Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

АДАМ ҒҰМЫРЫНЫҢ ТӨРТ ҰЛЫ ТҮП САУАЛЫ

Дата: 26 февраля 2011 в 22:30 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бұлаң тарих бір шындықты қайта-қайта ескерте берді, ол қандай да бір саланың ұшқары дарабозы туылмай тұрып, сол саланың ізбасар құдіретті қосыны қалыптаспайтыны. Философ дегеніміз дара, таңғажайып рухани өмір жолын, сол өмір жолы тудырған тың толғаныс үлгісін сынақ ету құштарлығы, ол өз дәуірінде жалпыласқан жаттанды өмір үлгісі ортасында өз дара өмір жолының неден дерек беретінін, болмыстың осы тұрғыдағы болу үлгісі нені түйсіндіретінін ерікті ақтарылып шабытты айту күйіндегі ұшқарылық. Ол болмыстық және болашақтық мән тұрғысынан күллі болушыларға толғаныс биігінен қарайды, болуға баға беріп, үкім айтады, ғұмыр заңын шығарып, тарихқа бұйрық түсіреді. Өз жолы мен ұстанымын өз кешірмесі мен толғанысынан түйіндеуші – жаттанды нәрселермен қашанда келіспейді, болудың болмыстық құпиясы мен күллі мүмкіндігі оның рухында өнімді де, асқақ, табиғи да, жаңа қисынға қайтуы керек. Оның жолын оның рухы әлдилейді, оның рухын оның жолы жетілдіреді. Бұл, философтың ғұмыры мен оның философиясы арасында сәйкесті ішкі бірлік болатынын, философ дегеніміз жай ғана әлденені ойланып-толғанушы, әлденені уағыздаушы ғана еместігін ұғындырады.
«Адам өз бағасын нәрсеге теліп өзін сақтайды, ол нәрсеге алдымен мән – адамзаттық мән сыйлайды. Сондықтанда ол өзін «адам», яғни бағалаушы деп атаған», «Өзін-өзі бағалай білмеген ұлт өмір сүруге толымсыз, өздігін сақтағысы келген ұлт көршілерінің бағасымен өзін өлшемеуі керек.» Жекелік және ұлттық бағалаудың ең ұлы сынақ етушісі ретіндегі Философтың шындығын тарихта ең тұнық бейнелеген жазушы Франс Кафка. Оның «Зырылдауық» деген әңгімесінде мынадай бір ғажайып көрініс бар: Бір философ балалар ойнайтын жерге келуге құштар екен. Балалар зырылдауықтарын мұз бетіне үйіріп, бишіктерімен ұрып зырылдата бастаса болды, әлгі философ жетіп келіп зырылдауықты зырылдап тұрған беті жерден жұлып алады екен. Оның ойынша, зырылдап тұрған зырылдауықты зырылдап айналып тұрған бетінде түсіну күллі құпияны түсінуге жеткілікті болмақ. Бірақ қолына алған зырылдауық айналмай тоқтап қалғандықтан, ол оны үмітсіздене лақтырып тастап, бейне бір «бишікпен жалқау ұрғыланған зырылдауық секілді сенделе басып жолына түседі». Дүние-өмірді сол өзі күйінде, сол зырылдауық секілді табиғи зырылдап айналып тұрған күйінде меңгеруге, айтуға құштарлық философтың әрі сырлы, әрі күлкілі, әрі мәнді өмір уәжі. Бірақ бұл тым мүшкіл болғандықтан, кейбіреулері түңіліс пен күдіктің құрыдымына құлайды. Дегенмен, мейлі түңілсін, мейлі әлденендей мәнді ақиқатты байқадым деп шаттансын, олардың осынау ақырына жетпес құштарлығы ие болған сол бірнеше ақиқат олардың философиялық ұлағатына кепіл бола алады. Неге Кафка философты балалар ойыны арасына қойып күзетеді? Мәселенің түйіні де осында, яғни, философ дүниенің, ғұмырдың балалардың ойыны секілді саф, әуелгі түпнұсқа келбетін көргісі келеді, содан өзін бастағысы келеді, сонымен баршаны өлшегісі, бағалағысы келеді. Ондағы құштарлық жалыны болмыстық бастауларға тіке қатысты болатыны да содан.
Дегенмен, адамның ықылымдағы болмысы мәселесі баяғыдай жұмбақ күйде. Егер тарихта тек бір ғана адам өмір сүрген болса, және ол болашаққа дейін өзінің неге осылай болғаны жөнінде бір деңгейлі үздіксіз тереңдеген толғаныс күйінде өмір сүретін болса, онда мәселе басқаша болар еді, ондайда ол күндердің бірі жол бойынан өзі іздеген жауап миуасын үзіп, сұрақ атаулыны біржолата тұншықтырар еді, әрі оның кімдікке берген жауабы кімдіктің өзі болар еді. Өйткені, кімдіктің өзі соның кешірмесіндегі кімдіктің дәл өзі ғой. Ал, тарихи жалғасымдылық шынжыры бойымен әр кезек әркім өз алдына тыңнан басталатын, әралуан адамдардың ерік мүмкіндігі мен аңсары тулататын, жөңкілтетін өмір дариясы – әр дәуір, әрбір кеңістік бойымен үздіксіз тың және қай-қашанда тыңайып отыратын жаңа Мендермен толықтырылып, молықтырылып, жетілдіріліп, күзеліп, түзеліп, түлеп отыратындықтан, мәңгілік мәнді сауал әрбір тың Мен, әрбір осы Мен үшін шыт жаңа қайта қойылу күйінен айнымайды, нүктеден басталған қыңыр-қисық сызық өз ғұмыр жорығы бойымен қайта айналып келіп тағы да тың нүктеден басталуға кіріседі. Егер, мәлім дәуірдегі адамзаттың мәлім толқыны шындық құпиясына біржолата қаныққаны, сауал сұрағын біржолата жауап нүктесіне айналдырғаны жөніндегі дақпыртқа еріп, күллі сауалдың ең соңғы жауабы делінетін жасанды нанымға тастай жабысса, яғни олар енді қайтып жаңармайтын абсолютті, ең соңғы, бірден-бір ақиқатты таптық деп мақтануды мәдениет сеніміне айналдырса, сол жерде адамзат, ұлт-ұлыс және ұлағатты жеке тұлға тарихы ақырласып, хайуанат түрлерінің адам делінетін жасанды наныммен өмір сүретін жаңа түрі пайда болады. Әрбір дәуір, әбрбір ұлыс, әрбір ұлы толғанушы тарихтар бойы адам болмысы мәселесіне өздерінше жауап бермей қалған жоқ, тарихи сан-алуан жауаптар тасқыны түп сауалды тұмшаламай да қалған жоқ, қайта бір реткі ұлы сынақ ретіндегі қандай да бір жауап шынжырын үзуге құлшынған өзекжарды мәңгілік мәнді сауал әрбір жекенің жаны мен тәнінен үздіксіз жаңадан оянып, оның ақиқат аңсарына күпті еркін ширықтырып, сауалдың баяғыдай жұмбақ күйде осы Меннің рухында қайта бадыраюын туғызған. Бұл – мәселенің тылсымдығынан, немесе алдыңғы буын берген жауабы жаңа жекені қанағаттандырмағандықтан, жаңа бір ұрпақ жаттанды дүниелерді анықтамай, нарықтамай бірден келісе салу ауруынан арылғандықтан ғана емес, негізі мүлде басқа себептен, яғни мәселені тың тұрғыдан анықтау мүмкіндігін қарастырудың осы Менде оянған өзіншелік сұранысынан да – ол философияны қажеттілікке айналдырған толғаныс түрткісі ретінде, тарихи үрдіспен бірге үздіксіз қайта анықтауды күтіп көкейде бедірейіп тұрады. Сұраққа именбей қарсы тігілу жүректілігі мен қайсарлығы көптеген адамдарда жетіспейтіндіктен, тарих дариясы көбінесе мәнсіз-мағынасыз ырғақпен беталбаты жөңкіледі. Өзінше толғаныс ырқына тума ие әрбір адамның – әрбір жаңа жекенің ұлағаты тарихи жауаптар арасынан өзіне ыңғайлысын таңдап, соған өз болмысын сайдыру емес, бұл төменгі шек және алдамшылығымен ғұмыр мәнсіздігіне үлес қосқан бейімделу, қайта тарихи қонымды жауаптардың нәрін лайықты ескере отырып, өзіне ғана тән жауапты қайта жасақтау және сонымен жүру сынағын жасау жаратымпаздығында жатыр. Өзінің бір реткі жаңа жеке екендігін өз өмір талғамы арқылы өзінше сынақ етіп, таңғажайып даралықты әйгілеген, сол арқылы рухани мүмкіндіктің адами тәжірибесінен түйсінгенін түйіндеп тұнық айта алған, осы себепті де ол тәуелді ұлт және адамзат рухы мен тіршілігі де бір реткі ұлы сілкіністі, қайта түлеуді бастан кешіруге жеткілікті тарихи алғышарт негізін қалыптастырған осынау жаратымпаз тұлғаны адамзат – әулие, философ деп, кейбір ұлыстар «айтушы», «уағыздаушы» деген мәнде оларды «пайғамбар» деп атаған. Яғни, өзек сұрақ болмыстың өз болуына таңырқауы және күмілжуі туғызған мәңгілік тылсым ретінде әр жүректе тыңнан қайта оянған екен, адамзаттық әр кезекті әлеуметтік және рухани сілкініс пен секірістің қозғатушысы ретіндегі тұлғаның осынау өзек сұраққа тыңнан бойлау және оны тыңнан анықтау талпынысы туады. Өйтпегенде, тарихи алға басарлық атаулы негізсіз болар еді де, алдыңғы буын мен кейінгі буын біркелкілесіп, тарих ағыны даралық тұлдырлығы дертіне душар болар еді.
Түйсінілген түсіндіргісіз тылсымат құпиясын ұғымда жарқырату, ондағы жұмбақты шешуге құлшыну, ондағы бұлдырлықты анықтап, шындықтың астарымен қанығу, ондағы оң мен солға теңселген екіұдайылықты аластап, ұғымдық және тұжырымдық дәйектілікке орнығу, рухани қатаң кесетімді жарқындық күйіне бөлену – міне бұл трансцендентальді толғаныс күйінің еншісі. Ол болмыстың рухани деңгейде өз-өзіне қайта назар аударып, бүге-шігесін құтқуарлау ретінде болмыс мәнділігі мәселесін және болмыс мәңгілігі мәселесін болушы тірелер ең күрделі сауал етіп көлденең қояды. Бұл, әуелгі қарапайым табиғи солай көрінетін болуға қатысты құбұлыстарды, үрдістерді, тәртіптерді және жалпы барысты солайлық күңгірттігінен солайлықтың неге солайлығын шешуге құлшынған сауал айқындылығына өзгертіп, болудың болмысқа дөп қисынға орнығуы арқылы қорытындыланады. Болмыс қашанда даралық өлшемі арқылы өзін болушыда айқындайтындықтан, сауалдың өзі де дара мәнге саяды.
Адам дүниеге неге келді деген мәселе, егер «әлем адамы», немесе періште келіп сыртынан шешіп бермесе, адам баласы үшін объективті шешілетін мәселе емес, тек кемелсіз болса да әр дәуірдің бойында, әр адам рухында адами үлгіде субъективті шешілумен шектелетін сауал. Тәңір адамды мәлім мақсатқа бола жаратса, онда адам өзін сол мақсат тұрғысынан ұйымдастырып, соны өз өлшемі ететіні жазымыш. Егер ондай мақсат болмаса, онда адам өз өлшемін өзінше жаратып, өз қалауынша еркін сайран салатыны белгілі. Тарих мәлім мәнде осы екі мүмкіндікті сынақ етушілердің өз жемістерін және содан іліктірген мәңгілік мәнділік сыйын таразыға салып өзін ақтау, қарсы жағын даттау күресі.
Адам әртіс? Адам режиссер? Адам көрермен? Ол орындайтын, ойнайтын тарихи оқиғаны кім белгілейді? Ойын негізделетін мәтінді кім жазады? Өзі ме, әлде «бөгде» ме? Алдын-ала жазылып қоя ма, әлде жол бойы жазылып бара ма? Немесе, өмір мәтінсіз кездейсоқ қиылысым, еріксіз құрастырылым ба? Әлеуметтік, тарихи және жекелік өмір мәтініне қандай өлшем арқау болған? Адам өлшем тұрғысынан кім?
Мәселенің өзі Мен жағынан қойылып, Мен тұрғысынан анықталуды талап етіп отырғандықтан, сондай-ақ ықылымдағы болушы төрт негізгі тылсымат Мен, Жаһан, Жан, Тәңірі ішінде тек Меннің барлығы және руханилық ғана сұрау қоюшы болмыс үшін шүбәланғысыз тіке айқындылыққа ие негізгі арқау болғандықтан, Мен – кімдікті анықтаудың өзек жіп ұшы ретінде қарастырылмақ. Яғни, адам мәселесі мұнда Менді өзек еткен күйде мәнділік тұрғысынан анықталуы сөзсіздік. Дегенмен бұл дәстүрлі идеализмге мойын бұру емес. Идеализм бұл мәселені айналып өтеді, өйткені, онда Меннің (немесе, рухтың) шындығы күллі сыртқы нақты болушылардың болмысын өшіретіндіктен, мұндай мәндегі мәңгілік мәнді мәселелердің туу мүмкіндігі жоғалады. Дж. Беркли былай деген: «Менің байқағаным мынадай бір ақиқат болатын: аспандағы барша жұлдыз, жердегі барша құрылғылар, яғни жаһанды құраған барша зат көңілдің сыртында өмір сүретін болмыс емес, олардың болмысы сезіну мен білуге саяды». Мысалы, онда адам мәңгілік мәнділік өлшемін қоюшы болмыс делінсе, ол Меннің өз-өзіне тұйықталған өзімен-өзілігі ғана. Сосын, ешқандай объективті алғышарттар болмағандығы себепті, адам шындығы бұлдыр елестік күйдегі алданыш қана. Әрине, мәңгілік мәнділік жөніндегі асқын түйсіктік саралау – материализм бағытына зіл тойтарыс екені айдан анық, өйткені, материализм догмасының қатаң логикасында мәнділік пен мәңгілік мәселесі тіптен қойылуға тиісті сұрақ емес! Материализмнің ең ірі ойшылы Фейербахша айтқанда: «Ешқандай пішінсіз болмыс – объективті емес болмыс, ал объективті емес болмыс – ештеңелік күйдегі болмыс». Яғни, пішінсіз болмыс атаулыны түгел жоққа шығару олардағы ортақ ауру. Меннің мәнін саралау материялизм, идеализм делінетін шектің сыртына шығып, зат пен идеяның артына үңілгенде ғана айқындалады.
Әдетте, адам санасында ғұмырдың, ғаламның, болмыстың алуан шындықтары тұс-тұстан анталап, түрлі сауалдарға айналып жауап талап ететіндігі себепті, адам баласы өзі сезсін-сезбесін, ескерсін-ескермесін, дүниенің күллі құпиясы миында кептеліп тұрғандай, бірақ бұл құпияның өзі және оның шешілу түйіні тегі не екенін анық аңғара алмаған, айқын бейнелей алмаған жасырын саналық күмілжіген, қыстыққан, қолайсыз, сасқалақ күйінде ғұмыр кешеді. Егер адамға барлығы да түсінікті сезілсе, онда бұл алданғандықтың дерегі, егер барлығы да түсініксіз сезілсе, онда бұл тығырыққа тірелгендіктің дерегі. Ақырғы есепте, түсініктіліктің артындағы түсініксіздікке, білінетіннің артындағы білінбегенге, деректіліктің артындағы дерексіздікке, анықтықтың артындағы бұлдырлыққа, нақтылықтың артындағы тылсыматқа сұғыну ғана шынайы ой орбитасына — идеал ой әлеміне орнығудың дерегі. Ойдың осынау беймәлімге сұғынып, соған терең шому күйін – толғаныс күйінде өмір сүру деп атаймыз. Ал, бұл – философтың шындығы.
Осынау тұс-тұстан анталаған сұрақтар тасқыны сан-алуан, қым-қуыт, шым-шытырық болғанымен, арасында ең түбірлі, мәнді де, мәңгілік, күллі адам баласына бірдей ортақ, бірақ нық жауабы Менге күңгірт болған түбегейлі, мәңгілік сауалдар да бар, олар философия делінетін жекенің рухани толғанушы ретіндегі даналыққа ғашықтығы дәстүрін мүмкіндікке ие еткен. Мәңгілік мәнді сауал – дерексіз тылсымдықтың рухымызда рухани жарқырауы, демек, рух қанша жарқын болса түп сауал да сонша айқын болады. Ал, нық жауапқа талпынған толғаныс – осынау сауалдарға рухани әзірлікпен бетпе-бет келу, болмыстың рухынымыздағы идеал, саф үлгісімен сауал ымдаған шындықты таразылау. Уақыттық сұрақтар нөпірінен өзгеше, түбегейлі, түбірлі, түп сауалдар – рухани қоламталы мәселелердің Мен өзегінде түйіншек болып, болмыс пен оның болуының неден дерек беретініне жауап сұрауы. Әр адам осынау ғаламда бір реткі біреу болып өмір сүреді екен, демек, ол өмір тудырған түбірлі сауалдардың өз жүрегінде тыңнан бір рет қайта қойылғанын, дәстүрлі жауаптар мен өзгелердің жауаптары оны шындап қанағаттандырмайтынын тума түйсіне алады.
Біз «адам кім?» делінетін сұрақты арнайы шешпес бұрын, алдымен адам баласының осынау «мен тегі кіммін?» деп өз-өзіне күмілжи кері сұрақ қойған сұрау салушы болмыс шындығын негіз етіп, ол өз-өзіне қайсы және қандай сауалдарды тәжірибеден бұрынғы ең негізгі тума түп сауал етіп қояды деген түйіннен бастап аталған мәселені қарастырамыз. Мұны сауал арқылы сауалға жауап беру әдісі десек те болады. Адам баласын қай-қашанда мазалаған өзекті сауалдар адамның кімдігін айқындайтын айна болып, олар түйіндеп айтқанда төрт ұлы түп сұрақтан құралады. Олар күллі ой-қиял мен сөз-әрекеттің ішкі арқауы, адамзат өркениетінің алуан үлгілерін сомдаған көрінбес мүсінші, қай дәуірде де жүрек қылын шертерлік төрт ұлы киелі тақырып. Олар:
1. Өлшем мәселесі: «Мен өз өлшеміммен өмір сүру еркіндігіне иемін бе, жоқ әлде өз сыртымдағы бөтен өлшемдердің құлымын ба?» Яғни, адам өзіне және баршаға өлшеммен қараушы, өз өлшемін қоюшы болмыс па, әлде өз сыртындағы әралуан өлшемдерге бағынышты болмыс па? Өлшемнің мәні не? Адам өлшемінің төркіні қайда жатыр? Адам баласының өзіне және төңірегіне қояр түп өлшемі қайсы? Адам болудың болмыстық өздік өлшеммен бірлігі қаншалық мүмкіндікке ие? Еріктіліктің және құлдықтың мәні не? т.б.
2. Мәнділік мәселесі: «Мен неге бола өмір сүріп жүрмін? Немесе, бір реткі осы ғұмыр жанымды да, тәнімді де тұшындырар, сүйіндірер мәнді мәнге ие ме?» Яғни, екі аяқты тік басып жаһан ауласында өмір сүруде мәнділік бар ма және бар болса, ол сүйіндірер оң мәнде ме? Мәнділіктің мәнді болу мәні неде? Адамдық даралыққа сай мәнділік жарататын адам болу үлгісі қандай? Өмірден жиренуді туғызған мағынасыздық (абсурд) иектеуінің себебі неден? Ұлылық пен тобырлықтың мәнділік мүмкіндігі қаншалық?
3. Мәңгілік мәселесі: «Мәңгілік қақпасы маған айқара ашылған ба? Бір реткі ғұмырымның мәнділігі баянды мәңгілік мәнге ие ме?» Яғни, мәңгіліктің мәні неде? Ол қашанға дейін? Мәңгілік пен шексіздіктің өзгешелігі қандай? Ғаламдық алып айналыс бойында оянған рух – адам Мені баянды мәңгілік ұғымға ие ме? Адам жаратқан құндылықтың, адам басқан іздің, адам әйгілеген руханилықтың тарих тасқынына көмілмес баянды өміршеңдік құпиясы қайда жатыр? О дүние нанымы, мәңгілік айналым дүниетанымы және бір реткі біреу идеясы нендей мәнді меңзейді?
4. Жол мәселесі: «Мен қандай талғаммен өмір сүрмекпін? Қайсы жолмен жүрмекпін? Адамдығым қайсы нұсқада болмақшы?» Яғни, адамдық ұлағат биігіне ұластырар ортақ, не жеке соқпақ бар ма және осындай жолдың қажеттілік кепілі неде? Рухани құндылық жарату-жаулау еркі ілкіндегі жол және жанбағыс аңсары ілкіндегі жол деген не? Құлдықта өрмелеу жолы, шығар жол іздеуді сынақ ету және түпнұсқа ерік еркіндігі биігіне көтерілу жолы сынды ұқсамаған өмір жолдарының мәнділік деңгейі, мәңгілікпен қатысы қандай? Өздік өмір жолын қалыптастыру және өзінше өмір жолын басудың мәнділігі мен мәңгілігі мәселесі, т.с.с. мәселелерді шешуде адамзат тарихы қандай өнімді, не сәтсіз сынақтар жасаған? Түпнұсқаға қайту мен азғын нұсқаға емінудің ыңғайын қандай себептер туғызған?
Осынау адамдық болмыстың мәнін сұрастырған өзекжарды төрт ұлы түп сауал адамның баршаны рухани қамтыған қатысты жауапкершілігін ғана емес, ең маңыздысы адамның күллі болушылардан түбегейлі даралық ерекшелігін көрсетіп тұрыпты. Білуімізше, адамнан өзге өз-өзіне осылай сұрақ қоятын болмыс үлгісі жоқ және адамнан өзге өзін өз сұрағына жауап ретінде жасайтын, жарататын болмыс жоқ, демек, болмыс дегеніміз адамда болу – ғұмыр күйі, яғни адамның болмысын оның ғұмыр болуынан, өзекжарды сауалдарға өзінше жауап беру ретінде өмір сүруінен көреміз. Бұл төрт ұлы түп сауал өз-өзіне сұрақ қоюшы болмыстың кім екендігін емексітеді: адам ең ұлы мәнде мәңгілік мәнділік өлшеміне сай жол жүруші. Сондай-ақ, осынау түбірлі төрт ұлы сауал философияның өзекті мәселесі болып түйінделеді, ол түбегейлі айтқанда ғұмырдың мәңгілік мәнділігі мәселесі.
Төрт ұлы түп сауал әрі тайға басқан таңбадай айқын, әрі бар болу мен жоқ болудың құпия шекарасындай тылсым, бұлыңғыр. Философия ежелден жаттанды жауаптардың рас-жалғандығын тың тұрғыдан қайта таразылау ретінде рухани бұлыңғырлықтан шындықтың анық, айқын, айшықты кескінін суыртпақтауымен, сұрыптауымен, өмір сүруге мәнділік пен мәңгілік нәрін беретін құдіретті, бұлжымас тұлғалық сенім қазығын жүйелеуімен құнды. Олай болса, біздің көздегеніміз де осынау өзекжарды төрт ұлы түп сауалдың астарындағы бұлдыр мәнге сұғынып, ондағы көмескіні көрнеуге алып шығуға құлшыну болмақ. Дегенмен, мәнділік мәселесі жай ғана «өмірде мән бар ма, жоқ па?» дегендік емес, мәңгілік мәселесі де жай ғана «өмірден кейінгі өмір – о дүние бар ма, жоқ па?», «рух өле ме, әлде мәңгі ме?» – дегендік емес. Өмірде мән болсын, болмасын, о дүние мейлі шын, мейлі жалған болсын, адамның өмірден мәнділік қарастыратын, мәңгілікке талпынатын ерекше рухани құштарлығы өмір шындығының болмыстық астарына таза философиялық күйде үңілу міндетін қояды.
--------------- — Алфи Хайдар Амед
 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы