Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қаршыға Мұқыш. Көкілташ медресесін салдырған қазақ кім?

Дата: 28 февраля 2011 в 10:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бүгінде Көкілташ — тарихи жәдігер ретінде Ташкент қаласына шырай берген ғимараттардың бірі. Қазақ даласының небір дүлдүлдері мен әулие-әмбиелеріне білім берген ғылым ошағы. Бұл медресеге келіп, кезінде «Көмекей Әулие» аталып, билік айтқан Бұқар Жырау бабамыздың білім алғандығы, басқа да көп саңлақ ділмарларымыздың бас сұққаны ел жадында өшпестей сақталған. Бұған Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің: «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды», — деген бір ауыз сөзін дәлел етеміз.

Арнайы Өзбекстаннан алдырған ресми деректерге сүйенсек, «Көкілташ медресесін XVI ғасырда билігін жүргізген Барақ хан мен Дәруіш ханның тұсында (1551-1575жж.) хан уәзірі салдырған, оның лақап аты Көкілташ (ханның емшектес бауыры)» екен. Ал «Қазақ ұлттық энциклопедиясында» осы медресеге байланысты былай делінген: «...Қазақ батыры, қолбасшы, Самарқанның әмірі Жалаңтөс Сейітқұлұлы талай соғыста қарсыластарын күйрете жеңіп, көп олжаға кенелген. ...Жалаңтөс осы байлыққа дербес әскер ұстаумен қатар, Самарқан қаласында Шир-Дор медресесін, Бұхара қаласында Тіллә Қари және Көкілташ медреселерін салдырған». Ал Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы «Аламан» атты кітабында, «Бұхарадағы Көкілташ медресесінің салынуы туралы әпсана» деген еңбегінде: «Бұхара мен Ташкент тұрғындарының арасында Бұхарадағы атақты Көкілташ медресесін салдырған қазақ деген аңыз тараған»-дейді.

Көріп отырғанымыздай, келтірілген үш деректің екеуінде кейіпкеріміздің қазақ екендігі баса айтылып отыр. Ал осы қазақ кім деген сұраққа біреуі — уәзір, екіншісі — Жалаңтөс әмірші, үшіншісі — Көге деген тақуа, кіші жүз ішіндегі атамшал руынан шыққан қазақ дейді. Х. Досмұхамедұлы естіген аңызына сүйенсек, «ол (яғни Көге — ред.) тәжіктер, өзбектер және қазақтар Бұхара ханына бағынған заманда көшпелі қазақ жұртын шариғат жолын білмейтін дінсіз деп танып, құлдыққа сату мәселесі көтерілген Бұхара ханына, қазақ ұлысынан аттанып, тақуалығын және елдің дінсіз еместігін дәлелдеп онымен қоса, мешіт-медресе тұрғызады. Шаһар халқы жаңа мешітті көріп таң қалысады, бүкіл Бұхарада нағыз тақуа адам Көге болғандықтан, бұл мешітті оның атымен Көгетас, яки Көгенің құрылысы деп атай бастайды, бұл атау бірте-бірте қазіргі Көкілташ қалпына ауысады».

Медресе атауы туралы дерек көздерде Көгетас деген әпсаналық кейіпкер мен                                           Көкілташ (ханның сүттес, емшектес туысқаны) деген сөздер кездеседі. Біз оқырман көңілін осы уәждердің соңғысына аудартқымыз келеді. «Түркістан халықаралық энциклопедиясы» аталмыш атауға байланысты мынадай дерек береді: «Көкелташ (түрікше сөзбе-сөз — тете іні) — лауазым. Көкілташ лауазымы орта ғасырлардағы Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстан, Иран, т.б. елдерде кеңінен танымал болды. Алтын Ордада, Әбілхайыр мемлекетінде, Қазақ хандығында, т.б. мемлекеттерде Көкелташ — Ханға жақын және сарайда жоғары дәрежелі қызмет, мемлекет істерінде маңызды рөл атқарған адам лауазымы». Демек, «көкілташ» ұғымы өз алдына тәуелсіз, медресе атауынан бұрынырақ қоғамдық-әлеуметтік мағынаға ие екен. «Жалаңтөс әмірші салдырды» дегенге келер болсақ, оның уәзір болмағандығын ескерген жөн және лауазым деп танысақ, қай ханға інілік қызмет көрсеткені белгісіз. Сонымен қатар, Халел ағамыздың аталмыш кітабында «Самарқан шаһарындағы «Тіллә-Қари» және «Ширдар» медреселерін салдырушы Жалаңтөс батырдың шежіресі» деген еңбекті де кездестіреміз. Онда Ширдар медресесі порталының ішкі қабырғасындағы парсы тілінде Жалаңтөсті мадақтаған жазуды және оның аудармасын береді. Бұл мадақ жазуда Көкілташ жайлы ештеңе айтылмаған. Керсінше, бұл медреселердің ХVІІ ғасырдың екінші ширегінде салынғаны жазылса керек.

Ал, Мәшһүр-Жүсіп еңбегінде: «Бұрыннан құлақта бар сөз еді: «Бұхарай-Шәріпте Көкілташ медресесін Ғабдолла ханның оң қол уәзірі салдырғаны, түбі-тегі Арғын екен!»-деуші еді» — деп бұл істің өзінше өрбуін ұсынады. Жоғарыдағы Көкілташ туралы аңыздағы қазақты Мәшһүр нұсқасы да қуаттап, тек өмір сүрген дәуірі мен тарихта болған нақты адамдар атымен түрлендіреді. Мәшһүрдің бұл әңгімесі тарихпен жанасатындығын аңғарамыз. Ғабдолла дегені («түбі, тегі Сарарқадан, Еділ-Жайық бойындағы төрелерден» дейді Мәшһүр-Жүсіп) — Мәураннахр билеушісі ІІ Абдоллах хан (шамамен 1533/34 — 8.2.1598.) Оның екінші атануын сол дәуірде екі Абдолланың болғанымен түсіндіреді тарихшылар. Ғабдолла ханның XVI ғасырдың екінші жартысында жүргізген соғыстары «дербес ұлыстарды жинақтау» деген атқа ие еді. Демек, «тәжіктер, өзбектер және қазақтар Бұхара ханына бағынған заманда» деп басталатын жоғарыдағы аңыз тарихи дәйектемемен сәйкестік тауып тұр. Дегенмен Көкілташ медресесі Ташкентте орналасса да, Мәшһүр естіген сөз де, Көге туралы аңыз да Бұхарада дейді. Мұның ақиқатын Мәшһүр бабамыздың өзі: «Бұхараның Тыйымшаһар субынасын Ғабдолла хан өзі салдырды да, Ташкенттегі Тыйымшаһар субынасын Ғабдолла ханның оң қол уәзірі салдырыпты»,-деген сөз. Сол оң қол уәзірі Арғын бабамыздың өзі болып шықты. «Көкілташ» аталғаны Ғабдолла хан мен екеуі бір күнде туып, екеуін Арғынды тапқан қатын емізіп, оң емшегін аузына салып отырып:

-Бірінің аты — «Ханбаба», бірінің аты — «Құлбаба» болсын! — депті», — деген тың қөзқарасты алға тартады.

Сонымен Көкілташ, Арғын, Құлбаба бір адамның аттары болып шықты. Көкелташ әуелде Абдолла мен Арғынға ортақ есім болған. Оған дәлел: «Ханбаба хан болған соң: «Насыралдин Әбузахар Ғабдолла хан» — деп, теңге соқтырып, таңба бастырыпты. Құлбабаны «Көкілташ» атапты. Ол сөздің мәнісі: «Екеуміз бір емшектен сүт еміскен едік»,-дегені екен» — деген Мәшһүр сөзі. Көкілташ атауының «сүттес», «емшектес» туысқан дегенді білдіретін марқұм Серікбол Қондыбай да «Арғықазақ мифологиясы» деген еңбегінде қуаттап, М.Х. Дулаттың «Тарихи-и-Рашиди» еңбегіне сілтеме жасайды.  Ал Арғын бабамыздың жоғарыдағы айтылған лауазымда болғаны не болмағаны жәйлі күмәнді Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің өзі сейілтіп: «Тоғыз жүз алпыс тоғызда Ғабдолла ханның биі болған», — деп Әбілғазы хан шежіресін куәға тартады. Сонымен бірге Мәшүр: «Тоғыз жүз сексен бесте Ташкентте Көкілташ медресе мен Тыйымшар субына қылғанын «Сопы Құлбаба»-деп, Мыстығы далызбан Дешһабалдин сөйлеген», — дейді. Біз соңғы куәландырушының кім екендігін қолымызда дерек болмағандықтан дөп басып айталмай отырмыз.

Біз жоғарыда медресенің қай қалада орналасқаны жайлы екіұшты пікірді Мәшһүрдің сөзімен қуаттаған едік. Көкілташ атты медресе шындығында аталмыш екі қалада да, бар болып шықты. Оны біз 1983 жылы шыққан Г.А.Пугаченкованың «Кеңес Одағының өнер ескерткіштері. Орта Азия» атты нұсқамалық-сөздігінен анықтап отырмыз. Бұхаралық медресенің салынған уақыты 1568/69 жылдар делінсе, Ташкенттікі XVI ғасырдың 60-жылдары деп көрсетілген және суреттері де жарияланған.

Медресенің салынуына байланысты Мәшһүр бабамыз өте қызықты дерек келтіреді: «Жиырма тоғыз жасымда [...] тоғыз ай Бұхара-и-Шәріфте тұрдым. Ол күнде бір жасымды ілгері санап жүретұғын күнім. «Пайғамбар жасына жеткенше, бір жасыңды ілгені сана!»-деген сөзді ұстап. Сол күнде естіген сөз. Бұхара-и-Шәріфте жақсы Ғабдолла хан болып тұрғанда, Ғабдолла ханның оң қол уәзірі аттан түсе қалыпты. Ол түскен соң, ханы, төлеңгіті, бәрі тоқтап тұра қалыпты. Лай балшыққа көміліп жатқан бірдемені алып, аттың жалына лайын сүртіп, кісесіне салыпты. Атына қайта мінген соң, хан сұрапты:

-Немене жұртты бөгеп, осынша азаптағаның?!-дегенде:

-Тақсыр бір пұл-депті.

Сарт жиырма тиын күмісті «теңге»-дейді. Оны айырбасқа салғанда, алпыс алты пұл болады. [...]

Хан:

-Бір пұлға осынша әуреленіп! — дегенде:

-Тақсыр, дүние деген пұлдан. Мен осыған бір медресе салдырамын!-депті.

-Қап, сен осыған медресе салдырсаң, осы шаһардың қалаулы жерінен оған орын берейін!-депті.

Бір пұлға тауықтың бір жұмыртқасын сатып алып, ол ұрғашы тауық болып шығып, тауық өсіріп, саудаға жүргізіп, жиырма бес жылда бір үй толтырарлық алтын болыпты. Сөйтіп, Көкілташ медресесін салдырыпты.»...

Бұл оқиға желісі Халел Досмұхамедұлының еңбегінде де кездеседі. Осындай ұқсастықтарды ескере отырып, осы әпсана деп аталған оқиғаның  Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың дерегімен тарихи сабақтастығы бар деген тұжырымға келеміз. Бұл әңгімені Мәшһүр 29 жасында естісе, ол — шамамен 1886-87 жылдар. Ал, Халел ағамыз «бұл аңызды ташкенттік Мұнауар қари Абдрашитов 1923 жылдың қазан айында, біз Бұхарада өткен бүкіл өзбектік ғылыми съезге қатысып, осы медресеге тұрақтағанымызда айтып еді«дейді. Осы аралықтағы жыл айырмашылығын есептесек, 36 жыл болады екен. Бұдан шығатын қортынды: жылдар өте дерек көмескіленген. Бұхарада деп нақты айтуына қарағанда Абдолла ханның салдырғаны немесе басқа медресе болуы мүмкін.

«Түркістан халықаралық энциклопедиясы» (Қазақстан энциклопедиясы, Алматы. 2000ж.) жариялаған «Көкілташ лауазымы» туралы мәліметте осы тақырыпты аша түсетін мына бір сөйлемдер көңіл аударарлық: «Көкілташ жиі-жиі атеке, аталық лауазымдарына айналды, яғни хан билігі мұрагерін тәрбиелеуші ұстаз, сондай-ақ кәмелетке толмаған билеуші адамның міндетін атқарды. ...Орта Азияда Әмір Темір және Шайбани әулеттері билік жүргізген кезде Көкілташ әскер жинады, жорық кезінде оларды басқарды. Өз қызметі үшін Көкілташ қыруар жерге ие болып, басқа да көтермелеу силықтарын алып тұрды». Осыған сәйкес Мәшһүр-Жүсіп былай дейді: «Түркістанда Әзіреттің ақ күмбезінің күншығысын Ғабдолла хан заманында өзіне меншікті қылып алғандығын «Арғынның ақ сарайы» атандырғанын Мәшһүр-Жүсіп Көпей баласы сөйлеп отыр. Арғыннан жүз жылқымен апарғанды сонда қояды. Жалғыз-ақ Қазыбек, Жәнібек өздерін екі босағасына қойдырған».

Осы деректердің нышаны іспетті кейбір атаулар қазіргі күнге дейін сақталған. «Әзірет Сұлтан» атанған Қ.А.Ясауи кесенесінің оң жақ күншығыс бөлімінде әлі де «үлкен ақсарай, кіші ақсарай» деген екі бөлме бар. Бірақ еденіне тұтастай тас плиталар төселген. Ешқандай ерекшелік байқалмайды. Тек бір бұрышында Қазыбек бидікі деген құлпытас сақталған.

Көкілташ медресесінің Орта Азия және Қазақстан территориясына білім нәрін шашқандығын мақала басында қозғаған едік. Солардың қатарынан көрнекті ақын,  Тұрмағанбет Ізтілеуовті, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұстазы Камаредден қазіретті ерекше атап өтуге болады. Өз ұстазы жайлы Мәшһүр Жүсіп «он екі пән» білімі бар деп бағалауына қарағанда, бұл медресенің өз заманында үлкен білім ошағы болғанын шамалай беріңіз.

Қаршыға Мұқыш, Қарағанды қаласы

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы