Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Амантай Кәкен. КСРО кезіндегі қақтығыстар

Дата: 20 февраля 2011 в 14:10 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Амантай Кәкен. КСРО кезіндегі қақтығыстар

Коммунистік империяның отаршылдық іс-әрекетін жою, мойындамау мақсатында ұйымдастырылған үлкенді-кішілі көтерілістер, наразылық акциялары, тіпті қантөгіске ұласқан қақтығыстар Кеңестер одағының көптеген аймақтарында талай рет болған.

Ал, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болса, бұрын бәріміздің ортақ отанымыз болған кең байтақ кеңес елінің түкпір-түкпірінде коммунистік жүйеге қарсы тұтанып, маздап жанған от-жалынның ұшқыны, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылғы күресінің заңды жалғасы. Бұл — тарихи шындық. Мұны мойындамау, онымен есептеспеу, жоққа шығаруға әрекет жасау әділеттілікке жатпайды. Төмендегі деректер соның айғағы болса керек.

Тбилисидегі толқын. Жеке адамға табыну жөніндегі Хрущевтің баяндамасынан кейін қолма-қол Грузияда ұлы Сталин «халық жауы» деп жарияланды деген лақап тарады. Бұған кінәлі есебінде аталғандар — Хрущев, Булганин және Микоян. Сонымен бірге Сталиннің қазасы ұлттық дәстүрге қарама-қайшы болуы себепті көп жоқтала қоймағаны грузиндердің есінде мықтап сақталған. Көсем дүйсенбі күні жерленді, бұл да грузиндік әдет-ғұрыпқа үйлеспейтін жағдай. 1955 жылдың науырыз айында республикада Сталинді жоқтауға арналған стихиялық түрде жиналған бірен-саран тобырлар бас қосқан. Билік бұған ол кезде пәлендей назар аудара қоймады. Ал бір жыл өткен соң бірінші хатшы Василий Мжаванадзе бастаған партия басшылығы болып бүкіл Грузия ашу шақырды, зығырданы қайнады.

1956 жылдың 4-наурызынан бастап, яғни Хрущев баяндамасынан кейін бір жұма өтпей жатып-ақ грузин жерінде толқу басталды. Аздап қызып алған бір сталинші сүйікті көсем ескерткішінің тұғырына шығып алып бір шөлмек шарапты асфальтқа ұрып сындырады да «Сталиннің жаулары осы бөтелке сияқты құрып кетсін!» деп айқай салады. Екі күн өткен соң грузин Орталық Комитеті КОКП ОК-нің жеке адамға табыну туралы құпия хатын оқиды. Сталинді еске алу кезінде мұндай құжатпен таныстыру асқан қорлық деп есептеп, халық көшеге шығады. Ең алдымен студенттер көтеріледі, ал 7 наурызда кешқұрым Тбилисидегі қарсылық акциясына қатысушылардың саны 70 мыңға жетеді.

9 наурызда наразылық нағыз көтеріліске ұласты. Көптеген мекемелер жұмысын тоқтатты — бәрі митингіге кетті. Хрущевті орнынан түсіріп, өкіметті ауыстыру талап етілді. Студенттер пошта мен телеграфты басып алуға кірісті. Сол күні кешке Мәскеуден келген КОКП ОК-нің хатшылары А. Аристов пен М. Суслов Закавказ әскери округінің қолбасшысы генерал И.Федюнинскийге көтерілісшілерге қарсы оқ атуды бұйырды. Түн ортасында Тбилисидегі байланыс үйінің жанында алғашқы қан төгілді. Қала ортасындағы Руставели даңғылында ашу кернеген қалың тобыр тролейбустар мен автобустардан баррикада жасай бас-тайды. Солдаттарды геспатовшылар, жауыздар деп, оларға тас, шөлмек лақтырып, темір шыбықтармен ұра бастайды. Кісі өлімі молайды. Арпалыс кезінде «орыстарды ұрыңдар!», «қанға -қан!» деп ұрандатқанымен бақайшағына дейін қаруланған әскерге пәлендей мықты қарсылық көрсете алмайды. Мұндай толқулар Грузияның түкпір-түкпіріне (Гори, Батуми, Сухуми т. т.) жайылып, жүздеген көтерілісшілер қаза тапты. Сосын жаппай қудалау, тұтқындау басталды.

Осы жантүршігерлік оқиғадан кейін грузиндер Одақтан бөлініп, тәуелсіз мемлекет орнату қажеттігін шындап ойлана бастайды. Олардың ішінде болған 17 жасар Звиад Гамсахурдия кейін КСРО құлаған соң Грузияның алғашқы президенті болған еді.

Месхеттік түріктер — босқындар. 1956 жылы месхеттік түріктерге олардың Отаны — Грузиядан басқа жердің бәріне көшіп-қонуға рұқсат етілді. 1968 жылғы жарлықта мұның себебі жер аударылған өңірге «сіңісіп кетуіне» байланысты деп түсіндірілді.

1961 жылдан бастап месхеттіктер қозғалысын халықты Отанына қайтарумен айналысатын Уақытша ұйымдастыру комитеті басқарды. Комитет заң мен кеңес өкіметіне өзінің құрметпен қарайтындығын талай мәлімдесе де оның үш жетекшісі бірнеше жылға сотталып, қамауға алынды.

1968 жылы месхеттік түріктер еліне оралуды талап етіп, Тбилисиде 7 мың адам қатысқан митингі өткізді. Грузия компартиясының басшысы В. Мжаванадзе жылына жүз түрік семьясын қабылдаймыз деді. Бірақ уәде орындалмады.

«Қайта құру» кезеңінде олардың жағдайы тіпті қиындады. Сол жылдары Өзбекстанда жергілікті билік месхеттік түріктердің басына әңгір-таяқ орнатып, ақыры олар босқынға айналып, қаңғырып кетті.

Қырым татарларының қозғалысы. 1956 жылдан бастап қырымдық татарлар еліне қайтуға рұқсат сұрап билікке ұжымдық хаттар түсіре бастады. Бұған бес мыңдай адам қол қойды. 1966 жылы жазылған бір құжатты барлық татар халқы — 130 мың адам қолдаған. Алайда, шағымға жауап берілмеді.

Кейін наразылық басқа түрге ауысты — көп адам қатысқан митингілер мен шерулер өткізілді. Мәселен, Өзбекстанда Қырым автономиялық республикасының құрылғанына 45 жыл толуына орай болып өткен толқулар (1966) қатыгездікпен басып-жаншылды. Солай бола тұрса да, 1967 жылы жарлық шығып, билік қырым татарларына бұрын орынсыз жабылған «отанын сатты» деген жаланы алып тастады, алайда жаңа жерлерде «сіңісіп кетуіне» байланысты атақонысқа оралуға тиым салынды. Бірақ олар рұқсатты тоспай-ақ Қырымға келіп, бос жерлерге шатыр қалашығын жасап, тұрақтана бастайды. Билік ондай баспананы бульдозермен сырып тастайды. Тіпті татарлар сатып алған үйлерін де қиратты. 1978 жылы осындай бір сойқаннан кейін Мұса Мамұт деген қырым татары наразылық есебінде өзін-өзі өртеп жіберген. «Бульдозер майданы» 1990 жылдарға дейін созылды.

Қызыл алаңдағы шеру. 1968 жылдың 25 тамызында күндізгі сағат 12-де Мәскеудің дәл төрінде қарсылық акциясы өтті. Кеңес өкіметінің Чехословакияға әскер енгізуіне наразылық білдірген жеті адам қолдарына «Сіз бен біздің бостандығымыз үшін!», «Тарт қолыңды ЧСКР-дан!», «Басқыншылар жойылсын!», «Азат және тәуелсіз Чехословакия үшін!» деген ұрандар ұстап, Қызыл алаңға шықты. Қарапайым киінген күштік құрылым қызметкерлері наразылық білдірушілерді төмпештеп ұра бастайды, қолма-қол бәрін тұтқындайды. Екі айдан соң бесеуіне сот болады. В.Дремлюга үш жылға, В.Делона екі жылға, қалғандары (Л.Богораз, П.Литвинов, К.Бабицкий) әртүрлі мерзімге — үш жылдан бес жылға дейінгі аралық мерзімге сотталады. В.Файнберг Қызыл алаңдағы соққыдан алдыңғы төрт тісі сынғандықтан оны сотқа әкелмей, Н.Горбановскаямен бірге жындыханаға қамайды.

Литвадағы ұлттық күрес. Балтық жағалауындағы республикаларда, әсіресе Литвада, мұндай жағдай бұқаралық сипат алды. Кеңес билігі тәуелсіздік үшін күрескен партизандардың — «орман ағайындарының» — соңғы отрядын 1956 жылы ғана жойып тынды. Ал 70-жылдардың басында ұлттық қозғалыстың жаңа толқыны басталғанда қарулы күрес кезеңі жұрттың әлі есінде болатын.

1972 жылдың мамыр айында Каунас қаласының дәл ортасындағы саябақта Ромас Каланта деген жас жігіт өзін өзі өртейді. Ол мұндай қадамға «кеңес әскерлерінің Литваны басып алуына қарсылық» көрсету үшін барған. Оны жерлеу (18 мамыр) үлкен манифестацияға ұласып, мыңдаған адамдар көшеде «Литва!», «Азаттық!» деген плакаттар мен ту көтеріп шеруге шыққан.

Милиция қалың топты қуып, таратуға кіріседі. Тәртіп сақшыларына тас атып, бір милиционер жарақаттанады. Шеру келесі күні жалғасады, билік төрт жүздей адамды тұтқындайды, оның 8-і сотталып, түрмеге қамалады. Осыдан кейін жыл сайын мамыр айында Р.Калантаның қаза тапқан жеріне гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған.

Вильнюсте 1975 және 1977 жылдары футбол ойындарынан кейін көпшілік қатысқан митингілер өтеді. 1977 жылғы 7 қазанда «брежневтік» ата заң қабылданған күні, мыңға жуық адам «Басқыншылардың Конституциясы жойылсын!» «Литваға бостандық берілсін!», «Орыстар, тайып тұрыңдар!» деп қатты дауыстап, көше-көшелерді аралайды. Үш күннен соң шеру тағы қайталанады.

КСРО-ға үкім шығарған офицер. 1975 жылдың 8 қарашасында Рига портында тұрған Қызылтулы Балтық флотының сүңгуір қайыққа қарсы пайдаланылатын «Сторожевой» деген әскери су кемесінде көтеріліс болған. Мұны М. В.Фрунзе атындағы жоғары әскери-теңіз училищесін, В. И.Ленин атындағы Әскери-саяси академияны тәмамдаған, талай жыл әскери қызмет атқарған тәжірибелі теңізші, әскери су кемесінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары үшінші рангалы капитан Валерий Саблин басқарған. Ұжымды жинап (200 адам) оның алдында сөз сөйлеген. Ол коммунистік идеалдың кеңес елінде ұмыт қалғанын тілге тиек етеді. Осыған байланысты қоғам және КСРО басшылығы алдында өз пікірін ортаға салғысы келеді. Халық есебінен өзі және өзінің жақындары үшін «өмірдің өскелең қажеттігін» өтеп жүрген партия-мемлекет басшыларының тойымсыздығын сынайды. Мемлекеттік қызметкерлердің біліксіздігін, үкіметтің өрескел сәтсіз қадамдарын, биліктегі жемқорлықты, шамадан тыс шенге бас ұрушылар (чинопочитание) оның ашуын шақырған. Валерий Саблин елде көппартиялылықтың болуын, сөз бостандығы мен пікір алысудың еркіндігін, партия мен ел ішіндегі сайлау жүйесін өзгертуді қалаған. Әскерилер арасындағы офицер абыройы деген қасиетті ұғымның құнсызданып бара жатқанына күйінген.

Осындай жалынды сөз сөйлеген ол әскери су кемесіндегі матростар мен старшиналарды аз уақытта өз жағына шығарып алды. Кейбір офицерлер мен мичмандар қолдамағандықтан көтерілісшілер оларды тұтқындайды. Радио мен теледидар арқылы сөйлеуге мүмкіндік беруді талап етіп В.Саблин үкіметке жеделхат жібереді. Түнде кеме теңізге шығып, Ленинградқа бет алады.

«Сторожевойды» қуғындап, оның соңына соғыс кемелері мен әскери ұшақтар түсті. Бас қолбасшы Л.Брежнев қажет болса бүлікшілердің кемесін суға батырып жіберуге рұқсат берді. Алайда, мұның қажеті бола қоймады. Теңіз кемесі әуелі атқыланды, сосын басып алынды. Саблин осы ұрыста тапанша оғынан жарақат алады. Александр Шеин деген матроспен екеуінің ісі сотқа тапсырылады. Отанын сатты деп табылған В.Саблин ату жазасына кесіледі, ал А.Шеин — сегіз жылға бас бостандығынан айырылады.

1976 жылдың 3 тамызында үкім орындалады: 37-жасар Валерий Саблин атылған.

Бірде американдық журналистер АҚШ-тың қорғаныс министрі, ал оның алдында Орталық Барлау Басқармасының (ЦРУ) директоры болған Роберт Гейтске сұрақ қойып, КСРО-ның құлдырау кезеңі қашан басталғаны туралы пікірін сұрайды. Ол «1975 жылғы кеңестік әскери теңізшілердің көтерілісінен кейін» деп жауап берген.

Грузиядағы ұлттық қозғалыстар әсіресе 70-жылдардың соңғы кезеңінде кең қанат жайды. Сол уақытта билік Мәскеудің нұсқауымен жаңа Конституцияның (брежневтік) жобасында бұрынғы мемлекеттік тіл — грузин тілі деген жазу түсіп қалады. Бұл грузин халқы үшін күтпеген оқиға. Өйткені Ресейге экономикалық және саяси жағынан толық кіріптар болса да, жүздеген жылдар шет елдік басқыншылар мен отарлық езгіге мойынұсынбай ұлттық мақтанышы мен этникалық өзегін сақтаудың символына айналған тәуелсіздіктің бірден-бір қаруы грузин тілі еді. Қай заманда болсын рухани отаршылдық ықпалмен грузин тілінің күресе білгені соншалық, төменгі сыныптың мектеп оқушысы XII ғасырдың ұлы ақыны Шота Руставелидің шығармаларын түпнұсқасынан оқи алатын. Сондықтан да грузин ағайындар ұлттық құндылықты аяққа таптап, оның орнына орыс тілін мемлекеттік тіл етуді өздеріне қорлық деп санады. Осындай себептерге байланысты 1978 жылдың 14 сәуірінде Тбилисидегі партияның Орталық Комитеті ғимараты алдындағы алаңда он мың адам қатысқан (көбі жас жігіттер мен қыздар, студенттер) үлкен манифестация өткізеді. Балконға шыққан Шеварднадзе: «Дети мои, что вы делаете?» десе жастар шулап: «Мы не твои дети! Поезжай в Москву, там у тебя и дети, и родители!» депті. Сосын Грузияның Жоғарғы Кеңесі Кремльдің жасырын нұсқауына қарамай-ақ мәселені дұрыс шешіпті. Ал депутаттар болса мұны 15 минуттық ду қолшапалақтаумен қарсы алған. Шеруге қатысушылар бұл жақсылық хабарды естіп, зор қуанышқа бөленген, масайрап, бойларын шаттық кернеп, тыныштық сақтап, бейбіт жолмен үйді-үйлеріне тараған.

Сөйтіп, Грузия орыс тілінің озбырлығына қарсы күрестің алдыңғы қатарында тұрды. Бұлардан кейін көшеге шыққан көршілері армяндар мен әзірбайжандар да өздерінің ана тілі конституциялық тұрғыда республиканың мемлекеттік тілдері етеміз деген мақсатына жетті. Күрес екі бағытта жүрді: 1) империя үшін және оған қарсы; 2) ұлттық тәуелсіздік үшін немесе оны біржолата жоғалту үшін. Мұны 70-жылдардың соңында кавказдық республикаларда орын алған тіл үшін болған тарихи күреске қатысқан екі жақ та жақсы түсінген еді.

Маусым мен Желтоқсан

60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында әкімшіл-әміршіл жүйе күшейіп, қоғамдық өмірдің барлық саласы орталық комитетке толық байланды. Партия-кеңес басшыларының пролетариат атынан жүргізген үстемшілдігі еңбек адамын меншік пен биліктен ажыратып, зорлық пен зомбылық, заңсыздық әрекет жасауға итермелейді.

Мәселен, Теміртаудағы жағдайды алайық. Бүлік неден басталды? Шілде айының соңғы күнінде кешқұрым шаршап-шалдығып келген шатырлы қалашықта тұратын біраз жұмысшылар тамақ ішеміз десе маңайдағы асханалардың бәрі жабылып қалған. Дүңгіршіктер істемейді. Тым құрығанда су ішейік десе «сендерге осы да жарайды» дегендей, шалшық көлден әкелген бөшкедегі лай судан басқа ештеңе жоқ. Бұған ыза болған жігіттер бөшкені сындырып, асханаларды қиратуға кіріседі. Милиция келіп, екеуін алып кетеді. Ертеңінде жұмысшылар жиналып, ұсталғандарды босатыңдар деп милиция ғимаратын талқандайды, дүкендер мен дүңгіршіктерді бұзады, ойрандайды. Қолға түскендерді ұрып-соға бастайды.

Жұмысшылардың өндірістегі, әсіресе әлеуметтік-тұрмыстық төзгісіз жағдайға байланысты жасаған тәртіпсіздігін басып-жаншу нәтижесінде Қарағанды металлургия зауыты құрылысшыларынан қаншама адам оққа ұшты десеңізші! Бейбіт күндерде әскер күші қолданылып, мылтық атылды, адам өліміне жол берілді. Солтүстік Кавказдан әдейі әкелінген Дзержинский атындағы дивизия жауынгерлері зауыт жұмысшыларын оққа ұшырды.

Бұл оқиға туралы Елбасы Н. Назарбаев былай дейді: «Оның қанша адамды қырғанын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Кісі өлімі өте көп болды, оның ішінде талай адам сотталды, атылды. Новочеркасскідегі болған оқиғаны жаңа-жаңа айтып жүр ғой. Сондықтан тоталитарлық жүйенің ол кездегі адамдарға түсірген зардабы өте көп болды. Ол кездегі көп мәселені біз білмейміз. Тек қана қарсы шықсаң, күшпен жаншып, күшпен құрту болды» («Егемен Қазақстан», 5.07.1997).

Алматы. Жадыраған жаз күні. 1962 жылдың 1 маусымы. КазГУ-де жиналыс. Бүгіннен бастап ет, сүт, жұмыртқа өнімдерінің бағасын мемлекет 25-30 пайыздай көтереді екен. Қиындық көре қоймаймыз. Айталық, бір бәліш небәрі пәлен тиын, бір стақан сүт те аз ғана қымбаттайды. Және мұның өзі уақытша шара. Түк емес. Үкімет шешімін қолдаймыз, қоштаймыз. Университеттің комсомол комитеті алдын ала дайындап, «сен сөйлейсің» деген жастар мінбеге шығып, осылай деді. Шынын айтсам, көп жиналыстың бірі ғой деп сол кезде бұған мән бере қоймадым.

Кейін білсек, үкіметтің бұл шешіміне қарсы шыққандар болыпты. Айталық, осының алдында ғана жасалған өнімге төленетін жұмыс ақысының үштен бірін қысқартқан Новочеркасскінің электровоз жасайтын үлкен зауытының ұжымына бұл шара ауыр соққан. Зауыт жұмысшылары директор Б. Курочкинді қоршап алып, енді қалай күн көреміз деп сұрайды. Кәсіпорын жетекшісі болса тұрпайы түрде «ет пен колбасаға ақшаң жетпесе ливерный колбаса жейсің» дейді. Бастықтың жауабы цех цехқа тез тарайды, жұрт қатты ашуланады. «Иә, мұнымен қоймай тағы бізді қорлайды. Оңбағандар!» деп жұмысшылар шеруге шығады.

Көшеде аяқ астынан өткен митингіде Ростов обкомының бірінші хатшысы тобырды тыныштандырғысы келіп, панасыз жастық шағын айтады, балалар үйінде тәрбиеленгенін сөз етеді, бірақ көпшілік оны тыңдамайды.

Келесі күні мыңдаған адам Лениннің суретін, қызыл туды ұстап, «Интернационалды» шырқап, горком ғимаратына барады. «Ет пен май керек!», «Бізге баспана керек!», «Хрущевті етке жіберіңдер!» деген плакаттар ұстайды. Осы кезде қалаға әскер кіреді. Кеше митингіде белсенділік көрсеткендер ұсталып, қамала бастайды. Көтерілісті басу мақсатымен ОК-нің Президиум мүшелері Анастас Микоян мен Фрол Козлов қалаға жасырын түрде жетеді.

Бүлікшілер келесі күні қалалық партия комитетінің ғимаратын басып алады. Зауыт шығарған өнім құны қайта қаралғанша, ет пен сүттің бағасы төмендетілгенше көпшілікті жұмысқа шықпауға шақырады. Тұтқынға алынғандарды босатып, қалаға ОК Президиум мүшелерінің келуін талап етеді. Сол уақытта қалаға танкілер еніп, бейбіт шерушілерге оқ ата бастайды. Нәтижесінде 24 адам өліп, 30 адам жарақат алады. Сотқа тартылған 14 адамның 7-уі өлім жазасына кесіліп, атылады. Барлығы 105 адам әртүрлі жауапқа тартылады.

Новочеркасскідегі оқиға жалғыз емес еді. Ет пен сүт бағасының қымбаттауына байланысты наразылықтар Донецк, Кемерево, Иваново қалаларында және басқа елді мекендерде болып өткен.

1967 жылғы маусымның 13-і мен 15-жұлдызы арасында Шымкент қаласында болған оқшау оқиға Кремль басшыларын дүр сілкіндірді. Соңы үлкен қайғы-қасіретке ұласқан мүлдем сирек ұшырататын құбылыс болғандықтан ол құпия болып есептелді, хабар-ошарды ешкім білмеді. Мәселен, бұл туралы ақпарды алғаш рет Москвада оқып жүргенде, 70-жылдардың басында, Н. Адамов деген заңгер доценттің лекциясынан естідім. Ол болған жағдайды егжей-тегжей талдап, себеп-салдарын, қалай өрістегенін анықтап, оны тоқтату үшін қандай шаралар қолданылғанын және бұдан қандай қорытынды шығаруымыз керек екенін зерттеп, сараптап кандидаттық диссертация қорғапты.

Тереңірек үңілсеңіз, бәрі қарапайым сияқты: аяқ астынан, ойламаған жерден өріс алған. Василий Остроухов деген 29 жасар жігітті түнгі сағат бір шамасында көшеде удай мас болып жатқан жерінен милиция жасағы медициналық айықтырғышқа жеткізген. Таңертең сағат 6 кезінде кезекті бір тексеріс жүргізгенде жансыз, өлі денесінің үстінен шыққан.

Мәйітті ашқан облыстық сот-дәрігерлік сарапшы В. Нестеров ажал гипертония сырқатына қатты мастық қосылып, миға қан құйылуы мүмкін деген қорытынды жасайды. Мұны Алматыдан жедел шақыртылып, қайта экспертиза жасаған профессор Сидоров та қостайды. Бірақ, кейін анықталғандай, Остроухов милиция жасағының қолына түспестен бұрын біреулермен төбелесіп таяқ жеген. Осыған байланысты өмірге қатер төнерлік болмаса да, денесінен көгеріңкі белгілер табылуы оқиғаға май құя түседі.

Мәйіттің туыстары, автопарк қызметшілері «сендер оны ұрып өлтірдіңдер, Мәскеуден маман шақырыңдар» деп табандап тұрып алады. Ел-жұрт құлақтанып, милицияны қарғап-сілеп, наразылық білдірушілер саны көбейеді. Автопарк ұжымы «ұйымшылдық» көрсетіп, қаладағы көлік қатынасын тоқтатады. Ақыры тобыр молайып, ішкі істер бөлімін қоршайды, ғимаратын қиратады, өртейді. Автотұрақтағы көлік от-жалынға оранады. Милиция қызметкерлерін ұрып-соғып, бас-көз демей төмпештейді. Тергеу изоляторына барып, ондағыларды қырып-жойып, қақтығыс кезінде түрменің біраз қызметшілері жарақат алады.

Көтерілісшілерді басу үшін әскер күші пайдаланылған. Нәтижесінде тәртіпті сақтау органдарының 20 қызметкері, 2 жауынгер, 3 партия-кеңес шенеунігі әртүрлі дәрежеде жарақат алады. Тәртіп бұзушылардың 50-і оқтан жараланып, 7-уі қаза табады. 34 адам қылмыстық жауапқа тартылады, 3-уі ату жазасына кесіледі. Лауазымды үлкенді-кішілі біраз адам қызметтен қуылады.

14-маусым күні Мәскеуден КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ОК хатшысы Андрей Павлович Кириленко мен КСРО Ішкі істер министрі генерал Николай Анисимович Щелоков, Алматыдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев бастаған топ Шымкентке ұшып келеді. Шұғыл түрде арнаулы комиссия құрылып, төтенше оқиғаның жай-жапсары сараптала бастайды.

* * *

Тамақ іше алмайсың — асханалар жабық, тіпті таза ауыз суы да жоқ. Жалақы азайды, ет, сүт қымбаттады, қалай күн көреміз десе, бастық: «ақшаң жетпесе, ливерный колбаса жейсің» деп әкіреңдейді. Удай мас күйінде медициналық сауықтырғышқа түсіп, сосын қайтыс болған адамға ресми түрде екі рет жасалған сот-дәрігерлік сараптаманың қорытындысына мәйіттің туыстары сенбейді, «милиция өлтірді» дейді.

Теміртау (1959), Новочеркасскі (1962), Шымкент (1967) қалаларындағы соңы қызыл қырғынға ұласқан қарсылық акцияларына түрткі болған ұшқын осы. Жалын шашқан шоқ лаулаған өртке ұласты. Өйткені бұл бір күнде бола қойған тірлік емес. Әуелде мән берілмеген, бірте-бірте үйіліп, ұзақ уақыт жиналған, қордаланған, шоғырланған ыза-кек.

Бір сәт ойлап көріңізші. Мәселен, Шымкент жүргізушілері милицияға неге сонша өшікті? Тап жауының мекеніне шабуыл жасағандай ғимараттарын қиратады, өртейді. Қолына түскен қызыл жағалыларды дұшпанындай көріп тепкілейді, ұрады. Неге? Себебі, сол кезде милиция қызметкерлерінің арасында қыз зорлау, қылмыскерлермен ауыз жаласу, қызмет бабын теріс пайдалану сияқты фактілер кең орын алған. Соңғы екі жылда (1965-1966) 185 қауіпті қылмыс ашылмаған. 1966 жылы облыста қоғамдық тәртіпті сақтау органдарындағы 1328 қызметкердің 222-сі әртүрлі тәртіп бұзғаны үшін жазаланған, 7-уі қылмыстық жауапқа тартылған. Бұл — ресми деректер. Ал есепке кірмеген, тіркелмеген дүние қанша екенін бір Құдай біледі! Демек, милицияның көбі тәртіп сақтаумен күресудің орнына қылмыс жасауға жақын тұрған. Мұны ел-жұрт естімеді, сезбеді дейсің бе? Соңы осындай қайғы-қасіретке ұшыраған оқиғаның орын алуы да сондықтан болса керек.

Қалай болған күнде де жоғарыда атап өтілген төтенше оқиғалардың орын алуына әлеуметтік жағдайдың шиеленісіп, тұрмыстық хал-ахуалдың нашарлауы себеп болып, нарзылық білдірушілердің алға қойған мақсаттары негізінен сол мәселелерді реттеуге бағытталғаны шындық. Мұнда грузиндер (1956, 1978), месхеттік түріктер (1961, 1968), қырым татарлары (1956, 1966, 1978) бастаған шеру, Қызыл алаңдағы демонстрация (1968), Литвадағы ұлттық күрес (1972, 1975, 1977), теңізші әскерлердің бүлігі (1975) сияқты партия мен үкіметтің бағыт-бағдарына томпақ келетін саяси мәселелер көтерілген жоқ. Ал Қазақстанда келсек, Сталин өлгеннен кейінгі жылдары Кремльдің саяси шешіміне ашық түрде қарсылық көрсету тек Целиноградтағы Маусым (1979) және Алматыдағы Желтоқсан (1986) оқиғаларымен байланысты екенін атап өткен жөн.

Мұндай пікірдің жақтастары аз емес. Айталық, 1987 жылдың сәуір айында өткен Целиноград облыстық партия комитетінің VI пленумында Целиноград қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Осипенко: «Алматыдағы желтоқсан оқиғасы кейбір үлкен жолдастар балалардың зиянсыз тентектігі сияқты етіп көрсеткісі келетіндей жағдай емес. Алғашқы сәтсіз қоңырау Целиноградта сонау 1979 жылы соғылған еді. Бірақ оған баға берілмеді, қорытынды жасалмады», — деп қынжылады.

Сол жылы қазан айында өткен Целиноград қалалық партия комитетінің кезекті пленумы еңбекшілердің интернационалдық және патриоттық тәрбиесін күшейту туралы мәселе қарады. Сонда партия комитеті хатшысының баяндамасында былай делінді: «1979 жылы болған ұлтшылдық көріністің (!) және тағы да өткенді қайталауға әрекет жасалуы неліктен?

...Оқу орындарына мақсатты түрде қабылдау кей жағдайда негізгі (базалық) білімге залал келтірді, қисынсыз жеңілдік жасалды. Естеріңізде болса, 1979 жылғы көтерілісті ұйымдастырған және оған қатысқан негізінен студенттер болды. Ал 1986 жылы да солардың қатарында көпшілігі педагогикалық, ауыл шаруашылық, инженер-құрылыс институттарының студенттері мен автомобиль көлігі техникумы, механикалық-технологиялық техникумның оқушылары болды». Демек, қалалық партия комитетінің хатшысы В.Осипенко арнаулы оқу орындарына қазақ мектебін бітіргендер жеңілдікпен қабылданып жатыр, ал мұның өзі оқудың сапасын төмендетуге әсер етеді, сонымен бірге олар қоғамдық-саяси ахуалды (1979 ж., 1986 ж.) бүлдіріп жүр деген ойды бықсытып, жұрттың назарын осы «кемшілікпен» күресуге аударғысы келді.

КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулы қабылдап (1.07.1987), былай деп атап көрсетті: «Республика партия комитеттерінің жұмысындағы елеулі кемшіліктер мен ағаттықтар ұлтшылдық көріністерінің өсуіне апарып соқтырды, оларға дер кезінде тиым салынбады, ол былай тұрсын, жасырылды немесе әншейін бұзақылық деп саналды. Тіпті 1979 жылы Целиноград қаласында орын алған ұлтшылдық бой көрсетулерге Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті өткір саяси баға бермеді. Өткен жылғы декабрьде Алматы қаласында болған тәртіпсіздіктер де қазақ ұлтшылдығының көрінісі болды» («Социалистік Қазақстан», 16.07.1987).

Осы қаулыны жүзеге асыру үшін Целиноград облыстық партия ұйымдарының алдында қандай міндеттер тұр? Міне, осындай күн тәртібін 1988 жылдың 2 сәуірінде облыстық партия комитетінің IX пленумы талқыға салды. Осыған орай неміс автономиясы туралы обкомның бірінші хатшысы Андрей Браунның екіұшты пікірін қазақшаламай-ақ сол қалпында келтіргіміз келеді. Тыңдап көріңіз.

«...Не было дано принципиальной, партийной оценки ...националистическим выступлениям в городе Целинограде в 1979 году, которые оказались предвестником более серьезных событий 1986 года в г. Алма-Ате.

...Действительно, по поводу событий 1979 года много говорят. До сих пор задают вопрос: будет ли дана правильная оценка этим событиям? Вот и сегодня на заседании первой секции мы об этом говорили.

Во-первых, как вы понимаете, это был, конечно, результат недальневидного и угоднического подхода бывшего республиканского руководства. Потому что, согласившись в Центральном Комитете КПСС на создание автономной области, они здесь не провели соответствующей работы для того, чтобы получить поддержку населения. Хуже того, как это теперь известно, здесь были спровоцированы выступления против принятого решения. Жертвой провакции стала в основном молодежь коренной национальности».

Сонда А.Браунның сөзінен ұққанымыз: «келешекті болжай алмай жарамсақтануға бой ұрған бұрынғы республика басшыларының» кесірінен неміс автономиясы құрылмай қалған. Олай болса, бірінші хатшы кімді сынап отыр? Әрине, Қонаевты. Сол кезде қызметтен кеткен зейнеткер Қонаевты. Ал Димекең не деп еді? Бұған немістер қарсы болды, оның ішінде Браунды атап, «толковый и знающий человек» деді. Кейін өзінің естелік кітабында А.Браун автономияға қарсы болғанын Мәскеу өкіліне — Ф.Бобковқа айтқанын мойындады емес пе? Сонда хатшының мына сөзін қалай түсінуге болады? Браунның осындай қарама-қайшы пікірі мен тәртібін ұғу қиын. Екіншіден, ол аты-жөнін айтпаса да Димекеңе не себепті тас лақтырып тұрғаны және беймәлім. Ал обком хатшысы біле білсе Қонаев оған әкесі жасамаған жақсылықты істеп, үнемі биліктің ұшар басында ұстады емес пе? Браун арандату акциялары ұйымдастырылды дейді. Олай болса, нақты дерек қайда, неге келтірілмейді?

Пленумдегі сөзін бұдан соң А.Браун былай жалғастырады: «Во-вторых, посмотрим на эту проблему с другой стороны. Почему казахский народ должен был отдать эту землю, на которой он жил испокон веков? Их кто-то спросил? Нет. Нужна ли немцам та территория и автономия в пределах Казахстана? Их кто-то спросил? Нет. А суть-то ведь в этом как раз и заключается. Почему вдруг в Ерейментау где с давних времен жили казахи, теперь надо создавать немецкую республику? Так ведь? Так. Если бы тогда объяснили людям, если бы мы дали правильные оценки, где мы виноваты были и т. д., все было бы понятно. А если мы не договариваем, умалчиваем, не говорим: как это надо, тогда, конечно, взникают всякие кривотолки. В этом смысле события 1979 года должны стать для нас серьезным уроком.

Мы убеждаемся, что если там, где пытаемся сделать какую-нибудь глупость, обязательно натыкаемся на непонимание, а то и противодействие. Поэтому, если рассматривать события 1979 года с этих позиций, то они были естественной реакцией людей на необдуманные действия руководителей.

Но если рассматривать эти события с точки зрения их организации, направленности лозунгов, то они были националистическими проявлениями в полном смысле. Так, наверное? Так. Вот и будем неоднозначно оценивать их, с учетом всех точек зрения».

Сөйтіп, Мәскеу шешіміне сәйкес қалалық және облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары В. Осипенко мен А. Браун 1979 жылғы қазақ жұртшылығының неміс автономиясына қарсы бас көтеруін ресми түрде ұлтшылдық деп бағалайды және оның кейінгі Желтоқсан көтерілісіне ықпалы болды деген ойды ортаға салады.

Кезінде белгілі тарихшы ғалым академик Манаш Қозыбаев та осы мәселені зерттеген. Ол былай деп жазды: «...желтоқсанның 16-сынан 17-сіне қараған түні Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, сол күні түні қаланың алты оқу орындарының және С.М.Киров атындағы заводының 8 жатақханасында театр көркемөнер институтының 12 студенті «арандатуға бағытталған іріткі салу жұмысын жүргізді». Олар жастарды шеру (манифестация) жасауға көндірді, арандатуға бағытталған ұрандар мен плакаттар даярлап, көшеге алып шықты». Ол бір түнде болған қимыл-әрекет 1979 жылы маусымда Ақмолада (Целиноградта) неміс автономиясына қарсы өткен акцияны көз алдыңа әкеледі...

Желтоқсанның 16-сынан 17-не қараған түні толқу Ақмоладағы сияқты студент, жұмысшы жастардың жатақханаларында басталды. Ақмолада түнде жазылған транспаранттармен Алматыда сол түнгі жазылған транспаранттар үндес, тіпті кейбірі сол күйінде қайталанады. Желтоқсанның 17-күні таңертең Алаңға толқын-толқынымен жиналу әдісі де Ақмола оқиғасымен үндесті. Қалай болғанда да сол бір түнгі процестің басталу, өрбу динамикасын қалпына келтіру Желтоқсан тарихының ең бір қиын сәті екендігін мойындау керек» (Егемен Қазақстан», 5.12.1966).

Желтоқсан ел тәуелсіздігі жолындағы күрес тарихына алтын әріппен жазылады, оған ешкім күмән келтіре алмайды. Керісінше, кейбір тұстары әлі бүркемеленіп келеді, оның қыры мен сырын ашық айтуға қарсы топтар әлі бар. Ол, әрине, бөлек әңгіме.

Оны айтасыз, Желтоқсанды ғылыми тұрғыдан зерттеу, оған ресми баға беру, өкінішке қарай, кешеуілдеп келеді. Бірақ қалай десек те, Желтоқсан туралы кітаптар шықты, теледидар хабарлары бар, жүйелі түрде болмаса да БАҚ оған көңіл аударып жүр. Ұйымдастыру жағына көңіл толмаса да кезінде бұған 10 жыл, 15 жыл, 20 жыл болды деп жұрттың есіне салынып жатты. Билік оған пәлендей ықылас көрсетпесе де қоғамдық ұйымдар тарапынан осындай шаралар өткізуге ықылас білдіріліп жүр.

Алайда, 1979 жылдың маусымы жөнінде мұны айтуға болмайды. Кеңес басшылығын төрт күн бойы дүрліктірген осынау оқиғаның неліктен ескерусіз қалып келе жатқандығы түсініксіз. Шындығына келсек, Маусым қозғалысы болмаса Желтоқсан оқиғасы өмірге келер ме еді? Бұлардың бір-біріне тікелей қатысы жоқ десек те мазмұны, Мәскеу алдына қойған ұсыныс-талаптары жөнінде ұқсастық бар ма? Маусым шеруі тәуелсіздік жолындағы күреске серпін берді ме, бермеді ме? Меніңше, осы сұрақтарды саралап, зерттеу қажет емес деп ешкім айта қоймас.

Желтоқсан шеруі тек Колбиннің жеке басына кеп тірелген жоқ. Ол — пәленбай жылдан қордаланған ашу-ыза, ар-намыстың буырқанып сыртқа тебуі. Жастарға қозғаушы күш болған да солар. Яғни Мәскеу осылай билеп-төстей бере ме, ел, жұрт барын көзге ілмей, ақылдаспай бізді осылай басына бере ме деген сұраққа жауап іздеді. Ал отаршыл Кремль түсінгісі келмеді, қайта олардың сағын сындырып, басқаларға сабақ болуы үшін әскер күшін қолданды.

Ал Маусымдағы көтеріліс ше? Мұнда да қазақтар ел намысын қорғады емес пе? Ата-бабамыз найзаның ұшымен қорғап, қанын төккен қасиетті жер неге бөл-шектенуі тиіс? Бұл не басынғандық? Мәскеу қашанғы «айттым — бітті!» дей береді. Шеру мазмұнының негізгі лейтмотиві де осы. Яғни Желтоқсан да, оның алдында өткен Маусым бүлігі де орталықтың отаршыл саясатына сенімсіздік көрсетіп, көп жылдар жиылып-терілген іштей наразылыққа жария сипат берді, оны ұжымдық қозғалысқа, қарсылық акциясына ұластырды. Бұл — олардың басты сабақтастығы, ұқсастығы.

Айырмашылығы — Желтоқсанда тоталитарлық жүйе білек күшін көрсетті. Бейбіт шеруге шыққан жасөспірім қыз-жігіттерге бақайшағына дейін қаруланған әскер жұмсады, ұрды-соқты, итке талатты, кейбіреулерін өлтірді. Ал Маусым оқиғасында Қонаев өзінің бар беделін салып, мұндай жөнсіздікке жол бермеді.

Неміс автономиясы құрылуына үзілді-кесілді қарсылық көрсеткен шерудің мән-маңызы туралы белгілі журналист, саясаттанушы Ермек Зәңгіров «Түркістан» газетінде (20-26.08.1997) былай деп жазды: «Целиноград (1979) оқиғасы жастардың сана-сезімінің өскендігін, ақыл-ой, азаматтық көзқарасының кемелдігін көрсетті. Жаңашыл көзқарастардың ашық трибунасына айналып, бұл оқиға орталықтың парықсыз шешіміне деген қарсылық көрсетудің алғашқы беташары еді.

...Сөйтіп, коммунистік қоғамда аты аталып, заты жоқ болып келген демократияның алғашқы қадамы сәтті болды. Партия қай уақытта да жеңілісті мойындамаған. Сондықтан да болар, бұл турасында бұқаралық ақпарат құралдарында ештеңе жазылмады, партия жиналыстарында айтылмады, оқиғаға саяси баға берілмеді».

Билік шешіміне қарсылық көрсеткен осынау оқиғаны Мәскеу неге жасырды? Жұртшылықтың ұлттық, патриоттық сезімін оятудан қорықты. Қазақ жастарының үлгісі басқа одақтас республикаларда ұлттық, отаншылдық ұғымын шынықтыра түседі деп күдіктенді. Өйткені бұл оқиға бұрынғы ата-бабаларымыздың күресімен сабақтас, халқымыздың тәуелсіздік, бостандық жолындағы ұмтылысының жалғасы, бір кезеңі. Сол уақытта халық Саяси бюроның қаулысына қарсы шығып, елдің тұтастығын сақтап қалды, тәуелсіздік үшін күресте бастарын бәйгеге тікті, қыл үстінде жүрді.

Мәселе оң шешілді. Егер Саяси бюроның қаулысы орындалған жағдайда нағыз қақтығыс, нағыз қантөгіс сонда болар ма еді, кім біледі? «Целиноград шеруіне жол берілмегенде Желтоқсан бүлігі болмас та еді» деп КОКП ОК-нің мәлімдеуі, коммунистік идеологияның мұны жаппай қостауы соған дәлел емес пе?

Целиноград бүлігін зерттеп, талдаған Мәскеудің жоғары мәртебелі комиссиясы КОКП ОК-не сол кезде «келеңсіз көріністер» деп сипаттаса, кейін партия басшылығы оған саяси астар беруге мәжбүр болды.

Мәскеу Маусым шеруін «ұлтшылдықтың бой көрсетуі» деп бағалады. Яғни 79-да демонстранттардың бетін қайтарып жібергенде, 86-да Желтоқсанға жол берілмес еді деген ойды білдірді. Шынында да осы екі оқиғаның рухани сабақтастығы тоталитарлық жүйенің жергілікті ұлт мүддесін аяққа таптап жүргізген озбырлық саясатына келіспеушілігінде еді. Мұның өзі Кремль үшін не айтса бас шұлғи беретін мерзім өтіп бара жатқандығын білдірген алғашқы қоңыраудың бірі болатын.

Кеңес заманында ұлтшыл атану дегеніңіз ауыр қылмыс жасағанмен бірдей саналатын. Тарихтан белгілі. Ал бүкіл халықты ұлтшыл дегеніңіз не? Оны қалай түсінеміз? Сондықтан болар, бұған жеке адамдар ғана емес, республиканың ресми органдары да аталмыш құжаттағы осы тұжырымға қарсылық білдірді. Қанша айтқанмен жетекші топтың беделі төмендеп, демократиялық үрдістерге бетбұрыс жасаған кезең ғой, партия асыра сілтеушілікті мойындауға мәжбүр болды: КОКП ОК-нің Саяси бюросы 1990 жылдың 18 мамырындағы қаулысымен «кемшілікті түзетті».

1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында қоғамдық тәртіптің жаппай бұзылуын қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп бағалануы қате делінді. Сөйтсек, Саяси бюроның мәлімдеуінше, экстремист және ұлтшыл элементтердің арандатушылығымен жастар тарапынан заңға қайшы келетін әрекет орын алыпты. Партия бір айтқанынан қайтпайды десек, ең жоғары дәрежеде қабылданған қаулысының осылай бұзылуы — төтенше оқиға. Сөз ретінде айта кетейік, қазақ жерінде неміс автономиясын құру туралы қаулыдан Орталық Комитеттің кейіннен бас тартуы да бұрын-соңды болмаған шаруа. Солай десек те, соңғы қаулыда (1990) Маусым көтерілісі туралы ештеңе айтылмайды, яғни ол «ұлтшылдықтың бой көрсетуі» (националистические проявления) тұрғысында қалды.

79-дың оқиғасы коммунистік партияның 87-жылғы құжатында Желтоқсанмен бір қатарда, дәлірек айтсақ, оның алдында тұрды да, соңғы қаулыда атаусыз қалды. Кейін белгісіз себептермен мүлдем ұмытылды. Міне, 1979 жылғы Маусым оқиғасына байланысты компартияның 1987 жылғы қаулысындағы пікір күні бүгінге дейін бірден-бір ресми баға болып отыр. Оны ешкім жоққа шығарған жоқ, ондай ұмтылыс байқалмайды да. Теміртаудағы құрылыс объектісінде әлеуметтік жағдайдың мүшкіл жағдайы (1959) құрылысшылардың наразылық толқуына ұласты, Новочеркасскіде (1962) жұмысшылар еңбек ақысын өсіру жөнінде экономикалық талап қойып, алаңға шықты, ал Шымкенттегі көтеріліс (1967) жергілікті милицияның озбырлық іс-әрекетін тоқтатуға бағытталды, бүлікшілерге әскер күші қолданылды, кісі өлімі болды. Алайда, бұлардың бәрінде де негізінен экономикалық, әлеуметтік хал-жағдайға назар аудару мәселесі көтерілді. Қайталап айтайық, Маусым қозғалысына келсек, ақмолалықтар Сталин өлгеннен кейінгі кезеңде Қазақстанда ұжымдық сипаттағы ашықтан ашық қарсылық акциясын өткізіп, ұлттық мүддені қорғады, өкімет алдына тұңғыш рет «таза» саяси талап қойды — Саяси бюро шешімін жоюды ұсынды.

Сарыарқа төсіндегі жадыраған жаздың Маусы-мындағы бейбіт шеруі кеңестік империяның қиғаш саясатына келіспеген, оны қолдамаған манифестациялар қатарында болды, жеті жылдан кейін ол Алматыдағы қыс қаһарымен жалғасқан Желтоқсан, одан соң Баку, Тбилиси, Вильнюс қанды оқиғаларына ұласты.

Бақытымызға орай, Ақмолада қарулы күш қолданылмады. Солай болса да өкімет басшылығын керемет қорқытты. Соның айғағы ма, әйтеуір ол туралы ресми органдар кезінде хабар-ошар бермеді. Ақпарат құралдары түгіл, партия съездерінде, конференцияларда, әртүрлі деңгейдегі жиындарда сөз қозғалмады. Шет ел жұртшылығынан, жергілікті қарапайым халықтан ғана емес, жоғары лауазымды шенеуніктерден де жасырды. Желтоқсан оқиғасынан кейін ғана бұл жөнінде хабар-ошар беріле бастады.

Қазақ халқы өзінің ұзақ тарихында шет ел басқыншыларына, олардың зорлық-зомбылығына әрдайым қарсылық көрсетіп келген. Соңғы бес ғасырда 300-ден астам ірілі-ұсақты соғысты, әскери қақтығысты басынан өткізді. Кеңес өкіметі тұсында коллективтендіру науқанына қарсы болған көтерілістердің өзі 380-ге жетті.

Неміс автономиясын болдырмау үшін болған қозғалыс неміс халқына қарсы бағытталған жоқ. Ол — тоталитарлық жүйенің шешімімен келіспеген, оны қабылдамаған, мойындамаған қазақ жұршылығының орталыққа саяси талап қойған қыр көрсетуі. Бұл — алаш жастарының ата-баба өсиетін қастерлеп, туған жердің тұтастығын, өскен елдің бірлік-ынтымағын сақтап қалу жолындағы патриоттық, отансүйгіштік қимыл-әрекеті.

Целиноградтағы қазақ жұртшылығының 1979 жылдың маусым айында «бөлшекте де — билей бер» деген қағиданы басшылыққа алып, қазақ жерінде неміс автономиясын құру жөніндегі қаулысына ашық қарсылық көрсету акциясы тәуелсіздік жолындағы күрестің жарқын бір көрінісі екендігін мойындауымыз керек, қазақ тарихында ол өзінің лайықты орнын алуы тиіс деп есептейміз.

Жапон ғалымы не дейді?

Неміс автономиясын құру жөніндегі Мәскеу шешіміне қазақ жерінде қарсылық акциясы болып өткендігі туралы хабар Батыста қолма-қол жарияланғанымен, кеңес елінде ресми түрде тек қайта құру кезінде ғана назарға ілікті. Ал тоқсаныншы жылдардың басында Целиноград оқиғаларына байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының, КОКП ОК-нің құжаттары (құрастырушылар — В. Ауман, В. Чеботарева), газет-журналдарда естеліктер жарияланып, содан соң тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап кейбір ғалымдардың (А. Айсфельд, В. Бауэр, Т. Иларионова) зерттеу еңбектері өмірге келе бастады.

Осы проблемаға көңіл қойған авторлардың бірі — Токио университетінің түлегі Сиро ХАНЬЯ. Оның «Целиноград, июнь 1979 г.: к вопросу о несостоявшейся Немецкой автономии в Казахстане» деген сараптама мақаласы (Acta Slavica Iaponica. 20, 2003, 230-236. http://eprints. Iib.hokudai.ac.jp/dspace/handIe/2115/39425) соның айғағы. Аталмыш туындыда жапон ғалымы Мұқаш Омаров екеуіміз бірігіп жазған «Познание себя» кітабына пікір айтыпты. Автор Айсфельд, Бауэр, Иларионова соғыстан кейінгі жылдардағы неміс мәселесін сөз етті дейді де, ал Омаров пен Кәкен негізінен Целиноград толқуын тілге тиек еткенін ескертеді. «Первые затронули целиноградские события кратко, как один из эпизодов истории советских немцев, не анализируя их подробно» дей келіп, мақала авторы біздің кітабымыз жөніндегі ойын былай қорытындылайды: «Большим научным вкладом последних является то, что они обнаружили и сделали достоянием общественности многие свидетельства партийных руководителей Казахстана того времени и детально изобразили живую картину тех волнений. Рассматривая их в общем контексте истории Казахстана, они сделали вывод, что события в Целинограде, предшествовавшее Алма-Атинским событиям 1986 г., сыграли существенную роль в развитии национального самосознания казахов».

С.Ханья Целиноград оқиғасын Сталиннің жеке басына табыну салдарынан қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың реттелмеген істерін Мәскеу қалай шешкендігі тұрғысынан қарап, түсінгісі келген. Оның пікірінше, орталық басшылықтың Қазақстанға жер аударылған өңірінен «жаңа Отан» жасап беру әрекеті бір жағынан биліктің немістерге деген қамқорлығы болып көрінсе, екінші жағынан депортацияланған басқа да халықтардың Н. Хрущевтің партияның ХХ съезінде сөйлеген сөзінен кейін аяқсыз қалған мәселелерді кешенді түрде шешейік деген түпкілікті ойының бір бөлігі болса келек.

1970-жылдардағы кеңестік немістердің шет елге жаппай қоныс аударуы әртүрлі ішкі және сыртқы белгілі бір қозғаушы күштерге байланысты болды. Біріншіден, бұл кезде немістер өздерін басқа халықтармен салыстырып, солармен сәйкестендіріп, теңестіруді талап етті. Мақсат — мемлекеттілігін құру. Алайда, бұл мәселе биік деңгейде талай қойылса да қолдау таппады. Оларға әрдайым оқу-ағарту шаралары ғана ұсынылды: ана тіліндегі білім алуды ұлғайтайық, неміс тіліндегі радио хабарларын, газет таралымын көбейтейік деген сияқты. Ал немістер болса, «ұлтшылдық пен сеператизмді уағыздайтын, большевиктерге қарсы күресетін бунд бағдарламасы» тәрізді мұндай дүние бізге қажет емес деп үзілді-кесілді қабылдамады.

«Көптеген немістер КСРО-дағы реформаға, оның ішінде, «кеңестік Отанның» қалпына келтірілуіне, сенбеді, көзі жетті. Төл ерекшеліктерінен айырылып, басқа халыққа біржола сіңіп кетуінен қорыққандықтан амалсыздан тарихи Отанына жөңкіле бастайды.

Екіншіден, олардың Германияға көптеп кетуіне себеп болған нәрсе тарихи Отаны — Батыс Германия — жүргізген сыртқы саясат. Бұған 1969 жылы ГФР канцлері қызметіне кіріскен В. Брандт жариялаған шығыс саясатының (Ostpolitik) ықпалы зор болды. Герман жағы кеңестік немістердің атақонысына оралу жөніндегі талап-тілегін қостап, дипломатиялық деңгейде талай көтерген. 1955 жылы кеңес-неміс еларалық қатынасы орнағаннан кейін ажырасып қалған отбасы мүшелерінің қайта қосылуына, өзара әскери тұтқындар алмасуға мүмкіндік беретін келісімшарттарға қол жетті. Екі ел арасындағы көші-қон байланысы жаңа қарқын алды.

1970-жылдардағы неміс қауымының шет елге қоныс аударуы үдей түскен кезде Қазақстан басшылығы оны бәсеңдету мақсатымен бірсыпыра қаулы-қарар қабылдады. Алайда, эмиграция қарқыны басылмады, керісінше, күшейе түсті. Өйткені бұл құжаттардың бәрі үгіт-насихат, мәдени-ағарту шараларын жүргізуге бағытталды да негізгі проблема қозғалмады.

Міне, сол кезде бұл тұйықтан шығудың бірден бір жолы осы деп 1979 жылдың 31 мамырында КОКП ОК Саяси бюросының қаулысымен Қазақстанда Неміс автономиялық облысын құру қажет деп табылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде неміс автономиясын құрумен айналысатын екінші хатшы А. Коркин басқарған ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Ол жергілікті жерде — Ерейментауда — болып, істің мән-жайын көріп, түбегейлі пысықтаған соң 15 маусымда автономияның құрамы, шекарасы және партия органдарының штат құрылымы туралы нақты ұсынысты КОКП ОК-не жібереді. Ал 18 маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев қатысатын Неміс облысының құрылу салтанатына арналған партия конференциясы өткізіліп, онда Краснознамен аудандық партия комитетінің жетекшісі, неміс ұлтының өкілі Андрей Браун жаңа облыс обкомының бірінші хатшылығына сайлануы тиіс еді.

Дей тұрсақ та, қазақ жұртшылығының Арқа төсінде жаппай бас көтеруі Мәскеу жоспарын жоққа шығарды. Сонымен бірге 1979 жылдың соңында кеңес әскерінің Ауғаныстанға енгізілуі және Еуропада кеңестік СС-20 ракетасының орналастырылуы халықаралық шиеленісті күшейтіп, Батыспен арақатынасты ушықтыра түсті. Осы кезде кеңестік басшылық, өкінішке қарай, бұдан тиісті қорытынды шығармады, Батыстың адам құқығын құрметтеу жөніндегі науқанымен есептеспеді. Сол уақыттан бастап немістердің шет елге шығуы күрт азайды. 70-жылдардың орта кезінде жыл сайын 9 мың және одан да көп кеңестік немістер ФГР-на барса, 84-ші жылы бірнеше жүзге дейін төмендеді.

Жазушы В.Владимировтың мына бір дерегіне назар аударған жөн сияқты. Чехословакия елшісі Честмир Ловетинский Алматыға келіп, Дінмұхамет Ахметұлына Жеңімпаз Ақпан (Победоносный Февраль) орденін тапсырғанда «Қонаев нық сеніммен Андропов (сол кезде ол КОКП ОК-нің Бас хатшысы болатын. — А.К.) кеңес немістеріне Еділ жағалауындағы республикасын береді», — деп жазды (немістің әдеби-көркем және қоғамдық-саяси альманағы «Феникс», № 1, 1993, 307-б.).

Демек, Целиноград көтерілісінен кейін неміс автономиясын Еділ жағалауында қайта құру жөнінде Мәскеудің жоспары болған. Ю.Андропов болса бұл жұмысты тындыруға үлгере алмады, оны жүзеге асыру міндеті М.Горбачевке ауысты.

Орталық билік неміс автономиясының тұжырымдамасын жасағанда тек немістерді ғана ойлап қойған жоқ. 1979 жылғы 31 қазанда неміс автономиясын құруды қолдаған КОКП ОК Саяси бюросының мәжілісінде қырым татарларының ұлттық-территориялық автономиясы жөнінде де сөз қозғалған. КОКП ОК-нің хатшысы И.Капитонов «бұл мәселе Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінде қаралып, автономиялық округ құрылу көзделді» деп мәлімдеген; яғни жоғары жақта немістер мен қырым татарларына автономия берудің үлкен саяси маңызы болар еді деген пікір қалыптасқан.

Кезінде, 1974 жылы, қырымдық татар коммунисі С.Таировты Жизақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлағанда Л.Алексеева деген зерттеуші түбінде Өзбекстанда қырым татарларына автономия берілуі мүмкін деп тұжырым жасаған еді, кейін бұл болжау тарихи деректермен айғақталды.

Қырым татарларының автономиясы туралы идея ресми түрде қайта құру кезеңінде ғана белгілі болды. Ол туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттық Кеңесінің төрағасы Р.Нишанов 1989 жылдың қыркүйегінде КОКП ОК-нің ұлттық саясат жөніндегі пленумында сөйлеген сөзінде айтып, Қазақстанда неміс, ал Өзбекстанда қырым татарлары автономиясын құруға әрекет жасалғанын мойындады, бірақ ол екі құрылымның арасында пәлендей байланыс бар-жоғын сөз қыла қойған жоқ.

Алайда, деп жазады С.Ханья, 1979 жылғы 31 — мамырдағы КОКП ОК Саяси бюросы мәжілісінің хаттамасында осы екі автономияны құрудың жобасы депортацияға ұшыраған халықтардың ісін шешу жөніндегі ортақ тұжырымдама негізінде жасалған. Оны айтасыз, Қазақстанда ұлттық-территориялық құрылым осы мақсатты жүзеге асырудың алғашқы қадамы болып белгіленген. Неміс автономиясы ойдағыдай қалпына келтірілген соң Қырым татарларының автономиялық округін ұйымдастыруды қолға алу көзделген.

КСРО халықтарының ішінде сенімсіз деп танылғандарды депортациялау науқаны 1930 жылдардың екінші жартысында басталды да Ұлы Отан соғысы кезінде шарықтау шегіне жетті. Бірнеше миллион адам Сібірге, Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға, күштеп жер аударылды. Хрущевтің партияның ХХ съезінде Сталиннің жеке басына табынудың зардаптарын әшкерелеген баяндамасынан кейін Солтүстік Кавказ халықтары мен қалмақтар тарихи Отанына оралып, олардың бұрынғы автономиялары іргесін қайта көтерді. Ал немістер мен қырым татарларына барған жерлеріне «сіңісіп кетті» деген сылтаумен бұрынғы автономиялары қалпына келтірілмеді. Осыған байланысты депортацияға ұшыраған халықтар наразылық көрсетудің әртүрлі шараларын қолданды: немістер ФГР-ге кетуді, ал КСРО-дағы диссидент қозғалысымен біріккен қырым татарлары — Қырымға қайтып баруды талап етті. Сөйтіп, ақыр соңында Мәскеуге, партияның орталық басшылығына, депортацияға ұшыраған халықтар үшін ресми құжаттарда ылғи қайталап айтылатын «сіңісіп кеткен» өңірде — автономия ұйымдастыру идеясы ойға келеді.

Алайда, іс мұнымен бітпейді. Н.Оканың жазғанына сүйеніп, жапон ғалымы Қазақстанда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ресми түрде Қызылорда облысында кәріс автономиялық ауданын құру туралы мәселе қаралған (N. Oka, «The Korean Diaspora in Nationalizing Kasakhstan...»; Ока Н. «Корейцы в современном Казахстане: стратегии выживания в роли этнического меньшинства» // Диаспоры. Nos. 2/3 2001, с. 194-220) дейді.

1937 жылы кәрістер Қиыр Шығыстан Орта Азияға жер аударылды, ал 1979 жылы КСРО-дағы 389 мың кәрістің 163 мыңы (42%) Өзбекстанда, ал 92 мыңы (24%) Қазақстанда тұрған. Кәріс автономиясын Қазақстанда құру туралы ресми құжат әзірше табылмағанына қармастан С. Ханья немістер мен қырым татарларына автономия құру қарастырылғаны рас болса, кәрістерге де мұндай жағдай жасалуы мүмкін деген болжам жасайды. Ал егер олай болатын болса, Өзбекстанда кәріс мемлекеттігін жасау жоспарда болуы әбден ықтимал деп қорытады ойын автор.

Сөйтіп, Мәскеу бұрынғы ұлттық саясатына түзету енгізуге кіріспек болды, яғни бұдан біз Сталиннің жеке басына табыну зардаптары әшкереленген соң кейбір мәселелері шешілмей қалған ұлттар үшін сол қоныс тепкен жерлерінде ұлттық-территориялық автономияларды құру туралы ой туындағанын айқын көреміз. Басқаша айтқанда, Сталиннің депортация саясаты нәтижесінде автономиясынан айырылған (осыған байланысты кеңестік қоғамда белгілі дәрежеде қағажу көрген) кейбір ұлт өкілдерінің мәселесін реттеуде билік органдары ескірген әдісті қолдануға болмайтындығын түсініп, оларды қайтадан кеңестік жүйе шеңберіне енгізу үшін басқаша батыл шаралар қолдану қажеттігін сезінеді. Бұл іс-әрекет күштеп қоныстандырылған халықтар үшін сол тұрған аймақ төңірегінде «жаңа Отан» құру болып есептелді. Орталығы Ерейментау болып белгіленген Неміс автономиялық облысы КСРО ұлттық саясаты дамуының жаңа кезеңіндегі алғашқы тәжірибесі еді десе де болады; алайда, орталықтың Қазақстанда неміс автономиясы идеясынан бас тартуы кеңестік немістерге ғана емес, басқа да депортацияға ұшыраған халықтар үшін жүзеге асырылуға тиісті саясатты жапырақ салар, өркен алар жағдайға жеткізбей-ақ ұрығында жойып тынды.

«Жалын» журналы

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы