Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Ғабит Мүсіреп. Ататүріктен Манделаға дейін

Дата: 06 февраля 2011 в 18:00

Ғабит Мүсіреп. Ататүріктен Манделаға дейін

Саяси тұлғалар билік олимпіне әртүрлі жолдармен келеді. Оның астарында сан қилы өмірбаян бар. Әрине, мемлекет тізгініне ие болған басшыдан халықтың күтетіні сол елдің өркендеуі, көркеюі, өз мемлекетінің өркениетті әлем кеңістігіндегі айтарлықтай жетістікке жетуі болып табылады. Бұл  тұрғыда мемлекеттің тізгінін ұстаған басшыға, оның саяси, азаматтық ерік-жігеріне көп нәрсе байланысты. Сондықтан біздің бүгінгі әңгімеміз де мемлекет басқарып, халық арасында жақсы есімін қалдырған мемлекет басшылары төңірегінде болмақшы.

«Ұлтқа қожалық  жасауға болмайды. Оған тек қызмет етуге болады. Ұлтқа қызмет жасай білген адам ғана оның қожасы болады». Түріктің тұңғыш президенті Мұстафа Кемалдың (1923-1938) қанатты сөзі бұл. Кемал кенжелеп қалған Осман империясын реформа жолымен қайта өркендеуге бастаған, түрік рухының дем берушісі болған мемлекет басшысы. Сол себепті де Түрік республикасы өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ресми түрде Мұстафа Кемалға «ұлттың атасы» деген ұғымда «Ататүрік» есімі берілді. Бүгінгі Түркияның ғасыр белесінде Еуропа мемлекеттерімен терезесі тең деңгейде қарым-қатынас жасауының арғы түбі осы Ататүріктің қимылымен астасып жатыр. Ол билік басына келгеннен кейін ұлтжандылықты, ұлттық мақтаныш үрдісін қалыптастыруды, қирап қалған экономиканы қалпына келтіруді ең басты мақсат етіп қойды. Оның реформасында әлеуметтік және экономикалық реформалар ерекше орын алды. Қазіргі Түркияның әлемдік дәрежедегі мемлекетке айналуы да осындай реформадан бастау алады. «Менің күшім мен қуатым халықтың маған деген сенімінен құралады» деген де осы Ататүрік. Президент туған халқының сенімінен шығуға бүкіл ғұмырын арнағаны да сондықтан. Түріктер қазіргі қуатты Түркияның әлемдік кеңістіктегі биік беделін Ататүрік жасаған реформамен тікелей байланыстырады.

Өз табысына «сенім, шыдамдылық пен еңбексүйгіштіктің» арқасында жеткен ГФР-дің федеральдық канцлері Конрад Аденауэр (1949-1963): «Мен үшін барлығынан ең маңыздысы қарапайым адам. Егер де олар мені түсінсе, онда менің мақсатыма қол жеткізгенім. Өлімнен қорықпаймын. Мен жоқ кезде Германия мен Еуропа не болады, тек қана сол қызықтырады». Еуропаны біріктіру идеясының атасы атанған Аденауэр өз өмірбаянында өшпес із қалдырды. Соғыстан соңғы қиын кезеңде күйреген Германияның экономикасын, тұрмысын қайта көтеруге күш жұмсады. «Әрбір жұмыс істейтін немістің жеке пәтері мен мәшинесі болуы тиіс» деген де осы Конрад болатын. Осы реформа жолында үзіліссіз ұлан-ғайыр еңбек етті. Әлеуметтік бағдарламаны кеңейтуге ұмтылды. 1956 жылы «Тұрғын үй құрылысы» туралы заң қабылданды. Елдегі жұмыссыздықтың азая бастағаны да осы кезең. Германияда 1955 жылы миллионға жуық жұмыссыз болса, ол 1960 жылы 271 мыңға, 1962 жылы 151 мыңға төмендеді. Тіпті шетелден жұмыс күші келе бастады. 1964 жылы шетелден келген миллионыншы жұмысшы тіркелді. Германия осылайша Аденауэрдің арқасында  экономикада өркендеу жолына қадам жасады. Қазіргі Германияның өркениет үрдісі де соғыстан кейінгі федералдық канцлердің іскерлігімен ұштасып жатыр. Соғыстан соңғы қираған экономиканы озық елдер деңгейіне көтеру халқын шын сүйген қайраткерлердің қолынан ғана келетін қайрат.

АҚШ-тың тарихындағы мемлекет басшыларының ішінде Дуайт Дейвид Эйзенхауэр (1953-1961) ерекше орын алады. Ол әлемге генерал Эйзенхауэр атымен кеңінен танымал. Оның мықтылығы сонда, ол өз көзқарасын қай сәтте болсын ашық білдірген. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, АҚШ Хиросима мен Нагасакиге бомба  тастағанда, бұл әрекеттің барып тұрған жауыздық екенін сол кезде-ақ Эйзенхауэр айыптаған. Сынақты адам жоқ жерде өткізуге болатындығын айтқан да осы генерал. АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін корей соғысын тоқтатып, Вьетнамға әскер жіберуден бас тартты. «Бірде-бір халық тек қана өзі үшін өмір сүрмеуі керек, — деп мәлімдеді ол америкалықтарға. — Егер басқа халықтар өркендемесе, онда Американың гүлденуі де ұзаққа бармайды». Сөйтіп, ол АҚШ тарихында милитаризмге қарсы өзіндік көзқарасымен ерекшеленген президент санатында есте қалды.

Президент Эйзенхауэр бюджет қаржысына қару мөлшерін ұлғайтуға толыққанды қарсы екендігін білдірді. «...Біз тек қана жеке меншікті, байлықты және тіпті біздің үйлерімізді ғана емес, өмірдің барлық салтын қорғауға тиісті екендігімізді ұмытпауымыз қажет. Егер де казармалық мемлекет құруға ұмтылатын болсақ, біздің қорғағымыз келетін нәрсенің өзі жоғалып кетуі мүмкін». АҚШ президентінің КСРО мен ғылыми-техникалық прогреске қатысты бәсекелестікті өрістетуге байланысты айтқаны бұл. Бейбітшілікті басты принцип ретінде ұстанған президентті америкалықтардың ұмытпайтыны да сол себепті.

Шарль де Голль де Франция президенті (1958-1969)  болған кезде француз халқының өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Голль есімі бүгінде Еуропаға ғана  емес, әлемге өзінің жарқын істерімен кеңінен танымал. Француздар оның өмірбаянындағы әрбір сәтті аңыз қылып айтады. Соның бірі төмендегідей. 1940 жылы 18 маусымда Англияға сапары кезінде Шарль де Голль Би-Би-Си телеарнасы арқылы француз халқына үндеу жолдайды.  Студиядағы техник қонақтан дауыс тексеру үшін бір сөз айтуды сұрайды. «Франция» деп саңқ етеді ол. Осы сөзімен-ақ болашақ президент басты мүдде туған мемлекетінің мүддесі екенін айғақтайды.

«Әркім өзінен барлық уақытта Францияның биік мүддесі неге байланысты екенін сұрап отыруы тиіс. Сонда барлығы қарапайымдана түседі». Шарль де Голльдің ұстанымы Францияны мемлекет санатында биіктерден көргісі келетіні де осыған байланысты еді. Ол бүкіл ғұмырын француз мемлекетінің әлемдік аренадағы алатын орнықты орнына жұмсады. Қажетті жерінде өз пікірін ел мүддесіне жығып беріп отырды. Билікті жеке мүддесіне пайдаланған жоқ. Уақыты өтіп бара жатқан кезеңнің тынысын да сезе білді. Халық қолдаса мемлекет мүддесін жеке тірлігінен қашанда жоғары қойды.

Жанармай құю стансасында мотоцикл багын толтырғаннан кейін клиент әрі-бері ақтарып, ақшасын таппай қояды. Станса қызметкері оған күдікпен қарап, жақындай түседі. Мотоцикл жүргізуішісі қалпағын шешіп, амал жоқ, «Ұлы мәртебелі Испания королі өзімен бірге қолма-қол ақша алып шықпағандығын» мойындайды. Әрине, станса қызметкері күліп, болған жәйттің сол сәтте-ақ аяқталғандығын сездіреді. Оған Хуан Карлос (1975 жылдан Испания королі) шын жүректен алғыс айтады.

Қуатты «БМВ» жұлқи тартып, аяқ асты көз ұшында жүйткіп бара жатады. Дәл сол күні әлгі жанармай құю стансасына кешірім сұраған чек табыс етіледі. Сөйтіп, король басқалар сияқты өз елінің қарапайым азаматы екенін дәлелдейді. Мемлекет басшысының өміріндегі өнегелі жәйттің бірі бұл.

«Тәж бірлік пен ел өміршеңдігінің рәмізі болып табылады. Ол ешқандай да адамдар тарапынан күшпен демократиялық  процестерді бұзуға жол бермейді». Хуан Карлостың ұстанымы осындай. Заң бойынша оған кең ауқымда өкілеттілік берілген. Әйтсе де, Хуан Карлос ерікті түрде демократиялық институттарды өз өкілеттілігінен жоғары қояды. Хуан Карлос жыл сайын барлық азаматтармен бірге қаржы орындарына табыс туралы декларацияны тапсырып және салықтарын уақтылы төлеп тұратын Еуропадағы жалғыз монарх. Мемлекет басшысының заң алдында бұқарасымен бірдей болуы оның ел ішіндегі беделін өсіре түсіретіні белгілі емес пе.

Оңтүстік Африка Республикасының президенті болған Нельсон Манделаның көрмеген құқайы жоқ. Нәсілшілдікке қарсы күрес барысында ол 28 жыл түрмеге де отырды. Ату жазасына кесілген сәті  кездесті. Әйтеуір, елінің бостандығына деген арпалысы Манделаны талай-талай тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты. «Мен бүкіл ғұмырымды Африка халқының күресіне бағыштадым. Менің арманым барлық адамдар үйлесімді және бірдей  мүмкіндігі болатын демократиялық еркін қоғам болып табылады. Осы үшін өмір сүремін және оны жүзеге асыруға ұмтыламын. Егер де осы үшін қажет болса өлімге де дайынмын». Ол халқының тәуелсіздігі жолында жанкештілігін сан мәрте дәлелдеді. Қандай қиын кезең болса да таңдауынан тайынбайтындығын көрсетті. Манделаға алған бағытынан бас тартуы үшін оған алуан түрлі келісім жолын ұсынғандар да болды. Бірақ саяси қайраткер олардың бірде-біреуін қабылдаған жоқ. «Мен өмірді сіздерден кем сүймеймін, бірақ менің халқымның еркіндікке деген құқығын саудалай алмаймын. Бүкілхалықтық ұйым — Африка халықтарының конгресі бұрынғысынша жасырын жұмыс істеп жатса, маған қандай еркіндік беруі мүмкін. Әзірше біздер — менің халқым және мен бостандыққа ие болмаған  жағдайда ешқандай келісімге бармаймын».

Бүкіл тағдырын халқының бостандығына жұмылдырған Мандела ақыры жеңіске жетті. Халқының ортасына оралды. 1994 жылғы демократиялық сайлау барысында Оңтүстік Африка Республикасының президенті болып сайланды.

Елінің өркенденуі үшін арпалысқан мемлекет басшыларының өмірінен алынған бір үзік сыр бұл. Ел басқарудың оңай еместігі әлімсақтан мәлім. Әйтсе де, мемлекет тізгіні сеніп тапсырылғаннан кейін бұқараның билік басындағыларды биіктен көргісі келеді. Елдің бірінші басшысы жақсылықтардың жаршысы, мемлекеттің жақсы үрдістеріне бастамашы болып, әлемдік кеңістікте өзіндік қолтаңбасын қалдырып жатса, қайсыбір халық үшін одан үлкен мақтаныш жоқ.

«qogam.kz» cайты

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы

Читайте также