Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Дерт, Сенім және Жол

Дата: 26 февраля 2011 в 22:40

 
 

Ұлы табиғат кірлесе күні-түні нөсер жауып жуынады, жойқын дауыл соғып сүртінеді. Ал рух, өмір, қоғам кірлесе ші? – Онда ол көркемөнердің жүрек тебірентер мәңгілік тұнық ырғақтарымен жуынады, көркемойдың өзектен оянған, өзекті айтатын жойқын дауылы соғып сүртінеді. Мұндағы көркемөнер және көркемой дегеніміз рухани дарабоздың идеал болмыс әлемінде еркін тыныс алуы, ерікті қанат қағуы.
Тұнық көркемөнерсіз­ өмір енжар, мөлдір көркемойсыз ғұмыр екіұдайы! Енжар өмір түкірткізеді. Екіұдайы ғұмыр жарға жығады. Жанпидалық пен тұрлаулы кескіндікті еншілеу үшін рухани тазарудан өтуге тиіспіз.
Ішіміз бен сыртымыздың біртұтастығына кедергі болып, адамдығымызды арсыздықпен құдаластырған, жасампаздығымызды өлі қайталаумен маужратқан, иә бұл, иә ол емес мағынасыз сүйретпелік пен ұсқынсыз бейшаралықтың тамырына балта шабуда ие болғандарымыздан, әдеттенгендерімізден, кейде тіпті осыған дейін сеніп келген алданыштарымыз бен жұбаныштарымыздан арылуға жүректілігіміз бірмойын қаталдық танытсын. Кім болуды болмысымыздан қуат алған мәнділігі баянды биге айналдырып көркемөнер жауынына шомылдырайық, рухани құлағымызды өз өзегімізге түріп даналық күбірін тыңдайық, рухани көзімізбен әйгіленістер артындағы тылсымат аңғарын тамашалайық. Сондағы тарих көшінен ұйыған, рух қойнауына жасырынған, тұншыға қорланып келген адамдық асау, кіл күштер ашыққа шығып, парасатпен нұрланған жаратымпаз, жаугер еркіміз болуымыздың болмысымызға жат былжыр мағынасыздық былғағын, былығын түзетсін, қадамымызға қайсарлық, қадамымызға шаттық ұялатып, үрей мен алдамшы үміт туғызған ескі қамалдарды бұзып-жара мәңгілік көмбесіне жанпида атойлатсын. Бәлкім өмірдің мәңгілік мәнділік құпиясын сонда түйсініп, Меннің ұлағат киесіне сонда орнығармыз. Бәлкім тарықтырған, түңілткен, қалшылдатқан тығырық пен дерттің қай тұста жатқанын сонда аңғарып, соны жеңудің бірден-бір бітпес-түгемес күш-құдіретіне, болмысымыздың даңқын жер-әлемге әйгілеудің ұрымтал жолына сонда кенелерміз. Бәлкім жаламаларға жармасу орнықтылық туғызып, жазықта жүру басыңды ауыртатын сондай бір шабыты тасыған жасампаз Мен өмір көкжиегіне өз жолағын сызар. «Бәлкім» сөзі жасырған мұндағы екіұштылықты тек медетімізді қабыл етіп, даралығымызды шың мен шыңырау алуға бейімдеген ұлы Тәңірі ғана түзете алады, оң мәнде орындауға оңтайлай алады. Демек бұл түрдегі тазарудың мәні – Тәңірі жазымышты қабылдап, сұм тағдырмен бетпе-бет, жекпе-жек келуді дәріптейтін өздік философияға ие болу, соған иек артып, ғұмыр тізгінін жаратымпаз даңық көмбесіне бұру жанпидалығы.

Үміттендірулер көбейген жерде ұрынулар жиі болатыны белгілі. Бірақ қадамыңды қалауыңа үндестіретін елес пен шындық қилысқан тұста сенің бүкіл қозғалысыңды меңгермейтін үміткерлік ұраншыл айтақтан ары болмайды. Қолпашқа оранған тілектер көбейген сайын ұлы істерді тындырып тастағандай маңғаздық орын тебеді. Бірақ егер жақсы тілектердің алдында шабыт тұлпары сүліктей жарап, қайсарлығы жер тарпыған шабандоз тұрмаса, Тәңірі құдірет орай шашуын шашып, ілтипат есігін ашпайды.

Күн әлдеқашан найза бойы көтерілген болатын, бірақ есік ашыламады, жол жүрілмеді, соңғы сол киелі нүкте ұмытылып, жарты жолда ақырласқан ұлы үміт бейшаралық кебінін сүйретіп түрме терезесінен сығалады. Сенің қозғатушы себепті өзгеден, бөгдеден күтуің, оңайдан олжа іздеуің, маужыр елеске емініп, арзанға жұбануың есігіңдегі безбүйрек қара құлыптың елесіне, түсіңдегі мәңгі алынбас тас қамалдың сесіне айналған. Бәрі де түрме атаулының қашанда ішінен бекітілетінін түсінбеуге қатысты.

«Адам не?» – деп мазамды алды. Ол қаны ақса жаны шығатын бір дағар ет пен сүйектің күрделі жымдасуы, бес сезім мүшесінен қабылданған ақпардың әсіре боялып, өңделіп, өзгеріп көрінуі, жасаушалардың кездейсоқ ұйымдасып, өзі көтере алмайтын жүкті арқалауы ма? Жүрген жол, шүбырған сөз, шиырлаған із, ширықтырған күш, ширатылған іс пе? Әлде, маңдайдағы қос нүктеде жарқырай жайылған алданыш елес көрініс қана ма?
– Жоқ! Бұлай айту адамды түсінбеу болады және адам баласы осы түрдегі түсіндірулердің ықпалында өзін-өзі алдап келген. Адам ол бір уыс күл! Қақалтар қошқыл түтін! Жирендірер сасық ис! Сондай-ақ ең маңыздысы, бәлкім ол алаулаған жасыл жалын!!!
«Адам кім?!» – деп мазамды алды. Ол әлеуметтік илеудің жұмысшы құмырсқасы, қоғамның, билік жүйесінің басыбайлы мүшесі, үлкен шығарманың ұсақ тарауы ма? Әлде, жоқтан уақыттық бар болған, аз уақыт иесіз тентіреп, ақыры жоққа сіңіп, топыраққа батып жоғалатын үмітсіз тұйық сызық, тентіреген ғарып қаңбақ, тамыздығы шекті, тамыры қысқа лап етпе кездейсоқ от қана ма? Әлде, осындағы нақты жарық дүниеде күнәсін жууға, жаза мерзімін өтеуге бұйырылған, шектеулі мерзімде пенделігінен емтихан тапсыруға жіберілген елестік, дәлелдегісіз сондағы дүниенің осындағы күнәһар, бейшара, міскін құлы ма? Бір реткі қателік, бір реткі құрал, бір реткі сырапшылдық па? Кешігумен нәтижеленетін тыраштану, арзанға алданған сүйретілу ме? Бос әурешілік екенін біле тұра еш қабылдағысы келмейтін, жеткізбейтін арманға, орындалмайтын мақсатқа ұрынып, өнімсіздіктен құты қашқан тіршілік жындысы ма? Ретсіз жазу, мағынасыз байбалам, жұтылатын жаңғырық па?
– Жоқ! Бұлай айту адамды қорлау болады және адам баласы көбіне-көп осылай да, осылай қорланып келген, зорланып келген. Адам ол киелі асқын нүктеге талпынған баянды мәнділік құлшынысының уақыттық үстіне алушысы және өткерушісі! Ол өз кие иесінен жасампаздық рух пен асқын қиялды енші еткен жаһанның ерке еркін баласы! Адам, ол бір реткі дара біреу! Қозған құштарлық және қопарылған тебіреніс! Қара бұлтты жарған найзағай, қара түнді серпіген жарық! Бұлқынған, буырқанған, долданған жүрек! «Үшін» үшіндік! Шаттықтың мұңлы кейіпкері! Мәңгілік соғыстың жанпида жауынгері! Жарату үшін игіліктенуші! Өзі болу үшін бәрі де бола алушы! Сондай-ақ, бәлкім ол барша үлгілердің ұйынды үлгісі, барша өлшемдердің астыртын түп өлшемі!
------- — Алфи Хайдар Амед («Дерт, Сенім және Жол» кітабынан.)
 

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы