Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Ашаршылықтың ащы шындығы. Данила Бектұрғанов. Ұлы жұт

Дата: 04 февраля 2011 в 01:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ашаршылықтың ащы шындығы. Данила Бектұрғанов. Ұлы жұт

Кеңес режимі өз қарастындағы халықтарға тек қана ату, асу, қуғындау, зорлықпен жер аудару (депортациялау) сияқты амалдармен ғана зобалаң тудырып қойған жоқ. Сонымен бірге қолдан жасалған аштықпен де зұлматтар жасады. Қолдан жасалған аштық қырғыны Ресейдің Поволжьесінде, Украина мен Қазақстанда болғаны белгілі. Бірақ  аштық қырғыны жайлы өз халқына барлық шындықты ашып жайған, Ұлы аштық қырғынын халықаралық деңгейге көтерген,аштық құрбандарына керемет кесене салған, жыл сайын оны Азалы күн ретінде атап өтетін тек Украина болып отыр. Қазақстан басшылығына бұл шындықты өз халқына айтуға Ресей  «рұқсат бермей» отырса керек.

Осы орайда  2010 жылдың 12 желтоқсанында Украинаның «Наше слово» газетінде (украин тілінде) шыққан қазақстандық саясаттанушы Данила Бектұрғановтың «Ұлы жұт немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы» мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Өз елінде өз халқы жайлы шындықты айта алмаған қазақтардың мақаласын басқан украиндықтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

ҰЛЫ  ЖҰТ немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы.

Қазақстандағы Ұлы аштық қырғыны жайлы әңгімені  екі өте маңызды ескертуден бастаған жөн болар: кеңес заманында Қазақстанда екі рет аштық қырғыны болғанын айтуға тиіспіз. Әрине, ең үлкен аштық қырғыны өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алды. Ол тарихта Ұлы жұт  — Ашаршылық  жылдары  деген атпен аталады. Бірақ, сонымен бірге 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты да ұмытпаған жөн болар. Осы кездері Қазақстанда миллионнан астам адам аштан өлген. Сондықтан да осы екі  қырғынды да әңгіме етпекпіз.

1919-1922 жылдардағы  аштық.

Қазақстандағы 1919-1922 жылдардағы аштықтың бір себебі  елдің бірнеше аймақтарында орын алған егіннің шықпай қалуы болды. Осы жағдайға байланысты кеңес үкіметі 1919 жылдың қаңтар айынан бастап «азық-түлікті тәркілеу» саясатын бастады. Бұл саясат кеңес үкіметінің 1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізе бастаған азық-түлік диктатурасына сайма-сай дәл келген еді.

Қазақстанда егіншілікпен айналысушылардың көп болмауына байланысты  большевиктер  қазақтың малын кәмпескелеп алуды басты мақсат етіп қойды. 1919-1922 жылдардағы аштық негізінен алғанда Қазақстанның оңтүстік облыстарын шарпыды.

Мал  — көшпелі халықтың күн көрісінің жалғыз ғана көзі. Жергілікті қазақтар ежелгі ата дәстүрімен мал өсірумен айналысып, малдың жағдайымен жайылым іздеп көшіп-қонып өмір сүретін. Қазақ жерінде тұратын басқа ұлттар егіншілікпен де айналысатын, бірақ  азық-түлік саясатында басты мақсат етіліп  — қазақтың малын жинап алу арқылы  жүргізілсін деген тапсырма қойылды. Қазақтан «мал жинаудың» түрі мен әдістерін айуандық, тағылық деген сөздермен ғана теңеуге болады. Мысалы, бір ауылға келіп малын түгел сыпырып алып кету жағдайлары жиі орын алды. Әрине, мұндайдан кейін бұл ауылдың халқының тірі қалуы мүмкін емес еді. Әртүрлі деректер бойынша осы аштық жылдарында миллионнан астам халық аштан қырылған.

Сол кездегі аштықты көргендер оны былай суреттейді. Қазақтың қоғам және саяси қайраткері, публицист Мұстапа Шоқай «Кеңестің қол астындағы Түркістан. Пролетариат диктатурасының сипаттамасы» кітабында: «Бұл жолы әлемде бұрын-соңды құлақ естімеген  кеңес үкіметінің Түркістанның жергілікті халқына жасаған  «аштық саясаты» жайлы әңгіме етпекпін. Туземдіктерге, атап айтқанда қазақ халқына қарсы жасалып отырған аштық жайлы айта келе Тұрар Рысқұлов мынадай деректі алға тартады. Түркістандағы Қазан төңкерісіне еңбегі сіңген жетекшілердің бірі Иван Тоболин   Түркістан Орталық комитетінің мәжілісінде  «қырғыздар (қазақтар)  марксистік көзқараспен айтқанда экономикалық тұрғыдан  әлсіз болғандықтан бәрібір өліп бітуге тиіс. Сондықтан да, революция үшін   — аштықпен күресіп қаражатты шашудың қажеті жоқ, оның орнына майданды қолдау маңызды...» деп ашықтан ашық мәлімдеген.  Рысқұловтың айтуынша аштықтан өлгендердің  (мұсылмандардың) саны орасан көлемде. Ол цифрларды келтірмейді. Кеңестік көздер  бір миллион бір жүз он төрт мың  деген (1 114 000) жан түршігетін цифрды келтіреді. Мәскеудің «ұлт-азаттық саясатының» біздің ұлтымызға әкелген пайдасы осындай».

Кеңес үкіметінің Түркістанда жүргізген отаршылдық, ұлтты езгілеу саясатын куәлендіретін тағы бір-екі мысал.  «Перовск қаласында (қазір Қызылорда)  Гержот деген самодержец (біздіңше диктатор, ауд.) отыр. (Гержот Иосиф Иванович, Перовск уездік совдептің төрағасы). Одан түгел бір халық  — қырғыздар (қазақтар)  қашып көшіп кеткен. Осы көшу кезінде бір миллионға жуық адам өлген». Бұл жайлы «Правда» газетінің 1920 жылғы 20 маусымында шыққан 133 нөмірінде жазылған.

Зиновьев (Зиновьев Григорий Евсеевич, революционер, кеңестік саяси және мемлекеттік қайраткер), 3-ші Интернационалдың басшысы кезінде, Шығыс халықтарының Бакуде өткен съезінде (1920 жыл, қыркүйек) «кеңес үкіметінің Түркістандағы агенттері  түземдік шаруаларды ренжітеді, олардың малын, жерін тартып алады, оларға ең төменгі сатыдағы нәсіл ретінде қарайды» деп мойындауға мәжбүр болған еді.

Әрине, кеңес үкіметінің мұндай саясаты қазақтар тарапынан наразылық, қарсылық көрді. Бірақ, мал тартып алуға келгендерге қарсылық көрсеткендерді сол кездегі  «Продармия» (сол кездегі мал тартып алуға жіберілген қарулы отрядтар осылай аталған) және Қызыл армияның ерекше мақсаттағы отрядтары (ЧОН — чрезвычайный отряд особого назначения) оларды аяусыз қаталдықпен басып жазалады.

Жалпы алғанда, 1919-1922 жылдардағы аштық кездерінде бір миллионнан астам қазақ аштан өлген. Сол кездегі қазақтың санының бұл шамамен 20-22 пайызын құрайды. Дегенмен, қазақтың санын солқылдатып құртқан аштық отызыншы жылдары орын алды.

Отызыншы жылдардағы аштық   — Ұлы  Ашаршылық.

Қазақ даласының тарихындағы ең жан түршігерлік аштықтың  себебі  — сол кезде жүргізілген КСРО-ң ішкі саясаты деуге болады. Қазақстанда болған (Украинада, Поволжьеде т.б. жерде) бұл аштықтың себептерін түсіну үшін КСРО-ң өткен ғасырдың 20-шы жылдардың аяғы, 30-шы жылдардың басындағы саясатына қысқаша сапар жасау қажет.

1927 жылы өткен ВКП(б) ХV съезінде «КСРО-ң халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдық жоспарын жасау жөніндегі директивалар» қабылданды. Осы директиваларға сәйкес бірінші бесжылдық жоспар жасалынып, онда КСРО-да ұжымдастыру мен индустрияландыруды бастау мақсаты қойылды. Алға қойылған іс-шаралардың  бойынша КСРО-а қуатты қорғаныс өнеркәсібін құру мақсаты қойылды. Қорғаныс өнеркәсібінің мақсаты, біріншіден  — елдің қорғаныстық қабілетін қамтамасыз ету болса, екіншіден  — болашақ жылдарда  Европадағы көрші елдерге коммунистік экспансияны әрі қарай жалғастыру еді. Әрине, мұндай мақсат көп қаражатты қажет етеді. Ірі өндірістік кәсіпорындарды ашуға, ең бастысы, заманауилы жоғары технологиялар сатып алуға кеңес үкіметі ақшаны аяған жоқ. Ақша жинау көздері, оның ауырлығы негізінен алғанда шаруаларға түсті. Тіпті «қаражатты ауыл шаруашылығынан өнеркәсіпке айдау» деген термин ойлап шығарылды. Ауылдың тұрғындарын колхоздарға айдап әкелді, мал (егіншілігі нашар дамыған Қазақстанда негізгі құндылық мал болатын) ортақтандырылды.

 

20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың басындағы Қазақстанда кеңес үкіметі «қаражат айдаумен» ғана  тынған жоқ. Қазақтардың мал шаруашылығы көшіп-қоу жағдайында жүргізілгендіктен үкіметке малшыларды бақылап қолында ұстап тұру қиын болатын.Сол себептен де қазақтардың көшіп-қону өмірін тоқтатып, жерге байлауға шешім қабылданды. Осы мақсатта қазақтардың малы тартылып алынып, қазақтар Қызыл армияның бөлімшелерінің және милицияның көмегімен «отырықшылдандыру нүктелеріне», колхоз ұйымдастырылып жатқан жерлерге айдап әкелінді. Бір жерге айдап жиналған мал саны көп болғандықтан олар сол жердің шөбін тез жеп қоятын, сол себептен де оларды жаппай сойып тастауға мәжбүр болды. 1933 жылдың басында қазақ даласында бұрын болған 40 миллион бас малдың оннан бірі ғана қалды.Нәтижесінде, осы жүргізілген саясаттан қазақтар жапа шекті, себебі олар үшін күнкөрістің бірден бір көзі мал еді.

Қазақтарды зорлап отырықшылдандыру «Кіші Октябрь» деп аталды. «Кіші Октябрьдің» негізгі дем берушісі, орындаушысы аты көпке мәлім, патшаның отбасын атып тастауды ұйымдастырушылардың бірі Филип Исаевич Голощекин еді. Ол 1924 жылдың қазан айынан бастап 1933 жылға дейін Қазақстан компартиясының орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Оның Қазақстанда өткізген алғашқы іс-шарасы 1928 жылдың күзінде өткізген малды кәмпескелеу болды. Кәмпескеге 700 шаруа қожалығы ілініп, олардан 150 мың мал басы (ірі қара мал басына айналдырғанда) тәркіленді. Бұл жердегі «ірі қара мал басына айналдырғанда» деген нені білдіреді? Бұл сталиндік статистиктердің мал басын азайтуды жасыру үшін ойлап шығарғаны болса керек. Статистиктердің айтуынша, бір ірі қара мал басы, мысалы 1 сиыр — 2-3 шошқаға немесе 10 қойға тең. Егер 150 мың ірі қара бас малын қойға айналдырсақ, онда әңгіме кем дегенде 1,5 миллион қой туралы айтуға тиіспіз... 700 шаруа қожалығының мүшелерінің отбасының тағдырының қаншалықты қайғылы болғаны жайлы айтпаса да болады.

Мал жоқ жерде, тамақ жоқ, тіршілік жоқ. Қазақтар тұратын ауылдар жаппай қырыла бастады. Тарихшы А.Н.Алексеенконың айтуынша «...әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1млн 840 мың адам немесе  жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды.Бәрінен ең көп қырылған республиканың шығысының қазақтары болды. Бұл жақта  379,4 мың адам немесе  1930 жылғы халықтың 64,5 пайызын құрады. Бұл аймақтың халқы көрші елдерге Ресей мен Қытайға жаппай ауып көше бастады. Солтүстік Қазақстан аймағы қазақтардың жартысының көбінен — 410,1 мыңнан немесе 52,3 пайызынан айрылды, Батыс Қазақстан 394,7 мың  немесе 45,0 пайыз, Оңтүстік  — 632,7 немесе 42,9 пайыз қазақтан айрылды. Аздау өлім Орталық Қазақстанда — 22,5 мың немесе осы аймақтың 15,6 пайызы орын алды. Басқа халықтарда да шығын аз болған жоқ: украиндер — 200 мың (23 пайыз), өзбектер — 125 мың (54 пайыз), ұйғырлар — 27 мың (43 пайыз). Тек қана 1931 жылда 1 млн 30 мың адап көшіп кетті, оның 616 мыңы қайтқан жоқ. Жүздеген мың қазақ Қытай жағына қашты. Олардың көп көшкендігі сонша Қытайда 1954 жылы Іле-Қазақ автономиялық  округі құрылып орталығы болып Құлжа қаласы белгіленді.

Өз малын тонаудан қорғаған, кәмпескеден қашқан қазақтарға Қызыл армияның әскерлері жіберіліп, өзі аштықтан титықтаған қазақтарды аяусыз қыруы ашаршылықты одан да бетер өршітті. Кейбір ауылдар мен рулар малын сақтамақ болып көше бастағанда олардың алдынан, соңынан Қызыл армияның отрядтары жіберіліп оларды «басмашы бандылар» ретінде жоюға, тұтқындауға бұйрық берілді. Шын мәнінде олар өз малы мен отбасы мүшелерін аштықтан аман алып қалу мақсатында аштығы жоқ Қытай мен Ресейге көшуді ойлаған бейбіт жандар болатын. Қытайға көшушілерге тосқауыл қоюға шекарашылар да өз үлесін қосып оларға пулеметпен оқ атқан кездері де болды. Соншама болған тосқауылдарға қарамастан жүздеген мың аштықтан қашқан қазақтар ауыл, ауыл болып  Қытай асты.

Сүйтіп, кеңес үкіметі жасаған екі ашаршылықтың нәтижесінде қазақтар бар болғаны 10-15 жылдың ішінде  халқының жартысынан айрылды. Әлем тарихында  мұндай көлемдегі трагедия ешбір халықтың үлесінде болған емес. 1970 жылы ғана қазақтар 1926 жылғы деңгейдегі  халық санына жетті.

Бұл жерде бүгінгі биліктің  Ұлы Ашаршылықта қырылған боздақтарды еске алуға байланысты жүргізіп отырған саясатын айтпасқа болмас. Осындай  ашаршылықты бастан кешкен украиндықтар  өз астанасы Киевте ашаршылық құрбандарына арналған теңдесі жоқ  ескерткіш салған кезде, қазақстандық билік «болашақта салу ойымыз бар» деген хаттамадан артыққа бара алмады. Алматының скверлерінің бірінде (таң қалатын жері бар — бұл жердің қарсысында 1930 жылы қанқұйлы НКВД  «сұр үйі» орналасқан екен) «бұл жерде отызыншы жылдардың аштық құрбандарына ескерткіш орнатылады» деген тас қойып барлық мәселені «бітіріп» отыр. Бұл тас 1992 жылы қойылған болатын. Содан бері  18 жыл өтті, оның 8-і, яғни 2000-н 2008 жылдары Қазақстанның экономикасы үшін қаржының «тамылжып құйқылжыған» табысты жылдарында ел билігі ескерткіш салуға қаржы таба алмады. Өз өмірін коммунистік режимнің  зорлықпен жүргізген ұжымдастыруына, индустрияландыруға және басқа да толып жатқан қанды сынақтар үшін құрбан еткен туған халқының, ата-бабасының, әруақтарының рухын мәңгілеуге, еске алуға қарсы биліктің осындай қиянат, сұрқия  алдамшылық жасап отырғанына ешбір ұялатын түрі жоқ.

Данила  Бектұрғанов, саясаттанушы.

Қазақшаға аударған — С.Жүсіп

2 — сурет Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш қойылуы тиіс жердегі құлыптас

3 — сурет Украина, Киев қаласындағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы