Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Интернет-конференция: Қанағат Жүкешев (Басы)

Дата: 13 февраля 2011 в 16:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Интернет-конференция: Қанағат Жүкешев (Басы)

азақ тіліне реформа жасау керек деп жүрсіз. Қандай реформа? Оны қалай жасауға болады?

- Мен қазақ тіліне реформа жасау идеясын емес, оны ресми іс жүргізуде қолдануға дайындау мәселесін көтеріп жүрмін.

Әзірше Қазақстанда тілге қатысты мәселелердің бәрі күңгірт, тұманды болып қалып отыр. Реформа дегенде біздің ойымызға латын әрпіне ауысу туралы ой келеді. Меніңше қазақ тілінің ресми іс жүргізу практикасында толыққанды қолданылуын қамтамасыз етіп алмай, латыншаға ауыса қою орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады. Онсыз да орыстілді және қазақтілді екідайлыққа ұшырап жүрген қазақ одан әрмен рухани алшақтыққа ұрынады. Қазір олар бірін бірі үнемі түсіне алмай, шекісіп қалып жүрсе, латыншаға көшкен қазақтілділер мен кириллицадан айырылғысы келмейтін орыстілділер (орыстармен қосылып алып) нағыз шептесуге көшеді. Қазақ тілінде жасалып жатқан контент оларды сүйреп әкете алмайды. Ұлттың  рухани екі жікке бөлінуі одан ары тереңдейді. Онсыз да кириллица негізіндегі қазақшаға ене алмай жүрген орыстілділер латынша негіздегі қазақ тілінің маңайына да бара алмайтын болады. Әзірбайжан мен Өзбекстандағыдан біздегі жағдай өзгеше. Олардың артықшылығы бір ұлт өкілдерінің ішінде бөліну жоқ, бізде бар. Егер латыншаға қазір ауыса қойсақ, бұл бізді рухани жіктелудің ең тереңіне батыратын болады. Әрине, түбінде біз латыншаға көшуіміз керек. Бірақ оған дейін біз алдымен ұлтты қазақшаның айналасына топтастырып алуымыз керек.

Биліктегілер, әкімшілік ресурсты пайдаланып мәселені шешіп үйренгендігімен, бәрін жуан жұдырықпен айдап латыншаға бірақ тығамыз деп ойлайтын шығар. Бірақ, адамдарды латын кеңістігіне ауыстыру — «Нұр-Отанға» мүшелікке енгізуден қиынырақ. Тереңде жатқан рухани алшақтықты жою үшін тереңнен қозғалған және ұзағынан шалатын әрекеттер керек.

— Сіз тілі ғылымы туралы бір еңбегіңізді орыс тілінде шығардыңыз. «Қазақша жазып едім, ешкім оқып пікір айтпады», деп жүрдіңіз. Орысша жазған тіл ғылымы туралы кітабыңызды қазақ зиялылары тіксіне қабылдады, тіпті соққының астына алды. Неге?

Менің «Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы» деген кітабым қазақ тілінде шықты. Орыс тіліндегі басылымдарда тіл туралы жекелеген мақалаларым басылды. Оларда айтылған идеяларды қазақтілділердің «тіксіне қабылдағаны» рас. Себебі, кез келген әдеттегіден тыс ой әр қашан да «тіксіне қабылданады». А.Пушкиннің әдебиет әлемінде пайда болғаны туралы В.Белинский «Современные заметки» атты мақаласында «Пушкин өзінің пайда болуымен біздің әдебиетіміздің терең ұйқысын бұзып жіберді, ескі тарландар оны еретик, өнерді бүлдіруші ретінде қарсы алды» деп жазған теді. Мен өзімнің идеяларымның қалай қабылдануы мүмкін екенін алдын ала долбарлағам. Сондықтан психологиялық түрде оған дайындықпен келдім, соққы маңдайдан тигенде теңселген жоқпын

— Кезінде Коммунистік партияның мүшесі болып ант қабылдадыңыз ба? Қазір қай партиядасыз?

— Кезінде компартияның қатарына өту қажеттігін тұшынған кезім болғаны рас. Бірақ, екі рет талпынсам да, сол ұйымның қатарына ілігу «бақыты» маған бұйырмады. Қазір қай партия либерал-демократизмді берік ұстанса, соның қолдаушысы боламын.

— Әлем халықтары тарихи жағдайға қарай, аграрлық, индустриялы, постиндустриялы дамуды әрқилы бастан өткереді. Мұны әсіресе, Геллнер жақсы жазған. Сұрақ: Қазақ халқы аграрлы-индустриялы даму кезеңінде тұрып, оның тілі «индустриялық немесе постиндустриялық тіл» бола ала ма? Біздіңше, индустриялық немесе постиндустриялық тіл «әлеуметтік сынақтан» өту арқылы қалыптасатын сияқты. Сіздің пікіріңіз? Б.М.

- Америкалық Э.Тоффлер өзінің кең таралған «Шок будущего» деген еңбегінде дүние жүзі елдерін төмендегіше екіге бөліп қарастырған: «Жердегі адамдар өмір сүріп жатқан уақыты бойынша жіктеледі. Көптеген жағдайларда олар бұдан бір ғасыр бұрынғы аталары сияқты өмір сүреді. Бұлар өткеннің адамдары, жер тұрғындарының 70 %-ын құрайды. 25 %-дан астамы дамыған өнеркәсіпті елдерде тұрады. Олар заманауи өмір сүреді. Олар қазіргі күннің адамдары». Бұл саралау бойынша қазақтар негізінен дамудың аграрлы басқышында, «өткенмен» өмір сүріп жатыр. Ал Қазақстан қоғамын тұтастай алсақ, ол — индустриялы-аграрлы ел. Демек, қазақ тілін өзінің төл қоғамы тұрған басқышқа көтеру керек. Қазақтың санасын ауыл әбден меңдеп алған, оның индустриямен, ақпаратты қоғаммен, либерализммен ісі жоқ. Керісінше, олармен шептесуге дайын. Қазақтың басындағы бар қырсығының субстанциялық қайнары осыдан бастау алады.

— Қалай ақша табуға болады. Айлық кірісті 200 000 теңгеге жеткізу үшін қандай іспен айналысса дұрыс деп есептейсіз? ҚР -да адал еңбекпен ақша табуға бола ма, жоқ па?

Алдына тек ақшаны мақсат етіп қойған адам ешқашан ақшаға жарымайды, баюды көздеген — байымайды. Осы мәселеге қатысты тарихта ақталған тәжірибе бар. АҚШ-ның бұрынғы президенті Б.Клинтон оны былай тұжырымдап берген болатын: америкалық арман екі компоненттен тұрады: біріншісі — алдыңа ізгі мақсат қой; екіншісі — сол мақсатқа жету үшін бар жігеріңді аямай, заң аясында адал еңбек ет».

-Қазақ тілін қаншалық деңгейде білемін деп ойлайсыз? Қазақша сөздік қорыңыз қанша? Сіз қазақ тіліндегі әрбір сөздің ішкі мағынасын қаншалық терең аша алсыз? Өзіңізді қазақ тілінің жетік маманы дей аласыз ба? Сіздің қазақ тілі деңгейіңіз М.Әуезовпен салыстырғанда қай деңгейде?

Қазақ тілін өз ойымды әрең жеткізе алатындай деңгейде білемін. Сөздік қорым «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегіден» кемірек.

Менің тілді меңгеру және қолдану деңгейімді М.Әуезовтікімен салыстыруға болмайды. Әуезов — жазушы. Ол XX ғасырдың бірінші жарымындағы қазақ тіліндегі әр сөздің ішкі мағыналық иірімдерін терең сезінетін және соған орай орынды қолдана білетін сөз шебері. Ал мен XXI ғасырдағы қазақ тілін дамыту мәселелерімен, оны индустриялы өмірге енгізудің философиялық аспектілерімен айналысатын адаммын. Дегенмен, қымбаттым, Сіз екеуміз Әуезовтің көре алмағанын көруге міндеттіміз. Өйткені, біз әуезовтердің иығына шығып алып тұрмыз.

-Орысша оқыған мәңгүрттер қазақ тілін тек сөздік деңгейінде ғана түсінетіні, тек беттік ұқсастықтармен ғана ааңғаратыны белгілі. Қазақ тілінің ішіне кірмеген, қазақша сөздердің ішкі мағынасын рухымен түйсіне алмайтын қортық оқымыстылардың қазақ тілі туралы пікірлері қаншалық ақиқатқа жақын? Сіз ынта деген сөзбен ниет деген сөздің арасында қандай айырмашылық бар екенін, осы екі сөздің ішкі мағынасын талдап бере алсыз ба?

- Өзіңіз айтқандай, «тілді сөздік деңгейінде ғана түсінетін, қазақ тілінің мағынасын рухымен түсіне алмайтын, орысша оқыған қортықтар» көп екені рас. Ал, тілдегі ауарайын солар жасап отыр ма? Айтыңызшы, «қазақ тілінің мағынасын рухымен түсінетін» сұңғылалар қайда жүр? Мен солардың бірі — Сіз боларсыз деп ойлаймын. Неге бүкіл елді нәрлі тіліңізбен ауыздарыңызға қаратып, соңдарыңыздан ертіп әкетіп, қазақ тілін заңғарға бірақ шығармайсыздар?

Өз басым көпшілік алдында емтихан ұйымдастыруды әбестік деп санасам да, Сізге студентше жауап бермесем, «мінеки, Жүкешевті тұқыртқан жерім осы еді» деп жар салатын боларсыз. «Ынта» сөзі қазақ тілінде белгілі бір бастама көтерілуін білдіреді, көбінесе қоғамдық қызмет бабында, көпшілікті ертуге бағышталған әрекетті бейнелейтін сөз (орысшаға аударғанда — инициатива). «Ниет» — адамның көксегенін көрсететін сөз (орысша — намерение).

-Қазақ тіліндегі кем сөздер көбінесе зат есімдер. Ол біздің тілдің орыстық бодандық себебінен көптеген жаңа нәрселерге ат қойып, оны жалпыластырып үлгірмеуінен болған. Ал қазақ тілінде етістіктер, шылаулар, сын есімдер, есімдіктер кемшілігі жоқ деп ойлаймын. Өйткені қазақ бір нәрсені мың құбылтып суреттей алады, бір ойды сан қырынан айта алады, егер ол қазақ тілінің нағыз тума шешені болса. Сіздің қазақ тілін кем деп жүргеніңіз сол зат есімдер ғана. Ал зат есімді жасау соншалық қиын емес, иә басқадан қабылдаймыз (ГРЕК; ЛАТЫН; АРАБ; ПАРСЫ; ТҮРКІ халықтары), иә өз тіліміздің мүмкіндігінен пайдаланып жаңадан жасаймыз. Несі бар, зат есімі өзге тілден кірмеген халық жоқ, тіпті мынау қытайларда да кейбір сөздер бізден кірген, мысалы інжу деген сөз! Оларда да солай айтылады екен. Ендеше, сіз орыстасуға үлес қосу ниетіңіз болмаса, біздің тілдің бұл жағдайына тап бір арсыз адамдардың қаралауындай мәміледе тіл қатпас едіңіз деп ойлаймын. Сіз менің бұл сөзімді өзіңізді бағалауға пайдаланасыз ба? Асау

— Қазақ тілінің бар мәселесі зат есімдерге тіреліп тұр деген тұжырыммен келісе алмаймын. Мен алдымен қазақ тілінің басты қиындығын индустриялы қоғамда іс жүргізуге қолданылатын тіркестердің, екінші сөзбен айтқанда ресми стильдердің орнықпауынан көремін. Ресми жиналыстарда, өндіріс үдерісінде, табиғат пен қоғамда болып жататын құбылыстарды сипаттауда, ғылыми баяндамалар мен түсіндірулерде, түрлі бұйрықтар мен жарлықтарда, командаларда  қолданылатын екі немесе бірнеше сөздерден тұратын конструкциялармен берілетін мағынаны қазақ тілінде жеткізу қиындық келтіріп отыр.

Тіл стильдерін жетілдіру қазақ тілінiң іс жүргізу, ғылыми стильдерiн орнықтыру, саяси-публицистикалық және көркем әдебиет стилдерін одан ары жетiлдiру жұмыстарын қамтиды. Ол үшін алдымен рухани, саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық аяларда жиі қолданылатын фразеологиялық тіркестер мен конструкциялар іріктелініп алынуы, сонан кейін семантикалық өріс шеңберінде реттелуі, бірмәнді түсінілетіндей мағыналық жүктеме берілуі, сонан кейін бекітілуі және қабылдануы, ең ақырында қолдану практикасына берілуі керек.

Ресми іс жүргізу үдерісінде қолданылатын фразеологиялық тіркестер мен конструкциялардың жалпы саны қанша болады деп ойлайсыз? Қазақ лингвистерінің келтіруі бойынша қазақ тілінде 1 миллион фразеологиялық тіркес бар. Қазақ ғалымдары бұл жерде мал шаруашылығы мен ауыл тұрмысы аясында қолданылатын тіркестерді ғана санап отыр. Мұнымен қазақ тілінде мемлекеттік шеңберде іс жүргізуге көше салу мүмкін емес. Салыстыру үшін айтайын, ағылшын тіліндегі фразеологиялық тіркестердің саны 35 миллион. Қазақ тілінде іс жүргізуге көшудің алғашқы кезеңінде қоғамдық-гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық аяларда қолданылатын

пропускная способность транспортной развязки; ключевое ведомство; поимка с поличным; пилотная программа; зона Еровидения; перегрузка компьютера, пороговые государства; персона нон грата; механизм издержек и противовесов; презумпция невиновности; тестирование на предмет легитимности; максимальная взлетная масса; вызов времени; определение самоидентификации; исходный момент, наезд силовиков; латентная фаза; ..

сияқты үш миллион (3 000 000) тіркестің бірмәнді түсінілетін, мағыналық және формалық ұтымды аудармаларын тауып, орнына қойып алу керек.

Сөздерді, ұғымдарды, тіркестерді семантикалық жүйеде түрлендіру арқылы олардың іс жүргізуде қолданылатын қажетті нұсқаларын алу өте ауқымды әрекетті және ғылыми дәйектілікті талап етеді. Бұл айтылғандарды жүзеге асыру үшін арнайы құрылған ғылыми-зерттеу институттары жұмыс жүргізуі керек.

Бұл — қазақ тілін ресми қолданысқа енгізуге дайындаудың  бір ғана қыры.

-Хайдегер тіл болмыстың үйі деп атаған. Демек, қазақ болмысының үйі — қазақ тілі. Ал техникаласқан тіл ол өлген тіл, терминдерге арқандалған тілді ауру тіл деп атаған және оны не бір жінтікті де, жинақы тұжырым, пайымдар арқылы жүйелі талдап түсіндірген. Сіз керісінше, Хайдеггердің осысына қарсы тіл дамыса техникалық болады дегендей бірдеңені қоқсытқандай болдыңыз! Ендеше сіздің деңгейіңіздің өзі тым күмәнді емес пе, сізге тек формалді, қалыпқа түскен, өлі, механикалық тіл ғана тіл, ал жанды, тірі, рухани, мәнді, мағыналы тіл өлі тіл болатын көрінеді. Ендеше сізді біз өресі тым төмен орысшыл иттердің сойылын соғушы біреу деуге осы арқылы да нақты дәлелмен айта аламыз десек, сіз оған келісесіз бе, әлде өзіңізді тап бір қазақ тілін шағып білетін адам секілді (Мысалы Алжас секілді) надандарға таптаурын маңғаздықпен күйе жағу кәсібін әлде бір қитұрқы жасанды, өлі логикаларыңызбен ақтауға тыраштанасыз ба? Жалпы сіз ең қарапайымы, қазақтың қара домалақ бір баласы, Мен секілді қазақ тіліндегі әр сөзді еркін ойнатып өз ойыңызды дөп айта аласыз ба? Өз үлгіңізді көрсетіңізші, сіздің шешендік деңгейіңізді көрейік? Ал олай болмаса, өзіңіздің топастығыңызды қазақ тіліне таңып отырған жоқсыз ба?  Асау Тарпаң

— Дүние жүзіндегі тілдердің ішіндегі ең «техникаласқаны, терминдерге арқандалғаны» (Тарпаңның лексиконымен айтқанда) ағылшын тілі болып табылады. Бұл тілде бір ғана космос және авиация саласына қатысты терминдер мен тіркестердің өзі 110 000-нан асып кеткен екен. Британдықтар өздерінің тілдерінің «формалді қалыпқа түскен, өлі, механикалық, ауру тіл» болып бара жатқанын сезген болуы керек, бұл елдің парламенті таяуда ағылшын тілінен бас тартып, «әр сөзді еркін ойнатып өз ойыңызды дөп айта алуға» мүмкіндік беретін «жанды, тірі, рухани, мәнді, мағыналы» қазақ тіліне көшу туралы шешім қабылдапты. Қазақ тілімен қоса ағылшындар қалаларын тастап, индустриядан бас тартып, дымқыл ормандарына оралып, «қой бағып, көтен жеп», айтыс, терме, жыр айтудың бәрін меңгеріп алуға құлшынып отырған көрінеді.

Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде қазақ тілінің шарықтап дамып кеткені, дүние жүзіне аян. Тілдері «техникаланып кеткен» француздар, немістер, орыстар, қытайлар да білім беру жағынан дүние жүзінде бірінші орынға шығуға (министр болған Түймебаевтің есебі бойнша) мүмкіндік беретін қазақ тіліне ауысуды діттеп отырса керек.

Президент сайлауы қарсаңындағы тіл дамытудың жетістігі ретінде Мәсімов бастаған үкімет толық құрамымен айтысқа түспекші екен. Бірінші орынды иеленем деп, кеуде соғатын көрінеді. Сарапшылар «Нұр-Отаннан» болғанда, оған қол жеткізу түкке тұрмайтынын өзіңіз де білесіз. Бұдан артық қандай «нақты дәлел» керек? «Топастығын қазақ тіліне таңып жүрген орысшыл иттердің сойылын соғушылардың» аузына құм құйылғаны осы емес пе? Құттықтаймын.

-Сіздің ата бабаларыңыз Құнанбай әулетінің құлы болған деген сөз рас па? Сондықтанда шындықты сізден жақсы білетін адам жоқ па?

— Менің шешем артына сөз қалдырған, тілді кісі еді. Ол кісіден екі кітап мұраға қалды. Солардың бірі «Туған жерім — Тарбағатай» деген кітабында Құнанбай мен менің нағашы атам Сасан бидің кездескені туралы мәлімет келтірілген.

Аға сұлтан Құнанбай Тарбағатайдың терістігіндегі тоғас ауылдарына болыс сайлау керек болғанда ол орынға өзіне бағынышты бір адамын ертіп келіпті. Халық Құнанбайдың болыстыққа өз адамын отырғызып кетпек болғанын көріп, «не істейміз» деп, Сасан биге барыпты. Сасан би сонда қонақасына екі қошқар сойып, олардың басын бір табаққа салып, Құнанбайдың алдына қойыңдар деп кеңес беріпті. Сонымен екі қошқар сойылып, екі бас Құнанбайдың алдына тартылыпты. Екі бас бір табаққа симағандықтан, ішекпен байланып тасталыпты. Алдына байланған екі бас қатар барғанда Құнанбай мұның сырын бірден сезіп, бір басты қолына алып, кесіпті де екіншісіне қол тигізбей қайтарып беріпті. Содан болыс сайлауы туралы ауыз ашпай, қонақасы бергендерге ризалығын білдіріп, тез аттанып кетіпті. Мұнысы бір орынға екі адамды таластырмай-ақ қояйын, өздерің сайлаған адам болыс бола берсін дегенді білдіргені екен. Осылай Сасан би шиеленісіп кетуі мүмкін дауды бір ауыз тіл қатпай шешіп беріпті.

Сасан би — менің шешемнің төртінші атасы, Тарбағатай өңірін билеп тұрған атақты Мыңбай бидің баласы, Қызыл бидің немересі. Нарын өзенінің бойында орналасқан Сасан бабамыздың бейітіне адамдар ағылып келіп, басына түнеп, ауыр кесірлерінен арылып, шапағатын алып кетіп жатады. Шоқан Уәлиханов Сасан бабамызды іздеп келіп, сұқбат құрған. Ол туралы ұлы ғалымның шығармалар жинағының IV томында дерек бар.

Менің аталарым Құлыстайды қалмақтан қорғауға қатысқан, Қабанбаймен үзеңгілес Қалтай, Қалыбай батырлардан таралады. Қалмақ жеңілгенен кейінгі кезеңде де алдынан ырысы, аузынан сөзі кетпеген тектілер тұқымы. Қалтай батырдың есімі ұранға айналған. Жүкештің Тарбағатайдан ағатын Ұласты өзенінің бастау аларында, Ой жайлаудың түстігінде атақты аталарынан қалған жайлауы, Еміл бойындағы Ақсуда күзеуі мен көктеуі, Барлықтың түстігіндегі Майлы, Жайыр деген жерлерде қыстауы болған.

Жалпы тектілік туралы сөз қозғаудың Қазақстанның тағдырына тура қатысы бар. Өйткені, халықтың басындағы бар қырсық тексіздердің билікке келуімен байланысты. Олар халықты аздырды. Н.Макиавелли айтқандай, «азған халықты ізгілігі бар, текті адам ғана құтқара алады». Мұны өркениет тарихы практикасы үнемі дәлелдеп келеді. Алдыңғы қатарлы дамыған елдердің билігінде ақсүйектер мен әулетті зиялылар отыр, ал артта қалған елдерді кедейлер мен құлдан шыққандар басқарып отыр.

Өршіл рух, ағынға қарсы жүзу, ешкімнің батылы бармайтын шындықта айта алу — тек ақсүйектердің ғана қолынан келеді. Өйткені, олар атақ, мансап, ақша үшін өмір сүрмейді, ұрпағының, Отанының мүддесіне сай, ұлы істерге ұмтылады.

-Siz Khazakhstanda khazakh tilin damitiwding khanday joldaryn korsete alasiz? Khazakh tilindegi memeleket darejeli ghilmiy basilimdarding jarekh koriwine khalay kharaysiz? Khazakh Fizikasi,Khazakh matematiykasi, Khazakh Himiyasi,Khazakh Biologoyasi, Khazakh jertanimi, Khazakh astrologiyasi,Khazakh Optiykasi.... degendey ar sala ghilimi boyinsha Aylikh jornaldarding shighiwina khanday jolkorsete alasiz? Jokh ,Khazakh elinde tek adebiyet , Khoghamgha katisti basilimdar bolghanin khalaysizba? Ghilim tehniyka kazir ush juz jildik asire damewdan keyin tortinshi satisina kirdi deydi,bizding khazakhtar khazakh tilimen osi tortinshi dawer ghilim tiline keris keliwi mumkinbe?sizding pikiringiz?

— Қазіргі қазақ тілінде ғылымның әр саласын қамтыған басылымдар жарық көреді, зерттеулер өз әлінше жүріп жатыр. Техника мен технология жағында нарау болғанымен, қоғамдық-гуманитарлық салаларда прогресс жоқ емес. Егер біз қазақ тілін өркениетті тілдердің даму заңдылықтарына сай, мемлекеттің ресми тілі ретінде орнықтыра алсақ, онда тіл ғылымның барлық салаларында ақпарат бере алатын, зерттеулер жүргілетін тілге айналады. Тілге қатысты шараларды «мынау болады» немесе «мынау болмайды» деп, ажыратып тастауға болмайды. Ал алдымен тілдің қоғамдық-гуманитарлық салаларда үстемдігін қамтамасыз ету, оларда орныққан ұғымдар мен терминдерді негіз ете отырып, келесі кезекте техника мен технология салаларындағы қазақ тілінің функциясын орнықтыру жөніндегі ұсыныстарда қисын бар. Іс тетігі тілдің өзінде емес, оны дамытушыларда, демек, қазақ ғалымдары мен үкіметтің қолында.

-Қанағат, сізді алдыға тартқаннан гөрі артқа кегежектеп тұратын қазақы қоғамға қыжылы бар кісі сезінемін және кейде соны қолдаймын да. Сізге саулаған сұрақтардың дені біздің қазақтілді қоғамның деңгейі мен мәдениетін байқатып тұр. Сізді оқшау ойларыңыз үшін сыйлаймын, тобыр ойлы қазаққа ой тастағыңыз келеді-ақ, содан керісінше таяқ жеп жүрсіз ғой. Шаршаған жоқсыз ба? Сіздің «Қазақстан» газетіндегі саяси мақалаңызды көріп қалдым. Неге саясатты жағалап жүрсіз? Әлде қазақтілді саясаттанушыларға көңіліңіз толмай ма? Көксерек

— Жылы лебізіңізге рахмет. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген бар. Таяқ жеп жүргеніме өкінбеймін. Өйткені, өз елім, өз тілім үшін жеп жүрмін. Елім менің — енем менің. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды». Тобыр ойлы халқымды өркениеттің аграрлы басқышындағы батпақтан суырып алға шығарғым келеді. Бұл бағыттағы әрекеттерімнің жеміссіз болмайтынына да сенімім мол.

Нағыз философ әмбебап ойлауға қабілетті болуы, бәрін аңғаруы, бәріне араласуы керек. Саясатқа қатысты мәселелер де мені енжар қалдырмайды, тіпті ол тақырыптағы мәселелерді талқылауға құлшына кірісуге әр қашан да әзірмін. Саясатқа қатысты да айтылмай жүрген «оқшау ойларым» аз емес.

-Қанеке, сіздің «Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы» еңбегіңізді жуырда ғана қолға түсіріп, шала қарап шықтым. Ойларыңыз бен ұсыныстарыңыз көңілге қонымды, іске орайлы екен. Осыны іске асырудың жолын ойластырған жоқсыз ба?

— Ойластырып жатырмын. Менің ойым, идеяларым — ол менің өмірімнің мәні. Олардың кәдеге жарауы — бақыт, іске аспай қалуы — тағдырға соққы. Сондықтан аталған кітаптағы идеялардың жүзеге асырылуы менен арнайы, белсенді әрекетті талап етеді.

-Құзырлы орындарға ұсындыңыз ба? Қазіргі Тіл білімі институтының миссиясы мен қызметіне баға беріп кетсеңіз. Оның жұмысын қалай жандандыруға болар еді? Қазақ тілінің қазіргі заңға айнала бастаған масқара қатесінен қалай құтыламыз? Оған қарсы қандай шара мен құрал керек? Термин мәселесін қалай жандандырамыз? Терминком деген алқа керек пе? Оның пайдасы мен зиянын атап өтсеңіз. Еңбегңізді ескерген ғалымдар мен тиісті мекемелер болды ма? Алдағы он жылға арналған тіл жобасын қалай бағалайсыз? Философ ретінде Азат Қазақстанның философиясының дамуына қандай бағыт пен жағдай керек? Қазақтың бүгінгі ахуалын қалай талдап берер едіңіз? Белгілі этнограф Нұрболат Масанов кезінде қазақтың болмысы көшпелілік және бар өркениеті мен тарихын да содан іздеу керек, әл — Фараби араптық ортаның тұлғасы, Аттиланың қазаққа қатысы жоқ, одан басқасы да жетеді дегендей пікір айтқан. Сіз бұған қалай қарайсыз? Қазіргі билік қазақты көпұлтты Қазақстан деумен «жаңартылған интернационализм» идеясының құрбаны етіп отырған жоқ па? Сіз өз қабылетіңізді аша алып жүрсіз бе? Біздің қоғам адам қабілетін ашуға, дамытуға қаншалықты икемді? Қазіргі қазақ Абай кезіндегіден несімен ілгері? Көп сұрақ қойдым, бәріне де жауап алғым келеді, бәрі де жек емес, жалпы әрі маңызды деп ойлаймын. Сізге денсаулық тілеймін және тобырың санасына саңылау ашар тұлға болып жүре беріңіз. Сапар.Астана қаласы

Көп нәрсенің толғандыруы көп ой кешу үдерісінінің болғанын айғақтайды. Ойлаған — қорытады, іздеген — табады.

Сұрақтарыңыз өте ауқымды болғандықтан, бұл жолы олардың кейбіреулері туралы түйіндерімді келтірейін. Асықпаңыз, түбінде бәрінің жауабын табамыз.

Тіл білімдері институтының ғалымдарының бағытты ойлары және қазақ тілінің қазіргі мүшкіл күйі туралы «Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы» атты кітапта айтылған. Бұған қосарым, бұл ғылыми мекеме қазақ тілінің қазіргі өзекті мәселелерінің маңайына да бара алмай, өздерінің шектеулі түкпіріне тығылып алып, ілдалдалап күн көріп жатыр. Үкімет оны жауып тастаудан именеді де, қаржысыз қалдырмайды, ал олар соны кеміріп, әрқайсысы өзінше, абстрактілі бірдеңелерді тауып алып, зерттеген болып, күйбең тірлігін жалғастырып келеді. Мысалы, олар аббревиатураларға жалғанатын жалғау туралы бір ережені екі ережеге айналдырып, қиындатып қойды. Ал 2010-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасының жобасын жасауға қатысқан жоқ.

(Алдағы он жылға арналған тіл бағдарламасына қатысты пікірімді келесі сұрақ қоюшы Сәулеге берілген жауаптан қараңыз).

Философтың өзі азат болмай, ол азат ойлы философия тудыра алмайды. Таяуда бір академик-философ ғылыми-зерттеу институтының биліктің баяндама дайындайтын канцеляриясына айналып отырғанын налып айтты. Ол билік бізге құбылыстың философиялық мәнін түсіндіріп беруді өтінбейді, өздерінің әрекеттерінің «философиялық тұрғыдан дұрыстығын» растап беруді талап етеді деп мұңаяды.

-Тіл комитетінің қазіргі қызметіне қарағанда мемлекеттік тілді қолдануға қаншалықты қатысы бар деп ойлайсыз? Жалпы, соның керегі бар ма? 2010-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасы қаншалықты қауқарлы? Сәуле.

Бірінші мәселе Тіл комитетінің қызметіне қатысты. Кез келген істің нәтижесі оны атқару ісіне қосылған органдар мен мекемелердің бюрократиялық кедергілерді мейілінше азайтып, горизонталь және вертикаль байланыстарды тиімді жүзеге асыра отырып, өзара қолтықтан демесіп жұмыс істей білуіне тәуелді. Бұл жерде сөз тиімді институционалдық құрылым керектігі жөнінде болып отыр.

Қазір тілді дамытуға қатысты жұмыстарды бірлесіп атқаруға тиісті мекемелер түрлі ведомстволардың қарамағында болғандықтан олардың әрекеттерінде үйлесім болмай, іс алға жылжымай отыр. Мысалы, қазақ тілінің материалын тарататын мәдениет бір министрлікке, ақпарат екіншісіне, ал білім және ғылым департаменттері үшінші министрлікке қарайды. Тіл мәселелерін шешуге тура қатысы бар А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімдер институты мен мемлекеттік мекеме Тіл комитеті де екеуі екі министрлікке бағынады.

Түптеп келгенде, тіл тағдырын анықтау министрдің де, танымал қайраткерлерден құралған комиссияның да қолында емес. Өйткені олар — формалы жағынан алғанда тілге жанама қатысты құрылымдар. Тіл тағдыры оған тура қатысы бар, соңғы екі мекеменің қолында. Бәрі осы екі мекеменің интеллектуалдық күш біріктіруімен — Тіл білімдері институтының мәселені шешудің ғылыми жолын тауып беруімен, мемлекеттік мекеменің жұмыстың әкімшілік-қаражаттық жағынан дұрыс жоспарланып, ұйымдастырылуын қамтамасыз етуімен шешілуі керек. Бірлесе әрекет ете отырып, жауапты жұмыстарды атқарудың алдыңғы легінде әрқашан аталған екі мекеме жүруі керек.

Тіл мәселелерімен айналысатын институционалдық құрылым қайта қаралуы керек. Қазақ тілінде іс жүргізетін үлгілерді дайындау және практикада пайдалану үшін Тіл комитетінің өзге мүдделі органдармен (салалық министрліктермен) тікелей байланысқа шығып, мамандармен бірлесе жұмыс жүргізу мүмкіндігі болуы керек.

Ол үшін:

1 Тіл комитеті өзге министрліктермен, мүдделі мекемелермен  горизонталь байланыстарға шығуы үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің тікелей бағыныштылығына өтуі керек.

2 А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімдері институты және тілді қаржыланратын түрлі Қорлар Тіл комитетінің тікелей қарауына өтуі керек.

2010-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасына қатысты айтылар пікір мынау:

Кез келген кең ауқымды, маңызды қоғамдық мәселе екі аспктіде қарастырылып шешілуі керек. Олардың

біріншісі — мәселенің әдіснамалық-теориялық жағы;

екіншісі — ұйымдастыру жағы.

Бағдарлама жобасында тілдердің қазіргі күйіне, меңгерілу деңгейіне сипаттама берілген, халықаралық тәжірибені ескеру қажеттігі, тіл үйретуді ұйымдастыру мәселелері тәуір қарастырылған. Әдіснамалық мәселелер де ескерілген, бірақ жеткілікті деңгейде дәйектендірілмеген.

Иерархиялық-қаражаттық мәселелерді ғана қозғап қоюдың түпкілікті нысанаға жеткізе алмайтыны жобаны жасаушылардың назарынан тағы тыс қалған. Тек ынта мен ұранның жетегінде, танымның эмоциялық-сезімдік деңгейінде тыраштана беруден еш нәтиже шықпайтынын өмірлік практика 20 жыл бойы  алға тартып келе жатса да, жоба авторларының сол тығырыққа тағы тіреліп отырғаны көрінеді.

Кез келген қоғамдық құбылыстың сырын зерттеу және даму заңдылықтарын айқындау заманауи ғылым жетістіктеріне сүйеніп жасалғанда ғана нәтиже беретіні бесенеден белгілі. Тілді дамытудың теориялық негіздері жасалмаса, оның ешқандай өзге мәселелері шешілмейді.

Теориялық негіз дегенде бұл жерде біздің ойымызға алдымен қазақ тілінің ішкі онтологиялық мәселелері келеді. Оларды шешу ұлттық әдеби тілдің тұжырымдамасын жасаудан басталады. Қазақ лингвистері әдеби тіл мәселелерін көп талқылағанымен, тіл қолдану үдерісінде сүйенетін ғылыми құжат ретінде оның тұжырымдамасын жасаумен айналысқан жоқ. Тиісінше, қазақ тілінің лексикалық қорын толықтыру, тіл орнықтылығы, ресми стильдерді жетілдіру, семантика, тіл мен бұқара арасындағы байланыс  мәселелері ғылыми негізде шешімін тапқан жоқ. Демек, қазіргі қазақ тілін индустриялы қоғамның әмбебап тіліне айналдыруға әдіснамалық-теориялық дайындық жасалған жоқ.

Қазақ тілінің теориялық деңгейде шешілуге тиісті екінші үлкен мәселесі — тілдің сыртқы өмірмен байланысы. Ол көптеген арналар арқылы жүзеге асырылады. Олардың ішіндегі негізгілері үшеу:

а) масс-медиа құралдары арқылы берілетін ақпараттың мазмұны;

ә) орта және жоғары мектептегі білімнің мазмұны;

б) көркем өнердің мазмұны мен идеялық бағыттары.

Жобада масс-медиа құралдары арқылы мемлекеттік тілді тарату және нәсихаттау мәселесі сандық сипаттамалармен бір шама келтірілген. Ал жарияланып жатқан материалдардың мазмұндық-сапалық жағын жетілдіру назардан тыс қалған. Қазақ тiлiнде таралатын бұқаралық ақпараттың рухани құндылығы төмен. Олардың оқылмайтын себебі осында жатыр.

Онда көбінесе өзектілігін жоғалтқан өткеннің жетістіктері, ауылдың сұрғылт бейнесі туралы, агротропты материалдар жарияланады. Оқырманның ойына күңгірттік түсіретін, жанын ауыртатын, үмітін үздіретін, отаншылдық сезімін бұлдырлататын, Қазақстан қоғамының келешегіне сенімсіздік тудыратын, зарлауық сарын басым. Журналист ауылдың, ауыл журналистің соңынан ілесе беретін айналсоқтық белең алған.

Жалпы, тіл тек БАҚ арқылы ғана таралмайды. Тілдің мемлекеттік мәртебесіне сай орнығуы мен дамуын қамтамасыз етудегі көркем өнердің рөлі ұшан теңіз. Қазіргі қазақ тіліндегі көркем өнер шығармаларының басым бөлiгiнiң тақырыбы шектеулi, өзектi емес, тілі орашолақ, көркемдiк орындалу деңгейi төмен, бәсекеге қабiлетсiз. «Француз тілін үйренуге адамдар ол тілде оқуға татитын әдебиет болған соң құмар» деп Э.Сепир айтқандай, көпшіліктің қазақ тілін үйренуге ынталылығын арттыру үшін қазақ тілінде татымды дүниелер көп болуы керек.

Қазақ тілінде жасалып жатқан көркем әдебиетте ескіні аңсау, дәстүршілдік; тарихшылдық (историцизм); ауылды дәріптеу, қазақты суб-өркениеттік аймақта мәдени-әлеуметтік өрлеуден жырақта қалдыруға тырысу элементтері басым.

Қазақстан мектептерінде игеруге ұсынылатын білім мазмұны Кеңестік кезеңнен келе жатқан білімді нысаналау (знаниецентризм) парадигмасына құрылған. Бұл парадигма бойынша білім алған қоғам (Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея т.б. елдер) техника және технология салаларында кейбір эфемерлі жетістіктерге жеткенімен, халқының басым бөлігі саяси-құқықтық жағынан сауатсыз, мәдениеті төмен болып қала береді.

Қазақстандық оқулықтардың мазмұны агротроптылығымен, ғылыми дәйектілігінің кемшіндігімен, патриоттық рухының солғындығымен, оқушыны өзінен итеретін психологиялық жағымсыз ықпалымен, стильдік орашолақтығымен, тұнып тұрған қателерімен ерекшеленеді. Бұлар оқушының білімге ынтасын тежейді, оны амбиваленттiк, жағымсыз стресс күйіне түсіреді.

Тарих оқулықтарында негативті құбылыстарды — жеңiлісті, тоқырауды, мәдениетсіздікті, кедейлікті, әлеуметтік ауруларды, деспотизмді, тоталимтаризмді, репрессияларды зарлай сипаттау басым.

Қоғамның рухани тынысы қазақ тілінде орындалып, таралып жатқан рухани өнімдердің — БАҚ материалдарының, білімнің, көркем өнердің сапасымен және рухымен айқындалуы керек. Тіл үйренуге сұраныс осылай туады (кейбіреулер айтып жүргендей, жоғарыдан күштеп ұйымдастырумен емес).

Тiл — қоғамдық құбылыс, сондықтан оны қоғамнан бөле қарастыруға болмайды. Тiлдiң ғылыми-теориялық мәселелері — оның iшкi құрылымы, сыртқы өмiрмен байланысы арнайы құрылған академиялық орталықтарда бағдарлама деңгейінде зерттелуi керек.

Осы айтылғандар бағдарламаға еніп, жүзеге асырылғанда ғана қазақ тілі нағызында мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін жөнімен атқаратын деңгейге көтеріле алады.

-Қанағат аға, қазақ тілді журналистердің тілі неге қасаңданып барады? Бұл әлде бүгінгі ақпарат заманында деректерді дәл беруден туып жатқан «қасаңдық» па? Әлде бүгінгі қазақтілді журналистер қазақ тілінің уызына жарымай өскен бе?

Осы мәселеге қатысты «Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы» атты кітапта арнайы тарау бар. Ондағы идеяларды толықтырып, жетілдіріп қайта қараған мақаланың нобайларын мүмкіндік болса, таяудағы арада қайта қарап, осында жолдамақ ойым бар.

-Сіз қазақ тілінде «бейнелі» сөздер өте көп.»Бейнелі» сөздерді қала жастарының ұғуы қиын, сондықтан да қазақ тілін тез үйреніп кете алмайды. «Бейнелі» сөздер қала жастарының жадына сіңбейді дейсіз. Қазақ тілін қала жастарына үйрету үшін сонда тіліміздің бай қорынан бас тартуымыз керек пе? Әдеби шығармалар қазақтың астарлы, көркем, бейнелі тілінсіз қалай жазылады?

Бұл мен ойлап шығарған теория емес. Дүние жүзіне танымал ғалымдардың тұжырымдарына және кең таралған әдеби тілдердің тәжірибесіне сүйеніп шығарылған қорытынды. Осы мәселеге тереңірек үңілгіңіз келсе, мысалдармен келтірілген толық сипаттаманы «Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясынан» табасыз (Ұлттық кітапханада, Ғылым академиясының кітапханасында).

— Сіз еңбегіңізде «Қазақ тілі қоғамдық үдерістерден тыс қалды да соның салдарынан ол тіл даму үдерісін бастан кешпеді» дегендей уәж айтып отырсыз. Осыны жұртқа кеңірек ұқтыра кетсеңіз. Жалпы, еңбегіңіз жақсы және тұжырымды. Бірақ ол халыққа таралмай отыр. Неге осы сайт өзіне тігіп қоймайды? Және шығарған Алтынбек қоры екен. Айгүл.

Кеңес Одағының тұсында, социалистік индустриализация науқаны басталғаннан кейінгі кезеңде қазақ тілі ресми іс жүргізуден аулақ қалды. Қазақстан индустриялы сатыға аяқ артқанда қазақ тілі сол ауылдағы тұрмыс деңгейінде қалып қойды. Ішінара білім саласында, БАҚ-да қолданылуы тілдің қоғаммен бірдей аяқ алысуын қамтамасыз ете алмады. Түпкілікті қайшылық осыдан туындап отыр. Енді қазақ тілін индустриялы қоғамның ресми тіліне қойылатын талаптарға сай дамыту керек.

-Сіздің «Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы» кітабыңызды қайдан табуға болады? Мақсот

— Алтынбек Сәрсенбайұлы қорынан сұрап көріңіз (3410151). Әйтпесе, Ұлттық кітапханада, Ғылым академиясының кітапханасында бар.

-Қанағат Жүкешев дейтін көкеміз әлгі «қазақтың тілі ғылымға, философияға, саясат тіліне» жарамайды деп соғып жүрген «мықты» ғой. Қазақтың тілінен қандай кемістік көріп жүрсіз, Қанағат мырза? Таратып айтып беріңізші.

— Бұл мәселелер менің «Мемлекеттік тіл: қазіргі күйі және даму философиясы» атты еңбегімде таратылып айтылған.

— Бұл кісі бір сөзінде: «Батыс философтарын оқымаған адам, ойшыл бола алмайды», деп еді. Қытай Кунфуцы кімді оқып ойшыл болды екен? Әл-Фараби мен Абай ше? Әйтеуір, қиялап соға беретін сияқтысыз ғой. Келсісесіз бе?

— Егер «Батыс философтарын оқымаған адам, ойшыл бола алмайды» деген сілтеменің қайдан келтірілгенін нақты көрсетіп берсеңіз, Сіздің сұрағыңызға қопара жауап беруге болар еді. Сіз атаған адамдар — өз заманының ойшылдары. Олардың табиғат, қоғам, адам, тұрмыс, мораль және әлеуметтік өмірдің кейбір қырлары туралы айтқандары әлі де өзекті болуы мүмкін. Әл-Фарабиде қоғамдарға, оның билеушілеріне берген жақсы мінездеме бар. Оның Аристотель шығармаларына сипаттамасы мен өз еңбектеріндегі материалистік идеяларының ұшқыны аверроизмнің негізін құрауға қосылған қомақты үлес болды. Бірақ, бұл ойшылдардан қазіргі заманның өзекті сұрақтарына жауап таба алмайсың.

Біздің заманымыздың өзекті сұрақтарына — өркениеттер мен қоғамдардың дамуының қозғаушы күштері, даму диалектикасы, әркелкілігі, алға озып кетудің немесе артта қалудың себептері, либерал-демократизм, менталитет, адам өмірі, еркіндігі, міндеттері, таптар, эволюция, революция, билік, ашық қоғам, құқықтық қоғам сияқты және бұлардан басқа жүздеген сұрақтың жауабын Батыстың орта ғасырлардағы натурфилософиясынан қазіргі постмодернизміне дейінгі аралықта өмір сүрген ойшылдардың еңбектерінен ғана табуға болады.

-Айтпақшы қазақ тіліне, ұлы Абайға қарсы жазылған диссертацияңызды қорғадыңыз ба? Қалай ұялмай сондай тақырыпты таңдап алдыңыз? Асылхан Көкбөрі!

Ол диссертацияның қолжазбасы Ғылым академиясының кітапханасында. Соған барып, тексеріп, «Абайға қарсы жазылған» тұстарынан сілтеме алып, олардың қай беттен, қай тараудан алынғанын нақты көрсетіп, осы сайтта жариялаңыз. Қалған әңгімені сонан кейін жалғастырайық.

Сұрақтардың көбі өте өзекті. Жастарды көп мәселе толғандырады. Ойшыл, ізденгіш азаматтардың көптігі қуантады. Кейбір арандатушы сұрақтарға да жауап бере отырып, қанағаттанарлық күйде болдым. Әлі де сұрақтар беріңіздер. Бірге талқылайық, ой бөлісейік. Түбінде шешімі табылмайтын мәселе жоқ. Интернетте келесі кездескенше!

Соңы

 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы