Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Тұрсын Жұртбай. «Көтеріліп-басылған жанартау» (жалғасы)

Дата: 04 февраля 2011 в 01:50

Тұрсын Жұртбай. «Көтеріліп-басылған жанартау» (жалғасы)

(Әлiмхан Ермеков)

2.
Бұл өтiнiшi Қазақ Атқару Комитетiнiң алқасына жеттi ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннiң өзiнде Ораз Исаев сияқты дәбiрлер ештеңе iстей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушiнiң, ары кетсе Орталық Комитеттiң бақылау бөлiмiнiң тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейiн жауаптың аңысы өзгерiп, өмiрбаяндық сипат алады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Революцияға дейiн оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетiн қаржыны өзiмнiң маңдай терiммен таптым. Төңкерiстен бергi менiң қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердiң атқару комитетiнiң президиум мүшесi, Қазақ облыстық комитетiнiң мүшесi, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесi облыстық атқару комитетiнiң мүшесi, Бүкiлқазақтық «Алашорда» халық кеңесiнiң орталық кеңесiнiң мүшесi, губерниялық земство басқармасының меңгерушiсi, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттiң мүшесi, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттiң мүшесi және ВЦИК-тiң жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетiнiң өкiлдiгiнiң төрағасының мiндетiн атқарушы, губкомның және мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнiң төрағасының орынбасары мiндеттерiн педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдiм. Ауыл шаруашылығы банкiсiнiң басқарма мүшесi болдым, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында iстеп келемiн. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттiк университетiнiң математика кафедрасының доцентi боп iстедiм. ҚССР кеңесiнiң соңғы екi құрылтайында ҚССР Аткомының мүшесi болып сайландым», — деп мағлұмат берген.
Бұл қызметтердiң барлығы 1918-1920 жылдардың арасындағы қысқа мерзiмдi қамтығандықтан да, анкеталық анықтама ретiнде:
Әлiмхан Ермеков: — 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезiнде туған. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебiне, 1905 Семейдегi мұғалiмдер гимназиясына, 1912 жылы Томскi технология институтының матеметика факультетiне түскен (оны 1922 жылы тәмәмдаған), — деген деректi қосымша ұсына кетемiз.
Оның бұдан кейiнгi мағлұматтары алдыңғы көрсетiндiлерде баяндалған жайларды қайталайды. Сондықтан да жылнамалық тәртiптi сақтау үшiн қарашадағы жауапты назарға алдық.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Алашорданың» жүргiзген iсiне тоқталып жатпай-ақ, оның бiр мүшесi ретiнде менiң кейiнгi iс-әрекетiмнiң бағытын өзгерткен тарихи тәжiрибеме тоқталсам да жеткiлiктi».
Бұл «тарихи тәжiрибе» — 1917 жылы 21-26 шiлде күндерi өткен I Бүкiлқазақ құрылтайына Семей облысынан өкiл боп сайлануынан, ал оның дербес саяси жанталасқан күресi 1917 жылғы 9 қазан күнгi Сiбiр облыстық құрылтайындағы:
«Сiбiр халықтарының арасында өзара ынтымақтастық болған жоқ, әр ұлт өзiнше өмiр сүрдi, ортақ мүдделерi анықталмады. Ендi бiз өз өмiрiмiздi өзiмiз игеруге мүмкiндiк туғанда, бүкiл Сiбiр жұрты өзiнiң мұқтаждықтары туралы бар дауыспен арындай айтуы үшiн барлық ұлттардың тұтастығы аса қажет», — деген (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 181-бет) ұранмен басталды.
Сiбiр құрылтайында қазақ ұлтының дербес мемлекеттiгi мен ұлттық автономиясы, «жер автономиясы», «мәдени автономия», экономикалық автономиялық құрылым туралы Ә.Бөкейхановтың баяндамасы арқылы тұңғыш рет саяси мiнбеде талқыға ұсынылды. Екеуiнiң үзеңгiлестiгi осыдан кейiн ажыраған жоқ. Алаш автономиясына қатысты барлық саяси талқыда солармен бiрге тезге түстi. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен II Бүкiлқазақ құрылтайында үкiмет мүшелiгiне сайланды. Сөйтiп: «Мемлекеттiктiң негiзi:1. Жеке территория үшiн. 2. Онда тұратын ұлттың. 3. Елдi билейтiн үкiметтiң» атынан саяси сахнаға шықты.
Жалаң идеядан басқа қаруы жоқ Алаш үкiметiнiң жалтаңкөз болмасқа шарасы да жоқ едi. Күнде болмаса да ай сайын аударылып-төңкерiлiп тұрған үкiметтердiң аранын арбап, ұлтты қырғыннан аман алып қалу мақсатында, Аятолла Хомейни айтқандай, «шайтанның да тiлiн тауып, дос болуға» тура келдi. Алаш автономиясын мойындауға ықылас бiлдiрiп:
«1918 жылы 2 көкек күнi Ленин мен Сталин екеуi «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерi Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаббасовпен және Ә.Ермековпен тiкелей байланысқа шықты» (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. М. 1974 стр. 352).
Кеңес өкiметiнiң ондағы мақсаты Қазақ даласын басқару жөнiндегi әскери-революциялық кеңестiң төрағасы С.С.Пестковскийдiң айтуынша:
«Ендi Түркiстанға Еуропаның Азиядағы қақпасы болуы ғана қалды, социалистiк идея мен саяси еркiндiктiң тасқыны кеңестiк Ресейден, әлемдiк революцияның қазiргi отанынан Түркiстан арқылы Азияға ағылуға тиiстi... Түркiстанның мұсылмандарын қаратса, Ауғанстан мен Персия да бағынады, ал оның ар жағында Монғолия мен Индияға да жол ашылатын» едi.
Төңкерiстiң қазақ даласындағы I Петрi, қазақ елiнiң кеңестiк көсемi Пестковскийдiң арманы, мiне осындай болатын. Сондықтан да «Алашорда» үкiметi Кеңес өкiметiн алдарқата отырып Сiбiр үкiметiмен де, Құрылтай үкiметiмен де ресми байланыс жасап, келiсiм жүргiзуге мәжбүр болды. Қалайда қазақ автономиясының мойындалуына мүдделi тұста Әлихан Бөкейханов тағы да Әлiмхан Ермековтi жау мен даудың өтiне шығарды. Одан басқа шара да қалмаған едi.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердiң — колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезi болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған едi. Жұмысшылармен, шаруалармен бiрге сорлы қазақ елi де майдан даласына тән террорды, езгiнi, басынуды бастарынан кештi. Губерниялық, уездiк жер басқармаларының мүшелерiн, «Алаштың» орталық кеңесiн тұтқындау күн өткен сайын жиiлей бердi. Олардың кейбiреулерi әскери-дала сотына берiлiп, дарға асылуға дейiнгi жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесi Ақбаев (Ж.Ақбаев — Т.Ж.) «большевиктердiң төңкерiсiне көмектесу үшiн қару жасырғаны үшiн» ату жазасына кесiлдi».
Төрт жақтан: Кеңес өкiметiнiң, Сiбiр уақытша үкiметiнiң, Құрылтай мәжiлiсi үкiметiнiң және iшкi большевиктiк бағыттағы кеңесшiл депутаттар мен казактар жүздiгi тарапынан алқымға алынып, таланға түскен қазақ елiн қалайда қорғап қалу үшiн, қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл түрде саяси бұрылыстар жасап отыруға тура келдi. Сенiп отырған Семейдегi Кеңес өкiметi 18 мамыр күнгi қазақ құрылтайын қызыл әскер күшiмен таратып, көсемдерiн қудалауға кiрiстi. Алаш қаласы:
«Қаңырап бос қалды, ондағы барлық қазақ тұрғындары қырға шығып кеттi. Қызыл әскерлер жаппай тонауға кiрiсiп кеттi, бiр тал бауырсақты да қалдырмады».
Бұған қарсы жауап ретiнде «Алашорда» үкiметi:
«Алаш автономиясының территориясында кеңес өкiметiнiң барлық декреттерi заңсыз, орындауға жатпайды» , — деген қаулы қабылдады.
Капитан Х.Тоқтамышев басқарған «Алашорда» жасағы Ертiстiң қыр жағалауындағы Алаш қаласын қорғанысқа алды, әскери iске Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, М.Тынышбаев, А.Тұрлыбаев, Б.Маметов астыртын жетекшiлiк еттi. Ә.Ермеков саяси мәселелермен айналысу үшiн қалада қалды. Достықтан дұшпандыққа бет алған совдеп мүшесi Е.А.Самойлов бұл қарбалас туралы:
»... кеңес өкiметi құлауға тақаған сайын оған қарсы қолданылған шаралар да үрейге толы болды, қазақтардың шабуылынан қорғану үшiн қоршаулы қалқан тұрғызылды, төңкерiстен бiр ай бұрын түнде Ертiстiң жағалауына қаз-қатар шеп құрып, қыбырлаған қайықты ескертусiз атуға бұйрық берiлдi, соңғы аптада параходтар түнде қазақ жағалауына прожектор жарығын түсiрiп тұрды. Шындығын айтқанда, бiздiң совдеп қазақтардан қатты қорықты», — деп жазды.
Ақыры, 11-шiлде күнi Семейде кеңес құлады да Сiбiр уақытша үкiметi ендi Кеңес өкiметiмен келiсiм жүргiзген Алаш көсемдерiн жаппай жазалауға көштi. Жақып Ақбаевтi 7 шiлде күнi тұтқындап, 10 шiлде күнi Колчактың әскери-далалық соты өлiм жазасына кестi. Ыдырыс Мұстамбаев та дар алдынан қайтты. Ә.Бөкейхановтың жарлығымен: автономияның жерiн уақытша пайдалану туралы қарар шықты, жерге жеке меншiк жойылды, қазақ сот құрылымы бекiтiлдi. Сөйтiп:
«Бiз өзiмiздiң автономиямызды өз күшiмiзбен қорғаймыз және Ресейдi немiстер мен большевиктердiң зорлығынан қорғап, Ұлы Федеративтiк Ресей республикасын құруға ұмтылған бүкiлресейлiк өкiметке қарымды көмек көрсетемiз», — деп жариялады (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 224-бет).
«Алашорданың» бұл бағытына Сiбiр уақытша үкiметi басқаша «жауап бердi».
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Омбыда келiсiм жүргiзiп жатқан кезiнде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзi де тұтқынға алынды. Жергiлiктi газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерiн большевиктерге бүйректерi бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетiн қараңыз)».
Бұған қоса Сiбiр Далалық корпусының командирi П.Иванов-Ринов Семей облысындағы барлық кәсiпорындарды үкiмет меншiгiне алып, «Алашорданың» қаулыларын жоққа шығарды.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Ақырында он алтыншы жылғы көтерiлiс кезiнде Жизақ қаласы тұрғындарының бiрiн қалдырмай қырып-жойғаны үшiн «Жизақтық» деп атанып кеткен Колчак диктатурасының әскери министрi Иванов-Ринов тек «Алаш» автономиясы мәселесiн көтергенi үшiн ғана қазақ (сол кездегiше айтсақ қырғыз) зиялыларының бiрiн қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елiн билеуге болады — деп ойлады. «Алашорданың» қызметiнде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру туралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнiнде: «Алашорданы» — «Ералашорда» деп атаған Сiбiр үкiметiнiң пiкiрi шындыққа келетiн».
Мұндай қанды да қатерлi қарбалас тұсында саяси мәмiлегерлiктiң салмағы зейiнi зерек, ширақ та батыл, еркiн ойлы өжет азамат Әлiмханға түстi. Ал Райымжан Марсеков: 1) Алаш жасағын. 2) Алаш сотын «Алашорда» құрамында дербес қалдыру мәселесiн көтердi. Облыстық комиссар Г.Г.Крот 9-шiлде күнi Р.Марсеков пен С.Дүйсенбиндi «сотпен тергеу iсiн» тоқтатпау үшiн комиссия құрамына енгiздi. 1918 жылы 10-шiлде күнi Сiбiр үкiметiнiң Батыс-Сiбiр комиссариатына Мәмiлегерлiк ұсыныс хатын тапсырды. Онда:
«Ресей халқы мен шет аймақтағы ұлттардың саяси өрлеуiне негiз қалаған ақпан төңкерiсiнiң жеңiстерiн қорғайтын Сiбiр үкiметiн қыр елi де жан-жақты қолдайтынын бiлдiре келiп, Сiбiр Уақытша үкiметiне: II Бүкiлқазақ құрылтайы бекiткен Алаш автономиясының ұлттық-территориялық тұтастығын мойындау, шекаралық тұрғындардың пiкiрлерiмен санаса отырып шешiлетiн жер мәселесiн заңды түрде тану туралы жоба ұсынылды».
1918 жылдың 29-30 шiлдесiнде және 2-3 тамызда Сiбiр Уақытша үкiметiнiң халық ағарту министрi В.В.Сапожниковтың төрағалық етуiмен, құрамында әскери мекеменiң өкiлi В.Л.Попов, Iшкi iстер министрiнiң орынбасары П.Д.Михайлов, жер және отарлау министрлiгiнiң өкiлi А.М.Яромыш, «Алашорданың» жетекшiсi Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және капитан Х.Тоқтамышев автономия жобасын талқылады. «Алашорданың» қазақ жерiндегi бiрден-бiр және ешқандай қол сұғуға жатпайтын мемлекеттiк орындаушы құрылым ретiнде танылуы — «Алашорда» үкiметi тарпынан шұғыл шара қолдануды талап еттi. Ең бастысы өзiнiң мемлекеттiк қуатын көрсету үшiн Сiбiр армиясы қару-жарақпен қамтамасыз еткен алаш полкi жасақталып, Жетiсу майданына аттанып кеттi. Бiрақ бұл да әскери және саяси арандату болып шықты. «Алашорда» әскерiнiң майдандағы беделiнiң өсуiне байланысты ұлттық құрылым мәселесi үздiк-создық талқыланып, ақыры үкiмет кеңесшiсi К.Г.Дишлер:
«Алашорданың» талабы аса зор, бiрақ нақты негiз жоқ. Егер де ұсынған жобаны комиссия қабылдайтын болса, онда Сiбiр Уақытша үкiметiнiң көмегiмен жаңа мемлекеттiк тұлға өмiрге келетiн болады, ал мұны мен заңдық тұрғыдан қате, саяси тұрғыдан мақсатсыз шара деп есептеймiн», — деп (сонда, 235-бет) қорытынды шығарды.
Ал «Сибирская речь» газетi:
«Тек өзiн-өзi құртуға бет алған мемлекет қана бұратаналардың мұндай жiкшiлдiгiмен өз еркiмен келiсуi мүмкiн... Тек қана олардың мәдени-ұлттық қажетiн өтеумен шектелген дұрыс... Олардың талаптарын орындамаған жағдайда «Алашорданың» Сiбiрмен одақтастығын үзетiнi және өз беттерiнше автономия жариялайтыны туралы көрсеткен сесi — мәмiлеге қол жеткiзетiн тактикалық қадам емес», — деп (сонда, 235-бет) бағалады.
Колчактың қырғи қабағын аңғарған «Алашорда» үкiметi жоғарыда көрсетiлген жобаны қабылдаған Самара Құрылтай мәжiлiсi үкiметiмен (Комуч) саяси одақтасуға ұмтылды. 1918 жылы 25 қыркүйекте Комучтi алмастырған Уақытша Бүкiлроссиялық үкiмет — Директория: «Алашорда» үкiметiн тану туралы Декларация қабылдады. «Алашорданың» атынан Декларацияға Ә.Бөкейханов пен И.Әлiмбеков қол қойды. Ол туралы Комуч мүшесi И.Майский:
«Самараға, тiптi Сiбiр үкiметiмен тiл табыса алмаған Комитеттен өздерiнiң «Алашордасын» саяси тануды қалаған және қару-жарақ алғысы келген қазақтар да келдi», — деп өктем үнмен жазды (сонда, 252-бет).
Шындығында да бұл «Алашорда» үшiн ең жауапты әрi ауыр кезең едi. Анталаған араннан қалай да қорғансыз елiн арашалап қалу мақсатында барған саяси қадам болатын. Ашынған Колчак та, Комуч та екi иығын жұлып жеген таланды ұрғашы арыстандай ызалы, қатыгез, жау мен досты айыра алмайтындай қандыкөз күйге түсiп едi.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): Колчактың жанталасы, өлiм алдындағы ант мезгiлi басталды. Бiз, земство қызметкерлерi, ұлттық кадрлар осындай от пен судың сынағынан тәжiрибе ала отырып, қазақ төңкерiсi тұсындағы ұстанымдарымызға, Сiбiрде төңкерiс жасаған эсершiл чех-словак әскерiне iш тартқан әрекеттерiмiзге сын көзбен қарауымыз керектiгiн түсiндiк. Террор барған сайын күшейе түстi, бұдан әрi қалада қалу өмiрiмiзге қауiп төндiрдi. Семейдегi төңкерiстен бiрнеше күн бұрын далалық әскерлер шегiне қалған жағдайда көзi құртылуға тиiстi адамдардың тiзiмi тұрғындарға таратылды. Тiзiмнiң iшiнде бiздiң де атымыз бар екен-мыс. Сондықтан да мәжiлiсте: қызыл армия келгенше қырға шығып кету керек, ал Семейдегi төңкерiс басылғаннан кейiн қалаға қайтып оралу керек — деп шештiк. Бiрақ Семейге қайтып келу де қиын болатын. Өйткенi: қазан төңкерiсiне деген терiс ұстаным, чех-словак эсэрлерiнiң әскерiне көрсетiлген көмек, құрылтай Мәжiлiсiн қолдау (Ресей ұлтшылдарының үкiметi — Т.Ж.) «Алашорданың» бетiне шiркеу түсiрген болатын. Соған қарамастан: ешкiм де Қазақстаннан тыс жерге кетпесiн, ешкiмде шекара асып шет елге өтпесiн, Бөкейхановтан басқаларының барлығы Семейге қайтып келсiн, — деп ұйғарым жасадық».
Уақытша Бүкiлроссиялық үкiметтiң — Директорияның талқылауы арасында 11 қыркүйек күнi «Алашорданың» төтенше кеңесiн өткiздi. Оған Ә.Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, А.Бiрiмжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев қатысып, «Ойыл уәлаяты» «Алашорда» автономиясымен ресми бiрiктiрiлiп, «Алашорданың» Шығыс және Батыс бөлiмдерi құрылды. Омбыда өткен Директорияның 4-қараша күнгi қарары бойынша «Алашорданы» территориялық басқару құқы ғана мойындалып, автономия туралы шешiмi күшiн жойды. Қалыптасқан әскери жағдай мәжбүр ете қалса, Қазақ — Башқұрт республикасын құру жөнiнде Заки Валидовпен шарт жасасты. Мұндағы мақсат — әскери қуаты күштi, Ленин мен Сталин сескене қараған Башқұрт республикасымен бiрiгiп, «Алашорданың» мысын көтеру, Орынбор мен Орынбор облысын өзiне қаратудың амалы едi. Егер де бұл территория РСФСР-дiң құрамына қарап кетсе, Башқұрт, Татар, Қазақ республикаларының арасы бөлiнiп, түркi жұртының iргесi ажырап кету қаупi туатын. Ендi саясат сахнасына құқықтық-басқару мәселесi туралы қисындар шықты. Қызыл әскердiң қысымы күшейiп, басымдылық таныта бастады. Саясат сахнасына тағы да Кеңес өкiметi шықты.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Бұл шешiмге тоқтам жасатқан: төңкерiс тұсында жинақталған ауыр тәжiрибелер мен Колчак пен қаптаған атамандардың кезiндегi террорлық зорлық-зомбылық едi. Сонымен қатар, кеңес өкiметiнiң халықтардың ерiктi құқығы туралы декларациясы, «Алашорданың» кейбiр мүшелерiнiң Москвадағы тiкелей келiсiмдерi, «Алашорданың» Семейдегi бөлiмi мен Москваның арасындағы тiкелей байланыстың нәтижелерi де ықпал жасады. Дутовтың бандыларының арасынан екi-үш адамдық шағын топпен қалаға кiрдiк. Қалаға кiрiсiмен Сiбiр ревкомының мүшесi жолд. Косаревтiң (қазiр ОК-тiң мүшесi) губерниялық үкiметтi құрып, жетекшiлiк ету үшiн Семейге келгенiн естiдiм. «Алашорда» мүшелерiнiң iшiнде жалғыз мен ғана қалада екенмiн, сондықтан да жалғыз өзiм шұғыл түрде Косарев жолдасқа бардым. Мен оны «Алашорданың» iс-әрекетiмен қысқаша таныстырып өттiм. Қазiргi жағдайда қабылданған шешiм мен өзiмнiң келу мақсатымды баян еттiм. Косарев жұмысшы қазақтармен бiрнеше рет бас қосу өткiздi де, солардың келiсiмiмен менi губревкомның құрамына енгiздi.
Төңкерiс тұсындағы өткен баспалдақтар ұлттық қозғалыстың мүшелерiне өте маңызды әрi құнды тәжiрибелер үйреттi...»

1918 жылдың екiншi жартысы мен 1919 жылдың 11 айы, шындығында да «қозғалыс мүшелерiне өте маңызды әрi құнды тәжiрибе» үйреттi. «Шығыс Алашорданың» Кеңес өкiметiмен «қайтадан қойындасып», бейтарап саясат ұстануына Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылғы көкек айындағы Мәскеумен келiсiмi, Кеңес өкiметiн «Алашорданың» мойындауы әсер еттi және: «Дәл қазiр атамандардың арасындағы аранда қалған «Алашорданың» Шығыс бөлiмi бiрден кеңес өкiметi жағына шығуға мүмкiндiгi жоқ», — деген мәлiмдемесi мен «Батыс Алашорданың» Кеңес өкiметiмен арадағы жүргiзген саясатының нәтижесi болатын. Бұл мәселелер алдыңғы тарауларда жан-жақты тәптiштеле талданғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймыз. 1919 жылы 4 қараша күнгi Ә.Бөкейханов шақырған кеңесте «Алашорданың» Кеңес өкiметi жағына шығатыны туралы шешiм қабылданды. 18 қараша күнгi Семей облыстық ревкомының мәжiлiсiне Ә.Ермеков, М.Әуезов, Р. Дүйсебаев қатысты.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Осыған байланысты мен өзiмнiң партияға мүше боп өту туралы көзқарасымды да бiлдiре кетейiн. Жолдастарымыз қырдан қалаға қайтып келген соң мен ВКП-ның қатарына өтудi мәселе етiп қойдым. Қарсы шығып сөйлеген Ғаббасовтың басты дәлелi: қазақ арасында пролетариат жоқ — дегенге сайды. Пiкiр таласымыз белгiлi бiр шешiмге келуге мүмкiндiк бермедi. Мен шұғыл түрде: Семей облысын Қазақ революциялық әскери комитетiнiң қарамағына беру мәселесiн шешу үшiн Орынборға iссапарға жүрiп кеттiм. Орынборда бiрден менi: Семей және Ақмола облыстарын Қазақ революциялық әскери комитетi басқармасының құрамына кiргiзу туралы мәселенi күн тәртiбiне енгiзу үшiн және республиканың құрылғанын жариялайтын декреттi дайындау үшiн Москваға жiбердi».
«Алашорда» үкiметi туын түсiрiсiмен автономиялы республика деңгейiнде қалып отырған Башқұрт үкiметiнiң төрағасы З.Валидов бұрынғы келiсiмшартты негiзге алып, 1919 жылы 13 желтоқсан күнi Қазақ — Башқұрт республикасын құру туралы ұсыныс түсiрдi. Бүкiлодақтық Атқару Комитетiнiң президиумы саяси оқиғаның күш алып кетуiнен сескенiп сол күнi Орталық Комитеттiң төралқасы төтенше отырыс жасап:
«Қазақ — Башқұрт республикаларының қосылуы туралы мәселе мақұлданбасын», — деген қарар шығарды.
15 желтоқсан күнi Қазақ, Башқұрт, Татар республикаларының шекарасын межелеу туралы мәселе қаралды. З.Валидовтiң талабы большевиктердiң уәдесiн орындауға ықтияр еттi. 1920 жылы 9 наурыз күнi Қазақ Әскери-революциялық кеңесi «Алашорда» үкiметiнiң тағдырын бүтiндей шешiп берген бұйрық шығарды. Онда:
«1. Өзiн «Алашорда» деп жариялаған үкiмет және соған қарасты барлық жергiлiктi мекемелер, РСФС-дiң конституциясында бекiмегендiктен де, таратылсын. Ол өмiр сүрген кездегi шығарылған заң, нұсқаулар мен бұйрықтар жарамсыз деп табылады. Барлық мүлiк пен ақша белгiлерi, қару-жарақ, әскери қор мен жабдықтар тиiстi комиссариатқа және аймақтық, облыстық уездiк ревкомдардың арнайы бөлiмiне тапсырылсын», — деп (сонда, 343-бет) атап көрсетiлдi.
Сөйтiп «мәңгiлiк ерiктi елдi» аңсаған Алаш идеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап 1920 жылдың 9 наурызына дейiн, тура 711 күн тәуелсiз өмiр сүрдi. Сол күнi Ә.Ермеков, Д.Ж.Төленов губревкомның құрамына кiрдi. Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикiбаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөлiмiне қызметке бекiтiлдi. Тек Ә.Бөкейханов қана автономия жарияланғанша өзiн большевиктердiң ықпалынан тыс ұстап, автономия туралы қаулыны қасарыса талап еттi.
Қазақ әскери-ревкомы 1920 жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссиясын құрды. Оның құрамына Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев кiрдi. Шекара межесiн белгiлеу үшiн Ә.Ермеков Кремльге жiберiлдi. Бұл Ә.Ермековтiң саяси қайраткерлiгiнiң ең жауапты және қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiн қалаған аңсарлы күндерi едi.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Москваға барғаннан кейiн ревком мүшелерi маған республиканың шекарасын анықтау үшiн тиiстi құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөнiндегi халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын — Т.Ж.) декреттiң жобасын жасауды тапсырды. Осы мiндеттердi жүзеге асыру үшiн менi ВЦИК-тiң жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетiнiң өкiлдiгiне уақытша уәкiл етiп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестiм. Олар менiң жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менiң солшыл пiкiрлерiмдi бiраз тыңдап тұрды да, сынауға көштi, бiздiң пiкiр алысуымыз ерегеске ұласып кете жаздады».
Қазақ автономиясын құру жұмысымен Сталиннiң өзi тiкелей араласып, 1920 жылы 18 мамыр күнi Сiбiр, Түркiстан, «Мусбюро», Орынбор, Челябi, Бөкей ордасы, Қазақ ревкомдары өкiлдерiн және «Алашорданың» барлық көсемдерiн, оның iшiнде басты адам ретiнде Әлихан Бөкейхановты қадағалай шақыртып, «Қазақ өлкесiн басқару мәселесiн» талқылады. Осы ретте бiз қазақ мемлекетi үшiн аса бiр тағдырлы да талмауытты және осы уақытқа дейiн тарихшылар нақты талап бере алмай жүрген оқиға болғандықтан да Ә.Ермековтiң тергеушiге берген көрсетiндiсiне қоса алпысыншы жылдардың соңында «Бiлiм және еңбек» журналында жарияланған, сол үшiн бас редакторы Талап Сұлтанбеков орнынан алынған мақаланы, бауырлары К.Мәкенбаев пен Қ.Сәдуақасовтың басылымындағы мәтiндi өзiмiздiң қолымыздағы Ә.Ермековтiң қолжазба нұсқасымен салыстыра отырып пайдаланамыз.
Әлiмхан Ермеков, «Менiң Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуiм»: «Кеңес әскерi Колчактi құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық кеңес өкiметiн ұйымдастыру үшiн Сiбiр ревкомының мүшесi Косарев (Ленин комсомолы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы, белгiлi Косаревтiң әкесi) — Омбы қаласынан Семейге келдi. Ол Семей қаласының жұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бiрнеше жиын өткiзiп, олардың iшiнен сайланған өкiл ретiнде губерниялық революциялық комитетке мүшелiкке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пiкiрiн бiлдi. Оның өзiнiң ұсынысы бойынша Завадский — төраға, Большаков — хатшы және мүше ретiнде Құрамшин, Төленов және мен губерниялық революциялық комитеттiң құрамына кiрдiк.
1919 жылдың күзiнде-ақ РКП(б) ОК мен Кеңес үкiметi Қазақ өлкесiн басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетiн құрған болатын. Оның құрамына: Пестковский — төраға және Әлiби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдiрахман, Арғыншиев Сағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлiбековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин, Бегiмбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кiрдi.
Семей губревкомы басында Сiбiрревкомына қарады, кейiннен Орталықтың қазақ даласын басқаратын қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннан кейiн бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды.
Кезек күттiрмейтiн бұл мәселенi шешу үшiн 1920 жылы мамыр айының басында мен Орынборға iссапарға жiберiлдiм, қазақ әскери ревкомы және бiздiң республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезiндегi уақытша орталығы осы Орынбор болатын.
Екi облыстың — Семей және Ақмола облыстарының қазақ әскери ревкомына қосылуы және оның қарамағына берiлуi мәселесi Орынбор қаласындағы мәжiлiсте барлық мүшелердiң қатысуымен талқыланды. Талқылауда: болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кiретiн Қазақ өлкесiндегi барлық облыстарды белгiлеу және олардың шекарасын анықтау мәселесi көтерiлдi».

Бұл — империя мен отар елдiң арасындағы ең күйiнiштi де сүйiнiштi, мүдделерi тоғыспайтын, жүйкенi шүйкелейтiн жанкештi жұмыс едi. Ал Әлiмхан Ермеков үшiн болашақтағы тәуелсiз Қазақстанның территориясын анықтап беруi тиiс ұлт аманаты болатын.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Мұндай үлкен жұмысты жүргiзу үшiн Қазақ әскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесi, оның iшiнде шекара мәселесi» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қазақ революциялық әскери комитетiнiң шешiмiмен ВЦИК-тiң жанындағы Қазақ әскери ревкомның өкiлеттi коллегиясының төрағасы болып тағайындалдым, әрi ВЦИК-тiң президиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялық әскери комитетiнiң мүшесi болып бекiтiлдiм. Қазақ революциялық әскери комитетiнiң мүшелерiнiң қатарына, сондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кiрдi. Мәскеуде жүрген 4 ай уақыттың iшiнде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерiмен тығыз байланыста болдым. Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелерi жөнiнде тиiстi нұсқаулар алып тұрдым».
Сол жылы 23 шiлде мен 7 тамыз аралығында өткен III Интернационал конгресiнiң қарсаңында ұлттық автономия мәселесi ең басты саяси пiкiр таласына айналды. Алаңдататын оқиғалар күн сайын шиеленiсе бердi. Кеңес өкiметi кез-келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкiн едi. Соның бiр айғағы ретiнде 1920 жылы 19 мамыр күнi бұрынғы тәуелсiз Башқұртстан үкiметi — «Ресейдiң автономиялық губерниясы» деп жарияланады. Бұрынғы келiсiмшартты бұзуының себебiн сұраған З.Валидовке Ленин:
«Сiз мұндай адамгершiлiк мәселесiн неге негiздеп айтып отырсыз? Сiз өзi қандай революционерсiз? Сол келiсiмге неғып жабысып қалдыңыз? Сiз бен бiздiң келiсiмшартымыз — бiр жапырақ қағаз ғана, ол ештеңенi мiндет етпейдi... Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегi орыс пролетариатына сүйенетiн болады, ал сiздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесiздер, немесе қандай сенiм көрсетесiздер, сондай деңгейде ғана сенiмге ие боласыздар. Ресей жерiнде социализм толық орнаған соң да бұл сенiмсiздiк сақталып қалатын болады. Тiптi социализм бүкiл әлемде жеңiске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың — ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың «басшылығы» жойылмайды», — деп жауап бередi.
Бұл З.Валидовтi үлкен тәуекелге жетелеп, Мәскеуде жүрген Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен, Ә.Ермековпен, Т.Рысқұловпен пiкiр бөлiседi. Алайда Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековтiң бар күш-назары Қазақ автономиясының шекарасын анықтауға жұмылдырылып едi.
Ә.Ермеков (жалғасы. Түрме көрсетiндiсiнен): «Ара-арасында жауапты қызметкерлер, әр республикадағы ревкомның мүшелерi, солардың iшiнде менiң тергеуiме тiкелей қатысы бар Байтұрсынов, Рысқұлов, Валидов Москваға келiп-кетiп жүрдi. Байтұрсынов Кирвоенкомның мүшесi ретiнде келген сайын өкiлдiкке жиi келiп тұрды. Сирек те болса Валидов те келетiн. Бiрде маған Байтұрсынов: кеңес өкiметiнiң саясатына Валидовтiң риза емес екенiн, мүмкiндiгi болса Индиямен байланыс жасағысы келетiнiн, сол жақта жүрiп революциялық қозғалыс ұйымдастырғысы келетiнiн, тәуелсiздiктi қарумен орнатқысы келетiнiн, мұны кеңес өкiметiнiң iшiнде жүзеге асыруды ойластырып жүргенiн айтты. Бұған Рысқұлов та мақұл сияқты көрiнедi дедi».
Т.Рысқұлов араға жылдар салып барып: «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрреволюциялық «Иттиһад уә таракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннiң қабылдауына кiрдi. Делегация Москваға барған соң белгiлi башқұрт буржуазияшыл-авантюрисi Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесiп, «Иттиһад уә таракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтiп өздерiнiң кiм екенiн ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә таракки» ұйымының ташкенттiк белсендiлерiнiң алдында есеп бердi, делегация ұсынған платформа белсендiлердiң қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиiстi бағдарлама ретiнде қабылданды» — деп жазады. «Правда Востока» газетiнiң биылғы жылғы 14 желтоқсандағы санында жолд. Петерстiң сол сөзi сәл қырналып, нақтылана түсiптi. Онда: «Бұл арыздың мәтiнi «Иттиһад уә тараккидiң» iшiнде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунiгi Көшербаев барды. Москваға барысымен комиссия белгiлi башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездестi. Кеңесте кеңес өкiметiмен күресудiң жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә тараккидiң» кеңесiнде тобымен отставкаға кету туралы шешiм қабылдады» — делiнiптi...», — деп жоғарыдағы деректi мойындаудан бас тартты.
Валидов (жалғасы): »...Бұл шындық (Лениннiң сөзiн меңзеп отыр — Т.Ж.) бiздiң алдымызға кеңес өкiметiне қарсы пәрмендi және ашық түрде күрес жүргiзу қажеттiгiн мiндет етiп қойды. Сол күндерi Ташкенттегi олардың пiкiрлестерi Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркiстан комиссиясының және Түркiстан атқару комитетiнiң (ТурЦИК-тiң) құрамынан шығарылды. Бiз, Ахмет Байтұрсынов екеумiз 29 маусым күнi Москвадан кетiп қалуға келiстiк. Бұған Сталин рұқсат бермедi, бiрақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемiн — деген сылтау айтып Орталық Комитеттiң хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдiң рұхсатын алдым...».
Коминтерндi пайдалана отырып дербес Түркiстан коммунистiк партиясын құруға ұмтылған iшкi қозғалысқа Ә.Ермеков (жалғасы):
«Мен бұған үзiлдi-кесiлдi қарсы шықтым: Колчактың терроры мен зорлық пен қорлығынан жаңа ғана құтылдық, кеңес өкiметiнiң арқасында ғана мұнда республиканы ресми түрде жариялауға мүмкiндiк алып отырмыз, сөйте жүрiп мұндай екi жақты келiсiм жүргiзудiң арандату екендiгiн айттым... Байтұрсынов менiң пiкiрiммен келiстi. Мен ол кезде мұны: жеке бастың әлдеқандай бiр себептерiне байланысты туған көңiл-күйдiң уақытша құбылуы шығар — деп бұған мән бермедiм. Валидов өте iскер адам едi... Сол кезде белгiлi бiр дәрежеде жасыңқырап жүрген Рысқұловты Валидов өзiнiң қиялымен баурап алғысы келген болуы керек. Онымен (Валидовпен) бiрiншi және соңғы рет кездескенiмде мен оған Қазақстанның өкiлi ретiндегi өз көзқарасымды ашық бiлдiрдiм және екеумiз де пiкiр таласына барғамыз жоқ. Қайтып кездескен емеспiз» , — деп қарсы пiкiр бiлдiрiптi.
Әрине тергеудегi жауаптың мазмұнына сақтықпен қараған жөн. Ал сондай қысылтаяң күндердiң бiрiнде кездескен Ә.Ермековтiң атының аталмауының себебiн З.Валидовтiң «Естелiгiндегi»:
«Зияны тимес үшiн бұған қатысқан, қазiр көзi тiрi тағы да екi адамның атын атамауға тура келiп тұр», — деген ескертуiнен аңғаруға болады.
«Естелiктер» жарияланған жылы Әлiмхан Ермеков тiрi болатын.
З.Валидов (жалғасы): »...Сол күндерi қазақ қайраткерлерi де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргiзiлiп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистiк партиясы құрылды, бiз Түркiстандағы социалистiк қозғалыстың басын бiрiктiрiп, дербес социалистiк партия құрып, оны Россия компартиясынан бөлiп алып, III интернационалға дербес мүше ретiнде кiрудi жоспарладық... Бұл кезде (1920 жылы — Т.Ж.) қазақ пен өзбектiң көрнектi қайраткерлерi Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық Комитеттiң жанындағы мұсылман коммунистерi бюросы соңғы демiн алып жатқан. Өлiп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркiстан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедiк. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшiн Башқұртстанда жүрген кезiмнiң өзiнде Түркiстанға 14 адам жiберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргiзiлдi» , — деп (268-бет) еске алады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Тек 1917 жылы шiлде айында өткен бүкiлқазақтық құрылтайда ғана құрылтайдың шешiмiмен «Алаш» өлкелiк-ұлттық автономиясы жарияланды. Осы құрылтайда Түркiстанмен қосылу мәселесi де шет жағалап жалпылама қозғалды. Құрылтай көсемдерi, соның iшiнде шығыс облыстарының өкiлдерi: онда үлемдердiң ықпалы күштi, дiни фанатизм бар, деспоттық билiк жойылмаған, осы бағыттағы шет ел мемлекеттерiнiң әсерi күштi — деген уәж айтып, Түркiстанмен қосылуға түбегейлi қарсы шықты. Маған келетiн болсақ, мен сол көзқарасты 1925 жылға дейiн де ұстандым».
З.Валидов (жалғасы): «Мен өтiрiк пен көлгiрсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрiнсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар едi. Бiрақ та бiздiң төзiмiмiздiң төлеуiн өтейтiн еш үмiт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркiңмен тәуекел етесiң. Мен онда (Түркiстанға — Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейдi. Мен өз басымды ғана оққа тiгiп отырмын. Менiң сенiмдi достарым бар, олар мен қал десем де қалмайды, бiрге жүредi... Шығыс түркi өкiлдерiне, соның iшiнде Тұрар Рысқұловқа да айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзiнiң жақтас коммунисiнiң бiрiне хат жазды«» , — деп шешiм қабылдағанын жазады.
Мұндағы «Бөкей ордасындағы жақтас коммунисi» кiм екенiн тап басып таба алмадық. Дегенмен де Ташкенттегi өзара байланысын ескерсек, Жаһанша және Халел Досмұхамедов екеуiнiң бiрi болуы әбден мүмкiн деп жорамалдауға негiз бар. М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлiбековтi де естен шығаруға болмас. Ә.Әйтиев пен С.Меңдешевке мұндай хабарды жеткiзуi екiталай. Ал Б.Қаратаев пен М.Тұңғашинге сондай сенiммен қарады деудiң қисыны келмейдi. Тергеуден тыс, ол оқиға өткеннен кейiн қырық жыл өткен соң Әлiмхан Ермеков:
«1920 жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейiн Коминтерннiң II конгресiнiң мәжiлiстерi өткен едi. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лениннiң басқаруымен партия мен үкiмет басшылары кiрдi. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келдi. II Конгреске РСФСР Компартиясының делегациясының құрамында Тұрар Рысқұловтың т.б. қатысқаны есiмде. Қазақ автономиясын Ахмет Байтұрсынов бастап барды.
Конгрессте Владимир Ильичтiң: «Егер де алдыңғы қатарлы елдердiң пролетариаты көмек берсе, әлеуметтiк-экономиялық жағынан артта калған елдер капитализмдi орағытып социализмге өте алады», — деген сөзi маңызды теориялық мәнге ие болды. Ең алдымен В.И.Лениннiң осы конгресте немiс тiлiнде сөйлегенi менi таң қалдырды. Мұнда Үндiстан Коммунистiк партиясының лидерi Ройдың өз Отанында ұлттық буржуазиялық-демократтық қозғалысты қолдауға қарсы сөйлегенi көп пiкiрталас туғызғаны есiмде қалды. Владимир Ильич Ройдың бұл пiкiрiне түбегейлi қарсы шығып, империализммен күреске бағытталған ұлт-азаттық қозғалысқа пролетариаттың шұғыл түрде көмек көрсетуi қажеттiгiн батыра айтты. Ағылшын коммунистiк партиясының делегаты Квеч те осындай көңiл-күйде сөйледi. Иә, осы бiр қысқа естелiгiмдi аяқтай келе, мен жас, албырт шағымда Владимир Ильич Ленинмен кездескенiме өзiмдi бақытты санаймын. Оның шабытты да дана, аса адамгершiлiктi кейпi жүрегiмде мәңгi сақталады...»,
— деп еске алды.
Әрине бұл жарияланымда Заки Валидовтiң астыртын жұмысы және оның коминтерннiң конгресi тұсында Ресейден дербес Ұлттық Түркiстан партиясын құруға ұмтылғанының айтылмағаны өзiнен-өзi түсiнiктi.
Алайда осы үш айдың iшiндегi оқиғалар араға жылдар салып барып «Алашорда» қайраткерлерiнiң алдынан шықты. Бұл кездесулер олардың тергеу iсiндегi басты мәселеге айналды. Бұған сәл кейiнiрек қайтып ораламыз.

(Жалғасы. Басы өткен санда)

«Түркістан» газеті

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы