Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

ГүлмираТойболдина. Баға қайда барады?

Дата: 10 февраля 2011 в 01:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

ГүлмираТойболдина. Баға қайда барады?

 

Азық-түліктің әлем бойынша қымбаттайтыны, бара-бара азық-түлік тапшылығы туындайтыны туралы соңғы бес жылда ашық айтылып жүр.  Азық-түлік мәселесін зерделейтін ғалымдардың дені халқы аштыққа ұшырамайтын мемлекеттер — аграрлық державалар болады деген болжам жасап отыр. Осындай кезде төскейде малы мыңғырған, миллиардтаған тонна сапасы жоғары астық өндірген кешегі Қазақстан көзіңізден  бұлбұл ұшқандай күй кешесіз. Ал дүние жүзінде халық саны қанша өссе де, өз халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге қиналмайтын екі елдің бірі — көршіміз Ресей (Бразилиядан соң) екен.

 

Қазақстан қай жағынан да әлемдік деңгейге ұмтылып отырған соң,  кез келген мәселені әлемдік деңгеймен салыстырмасқа амалымыз жоқ. Сонымен, өз халқын аштыққа ұшыратпайтын Ресейден өзге елдерде азық-түлік қауіпсіздігі қандай деңгейде?

Мәселен, өзінен артылған азық-түлікті сыртқа экспорттайтын елдердің қатарына — АҚШ, Канада, Оңтүстік Африка Респуб­ликасы, Таиланд, Еуропалық одақтың кейбір елдері кіреді. Венгрия, Финляндия шағын ел бола тұра, үнемі сыртқа азық-түлік шығарады. Бұлар екінші деңгейдегі топқа жатады. Үшінші топ — азық-түлік тапшылығы ұдайы төніп тұрса да, оны еңсере алатын елдерден тұрады. Бұлардың қатарына, мәселен, Жапония кіреді. Өз қажеттілігін өзі қамтамасыз етуге мұршасы әзер жетіп отырған елдер қатарына Үндістан, Қытай, Оңтүстік Американың кейбір елдері кіріп, бұлар 4 — топты құрайды. 5-топтағы Мысыр, Индонезия, Пәкістан, Филиппин сияқты елдер су және жер ресурстары жеткілікті бола тұра, әлсін-әлсін азық-түлік тапшылығына душар болуда. 6-орында жан басына шаққанда үнемі азық-түлік тапшылығын басынан кешіріп отырған Сахараның оң­түстігіндегі Африка елдері тұр. Азық-түлік тапшылығынан көз ашпайтын  Гаити, Непал, Сальвадор секілді мемлекеттер 7 — топқа жатады. Бір ғажабы, біз не көршіміз Ресейдің қатарында, не әлемдегі жеті топтың да қатарында жоқпыз. Бірақ, бұл — бізді азық-түлік тапшылығы айналып өтеді деген сөз емес.

Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі­нің деңгейін қалай бағалауға болады? Ғалымдар: «Егер мемлекет 25 пайыз азық-түлікті сырттан алатын болса, елге азық-түлік қауіпсіздігі төнді деуге болады», — деген байлам жасайды. Ал Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан  сүттің 40 пайызға жуы­ғын,  еттің 29 пайызын, көкөністің 43 пайызын сырттан әкеледі. Осыдан кейін  елдегі азық-түлік қауіпсіздігі қандай деңгейде екендігін болжай беріңіз!  «Айта — айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, тозған ауылдардың жағдайын айта-айта, тіліміз жауыр боуға айналды. Тағы сол соңғы мәліметтерге сүйенсек,  елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы шикізат күйінде қалады екен. Неге?  Білікті мамандар мен эконо­мистердің айтуы бойынша, ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы технологиялық мешеулік шикізаттан да­йын өнім шығаруға кедергі болуда. Оның бәрін бас-басына санап айтар болсақ — ұзақ әңгіме... Ал, ең бастысы,  техно­логиялық дағдарыстарды бастан кешірген мемлекеттер бізге дейін де болған.

Мұндай дағдарыстарды бастан ке­шіргендердің тәжірибесі не дейді? 70-80 жылдары  Германия, Франция, Швеция, АҚШ елдері  азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шаралардың ең бастысы ретінде фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдаған болатын. Қазіргі кезде АҚШ-та азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында ауыл шаруа­шылығына арналған ондаған бағдар­лама бойынша жыл сайын 35-40 млрд доллар бөлінетін көрінеді!

Біздегі  мамандардың айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру дұрыс жолға қойылса,  ІЖӨ-нің 40 пайызын құрай алады. Халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету үшін, түрлі егістік пен мал шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге климаттық жағдай оң әсер береді. Бұл тіпті  елді азықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақ­станның аграрлық держава болуына негіз жасай алатын көрінеді! (Бұл енді — арман!). Экономистер мен мамандардың осы пікірін ескеріп, ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлінетін миллиондарды ойша есептесеңіз, әлем елдері қатарында аграрлық держава болатын уақытымыз жеткен сияқты!  Бірақ біз миллиондардың дивиденд әкелгенін көрген емеспіз. Неге? Оны үкіметтің өзі де білмейді. Мәсімовтің үкіметі миллион-миллиардтарды бақылау мен бағаны ырықтандыруды уысынан шығарып алғаны қашан?! Өзге елдерде баға заңсыз көтерілсе, халық үкіметтен бағаның неге көтерілгені туралы есеп беруін, болмаса үкіметтің дереу отстав­каға кетуін талап етеді. Себебі,азық-түлік қымбаттаса да, азық-түлік тапшы болса да, оған үкімет кінәлі! Бірақ бұл заңдылық Қазақстанға жүрмейді!

Бүгінгі күні Қазақстанда баға неге шарықтап бара жатқанын қарапайым халық түгілі, мемлекет басында  білетін адам жоқ! Ал бірақ бағаның әлі де көтерілетінін бәрі сезіп отыр. Біздегі бағаның өсуіне екі алақанын ысқылап, ең алдымен екі жақтағы көршілеріміз бірдей қуанып отырғанына дау жоқ.

Мәселен, Қытайда 1 лимон біздің теңгеге шаққанда, 15 теңге тұрады. Қазақстанға келгенде бұл баға «Алтын Ордада» — 40-50 теңге, «Сары-Арқа» базарында — 50-60 теңге, «Көкбазар» мен  ірі супер­маркеттерде 80-100 теңге аралы­ғында болады. Тіпті шағын маркеттердің өзінде 80 теңгеден төмен бағаға лимон ала алмайсыз! Егер жақын арада лимоннан миллион жасаған миллионерлер пайда болса, оған еш таңғалуға болмайды. Көкөніс атаулының бағасына келсек, қиярдың 1 келісі 1000 теңгеге жетті! Еттің бағасы көтерме сауда нарығында («Алтын Орда»): 600 теңге (қой еті), 700 теңге  (сиыр еті), 900 теңге (жылқы еті) болса, бұл көрсеткіш «Алтын Ордадан» шыға сала: қой еті — 850-900 теңге, сиыр еті — 800-850 теңге, жылқы еті — 1200, қазы — «Көкбазарда» 1 келісі 1700 теңге болып өзгеріп шыға келеді. Супермаркеттерде қой етініңі 1келісі -1100 теңге, сиыр еті  1200 теңгеге жетіп тұр. Жергілікті әкім­шілік, бәсекелестікті қорғау агенттігі, қаржы полициясы, салық басқармасы көтерме сауда мен бөлшек сауда ара­сындағы айырмашылықты кемітуге (нарық дұрыс дамыған жағдайда көтерме сауда мен бөлшек сауда арасындағы айыр­машылық 10 пайыздан аспауға тиіс!) күш салған болып жатыр, әзірге мұнан еш нәтиже шығар емес. Және нарықта орын алған үрдіске қарасақ, 10 пайыздық айырмашылық — әзірге біз қол жеткізетін көрсеткіш емес сияқты. Айталық, Алматы қаласы әкімдігі: «Баға шектен шыға көте­рілгенін көрсеңіз, хабарласыңыздар» деп мәлімдеді. Бұл да — шарасыздықты білді­ретін әрекет. Себебі, көтерме бағаның өзін қазір қадағалау мүмкін болмай отыр. Мұның үстіне, көтерме сауда бағасынан кейін, әр базардағы бағалардың ала-құла екені сонша, тіпті олардың бәрін қадағалау да мүмкін емес екені айдан анық. Оған дәлел — бағаның күн санап өз бетінше шарықтап бара жатқаны...

Мәселен, еттің бағасы неге қымбаттады деп ойлайсыз? Сатушылар, әрине, ет өндірушілерді кінәлайды, ет өндірушілер өз кезегінде жем-шөптің жетімсіздігін, қымбат екенін тілге тиек етеді. Және бір таңғаларлығы, ет сапасы қандай екеніне қарамастан, ет сатушылар бәрі бірдей бағаны ұстайды! Мейлі, ол жас малдың еті болсын, семіз болсын, арық болсын — баға бірдей! Бір күн бойы  ет сөрелерін аралағанда, көзіміз жеткен бір шындық осындай...

Халықтың ең жиі тұтынатын тағы бір тағамы — сүт өнімдері. Сүт өнімдерінің кейбір түрі соңғы жарты жылда ғана 100 пайызға дейін қымбаттады. Көкөніс арасынан  ең жиі пайдаланатынымыз — картоп. Оның бағасы — 150-180 теңгеден түспей тұр. Картоп пен қарақұмықтың (1 келісі — 350 теңге!) күрт қымбаттағанын саудагерлердің бәрі Кедендік одақтан көреді. Былтырғы жылы Ресейде құрғақшылық болып, дәнді дақыл мен көкөністен алынған өнім аз болды. Енді бұл өнімдердің қымбатшылығын Қазақстан жұртшылығы да көріп отыр. Ресей қарақұмық пен картоптың бағасын көтерген соң, біздің отандық кәсіпкерлер де бұл ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген бағаны көтеруге мәжбүр болды. Себебі, бізде баға Ресейдегіден төмен болса, Ресей біздің ішкі нарықтағы бұл өнімдерді тік көтеріп, түгін қоймай сатып алып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан қайткенде де, ішкі нарықтағы өнімнен айы­рылып қалмас үшін, біз де бағаны көтеруге мәжбүрміз.

О бастан тиімділігі көрінбеген Кедендік одақтың пайдасынан гөрі зардабын ә дегеннен-ақ  қарапайым халық тартып отырғаны ешкімді селт еткізер емес.  Біздің елде «халық» деген сөз — бұл жерде де  қашанғыдай екінші орындағы мәселе! Рас, қымбатшылықты қалай тоқтату туралы халықтың да өз ой-пікірі бар. Мәселен, олардың пікірінше, сырттан әкелінетін азық-түлікті қатаң бақылауға алуымыз керек. Кедендегі жемқорлықтың тамырына балта шабылып, базар мен саудагерлер арасындағы делдалдардан арылуға тиіспіз. Отандық кәсіпкерліктің өркендеуі — бағаны ырықтандыраудағы басты мәселе болуға тиіс.

Міне, сол кезде ғана көтерме сауда мен бөлшек сауда арасындағы 10 пайыздық айырмашылыққа қол жеткізе алады екенбіз. Бірақ мұны біздің билік білмейді деуге аузыңыз бармайды, білсе де, неге мұндай шараларды қолға алмай отырғаны тағы да беймәлім!

Сірә, әлемдегі азық-түлік тұтыну теңсіздігі осындайдан туындайтын болса керек.  Ал мұнан келіп әлеуметтік дүмпулер бірінен соң бірі орын алғанын көзіміз көріп отыр. Мәселен, 2008 жылғы жаппай экономикалық дағдарыс кезінде  40 елде халықтың толқуы орын алды. Қазірдің өзінде 36 елді жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін, жедел халықаралық  көмек қажет.

Халқы ашқұрсақ жағдайға душар болған қырғыз халқы Бакиевті тақтан тайдырды. Жұмыссыз, ашқұрсақ халқы бар Таяу Шығыс елдеріндегі төңкерістер кім-кімді де алаңдатуда. Ал кез келген дені дұрыс мемлекет ең алдымен халқының тоқ болуын қамтамасыз етуді — ұлттық қауіпсіздік мәселесінің маңызды бір тармағы деп санайды.

Яғни халықтың әл-ауқаты — әлеуметтік қана емес, саяси стратегиялық мәні бар жағдай. Ал мұның астарында жай ғана табиғи фактор жатқаны анық: адам жаратылысынан ыстыққа да, суыққа да шыдайды, ал аштыққа шыдамайды.  Қазақтың «Ораза, намаз тоқтықта» дейтіні тегін емес.  Америка ғалымдары енді аз уақытта азық-түлік мәселесі барша түйткілдің алдына шығатынын ескертуде.

Яғни әлеуметтік жаңа дүмпулердің орын алатынына еш күмән жоқ. «Ендеше, — дейді американдық ғалымдар, — азық-түлік қауіпсіздігі негізінде халықаралық қатынастардың басымдықтарын қайта қарау қажет».

Батыстың көмейі не деп бүлкілдейтіні белгілі. Бірақ бір нәрсе анық —   азық-түлік мәселесі ушыққан елде  әлеуметтік-тұрмыстық қана емес, саяси тұрақтылықтың да  болмайтынын саясаткерлер мен саясаттанушылар ғана емес, экономистер мен ғалымдар да мойындау­да...

 

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

 

***

Гүлмира

ТОЙБОЛДИНА,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 05 (88) 09 ақпан  2011 жыл.

 

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы