Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Келтір Шәненов. Зобалаң жылдар зардабы

Дата: 16 февраля 2011 в 13:40

Келтір Шәненов. Зобалаң жылдар зардабы

1928-34 жылдары Кеңестік үкіметтің қазақ елінің ішінде жүргізген зобалаң  саясатының салқыны қазақ елінің ішіне орасан зор зардап әкелді. Оның әсіресе қазақ ұлтына зияны мол болды. Мал басының саны күрт төмендеп кетті. Малынан айырылған, әрі зорлап қоныс аударылған, әрі еріксіз отырықшылыққа итермеленген ауылдар жаңа жағдайға бірден көндіге алмай тұрмыс-күйлерін нашарлатып алды, сөйтіп жаппай ашаршылыққа ұшырады.

Бұл өз кезегінде тек таза қазақ ұлтының демографиялық құлдырауына, көпшілікке түсініктірек жалпақ қазақы тілмен айтқанда қазақтардың аштықтан қырылуына, сөйтіп қазақтардың санының күрт азайып, жағдайдың қазақ ұлтына қарсы әдейі ұйымдастырылған этникалық жою шарасына айналуына әкелді.

Қазақ ұлты, өзінің ежелгі мезгілден бері тұрып жатқан отанында, атажұртында бейбіт өмір сүріп отырып, апатты деңгейге дейін азайып, құрып кету және дербес ұлт ретінде өзінің этностық жеке-даралығын сақтай алмау, жоғалтып алу қауіпі бар жағдайында тұрды.

Ашаршылықтың ең алғашқы белгілері Қазақстанның батыс аудандарында 1929-30 жылдардың қысында-ақ нақты көріне бастады.

Ауыл-аймағын, мал-мүлкін аман алып қалу үшін, шыбын жандарын сақтап қалу үшін, көптеген жерлерде шекаралас Түрікменстан, Өзбекстан жерлеріне, одан әрі Иран, Ауғанстан, Қытай елдеріне жаппай үдеріле көтеріліп көшу белең алды.

Ашынған халық, Қазақстанның өлкелік партия комитеті мен кеңестік үкіметін сол кездегі басшыларының ел ішінде жүргізіп отырған зобалаңды саясатынан туындаған залалды асыра сілтеу зардаптары мен қысымшылықтарға төзе алмай ашық түрде қарулы қарсылықтарға шығуға мәжбүр болды.

1929-1932 жылдар аралығында Қазақстанда жүргізілген саясаттың зорлығы мен зомбылығына, қуғыны мен сүргініне, асыра сілтеу зобалаңдарына қарсы 372 жерде халықтың ашық түрдегі ереуілді қарсылықтары мен қарулы көтерілістері болыпты. Сол жылдары көтерілісшілер үкімет адамдарына, кеңес, партия белсенділеріне қарсы 460 қастандық актлерін жасаған, 127 рет колхоз мүліктерін өртеген. (Омарбеков Т. «Зобалаң», немесе күштеп ұжымдастыруға 1929-31 жылдары болған халықтың наразылығы мен қарсылығы, Алматы, «Санат» баспасы, 1994, 270 бет.)

1929-1932 жылдар аралығында Қазақстанда болған халықтық бас көтерулер мен қарулы көтерілістерге 80 мыңнан астам адам қатынасыпты. (Алдажуманов К. «Крестьянское движение сопротивления», Алматы изд. Арыс-Казахстан, 1998, стр.66.)

Жоғарыда айтылған 372 жерде болған халықтың ашық түрдегі ереуілді қарсылықтары мен қарулы көтерілістерінің ішіндегі ең ауқымдылары мен ірілері,

1929 жылдың:

-27-ші қыркүйегінде Қарақалпақстанның Тақтакөпір елді мекенінде басталып елдің барлық жерлерін қамтыған, тарихта «Тақтакөпір наразылығы» деген атпен қалған, халықтың қарулы ереуілі. Ол кезде бұл ел Қазақстанға қарапты.

-27-ші қыркүйегінде Сырдария округінің ең шеткері және ең нашар кеңестендірілген Бостандық ауданының 19 елді мекенінің 12-сі көтеріліске шыққан, «Бостандық көтерілісі» деген атымен тарихта қалды. Бұл негізінен астық, мақта, күріш өсірумен айналысатын дихандардың бас көтеруі болды.

-3-ші қарашасында басталған Қостанай округінің Бетпаққара, Наурызым, Торғай аудандарын қамтыған қарулы көтеріліс «Бетпаққара көтерілісі» деген ресми атауға ие.

1930 жылдың:

7-ші ақпанында таңғы сағат 4-те басталған Сырдария округінің Созақ, Сарысу аудандарын қамтыған «Созақ көтерілісі». Көтерілістің басты ошағы тама руының ауылдары болыпты. Көтеріліс қанға бөктіріліп басылған. Бұл оқиға тарихтан әлі күнге дейін әділ бағасын ала алмай келе жатқан «Созақ трагедиясы» деп те аталады.

-22-ші ақпанында Семей округінің Өкемен және Зырян аудандарында болған көтеріліс. Бұл көтерілістің негізгі қозғаушы күші қолдарына қару алып кеңестік үкіметтің зорлық-зомбылықтарына ашық қарсы шыққан орыс шаруалары болды. Көтерілістің басшысы азамат соғысының белсенді күрескері, ақ бандылармен соғыста шыңдалған коммунист Толстоухов еді.

-25-ші ақпанында Ақтөбе округінің Ырғыз ауданында басталған, кейін Арал, Қарабұтақ аудандарын шарпыған «Сарбаздар көтерілісі». Бұл, 1300-ден аса көтерілісшілерді біріктірген, негізгі қозғаушы күші кедей және орташа шаруалар болған, жалпыхалықтық көтеріліс болды.

-20-шы наурызында Талдықорған жеріндегі Қаратал ауданының Шұбар селосындағы халықтың ашу-ызаға булыққан көтерілісінен басталған «Шұбар-Балқаш-Шоқпар наразылығы» басталды. Бұл көтеріліс қолхоз құрылысына қарсы 900-дей адамды біріктірді.

-25-ші наурызында 900 ден астам көтерілісшілерді біріктірген «Қарақұм наразылығы» бас көтерді. Бұл да зорлық пен зомбылыққа қарсы бас көтерген шаруалардың азаттық көтерілісі болды.

1931 жылдың Наурыз айының ортасында бастау алған, тарихы әлі дұрыс жазылмаған, қозғалыстың шығу себептері, сипаты мен қозғаушы күштері де жоғарыда бөліп айтылған халықтық наразылықтармен үндес және ұштасып жатырған қазақ ұлтының азаттық көтерілісінің бірі, Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өлкесін, Атырау облысының Жылыой және Ақтөбе облысының Ойыл, Табын аудандарының кейбір ауылдарын қамтып, жеті айға созылған (наурыз-қыркүйек), сөйтіп 3000-ға тарта көтерілісшілердің басын біріктірген «Адай көтерілісі» атанған халықтың қарулы көтерілісі тарих сахнасына шықты.

Көтеріліс басталуының алғашқы ошағы1931 жылғы наурыз айының жиырмасында, қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданының Топырақшашты жерінде отырған бұ­рын­ғы бай, кейін тәркілеуге ұшыраған Баянқұл Көптілеуұлының үйінде болған мәжіліс. Осы басқосуда елдің мал-мүлкін тонау күннен-күнге күшейіп, елдің тұрмыс жағдайына аса ауыр болғаны, бұдан құтылудың ең басты жолы — қарсы тұру екені сөз болады. Сондықтан әзірге мал басының бар кезінде Маңғыстау өңіріне қарай көшу, одан әрі Түрікменстанға қоныс ауда­рудың қолайлы екені, ол жақта үкіметтің заңы, халыққа көзқарасы бұл жерде­гідей емес екендігі айтылды. Үкімет тарапынан көшуге қарсылық болатыны да ескеріліп, бұған қарсы тұру шарасы да қарастырылды.

«Маңғыстау жерінде көтерілістің бас­талу себебі республика өкіметінің, жергілікті партия, кеңес басшылары­ның, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі, бұлардың қызмет бабын пайдаланып, өздерінің жағдайын көздеуі, елді көпе-көрінеу алдауынан болды», — деп, өкімет мүшелері Меңдешев, Асылбековтер мойындағаны жөнінде мәліметтер архив құжаттарында сақ­тал­ған. Мұны бірақ олар Жылыойда, Маңғыстауда, Үстірт үстінде халық қансырап, қанға боялып, бала-шаға да, шал-кемпір де жазықсыз жазаланып, жапа шегіп жатқан уақытта ғана естеріне алған.

Маңғыстау даласы атанған жерлер мен көрші үш ауданды қамтыған бұл аймақ 1928 жылғы байларды жаппай тәркілеу және жаппай ұжымдастырудан босатылған өлке болатын. Ресми рұқсат жоқ бола тұрса да, жергілікті шолақ белсенділер 1370 бас малды заңсыз тәркілеуге іліктірді.

Ревкомдар 1930 жылы болған алғашқы кеңестерге сайлау кезінде халықты қараңғы тобырға балап, ойларына келгенін істеп бақты. Орташаларды сол сайлауда дауыс беру құқығынан шектеді. Етке мал даярлау жоспарын орындамадың деген сылтаумен, тіпті есігінің алдында тышқақ лағы жоқ тақыр кедейлер де сайлауға қатысуға көп жерлерде жіберілмеді. Сөйтіп, «Бұл кедейдің үкіметі», — деп жүрген үкімет белсенділері адам құқығын ашық түрде аяққа таптады.

Ет тапсыру жоспарлары шаруалардан табанды түрде талап етіліп, Каспий теңізінің жағасындағы мал өсіруден қол үзіп қалған отырықшы, тіршіліктегі күндерін балық аулаумен әрең көріп отырған жатақтарға да қырғидай тиді. Олар үкімет өкілдері тарапынан қоқан-лоқының, жаппай және үздіксіз қысым жасаудың құрбандығына айналды.

Етке мал тапсырғандар да жетіскен жоқ. Сыпырып алған малдың орнына өнеркәсіп тауарларын, ұн, мата, ақша аламыз деп дәмеленгендер алақандарын жайып айдалада қалды. Тіпті кейбір ауылдарда шаруалар жоғары жаққа шағынып жүрмесін деп, арамза

агенттер олардың ет тапсырғандары туралы берілген ордерлері мен түбіртектерін кері тартып алып отырыпты.

Үкіметтің агенттері, шаруалардан тек ет тапсыру немесе етке мал тапсыру салықтарынан басқа, адам естімеген шикізат түрлерін тапсыруды салық тапсыру деңгейінде талап еткен көрінеді. Атап айтсақ сол кездерде халықтан: жылқының жал-құйрығы, саршұнақ тышқанның терісі, шүберек, сүйек-саяқ, темір-терсек, мүйіз-тұяқ жиналыпты. Кей жерлерде жылан, кесіртке, ит, есек тапсыру міндеттелген екен.

Бұл, өздері зорлықтың небір түрін көріп, қайыр сұраудың аз-ақ алдында кересін ішкендей күн көріс тауып жүрген халықты қорлаумен тең еді. Іштерінен үкіметке деген өкпе мен ызаға булыққан жергілікті халықтың намысы өршіп, ашуы күшейді.

«Қарапайым халықтың арасында басқа жаққа көшіп кетсек, елдегі мына зобалаңды саясат жайлы қалыпқа түскенше бас сауғалап қашып кетсек, мына әпербақан үкімет басшыларының әділетсіз талауынан құтылармыз, кейіннен елдегі жағдай түзелген соң қайтып көшіп келерміз», — деген көңіл жұбатар дәмені үміттенгендердің қатары көбейіп, күн сайын арта түсті.

Сөйтіп, 1931 жылдың ерте көктемінде, 7700 ден астам шаруалар қожалықтарынан тұратын Маңғыстау өлкесінің халқының 60 пайызы көтерілісшілерді қолдап шықты. Елдің 10 пайыздайы кімдердің жағына шығарын білмей, әсіреңкі күй кешті. Сонымен қатар, 1 — 2 ауылы болмаса, Табын ауданындағы халық түгелдей дерлік көтерілісшілерге қосылды. Сол сияқты көтерілісшілерге Жылыой ауданының 11 әкімшілік ауылдары (рет сандары 33-тен 43-ке дейінгі ауылдар) және Доссор ауданының екі ауылының кейбір қожалықтары қосылды. Ауылдық кеңес мүшелерінің де көпшілігі көтерілісшілерді жақтап кетіпті.

Осылайша Адай жері, сол кездегі Қазақстанның әпербақан, әрі қазаққа қатыгез басшысы Ф. Голощекин мен оның қанқұйлы жақтастарының ел ішінде орнатқан зобалаң саясатына қарсы тәңірге тәуекел айтып, ашық түрде қарулы айқасқа шықты.

Маңғыстау өңірі мен іргелес аудандардан 1931 жылғы Адай көтерілісіне қатынасқан аталарымыз, сол кездегі басқарушы үкімет басшылары мен оның ОГПУ сияқты сұрқия жендеттерді топтастырған құрылымның басшылары өздеріне аяушылық жасамайтынын, талша мойындарын қылша кесетіндіктерін, неше түрлі азапқа салып қорлайтынын, түрмеге қамап итжеккенге айдайтынын біле тұрса да «Қайда барсаң да қорқыттың көрі, әйтеуір ерте ме кеш пе ноқталы басқа бір өлім емес пе», — деп күресу жолымен теңдікке, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге, нағыз болмаса бастарының еріктеріне тәуелсіздік алу жолында арыстанша алысып құрбан болу тәуекеліне барған болатын.

Әлеуметтік әділеттіліктің тек ашық күрес арқылы келетінін ата ұрпақ ұға білді. Ол күрестің барысында өздерінің бастарына үлкен қауіп төнетінін де аталар жақсы түсінді. Міне осыдан кейін, тәуелсіздік пен азаттықтың шын мағынасында қандай болатынын  және оның оңайлықпен қолға түспейтінін бағалай білгендер, сол ата-бабалар емес деп қалай айта аларсыз.

Білім сауаты жеткілікті болмаса да тектен тек ұрандатқаннан, басқарушы үкімет өкілдерінің ұятын оятуға әрекеттенгеннен, әділеттілікті өздері өмір сүріп жатқан қоғамға орнатқан қауымдастықтарды арашаға шақырып, олардың ықпалын пайдалануға тырысқаннан ешнәрсенің де өзгермейтінін, өмір сүре білу сауаты жеткілікті аталарымыз, дұрыс айыра білді.

Адай көтерілісі бір ғана рудың емес, Маңғыстау өлкесі мен көршілес өңірлердегі барлық халықтардың сол кездегі үкімет басшыларының елде орнатқан шектен тыс әділетсіздігіне қарсы, зорлық пен зомбылығына қарсы, үкімет өкілдерінің өз халқына орынсыз күш көрсету саясатына қарсы, халықтың аянышты күйсіз жағдайымен санаспай

қолда бар ең соңғы нәпақасын салық немесе шикізат тапсыру сылтауларымен тартып алуға ұмтылған тойымсыздық қылықтарына қарсы, ел ішінде әлеуметтік әділеттілік орнатуға ұмтылған халық көтерілісі болды.

Бұл саяси сипаты жағынан ұлт-азаттық, түрі жағынан қарулы, қозғаушы күштерінің басым көпшілігі халықтың кедей, батырақ және орташа топтарына жататын өкілдері болған шаруалар көтерілісі еді.

Сондықтан оны бұрынғыдай «Адайлардың бандылық» көтерілуі деген ешқандай негізі жоқ мысқылдама бағалауды доғаратын кез жетті. Ол атау Ф. Голощекин мен оның жағымпаздарының адай руына әдейі жалақорлықпен таңған, өздеріне қаймықпастан әділеттілік талаптар қойған халықтың көтерілісін жек көруден туындаған жапсырма «атағы» болатын.

Қазақ халқының қарғысына ұшыраған Ф. Голощекин 1933 жылдың ақпанында орнынан алынып, Қазақстаннан мүлдем кетті. Артынан, өзгеге орнатқан зобалаңы өз басына түсіп, Ресей жерінде ОГПУ-дің жендеттерінің қолынан опат болды. «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген қазақтың мақалының кебін киді. 1928-33 жылдары оның жандайшап қол шоқпарлары болған қазақ үкіметі басшылары да тарих талқысынан сазайларын алды. Көбісінің жер бетінде тұқымдары да қалған жоқ.

Коммунистік қоғам да солай құрыды. «Дүние жүзінде кедей атаулы адам баласы болмайды, жарлының бәрін байға теңейміз, кеңестер одағында бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған мамыражай қоғам орнатамыз» деген кеңестік үкіметтің 1991-ші жылы бір-ақ күнде күлі көкке ұшты. 1991 жылға дейін, барлық қоғамдық партияларды бір-бірлеп құртып, ел ішінде жалғыз өзі ғана саяси және идеологиялық үстемдік жүргізген коммунистік партия да күл-талқан болды. Оның қатарында, сол кездегі кеңестер одағы бойынша 20 миллионнан астам мүшесі бар болатын. Ең болмаса, компартияның басқарушы органдары уставқа сәйкес съезд шақырып, партияның ақшалай және заттай мүліктеріне заңды түрде инвентаризация жүргізіп, оның хаттамаланған қортындысы мен жаңа меншік иесін халыққа ашық түрде жария жасап өркениетті түрде тарауға да әлі келмеді, соған да парасат-пайымы жетпеді. Коммунистік партияның барлық қаржысы мен жылжымайтын мүліктері және бүткіл қазынасы түгелге дерлік «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында», қой терісін жамылған қасқыр құлқынды партияның сол кездегі басшыларының қалтасында кетті. Бірақ олар сонда да тойынған кейіп танытқан жоқ.

Ал, қазақ атам баласы айтатын «Ақтың жаққан отын, ақымақ сөндіре алмайды», «Аққа әрқашанда Құдай жақ» деген мақалдардың орайы сәтімен үйлескендей болып, сол бір 1928-34 ші жылдардың өте ауыр, әрі қиын кезеңдерінде ежелден емін-еркін өсіп, өзгеге тәуелсіз болған, әділеттілікті адамдықтарының ары мен намыстарының қастерлі туы етіп ұстанған, елдің болашағы мен ұрпақтарының қамы үшін, ата-бабадан мұра болып қалған қасиетті туып-өскен жер үшін, тәуелсіз азат өмір үшін қарулы көтеріліске шығып күрескен адай халқының ұрпақтары, сол атажұртта бейбіт өмір сүруін әрі қарай жалғастыруда. Сол үшін Аллаға мың мәртебе рахмет айтамыз және шүкіршілік етеміз.

Көтеріліске қатынасқан ауылдар, әсіресе адайлар мен табындар өте қатаң, әрі айуандыққа тең қатыгездікпен жазаланды. Жазалаушы отрядтың ОГПУ өкілдері бастаған жендеттері аса қаныпезерліктің үлгісін көрсетіп бақты. Олар, көтерілісшілердің кәрісі мен жасын, әйелдері мен бала-шағасын езіп-жаныштауда асқан айуандық танытыпты.

Көсегемізді көгертеді деген Кеңес үкіметі мен оның жазалаушы ұрда-жық қолшоқпар жендеттері Адай рулы қазаққа геноцид орнатты. Түп-түгел қырып тастауға аз-ақ қалды. «Қазақтың жауы өзінің ішінде ол келесі қазақ» деген бар емес пе. Адай еліне қызыл империя орнатқан бұл қырғынның қан жосалы қаруы, адам қасапшылары болғандар 12 ата байұлының өзге руларының қазақтары болды, тіпті ішінде адайлар да бар еді.

Ең бір өкініштісі де осы болатын. Осыны білген бар ма екен десек әлі де артық емес. 1931 жылғы «Адай көтерілісі» ХХ-шы ғасырдағы қазақ елі тарихының ең бір қан-жоса болған тарауына айналды. Кейіннен мұның арты, елдің естияр деген оңы мен солын білетін сүт бетіне шығар қаймақтай таңдаулы адамдарын ұстап, беделді молда мен мешіт ұстап ұрпақты имандылыққа баулыған имамдарын түрмеге қамаумен жалғасты, жазықсыз жапа шеккендер көбейді.

Көбінің өмірі сол кезеңнің сұрқия соты іспетті болған «үштіктің шешімі» арқылы қыршындарынан қиылды. Ал, үкім шығарушы «үштіктің» мүшелері біріккен мемлекеттік саяси басқарма аппаратының қызметкерлері еді, яғни ОГПУ-дің тұрақты штатының адамдары болатын.

Ол кезеңде, адам тағдырын әділетті кеңестік сот емес, басқарушы үкіметтің саясаттандырылған басқармасындағы қаралаушы құрылымының үш шенеуінігі шешіп отырды деген осы емес пе?

Ауа көшкен қазақтардың көбі елдегі жаппай көшуді дереу тоқтату және көшкен елді кері қайтару үшін жасақталған ОГПУ-дің (КГБ-нің) қарулы отрядтары мен шекара әскерлерінің оқтарына ұшып өлді. Қолға түскендері қуғындауға, репрессияға ұшырады, түрмеге жабылды немесе Батыс Сібірге асырылып қалың орыс орналасқан жерлерге жер аударылып сол жақта айдауда жүріп опат болды. Одан елге аман келгендері ілеуде біреуі ғана.

Күштеп ұжымдық қоғамға итермелеу, барлық малды зорлықпен ортақтандыру, мал дайындау кезінде үкімет өкілдерінің шаруагерлерге қоқан-лоқы мен зорлық-зомбылық көрсетулері шаруашылықтарға кері әсерін тигізіп, істерін ілгері бастырмады.

Мал басы күрт кеміді. Ғылыми салыстырмалы зерттеулер бойынша қазіргі кезде белгілі болып отырған жай, сол кезеңдердегі елдегі мал басының жағдайы, тарихшылар М.Қ. Қозыбаев, Ж.Б. Абылғожин және М.Б. Тәтімовтің «Новое о коллективизации в

Казахстане» деген мақаласында (История Казахстана: белые пятна: Сборник статей. Алма-Ата, 1991. стр. 201) келтірілген деректемелер бойынша, төмендегідей екен.

Атап айтқанда 1928-ші жылы Қазақстанда:

«6 миллион 509000 бас ірі қара малы болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана  965000 басы қалған. Ірі қара малының басы 5 миллион 544 мыңға, яғни 85, 17 пайызға кеміген.

18 миллион 565000 бас қой мен ешкі малдары болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана  1 миллион 386000 басы қалған. Қой мен ешкі малдарының басы 17 миллион 179 мыңға, яғни 92, 53 пайызға кеміген.

3 миллион 516000 бас жылқы малы болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана  316000 басы қалған. Жылқы малының басы 3 миллион 200 мыңға, яғни 91, 0 пайызға кеміген.

1 миллион 042000 бас түйе малы болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана  63000 басы ғана қалған. Түйе малының басы 979 мыңға, яғни 93, 9 пайызға кеміген». Осыншама құлдырай кеміген мал басының шығыны, Кеңестік Қазақстанның социалистік өркендеуінің аса қолайлы кезеңі саналатын 1970 — 1980 жылдары да өз орынын толтыра алған жоқ көрінеді.

Кішкене алға озыңқырап баяндау жасайтын болсақ, 1980-ші жылдары елдің басшылары «Қой басын Қазақстанда 50 миллионға жеткіземіз», — деп екілене өзеуреумен ұрандатып жүргенде Кеңес үкіметі құлап, оның құрамындағы ұлттық республикалар ыдырап, дербестік алды.

Дербес егеменді ел болғаннан соң, үкімет басшылығына жақын жүрген жекелеген жауапты кызметкерлер «Қазақстанда қой өсіру тиімсіз, қойды керек болса шет елден, Австралиядан сатып әкелу әлде-қайда тиімді» деген кезекті ұрандатуға көшті. Осы тектес науқаншылдық, 1994-95 жылдары елдегі бар малдың басын тағы да шығындауға ұшырататын ыңғайға әкеліп тіреді.

Сол жылдардағы, ауыл шаруашылығын нарықтық жағдайға сай өзгертудің эволюциялық өркендеу жолын емес, революциялық төңкерістік бағытын ұстанған саясы шешімнің кері әсері Қазақстанда 1995 жылдан кейін мал шаруашылығының күрт төмендеуіне, көп жерлерде мал басының орасан зор кемуіне әкеліп соқты. Атырау облысындағы 20-дан астам ірі совхоздар таратылды. Әр совхозда азайтып айтқанда, ең кем дегенде 100 мың бас қой болатын.

Қазіргі ауыл, «2003-2005-ші жылдарды — Ауылды қолдау, өркендету жылдары» деген үкіметтің ұранымен тарих көшін шығарып салды. Оны, қазіргі жаңа заманның белсенділері жерге тигізбей мақтап, алқынған демдерімен қазан қайнатып, әрі кәртамысы мен жасы араласа аптығып «ауылдың күйі біршама жақсарып қалды, мал басының саны тұрақтанып, белгілі өсім байқалады» деп жарыса жалбалақтап жүр.

«Атырау» газетінің 2005 жылғы 5-ші ақпандағы санында жарық көрген мақалаға сүйенсек, Қызылқоға ауданындағы совхоздардың біреуінің орнына құрылған «Жасқайрат» акционерлік қоғамында қазір бар болғаны 8880 бас қой малы бар екен. Оның төл беруге жарайтыны 5062 бас қана саулық қой көрінеді. Өзіңіз салыстырып-ақ, тек қана атауы өзгерген бір шаруашылықтағы 1995-ші жыл мен 2005-ші жылдар аралығындағы мал басының салыстырмалы мән-жайының күйі қандай екенін біле беріңіз.

Тек қолдағы барға алдарқанып, әрі одан азда болса ілгері басу белгілерін аңғарып медеттенуге болар, ал бірақ аспанға бөрік лақтырып алақайлайтын кезең келген жоқ, әлі өте ерте-ле-у. Бірен-саран жекелеген қожалықтар мал басын тұрақтандыруға қол жеткізді. Дегенмен көптеген шағын және ұсақ қожалықтар бытырап кетудің аз-ақ алдында, нарық  жүгін әрең көтеріп жүр.

Сонымен, баяндау желісін бұрынғы арнаға бұрсақ, тұқымдық дәнді селекциялық ғылыми негізде таңдамай, егін егілетін жерді топырағының құнарына қарамай табиғи тегістеу деген жерлер жаппай жыртылып, оған табылған тұқым себіледі. Су тапшылығы да ескерілмейді. Егін суару түгілі шөлін қандыратын суы жоқ шөл және шөлайт аймақтарда да осындай бағыт ұсталынады. Қортындысында егін дұрыс шықпай қалады.

Деректі айғақ ретінде, жоғарыда  айтылған Т. Омарбековтің «Зобалаң» (немесе күштеп ұжымдастыруға 1929-31 жылдары болған халықтың наразылығы мен қарсылығы) деген Алматының «Санат» баспасынан 1994 жылы жарық көрген кітабында келтірілген, «архив қорындағы іс қағаздардың арасынан өзіміз тапқан», — деп дәлелге ұсынатын жедел хаттардың мәтінін біз де жанашыр оқырманның назарына өзгертпестен қайталап беруді жөн көрдік.

«Алматы, ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитеті НҰРПЕЙІСОВке,  Халкомкеңесі ИСАЕВқа

176 Оралдан, НКВД Басқарма кезекшісі арқылы.

Өлкелік бригаданың мәлімдеуінше астық түсімі жоқ болуына байланысты Маңғыстау ауданының алты ауылында жаппай босқындық орын алуда, халық қияқтың дәнімен тамақтануда. Өлкелік комитеттің жарлығымен қордан азық-түлік көмегін беру 1-ші тамызда тоқтатылған. Сондықтан қолда бар қалдықты пайдалана алмаймыз. Жауапты жеделдетуді өтінеміз.

Біздікі 483-523.                             Құрамысов, Кошкунов»

«Алматы, ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитеті НҰРПЕЙІСОВке, Халкомкеңесі ИСАЕВқа                                      20102 Оралдан, НКВД кезекшісі арқылы.

Біздің 483-523 толықтыра хабарлаймыз: Маңғыстау ауданында құрғақшылыққа байланысты ТОЗ-дардың егіндерінің 40 проценті, жекешелердің — 86 проценті жойылып кетті. Қалғандарының өнімі төмен. Өнімнің жоқтығына байланысты босқындық қозғалыс күшейе түсуде. Мысалы, Бекошинский аймағының көп бөлігі аудан орталығына шоғырланып, үй-мүліктерін сатып, Қарабұғазға, Байрамалы, Түрікмен, Махачкала бағытына көшуде. 14-ші тамыз күні параходпен Махачкалаға 200 адам кетті. Мүмкіндіктің жоқтығынан округ, облыс көмек көрсете алмайды. 200 қожалық тас өңдеуде. Жалғасы болады.

5252                                             Құрамысов, Кошкунов»

«Алматы, ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитеті НҰРПЕЙІСОВке, Халкомкеңесі ҚҰЛЫМБЕТОВке

143 Гурьевтен, НКВД өкілі арқылы.

Бізде бар мәліметтер бойынша азық-түлік қиыншылығы негізінде Қарабұғазға, Байрамалыға, Түрікменияға, Махачкалаға ауа көшулер күшейе түскені байқалады.14-ші тамызда Махачкалаға кеткен пароходпен 200-ден астам босқын кетті. Бозашы аймағының 18-ші, 19-шы ауылдары жекелеген топтармен далада босып жүр. Босқындар Форт-Александровскіде үй заттарын сатады да, осы тәртіппен жолға қаражат табады. Мұқтаждарға көмек мәселесін мұнан әрі шешпеу, босқындықты, одан туындайтын зардаптарды асқындыра түседі. Округте ешқандай қосымша жоқ, көмек берілмейді. Біздің 9-шы тамыздағы сұранысымызға Сіздерден жауап алмадық, осы мәселені шешуді жеделдетуді өтінеміз.

451                                                                                                Ақботин, Айтмағамбетов»

Бұдан, оқырман ағайынның өзі де байқап отырғанындай, аштықтан босып жүрген қазақ халқына шұғыл түрде жедел көмек ұйымдастырмақ түгіл, Қазақ Өлкелік партия комитеті мен Қазақстан үкіметінің сол кездегі басшылары жедел түрде тұшымды жауап қайтаруға да асыға қоймағаны көрініп тұр.

Ол кезде, тек маңғыстау даласының адайлары мен басқа ұлыстары ғана емес, Қазақстанның түгелге жуық өлкелерінде қарапайым халықтар аштықтан бұратылып, қолын жайып көмек сұрап, шарасыздық жағдайдан шекара асып, танымайтын жерлер мен бөтен елдерге босқын болып көше бастап еді.

Сөйтіп, елді тура ашаршылыққа әкелетін жағдайдың ұйымдастырылған түрдегі алғы шарттары түгелдей орындалады.

Бірақ, елді сол кезде басқарып отырған ВКП(б)-ның Ф. Голощекин бастаған Қазақ өлкелік комитеті мен Автономиялық үкіметінің басшылары осынау зұлмат қасіретті жасыруға барынша тырысып бақты.

Олар, «Қазақстанды социализмге Шығыста бірінші етіп жеткіземіз», «Қазақстанда революция болмаған екен, болса да ол қазақ ауылын тек жанап қана өткен көрінеді, сондықтан бұл өлкеде Кіші Қазан революциясын жасауға рұқсат беріңіз деп даурыға өзеуреп жүрген Ф. Голощекиннің шоқпарын соғып, құлдық ұрып қосыла шауып жүрді. Шіркін қазақтың басшылары қай кезде де қосыла шабуға «шебер» болған ғой.

Тек, 1932-ші жылдың жазынан бастап қана, халқына шын жаны ашыған, жекелеген жауапты қызметкерлер ауылдағы орасан зор көлемдегі зұлмат туралы орталық басшы және құзырлы органдарға жеткізе бастады. Олардың қатарында, Қазақстан Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы О. Исаев пен Қаржы халық комиссары М. Орымбаев екеуінің 1932 жылғы 11-ші мамырдағы баяндама хатын айтқан орынды. Кейіннен, Ораз Исаев 1932-ші жылғы 9-шы тамызда Иосиф Сталинге жазған хатында барынша дәл және нақты деректерді келтіреді. Оның өте кештеу де болса жазған осы хаты кейіннен өзінің қара басына төнген қатерге араша болып шыққаны тарихтан белгілі.

1932-ші жылдың 29-шы қыркүйегінде РСФСР ХКК-і төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов қазақ елінде орын алып отырған жанайқай жайды өзінің И. Сталинге жазған өтініш-баяндау хатында жеткізіп, алынар қаулыға бірнеше нақты шараларды енгізу керектігін ұсынады.

Алынған Қаулы қапелімде қазақ ауылдарына тамақ бола алмады. Малынан айырылған, қуғын мен сүргінге ұшыраған ел ішін бірте-бірте аштық жайлай бастады. «Жұт жеті ағайынды» деген, қуаңшылық пен қаhарлы қыс есі кеткен елге қосалқы соққы болып тиді. Бейбіт заманда, қазақтардың арасында 1930-34 жылдары аштықтан адам өлу алапаты басталады.

Мұның бұлтартпас айғақтары ретінде Ғ. Халидулинның «Ашаршылық және демографиялық апат» мақаласында (Ақиқат журналы № 8, 2001. 42-47 беттер.) ОГПУ-дің ақпараттарының негізінде келтірілген мына жайттарды естеріңізге берсек жеткілікті болар.

Өздеріңіз шамалап отырғандай ОГПУ мекемесі ол кездерде, яғни 1930-1940-шы жылдарда «Ақ дегені алғысқа, қара дегені қарғысқа» пара-пар болған айтулы қандықолдардың ордалы ұясы іспетті кеңестік құрылым болды. ОГПУ — сөйлемдегі сөздің бас әріптерінің жиынтығы. Шешуі — объединенное государственное политическое управление. Қазақша біріккен мемлекеттік саяси басқарма (БМСБ) делінеді. Кейіннен оны КГБ деп атады.

Бұл мемлекеттік мекемелер қай кезде де, қандай атаумен аталса да еңбекші қара халықтың жоғын жоқтаған емес, сондықтан халыққа тіпті жақпаған еді және халық оны жақтамайтын, әрі сол кезеңдерде елдің басына орнатқан сұрқия зұлматтары үшін ОГПУ, НКВД, КГБ дегендерді халық өте жеркенішті көрген.

Бұл кеңестік құрылымдарға халықтың барлық ұлттары мен ұлыстары, Үкімет басындағы басқарушы топтың жазалаушы органы деп қарап келді. «Халық айтса қалып айтпайды», — деген бар.

Сол кездердегі  ішкі істер халық комиссары Гурьев округтік бөлімінің бастығы Вахтин деген 1934-ші жылы желтоқсан айында жоғарғы жаққа «Өте шұғыл», «Аса құпия» таңбалары соғылған жедел хаттар жіберіпті. Онда, «Еспол ауданының онбір ауылында азық-түлік жетіспейді. Аштықтың салдарынан елдің біраз бөлігі тек атшоңқай шөбінің тамырларын қорек етуде» деп көрсетілген екен.

1932-ші жылғы қаңтардағы Ақтөбе аймақтық ОГПУ-дің «Аса құпия» белгісі соғылған арнайы мәліметінде «Азық-түліктің жоқтығы соңғы уақытта барынша өрістеп, әсіресе, қазақ ауылдарында жаппай етек алуда» деп жоғарыға хабарланыпты. Осы органның 1932-ші жылдың 10-шы шілдесіндегі арнайы мәліметінде «Торғай ауданында аштықтан күніне 25 адам өлді. Обаған ауданының О. Исаев ауылында 2 айдың ішінде 300 адам өлді, Құбай ауылдық кеңесінде осы уақытқа шейін 200 адам өлді. Бетпаққара ауданының он төрт ауылында 585 адам аштықтан қайтыс болды. Бескөл ауданында аштықтан күніне 10-15 адам өледі. Ойыл ауданының 5-ші, 8-ші, 18-ші ауылдарында аштықтан 181 адам өлді, Ақтөбе ауданының 35-ші ауылында күніне аштықтан 3 -5 адам қайтыс болады. Меңдіқара ауданында соңғы екі айда кейбір ауылдарда тойып тамақ ішпеуінің, аштықтың салдарынан тұрғындардың 50 % ісініп кеткен.

Тірі қалған адамдар тышқан аулап жеп, шөптің тамырын қазып алып, не болмаса құмаршық, мырзасораң, қияқ шөптерінің дәнін жинап жеп қорек етуде» деп баяндалған.

«Батыс Қазақстан облысының «Правда» колхозында колхозшылардың 75 пайызы жаздық жұмысқа шығудан бас тартып, тамағын асырау үшін тышқан аулауға мәжбүр» деген ОГПУ хабары түскен.

Төбе құйқаң шымырлап шашың тік тұратын өте ызғарлы, әрі өте ауыр  мәліметтер емес пе бұл.

Негізінен архив құжаттарына сүйене отырып жазылған І. Сариевтің 2001 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қанды ойран» кітабында, баяндалып отырған жайттарға ұқсас жағдай, Жылыой ауданы ауылдарының бірінде болған, өзінің көзімен көрген мына төмендегідей сұмдық оқиға келтірілген екен. «Бұл 1933 жылдың жазы болатын. Қожас деген қарт адам   8 — 10 жастардағы екі қызымен аштық жеңіп, әлі жоқ болғандық-тарынан қыстауынан сыртқа шыға алмай, бірнеше күн жылаған сияқты болып ыңылдап жатып өлгенін өз көзімізбен көрдік. Ол кезде біреуге біреудің көмектесуге мүмкіншілігі жоқ. Қожастың көршісінен сұрағаны өлгенде бетін жабу болған. Сол өтінішін қаракедейдің таттыбайы Сиық Дүкенбайұлы деген атамыз орындап, жалғыз өзі қыстауының қасына үшеуін бірге көмген. Қожастың үш ұлының екеуі тамақ іздеп, ауылдан кетіп қалған. Үлкен ұлы Мақсым бір көршілерінің арық түйесі өліп, соның етінен қуырдақ жасауға отын шабамын деп кетіп бара жатқанда әлі жоқтықтан құлап, жан тапсырғанын көрдік. Тағы басқа да жақын жердегі ауылдарда аштан өліп жатқандар болды.

Бірқатар ауылдар саршұнақ тышқан жеп, 2 — 3 шақырымдай жерде бөлек отырды. Елді ауру жайлады, кезік, бүкіржік, безгек деген аурулар халықты баудай түсірді. Кейбір үйлердің есігі мүлде жабылды». Мұны, сол кезеңдегі кеңестік ауыл тұрғындарының өмір тарихының ауыр азап тартып, запыран жұтқандай болған тағы бір кесапатты келбеті емес деп кім қарсы дау айта алар.

Осы кітапта жазылған тағы бір жағдайды (131 бет) айтсақ ол былайша желі тартады «Атақты бай майлан жары Сарбас Саламатұлы халық арасында өте қайырымды, мырза адам екен. Ол 1915 жылы әкесі Саламат қажыға 600 үй тігіп ас беріпті. Сол Сарбас балалары, туған-туыстарымен кейін 1931 жылғы «Адай көтерілісіне» қатынасып, өлгені өліп, өлмегендері тұтқындалып, қуғынға ұшырап, жоқ болған. Сарбас бай қартайған шағында бала-шағасынан толықтай айырылып жалғыз қалып, Жылыой ауданының Тұрғызба деген жерінде қайыр сұрап жүріп, 1932 жылы аштан өлген».

Қараша халқы ашаршылықтан қырылып қаусап жатқанда қабырғасы қайыса қайранды қылық танытпаған, қалың елім қазағым-ай деп жанашырлық жәрдем жасамаған кеңес үкіметі мен оның ел ішіндегі имансыз өкілдері, күні кешегі дәулетті ел ағасының бүгін аштан өлгеніне бола қабағын шытып қиналыс белгісін білдірді дейсің бе. «Иманы қисықтың қылығы да қыңыр», — деген сөз бар халықта.

Сол кездегі кеңестік үкіметтің басшылары, бейбіт тіршілік кешкен елде ашаршылықтан адам өлтіріп, оның санағын ОГПУ мекемесі арқылы алып, сыртынан қарап отырған екен ғой дерсің өзің де, оқырман қазақ баласы.

Міне сондай зұлмат заман өткен қазақ ұлтының басынан. Қазақ үшін адыра қалған кезең еді бұл. Иә бұл кезең, қазақ ұлты тарихының сормаңдай болған мазақты беттері болды.

Көне көз қарттардың өздерінің өткен мезгілдері жайлы айтуға зауқы көп соға бермейтін, ал оқта-текте естеріне ала қалса, іле өздерінен-өздері күбірлеп «өзімен кетсін, адыра қалған кер заман» дейтіндері сондықтан болар.

Ол зұлматты ұйымдастырғандар сол кездің Үкімет басындағы басшылары мен ел ішіндегі олардың әпербақан, ұрда-жық, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп жүрген шала сауатты белсенділері мен соларға әр ауылдан қосылған жәдігөй қол шоқпарлар еді.

«Аллаh Тағаланың қаhарына ұшырады ма, жоқ әлде адамдардың қарғысына тап болды ма?, сол белсенділер мен жәдігөйлердің ұрпақтарының өркендері өспей қалды, тіпті көбінің тұқымы қалған жоқ, ал тұқымы бары азып-тозып ел мазағы болып кетті» деп көнекөз қарттардың айтып отыратынын естігендер сирек болса да әлі де кездеседі.

Есі бар адам жадына тұмар қылып ұстайтын, осы күндердегі пенделер үшін де мәнін жоймаған, саналыға ой салатын киелі жайт екен демеске амал жоқ.

Жоғарғыда айтылған тарихаттық, әрі ақиқаттық жағдайлар, ОГПУ құжаттарының жойылмай қалған бір азғантай бөлігінің мәлімет көзінен ғана алынған айғақтамалар. Аталған мекеменің 1928-1934-ші жылдардағы құпия қорларда шоғырланған, әлі де сақтаулы тұрған ақпараттары мен құжаттарын тереңірек аршып, мұқият іздестірсе бұдан да сұрқия деректемелер табылатындығына күман жоқ болар.

Осы күнгі ғалымдар өздерінің есептеген деректері бойынша сол апатты зұлмат жылдарда тікелей ашаршылықтан және соның себеп-салдарларынан 1 миллион 750 мың адам, яғни елдегі қазақ халқының 42 пайызы аштықтың құрбаны болды деп деректеме айтады.

Ал, салықтық есептің деректемелері бойынша республикадағы тұрғындардың саны әр жылдың бірінші маусымында төмендегідей болыпты:

1930 жылы 5873, 0 мың адам

1931 жылы 5114, 0 мың адам

1932 жылы 3227, 0 мың адам

1933 жылы 2493, 5 мың адам

Бұл жерде, қазақ елін басқарған бастық болмай-ақ сәуесі бар адам болса, ешкім айтпай-ақ өзінің санасымен түсінер бір ақиқат сан көрініп тұр. Ол елдің тұрғындарының санының үш жылдың ішінде 3 миллион 379500 адамға кеміп кетуі.

1926-шы жылғы Бүкілодақтық бірінші халық санағының деректемелері бойынша республикадағы қазақтардың саны 3627612 адам болыпты. Қазақтар сол кезде Қазақстанның ауыл тұрғындары-ның 61, 1 %-ын құрапты.

Ал барлық қазақстандықтардың саны санақ өткен жылы 6198467 адам болған екен.

Ресми үкіметтік дерек көздері осы зұлмат жылдар ішінде қазақ халқының жалпы саны 2 — 2, 2 миллион адамға азайды деген тұжырымға жетектейді.

Онда мұны, ашаршылықтың зардабынан осыншама қазақтың қырылғанын ресми басқарушы үкіметтің мойындағаны деп білмеске амал жоқ.

Олай болса, ондай үкімет елді басқарған бола ма?, жоқ әлде қазақ ұлтын аштықтан қыруға жұмыстанған болып шыға ма?, оны өзіңіз зерделеп біле берерсіз замандас.

Көпке белгілі жайт, ол қазақ халқының санының бұрынғы 1930 жылғы деңгейіне тек 40 жылдан кейін, 1969 жылы ғана жеткені.

Ұзақ жылдар бойы, дәлірек айтқанда, 1930-шы жылдардың басынан 1994 жылдарға дейін Қазақстандағы 1931-ші жылғы «Адай көтерілісі», 1930-34-ші жылдардағы ашаршылық және осы жылдарда қазақ ұлты санының күрт кеміп кетуі мен 1937-39 жылдардағы қазақ оқымыстыларын, дін өкілдерін, ұлтжанды зиялылар қауымын кеңестік үкіметтің қуғындауының ұлтқа тигізген зардаптары туралы зерттеуге, тарихаттық талдау жасап бағалауға мемлекеттік деңгейде ресми түрде тыйым салынды. Қазақ ұлтының шуақты бейбіт өмірін, өсіп-өркендеуін, біртұтас ұлттық құрылым ретінде дамып өркениеттенуін бірнеше жылдарға кері шегеріп, орасан зор қоғамдық және этникалы-экологиялық аса зор залал келтірді. Сондықтан бұл тақырыптар туралы шындық айтылмады, 75 жылдың үстінде барлық мәліметтер жабық күйінде жатты. ОГПУ, НКВД, КГБ деген сияқты кеңес үкіметінің, сол кезеңдерде, кеңес халқының әртүрлі ұлт өкілдеріне жендет қылып пайдаланған қандықол құрылымдары, деректемелер мен айғақтама құжаттардың бәріне «құпия», «аса құпия», «маңызды құпия» таңбаларын соғып, жеті құлып салған арнайы қорларда сақтағаны көпшілікке мәлім жағдай.

ОГПУ, НКВД, КГБ деп аталған кеңес үкіметінің құрылымдарының құпия құжаттарға салған құлыптары әуелден мықтап жабылған-ау демеске және олардан кейін құлыптардың ашқышына ие болғандар бұрынғылардан да гөрі құпияны қатты қорғаштайтындар болып кетті-ау демеске лаж жоқ.

Бұрынғы кеңестік үкіметтің КГБ-сі, қазіргі Қазақстан үкіметінде КНБ деп аталады. Бұл мемлекеттік құрылымның аты өзгергені ақиқат, ал мүддесі мен мақсаты қандай екенін қазіргі сауатты елдің өздері саралап түсініп алар. Оның тамыр жайған жерінің топырағы жаңғырмаған сияқты, себебі «КНБ тарихына 85 жыл толды», — деп 2005 жылы шыққан басылымдарда жазылды.

Тәуелсіздік алдық, бұл соның арқасы деп түрлі жиналыстар мен жиындарда белсендімін деген, өздерін ұлттың қаймағы санайтын тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер, ел қалаулылары мен саясаткерлер қанша көмей ауыртса да өткен тарихты талдап, оны тани білуге келгенде тұсаулы аттай тұралап қалып жүр. Әлі де болса, ол оқиғаларға толықтай тарихи және әлеуметтік тұрғыдан баға берілді деп айту мүмкін емес.

Тарихтың мақсаты — өз халқына қызмет ету десек, бүгінгі ұрпақтан қандай ашшы болмасын шындықты жасырмаған дұрыс. Тек шындықпен сусындап, әділеттілік рухта тәрбиеленген ұрпақ қана ел намысы мен өз намысын қорғай алатын азамат болып өседі.

Барлық көтерілісті және оған қатысқандарды заң және саяси тұрғылардан ресми түрде баға беріп, ақтап алған орынды.

Сонда ғана «Қазақстан деген ел — әділетті демократия орнаған, өткен тарихы мен бүгінгі өмір қадамы әділ заңдар өлшемімен бағаланып отырған, қоғамдық даму жолында құпиялы қалтарысы жоқ толық қанды құқықтық мемлекет болды» деп өркендеген әлем елдеріне ұялмай тіке қарай аламыз.

Ендеше, бүгінгі жаңа кезеңнің, тәуелсіздік алған егеменді Қазақстанның тарихшысымын деп жүргендер мен тарихшы ғалымдар бұл тақырыптарды көбіне айналып өтіп кетуді, көріп-біліп жүрсе де қашаған қылық танытып қашқақтай беруді оңтайлы көретіні неліктен. Неден сескенеді. Бойларын неге үрейге билетіп, еркінен айрылады.

Ата ұрпақтың өткен жолының шындық тарихын талдап, ғылыми тұжырымдама жасауға кім тосқауыл қояр дейсің. Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін тәуелсіздік пен демократия дәуірлеп тұрған осы мезгілде шынайы қалпына келтірмегенде, қашан қолға аламыз. Жоқ әлде, біздің тарихымызды өзге ұлт өкілдері жазып беріп, ұлттық тарихшылар оны кейіннен қазақшаға аудара ма?

Тарихымызды батыл жазып жүргендер жоқтың қасы, тек екі-үш нағыз патриот қазақтар ғана қалам тартады, онда да еңбектерінің ауқымы мен талдау теріңдіктері көлемді сараптама мақаланың ғана деңгейінде.

Тарихаттық, экономикалық, демографиялық және саясаттық ғылыми талдаулар жасалған туындылар мен монографиялық еңбектер тіпті жоқ десе де болады. Бұл тақырыптар қасиетті қазақ ұлтының, оның қатпарлы да қасіретті тарихының қастерлі де кесапатты тараулары.

Сондықтан бұрынғы кезеңдердегі өтірікті шынға, шындықты өтірікке айналдырып қазақ ұлтының тарихын құрақтап жазып келген жалпақшешей тарихшыларға ұқсамай, егемендік алған тәуелсіз қазақ елінің жаңаша ойлау, тыңнан тиянақты ой қорыту қабілеті бар тек шындықты ғана жазуды мұрат тұтқан, болашақ ұрпақ алдындағытарихшылық парызын адал атқарып кетуге ынтазар бүгінгінің зерттеуші ғалымы мен зеректі тарих маманын сол 30-шы жылдардағы кеңес үкіметінің қазақ ұлтына орнатқан зардапты саясатының жазықсыз құрбаны болған қарттар мен жастардың, ағалар мен жеңгелердің, аталар мен әжелердің, апалар мен қарындастардың, елдің зиялы азаматтары мен біртуар дарабоз боздақтарының рухы әлі күтіп жатыр.

Олардың өлімі жоқтау айтылмай — жылаусыз өтсе, тарихтағы орны әлі күнге дейін өзінен-өзі үрейленген тарихшы ұрпақтың жасықтығынан сұраусыз кетіп отыр.

Сондықтан да биылғы 2006-шы жылдың сәуір айында басталғанына 75 жыл болатын 1931-ші жылғы Адай көтерілісі бұынғы кеңес үкіметінің кездеріндегідей жалпылама айтыла, не жазыла салмай тәуелсіз егеменді Қазақстанның тарихына толық тарау болып дұрыстап жазылып, жоғарғы оқу орындары мен орта мектептің тарих оқулықтарына дұрыс көлемде енуге тиіс.

Осы орайда, елге белгілі Шөреков Ығылман ақынның тілімен айтсақ «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар» демекпіз. Ақырып теңдік сұраған Ата ұрпақтың атқарған еңбектері мен ардақтыларының есімдерін тарихқа жеткізе жазып, паш ету, сөйтіп кештеу болса да олардың тиісті қақын қайтару — бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы екенін ұмытпайық.

Біз бұған дейінгі мезгілдерде, қазақ тарихын жасақтауда халықтың қайғы мен мұңға, қасірет пен кесапатқа толы кезеңдерін дұрыстап жазбақ түгіл, бір-бірімізге өзара ауызша айта да алмадық. Айта қалсақ сыбырлап сөйледік. Болған тарихи оқиғалар мемлекетті басқарып отырған шағын топтың саясатына бағындырылып, солардың ыңғайына бұрмаланды және соларға ұнамды түрде ғана жазылды. Соның кесірінен саясатқа ұнамды ғана тарих ғылымы дүниеге келді. Шынайы тарихты жазғандар елді басқарушы топтың табасына ілігіп, қуғындауға ұшырады.

Өкінішке орай қуғындаушылардың айтағына еріп, қосыла қабатын, өре түрегеліп балаққа жармаса кететін әумесер белсенділер елдің ішінде де көптеп табыла кететін еді. Ондайлар әлі де бар, қаптап жүр десе де артық емес. Олар әсіресе аға буын ұрпақтың арасында басым орын алады. Тарихтың бұрмалануының басты қасіреті де сол «көпті көрген» топтың келісімпаздықтары мен жалған «кемеңгерлік» қылықтарыннан тамыр алады.

Шағын қазақ ұлтының мүддесін, интернационализмнің алып тасасынан, ұлттар достығының көлеңкесінен көрмей келдік. Басқарушы үкімет еркіной иелерін сескентіп, керек жерінде қорқытып, тұқыртып ұстады. Енді кеткен есенің орнын толтыратын кезең келді. Шын мәніндегі қазақ тарихшысы болса жасқанбай алға басатын, қазақ тарихының ақтаңдақты беттерін тарихи шындықтың тарауларымен толықтыратын, әлеуметтік әділеттілік орнату үшін болған күресті оқиғаларға әділ бағасын беретін, ол оқиғалардың маңызын төмендеткісі келетін, тарих сахнасына шығуына кедергі жасап келген, әлі де сол пиғылдағы кертартпа тарихшыларға батыл тойтарыс беретін кезең осы ағайын. Ер кезегі екі рет берілмейді деген қағида әуелден бар. Қапы қалмайық.

Бұл мақала (1931-ші жылғы Адай көтерілісінің, 2006 жылдың сәуір айында басталғанына 75 жыл толуына орай) 2006 жылдың қазан-қараша айларында Атырау қаласынан тиражы 7815 дана болып шығатын «Мұнайлы Астана» газетінің алты номеріне (41-46), 15 — қарашада Алматы қаласынан тиражы 5142 дана болып шығатын «Атамекен» газетінің 21-ші номеріне «Адай көтерілісі» деген атпен, қазан-қараша айларында Ақтау қаласынан таралымы 6720 дана болып шығатын «Үш қиян» газетінің  төрт номеріне (42 — 45) «Зобалаң заман зардабы» деген атпен, 2006 жылы Ақтөбе қаласындағы «NOBEL» баспасынан жарыққа шыққан «Жеменей адай, КЕДЕЙ (Нұрмағанбет) ұрпағы» атты шежіре кітапқа (таралымы 1000 дана) «Зобалаң жылдар

зардабы» деген тарау болып және 2007 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан жарыққа шыққан «Адай — Ата» 3-ші кітабына (таралымы 2000 дана, 407-419 беттер) «Зобалаң заман зардабы» деген атпен басылып шығып, оқырмандар қолына тиді.

Енді, 2011-ші жылдың сәуір айында «Адай көтерілісінің» басталғанына 80 жыл толатындығына орай, осы «Зобалаң жылдар зардабы» мақаласына қосатын тұжырымды ойтүйін мынау:

Адай көтерілісі туралы тарихтық, экономикалық, демографиялық және саясаттық ғылыми талдаулар жасалған жазба туындылар мен монографиялық еңбектер тіпті жоқтың қасы десе де болады. Бұл тақырыптар қасиетті қазақ ұлтының, оның қатпарлы да қасіретті тарихының қастерлі де кесапатты тараулары. Аталмыш тақырыпқа жазылып, баспадан жарыққа шыққан еңбектерді еске түсіргенде, бірінші болып ойға оралатын шығармалар сапының көш басында жазушы полковник, марқұм Ізтұрған Сариевтің «Ойрандалған Адай даласы» немесе мемлекеттік біріккен саяси басқармасының құжаттары негізінде халық қасіреті қақында хикая, деректі очерк кітабы және «Қанды ойран» тарихи очерк кітабы сияқты, айтулы еңбектері тұрады.

Сондықтан бұрынғы кезеңдердегі өтірікті шынға, шындықты өтірікке айналдырып қазақ ұлтының тарихын құрақтап жазып келген жалпақшешей тарихшыларға ұқсамай, егемендік алған тәуелсіз қазақ елінің жаңаша ойлау, тыңнан тиянақты ой қорыту қабілеті бар тек шындықты ғана жазуды мұрат тұтқан, болашақ ұрпақ алдындағы тарихшылық парызын адал атқарып кетуге ынтазар бүгінгінің зерттеуші ғалымы мен зеректі тарих маманын сол 30-шы жылдардағы кеңес үкіметінің қазақ ұлтына орнатқан зардапты саясатының жазықсыз құрбаны болған қарттар мен жастардың, әйелдер мен еркектердің, аталар мен әжелердің, апалар мен қарындастардың, елдің зиялы азаматтары мен біртуар дарабоз боздақтарының Рухы әлі күтіп жатыр. Олардың өлімі жоқтау айтылмай — жылаусыз өтсе, тарихи әлеуметтік құны әлі күнге дейін сұраусыз кетіп отыр.

Сондықтан да биылғы 2011-шы жылдың сәуір айында басталғанына 80 жыл толатын 1931-ші жылғы Адай көтерілісі бұрынғы кеңес үкіметінің кездеріндегідей жалпылама айтыла, не жазыла салмай тәуелсіз егеменді Қазақстанның тарихына толық тарау болып дұрыстап жазылып, жоғарғы оқу орындары мен орта мектептің тарих оқулықтарына дұрыс көлемде енуге тиіс. Сонда ғана Адай Ата боздақтарының жоқтаусыз кеткен өлімі мен сұраусыз кеткен құнының орны толып, есесі қайтады. 1931 жылы ат ойнатып, ақырып теңдік сұраған Ата ұрпақтың атқарған еңбектері мен ардақтыларының есімдерін тарихқа жеткізе жазып, паш ету, сөйтіп кештеу болса да олардың қақын қайтару — бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы екенін ұмытпайық.

Олардың рухтары мен аруақтары СІЗдердің ескерулеріңіз бен еске алуларыңызға зәру. Тіпті қақылы десек те артық болмас. Себебі, «Өлілер жебемей, тірілер байымайды», — деген қазақта даналық сөз бар.

Сол сияқты «Адай көтерілісі» деген жеке тарихи кітап жазудың да мезгілі жетті деп білеміз. Тарихшы ғалымдар жазса жазар, ал бірақ оларға қарап жалтақтамай-ақ тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген кәсіби жазушылар, соның ішінде Адай Ата ұрпақтары шұғыл түрде қолдарына алып, энциклопедиялық деңгейде, айтайын деген ойларын жеріне жеткізіп тұрып дәлелдеп, өзге жұрт айтып, мадақтап жүретіндей қылып кітап жазып шығуға еңбектенулері керек.

Осы орайда, қазақ еліне белгілі Ығылман Шөреков ақынның тілімен айтсақ «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар», — деген ұранды нақыл сөзін ешқашан да ойларыңыздан шығармаңыздар, адайдың арлы ұрпақтары мен жеткіншек жастары.

Өзіңнің жетпесің мен өз арыңды өзің жоқтамасаң, өзге жандар жоқтар, бірақ тап өзіңдей қылып, айызыңды қандырып жоқтай қоймас, Абырой ортақ, Ар ортақ және Намыс ортақ ағайындар.

Жоғарыдағы, жаңа ғана аты аталған еңбектерімен, марқұм Ізтұрған Сариев көзінің тірісінде, Кеңестік қазақстан үкіметінің сұрқия басшысы, ел ішінде «Қужақ» деген атқа ие Ф. Голощекиннің 1930-34 жылдары Маңғыстау еліне зобалаң заман орнатқан саясатының жазықсыз құрбаны болған сол бір қасиетті аталар мен әжелердің, ағалар мен аналардың, елдің зиялы азаматтары мен біртуар дарабоз АДАЙ АТА боздақтарының рухтарын тірілтіп, тарихи шындықты жазуда, оның көпшілік жұрт білмейтін ақтаңдақ беттерін халыққа жеткізуде ешкімге де жалтақтамай батыл түрде ат салысты. Ол жолда Ізтұрған Сарыұлы ешнәрседен қаймыққан жоқ, ЕЛ қамын жеген ерлердің алдындағы перзенттік борышын толықтай ақ — адал орындады. Үлгі аламын десеңіздер, осыдан артық не үлгі керек сіздерге, кәсіби тарихшылар мен жазушы мырзалар.

Осы күндерде не көп, еске түсіру аруақтардың рухына ас беру көп. Әрине бұлар өте дұрыс, құптауға тұрарлық рухани-имани шара және қазақ халқының бұрынғы өткен тарихының қадір-қасиетін білуге ұмтылып, атаұрпақтың жүріп кеткен жолдарының тарихындағы ақтаңдақ парақтарын ақтарып, олардың аттарын атап ақтап алып, жоқтаусыз кеткен еселерін қайтаруға ұмтылған бүгінгі ұрпақтың перзенттік борышын өтеуі болады.

Мұндай шаралардың ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзі бастама көтеріп, әрі қолдау көрсетіп отырған «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылып жатқан кезеңінде Қазақстанның барлық аймақтарында өткізілуі, өмір сүріп отырған қоғамдық құрылыстың өзгешелігіне қарамай, қамтылған оқиғалардың тарихи сабақтас екендігінің айқын белгісі.

Міне сондықтан, бүгінгі Адай ата ұрпақтары, бұрынғы кездерде басқарушы билік ескермей, есесін қайтармай және өз дәрежесінде дұрыс саяси бағасын бермей жүрген «Адай көтерілісіне» ҚР Үкіметі мойындап, ресми қабылдаған мән мен мағына алып бергізуге жұмыстанғандары орынды болмақ.

«Адай көтерілісі» кезінде басты-басты қарулы қақтығыс — соғыс болған жерлерде (Жылыой ауданындағы Иманқара қыратының терістік жағындағы «Мың үй Адай шабылған» жерге, немесе Маңғыстаудағы Қаратүлей, Қызыластау-Жезді жерлеріне және тағы да басқа жерлерге) бірнеше жүздеген адамдар ұрыс даласында ажал құшып шейіт болды, көбінің мүрдесі жерге де көмілген жоқ. Кеңес үкіметінің жазалаушы жасағының қаhарынан, НКВД мен ГПУ-дің елдің ішіндегі қанқұйлы жендет тыңшыларынан қорыққан халық шейіт болғандарды жерлемек түгілі, тіпті шейіт болғандардың ағайындарының өздері мүрденің маңайына жолауға жүректері дауаламады. Сөйтіп ел қамы үшін мерт болған Адайдың боздақтарының мүрделері ит-құсқа жем болды. Олардың сүйектері 1950-ші жылға дейін айдалада, арам өлген малдың өлімтігі сияқты әр жерде шашылып жатты. Мұны білетін адамдар ол жерлерді баспай, айналып өтуге тырысты.

Бейбіт өмір кешіп жатқан елдің мұңы мен мұқтажын тыңдап, келіссөз арқылы елдің толқулы бөлігін өркениет жолымен басудың орнына, халықты қанжоса қылып қырып тастаған кеңестік Қазақстан үкіметін басқарып отырғандар, «адайлар көмусіз қалды-ау», — деп өздерінің айуандық қылықтарынан ұялған кейіп танытқан жоқ.

Міне сондықтан, жоғарыда айтқан нағыз атаулы қанды қырғын соғыс болған жерлерге, әлеуметтік әділеттілік орнату үшін атқа қонып, қолына қару ұстаған атаұрпақ пен ағаұрпақтың қандары судай шашылыған, ашшы терлері төгілген киелі де қастерлі жерлердің бүгінгі ұрпақтың көзінің алдында елестеп тұруына, арлы ұрпақтың көкейіне құйып алып санасында сақтауына, сөйтіп әлеуметтік әділеттілік орнату жолында ары мен намыстарын жалау қылып қарулы көтеріліс майданында шейіт болған Адай ата ұрпақтарының рухтарына тағзым етіп жүрулері үшін және өздерінің болашағына қазақ халқының басынан өткен осындай кесапатты тарихтан тәлім болар сабақ алуы үшін бағыт сілтеген бағдаршамдай (маяктай) «мемориалдық Ескерту белгi» болсын деп арнайы түрде бағдар бағандар немесе бағдар мосыағаштар орнату керектігі өзінен-өзі сұранып тұр.

Бұл мемориалдық «Ескерту белгілерге» қан қызыл түске боялған темір тақта бекітіп, тақтаға дәнекер құю әдісімен қара түсті әріптерді ұстату арқылы: сол жердің аты, соғыстың болған күні мен жылы, құрбан болған адамдардың саны, халық жасағының қолбасшысының аты-жөні жазылса орынды болады.

Сол сияқты Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында, Қызылқоға ауданының Сағыз селосында, Маңғыстау облысының Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандарының орталық-тары — Бейнеу, Шетпе, Мангышлак, Құрық кенттері мен Форт Шевченко және Жаңа Өзен қалаларында ұрпақтар жадында мәңгілік естелік белгі қалдыру мақсатымен көшелерге «Адай көтерілісі» деген атау беріп, абаттандырылған алаңдар ашып және мемориалдық монумент-тер орнату керек. Бұларға кететін шығынның қаражатын халықтың өзі-ақ жинайды. Осы шараларға аудан әкімдері жетекші болмаса да, тілекші болса жарар еді. Ата-баба бәрімізге де ортақ қой.

Бүгінгі жер басып тірі жүрген Адай Атаның ұрпақтарының алдында, болатын мезгілін алдын ала анықтап алып, 1931-ші жылы өлімдері жоқтау айтылмай — жылаусыз өткен, адамзаттық құндары әлі күнге дейін тарихтан сұраусыз кеткен «Адай көтерілісінің» шейіт болған бірнеше мың құрбандарына арнап, 2011 жылғы қыркүйек айының ыңғайлы күнінің бірінде үлкен халықтық рухани-имани және танымдық шара — «Құрбандық АС» өткізіп, құран қатым шығарту міндеті тұр. Бұл, Ер мойнында қыл арқан шірімейді күйінде, бүгінгі «бәрін де өзі білгіш» ұрпақтың әлі мойнында ілініп жүрген перзенттік парызы. Азамат деген атақпен, заманында елдің қамын ойлап және сол жолда «ноқталы басқа бір өлім», — деп  шейіт болған ерлердің аманатын арқалап жүре беру бойында намысы мен ары бар тірі жан иелеріне үйлесе бермейтін қылық, ағайын. Сексен жыл өтіп кетті деп, енді оны кейінге қалдыра беруге болмайды.

Өмір шіркін, адамзат баласында өлшеулі. Қазір «Адай көтерілісін» білетін ұрпақтан, білмейтін ұрпақ жүзмың есе көп, себебі Қазақстан тарихы кітабына бұл оқиға әлі де болса дұрыс және толық жазылып, ресми түрде тарихи-әлеуметтік әділ бағасын алған жоқ. Бүгінгі жас ұрпақ кітапқа не жазылса соны ғана біледі. Олар, болған оқиға қисық немесе бұрмаланып жазылса да кітапта тұрған жазуды дұрыс деп ойлайды, оған жастар кінәлі емес, бұған дейінгі 80 жыл бойы жүргізіліп келген саясат кінәлі.

Мінекей осы олқылықтарды жоғарыда айтылған халықтық шараны өткізудің сабақты ісімен, қазіргі Аға буын саналатын біздер түсіндірмесек, ертеңгі күндерде «орындамасаң саған серт» деп кімге, қалай ғана базына қылып айта аласыз және сенім артып кімге тапсыра бере аласыз. Сөз қадірін білетін жан бұған иланып, тоқтам жасар деп дәметеміз. Керек десеңіздер мәселені қалың көпшіліктің талқылауына да салуға болады деп ойлаймыз.

Маңғыстау және Атырау аймағындағы елдің сөзін ұстаған ауызы дуалы Ел ағалары мен билік басындағы жөн мен жосықты білетін зерделі азаматтар және «Адай көтерілісіне» қатынасқандығы үшін 1931-32 жылдары қуғындауға ұшырап, зардап шекен, елден ауып көшуге мұқтаж болғандардың және сол кезде руы Адай болғаны үшін де қуғындалғандардың осы облыстарда тұратын бүгінгі ұрпақтары мен көпшілік адай әлеуметі бұл ұсыныстарымызды қолдап жатса осы атқарылар сауапты шараға басшылық жасауды қасиетті де киелі жердің — Маңғыстау облысының ардақтылары мен азаматтарына Ноқта ұстау жолын берсек, сонда ісіміз үйлесімді орайын тауып, нәтежиелі мәресіне жетер еді. Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдерінің жанындағы Ардагерлер кеңесінің талқылауына айтылған ұсыныстарды салуды өтінеміз. Ойға түйген жобамыз сәтімен басталған сауапты іске айналсын, ағайындар. Аллаh Та ала бәрімізге жар болғай. Иллаhи Әмин!

Келтір Шәненов — өлкетанушы, инженер-геолог, «Каспий нефть» АҚ-ның Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы