылмаған. Су бар жерде балық бар. Кінәратсыз қоғам, кінәсіз адам болмайды.
«Жүрейік, жүрек ауыртпай» – құрбандыққа шалынғандар туралы трагедиялық эпизод. Және қоғам мүшелерінің кез келгені кадрдан тыс емес, сондай-ақ өзімізді массовкадан ғана іздей алмаймыз. Әрқайсымыз – басты рөлдеміз. Құрбандыққа шалынғандар кімдер? Кеше өздерін өзгелер үшін құрбандыққа шалғандар. Ал бүгін біз өзіміз үшін оларды құрбандыққа шалып отырмыз. Әлеуметтік мәселелерде ол, әсіресе, ұлтқа, ұлттық құндылықтарға қатысты болған тұста кінәліні іздеуден гөрі, ол кінәні өзіңе алған анағұрлым жеңілірек. Баланың бөтені болмайтыны секілді, қария да халықтікі.
«Жүрейік, жүрек ауыртпай» – немқұрайлылық туралы новелла. Новелла мөлдіреп тұруға тиісті емес. Бір сөз бар еді ғой, әлемдегі барлық қылмыс атаулы немқұрайлы адамдардың қолының астынан өтеді. Көп нәрсеге көз жұма қарауға болады, көзіңізді ашқанда ештеңе көрмей қалуыңыз да ғажап емес. Бірінші адамның мұңы үшінші адамға қуаныш сыйламайды. Оның үстіне ол мұң екінші адам, яғни сіз арқылы өтсе.
«Жүрейік, жүрек ауыртпай» – сатқындық туралы сюжет. Сатқындықтың басы да, аяғы да болмайды. Екі рет өтірік айтуға болады, ал екінші рет сатып кете алмайсыз. Туу – біреу, өлу – біреу, сатқындық та – біреу. Жар сатқындығын жастықтан, дос сатқындығын қастықтан көруге болады, ал бала сатқындығын ше? Кімнен көресіз? Драмада сатқындық ұлдың ынжықтығы мен шарасыздығынан туғандай көрінеді. Алайда сатқындық қарғыс секілді – туылмайды, өлмейді.
«Жүрейік, жүрек ауыртпай» – қария жалғыздығы. Жалғыздық ешкімі жоқтықты ғана білдірмесе керек. Өзгені керексіну өзіңнің керегің жоқтығыңды сезінуден тумайды. Өзгені керексіну – адами құбылыс. Балапан ұшқанша, бөлтірік бауырын көтергенше, бала өскенше. Адам хайуаннан қай тұста бөлінуші еді?
Қойылым барысында таныс-бейтаныс «Қызық адаммен» жолығасыз. Ол кім еді? Ол неге таныс әрі бейтаныс? Ол – философиялық тұлға, әлеуметтік тип, тіпті типаж. Ол – біздің заманымыздың кейіпкері. Ол – морт. Ол – басты рөлдегі Қария. «Қызық» ұғымының морфологиялық бояуы қалың. Бұл қолданыстағысының мәні дауыс ырғағы мен екпінге байланысты. Қойылымда қария телефон арқылы сөйлесетін ақ киімді беймәлім әйелдің таңдана «Қызық адам…» және келіннің сарказммен «Сіз осы қызықсыз!…» деуі арқылы жанама, ескерусіз ғана аталған бұл ұғым қадірі қашқан қамкөңіл әрбір қарияның ортақ есімін ашып тұр еді. Қартайған адамның мінез-құлқы мен сөзін орынсыз көру, ескі, кертартпа деп білу өміржолын енді бастаған адамға қалыпты жағдай. Өзін өсірген, өмірдің мәнін, өмір сүруді, кісімен сөйлесуді, адамтануды үйреткен алғашқы ұстаз қартайған шағында түсініксіз, ескірген, көп нәрсені білмейтін «Қызық адамға» айналып шыға келеді. Өмірде заттар ғана ескіруі мүмкін. Адам ескірмейді. Ой өлмейді. Сезім жоғалмайды. Қарияға қарттар үйінен келген тағдырластары өз өмірін монолог түрінде айтады. Актерлердің шебер ойнағаны соншалық, залда кәрілік пен жалғыздықтың үрейі пайда болды. Қарттар үйіндегі «Қызық адамдар». «Қызық адам» атанғандар. Анна Каренинадағы «Әрбір бақытты отбасы бір-біріне ұқсайды, әрбір бақытсыз – өзінше бақытсыз» деген пікір жетімханалар мен қарттар үйіндегі адамдар туралы ойланғанда еріксіз еске түседі. Өзінше бақытсыз… Қазақта бақыт ұғымы көп ретте баламен байланысты болып келеді. Балаға ше?
Иә, бұл жерде сөз пьеса туралы емес, жай ғана одан туған ойды іркіп қалғымыз келмеді. Іште жүрген соң. Қойылым соңында Сәбит аға Оразбаевқа сауал салдық:
— Қазақтың бүгінгі қариясы қандай?
— Қартайған адамның бәрі қария болмайды. Жөнімен қартаю бар. Қазақ қартайғанда дем алмайды, оның шаруасы енді басталады. Қолымыздан келе ме, келмей ме, міне жер ортасынан астық. Әулеттің ғана іші емес, ел ісіне алаңдар, ұлттың болашағына бас ауыртар кез бұл. Осы уақытқа дейін не істей алдым, не бердім деп өзіңе есеп берер тұс. Балаңа әке бола алдың, енді немереңе ата бола аласың ба? Оларға ел мен жердің тарихын, өткеннің өнегесін, ұлы жолдардың өрі мен ылдиын, ұлы кезеңдердің шындығы мен ақтаңдағын айта аласың ба? Адамгершілік қасиеттер туралы, адамдық құндылықтар жайлы қысылмай сөз айту үшін сүрген өмірің де соған лайықты болуы керек. Айтқан сөзің шын болса ғана өтеді, өтпегені өзіңмен кетеді. Ұлтың сенген, ұрпағың сенген құндылықтарды осы кезде қорғап, табандылық көрсету қажет. Бабаларымыздың қалдырып кеткен жақсы әдет-ғұрпы, салты мен санасы бар. Сол жолдан таюға бола ма? Қазақтың бар баласы – өз балаң. Өзің барда баладан аянба, ал баланың шаруасын өзіне қалдыр.
— Аға, мемуар жазу ойыңызда бар ма?
— Бір жақсы інімнің өтінішімен аздап түрткендерім жарық көріп жүр ғой. Көргенің мен білгеніңді жазған дұрыс. Өткен өміріңді ой елегінен өткізіп аласың. Жарамдысы болса, жаратқаны өз қажетіне алар. Мен өзім сурет түсірумен айналыстым. Таңбаланып қалған тамаша сәттер бар. Ағаларымыз, замандастарымызбен бірге өткен күндердің қайталанбас көркем бейнелері ол. Соны жеке фотоальбом етіп шығару ойда жүр.
Ерлан ЖҮНІС

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=5985&Itemid=2

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы