Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бибігүл Төлегенова: «Халықтың маған берген ең қымбат атағы – «Колхозная певица»»

Дата: 21 февраля 2011 в 14:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бибігүл Төлегенова: «Халықтың маған берген ең қымбат атағы –  «Колхозная певица»»

-Бибігүл апа, 80 жастың белесінен де өттіңіз. Артыңызға қарап, өткенді бағамдап, жиі ойланатын боларсыз? Өткен өміріңізді шолғанда не үшін өкініп, болмаса қуанып, шүкіршілік етесіз?

-Жоқ! Менің өткенім үшін қатал өкпем де, өкінішімде жоқ. Өйткені, адам баласы болғаннан кейін, әрбірден жас болғаннан кейін басыңда түрлі жағдайлар болады. Қиналыс маған ғана тән емес, барлығында болатын жәйт. Жастардың дені әңгімесінде «өйттік-бүйттік, қиналдық» деп жатады. Менде қиналып-қиналып, Құдайға шүкір, бүгінде ол сыннан өткен жанмын. Жалпы, мені буыным қатайып, адам болып, атағым шығып, елдің алдына шыққанша, мені ешкім көтерген жоқ. Менің ең алғашқы жанкүйерлерім егіншілер, малшылар, қара жұмысшылар болды. Өйткені кеңестер одағы кезінде біздер, әртістер, көбіне гастрольде жүреміз. Астық, егін, шөп шабыс, науқан кездерінде ауылда жүреміз. Ол кезде қазіргі уақыттағыдай сахнада таңдамайсың, қазіргідей кең сарайларда жоқ. Сиыр қорасын да сахна ете бересің. Жаздыгүні далада не болмаса машинаның үстін, егін арасында өнеріңді көрсете бересің. Сол кезде тіпті естелік үшін қалатын суретке түсетінде біздің ойымызда болмапты, мән де бермеппіз. Жұмысымызды атқарып жүргенге мәз болып жүре беріппіз. Менің күніне екі-үш концерт берген күндерім де болды. Әр концертте жиырмаға дейін ән айтып, әбден шаршап, үйге келіп жығылып, ес түсімді әрең жинайтынмын. Қазір уақыттағыдай микрофон, фонограмма бізде жоқ. Біз сөйтіп жұмыс істедік. Мен есімді білгелі ән айта беретінмін, әлі де айтып келе жатырмын. Бұрын шешем тілің жөнді келмесе де, әннің нақышын бұзбай, жақсылап айтатынсың дейтін.

-Бибігүл апа, бақсақ, балалық шағыңыздан қиыншылықпен бірге келесіз...

-Қиыншылықты көрдім жасымда. Әкеміздің репрессияның құрбаны болғаны бізге де әсер етті. 37 жылы әкем атылып кетті. Шеттетуді де көрдім. Бір жағынан біз Отан соғысынан кейін, ашарлықты да көп көрдік. Анам кейіннен аурушаң боп қалды. Біз отбасында бес қыз, бір ұл болдық. Мен екінші бала болдым. Отбасына бас болатын ешкім жоқ. Еті тірі мен ғанамын. Мен оқуға кетем дегенде, шешем ботадай боздап, біз қалай өмір сүреміз деп жылаған. Өйткені, соғыс кезінде нанға кезекке тұратынмын, үйдегі атқарылар шаруаларға мен жүгіретін едім. 12-13 жасымнан қара жұмысшы болып, Семейдегі ет комбинатына жұмысқа түсіп, оқуға түскенше, біршама жерде жұмыстар жасадым. Әйтеуір, бес жыл қиналып жүріп, ақыры әннің талабы мені қысқан болуы керек, қайда музыка болса, мен сол жақтан табылатынмын. Жеке отбасылық өмірім өте қиын болды. Тұрмыс құрғанда да менің өмірім жөнді болған жоқ. Өйткені мен алғаш тұрмысқа шыққанда жас болдым, жолдасым өзімнен 13 жас үлкен еді. Өмір көрген, екі рет үйленген адам. Сөйтіп, екі қызды болдым. Оның үстіне анам маған ренжіп, «оқуыңды аяқтамай тұрмысқа шығып кеттің, ауылдың қыздары күйеуге шығып, бала туғаннан басқа ештеңе білмейді, оқуға барам деп мені алдадың» деп, мамам менімен 5-6 жыл хабарласпай қойды. Оқуда жүргенде де қиыншылық көре бастадым. Мұғалімімде мені дұрыс жолға салмады ма, әрбірден айтып жүрген әндерімді айта алмай қалдым. «Дауысың жоқ болды, консерваториядан шығуың керек» дегендер табылды. Енді қайтем? «Шешемнің де реніші әсер етіп, көз жасы тиді ме екен?» деп ішімнен ойлап қоям. Консерваторияға түскеннен кейін 1951 жылы жағдайым өте қиын болып, радиоға жеке әнші болып, жұмысқа түсуге мәжбүр болған ем. Ол маған үлкен мектеп болды. Өйткені, ол кезде радиодан басқа ештеңе жоқ қой. Радио арқылы танылып қалған кезім, кейін ел мені консерваторияны бітіріп шыққанда, мені тыңдау үшін емес, көруге келетін. Сондағы айтатындары әлі есімде: туу, мына әнші Бибігүлді байсалды бәйбіше ме десек, шүйкедей, кішкене қара қыз екен ғой» дейтін. Енді оқуды бітірген, 23-24 жасар кезім гой. Елдің құлағы менің әндеріме үйрене бастады. Радио арқылы ел танитын болды. Радиоға хат жазып, менің әндерімді сұрайтын болды. Өсіп-өсіп, консерваторияны бітірер алдында маған қиын болғаннан кейін, 5 курсты бітірерде радиодан шығып кеттім. Штатта жоқпын, бірақ ара-тұра шақырғанда баратынмын. Өзім қара жұмысшы боп көтерілгеннен кейін тілім шорқақ болды, қазақшаны білмейтін едім. Осында келгенде қазақшаны түсінем, бірақ мүлдем сөйлей алмайтын едім. Әннің сөзін қағазға қарап жаттап алатынмын. Ақыры «мен қазақша үйренбесем болмайды» деген ойға келдім. Сөйтіп, кітап, газет-журналдардан қазақша өлеңдерді білсем де, білмесем де жаттай бердім. Радиодағы үлкен апайларымнан мына сөзді қалай айтады деп сұрап, олардың мазасында алдым. Сөйтіп, мен қазақшаны тәп-тәуір игеріп кеттім.

-Бағыңыз бен бабыңыз келіскен болар, еңбек жолыңызды бастағаннан кейін табыстарға да жете бастапсыз

-Қазақ мемлекеттік филармониясымен өткізген он бес жылыма еш өкінбеймін. Обалы не керек, филармонияның арқасында, Құрманғазы оркестрімен бірге елімнің түкпір-түкпірін түгел араладым. Мен концертпен бармаған аудан, ауыл жоқ шығар Қазақстанда. Сонда жүрген кезімде барлық атақ, марапатты да алдым. Қазақстанның халық әртісі, КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы, Еңбек Қызыл Ту ордені, Ленин ордені — бәрі маңдай терімнің арқасы еді. Мен негізі консерваторияны алғаш бітірген бойда опера театрына жұмысқа қабылданған едім. Көп уақыт өтпей басшылық, жасырын, өзіме ескертусіз филармонияға ауыстырып жіберген еді. Кейіннен естіп, 1 жыл бойы театрдың жанына жолай алмай, есіме түссе ботадай боздап жылайтын едім. Театрда жүргенде жалақым 780 рубль болатын, филармонияда 1500 рубль тағайындады. Тым болмаса айлығым көтерілді деп қуандым. Ол кезде екі балам бар, анам бар, соларға көмектесем. 1971 жылы мен опера театрына қайта шақырды. Мен кеткенде Күләш апай айтқан болатын: «Әй, кішкентай қызым, сенің қазір тілің күрмеліп, қазақшаға келіңкіремейді. Тіліңді жөндеп ал, сосын мен саған «Қыз Жібекті» өзім үйретем» деген. Оған дейін кішкентай партияларды орындап жүріп, филармонияға кеткен едім. Қайта келгенде, қазақшаны үйренгенмін. Енді «Қыз Жібектен» бастайын деп ойладым. Екі күн спектакль болды. Қара жер айтып бармасын, Нұрғиса Тілендиев дирижер болды. Кәукен Кенжетаев спектакльдің режиссері болды. «Қыз Жібекті» айтып шықтым. Көпшіліктің көкейінде күдіктің болғанын сезем. «Қалай алып шығар екен?» деген. Абырой болғанда, сәтті шықты. Осылайша, 1975-1995 жылдар аралығында театрда жұмыс істедім. Бірақ театрда көп спектакльдерге қатыспадым. Бар болғаны 15-16 спектакль еді. Мені көбіне гастрольге жіберетін. Өйткені, театрға қаржы керек, ауыл-ауылды аралаймын. Ең қызығы, сол уақытта маған «колхозная певица» деген атақ берілген еді. (рахаттана күліп алды) «Ия, құдайыма мың шүкір. Мен «колхозная» атанудан қорықпаймын. Ауылға барсам, елдің төрінде отырам, халық алақананда ұстайды, қарным тоқ, ықыластары ерекше. Бұдан артық не атақ, құрмет керек?» дейтінмін. Халқыма мың ризамын. Қайда барсамда, жеген асын жерге қойып, барын маған ұсынады. Бара қалсам бәрі таниды, әлі күнге еңкейген кемпір шалдан бастап, кішкентай балаға дейін біледі.

-Анаңызбен бұл кезде қайта қатыса бастап па едіңіз?

-Анаммен кейін қатысып кеткен едім. Ол былай болды. Радиоға шығып жүрген шағым. Мен Семейде жүргенде орыстардың арасында жұмыс істедім. Сонда олар мені өз атыммен емес, Галя, Катя деп атайтын. Сонда мамама «Бибігүл деген радиодан шығып жүрген сенің қызың емес пе?» деп сұрайтын көрінеді. Содан кейін мамамның көңілі бері қарап, қатысып кеттік. 1955 жылы күйеуім қатты ішіп кеткен болатын. Қолымнан ештеңе келмейді. Ол ішуін қоймады. Шаршадым. Сөйтіп, қолтығыма екі баламды қысып, кетіп қалдым. Мамама телеграмма соғып едім, дереу Алматыға келді. Екі баламды өзімен бірге алып кетті. Бізде контролершы тетя Катя деген жақсы кемпір болатын. Сол кісі мені қолына алды. Өзі ауыз үйінде жатады да, мені төргі үйге диванға жатқызды. Кроватқа жақындатпайды. Соған 350 рубль төлеп тұрдым. Өйтіп-бүйтіп күн көре бастадым.

-Баспанаға қолыңыз қай кезде жетті?

-Қайдааа?! Баспананың қиындықтарымен қоса қызықтары да көп болды. Есімде, 1960 жылы Бөгенбай көшесінің бойынан үй берді. Алып-ұшып соған барсам, бір орыс әйел есікті сындырып кіріпті де, өзі босағасында тұр, қолында балта. Бұл үйді маған берген десем, ол: бұл үй менікі, мен тұрғанмын. Маған жартылай подвалдан үй берді, менің онда тұруға денсаулығы жарамайды. Бері кірсең, басыңды мына балтамен жарам дейді. Кірсең, ана бөлмеге кіріп, тұрасың деп кішкене бөлмені көрсетті. Тұрмасаң ерік өзіңде деді. Ал біз бір қора адамбыз. Сонымен, араға уақыт салып, қиналған соң жылап Ахметов деген әкімге қайта бардым. Барсам: «туу, қарағым, неше пар аяқ киімді тоздырдың келе-келе?» дейді. Мен: «анам бар, өзім екі баламмен 14 метрлік бөлмеде тұрамыз, әлгі әйел 22 метрлікте тұрып жатыр, бізге тарлық етіп жүр» деп жағдайымды айттым. 2 бөлмелік басқа үй бергізді. Сөйтіп, анамды көшірдім сол үйге. Өзім алаңсыз гастрольдік сапармен шетелге 3 айға кеттім. Тамыз айында шыққан мен 7 қарашаның алдында бірақ келдім. Кетерімде арыз беріп кеткем үйге. Мен Алматыма оралсам, мамам жаңа 3 бөлмелі үйге балалармен көшіп кетіпті. Үйімді білмеймін. Мекен-жайы жоқ. Сұрастырып, жобалап, көшкен үйлерді тауып, далада тұрып: Мама, Мәриямгүл деп айқайлаймын. Төртінші этаждан мамам шықты күліп. Күтіп алды. Қуанып қалдық. Сөйтіп, 1961 жылы 3 бөлмелі пәтерге қолым жеткен еді. Сол үйде 1975 жылға дейін тұрдық. Содан кейін бала-шағам өсті. Екінші рет тұрмысқа шықтым. Төлеген атты ұлым келді өмірге. Қыздарым мектепке барып жүрді. Ол кезде 3 бөлмелі үйі бар, менен бақытты адам жоқ. (рахаттанып күліп алды) Ал осы отырған үйге 80 жасқа келгенде жеттім. Былтыр ғана көшіп келдім.

-Үйді Үкімет берген болар?

-Жоқ. Сатып алдым. Иманғали Тасмағамбетовке рахмет, мегаполистен 3 бөлмелі үй беріп еді, жөндетуін жүргізіп, енді кірейін десем, 17 этаж болғаннан кейін болар, басым айналып, неге екенін білмейм, құлап қаламын. Содан жылап шығып кеттім де, мына үй ол кезде салынып жатыр екен, сол үйді сатып, қалған ақшасын қызымның пәтерін сатып, жетпегеніне қарызданып, сатып алдық.

-Мұнда кімдермен тұрып жатырсыз?

-Қызым бар, немерем — үшеуміз тұрып жатырмыз. Мәриямгүлім осыдан 3 жыл бұрын қайтыс болды ғой. Аллаға шүкір, 1 ұл, 1 қызым бар. Қызымның өзі 60 жасқа кеп қалды. Немерем 37 де. Мәриямгүлдің 1 ұлы бар. Оның 2 немересі бар. Төлеген атты ұлымның қызы бар. Қазір эмиратта оқып жатыр, дизайнер болам дейді.

-Балаларыңыздың тәрбиесіне көңіл бөлер уақытта гастрольде көп жүрдіңіз, тәрбиеге мән бере алмаған боларсыз? Қазір немере, шөбере тәрбиесіне көңіл бөлесіз бе?

-Шынымды айтсам, менің балаларым аулада өсті. Балалармен бірге ойнап жүреді. Қызымның үлкені Гюзель 10 жаста болды. Гастрольге кетсем, үлкен қызыма тапсырам. Сөйтіп 15 жыл жұмыс істедім. Бір-біріне еріп жүріп, өсіп жетілді. Ал қазір немере, шөберелерден бөлек тұрып жатырмын. Қолымда үлкен қызым мен бір немерем ғана. Есіме түсіп отыр, үй мәселесімен 50 ге толар алдында Дінмұхамед Қонаевтың алдына кіруге тура келді. Роза деген сіңлім болатын, ол 3 баласымен жолдасынан ажырасып, менің қолыма келген еді. Өзімнің қызым тұрмысқа шыққан еді, оның баласы бар. Әлгі 3 бөлмелі үйіміздің өзі тарлық ете бастады. Димекең содан маған таң қалды: «Қызым ау, сенде 50 ге кеп қапсың ау. Біздің сыйлығымыз болсын» деп, маған 5 бөлмелі үй бергізді. Сол үйде 25 жылдай тұрдым. 2006 жылы сол үйден көшуге мәжбүр болдым. Қызым Мәриямгүлімнің жүрегі ауырып, операция жастауға қаржы керек болды. Саттық. Үйсіз қалдым. Бұрынғы 3 бөлмелі үйде үлкен қызым тұратын. Қайта соның қолына барып, 3 жылдай тұрдым. Балам үйленген, көшіп кеткен. Кіші қызымда үйленген еді. Сөйтіп, үшеуміз бірге осы үйге көшіп келдік.

Кейбір әртістер маған өкпесін айтады: «Бибігүл Ахметовна, танымал, атақ лауазымды болсақта, бізді ұмытып жатыр, көңіл бөлмейді, көп жерлерге шақырмайды» деп. Мен оларға қарағанда бақытты шығармын. Өйткені маған тыным жоқ. Теледидар, радио, газет журнал болсын, кездесулер болсын, мені еш жерден қалдырмайды. Қайта мен содан қашамын. «Айналайындар, менен басқа адам жоқ па? Неге басқаларды шақырмайсыңдар» деп».

-Халыққа да, Үкіметімізге де ризасыз ғой?

-Халқыма мың рахмет! Ризашылығымды айтамын. Өйткені халықтың арқасында мен осындай биікке көтеріліп, атағым жер жүзіне тарады. Мен қазір Мәскеуге барсам, өзім таң қалам. Онда мені бәрі таниды. Өткен жылдары ашылу салтанатына Құрманғазы оркестрімен бардық. Сахнаға шықсақ, елдің бәрі аяғынан тік тұрып, қол шапалақтап, аузымды ашып үлгермей жатып: «Соловей, соловей» деп, «Бұлбұлды» сұрайды. Мен айтам: «Олар «Бұлбұлды» сұрап жатыр, ал мен айта алам ба, айта алмаймын ба, оны ойламайды». Міне, халықтың ықыласы. Сол «Бұлбұлды» Аллаға шүкір, әлі күнге дейін айтып келем. Мен әлі күнге жұмыс жасауды тоқтатқан емеспін. Міне, екі күн бұрын өзің білесің, Ақтөбеде болып келдім. Өзімнің 80 жылдығыма бір бағдарлама жасадым. Шәкірттерім бір екі әннен айтып, өзім 15 тей ән салдым. Бұрын айтқан әндерім бар, жаңа әндерім бар, ариялар мен романстарым бар, шырқап келем, қол қусырып отырған емеспін. Зейнетке шықсамда, зейнетақыға қарап отырған емеспін. Білесіз, құр зейнетақыға қарап, күніңді көру қиын. Жылына бір рет стипендия береді. Өйтіп бүйтіп созамыз оны.

-Өзіңізден жырып азғантай зейнетақыңыздан жоқ жітіктерге көмектеседі екенсіз...

-«Қорғас» бекеті жақта мүгедек балалардың үйі бар. Соларға қолымыздан келгенше киімдей, қаржылай көмектесіп тұрамыз. Жаңа жылда сыйлықтар апарамыз. Ауыз толтырып айтатындай қайырымдылықпен шұғылдана алмаймын, әлеуметтік жағдайым оны көтере бермейді. Менікі, қолымнан келгенше көңіл мен ықылас.

-Сізді халық арасынан қайырымдылықпен айналысады деп естіген едім, сондықтан әлеуметтік жағынан ауқаттылар қатарында болар деуші едім...

-Бай емеспін. ... Қазір келе жатқан өзімнің конкурсыма не істерімді білмей отырмын. 20 дан астам қатысушылар келе жатыр, 19 қыркүйекте басталуы керек. Үкімет ақша берем дейді, әзірше бере алмай жатыр. Демеушілерге дер кезінде хат жазған жоқпын. Министрлікке сенген едім. Жанталасып, қазір жан-жаққа хат жазып жатырмын. Қолдарыңнан келгенше көмектесіңдер деп. Бәлкім, қартайғанда мұның маған керегі де жоқ шығар?! Өзім ойлап отырмын, қарыздансам да, биыл өткізермін. Кейін көре жатармын.

-Апа, осылайша сахнадан түспей, бабыңызбен келе жатқаныңыздың сыры неде?

-Еңбек, еңбек, еңбек! Мен күнде даусымды баптап отырам. Демалып алып, кайта отырам. Мына инструменттің (жөндеу крек осы жерін) қасынан шықпаймын. Жаңа шығармаларды қараймын. Ескі шығармаларым не дегенмен ұмытылады ғой, соларды есіме түсіремін. Алланың берген талантыда бар шығар?! Әке шешемнен де келген болар?! Бірақ еңбек етпесең, оның бәрі әдірәм қалады ғой. «Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боларсың» дегендей, шақырған жерлерге де барып тұрам. Қазір, әрине, аяғым ауырады, қиындау соғып жүр. Қалмауға тырысам. Әйтпесе, шаруасы біткен екен ғой деп айтады. Мәселен, Роза Бағланова апамыздың қазір жағдайы мәз емес. Денсаулығына байланысты сахнаға шыға алмайды. Ешкім жағдайы қалай екен деп сұрап, іздемейді де. Дәл қазір маған сахнаға шығып, бір екі ән айту түк емес. Өткен жылдары Астанада Айман Мұсаходжаева академиясының 10 жылдығына байланысты бір ауыз ән болса да айтып берсеңіз деп, шақырды. Бардым. «Пирамидада» концерт өтті. «Гаухартасты» пианистермен бірге айттым. Концерттен соң шай берілді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Ол кісі: «Бибігүл Ахметқызы, сіз ән айтқанда, мен екі жұдырығымды түйіп отырдым» дейді. «Неге?» десем, «қорықтым, бір жерден жаңылып кетер ме деп» дейді. Мен айттым: «Ой, Нұреке, ренжімеңіз. Егер әннің келіспейтін жері болса, мен сахнаға шықпаймын. Сахнаға мен қай әнмен шықсамда, даусымды баптап, әркез жауапкершілікпен шығамын» дедім.

-Шынында, Бибігүл апа, осы уақытқа дейін сахнада тосын оқиғалар кездесті ме?

-Ондайлар болып тұрады. Бірақ өрескел, ерсі оқиғалар болған емес. Бірақ, тіл көзім тасқа, шашалып, жөтеліп, ән айтып тұрғанда қиналған емеспін. Тіпті, қазір аяғымның ақсақтығын елге білдірмеймін. Жұрт байқамайды екен оны.

-Денсаулығыңыз қалай, мазалап, сыр беріп жүр ме?

-Аллаға шүкір, бақуаттымын. Мен күнде бір сағат төсекте жатып, отырып, тұрып, жаттығу жасаймын. Жасымыз келді, жаттығусыз тағы болмайды. Содан кейін тамақтанып, дауысымды баптауға отырамын.

-Жас кезіңізде спорттың белгілі бір түрімен шұғылдандыңыз ба?

-Аяғым ауырмай тұрғанда, Ивановтың әдістерімен шұғылдандым. 10 жылдай суық суға шомылып жүрдім. Қазір қойдым.

-Қазір айлардың сұлтаны — Рамазан айы ғой. Ораза ұстадыңыз ба?

-Ораза ұстауға мүмкіншілігім жоқ. Өйткені, дәріні көп ішемін. Күніне 3 мезгіл. Асқазаным мен бауырыма дәрі қабылдаймын. Намаз оқи алмаймын, аяғым қиын тиіп жүр. Бірақ мешітке барып тұрамын, пітір садақа береміз. Кейде мал сойып, амандығымыз үшін, Аллаға мың шүкірімізді айтамыз.

-Сыртыңыздан қарап, апа, сізді қайсар әйел санаймыз. Десек те жаны нәзік әйел адамысыз ғой. Көңіліңіздің жабырқаған сәттерінде неден жұбаныш іздейсіз? Сабырға қалай келесіз?

-Жұбанышым — әнім. Ренжісем, ренжітсе, үйге кеп, әнімді айтам. Жылап та, күліп те айтам. Сөйтіп, тарқап, басылам. Тазарып шығамын.

-Осындай биіктерге көтерілу үшін қандай жолдардан өту керек? Бір белесті алу үшін нені құрбан еттіңіз?

-Жеке өмірімді құрбан еттім. Екінші рет тұрмыс құрғаннан кейін, жолдасыммен 7-8 жыл тұрып, жараса алмай, ажырастық. Талай қиындықты да көрсетті. Үшінші рет тұрмысқа шыққанмен, ол да сәтсіз болды. Ажырастық. Әйел болғаннан кейін, сүйіспеншілікте керек қой. Бірақ мен ондай бақытқа кенеле алмадым, олар маған сүйеніш бола алмады. Мен ән үшін жаралған екенмін. Сондықтан өмірімді әнге арнадым. Ерімнің жағдайын жасап, үйде отыра алмадым. Сондықтан маған тұрмыста бақытты болуды жазбапты. Бірақ ерке әйел болған емеспін. «Қазақтың жігіттерінің бәрі жаман» дей алмаймын. Олар тек  әйелін үйде отырғызып, тамақ даярлатып, бала баққызуды ғана біледі демеймін. Бәлкім, маған менің жайымды түсінер жігіт жолықпаған болар?! Сонда да мен бақыттымын. Өйткені, балаларым, немере, шөберелерім бар. Маған жолыққан ер-азаматтардың бәрі менің әнім арқылы келді. Егер мен әнші болмасам, олар маған жақындамас еді. Солай ғой?! Сондықтан оларға айттым: «маған әнім арқылы келдің. Бірақ әнге кедергі келтірдің. Бітті!». Өмірімді олардан бөлектедім. Анамнан басқаның қолы менің арқама тиген емес. Тигізгенде емеспін. Соған жеткізбей, қоштастым. Ерлі-зайыпты болғаннан кейін оған шыдауда керек болар? Бірақ менің оған шамам болмады. Менің жұмысты алаңсыз істеуім керек еді. Өйткені мен елдің алдына шығамын. Дауысым орнында, көңілім көтеріңкі, сахнаға шарықтап шығуым керек.

Қазақ Бибігүлдей қызын «көмейіне бұлбұл ұя салған» деп жақсы көреді, оның бұлбұл үніне тамсанады, әлі де сахнадан көруді қалайды. Халықтың қызы, қазақ әнінің «Гаухартасы» болған Бибігүл апа Төлегенованың әлі де көрерменін тік тұрғызып, қол соқтыратынына сенеміз, амандығын Алладан сұраймыз.

Сұқбаттасқан ЛАУРА ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.

«Ақ босаға» газеті.

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы