Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қытайдағы қазақтар ұлттық өнерде биік табыстарға жетті

Дата: 16 февраля 2011 в 10:21 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қытайдағы қазақтар ұлттық өнерде биік табыстарға жетті

«Ағажай» – Қытайдағы қазақтардың ең биік табысы.

Шығыстағы миллиардтар елінде тұратын қазақ өнерінің көшін атамекенге қауыштырып жүрген қандас бауырымыз Ербосын Нұрмұхан редакциямызға арнайы соқты. Ербосын атамекенге келген бұл жолғы сапарында Қытай қазақтарының ең үлкен сахналық қойылымы — «Ағажайды» қазақ еліне таныстырайын деп келіпті.

Бұл «Ағажай» ән-би қойылымы Қытай Халық Республикасының Алтай аймағының әкімі Сабыр Айтжанұлының идеясымен іске асқан көрінеді.

Бұған жұмсалған қаржы, қатысқан адам саны Қытайдағы аз ұлттарда бұрын-соңды болып көрмепті. Аталмыш қойылымға 120 адам қатысқан. Бір миллион АҚШ долларына жуық қаражат жұмсалған. Шыңжаңдағы ең үздік би режиссерлері мен ең үздік бишілер қатысқан. Бір жылдан аса уақыт дайындық жұмыстары жүргізілген. Қазірге дейін 70 рет қойылып үлгеріліпті.

Тек Шыңжаң өңірінде ғана емес, Қытайдың Шанхай, Бейжің сынды алып шаһарларында қытай тілінде қойылып, қазақ мәдениетін миллиардтан аса халыққа танытқан. Бүкіл өнер саласындағы әр ұлт мамандарының жоғарғы бағасына ие болады. Қытайдағы миллион таралыммен шығатын газет-журнал басылымдары «Ағажай» арқылы қазақ мәдениетін егжей-тегжейлі таныстырады.

Ербосын осы қойылым түсірілген СD дискінің бірнешеуін ала келіпті. Біреуін бізге сыйлады. Көрдік. Тамсандық. Айтса, айтқандай-ақ екен. Оқырмандарға түсінікті болу үшін өзіміз қарап шыққан «Ағажай» ән-би қойылымының негізгі мазмұнына қысқаша тоқтала кетейік.

«Ер қанаты — ат» деп білетін ұлтымыздың жауынгерлік рухы, батырлық ерлігі сомдалады

Бұл сахналық қойылым 6 негізгі шымылдықтан тұрады. 1-шымылдық — кіріспесі. Мұнда қазақтың тарих сахнасына шығуы мифтік аңыздарға негізделіп, халқымыздың құс төресі — аққуды пір тұтатындығы көрсетілген. Одан кейінгі қойылым өмір есігін өлеңмен ашатын қазақ баласының бесік жырынан бастап, ат жалын тартып мініп үйленген кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. 3 — қойылымда «Ер қанаты — ат» деп білетін ұлтымыздың жауынгерлік рухы, батырлық ерлігі сомдалады.

Кең даланы ат тұяғымен дүбірлеткен батырлардың ерлік қимылы «Таға биі» арқылы әйгіленеді. Одан кейінгі шымылдық махаббат дастаны жайында. Қыз бен жігіттің сүйіспеншілігі. Одан кейінгі қойылым ұлтымыздың тұмса табиғатпен етенелігін көрсетуге құрылған. Қоңыр аңы қойдай өрген қазақ даласының кескін-келбеті «Ортеке биі», «Аю биі», «Аққу» биі секілді айшықты образдармен суреттеледі.

Одан кейін Шаттық дастаны ортаға шығады. Қазақтың мерекелік көңіл-күйі, мың бұралған биі, күмбірлеген күйі. Этнографиялық ұрмалы аспаптар — дауылпаз, қобыз, домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай үнімен ұлан-асыр той тойлап жатқан жұрт.

«Қаражорға» биімен бүкіл сахнаны желпіндірген қазақтың ұл-қыздары.

Бұл қойылымның бас режиссері Күрәш Ережеп деген ұйғыр халқының Қытай мойындаған (мемлекеттік бірінші дәрежелі режиссер) талантты ұлы көрінеді. Көмекшілері — Сержан Асылханұлы, Гіміш Мағыпперқызы, Нағима Тайырқызы, Бақтияр Мұратұлы секілді азаматтар екен.

Қойылымның бас бишісі әйгілі Жайна Смағұлқызы болса, ұлттық киімдерді тіккен Зиятхан Айдархан деген азамат:

— Менің ойымша, бұл сахналық қойылымға тек Қытай қазақтарының мәдениеттегі үлкен табысы деп емес, бүкіл қазақ мәдениетінің көркем өнердегі тамаша жетістігі деп қарау керек. Сондықтан бұл көркем қойылымды Қытай елінде қалдырып қоймай, қазақ елінде одан әрі мәртебесін асырып, қазақ халқының рухани дүниесін байытсақ деген ойдамын. Меніңше, Қазақстан сахналарында қойылса, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған үлкен сыйдың бірі болар еді. Бірақ бұл қойылымға қатысатын адам саны көп болғаннан кейін оны Қазақстанға әкеп қою, әрине, оңайға түспейді. Бұл біраз қомақты қаржыға барып тіреледі. Сондықтан қазақ мәдениеті мен көркем өнеріне қолдаушы, қорғаушы болар жанашыр азаматтар қолдау көрсетсе, бәрінен бұрын осы іске Мәдениет министрлігі мұрындық болса, бұл қойылымды мамыр айының ішінде осы жақта сахналасақ деген ойымыз бар, — дейді Ербосын.

Қойылым қазақтың мифтік аңыздарына сүйене отырып, әйел-ана бейнесіндегі періштенің адамдар арасына келіп, бүкіл адамзатты тыныштыққа, бейбітшілікке ораған сәтімен аяқталады.

Осы жерде Ербосынның өзін таныстыра кетейік. Ербосын — атақты «Қаражорғаны» халыққа жеткізген азамат. Яғни «Қаражорға» биін «Салкүрең» деген күйдің негізінде әнге айналдырып, оған сөз мәтінін жаздырған. 2006 жылы оның DVD табақшасын ресми баспадан шығарып таратқан. Соның нәтижесінде, бүкіл Қытай қазақтарына тегіс тараған. 2007 жылдан бастап, Қазақстан да «Қаражорға» биімен кең таныса бастады. Қазір «Қаражорғасыз» той өтпейтін, концерт өтпейтін болды.

Ербосын — атақты «Қаражорғаны» халыққа жеткізген азамат.

Ербосын — Үрімжі қаласындағы «Жаңа әуен» концерттік серіктестігінің бас директоры. Өзі қазақ руханиятының нағыз қамқоршы жанашыры. Бүгінде 80 жылдық мерейтойы аталып жатқан қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағалидың Қытай жерінде «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты ән кешін өткізіп, көптің батасын алған.

Тәуелсіздік алған осы 20 жылдың ішінде өзіміздің небір айтулы өнер жұлдыздарымызды алыстағы ағайынмен жүздестіріп жүрген де — осы Ербосын.

Алтынбек Қоразбаев басқаратын киелі шаңырақ — «Қазақконцерт» бірлестігінің өнерпаздары, «МузАРТ» тобы, «Шаншар» театры осы «Жаңа әуен» арқылы жол тауып, елі мен жерін сағынған алыстағы ағайын-туысқа рухани азық сыйлағаны ақиқат. Ән падишасы — Шәмші Қалдаяқовтың айтулы еске алу кешін өткізді. Азуы алты қарыс айтыскер ақындарымызды да алыстағы ағайынға шақырып, астарына ақ боз ат мінгізуге де себепкер болған — осы Ербосын.

От ауызды марқұм Ораздан бастап, айтыстың ақтангері Айнұр бастаған, Сара қостаған саңлақ ақындар Қытай қазақтарының қадірлі қонағы болып, өлеңнен қамшы өргендей өрелі ойларын ортаға салып қайтқан еді. Жоғарыда Ербосынның арқасында «Қаражорға» халыққа кең тарағанын айттық. Қазір бұл жөнінде түрлі пікірлер өрістеп жүр.

Біреулер «бұл тек қана күймен орындалатын би болу керек» десе, біреулер «Қаражорға» — қазақтың биі емес» дегенді айтады. Ербосынның өзі «егер «Қаражорға» әнге айналмай, тек күй қалпында қалғанда, онда тек буын биі ретінде қалып қойып, тар ортадан шыға алмай, бүгінгідей бүкіл қазаққа ауа жайылып таралмас еді» дейді. Ал «Қаражорға» қазақтың биі емес» дегендерге айтары,

«Қаражорғаның» қазақтың ұлттық биі екендігі әлдеқашан зерттеліп, жария етілген.

Бірақ соңғы кездерде өңірлік ерекшелік бойынша сақталып келген. Кей өңірлер бұл биді сақтап қалған, кей өңірлер тарихи себептерге байланысты ұмыт қалдырған. Өйткені қазақ жайлаған елдердің барлығында да «ескіні қирату» сынды солақай саясат жүрген. Қайтадан әнмен әрлеп ұсынғанда, халық өзінің төл мәдениетін бірден қабылдап, жоғалтқанын қайта тапқандай болуы сол себептен».

Қытай қазақтары соңғы кезде Гиннестің рекордттар кітабын жаулауға қызу кірісті.

Бір мезетте 13 мың адам «Қаражорға» биін биледі. Алтай аймағында он мың адам бір мезетте «Сарыарқа» күйін орындады. Құлжада ұзындығы 213 метрге, салмағы 1 тонна 256 келі болатын алып қазы айналдырылып, ол да Гиннестің рекордттар кітабына енді. Мұның бәрі Қытайдың аймақтық билік басындағы көзіқарақты қазақ азаматтарының ерік-жігері, идеясымен іске асқан көрінеді. Ол билік басындағы қазақ азаматтары кімдер десек, ШҰАР-дың саяси кеңесінің төрағасы Асхат Керімбай, ШҰАР-дың үкіметбасының орынбасары Тілепалды Әбдірашит, партия комитетінің орынбасары Нұрлан Әбілмәжін сынды азаматтар көрінеді.

Сарапшылар енді бір он жылдан кейін Қытайда қазақ мәдениеті де, әдебиеті де тұншығып бітеді деген ойда. Көзі ашық қазақ азаматтарының әлгідей айтулы тірлік тындырулары сол тұншығу алдындағы тұяқ серпуі шығар, кім біліпті. Бір айта кетер нәрсе, 2006 жылы Тарбағатайдағы Төре жайлауында үш күн бойы өткен ақындар айтысында 200-ден аса киіз үй тігіліпті. Сол айтысқа Қытай қазынасынан бір жарым миллион доллар қаражат жұмсалыпты. Кешегі «Ақсарыбас» көркем фильмін де қоса кетейік. Оған да қытай ақшасы жұмсалған. 

Тарбағатайдағы айтысқа Қытай қазынасынан бір жарым миллион доллар қаражат жұмсалыпты

Әрине, мұның бәрінде Қытайдың кіші ұлттардың бейзаттық мәдениетін қолдау жөніндегі саясаты үлкен рөл ойнайтыны анық. Себебі сыртқы әлем оның бәрін қазақ мәдениеті деп емес, Қытай мәдениеті ретінде таниды. Ары кетсе, Қытайдағы аз ұлттар мәдениеті дер. Жоғарыда біз айтқан «Ағажай» ән-би қойылымы да осы шеңбердің ішіне енеді. Не десек те,

«Ағажай» — қытайлық қазақтардың ең биік мәдениет табысы екені даусыз.

Енді ондағы қазақтар ондай биікке қайтып көтерілуі беймүмкін десек, қателеспейтін де шығармыз. Сондықтан «бұл қойылымды Қазақстанға тезірек таратып, арнайы түрде үлкен сахнада қою керек» деген Ербосынның шырылына билік пен бизнес басындағылар құлақ түріп қана қоймай, нақты көмек-қолдау көрсетсе дейміз.

По сообщению сайта Nur.kz