Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Тұрсын Жұртбай. «Көтеріліп-басылған жанартау...»

Дата: 02 февраля 2011 в 01:50

Тұрсын Жұртбай. «Көтеріліп-басылған жанартау...»

Бiртұтас Алаш идеясы мен қазақ мемлекеттiгiнiң тәуелсiздiгi, автономиялық құрылым мен оның шекарасын анықтау шарасына тiкелей белсене араласқан, бүгiнгi Қазақстанның территориясын анықтау комиссиясының бас баяндамашысы болған Әлiмхан Ермековтiң қайраткерлiгi көпшiлiк қауымға әлi де толық мағлұм емес. Осыған орай, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Алашорда» қайраткерлерiнiң тергеу iсi негiзiнде жазылған әфсанасының Ә.Ермековке арналған тарауын оқырман қауымның назарына толық ұсынып отырмыз.

1.

Алаш идеясын инсандық нысанадан нақты тәуелсiз тұлғаға айналдырып, оның рухани, саяси, территориялық, экономикалық, құрылымдық жүйесiн анықтап, мемлекет ретiнде тиянақтап берген тұлғаның бiрi және «Алаш» партиясының, «Алашорда» халықтық кеңесiнiң, «Алашорда» үкiметiнiң атынан сол тұстағы Ресей империясында жарыса өмiр сүрген үш үкiметпен: Уақытша құрылтай кеңесiмен, Сiбiр уақытша үкiметiмен, кеңес өкiметiмен келiсiм жүргiзген, осы үш үкiмет те оның өкiлеттiгiн таныған қайраткер — Әлiмхан Әбеуұлы Ермеков. Мұрағат құжаттары мен тергеу iсiндегi және ресми қызмет орындары берген мiнездемелерiне, саяси әрiптестерi мен қарсыластарының бағасына, замандастары мен көзi көргендердiң естелiктерiне жүгiнiп, ондағы сипаттамаларды қорыта тұжырымдасақ, Әлiмхан Ермеков — Ұлттық-мемлекеттiк ойлау қабiлетi алымды, мақсатқа жету жолындағы басқан қадамы нық әрi қарымды, мүддесiн дәлелдеуге келгенде өжет, қорғауға келгенде азулы, күрделi шиеленiстер тұсында мысын бастырмайтын беттi, саяси ұтысы мен ұтылысын ұмтылысына бағыттай бiлетiн аңғарлы, мемлекеттiк саясат пен ұлттық мүдденi тоғыстыра бiлетiн мәмiлегер, логикалық қисынға шебер оқымысты, мәдени ұстанымы жоғары, саясат тiлiн жетiк меңгерген, ойын жеткiзуге келгенде қара тiлдiң шешенi, сөйлегенде «жанартаудай көтерiлiп-басылып, лапылдап отыратын» (Ә.Бөкейхан) аса зейiндi тұлға.
Сондықтан да «ұстазы» (өз сөзi) Әлихан оның жастығына қарамастан ең күрделi, маңызды, шағымды, намысты ұлттық, мемлекеттiк саяси мәселелердi шешуге Әлiмханды үнемi алғы шепке жұмсап отырған және өзiнiң «ту ұстары» ретiнде тарих талқысына салып, ысылдырған.
Ал жоғарыдағы мiнездемелерге Әлiмханның қайраткерлiк жолы толық жауап бередi және ол қатысқан шағымды шаралардағы қабылданған қарарлар мен қаулылар да сипаттамаларға сай келедi. Сондықтан да Алаш тарихындағы мұндай шешушi тұлғалардың тергеуге тартылмай, түрмеге қамалмай, еркiндiкте жүруi мүмкiн емес едi. Әлiмхан Ермековтiң қайраткерлiгiнiң үш үкiметпен бiрдей тамырласып кеткенi сондай, оның «дұшпандық әрекеттерiн» Кеңес өкiметiнiң атқарылған шараларынан ажыратып алудың өзi тергеушiлерге өте қиынға соққан. Алаш қайраткерлерiнiң алғашқы легiнде тұтқындалмауының да бiр себебi осында жатыр. Әйтпесе «Алашорданың» iскерлiк тұтқасы тұтқындалмаса, қиямет есiгiнiң айқара ашылуы да мүмкiн емес екенiн олар түсiнген. Бұған қоса Әлихан Бөкейхановты қақпанға түсiре алмауы, Ә.Ермековтiң Халық комиссарлар кеңесiнiң мүшесi болуы да сақтана қимылдауға мәжбүр еткен.
Алдын ала ескерте кететiнiмiз, Ә.Ермековтiң өзi I томның 427-443 беттерiнде қарындашпен жазылған, ал 444-448 беттерi машинкаға басылған жауабында:
«15/ХI-1930 жыл. Мен өзiмнiң көрсетiндiлерiмде ертеректе өтiп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың ретi мен кейбiр көрiнiстердiң орны ауысып кетуi мүмкiн екенiн ескертемiн», — деп көрсеткенiндей, шындығында да елеулi оқиғалардың ретi шашыраңқы баяндалыпты.
Оқиғаның ретiн сақтау үшiн және тарихи жағдайларды түсiнiктi әрi бiрiзге түсiрiп талдау үшiн бiз шежiрелiк жүйенi таңдадық. Сондай-ақ Ә.Ермековтiң тұтқынға алынған күнi де әр деректе әр қалай. Iске тiгiлген түбiртек бойынша тергеу орындарының қаулысы 1930 жылы 22 қыркүйек күнi шыққан. Ал көрсетiндiлерде: «6 және 10 қазан күндерi жауапқа тартылуыма байланысты» — деп көрсетiлген. Бiз қаулыға жүгiндiк және тұтқындалу мен сұрақ алудың арасында алшақтықтың болуы да заңды. Бiздiң ойымызша, Ә.Ермековпен бетпе-бет келген тергеушi оған айып тағу үшiн iлгiшек iздеген сияқты. Ол «iлгiшек» табылды және жақыннан, дастарқанның шетiнен, дәм үстiндегi тiлбасардан табылды.
Ақ дастарқанды аттаған, Әлiмхан Ермековтi «халық жауы» ретiнде әшкерелеген терi-терсек маманы, құдайы көршiсi, «Алаш дертiнен ада» Фазыл-Ағзам Әлиханов болып шықты. Тергеушiлер де алыстан арбаламай, «домалақ арызды» жақыннан дорбалаған. Оның көрсетiндiсi тергеу iсiнiң II томның 284 — бетiнен басталады.
Ф.-А. Әлиханов: «3 қазан, 1930 жыл. Жауап алған — Волохов. Ермековтi мен 1924-жылдан бiлемiн. Сол жылы ол Қарқаралыдан Семейдегi Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне қызметке ауысып келiсiмен өзiнiң ұлтшылдық бағдарламасын жүзеге асыруға кiрiстi. Губерниялық мекемелердiң сенiмiне кiрiп, бедел жинаған соң, ол ең алдымен қазақ мәдени орталығы дегендi жоспарлап, құрылыс сала бастады. Бұл құрылыстар оның өзi туып-өскен Қарқаралыда салынатын болып шықты. Губерния қызметкерлерiне, оның iшiнде Досовқа беделiнiң өтетiнiн бiлiп, аппараттағы қазақтарға үнемi: «биiк деңгейде болыңдар», — деп ұран тастайтын. Ол биыл бiрнеше қазақты Семейге шақырып, Ұранқаев, Спанов, Әбiшев басқаратын iрi шаруашылықтарға орналастырды. Кеңес немесе шаруашылық мекемелерiндегi қызметкерлердiң, тiптi партиялық мәселелер жөнiнде де өзара келiспей қалған iстерi Ермековтiң алдында шешiлетiн, «бiтiстiру», «орналастыру» соның мойнында едi».
Бұл мәлiметке Ә.Ермеков сол күнi жауап берген. Алайда 6 және 10 қазан күнi тағы да жауапқа тартылады. Үш көрсетiндiнiң де мазмұны қарайлас. Сондықтан да ойын жинақтап берген соңғы көрсетiндiдегi жауапты келтiрудi жөн көрдiк.
Ә.Ермеков: «Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлерiнiң арасындағы топшылдық маған бұрыннан белгiлi болатын. Әлихановтың көрсетiндiсiндегi түсiнiспеушiлiктi ОГПУ-дiң коллегиясына 1930 жылдың 3 қазан күнi жолдаған мәлiмдемемде көрсетiп, Әлихановты беттесуге шақырғанмын. Өкiнiшке орай, ол өтiнiшiм қанағаттандырылмады. Әлихановтың куәлiгi осынша сенiмге ие болғандықтан да, Шомбалов пен Барлыбаевты куәлiкке тартуды сұраймын.
Осы бiр кездейсоқ тiршiлiктiң соңы осыншама ушығып кеткенiнiң өзi Әлихановтың көрсетiндiсiнiң абсурд екендiгiне дәлел. Әлиханов — «Ет өткiзу одағының» инструкторы, жоспарлау және үкiмет мекемелерiне сөзi өтетiндей оның аппаратта беделi жоқ. Әлиханов — жеңiлтек адам. Санасыздың сандырағын осы күнге дейiн түсiнбеймiн. Таныстардың барлығы маған оның: тақыс, өзiнше қулығы бар, өз кiнәсiн өзгеге көтертiп күн көретiн адам екенiн айтқан. Егер де менiң көрсетiндiм күдiк тудырса, онда ОГПУ тергеушiлерi бұл инциденттi анықтап тергесiн. Мен Барлыбаев пен оған қай уақытта, қандай нұсқау бердiм, оны қалай жүзеге асырды, соны дәлелдесiн».
Жауапқа қарағанда Ә.Ермеков, шындығында да, өзiнiң тұтқындалуына уақытша түсiнiспестiк ретiнде қарағаны аңғарылады. Мұндай «ұсақ-түйек түйткiл» үшiн тұзаққа түскенiне сенiмсiздiк танытады. Сес көрсету де байқалады. Бiрақ бұл шырғалаңның басы ғана едi.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «1925-жылдың басында ғой деймiн, Ермеков Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiндегi Тоқтабаевтың шақыруымен Қызылордаға кеттi, ол сонда төрағаның орынбасарлығына тағайындалды. 1926 жылы Қызылордаға барғанда Ермековте болдым. Онда маған Ермеков: «Бөкейхановты Жер жөнiндегi Халық комиссариатына жұмысқа шақыру жоспары жүзеге асуға жақын. Қалыптасқан саяси жағдай қиын, сондықтан да тәжiрибелi мамандардың барлығы Түркiстанға кеттi. Семейдегi Ғаббасовты Қызылордаға шақыру керек», — дедi. Профессор Швецов Ермековтiң үйiнде тұрды ғой деймiн. Аз уақыттан соң Ермеков Семейдегi Ғаббасовты шұғыл түрде тәжiрибелi маман есебiнде Мемлекеттiк жоспарлау бөлiмiне қызметке келуге шақырған хат жолдады. Ал Ермековтiң өзi барлық қаражат жүйелерi тоғысқан Қазақ Ауыл шаруашылығы банкiсiне ауысып, Қазақстанның банкi жүйесiне әсер етпек болды. Ермеков дегенiне жетiп, банкке белсендi ықпал жасады. Оны Ақмоланың ауыл шаруашылығы банкiсiне Қозыбағаровты тағайындап, Петропавловскiге бару үшiн жол ақысына 500 сом бөлдiруiнен байқау қиын емес. Бұған Ақмола партия ұйымы қарсылық бiлдiрiп, ойлары жүзеге аспай қалды».
Ә.Ермековтiң өзi көрсеткенiндей, Ф.-А.Әлиханов шынында да Ермековтi жазғыруға ұмтылған. Ф.-А.Әлихановтың көрсетiндiсiндегi әр адамға берiлген мiнездемесiне, олардың жүрген-тұрған жерiн, iс-әрекетiн, кiммен кiмнiң не деп сөйлескенiн мәлiмдеуiне және тұтқыннан өзгелерден бұрын босатылып жiберiлуiне қарағанда, оның сынаша қағылған әрекетiнен бiр кiлтипанның бар екенiн болжауға болады.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «2). Қозыбағаров қаржыға байланысты iстi жүргiздi. Семейден Ақмоладағы Ауыл шаруашылығы банкiсiне Жанғазиндi ауыстырды. Жанғазин бай тұқымынан болса да, оған барынша қолдау көрсеттi. Бiраз уақыттан соң Ермеков Ташкентке жоғары оқу орнына оқытушылыққа ауысты. 27-жылдың шiлдесiнде Ермековтi мен таба алмадым. Қызылордаға келген Ғаббасов Ермековтiң Ташкентке көшкенiн жеткiздi. Қызылордаға келгенде маған қазақ жастарының сауатын ашу үшiн түпкiлiктi орналасуға бекiнгенiн айтты. Ермеков Семейден келген байлардың балаларын тартты. 28-жылы ол Алматыға — КазГУ-ге ауысты. 1929 жылдың шiлде айында мен де Алматыға ауыстым. Оны 29-жылдың қазан айында қызым баспамен ауырып жатқанда көрдiм. Қызымның ауырып жатқанын бiлiп, көңiлiн сұрауға келiптi. Содан кейiн мен оны қаңтар, ақпан айларында көрдiм. Қарқаралы округiнен шақыру келiптi. Онда тәркiлеу басталыпты: «Бұл — бейбастық. Тәркiлеуге ұшыраған туыстарыма көмектесемiн. Тәркiлеу — ауылдағы қараңғы қазақтарды уәдемен тойдырудан басқа ештеңе емес, бұған келiсуге болмайды. Қаншама адам зардап шегедi», — дегендi айтты. Содан кейiн өлкелiк съезде ... профессор ...ковичтiң (аты нақты танылмады) жасаған баяндамасын өте салмақсыз деп сынады...».
Ә.Ермеков (жалғасы): «УОО ПП ОГПУ-дiң өкiлi Поповтың түсiндiруiне қарағанда, маған айып ретiнде тағылған 57-бап пен 58-баптың 7-тармағы бойынша мен Кеңес өкiметiне қарсы әрекетiм үшiн емес, Фазыл Әлихановтың көрсетуiмен кеңес саясатын терiс түсiндiруге тырысқандығым үшiн жауапқа тартылған екенмiн. Мен бұл жөнiнде ОГПУ-дiң өкiлiне берген бiрiншi жауабымда айтқанмын (Бұл — ПП ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiнiң 1930 жылы 22 қыркүйек күнгi көрсетiндiсi болуы мүмкiн — Т.Ж.). Ендi келiп соның көрсетiндiсiнiң үзiндiсiн алға тарта отырып, айыптау баптарын өзгертпек.
Онда: Халық комиссарлар комиссариатының әлеуметтiк мәдениет бөлiмiнiң кеңесшiсi Барлыбаевқа ет дайындау жоспарын кемiту туралы кеңес берiппiн. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттiң үйiнде кездейсоқ кездестiм. Өкiнiшке орай Әлиханов пен Барлыбаевтың үй-iшiмен дастарқандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бiрге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретiнде бiздi шақырды. Адамға тән осалдық жасап бiраз iшiмдiк iштiк. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтерiңкi көңiл-күй үстiнде қонақтарымның көңiлiн табу үшiн қоғамдық сипаттағы сөздердi де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сiңiрген ерен еңбегiн асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай, мал басын сақтау да керек дегендi айттым. Сол бiр мылжың сөздердiң саяси астар алғанына таңмын.
Барлыбаевтың бұл сөзiнде не мән-мағына бар? Бұл жөнiнде мынаны айтқым келедi. Әлиханов түрмеден шыққанша менiмен бiр камерада отырды. Сонда: «Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметi бәрiне белгiлi емес пе? Мен кез келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсiре аламын, бiзбен байланысы бар десем жетiп жатыр», — деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзiлiнiң астарына мән бермеппiн».
Жауаптың ыңғайына қарағанда, Ф.-А.Әлиханов түрмеге қамалған соң Ә.Ермековпен бiр камерада отырған. Тергеушiлердiң төселген әккi тәсiлi бойынша Ф.-А.Әлиханов Ә.Ермековтен «сыр тартқан». Сондай-ақ Ә.Ермековтiң: «Әлиханов түрмеден шыққанша менiмен бiр камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметi бәрiне белгiлi емес пе. Мен кез келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсiре аламын, бiзбен байланысы бар десем жетiп жатыр, — деп соңын қалжыңға айналдырды», — деуiне қарағанда, бұл адам түрмеге белгiлi бiр тапсырманы орындау үшiн кiргiзiлуi мүмкiн. Оған мұның жалтақ та жеңiлтек мiнезi, сатушылық кәсiбi ықпал еткен сияқты. Әдетте құпия мекеме сондайларды шырғаға түсiруге ептi келедi.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «Мұратбековтi бұрыннан бiлемiн. Ол — Өскеменнiң найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-дiң рұқсатымен Семейге келдi, соңынан қайтадан Қытайға қашып кеттi. Омарбеков туралы Мамырбаевтiң қасында, не басқа бiр жерде айтқан болуым керек. Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесiн сұрады. Пролетар көшесiндегi кеңсенi көрсеттiм. Ол: «Жұманов (Шомбалов — ?) пен Әлiбековке жолығамын», — дедi. Жұманов (Шомбалов) — дәрiхана басқармасында, Әлiбеков — Мәскеуде екенiн айттым. Ол: «Қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге iздедiм», — дедi. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны бiлетiн сияқты көрiндi. Мамырбаевтың қандайда бiр хат немесе хабар алғанын бiлмеймiн. Мұратбековтың ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесiмен кездескiсi келетiн болуы мүмкiн. Ермеков: «Мұратбековтың Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенiн бiлемiн, кеңес беруге дайынмын. Бiрақ Қытайға хат жаза алмайсың. Ол — Еуропа емес. Исаев — Голощекиннiң оң қолы. Мал шаруашылығының нашарлауы соның мойнында. Исаевтың ең оңды iсi — Қазақстанда азық-түлiктiң сатылуын қамтамасыз еттi», — деген сияқты пiкiр бiлдiрдi.
Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшiм деген болды. Ол Смағұловтың үйiне тоқтайтын. Менiмен кездескенде Күдерi тәтесiнiң тәркiленгенiн айтты. Хакiмжан Мамырбаевты Алматыға көшiп келiп, өзiнiң қарауында қызмет iстеуге шақырды. Ермековтiң КазГУ-дегi ағарту саласындағы әрекетiне келетiн болсақ, ол шәкiрттердiң алдында бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзiнiң ойын нәзiк әрi емеурiнмен сөйлейтiн».
Бұл мәлiметтер аталған адамдарға зиянын тигiздi ме, жоқ па, ол сол дүдәмал күйiнде қалды. Анығы, көрсетiндiде көрсетiлген Ә.Ермековтен басқалары бұл жолғы «қамақ науқанына» iлiнбептi.

Ф.Әлиханов (жалғасы): «Ермеков орыс интеллигенциясымен бәсекелес болатын. ҚазГУ-де ол өзiнiң қызметкерлерiн қорғаштаумен болды. Ол өзiнiң әйелiне: «Сендердi қалай жақтырмаймын десеңшi», — деп айтып отыратын. Ермековтiң өзiнiң айтуынша, ол ректор Асфандияровпен өте жақсы болатын. Мен өзiм ешқашанда қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымына қатысқан емеспiн. Өзiм Ермековтiң ықпалына түскен емеспiн. Ұйым мүшелерi маған белгiлi емес...».
Иә, өзiнiң әйелiне: «Сендердi қалай жақтырмаймын десеңшi!», — дегеннен артық ұлтшылдық бар ма?!. Ол кезде бұл — әдептен асқандық емес, әшкерелеудiң нағыз өзi болатын. Өзiңнiң әйелiң мен балаңды өзiңе тыңшы етiп қою — таптық қырағылықтың қатарына саналатын. Оған Ғазиз Мұрзин мен Елдес Омаровтың жамағаттарының жаманаты дәлел. Ал Әлiмхан Ермековтiң соңынан ондай сыбыс ермедi. Тергеудiң ұлттық сыпат алып бара жатқанын аңғарған Ә.Ермеков өзiнiң жауабының жалғасын пролетариат көсемiне деген құрметiн баса көрсетумен аяқтайды. Мұндағы мақсаты — Ә.Бөкейхановтың тәсiлiн қолданып, Лениндi алдыға салып, сес көрсетiп қалу, мысын басу болса керек. Мұның ешқандай айып-шамы жоқ, еркiндiкке бастайтын қандай да бiр тәуекел мен амал өзiн-өзi толық ақтайтыны анық.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Мен қазiр революцияның ұлы авторымен (көсемi — Т.Ж.) жүздескен тiрi куәнiң бiрiмiн. Сондықтан да революцияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремiн. Менi: «теоретик ретiнде Лениндi оппортунист деп айтты» — деген әлдекiмнiң көрсетуi жалпы қисынға келетiнiн мойындаймын. Әлемдiк пролетариат пен езiлген халықтардың ұлы көсемiн көрiп, тiлдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзiнiң: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бiрден өту мүмкiндiгi туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннiң екiншi құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретiнде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дертi туралы айтқан атақты сөзiн ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзi төрағалық еткен мәжiлiсте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерiнен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзi түсiп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: «Қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлi ерте» — дегенiнде қатты шамырқанып кеттiм, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенiн түсiндiм. Артта қалған халықтардың өкiлiне қалай көңiл бөлiп, қандай жауапкершiлiкпен қарайтынына сонда көзiм жеттi».
Ленин дәл тауып айтқанындай, «қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлi ерте» едi. Ал Сталин мен Қужаққа — Голощекинге қазақтар коллективтендiруден кеш қалған сияқты көрiндi. Алдағы қойылатын жер, мойынсерiк, территория туралы сұрақтардың аңысын аңғаратындай осы көрсетiндiсiнде Ә.Ермеков жалпы саяси оқиғаларға да баға бере кетедi және ретiн тауып Кеңес өкiметiнiң саясатына iштартатынын да кiрiктiрiп отырған.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Әлi есiмде, Астрахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкiметi қазақтарды теңiзге жiбермеу үшiн олардан бұл жердi тартып алып, он верстка сияқты түрлi экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Мiне, осыған байланысты Астрахань губерниясының НКВД өкiлi, Азық-түлiк халық комиссариатының қамтамасыз ету орталығы, владимирлiктер менi жан-жақтан қыспаққа алып, бүкiлодақтық маңызы бар деп әр нәрсенi сылтауратып, сан-саққа жүгiртiп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: «Астрахань губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бiр бөлiгi. Қазақтар басым тұратын жердегi шаруашылыққа көмектесудi де, азық-түлiкпен қамдауды да одақ мойнына алады» — дедi. Реплика жасаған кезiмде Закурский менi жағамнан алып, қабырғаға тiрей итергенде Владимир Ильич маған араша түстi. Астрахань губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы мен НКВД өкiлi губерниядағы тұрғындардың арақатынасын көрсететiн нақты статистикалық есептiң жоқтығын айтты. Бұған: «Халықтың арақатынасын бiлу үшiн онда барудың да, статистикалық есептiң де керегi жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкiлi бар екенiн ешкiм де бiлмейдi. Бiрақ бәрi де қамтамасыз етiледi» — дедi.
Маған жұдырығын ала жүгiргендердiң әрекетiн бүгiн еске алу күлкiлi, болмашы бұзақылықты сөз еткендей көрiнгенiмен де, В.И.Лениннiң бейнесi мен өзiм көрген осы бiр өмiрлiк шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзiне әсерленгенсiп, солай дедiм бе, жоқ па деп еске түсiруге тырысудың, жауап берудiң өзi күлкi тудырады. Тек айтарым, бүгiнгi оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөлiскен емеспiн».
Тергеушiге көрсетiлген бұл «сестiң» қуаты бiр айға жеттi. Жоғарыда көрсетiлгенiндей, басы қарындашпен, ал аяққы беттерi машинкаға басылған:
«15/ХI-1930 жыл. Мен өзiмнiң көрсетiндiлерiмде бұрынырақта өтiп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың ретi мен кейбiр көрiнiстердiң орны ауысып кетуi мүмкiн екенiн ескертемiн», — деп басталатын көрсетiндiсiн жазуға мәжбүр еттi.
Ол «орны ауысып кеткен» сөздердi өткенiн ұмытқандықтан емес, «Алашорда» мен Колчакқа және Уақытша құрылтай үкiметiне қатысты кезеңдердi еске салмаудың амалын көздеп, жорта қағыс қалдырған. Сөйтiп ол өзiнiң өмiрбаянын кеңес өкiметi орнаған тұстан бастап:
«1919 жылы ақпан төңкерiсiнен кейiн мен Семей губерниясының земство басқармасының мүшесi болып қызмет iстедiм. Тiкелей жер бөлiмiн басқардым, бұдан басқа маған оқу-ағарту саласына жетекшiлiк ету жүктелдi», — деп жорта iз тастаған.
Алайда түрме тергеуi барған сайын көнi кебетiн Бальзактың шегiрен былғарысы сияқты, күн өткен сайын алқымнан алып қыса бердi. Ол тұзақтан құтылудың жолы — қандай қылмыс тағылса да мойындап тыну ғана болатын. Алдыңғы жауаптардың негiзiнде Ә.Ермековке 1930 жылы 7 желтоқсан күнi ресми түрде айып тағылады. Ол бұл өкiмдi мойындамайтыны туралы қарсылық бiлдiрiп, Қазақ АССР Атқару Комитетiнiң төралқасына шағым жолдады. I томның 479-бетiне тiркелген, 15 қараша күнгi жауабын сөзбе сөзге жуық қайталаған бұл шағымның бiрнеше көшiрмесi тiгiлген. Ол шағым
«КССР Орталық Атқару Комитетiнiң мүшесi Ермеков Әлiмханнан өтiнiш
ПП ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiнiң 1930 жылы 22 қыркүйек күнгi өкiмi бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7 желтоқсан күнi ғана нақты айғақтар келтiрiлместен маған ҚК-нiң 57-7, 58-11, 59-3 баптарына сәйкестендiрiлген, шамамен: а) кеңес өкiметiнiң шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшiн; в) басмашылармен байланысы үшiн; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшiн — деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.
Бұл айтылған «нақты деректер» менi қызықтырмайды, өйткенi ондай оқиға өмiрде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебiн түсiнiспестiк болған шығар, әлдебiр саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағанмын. Мiне, тұтқындалғаннан берi төрт айдан асып барады, әлгi «түсiнiспестiгiм» менi денсаулық тұрғысынан да, адамгершiлiк тұрғысынан да кемiрiп жеп барады. Сондықтан да мен маған тағылған ешқандай нақты дерексiз айыптауларға түсiнiк беретiн өмiрбаяндық сипаттағы кейбiр мәлiметтердi, саяси және тәжiрибелiк iстерiмдi Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын», — деп басталады...

Жалғасы бар

«Түркістан» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы