Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бақытбек Бәмішұлы «Қазақша өмір сүрдім»

Дата: 12 февраля 2011 в 12:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бақытбек Бәмішұлы «Қазақша өмір сүрдім»

 

Бiздiң бүгiнгi сөзiмiз белгiлi саясаткер, қоғам қайраткерi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы туралы болмақ.
Ол — Моңғолияның Кәсiподақтары орталық кеңесi төрағасының ұйымдастыру және мәдениет iсiн 12 жыл басқарған, Моңғолияның саяси өмiрiнде алғашқылардың бiрi болып демократиялық жаңа бетбұрысқа таңдау жасаған, Моңғолия қоғамына демократиялық жаңа өзгерiстер қажеттiгiн теориялық тұрғыдан дәлелдеп, тұңғыш рет жария еткен, 1990 жылдардағы Моңғолия тарихындағы қазақтардың ең үлкен ереуiлiн тыныштандырып, елдi қантөгiстен аман алып қалған, Моңғолияның тұрақты парламентiнiң кiшi құрылтай спикерiнiң орынбасары, сондай-ақ Моңғолияның премьер министрiнiң орынбасары болған, Қазақ тiлiндегi Шыңғыс хан туралы (екi кiтап) тұңғыш ғылыми монографияны жазған, Қазақтың алғашқы мемлекетi Ақ Орда (1361 жыл) деген шешiмге келген тарихшы ғалым.

ӘКЕ ТУРАЛЫ ӘЙДIК ЖЫР

Соңғы кезде аса зейiн қойып, құныға оқып, мол ләззат алған кiтабым — Зәкеңнiң «Көшпендiлiк ғұмыры». Автордың өзi айтқанындай бұл кiтап Зәкеңнiң жеке басының өмiрбаяны ғана емес, өмiрде көрген, бiлген, естiген, басынан кешiрген қызықты және естен қалғысыз сәттерi жайлы ой үзiктерi. Ал мен айтар едiм «Әке туралы әйдiк жыр» деп. Зәкең осы кiтабы арқылы әкесiне үлкен ескерткiш орнатыпты. Бұл Зәкеңнiң сөзi едi. Зәкеңнiң эсселерiн, «өткен шақтардан өлең болып естiлген дауыстарға құлақ түрiп» (Х.Тоқақ), еңiреп оқып отырмын. Әр бет сайын, әдемi айтылған асыл сөз: Әкем менiң, менiң әкем, сонда әкем, әкем сөйткенде, әкемнiң айтқаны, әкем екеумiз, әкемнен естiдiм, әкемнiң аты, әкем өткен су, әкем бiрде, әкем марқұм... Қандай әдемi, қандай сұлу, сүйiктi де сүйкiмдi Ұлы Есiм — Әке! Тумақ барда, өлмек бар. Бiрақ кiм өз жақынын өлiмге қияды. Ал Зәкеңнiң әкемен қоштасуы тiптi қайғылы. Интернаттан түнделетiп түйемен жеткен бала сөйлеуге шама жоқ, тек бiр қолы ғана икемге келетiн әкенiң сол жағына келiп қисаяды. Әкесi ұлының басынан аяғына дейiн сипап көредi. Шашы өстi ме, киiмi бүтiн бе, етiгi жыртылды ма дегенi ме екен. Икемдi қолымен ұлының бiр қолынан жiбермей ұстап, бауырына баса түседi. Әкенiң көзiнен үнсiз аққан ып-ыстық жас құлағына құйылып жатқандай.Таң ендi құланиектенiп келе жатқан кез. Ол сол қолын әкесiнiң үстiнен асыра құшып, тұмсығын терi исi аңқыған апай төсiне тығып, құшырлана иiскегенi сол едi қайран әке суып сала бердi. «Еңбектеп келдiм дүниеге, шалқалап әкем шықты үйден» деп Қасым айтқандай, ендi ат жалын тартып мiндiм-ау дегенде әке аттанып жүре бердi. Шеше шiркiн баяғыда өлген. Тағдыр. Әке-е-е-е... Әлi құлағымда жаңғырып тұр. Баларымыз «әке» деп айтуға ауыздары бармай папалап қалған мынау зардабы мол заманда Зәкеңе осылай жаздырту үшiн де жасаған жаратқанның iсi ме деп ойлатады пенделiк.
Зәкеңнiң бұл шығармасы — халық арасында «Иван Грозныйдың ұлын өлтiруi» деген атпен атаққа шыққан, И.Репиннiң «Иван Грозный и его сын» суретiн көркем өнердiң көгiне көтерiп, қасиетiңнен айналайын қажы Құнанбай ата мен оның ақылды туған ұлы Абай арасын ушықтырып, адамгершiлiктi ғашықтық дертiмен кебiндеп, әке мен баланы алакөз қылып жұлыстырып, әкесiне баласын қарсы қойып қан жiлiк болған батыстың есуас-желөкпелерiн («Ғашықтар мен пасықтар», Ф.Шиллер) «классикалық әдебиет» деп дәрiптегенiмiз жетпегендей, мауық дертiне әбден есi кетiп уланған ұлына ұйқыда бейғам жатқан анасының жүрегiн жұлдырып, қолынан түсiрiп алғанда, жүрекке тiл бiтiп, «құлыным, байқасаңшы» дегiзiп барып, оны «ананың айнымас махаббатын» («Ана жүрегi», А.Бақтыгереева) дәлелдейдi деп күнәмiздi жуғансып, ақталып ата дәстүрден азған тұмаулы заманда туған толғанысы телегей азапты жанға ой салатын «Әке туралы әйдiк жыр». Әрбiр әрпiнен мейiрiм самалы ескен әлди жыр.

«САЯСАТКЕРЛIК — ӨНЕР»

Есiме Зардыхан Қинаятұлының «Егер қоғам құлдырай бастаса не өзiн өзi өзгертедi немесе саяси әлеуметтiк жаңа күштер оны ерiксiз өзгерiске ұшыратады» дегенi түседi.
Социалистiк деп аталатын тоталитарлық бюрократиялық жүйедегi елдерде ХХ ғасырдың сексенiншi жылдарынан бастап қоғам жаппай дағдарысқа ұшырады. Билеушi партия бұдан шығудың жолын жатпай тұрмай шарқ ұрып қарастырғанымен тұйыққа келiп тiреле бердi. Көтеремге көп берсең де зиянды. Бiрақ қалайда қоғамды құтқару керек. Ол үшiн қоғамды жайлаған кемшiлiктi көрсетiп, көздi ашатын теоретик керек екен. Ондай адам да табылды. Ол — МХРП ОК-нiң жанындағы Қоғамды зерттеу ғылыми институтының «Социалистiк құрылыстың теориялық мәселелерi» бөлiмiнiң меңгерушiсi доктор Зардыхан Қинаятұлы едi. Оның «Қайта құру және Моңғолия қоғамының дамуының өзектi мәселелерi» атты бiр-екi автормен бiрiгiп жазған мақаласы 1987 жылы «Партия өмiрi«(«Намын амьдрал») журналында жарық көредi. Бұл мақала қолдан қолға тимей бүкiл моңғол қоғамын дүр сiлкiндiрдi. Әлем жұртшылығының назарын өзiне аударғаны сондай алыс-жақын шет елдерде аударылып басылды. Елiн ұйқыдан түртiп оятқан қазақ Зардыханды әсiресе моңғол жастары хан көтердi. Жұмыс орнына барып, көшеде жүрсе қаумалап алып, тiптi үйiне келiп ақыл-кеңес сұрайтын жастар қарасы молаяды. Жұрт арасында «Зардыхан бүлiкшiл жастардың астыртын кеңесшiсi» деген сөздiң таралу себебi осы дейдi Зәкең. Ғалымның теориялық негiздерiн басшылыққа алып қоғамды қайта құруға құлшынғандар мүйiзi қарағайдай академик, ғалым, қоғам қайраткерi, жоғары лауазымды шенеунiк-шонжарлар емес, кiлең жасы отызға да жетпеген жас тұлпарлар, бiрi газеттiң әдеби қызметкерлерi болса, бiрi радио тiлшiсi, үшiншiсi студент, кинорежиссер, әншi секiлдi ылғи өнер адамдары болған едi. Саясаткерлiктiң нақ өнер екенiн осы жастар қарымды бiлiмi мен қажырлы күрескерлiгiмен дәлелдеген-дi. Сондықтан болар Зәкең «Саясаткерлiк ол — нағыз өнер» деген қорытынды жасайды. Сол алғашқы жастардың арасынан шыққан Элбэгдорж осы аралықта екi мәрте Моңғолияның премьер-министрi болып, екi рет лауазымын беруге мәжбүр болса да, 2009 жылғы президенттiк сайлауда жеңiске жетедi. Сол азамат қазiр де Зәкеңдi ұстазым деуден арланбайтын көрiнедi.
Доктор Зардыхан өзi иттiң етiнен жек көретiн коммунистiк партияны бүгiнгi дағдарыстан құтқару жолын көрсету үшiн МХРП-ның Бас хатшысы Ж.Батмөнхге кiруге өтiнiш бiлдiредi. Ертеңiнде таңертең Бас хатшы қабылдайды. Екеуара әңгiме 2 сағат 50 минутқа созылады. Сөйтiп бас хатшыдан бата алған Зардыхан Қинаятұлы 15 ғалымды басқарып, партияның бағдарламалық жаңа платформасын және жарғысын жасап шығады. Осы құжат ұзаққа созылған тартыс-таластан соң 1990 жылы жазда шақырылған партияның кезектен тыс төтенше сьезiнде қабылданады. Зәкеңнiң «Егер қоғам тапсырыс берсе, оны өзгертуге он бес адамның ақыл-ойы жетедi, ал қоғам қозғалысқа енсе ақыл-ойдың алдында аппарат машинасының өзi қауқарсыз болып қалады» деген афоризмi осы жеңiстен кейiн туса керек.
Қай бiр елде болмасын демократиялық үдерiс асқынып, билiк әлсiреген кезде немесе қай бiр елдi бөлшектеп, iшiнен iрiту қажет болғанда iшкi және сыртқы күштердiң ықпалымен сол елде шоғырланып мекендеп отырған диаспоралар ұлттық автономияға ұмтылу әрекеттерi бой көтеретiн көрiнедi. 1990 жылдардың басында Моңғолияда демократиялық дүрбелең белең алған шақта Баян-Өлгей аймағының 90 пайызын құрайтын қазақтар арасынан дабырайтып «Қазақ автономиясын» құру туралы мәселе көтерген азаматтар болды. «Баян-Өлгей» деген аймақ атын «Бай бесiк» деп өзгерту туралы да ұсыныстар бой көтердi. Осындай бiр аласапыран тұста Өлгей қаласында қазақтар «саяси отырыс» жасап ереуiлге шығады. Басты талаптары: Аймақ әкiмшiлiгiнiң ұлты мұңғұл бастығын алып тастап, орнына қазақ азаматын тағайындау. Мiне осы ереуiлдi басу үшiн ел Президентi П.Очирбат жақтырмайтындар «орыстың жансызы» (Қазақстанның дегенi ғой), ұнататындар айтыс-тартысы мол «парламенттiң өрт сөндiрушiсi» («огнетушитель парламента») атанған З.Қинаятұлын аттандырады. Зәкең самолеттен түсiсiмен тура ереуiлшiлерге келедi. Кейбiрiмен қауышып амандасады. Осының өзi-ақ әлгi алқынып тұрған жастардың iшiн бiршама жылытып жiбередi. Бұл қайраткерлiк пен саясаткерлiк қатар сайысқа түскен шағы едi. Өйткенi құй ол қайраткер болсын, құй ол саясаткер болсын қара басының қамын күйттемей, туған халқының қамын жесе ғана жұрты оны ұлттық тұғырға көтередi. Зәкеңнiң жоғарыдан келдiм деп кекшимей, үркiп, қорықпай тура ереуiлшiлердiң iшiне енуi нағыз қайраткерлiгiн танытады. Кешегi аспандағы жұлдыздай жарқыраған Зардыхан мiне бүгiн алдарында, араларында, алақандарында тұр. Қолымен ұстап, сипап көруге болады. Байқайсыз ба, Абайдың «единицасы» тағы ойға оралады. Осы күнгi кешкi митингiге жиналған жұртта есеп жоқ. Қаби алаңы қара нор, нөпiр. Ине шаншар жер қалмайды. Онда тек жоғарыда аталған мәселе ғана емес басқа да көкейкестi көптеген күрделi сұрақтарға нанымды жауап беруге тура келедi. Ал егер осы халық арасынан қақтығыс шықса не болар едi. Онда қан судай ағып Қобда өзенiне құйылар едi. Өрт өршiр едi. Арты азаға айналар едi. Бiрақ салиқалы саясаткер, салмақты дипломат, шешен би Зардыхан Қинаятұлының халқын, жұртын сыйлай бiлетiндiгiнiң, ел тiрлiгiн тамыршыдай дөп басып, күрделi мәселердi шешудiң күре жолдарына шығар бағытты дұрыс айқындай алатындығының нәтижесiнде ереуiлшiлер талабы орындалып, саяси толқу ың-шыңсыз аяқталып, Зәкең Моңғолия тарихындағы қазақтардың ең үлкен ереуiлiн тыныштандырып астанаға жеңiспен оралады. Зәкең бiраз жыл шетелде елшiлiк қызмет атқарғанда өзiнiң салиқалы дипломат екендiгiн танытты. Сөйте тұра билiктiң биiк лауазымды ұсынысынан бас тартып, атажұртына оралып, сүйген кәсiбi ғылымға, соның iшiнде тарихқа ден қойды.

«ТАРИХ — ҰЛТТЫҢ ӨМIРБАЯНЫ»

Зәкеңнiң отандық тарихымыздың дамуына қосқан үлесi мен ашқан жаңалығы орасан мол, тау төбе. «Жылаған жылдар шежiресiнен» бастап, Моңғолия қазақтары туралы қос кiтап, «Моңғолия үстiртiндегi түркi тайпалары», «Жошы Ұлысы», екi кiтаптан тұратын «Шыңғыс хан және қазақ мемлекетi», «Көз қарас» қатарлы еңбектерi туралы бiр мақала көлемiнде айтып тауысу мүмкiн емес. Сондықтан қадау-қадау тұстарына тоқталып өткенiм жөн бе деймiн. «Тарихта үлкен болсын, кiшi болсын елеусiз, ескерусiз қалатын нәрсе болмайды. Тарих — бүкiл халықтың, ұлттың өмiрбаяны». Бұралқы идеология күшiмен бұрмаланған тарихтың зардабын бiздiң қазақ көп тартты. Ұлы уақыт оны да реттеп жатқандай. Тарихқа әдiл төрешiлерiн әкелдi. Соның бiрi профессор Зардыхан Қинаятұлы. Ол — әдiл би. Зәкеңнiң осы қасиетi, әдiлдiгi тарихымызды дұрыс танып, оны адал бағалауда да айқын көрiнедi. Отандық ғалымдарымыз ойланып қалатын тұстарында кәсiби тарихшы кесiмi қатал. Патшалық Ресейдiң қазақты қалай жаулап алудың ғылыми негiзiн жасап, оның жан дүниесiн жетiк түсiнбей тұрып, қазақ туралы ұсқынсыз пiкiр айтып, осал, жалқау, құлдықты көксеген топқа жатқызған А.Левшиндi ұлы Шоқан Уәлиханов «қазақ тарихының Геродоты» десе оны кекеп айтты, Левшин еңбегi қазақ тарихын зерттеуде құнды материал, бiрақ шын мәнiнде ол «қазақ тарихының Геродоты» емес, қазақ тарихының атасы деп Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри, Шоқан Уәлихановты атаймыз дейдi ғалым. Мұндай өжет пiкiрдi бiздiң тарихшыларымыз бұрын-соңды естiмеген едi.
Зәкең тамырын тереңнен тартады. Арыдан болжайды. Не айтса да бұлжытпайтын дәлелдермен мықтап шегелеп, буып тастайды, тапжылтпайды. Өйткенi ғылымға дәлдiк керек. Деректi дәлелдеу керек. Әйтпегенде әр заманның талап, мүдде, тiлегiне сай қалам ұстаған жанның өзi қалаудың құрбаны болып кетуi бек мүмкiн. Артық-ауыстан тарихқа қиянат туындайды. З.Қинаятұлы Л.Гумилев еңбектерiне талдау жасай отырып қазiргi қазақ қоғамының «инкувациондық кезеңдi», яғни қайта түлеудiң механизмiн iске қосумен ғана айналысып жатқанын, егер өте сақ болмасақ, ұлттық мүмкiндiктерден айырылып қалуымыз кәдiк, ұлы империялардың түбiне жеткен көпұлттылық, көпдiндiлiк, мультикультуралық дейдi. Ғалымның айтуынша, «онсыз да жаһанданып жатқан заманда өз ұлты ұлт болмай жатқан Қазақстан сияқты жас мемлекетте көпұлттылық, көпмәдениеттiлiкке шақыру — қатер, егер бiз есiгiмiздi айқара ашып тастап, басқаны өзiмiзге шақыра берсек, бiрер жылдан соң «қазақстандық» деген атаудың қалқасында қазақ та емес, қалмақ та емес, «қырық темiрдiң қылауынан» жиналған жаңа тобыр пайда болып кетуi мүмкiн».
Зәкең — Зардыхан Қинаятұлы тамаша ұлтшыл адам. Ұлтын шын жан-тәнiмен сүйген адам ғана ұлтшыл бола алады. Шыңғыс хан, Ата Түрiк, Неру, Петр I, Путин... Ұлтшыл адамның ғана көкей көмбесiнен ұлтсыздыққа қарсы қамалдай — қамалдай қағидалар туындаса керек. Ғалым «қазiргi Қазақстанда ұлтын сүюдiң, Отанын сүюдiң екi және үш жақты принциптерi қалыптасты. Осындайда қайсыбiреулердiң қазақты ұлтсыздыққа шақыруы аса қатерлi, мәселен О.Сүлейменовтiң «Ғаламшарлық сана», «Нұр Отан» партиясының «Қазақстандық ұлт» тұжырымы қатарлы ұлтсыздық идеологиялардың тасасында ұлт мүддесiне байланысты сан алуан мәселелердiң қалып қоюы мүмкiн» дейдi. Бұл — ұлты үшiн жаны күйген кәсiби тарихшының бүгiнгi қазаққа айтар, тоқ етер сөзi.
ХХ ғасырдың бастапқы жартысындағы қызыл қырғынның қыр-сыры әлi толық ашылмай жатқанымен қоймай, коммунист күн көсемдердi ақтап алғысы келетiн әрекеттер әредiк болса да бой көрсетiп жүр. Осы ғасырға тән зұлмат, геноцид бiраз айтылды. Бiрақ бiлмейтiнiмiз әлi де шаш етектен. Осы орайда З.Қинаятұлы геноцид дегеннiң «тұқым» және «өлтiру, құрту» атты грек сөздерiнiң қосындысынан құралғандығын ұғындырып алып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылы қабылданып, 1961 жылдан күшiне енген «Геноцидтiк қылмыс және жазалаудан алдын ала сақтандыру туралы конвенциясына» сiлтеме жасай отырып, «ұлттың бiр бөлiгiн жазалау туралы жарлықты» большевиктер көсемi Ленин ұсынғанын, оны Сталин мүлтiксiз орындағанын әшкерелеп бередi. Ал бүгiнгi «Демократиялық Ресейдiң» Лениннiң өлi денесiн баптап, сақтап отырғаны мен Сталиндi ұлықтай бастауы сондықтан дейдi тарихшы. Қорқынышты. Құлақ асатын нәрсе. Ғалым осы орайда академик М.Қ.Қозыбаев, К.Н.Нұрпейiсов, профессор М.Қ.Қойгелдиев, Т.Омарбековтердiң зерттеу еңбектерiне сүйене отырып, сандық фактiлердi атай келе, ОГПУ жаналғыштары тұтқындалған жазықсыз жандарға төмендегiдей қинау әрекеттерiн қолданғанын келтiредi: маңдай тiстерiн қағып түсiру; ер адамның жыныс мүшесiне iстiк жүгiрту; екi аяғынан салбыратып iлiп қойып, басынан ыстық бу, жалынмен қақтау; жазалылардың балаларын үрiм бұтақсыз қалдыру үшiн ызғар, мұз, қырауға отырғызу; жалған куәлiктердi негiзге алу т.б. геноцид шындығы осы. Төбе шашыңды тiк тұрғызып, құйқаң шымырлайды. Адам айтса нанғысыз азапты тартқанша аярлар айдап апарып, атып тастағандар армансыз екен-ау дерсiң. 1929 жылы қазақта 39 миллионнан астам мал болса, 1933 жылы бар жоғы 2,5 миллион ғана бас қалған, 2,3 миллион қазақ аштықтан қырылып қалған. Ғалымның «3 миллиондай қазақтың төгiлген қаны үшiн кiм жауап бередi?» деуi кемел сұрақ. Жауап әлi жоқ! Большевиктердiң қазақтарды жою саясаты елiмiз аумағымен ғана шектелмеген. Олар қытай, моңғол жерiндегi қазақтардың соңына түседi. 1938 жылғы нәубетте моңғол жерiндегi отыз мыңдай қазақтың үштен бiрiн ұстап, атып тастаған. Осының бәрiн елеп-екшей келiп: «Зұлмат қасыретiн келер ұрпақ ұмытпауға тиiс. Егер ұмытылса қасырет қайталанып кетуi мүмкiн», — дейдi ғалым-тарихшы З.Қинаятұлы. Ғылым докторының соңғы жылдарда жазған сүбелi еңбегi «Шыңғыс хан және қазақ мемлекетi» атты қазақ тiлiнде тұғыш рет жазылған ғылыми монографиясы. Еңбектiң басым құндылығы ел iшiнде етек алып кеткен Шыңғыс хан туралы түрлi әфсана, аңыздар мен алып қашпа әңгiмелерге бiлiктiлiкпен жүйелi түрде берiлген ғылыми жауап болғандығы. Ғалымның Шыңғыс ханның тұңғышы, қазақты билеген Жошының екiншi, үшiншi ұрпақтарынан бастап қазақ болып сiңiсiп кеткен, сондықтан оларды «мұңғұл деп есептемеймiз» деуi өте-мөте қажет, дұрыс кесiм. Бұл еңбектен ғалым болсын, мейлi жай оқырман болсын өзiне қажеттi мол мағлұмат алады. Осы еңбек арқылы оқырман Зәкеңнiң — Зардыхан Қинаятұлының қандай бiр идеологияға ықтап, ықпалына ерiп, бұра тартпайтын шын ғұлама, шынайы ғалым екенiне тағы да тәнтi болады.

«ТӘҢIРДI СҮЮ, ӘРУАҚТЫ ҚАСТЕРЛЕУ»

Ғұлама адамның, iлiмге жүйрiк жанның, өзiнiң ғана емес өзгенiң де түп-тұқиянын жақсы бiлетiн, терең зерделеген кiсiнiң қазiргi дiни ұстанымы, жалпы мұсылмандыққа көзқарасы да басқаның назарын өзiне аударуы заңды. Қазақ өзiн қадым заманнан берi көк аспан мен қара жердiң туындысы деп келген. Бұл тұрғыда Зәкеңнiң де дiни дiлi берiк, бағдары айқын, бағыты нақ. Алла сөзiн алғаш рет алты жасында Ана қабiрiнiң басында естидi. Ол «Альхамду алла, мұсылман» деп айтар едiм мен. Өлiм-жiтiмде құран, аят оқылғанда көппен бiрге қол жаяды, жаназаға қатысады, тiлi кәлимаға келедi. Бiрақ ол кiсiнiң ислами қағидалар жөнiнде өзiнiң дара пайымы бар. Барша адам «пенде — Құдайдың құлы, Мұхаммедтiң үмбетi» дегендi таза араби идеология деп көредi. Өзiн Бiр Тәңiрге табынған көшпендi қазақтың ұрпағымын деп таниды. Көк Тәңiрi жаратушының бұйрығынсыз ештеңенiң болмайтынына кәмiл сенедi. Мұсылман дiнiн де жатсынбайды, сыйлайды. «Бiрақ, — дейдi Зәкең, мұсылман сенiмiндегiлер де ата-бабалар әруағын, бейiт, қорымын қастерлейтiн бiздiң сенiмiмiздi сыйлай бiлулерi қажет. Ислам дiнi бойынша ұлт деген жоқ. Егер мұсылман дiнi әрбiр ұлттың құндылығын қастерлей бiлсе, мен ол дiндi пiр тұтуға дайынмын. Егер қазақ тасада қалса, ата-бабамның әруағына табына алмасам, онда дiннiң де, идеологияның да, күш-қуаттың да, байлықтың да бағасы мен үшiн көк тиын». Жалтақсыз, үзiлдi-кесiлдi жауап. «Тура биде туған жоқ». Халық даналығы. «Тәңiрдi сүю, әруақты қастерлеу Зәкең үшiн ең әуелi табиғатқа деген шексiз махаббат, өлi мен тiрiнi қатар сыйлап, табиғаттың тылсым күштерi арқылы өлi мен тiрiнiң ара жiбiн жалғап тұру. Космологиялық бұл жалғастық үзiлсе өмiрдiң үзiлгенi». Қазақ қырық сектаға бөлiнiп, қырық пышақ болып жатқанда айтатын сөз. Осындай қым-қуыт шақта данышпан, дуалы ауыздардың үлп еткен бiр ауыз сөзi дем салғандай үлкен роль атқарады. Бiреуге дем берсе, екiншi бiреуге демеу болып, адасқан бiреу бағытын айқындайды. Зәкең баршаға, Алаш баласының бүгiнгi таңдағы «дiн мұсылманбыз, бiрақ қандай жолын, қалай ұстанамыз, ненi пiр тұтуымыз керек?» деген сауалына жауабын бүкпесiз, ашық айтады. Зәкеңның бұл жазбаларынан ол ата-баба дәстүр-салтынан бас тартпай отырып, дiн мұсылмандықты пiр тұту қағидасын алға тартады деп түсiнуге болады. Өсиетнамасы: «Жер-Анаға табын адамзат!. Жер-Ананы қастерлеп, Жер-Анаға мейiрiмдi болғанда ғана табиғат адамзаттың күнәсiн кешiредi», — дейдi философ.

АБАЙ ӘЛЕМI ЖӘНЕ ЗАРДЫХАН

Шет елдердегi қазақ оқымыстылары арасынан хакiм Абай өлеңдерi мен қара сөздерiн тәпсiрлеп, түсiнiктеме жазған адамдардың алғашқысы Ақыт Үлiмжiұлы едi. Осы үрдiс онан кейiнгi алыстағы Алаш ақиықтарының әрқайсысының еңбектерiнде ерекше орын алып, әркiмi өз хал — қадырiнше Абай әлемiне енiп, өз санат деңгейiнде «халықтың ой өрiсiнiң өлшемi, мұң-зарының рухани тұжырымы болған интеллектуалдық озық ойды» (З.Қинаятұлы) ұғынуға әрi халқына ұғындыруға тырысты. Осы қатарда шоқтығы биiк тұрған шоңның бiрi — Зардыхан Қинаятұлы. Абайды көп оқып немесе Абай туындылары туралы көп жазып, көп сөйлегеннен Абайды жете, кемел түсiне қоймайтын сияқтымыз. Бұны мен Зәкең үлгiсiнен айтып отырмын.
Зәкең Абайды бiлгiр тарихшы көзiмен емес, ол да септiгiн тигiзген шығар, кәнiгi психолог, қазақтың жан дүниесiнiң әрбiр талшығының өте нәзiк қыбырын тамыршыдай сезетiн тума балгердей iшкi түйсiк жанарының отымен көредi. Абай кеңiстiгiне, Абай орбитасына ену үшiн әуелi қазақ деген халыққа жол салады Зәкең. Өзiмiз қазақ бола тұра қазақтың шын мәнiнде кiм екенiн, қандай халық екенiн бiлмеймiз ғой. Ол осыны ойлайды. Демек Абайды тану — қазақты тану, қазақты бiлу, Абайға бойлау болса керек. Өйткенi «Бiр Абай — бар қазақтың таңбасы» (Б.Б.), яғни символы. З.Қинаятұлы қазақты «адамзаттың этнопроцесiндегi аса нәзiк құбылыс» дейдi. Ендеше бұл нәзiктiктi сезiну де өрмекшiнiң жiбегiндей берiк нәзiктiк пен алмастай өткiрлiктi қажет етедi. Қазақтың қай қылын шертсең де қан жылап қоя бередi. Оған қандай жүрек төзедi. Бiр емес, бiрнеше ғасыр бойы бiрде бiр рет ренессанс дәуiрiн басынан кешiрмеген, «нағыз қазақы болмыс, тiл-мәдениет, салт — дәстүрi қалыптаса бастаған кезiнде» басып-жаншылған, жаншылғанда езiп, есiн жойып жiберуге дейiн әрекеттенген зымияндық сойылынан көз ашпаған қазақтың жан-рухын, мiнез-құлқын тұңғыш таныған адам — Абай. Олай болса, қазаққа барғысы келген кiсi, Алашпен айналысамын деген адам тек Абай арқылы ғана жол табатыны сөзсiз. Мiнеки, танымын түйсiкке билеткен Зардыхан Қинаятұлы Абай әлемiне тартынбай енедi. Оның көкжиегiнiң кеңдiгi сондай Абай әлемiне келгенде дүниенi шарлап өтедi. Өз әл-Фарабиiнен бастап, араб, парсы, еуропа, америка, орыс, моңғолдың философ, ақын-жазушыларымен салғастыра келiп, «Абай адам мен табиғаттың ара қатынасының сырын айыру, адамның iшкi жан дүниесiнiң жүрек сырын тани бiлуге келгенде батыс ойшылдарынан артық болмаса кем түскен жоқ» деген соны байлам, әлеуеттi тұжырым жасайды. Абайдың таным тәсiлiнiң тағы бiр сырын ашады. Бұның өзi бұрыннан қалыптасқан еуроцентристiк көзқарасты бұзып жарған, өзге түгiл өзiмiздiң «күшiгiнде таланған» мүйiздiлерiмiздiң көзiн алайтып, көкжелкесiн күжiрейткен батылдық болды. Бiз бiр ой тапсақ оның баламасын орысшадан iздеп, ақыры адасып кететiнiмiз бар ғой. Зәкең үйтпейдi. Абайдың әр бiр сөзiн қазақи құлықпен пайымдайды. Соның арқасында қазақты Абайша түйсiнуге мүмкiндiк алады. Қазақша өмiр сүредi. Басқа абайшылдардан Зәкеңның озатын жерi осында жатыр. «Абай қазақтың дүние танымындағы үстiрт бiр жақтылыққа қарсы тұрды». Бұ не деген сөз? Бiз күнi бүгiнге дейiн, қоғамды жалпылық идеология жайлауының салдарынан Абайдың «единицасына» мән бермей, көппен бiрге көруге көбiрек көңiл бөлiп, Абайша айтқанда «Көп айтса көндi, жұрт айтса болды, әдетi надан адамның» деп тобыршылдық, надандықпен кетiп, ол қазаққа «ұлттық мiнез болып қалыптасты» деп зерделейдi З.Қинаятұлы. Абай «Ер жiгiттiң көркi мал, сұлу аттың көркi жал» дейдi. Көбiмiз осы жолдардағы «малды» төрт түлiк деңгейiнде қарастырамыз. «Мал» — түркiлiк, көне түркiлiк ұғым. Зәкеңның айтуынша «Абайдың малы қазақтың дiнi, құдайы, халқы, жұрты, бiлiмi, ұяты, ары және жақыны» екен. Осыны түсiнбеген керi ауыз кеңестiк саясат қазақты «қой баққаннан басқа қолынан келмейдi» деп құмға айдап салса керек. «Саудаға, кәсiпкерлiкке қазақтың икемi жоқ делiнетiн бүгiнгi ұғым осынау таным-түсiнiктiң жалғасы» дейдi ғалым. Оған қазақтың өзiн де әбден сендiрiп қойған. З.Қинаятұлы бүгiнгi қазақтың өз атажұртында көзге түрткi болып жүргенiнiң өзi осының салдары дейдi. Және ол «бiздiң қазақта iздену, қағылездiк аз, ит жатыс, мырза тұрыс, мешеулiк басым» деп Абайды демдеп қояды. Өкпе жоқ. Деңгей сол. З.Қинаятұлы бүгiнгi қазақ кәсiпкерлерiн қалалық және далалық деп екi топқа бөледi де, олар Абай айтқандайын ақшаны иттiкпен тауып, иттiкпен айырылып жүр дейдi. Басқа жұрттың кәсiпкерлерi болса дүйiм дүниенi пайымдап, ұлттың, өзiнiң ертеңi үшiн капитал, мүлiк жинайды екен. Ал қазақтың қаладағы кәсiпкерлерiнiң кейбiреулерi түнгi жынойнақ, казиноларда ақшасын шашса, далалық кәсiпкерлер елiмiзде әлеуметтiк көрiнiске айналған той-томалақтарға демеушi болып, ата-бабаларына арнап мешiт тұрғызып, атын шығарамын деп жүрiп құр алақан қалуға жақын екен. Өйтетiн себебiн ол бiрiншiден, Құдайдан, ата-баба әруағынан, екiншiден, қазақтың «қалталы ағайындарға» деген қара қазандай өкпесiнен қорқатындығынан деп көредi. Рас сөз. Өте дұрыс айтады. З.Қинаятұлының Абай әлемi арқылы бүгiнгi қоғамдық қатынас туралы айтқан тым тартымды, көкейге қонымды, құйма құлақты талайды толғандыратын ой-пiкiрлерi жетерлiк.
Зәкең туындыларының танымдық сыры терең, тағылымдық қыры құнды. Қазiргi қазақтың кейбiр мiнез, қылықтарын аңғаруынан Абай тағылымы анық байқалады. Қазақ жаңа туған жас сәби, жалғыз ұл, жанерке немерелерiн тiл-көзден қорғаудың орнына, үлкендердiң өзi олардың дарын, қабiлетiне таңдай қағып, таңғалып отырады екен. Неге? Сөйтсек, бұл қазақ ұрпағын келешек блефке ертерек дайындай бастағаны екен. Адамдар өз атымен, өз қабiлетiмен емес, не өзiнiң, не басқа бiреулердiң атақ-даңқы, сый-сияпатымен өмiр сүрудi әдетке айналдырыпты. Құр атақ арқылы күн көредi екен. Бұның ең зиянды жерi «атақтының» жанында атағы жоқ қабiлеттiнiң ескерусiз қала беретiндiгi екен. Шынында да түк бiтiрмей кеуделерiне темiр тағып кергiп басқандарды көргенде өзiңнiң бетiңнен отың шығатыны рас. Баяғыдағы ақ патшаның Алаштың аға сұлтандарын марапаттағаны сияқты.
Қай тарапта жүрсе де қазақша, қазақ үшiн өмiр сүрген жаны жайсаң, жазықта аққан дариядай дана, байтақ даласындай байсалды, өзiнiң ежелгi мекенi, туған жерi Алтайдың Қобдасындай қормал, бұл күнде жетпiстiң желкенiнен ұстаған абыройлы ағаға ұзақ ғұмыр жас тiлеймiз, қазақ үшiн қылар қызметiңiз сарқылмасын, атына заты сай аға деймiз!

Бақытбек БӘМIШҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi

«Түркістан» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы