Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бауыржан Ердембеков. ...Моласындай бақсының тұрған оқшау

Дата: 07 февраля 2011 в 00:50

Бауыржан Ердембеков. ...Моласындай бақсының тұрған оқшау

(Жанақ ақын мен Абай)

Елдің тәуелсіздік алғанымен қатар, сөзге де тәуелсіздік тиіп, қалам ұстауға қауқары бардың бәрі не жазсам, кімді жазсам десе де іштегі шерін тарқатып, біразға шауып, өкпесі кеткені болдырып, нағыз аламанның қаракөктері ғана көмбеден көрінер күн жақындап қалған сыңайлы. Жоқтан бар батыр жасап та, қолдан өрнектеп ақын жасап та ата-баба атын шығарудың топан тірлігі де жуасып, шаңы сейіле бастағандай. Ауыл-үйдің малын қорыған талай «батырға» Абылайдың қасынан орын беріп, сексендегі шалдан шаранасы кеппеген қызыл шақа нәрестеге дейін түгендеп арнау жазған «ақындарымызды» адақтап болып қалдық ғой деймін. Берекесіз тірліктен жұрт та жалығып, жазарман да жалтақтап қалғандай. Осы күйімізбен тапырақтай шаба берген келіспес дегендей өзімізден өзіміз ұялып, енді артымызға қарайлаймыз-дағы. Сөйтсек, өзі күшті болғанмен, сөзі кесек болғанмен, артына жоқтаушысын қалдырмаған талай дүлдүл мен бұлбұл уақыт қыртысында қалып бара жатқандай ма? Әйтпесе, былтыр6 яғни 2010-да 240 жылдығы тойланбақ түгілі, ескерілмей қалып бара жатқан Жанақ ақын кімнен кем еді?

Заман өтіп барады қилы-қилы,

Қазақ болды бұл күнде елдің сұмы.

Астында тақ, аузында әмірі жоқ

Саба құрсақ жем қылды сарттың ұлы,-

деп елдің болашағына алаңдаған асыл жырдың атасы емес пе еді? Жалпы қазақты білмеймін, осы өңірде «Жанақ ақын» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей зар қаққан бір адамды білсем, ол — Сейітжан ағам. 1997 жылы «Жанақ ақын» деген кітабын шығарды. Одан бері қарай да сол еңбегіне толықтырулар мен кеңейтулер енгізіп, талмай еңбектеніп келеді. Жанақ Сағындықұлының 240 жылдығы осы Сейітжан Тәбәрікұлының баспасөз беттеріндегі мақаламен ғана шектеліп жатқаны өкінтетін іс. Менің айтайын дегенім, Жанақ ақынның Абаймен арадағы рухани жақындығы жайында болмақ.

Құнанбаймен аралас-құралас болып Абайға әсер еткен бір топ өнер адамдары оның ішінде, әрине, шоқтықты топ ол — ақындар болса, соның ең арқалылары «Абай жолына» енген. Өкініштісі заманның қыспағына қарай көбінің аты өзгертіліп, өңі айналдырылып берілді. Ол ежіктеп түсіндірмесе де белгілі жайт. Дулат — Барлас, Сабырбай — Қадырбай, Жанақ — Садақ, Түбек — Шүмек болып өзгергеннен-ақ Абайға әсер еткен ортаның кеңестік заманда қаншалықты қыспаққа алынғанын бажайлай беріңіз.

Ақындар ішіндегі шоқтығы биігінің бірі — Жанақ ақын. Бұл тұрғыда Жанақ — Құнанбай — Абай арасындағы рухани байланыс көпіріне ерекше сабақтастық тұрғысынан назан салғанымыз жөн. Жанақ Сағындықұлы — (1770 — 1846) айтыс ақыны. Арғынның Қаракесек — Қамбар атасынан. Құнанбай мен Жанақ арасындағы байланысты дәлелдейтін хатқа түскен құжат поляк зерттеушісі А.Янушкевичтің еңбегінде кездеседі.

Құнанбайдың аса бір үлкен ісі — 1851 жылдың шілде айында Көкшетаудың Арғын ішінде Қамбар руы жайлаған Көкжайдақ деген жерінде Өскенбай биге үлкен ас бергендігі. Сол аста жылаған елді жұбатып Жанақ ақын қолына қобызын алып былай деген екен:

Ей, Құнанбай, Құнанбай,

Қазақта сене де артық

Ұл туар ма мынандай?

Ас бердің әкеңе

Үш жүздің қосып баласын.

Әкесіне ас берген,

Қамбар жері — ошанда.

Алшынбай болып тірегі,

Қалың Арғын — Бошанға.

Басын қосқан үш жүздің

Құнанбай, сірә, осал ма?!

Бақ қонар таудай басыңа,

Әмірші болып қашанда.

Құнанбайдай ұл туып,

Өз әкеме ас берсем

Тобықтының баласы-ау,

Жылай да беріп қайтесің

Топырағы торқа болсын да.

Жоғарыда айтқандай М.Әуезов эпопеяда ақын атын Садақ деп өзгертіп қана қойған жоқ, Жанаққа қатысты Сабырбай аузымен айтылатын төмендегі үзіндіні 1942 жылдан кейінгі шыққан басылымдарында алып тастауға мәжбүр болды. Әкесі Құнанбай аса жоғары бағалаған Жанақ жырларына Абайдың қанып өскені кәміл. Романдағы: «Қарт ақын (Сабырбайды айтып отыр Б.Е.) әр сөзінің тұсінда әлдебір ертегідей алыс ақын Садаққа соға береді. Бала кезінде өзіне өзге ақындардан өзгеше кқөрінген сол Садекең екен. «Көргені мен білгені ұшаң-теңіз. Ол кісінің айтқаны мен жетікзгенінің мың да бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!»-деп сөйлейді. Садақ Қыдырбайдың айтуында жай ақын емес. Өзінше бір көреген жан сияқты», — деген жерден Әуезовтің Жанақ туралы айтпақ бір әңгімесі үзілген (Абай жолы. 1-кітап. -Алматы: Жазушы, 1990. 244-б.). Кейінгі басылымдарда жоқ Жанақ туралы әңгіменің төркіні төмендегідей: «Найман ішіне бір тойға келген Жанақтың атына бір даукес жабысып, алдын-ала есінеген аттың таңдайындағы  меңді көріп алған ол куәлікке сол белгіні айтып атын иемденіп кетеді. Жанақ атының ерін алып жатып:                                  Жанын берген Жанақтың шұбарын жер,

Мына адам бұл шұбарды менікі дер.

Жақсы атыңды жалғанға сатқан жанның

Бар құдай, өзің біліп жазасын бер, -

дегені айнымай келіп, дауқұмар бұлақтан қарғып өткен кезде жетектегі ат тартынып қалып аттың мойнына байлаған белбеуіне сүйретіліп өледі»(Құрбанғали Халид. Тауарих хамса. -Қазан, 1911).

Абайдың өте жоғары бағалаған ақыны Жанақтың аузы дуалылығын алып тастаудың сыры мәлім. «Ала аяқтың Алла жазасын берді» немесе «Жанақ жырының тылсым күші» дегенге «социалистік реализмнің» қалай қарайтыны белгілі. Сондықтан да Жанақ атын Садақпен ауыстырып, Сабырбай аузымен жоғары баға беруінің өзі сол кез үшін кезекті ердігінің бірі еді Әуезовтің. Романдағы Жанақты сөзбен жақтатқан Сабырбай ақынның Жанақ туралы ірі сөйлеуі — жазушының ел аузынан естіген шындығы. Абайдың айтыс туралы сұрағанына «Біздің Сәдекеңмен (Жанақ Б.Е.) айтысар шамамыз қане? Әншейін бір жалғыз ауыз сөздің тұсында болымсыз тосқауыл айтқаным ғой. «Айтысты, жеңді» дейтін сөз емес. Тек қана Сыбанның Шүмек бастатқан он алты ақынын жеңіп отырған соң, мұндағы елдің намыс етіп, көтеріп әпкеткені ... — деді де, басқа әңгімелерге көшіп кетті. Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Өзімшіл емес. Мақтан cөйлеген «шыға шаппа» емес. Сонысы және жалғыз Қадырбайдың өзінде емес. Осы кәрі ақын есіне алып отырған Садақта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай өсиеттерінің түбіне бойласаң ақындық — дарыған күш, үлкен қасиетті жақсы ақыннан қалған айшықты сөз тегінде заманның қасіретін айтады екен», — деген көркем шығармадағы ой иірімдер нағыз тарихи шындық (Абай жолы. 1-кітап. -Алматы: Жазушы, 1990.244-б.) Абаймен қатар дәл осы Сабырбайдың сөзін тыңдап Әуезов қасында отырғандай  шымшып көрер шындықты көрсете алған.

Жанақ ақынның өлеңдері бізге өте аз жеткен. Абай Жанақ жырларын азық еткені анық. Екі ақынды байланыстырып тұрған заманы болса, сол заманға деген көзқарастан туған ортақ сарындар бір арнаға тоғысып жатыр. Өткенді аңсау емес, өз тұсындағы қоғамның азуына налу бар Жанақта: «Ханнан қайыр, қарадан шайыр кетті», — деп үзілген үміттің сәулелері Абай өлеңдерінде бояуы қалың қайғыға ұласқан. «Алдыңда күткен күннің түсі суық», — деп қапаланған Жанақ ақын ел ішіндегі індеттің басы:

Жуан қамшы той бастар көсем болды,

Елірмелі екі есті шешен болды.

Би кетті малдылардың айтағында

Пәленді мұқатып бер десең болды,-

дейді. Дәл осы жолдардағы ащы ойлар Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тағы басқа өлеңдерінде ақындық шеберліктің биігіне жеткен. «Қазақ жайлы» деген өлеңінде Жанақ «Астында тақ, аузында әмірі жоқ» қолынан билігі тайған елдің бет-пердесін мейілінше шебер бейнелеген:

Үй жығылып қазақтан, тікті күрке,

Күркеден де айрылар бірте-бірте

Сүлік, сона аралап сөлін сорып

Жайды уын, тісінің қанын бүрке.

Қазақты елдіктен кетіргендерге табылған балама. Дәл осы жолдардағы ой орамдары Абайдың «Бай сейілді» деп басталатын өлеңін еске салғандай. Десек те, Жанақ поэзиясындағы осы тұрғылас ойлар Абайда мүлде жаңа пішінге көшіп, сол кездегі қазақтың келбет-кеспірі мейілінше шынайы, бүге-шүге нақтылығымен өз тыңдаушысын тапқан. Жанақ сынындағы жалпылық ой сарындар Абайдың поэзиялық қазанына түскенде дараланып, болыс пен би, қу мен сұм, надан мен ұры сияқты әрқайсысының жеке-жеке портреттері типтік дәрежеде сомдалып шығады. Жақсы мен жаманды айырмай, екі ұртының бірі қан, бірі май болған қаймана қазақты басқарар басшының қолында да билік қалмайды. Бидің сиқы — қиқым. Билікке таласып, далпылдап, жалпылдап, шыбындап, қырындап жүрген болысты әркез қимыл үстінде көрсек:

Жылуы жоқ бойының,

Жылмиғаны неткені?

Құбылуы ойының -

Кетпей құйтың еткені,-

деп басталатын Дүтпайға арналған өлеңі — дара сипаттау. Адамның ішкі дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстарына шейін алдыңа жайып салар нағыз психологиялық мінездеу. Мұндай ішкі психологиялық иірімдерді беру Абайға дейін қазақ поэзиясында болмаған.

Екі ақында кездесетін тағы бір ортақ сарын қоғамдағы рухани жұтаңдыққа алаңдау. Жанақ ақын былай дейді:

Ақындікі сандырақ сарын болды,

Күйшінікі көмескі зарың болды.

Ән сәнінен айрылып, күй көркінен

Ішкенің бойға жұқпай зәрің болды.

Кер заманның кесірі асыл өнердің азып-тозуына әкелді деген қағида бар ақында. Нақты сол өнер иелерін де сын тезіне алу да жоқ емес бұл жерде. Жанақ есіл өнердің қор болуына ашынады. Абайда бұл тақырып неше тарам. Біріншіден, жалпы сөз қадірін түсінер жанның жоқтығына налу болса (...осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, ...тыңдаушымды ұғымсыз, қылып тәңірім бергенді, ...қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз т.б), екінші мәселе — Абай сол өлеңші қауымға сын артады. Бұл арада бұрынғы ескі биден бастап, алдындағы ақындары, соңындағы шәкірттері қатаң сын тезіне ұшырайды. Осы тұста бір мәселеге назар аударған жөн. Өзінен ілгерідегі ақындарды сынаудағы Абай сынын тек Бұхар, Шортанбай, Дулаттармен шектеп қою дұрыс емес. Олардың атын атағанда сол заманның бүкіл поэзиясы сынға алынды десек, бұл сыннан біз сөз етіп отырған Жанақ та аман қалмағаны белгілі. Оның:

Ауылым алыс, мен келем өзім азып,

Қой мен шай бер ақынға жерден қазып.

Он қадақ шай, қос қоржын сүр асып бер

Өрге барған Жәкеңе болсын азық,-

дегені сыншыл Абайға жақпағаны анық. Дәл осы сарынды Абайға айтарлықтай әсер еткен Шөже ақынның өлеңдерінен де кездестіруге болады. Қазығұрт елінің ауқаттысы Дәукейге:

Бергенің сегіз жылқы, жалсыз түйе,

Өлеңді естімессің енді менен,-

деген өкпелі сөздер сол заманның тезіне салса еш сөкеттігі жоқ орынды айтылған да. Өйткені, Жанақ пен Шөжелер заманында ақын атаулы ел үстінен күн көрді. Оған сол заманның ақынын сөгуге де келмес. Әйтсе де, нағыз өлеңнің шын бағасын білген Абайға қасиетті сөздің қадірін кетіріп, дүние-малмен саудалауы жақпағаны анық. Жалғыз Жанақ, Шөжелер ғана емес, замандастарының деніне біткен дертке Абайдың айтар жауабы да біреу ғана:

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп

Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап.

Қалай десек те қабырғаны қайыстырып жанға батыра айтылған сөз Жанақ пен Шөже ақындардың әлгі өлеңдеріне дөп тиген жауап. Шындық қашанда — ащы. Ал, Абайдың сыны иесінсіз емес. Ұстараның жүзіндей ащы ойлар біреуін болмаса екіншісін тіліп түсері хақ. Жанақ жырларының жақсысына тамсанып, тек одан үйренуші ғана болып қалса ол Абайға, оның ақындық, сыншылық сұранысына аздық етер еді. Жаманын, жақпағанын сынға алуымен бағалы Абай сөздері.

Тақырып ортақтығы деген мәселеде «Аңға шықсаң, алғашқы жауғанда қар» деген Жанақ өлеңіндегі идеяны Абай «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңінде дамытып, табиғаттың адамға сыйлаған осы бір «қызық ісін» көз алдыңа жарқ-жұрқ еткен қимыл-әрекетке толы, бетпе-бет айқасы айшықты суреттелген тартысқа толтыра ұсынады. Осы көріністерге тамсанған автордың көңіл-күйі, сезімі өлеңде бірге бөленген.

Ешкімге зияны жоқ өзім көрген,

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда,-

деген  жолдардан ғалым Т.Әлімқұловтың саяси астар табуы өте орынды. Қоғамның әділетсіздігі мен жауыздығынан әбден қажыған ақынның бойын аулаққа әкетіп аң қууы, содан шынайы ләззат алуы айқын көрінеді ақын сөзінің тұжырымдауында. Өзі ұнатқан қансонарды өлең қылуы Абайдың осы бір өнерге көңілімен беріліп, жүрегі сүйе қызықтауы десек, оған Жанақ өлеңінің де әсері болмай қалмағанын ескергеніміз жөн. Жанақ пен Абай арасындағы сөз қолданысындағы ұқсастықтарды сөз еткенде «Кәрілік жайлы» өлеңіндегі:

Моласындай бақсының тұрған оқшау,

Бара алмаймын бас қосқан болса жиын,-

деген тіркесін сөз ұғудан қалған айналасынан жиреніп, адамсыздықтың батпағына белшесінен батқан бейқам, қараңғы, талапсыз елінің күйігіне шыдамай:

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым — тап шыным,-

деп ағынан жарыла аһ ұрған Абайда қолданылады. Бақсының моласы — екі ақында да жалғыздықтың, оқшаулықтың символы. Осында Жанақ та, Абай да көптің ішінде жүріп жалғызсырайды. Бұл ақындардың ішкі дүниесіндегі жақындық. Бірақ, Жанақтың оқшаулануы қатары сиреп қалған қарттыққа қатысты айтылса, Абай жалғыздығының мәні тереңде жатыр. Тән жалғыздығы емес, Абайдікі — жан жалғыздығының көрінісі. Демек, Абай, сөз жоқ, Жанақтың ақындығын ерекше бағалап, өлең-жырын өнеге тұтты. Екі ақын өлеңдеріндегі идеялық бірлік, тақырып ұқсастықтары — Жанақ пен Абай арасындағы рухани жақындықтың болғандығына куә.

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының ең көркем нұсқасы Жанақтікі десек, сол нұсқаны негіз етіп Абай «Қозы Көрпештің» бір нұсқасын жазғызып, 1884 жылы атақты ғалым Г.Н.Потанинге сыйға тартқан. Жырдың бір данасы Н.Я.Коншиннің орыс географиялық қоғамына тапсырған Абай өлеңдерінің жинағымен бірге сақтаулы. Абай «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының өзіне дейінгі нұсқаларымен таныс болған. Десек те, біршама өзгешеліктері бола тұра Абайдың таңдап, негіз етіп жаздырған нұсқасы Жанақ жырын басшылыққа алған.

Жанақ пен Абай арасын сабақтастырып тұрған үлкен рухани көпір ол — «Қозы көрпеш — Баян сұлу» жыры.

Әйгілі жырдың түркі тектес халықтардың өзінде қырыққа тарта нұсқасы бар. Орыс зерттеушілері XIX — ғасырдың басында-ақ басында бұл жырға аса қызығушылық танытып жырдың қазығы нұсқаларына аса ұқсамайтын мазмұнын (М. Файзулин 1807 жылы жазып алған) қағазға түсірген. Сонау XIX ғасырдың басынан орыс зерттеушілерін, ақындарын (А.С. Пушкиннің кітапханасынан жыр нұсқасының табылғанын еске алыңыз) қатты қызықтырған көне жырдың көркем нұсқалары Жанақ ақындікі, ал ертедегі қалпын сақтау тұрғысынан Шөженің нұсқасы, кейінгі үлгілі жыр ретінде Жанақ ізімен жырлаған Шәкір ақындікі екендігін зерттеуші ғалымдар дәлелдеген-ді.

Жырдың Жанақ нұсқасы туралы М.Ғабдулиннің: «Жанақ жыры тіл көркемдігі жағынан шебер жырдың бірі болып табылады... Жанақ айтқан жыр сюжет құруы, оқиға желісін тізбектей отырып баяндауы және адам образдарын айқын етіп жасауы жағынан өзі тектес басқа жырлардан әрі күрделі екендігін байқаймыз. Жанақ жырының ең алдымен көзге түсетін ерекшелігі — оқиғаны реалистік өмірден алуында. Егер жырдың басқа варианттарында ертегіге тән, фантазиялық халге құрылған әңгімелер басым келсе, Жанақта олай емес. Қозы мен Баян да, Қарабай мен  Қодар да шындықта болған типтік бейне болып суреттеледі»/6,258/, — деген сипаттамасын құб аламыз (Қазақ халқының ауыз әдебиеті. — Алматы: Білім, 1992. 258-б.). Қазақ халқының өзінде сандық көрсеткіші 16-дан асатын  (барлығын нұсқаға жатқызуға келмейді, әрине Б.Е.) бұл жырдың ішіндегі көркемі Жанақ нұсқасы болуының себебі, ең алдымен, көне жырды қайта жырлаған Жанақтың ақындық деңгейінде деп білген жөн. Әуезов: «Жанақ нұсқасының тілі «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» нұсқаларының көбінен көркем және бұл кезге дейін баспаға түсіп, жұртқа көбірек мәлім болған түрі», — деп бағалаған (Әдебиет туралы. О литературе. -Алматы: Санат, 1997. 64-б).

Жанақ жырына кезінде Құнанбай ерекше ықылас білдірген. Бұл туралы жырда бірден-бір зерттеуші ғалым Ә.Марғұлан Жанақ нұсқасының артықшылығын айта келіп, Өскенбай бидің асында «Қозы Көрпеш — Баян сұлуды» қобызға қосып жырлаған Жанаққа Құнанбай үлкен сый тартқан деген дерек келтіреді (Ежелгі жыр, аңыздар. — Алматы: Жазушы, 1985. 220-б.).

Жанақ ақынның «Қозы Көрпешін» Абай өз еліндегі Байкөкше ақынан естігені туралы дерек «Абай жолы» эпопеясында айтылған. Сондай-ақ Н.Абрамовтың «Каменная пирамида намогильный памятник Кузу  Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи» деген мақаласында  он екі жасар Абай, яғни 1857 жылы жас ақын Байкөкшеден «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» деген ұзақ жырды естігенін келтіреді (қараңыз: Абрамов Н. Каменная пирамида на могильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи //Тобольские Губернские Ведомости. 1859. №40). Демек, Жанақ жырын Абай бала кезінде алғаш Байкөкшеден естіген. Жанақ — Байкөкше — Абай, одан  маңындағы жас ақындар біліп, соның ішінде Бейсенбай арқылы, кейіннен Шәкірдің жырлауы арқылы көне жырдың көркем бір тармағы түлеп, түрленіп бүгінгі ұрпаққа жетті.

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын Жанақ нұсқасының негізінде Абай өзі жырлаған деген деректер бар. Бұл пікірдің бастау бұлағы академик Ә.Марғұланнан тарады. ««Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының Абай нұсқасы» деген мақаласында (мақала аз ғана өзгеріспен «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» (Абай жазып алған нұсқасы) деген кітаптың (Жазушы, 1988) кіріспесіне де берілген Б.Е.): «Бұл жырды Абай 1884 жылы өз шабытымен жазып, оған орыс әрпімен Қозы Көрпеш Баян сұлу» деп ат береді. Жырды сол кездегі аяулы ғалым Г.Н.Потанинге сыйға тартады, қасына «Жаңа закон» деген жаңа поэмасын қоса жібереді. Адресін орысша жазып, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.», — деп көрсетеді. Абай нұсқасының бір көшірмесі Н.Я.Коншин жинап тапсырған Абай жырларының жинағында Омбыдағы географиялық қоғамының архивінде сақтаулы. Ол өте көлемді, екі мың алты жүз жол. Абай мұны жас кезінде әдемі араб әрпімен жазған», — деп (Марғұлан Әлкей. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының Абай нұсқасы //Қазақстан мектебі. 1982. № 3) жырдың Абай стиліне жақындығын дәлелдеу мақсатында нұсқаның көркемдігін тарата талдайды. Жырдың Абай жазған нұсқасы деген жалпы абайтануға қосылған қомақты үлес болып көрінгенмен, әр уақытта Абай шығармаларына үлкен зерделілікпен, терең ғылыми дайындықпен келген ғалымдар тарапынан «Қозы Көрпештің» Абай жазған деген нұсқасы бірауыздан қабылдана қойған жоқ. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры туралы сонау 1925 жылдан назарға алып келе жатқан негізгі абайтанушы Әуезовтің өзі Абай нұсқасы дегенді айтпайды. Әуезовтің пікірінше «Қозы Көрпешті» жырлау үлесі Абайдың шәкірттері Бейсенбай Жәнібекұлының үлесіне (1857-1917) тиген. Бейсенбайға Ақылбай мен Мағауия көмектескен. Кейіннен Абайдың шәкірті Уәйіс ақыннан Әуезов жазып алып жариялайды.

Бұл арада Ақылбай мен Мағауияның да осы жырдың өңделе түсуіне қатысы бар болуы әбден ықтимал. «Томск архивінде сақталған қолжазбадағы «А.Қ.» Ақылбай Құнанбаев болар», — деген жорамалға да (қараңыз: «Қозы Көрпеш — Баян сұлу». -Астана: Фолиант. 2002. 685-б.) Ақылбайдың қолжазбасы сақталмағандықтан толық қосыла кету асығыстық  болады. Жырдың 1500 жылдығына орай шығарылған кітапта Абай нұсқасы деген пікірлерге қатысты: «Өкінішке қарай, осы нұсқаны кейбір зерттеушілер Абайдың өзі жазған деп жүр. Олай емес. Дұрысында, ол  Абайдың тапсырмасымен қайта жырланып, жазылып алынған. Қанша әдемі дегенмен бұл жыр Абайдың стиліне келмейді», — дейді ғалымдар М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов (сонда, 16-б.). Осы бағыттағы пікірді абайтанушы ғалым З.Ахметов те ұстанады (қараңыз: Абайдың ақындық әлемі. -Алматы: Ана тілі, 1995. 269-б).

«Жаңа закон» деген жүз қырық жолдық ұзақ өлеңнің де Абай шығармасы емес екендігін ғалым Ы.Дүйсенбаев кезінде дәлелдеп көрсеткен болатын-ды. Осы пікірді абайтанушы Б.Байгалиев те қостай отырып көңілге қонымды дәлелдер айтады. Жырдың бұл нұсқасы Абайдың шығармасы емес, қазақ халық әдебиетінің нұсқалары түрінде Потанинге жолданғанын айта келіп, Әлкей Марғұланның пікіріне қатысты былай дейді: »...ғалым жариялаған жырдың қолжазбасына қарап мұны Абай жазды деп тануға да негіз жоқ. Өйткені жырдың фотокөшірмесі (бір беті) Абайдың бірден-бір қолтаңбасы (автографы) ретінде танылып жүрген «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген ғылыми еңбегінің жазуына ұқсамайды. Сондай-ақ, бұл автограф Абай өз қолымен жазды деп ғалым дәлелдеген В.Кудашев дәптеріндегі жазуға да ұқсамайды» (Абай өмірбаяны архив деректерінде. -Алматы: Арыс, 2001. 16-б.).

Біз осы пікірлерге толық қосыламыз. Бірақ бұл «Қозы Көрпеш» жырына Абайдың мүлде қатысы жоқ деген сөз емес. Абай жасынан қызыққан әйгілі жырдың Жанақ нұсқасын өзінің шәкірттеріне жырлауға тапсырма бергені анық. Оның ішінде Бейсенбай, оған көмектескен Абай балалары, кейіннен Уәйістер жырлап қана қоймай ел ішіне он-он бес түрлі әуенмен  әнге қосып таратқан да.

Жанақ нұсқасы, бірде Жанақ — Бейсенбай немесе Абай немесе Потанин нұсқаларының өз ішінде үлкенді-кішілі өзгерістер болғанымен бір түбірден -Жанақтың айтуынан тарағаны анық. Ал, жыр нұсқаларындағы өзгерістерге келсек, Жанақ күшті ақын. Ол дәл осы жырды қалың жұрттың алдында бірнеше рет жырлағаны тағы бар. Әр жырлағанда ақынның көңіл-күйі, шабыты, көрерменнің ықыласы дегендей бір Жанақтың жырлауының өзі азды-көпті өзгеріске түсуі әбден ықтимал. Ал оны қайта жырлаған Бейсенбайдың жыр аяғын өзінше тұйықтауын алсаңыз, немесе кейінгі Шәкірдің Қозы — Көрпеші жыр нұсқасынан гөрі назиралық ретпен жырланған авторлардың төл туындысына көбірек келеді.

Сондықтан да, бұл арада айтарымыз Жанақ нұсқасының өңделіп, халыққа таралуына Абайдың және оның маңындағы ақын шәкірттердің үлес салмағы мол. Ал, жырдың қай тұсына қай ақынның қаламы тиді деген мәселеге нақты жауап беру қиын. Шәкірттерінің жырлауынан шыққан дүниені үстінен бір қарап, жөндемеуі мүмкін емес Абайдың. Өзі жазбаса да, жазғандарға көңілі толып, бір нұсқасын орыс зерттеушісіне жіберген. Ал, қолжазбаның Абайдікі болмауы да заңды. Жырға қатысы бар кез-келген шәкірттері — Ақылбай, Мағауия, Бейсенбай, Уәйістерге немесе жазуы әдемі басқасына жырды көшіртіп, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.» деп жіберуіне ұстаз Абайдың хақысы бар.

Демек, бүкіл түркі  халқына ортақ әйгілі жырдың бір тармағы — Жанақ, Байкөкше, Шөже сынды Абайдың өзі нәр алған ақындар мен Бейсенбай, Уәйіс сынды шәкірттерінің, одан кейінгі Абай дәстүрін жалғастырушы Шәкір сынды халық ақындарының арасын жалғап, Абайдың ақындық ортасы сынды үлкен тақырыптың өзегін сабақтастырып жатқан рухани желі.

Бауыржан Ердембеков

Филология ғылымдарының докторы

«Абай-ақпарат»

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы