Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Ағабек Қонарбайұлы. Діндарлық – қалыпты, дінсіздік – қауіпті

Дата: 27 февраля 2011 в 14:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Шариғат талабы бар мұсылманға бірдей болғанымен, діни көзқарас әртүрлі. Діни пікір өзгергенімен, дін өзгермейтіні белгілі. Мәміле мәселесі мүшкілдеу. Мойынсұну аз, мойындамау көп. Өзегіміз өртеніп кетсе де, әлсіз тұсымыз осы. Енді не істемек керек? Мәселенің түйінін қалай тарқатамыз? Діни алауыздықты қайтіп ауыздықтаймыз? Секталарды қалай шектейміз? Сарапшыларымыз осыны сөз етті. «Жас қазақ» конференциясының кезекті қонақтары — жазушы-журналист Марат Тоқашбаев, белгілі ақын Құл-Керім Елемес, «Шапағат-Нұр» журналының бас редакторы Нұртай Ерназар, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы Сейдмұхаммед Әбдінайым.

Пиғыл мен қимыл

Жас қазақ: Дінді билік үшін пайдалануға қалай қарайсыздар? Сұрақты төтесінен қоюымыздың себебі де жоқ емес. Соңғы кездері Қазақстан мұсылмандары одағы дейтін ұйым саясатқа араласа бастады. Одақтың төрағасы таққа таласуға білек сыбаныпты. Президент сайлауына қатыспақ. Не айтуға болады?Марат Тоқашбаев: Мен Мұрат Телібековтi жақсы танимын. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жұмыс істейді. Бір кездері «Қазақстан» телеарнасында дін тақырыбында ойдода өткізілді. Сол кезде еліміздің діни басқармасына шүйлігіп, айып таққандай болды. Сонда мен одан: «Осы сіз басқаратын одаққа қанша адам мүше?» — деп сұрадым. Жауап бере алмады. Байқасам, сол одақта жалғыз өзі жұмыс істейді екен. Қолдаушылары жоқ. Батыстың кейбір елдері Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарға грант бөледі. Менің байқауымша, ол Ұлыбританиядан ақша алатын көрінеді. Қазір онсыз да ислам дінін «құбыжық» етіп көрсетіп, мұсылмандарды іштей іріту саясаты белең алып келеді. Көк қағазға бола өз иманын сатып, бей-берекетсіз айыптаулар тағып, мұсылмандар туралы жағымсыз пікір қалыптастыру әрекеттері көрініс табуда. Мұның артында шетелдің құпия қызметкерлерінің ықпалы тұрғанын біз мойындау­ымыз керек. Мұсылмандар одағының жымысқы іс-әрекеті сөзімнің айғағы деп есептеймін. Ал осы одақ төрағасының өзін президенттікке ұсынуы қып-қызыл — пиар. Ол қазақшаны жөнді білмейді. Үлкен қызметтерде болып, қазақтың сеніміне кірген азамат емес. Қазақша айтқанда, мұнысы далбаса әрекет. Оның сөзіне иланудың қажеті жоқ. Жас қазақ: Телібековтi танитын­дарыңыз бар ма?Құл-Керім Елемес: Мен оны танымаймын. Осындай одақ құрып алғанын сіздерден естіп отырмын. Бұл өзіне ұпай жинағысы, өзін жарнамалағысы келген адамның әрекеті. Сырттан ақша алудың бір тәсілі шығар. Мемлекет мұндайлардың жұмысына тосқауыл қою керек.

Халал мен харам

Жас қазақ: Дін­сіз­дерге емес, діндарларға үрке қарайтын жағдайға жеттік. Баласын мешітке жіберуге қорқатын ата-аналарды кездестірдік. Біз неге діндар болудан қорқамыз? Нұртай Ерназар: Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаны сол еді, бар-жоғы 30 күннің ішінде діни-сенім туралы заңды қабылдатқызып жіберді. Заң сол кезде жазылған жоқ. Бұл ертеректе арнайы дайындалған. Оған сыртқы күштер ықпал етті. Осыған дейін бір емес, бірнеше заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ал дін туралы заң өзгертілмей келеді. Мұның астарында үлкен ойын жатыр. Мәселенің екінші себебі — діни сауаттың төмендігі. Намаз оқыған адам шариғат талаптарын біледі. Оны орындауға тырысады. Ал бұдан хабары жоқ адам үшін діннің талаптары жат боп көрінеді. Біз халқымызға дінді жоғары деңгейде жеткізе алмай жатырмыз. Анкара қаласының өзінде төрт мыңнан астам мешіт бар екен. Ал енді Қазақстан бойынша қанша мешіт бар? Оның жартысынан сәл асатын шығар. Ауылға білімді имамдар жетіспей жатыр. Түркияда имамдардың айлығын мемлекет төлейді. Бізде осындай жүйе жоқ.Сейдмұхаммед Әбдінайым: Дін саласында жүрген азаматтардың мойнына үлкен жүк артылды. Расында да, халық рухани әңгімеге шөліркеуде. Уағыз айтсаң, ұйып тыңдайды. Дінге енді бет бұрып жатқан азаматтар өзгелерді де жақсылыққа шақыруда. Оларға Алла разы болсын. Алайда көп адам исламды тыймдардан тұратын дін деп түсінеді. Неге? Кей жағдайларда кейбір бауырларымыз насихатты сүйіншілеп емес, қорқытып жеткізеді. Бірақ біз елді тозақпен қорқытқанмен, ешқандай мақсатқа қол жеткізе алмаймыз. Жөн-жосықсыз «анау харам, мынау харам» деп үркіте берсек, осыдан кейін ол дінге қалай келсін? Сүйіншілеп, қуантып, дінді ұстанудың жақсылықтарын жеткізсек, абзал болар еді. Дінді тар түсінікпен қарауға болмайды. Еліміздің батыс аймағында иманға бет бұрған кейбір жастар ата-анасын намаз оқымағаны үшін кінәлап, ауыр сөз айтады екен. Ниеті дұрыс қой. Адам өзі намаз оқығаннан кейін, өзгелер де сәждеге бас қойғанын қалайды. Иманның ләззатымен бөліскісі келеді. Алла ниетін қабыл етсін. Бірақ тағы да қайталап айтуға тура келіп тұр, дін даналықты қажет етеді. Қызба мінезімізбен көпке бара алмаймыз ғой. «Мұсылман болу әсте-әсте» деген сөз бар. Ата-аналарымыз «Құдай жоқ» деген атеистік қоғамда өмір сүрді. Оларға да түсіністікпен қарайық. Алла қаласа, күндердің-күнінде жүрегі жібіп, иманға келер.Марат Тоқашбаев: Иә, дұрыс айтасыз. Құранда Алла бізге әуелі Өзіне құлшылық етуді, сосын ата-анаға құрмет көрсетуді әмір еткен. Тіпті ата-аналарыңа «уф» демеңдер деген аят бар. Бір кісі пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Анамды Меккеге апарып келдім, қызмет еттім, борышымды өтей алдым ба?» — депті. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Оның түнде ұйқысын бөліп, сені емізген шаршауын өтей алдың», — деген екен. Өзге дінге өтіп кеткендер болмаса, әр мұсылман қазақтан мұндай қылық шығады дей алмаймын. Ата-ананы жау көру, Құдай сақтасын, нағыз имансыз адамның ісі. Егер отбасында бөлінушілік пайда болса, бұл қоғамға қасірет әкеледі. Сол жастарға ақырып-жекіріп «сенікі дұрыс емес» дегеннен гөрі, оларға дінді даналықпен жеткізгеніміз жөн. Қазақ жігіттерінің Атыраудағы қабірлерді қиратқаны туралы ақпаратты оқып, жағамды ұстадым. Бұл вандализм емей немене? Қырып-жоюмен, қорқытып-үркітумен дінді жүрекке жеткізе алмаймыз. Керісінше, бұл адам жанын тітіркендіреді.

Сыйыну мен тыйылу

Нұртай Ерназар: Дінді ұстанып, ұстанбай жүрген адамның арасындағы қайшылық, менің ойымша, олардың ұста­ным, таным-түсініктерінің ал­шақтығынан туындайды. Көп адамдар тойды арақ-шараппен өткізеді. Ал иманға бет бұрған жастар мұны қолдамай жатады. Талас-тартыс осы жерден басталады. Егер сол жігіттің діни сауаты, даналығы болса, ата-анасына арақпен өткен тойда тілектің қабыл болмайтынын, шайтан су барлық жамандықтың бастауы екенін тәптіштеп түсіндіреді. Оған құлақ асқан ата-аналар да бар. Мәселе біздің арақтың харам екенін көркем түрде насихаттай алмауымызда. Кез келген мәселенің түйінін шешу үшін кейде онымен ұзақ күресуге тура келеді. Бәрін бірден өзгерту қиын. «Біз Аллаға ғана бас июіміз керек», — деген тар түсінікке қатып қалған кейбір інілеріміз беташар жасауға қарсы боп жатады. Бұрыннан беташар жасап келген ата-ана үшін бұдан бас тарту өте қиын. Құрмет ниетімен келіндеріміздің сәлем салуында оғаштық жоқ. Сондықтан, біздің теолог ғалымдар осыны тәптіштеп түсіндіріп, аражігін ажыратып беруі тиіс. Батысқа сапарлап барып, мешіттен намаз оқып шықсаң, сен жергілікті халықтың ойынша «уахабиссің». Намаз оқығанның бәріне осындай көзқараспен қарайды. Олардың ойынша, Бекет атаға «сыйыну» — дінді ұстану. Кешіріңіз, Бекет атаны сыйлаймыз, бірақ сыйынбаймыз.Марат Тоқашбаев: Қазақтың әдет-ғұрыптары шариғаттың талаптарына 100 болмаса да, 95 пайыз сәйкес келеді. Осы күнге дейін талас тудырып келе жатқан бір мәселе — әруақтарға «табыну». Бабаларымыз әруақтарды құрметтеген, сыйлаған. Бірақ сыйынбаған. Осының аражігін ажыратып алайық. Қазір халық қайтыс болған адамға табынып, жалбарынудың дұрыс емес екенін уақыт өткен сайын түсініп келеді. Абай айтпақшы, Жаратушы тұрғанда жаратылғандардан не сұраймыз?Нұртай Ерназар: Тағы да айтамын, бұл білімнің төмендігінен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына ілім үйретіп кетті және бүкіл үмметіне тал бесіктен, жер бесікке дейін білім іздеуді насихаттады. Бізде неге мемлекеттік телеарналардан айына бір рет болсын, мәселенің мәнін ашып, пәтуа бермейді? Сіздер осыны қалай ойлайсыздар? Бұл халыққа керек қой.Сейдмұхаммед Әбдінайым: Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Құлмұхаммед Маханбетпен бір кездескенімізде, телеарнаға тіпті ақшасын төлеп, эфирге шығу туралы ұсыныс жасағанын айтты. Бірақ басшылар бұған келісімін бермей қойыпты.

Имам мен иман

Жас қазақ: Секе, дінге қатысты өз арамызда күңкіл сөз көбейіп кетті. Неге? Себеп қайсы? Сейдмұхам­мед Әбдінайым: Қазір шетелден (Мысыр, Мәдина, Түркия, т.б.) ілім алып келген жас ғалымдар уағызды сол жақтың таным-түсінігімен айтады. Ол жақ пен бұ жақтың дін туралы көзқарасының деңгейі әртүрлі болғанына байланысты кейбір жағдайларда келіспеушіліктер орын алуда. Исламның үлкен ғалымы Әбу Ханифаның көрсеткен мәзһабын бәріміз ұстансақ, тәртіп, ауызбіршілік болар еді. Төрт мәзһабтың ұстанған бағыты дұрыс екенінде күмән жоқ. Біздің діни басқарма әбу Ханиф мәзһабын ұстанады... Нұртай Ерназар: Мәке, есіңізде ме, осы, тәуелсіздік алған жылдары дінге бет бұрған адамдардың бәрі бірдей еді. Ешқандай алауыздық жоқ еді. Қазір ше? Керісінше, өзара түсінбеушілік орын алды.Құл-Керім Елемес: Менің ойымша, біз бұл мәселенің алдын алуымыз керек. Дін мемлекеттен бөлек деген түсініктен арылуымыз керек. Керісінше, діннің қазақ халқының өсіп-өркендеуіне көп үлес қосты. Қазақ талай қиындықты бастан кешті. Соның бәріне сабыр сақтаған қазақтай ұлтты мен көрмедім. Дін бізді сабырлыққа үйретті. Құдайсыз қауымдардың ырқында жүргенімізбен,  ата-бабамыз сонда да иманын сатпады. Сондықтан, біз бір идеяның төңірегінде топтасуымыз тиіс. Әйтпесе, өзара күңкілдесуіміз жақсылық әкелмейді. Бір-бірімізді қаралаудың қайыры жоқ. Нұрекең телеарнадан уақыт бөлудің бір шетін шығарды. Мені кейде сұхбатқа шақырады. Журналистер «аға, дінді айтпай-ақ қойыңызшы, одан айналып өтіңізші» деп, өтініш жасайды. Ауруын жасырғанның жағдайы қалай боларын жақсы білесіз. Отанды сүю — иманнан дейміз. Егер мемлекеттің мерейі артсын десек, сен демей, мен демей, бәріміз бірауыздан ұлтты сақтап қалатын тұжырымдаманың жобасын жасауымыз керек.Марат Тоқашбаев: Мен бір ой қосайыншы. Қазір дінді ұстанған адамға үрке қарайтын көзқарас қалыптасты. Атын, затын білмей жатып «ойбай, ол уахабис, мынау сәләфит» деп жөн-жосықсыз сөз айтып, жексұрын қыла береді. Солардан «уахабис» деген не өзі, түсіндіріп беріңізші» десең, жауап бере алмай қалады. Көз жеткізбей, нақты дәлел таппай, жөнсіз жала жабу жөн бе? Бір-біріміздің көкірегімізден итеріп, сөзімізді жоққа шығарып, ғайбат айтқаннан қазақ ұтылады. Дініміздің дұшпандары бұған қол шапалақтайды. Халифа Алтай атамыз кітаптарында осы мәселені көтерген. Ол кісінің бір артықшылығы, ешкімге «мәзһаб ұстанатын адамға мынауың дұрыс емес» деп айтпаған. Менің ойымша, еліміздегі барлық мұсыл­мандардың басын жиып, бір дастарқан басында ортақ мәмілеге келетін басқосуды жиі өткізіп тұруымыз қажет. Мүмкін ол мұсылмандардың съезі бола ма, жоқ басқадай бола ма, оны ойластыруымыз керек. Сейдмұхаммед Әбдінайым: Бізді құртып жатқан сөз: «Сенікі дұрыс емес, менікі дұрыс». Бәрі пәтуа бергіш болып кетті. Менің ойымша, пәтуаны тек имамдар берсе. Имамға бағына білейік.Құл-Керім Елемес: Елімізде имам дайындайтын бірден-бір оқу орны — «Нұр-Мүбәрактың» мәртебесін көтеру керек. Жатақхана жетіспейді, оқу ақылы дегендей. Міне, бұл мәселелер студенттің емін-еркін білім алуына кедергі келтіреді. Грант көбірек бөлінсе. Себебі, біз кадрды шешіп алмай, халықтың сауатын ашамыз деу — бекершілік.

Бірлік пен тірлік

Жас қазақ: Батыс Қазақстан облысында дін мәселесі мүшкіл. Жақында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті басшылығы орамал таққан қыздарды оқу орнына кіргізбей қойды. Бұл мәселені одан сайын ушықтырып жібермей ме? Құл-Керім Елемес: Біз қыздарымыздың қытайға шығып кеткенінен қорықпаймыз. Қара­көздеріміздің орыстанып бара жатқанын ойламаймыз да. Үйде босанып алған аруларымызға бас ауыртпаймыз. Түсік жасатқан қыздарға жанымыз ашымайды. Кіндігін ашқан бойжеткендерге «әй, мынау қалай?» демейміз. Ал әуретін жапқан қыздарға шүйлігеміз де қаламыз.Нұртай Ерназар: Исламды қаралаған ақпараттың санаға сіңгені сонша, мұсылмандарға деген теріс көзқарас қоғамда іс жүзінде көрініс табуда. Бір шымкенттік басылымнан: «Иегова» куәгерлеріне жылына 5 млн доллар бөлінеді екен», — дегенді оқығаным бар. Қазақтың өзге дінге өтуі біз үшін қалыпты көрінеді. Ал қазақ жастары иманға келсе, кейбір жазушыларымыз айтып жүргендей, бұл қауіпті екен. Қалыпты мен қауіптінің аражігін ажырата алмай жүрміз. Кезінде мен «Алматы кімнің қаласы?» деген тақырыпта мақала жаздым. Сол мақаламда қаланың картасын жасадым. Картаға қарап, бір байқағаным, қаладағы секталардың саны мешіттен асып түседі екен. Бұған жанымыз ауырып, жүрегіміз сыздамайды. Ал қызымыз орамал тағып, намазға жығылса, өре түрегеліп, түгін қоймай, жер-жебіне жеткізіп жамандаймыз. Бұл қалай болғаны? Жас қазақ: Сонымен, қазақты не құт­қарады? Қайтсек, басымыз бірігеді?Нұртай Ерназар: Батыстың бір ғалымы «адам кез келген мақсат үшін өмір сүруі мүмкін, бірақ шындығында біздер дінсіз өмір сүре алмаймыз» депті. Сол айтпақшы, дінсіз адам — қоғамның қасіреті. Адам Аллаға сенбей, жүрегі тыныштық таппайды. Дін әдепті өмір сүрудің жүйесі. Адамға құрмет, туған-туысқанмен қарым-қатынас, бәрі-бәрі — исламда. Мысалы, осында отырғандарымыздың ойы әртүрлі. Бір мәселеге бірнеше пікір айтамыз. Бірақ бір-бірімізге алакөз болмайық. Ортақ жол табайық.Сейдмұхаммед Әбдінайым: Бас бірікпей, ісіміз оңға баспайды. «Мен қазақпын, осы жердің иесімін, дінімді сақтау — менің міндетім», — деген түсінікпен бір-бірімізбен тіл табыссақ, тілдің де, діннің де мәселесі шешіледі.Құл-Керім Елемес: Абайдың жазуына қарағанда, ол заманда «әмәнту» оқымаған қазақ болмаған. Ол кезде секталар қазақтың сеніміне селкеу түсіре алмаған. Ал, қазір ше? Өзіміз ізгі амал жасамаймыз, дінге жанашырлық танытып жүрген жандарға сын көзбен, күмәнмен қараймыз. Байыбына бармай, «пәленше анандай» деп бір сөзбен шорт кесеміз. Кісіні танымай тұрып, ғайбат айтамыз. Біз бір-бірімізбен сөз таластырып, жоқ жерден жала жауып, аяқтан шалып жүргенде дініміздің дұшпандары өзара күңкілімізді сәтті пайдаланып, тынбай жұмыс істеуде. Осы бізге керек пе? Бір-бірімізді көре алмай, күндеп жүргенде секталар қазақша үйреніп, жат пиғылдарын қазақша уағыздап жүр. Олардың жұмысының жандануына жағдай жасап жүрген — өзіміз. Абай мұны: «Біріңді, қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос», — деген бір сөзбен айтып кеткен. Біздің, біріншіден, санымыз аз. Жеріміз кең. Ата-баба аманатын абыроймен атқару үшін, ауызбіршілік ауадай қажет.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, Әзиза ЖҰМАНАЗАРОВА

«Жас қазақ» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы