Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Назерке Сұлтанбек. Ер Шәміл

Дата: 02 марта 2011 в 12:30

Қазақтан шыққан қайталанбас тұлға Шәміл Серіковты біріміз білсек, енді біріміз білмей жатамыз. Дегенмен, бүгін сіздердің назарларыңызға грек-рим күресінен маңызды деген жүлделердің бәрін дерлік иеленген қазақ ұлы Шәміл туралы азды-көпті мағлұматтарды ұсынамыз. Ең бастысы халқымызда осындай балуан болғанын және елімізде әзірше оның шыққан шыңына көтерілгене ешкім жоқ екенін біле жүріңіз. Ол туралы «Советский спорт» газеті: «Шәміл Серіковтың әдіс-тәсілдерін оқу-жаттығу құралы етіп ұсынуға болады» деп жазған. Шәмілдің бапкері Аянбек Алдабергенов кейін басқа шәкірттеріне чемпионның күрестерінің бейне таспасын үлгі ретінде көрсететін болған. Мәскеу Олимпиадасында елді таң қалдырған Шәміл туралы халықаралық күрес федерациясының президентінен бастап небір білімпаздар: «Шәміл фантастика! Мұндай дарынды балуанды көрерменге көрсетпеу күнә» деген.

Бала Шәміл... Балуан Шәміл...

Шәмілдің спортқа келунің өзі түсініксіз жәйттарға толы. Мысалға, Ян Дымов Шәміл Серіков жайындағы очеркінде «оны көгалда балалармен күресіп жүрген жерінен алғашқы бапкері Аянбек Алдабергенов байқап қалып, талантты баланы күрес залына жетектеп әкелді» десе, басқа авторлар Серіковты күреске әкелген оның әкесі деседі. Әкесі баласының дене бітімі күреске келетіндігін байқап, Аладабергеновке әкелген. Оған қоса Шәмілді біраз жаттықтырғаннан кейін Аянбек Алдабергенов Алматыдан көшетін болып, Серіковты Анатолий Жарковқа табыстап кеткен. Ал, Жарков бір сұхбатында: «Мен көп балалардың арасынан Шәмілді өзім байқадым» депті. Шәмілдің өз айтуынша, оның жетістіктерінде бапкері Алдабергеновтың үлесі зор. Ол он екі жасар Шәмілді секцияға жетектеп әкелген. Қашып кеткенінде іздеп келіп, ата-анасын болашағына иландырды. Қыңыр мінезін кешіріп, әйтеуір өзіне тарта білді. Күресті жан-тәнімен сүйетіндей халге жеткізді. Шәмілдің анасы Сара апай баласының күреске ерте жастан қызыққаны туралы былай деген: «Шәміл Алматыда туып-өсті. Мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген кезден-ақ күреске құмартты. Күнде сабақтан келген соң, иығына кішкентай сөмкесін асып, жаттығуға кететін. Шәміл кішкентай кезінде тым арық еді, «сенен қандай балуан шықсын» деп әзілдейтінмін. Бір күні: «Апа, міне жарыста грамота жеңіп алдым», — деп келді, Шәміл үшін табыстың басы сол грамотадан басталды». Шәміл жасөспірімдер қатарында алты жыл жүрді. Сол кезде-ақ төрт рет Қазақстан чемпионы атаныпты.

Жарков Шәмілге  кім еді?

Шәмілдің жеңістеріне Анатаолий Жарковтың да қосқан үлесі аз емес. Жарков: «Шәміл кез-келген ортаға тез сіңісіп кетеді. Ол қашан да жеңіске құмартып тұратын. Физикалық тұрғыдан ол соншалықты мықты болған жоқ, бірақ бұл керісінше оны ызаландыра түсіп, намысын жанитын спорттық ашуын туғызатын. Дәл осы қасиеттері маған бапкер ретінде онымен ең жоғары позицияларда жұмыс істеуге мүмкіндік берді», — деген. Олардың елде жоқ әдістері болатын. Солардың ішінде Шәмілге ең қатты көмектескені — Жарковтың белдесу алдында келесі қарсыласты зерттеуі. Мысалға, белгілі бір жарыста Жарков Шәмілдің келесі айналымда кездесетін балуанының күресін қарап, оның әдіс-тәсілдерін жаттап алады. Серіков сол балуанмен кездесер алдында бапкері Шәмілмен алдағы қарсыласын салып күреседі. Осындай алдын ала белдесулердің арқасында кездесу кезінде Шәміл қарсыласты игеру үшін уақыт құртпайды, бірден шабуылға кіріседі. Шәміл чемпион атанған Мәскеу Олимпиадасындағы әр белдесуінің алдында Жарков пен Серіков дәл осылай «күрескен» екен.

Дегенмен, біраз жыл Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Вадим Псаревтің айтуынша, Жарковтың Шәмілге көмегінен, кесірі көп тиген. «Шәміл шаршаса да, Жарков одан тек жақсы нәтиже талап ете беретін, спортшыға адам ретінде де қарай білу керек қой. Оған қоса Шәмілдің проблемалары басталған тұста да ол шәкіртіне көмектеспеді. Ал, қиын жағдайда басшылыққа кіріп бір ауыз сөз айтқанында, мүмкін, Шәмілдің тағдыры басқаша болар ма еді. Жалпы материалдық тұрғыдан Жарковтың талабы көп болатын. Оған қоса Шәміл қайтыс болған күні де соны ести тұрып, Жарков шәкіртінің жаназасына келместен, басқа қалаға тартып кетті», — деді Псарев.

Жеңіс жолы

Аса талантты Серіковтің КСРО құрамасындағы басты бәсекелесі — ульяновскілік Виталий Константинов болды. 1977 жылы Одақ чемпионатында Шәміл сәтсіз өнер көрсетті. Екі рет таза жеңіліп, көштің соңында қалды. Ол кезде Константинов чемпион атанған. Сол жарыста құрама бапкері Вадим Псарев Шәміл барлық әдісті істей алатынын, оның проблемасы да сонда екендігін айтқан. Сөйтіп Псарев оның бар талантын пайдалана отырып, оған жаңа әдістер, соның ішінде қоян — қолтық ұстасқан сәтте сол аяқты алға ұстап тұруды үйретеді. Шәміл кез-келген нәрсені тез қағып алатын зерек болған. Содан кейін ол тез өсе бастайды. Баймағамбетов атындағы турнирді, Болгария, Румыния, Венгрия, Германия және Югославиядағы жарыстарды ұтты. Оған қоса сол уақыт аралығында Олимпиада мен әлем чемпионы атанып үлгерген Константиновты жықты. Және анау-мынау емес, кіші Әлем чемпионаты саналатын Иван Поддубный Мемориалында. Осы турнирді ұтқан тұңғыш қазақ балуаны — Шәміл Серіков. Алайда сол кезде «Бұл жеңіс кездейсоқтық, сол жарыста Константинов бабында болған жоқ», — деушілер болды. Бірақ осыларға Шәміл тиісті жауабын қайтарды. Бірнеше айдан соң КСРО біріншілігінде Шәміл алты қарсыласын да қапы қалдырды, соның ішінде бесеуін таза жеңген жерлесіміз Константиновты 11:3 есебімен тізе бүктірді. Бұл кездейсоқтық болуы мүмкін емес! Мәскеу Олимпиадасының алдында Шәміл барлық маңызды жарыстарды ұтса да, оған жолдаманың берілуін әділетсіз деп санағандар да табылды. Сол Олимпиадаға бірде-бір спортшысы қатыспаған Ульяновск қаласының басылымдары былай дейді: « Біздің жерлесіміз Константинов Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанар еді. Монреаль Олимпиадасында жеңіске жеткен Константинов нәтиже бойынша өтіп тұрған, алайда сол жылы Қазақ КСР-нің алпыс жылдық мерейтойы болды. Брежневке бір қоңырау шалынып, қазақ халқының мерейтойына осындай «сыйлық» жасалды». Өкпелі Константинов осы оқиға туралы: «Олимпиада алдында мені «лақтырып» кетті. Маған сен «кәрісің» деді. Мен осы Олимпиаданы да ұтар едім, тек біздің беделіміз жетпей қалды. Осыдан кейін спортты бірден қойдым, әрі қарай шыдай алмадым», — деді. Дегенмен, Шәміл 1978 жылы Мехикода және 1979 жылы Сан-Диегода өткен әлем чемпионаттарында қарсылас шыдатпады. Қазақтың ішінен грек-рим күресі бойынша әлемді алғаш мойындатқан да Шәміл еді...

Шебердің аты — шебер

«Стайка» спорттық базасында Мәскеу Олимпиадасына дайындықтың соңғы кезеңі өтіп жатқан. Аяқ астынан Шәмілдің қолына сыздауық шығады. Ол үшін бұл жақсы белгі болатын. Өйткені осыған дейінгі бірнеше жарыстардың алдында Шәмілде сыздауық шығып, Шәміл, бірақ, бәрібір жеңіске жетіп жүрген. Ақкөңіл Шәміл осы жараны кезекті жеңістің белгісі деп сенді. Шәміл қуанып жүрді, бірақ осы кеселдің кесірінен ол төрт жаттығудан тыс қалды. Бапкерлер алаңдаулы, ал Серіковтың басты бәсекелесі Константинов Олимпиадаға қатысудан дәмелі. Осы кезде Серіковке дәрігер Бакушев жақсы көмектескен. Күнделікті бір мазьдар жағып, жылытып, үш күннен кейін оны қалпына келтірді. Бес күн өткен соң бапкерлік кеңес Олимпиадаға қатысатын құрамды жариялады.

Шәмілдің күресті жақсы көретіндігі сонша олбоз кілемге шығып, белдесуге асығып тұратын. Мысалға, Олимпиададағы алғаш белдесуінде Шәміл бельгиялық балуанды оңай жеңді.  Сол күні Серіков: «Бір-ақ айналым болғанына өкіндім. Дұрыстап терлеп, бабыма келейін деп едім», — депті.

Сол Мәскеу боз кілемінде барлық қарсыласын қирата жеңіп келе жатқан Шәмілдің жолын итальяндық балуанның сорақы айласы бөгей жаздады. Үшінші айналымда итальяндық балуан Шәмілдің қолынан сабындай сусып шыға берді. Сөйтсе, қарсыласы үстіне май жағып алған екен.  Төреші оған сүртінуге бұйырады. Бірақ ол да көмектеспеді, итальяндық жігіт бәрібір қолдан сусып кете берді. Бірақ шебердің аты шебер ғой. Шәміл бәрібір жеңді.

Шынында да, Шәмілдің шеберлігіне таң қалмау мүмкін емес. Серіков ең азулы деген қарсыластарының өзін көп қиналмай жеңетін. Олимпиада кезінде қандай нәтижемен жеңіске жетіп жүрді дейсіз ғой. Румыниялық Боцилемен белдесу — 1 минутта таза ұтыс, швед Лунгбекпен белдесу — 40 секундта таза ұтыс...

Шәміл Серіков бүкіл әлемді аузына қаратты. Әлемнің мықты деген спортшыларының өзі қазақ баласының осындай керемет белдесулеріне тәнті болды. Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Рүстем Казаков Шәміл туралы: «Серіков — жартылай жеңіл салмақтың жаңа жұлдызы», — депті. «Советский спорт» газетінің күрес жайлы жазатын арнайы тілшісі Владимир Голубев: «Шәміл Серіковты КСРО құрамасының кезекті жаттығуында анықтап көрдім, қатты ұнады. Кезекті Әлем чемпионатына барғандардың тізімінде елеусіз «Шәміл Серіков» деген фамилияны көргенде менің әріптестерім «бұл  кім өзі» дегенді айтып қалып жүрді. Мен оларға: «Осы жылдың болашақ әлем чемпионы» деп айтқанымнан қайтпадым. Шәміл Серіков әлем чемпионы болған жарыстан репортаж жазғанымды да мақтан тұтамын», — еске алды кейін. Ал, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Валерий Рязанцев: «Бұл қайталанбас балуан. Ол қандай қиын жағдайда да, өзіне ыңғайын тауып, шабуылдайды. Ол оңтайлы сәтін аңдып жүрмейді, шалт қимыл мен «жарылыс» Шәмілге тән», — деген. Самбодан әлемнің төрт дүркін чемпионы Владимир Япринцев: «Серіков әдістердің түр-түрін үйіп-төгетін. Аузымыз ашылып қарайтынбыз, бір белдесуде кем дегенде 25 балл!», — дейді.

Сонымен, 1980 жылдың 24-шілдесінде Шәміл Серіков Олимпиада чемпионы атанды. Сол кездегі бүкіл одаққа тарайтын «Советский спорт» сияқты газеттер бұл туралы тек шолып қана өтсе, қазақ газеттері қуаныштарын жасырмады. «Лениншіл жас» газетінің 26-шілде күнгі санының басты бетінде «Сүйінші!» деген айдар бірден көзге түседі. «Шәміл Серіков — Олимпиада чемпионы!». Шәміл Серіков Олимпиада чемпионы атағына бой үйретіп болды-ау дегенде журналистер ол кісімен телефон арқылы сөйлесіпті. «Олимпиадалық чемпион болған қалай екен?» деген сұраққа Шәміл ұялып: «Соны әзір түсінсем бұйырмасын, баяғы Шәмілмін ғой деймін», — деген екен («Лениншіл Жас», 29-шілде, 1980ж).

Өкінішке қарай, Шәміл өз жақындарынан ерте айырылды. Әкесі мұның Олимп шыңына көтерілген сәтін көре алмады. Немересі Темірмен бірге Мәскеуден оралған баласын күтіп тұрған Сара анасы: «Бұрындары осындай дүбірлі жарыстардан келгенде әкесі екеуміз бірге қарсы алушы едік. Ол кісі қонған самолетке қолын бұлғай-бұлғай ұмтылушы еді», — деп еске алыпты («Лениншіл Жас» 31-шілде, 1980ж).

Шәміл Олимпиада чемпионы атанғанын отбасы сол түні білген, содан бері үш күн бойы теледидардың алдынан тапжылмапты. Анасы Шәмілді көгілдір экраннан көрген сайын егіліп жылап қоя береді. Оған қоса сол түні-ақ көрші-қолаңнын бәрі құттықтап келіпті.

Жеңімпаздың жауабы

Шәміл спорт аренасында жетістікке жетіп жүріп те, білім алуды ұмытпапты. Белгілі ұстаз Сәбит Сатыбалдыұлы: «Қаншама жетістіктерге жетіп жүрсе де, сабақтан қалмай, оқуға тырысатын. Төрт жыл оқығанында оған бір ескерту жасағаным есімде жоқ», — дейді. Шәмілге тәлім беріп, ол туралы очерк те жазған Петр Филиппович Матущак былай деген: «Шәміл әңгімешіл еді. Өміріндегі оқиғаларын жақсы айтып беретін. Оның есте сақтау қабілеті жақсы болатын. Біздің атақты спортшыларымыздың тағдырлары — біздің жан жарамыз. Олардың өмірлері өте қиын. Серіков біздің ортамызда өмір сүрді, еңбектенді. Ол өз ісіне жан-тәнімен берілетін. Өте момын адам болатын. Бірақ бұл өмірде өз орнын таба алмады. Өзінің спорттық ғұмырын жалғастыра алмады және бізге көп жауапсыз сұрақтар қалдырды».

Сексенінші жылдары дене шынықтыру және спорт институты студенттерінің Шәміл Серіковке қоятын екі маңызды сұрағы бар еді. Біріншіден, қысқа мерзімде жоғары нәтижелерге қалай қол жеткізуге болады. Екіншіден, көптеген спортшылар жеңіске шамалы есеп айырмашылғымен жетсе, Серіков қарсыласынан қашан да әлдеқайда жоғары баллмен басым түседі. Сол кезде Шәміл ағамыздың берген кеңестеріне тоқталсақ. Мүмкін қазіргі балуандарымыздың да пайдасына жарап қалар. Шәміл Серіков бұл сауалдарға жауап ретінде: «Кез-келген маңызды жарысқа тер төгіп дайындалуға бізді классикалық күрестің қалыптасқан керемет дәстүрлері және Отан алдындағы борышымыз міндеттейді!», — деген екен. Әрі қарай ағамыз мынадай пайдалы кеңестермен бөліседі: «Біріншіден, күніне үш рет жаттығу керек. Оның ішіне атлетиканың жүгіру, жүзу, ауыр заттар көтеру түрлерімен жаттығып. бір мезгілде төрт-бес спарринг өткізу керек. Осының барлығы төзімділікті арттырады. Екіншіден, жаңа комбинацияларды, байламдарды талмай іздеу, әдістерді жасау техникасын шыңдау керек».

Шәміл «Татар Олимпиониктерінің» қатарына кіргені қалай?

Шәмілдің ұлтына қатысты көп сұрақтар туындап жатады. Оның жақын досы Жақсыбай Бәзілбаев осыған қатысты бізге: «Халық білуі керек. Шәміл — қазақ! Өйткені оның әкесі қазақ. Ал, анасы татар. Атасы, барлық туыстары — қазақ, демек Шәміл де біздің халқымыздың тумасы. Шәмілдің ұлты татар деген әңгіменің түп төркіні мына оқиғадан шыққан. Мәскеу Олимпиадасынан кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Дінмұхаммед Қонаев қабылдайды. Сол кезде Қонаев Серіковтың ұлтын сұрағанда, ол татармын деп жауап береді. Бұлай айтуының себебі Шәмілді осы кездесудің алдында сол кездегі ЦК КПЛСМ бастығы шақырып алып, осылай жауап бересің деп ескертіп қойыпты. Ал, Шәміл болса тәртіпке бағынады» деді. Ал, татар елінің көптеген кітаптары мен материалдарында Шәмілді, оның жетістіктерін өздеріне меншіктеп алғандығын көруге болады («Гасырлар авазы», 2008 ж). Аллаға шүкір, татарлар біздің мақтанышымызға әлі ешқандай құрмет көрсетіп үлгерген жоқ. Ал, материалдарында Шәмілді «Татар Олимпиониктері» деген тізімге де қосып қойыпты.

Шәмілдің қолы неге дірілдеді?

Мамандар: «Шәміл Олимпиададан кейін тым көп демалып қойды, күрестен алыстап кетті», — десті. Шәміл болса: «Жеңістер мені еліктірмейтін болды. Ішім пысты, ішім босап қалғандай, шаршадым...», — депті. Содан кетті. 1981 жылғы Еуропа Чемпионатында — 5-орын, КСРО біріншлігінде — 9-орын. Шәміл: «Мен ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанып көрмеппін. Бұл біріншілік қашан да құрама жиынымен бір уақытқа тұспа-тұс келетін. 1982 жылы Одақ құрамасына мені алмаған соң, Қазақстан чемпиондығын иелендім. Бірақ бұл атақ маған ешқандай жеңіс сезімін сыйлай алмады. Сол сәтте мен өзімнің спорттық жолымды тоқтату керектігін түсіндім», — депті.

Спортпен ерте қоштасу себебін сұрағандарға Шәміл: «Айналасы он екі жылдың ішінде біраз жеңістерге де, жетістіктерге де ие болыппын. Ал, спортшының жасы ұлғайған сайын бабын сақтауы қиын, әрі ұзақ сапарлар, жарыстар көп уақытты керек етеді, отбасына көңіл бөлуге де бөгеу тәрізді», — деген екен («Шәкірттерім жолымды жалғастырса..» «Ленин Туы» 1984 жыл, 4-ақпан).

1981 жылдың мамыр айында бір топ спортшы КСРО Орталық партия шешімімен БАМ-ға (Байкал Амур магистралі) аттанатын болды. Бұл бұйрық болса да, Шәміл үйімді жөндеймін деп бармай қалған. Олимпиададан кейін жүлдегерлердің өзіне үш бөлмелі жаңа пәтерден берілгенде, Шәмілге екі бөлмелі ескі үй тиіпті. БАМ-нан келген соң он күннен кейін бапкерлер Шәмілді құрамадан шығарды. Стипендия беруді де тоқтатты. Олимпиада чемпионы ай сайын 680 сом алатын. Ол кезде бір айлық асқанда 150-200 сом. («Күресі спектакль еді» Т.Жәкітайұлы)

Құрамадан шығарып қана қоймай, Шәмілді спорттың маңына да жуытпай қойды. Оған қоса Шәмілді тіпті Ауған соғысына да алып кете жаздаған. Шәмілдің досы Жақсыбай Бәзілбаев: «Ауған жеріне аттанудан бас тартқаны үшін  Шәмілді қамауға алады. Үйінен сүйреп алып шығып, теміржол вокзалының қуыс жағындағы бір вагонның ішіне кіргізеді. Оның ішінде төрт адам отырған екен. Ол төрт адам жай отыр дейсіз бе онда. Олар Шәмілге жабылады, бірақ атақты балуан төртеуін де жығады. Төртеуін бірінің үстіне бірін үйеді де, өзі терезеден шығып қашады. Ең қызығы: осы оқиғадан кейін Шәмілге ешкім іздеу салмады. Егер ол расымен қылмыскер болып, мемлекеттік міндеттен қашқан болса, оны өкіметтің тапсырмасы бойынша іздер еді. Осыдан кейін үйіне келіп жәйбірақат тұра берді. Мүмкін осы нәрсе Шәмілді өлтіру үшін істелінген болар. Өйткені осындай аса талантты балуанды көре алмайтындар жетіп-артылатын», — деп әңгімелейді.

Шәміл ағамыздың жары Светлана Серікованың айтуынша, ағамыз осындай жағдайлардан  қатты шаршаған. Оның жайын күнде қасында болған зайыбынан артық кім білсін? Светлана Серікова: «Олимпиададан кейінгі уақытта жиі жарақат алатын болды. Жәй ғана жаттығу белдесуінің өзінен ол сүйегін сындырып келетін, бір күні қабырғасын, бір күні бұғанасын сындырып келеді. Ол кәдімгідей «шытынап сына» бастады. Ешқандай демалыс берілмеді, басшылықты тек жаңа нәтижелер қызықтырды. Шәміл: «Мен шаршадым, маған жай ғана бапкердің қызметін беріңіздерші, басқа ешнәрсенің керегі жоқ», — деп бастықтарға сан рет айтты. Бірақ оның өтінішін елеген ешкім болған жоқ» деп еске алады сол кездегі жағдайды.

Дегенмен, жанашыр жан табылды. Сол кезде Қапшағайдағы спорт мектебінің директоры Тойлыбеков Орынбай Бейсенбайұлы оны бапкерлік қызметке алады. Орынбай аға мынадай естелігімен бөлісті: «Жұмысқа алу туралы өтініш жазып отырғанда Шәмілдің қолы қатты дірілдеді. Сонда мен: «Шәміл-ау, қолың неге дірілдеп тұр?!», — деп сұрадым. Шәміл: «Аға, менің екі балам бар, сіздің үш балаңыз бар. Өзім үшін емес, сіз үшін қорқып отырмын. Құртады ғой, осы үшін осы үшін сіздің басыңызды алады», — деді. Мен оны: «Қорықпа! Сен сияқты адамға көмектеспегенде, кімге көмектесемін?», — деп сабырға шақырдым». Осы мектепте Шәміл үш жыл бойы жасырын жұмыс істеген екен.

Сол кездері Шәміл Мәскеуге барады. Онда ол мемлекеттік спорт комитетінің төрағасы Александр Пархоменконы жолықтырады. Шәмілдің қандай жағдайда жүргенін түсінген ол: «Мен дәл қазір бұйрық беремін, сен ауылыңа қайта бер, барған соң спорт басқармасына кірсең, құрамадағы бапкерлік орның да, «мәскеулік арнайы» жалақың да дайын тұрады», — деді. Бірақ Шәміл екі күнде құжатын жинап, басқармаға барғанында біздегі басшылар оның орнына басқа біреуді тағайындап үлгеріпті. Оның әйелі Светлана Пархоменкоға звондап, мән-жайды түсіндіруді жалынды, бірақ ол звондамай қойды. Бұл қазан айының соңы еді. Көп ұзамай 22-қараша күні Шәміл қайтыс болды. Бұл Шәмілдің шыдамының таусылған шағы болған шығар деп пайымдайды оның жары. Ол сол кездері ішін жалмап бара жатқан ренішті басамын деп қатты ішіп те кеткен екен.

Шәміл өз шәкірттерінің жетістігін көріп кетуді армандап еді... «Бір кезде өзімді тұғырдың биігіне көтерген бапкерлерім тәрізді мен де бақытқа кенеліп тұрсам...», — деп армандаған екен ер Шәміл.

Саналы ғұмырын спортқа арнаған Шәміл осы саладан кеткен соң түрлі кәсіппен шұғылданыпты. Отбасын асырау мақсатымен кәуап та сатқан, жеміс те тасыған. Жары Светлана: «Спорттан кеткен соң Шәмілдің істемеген жұмысы жоқ. Көкөніс өсіретін жұмысшылардың бригадирі болып, қарбыз өсіруге кеткені бар. 1989 жыл толығымен сонда жұмыс істеді. Кәрістермен бірге де жүрді. Оның қолынан кез-келген шаруа келетін. Және мұнда ұятты ешнәрсесі де жоқ», — дейді. Достарының айтуынша, «Ол бір уақытта алма тасумен айналысыпты. Нақтырақ айтқанда сол кездің алыпсатарлары Қарағандыға үлкен жүк көліктерімен алма тасиды, жолда ешкім тоқтатпай, тауарды сол күйінде жеткізу үшін жүргізушінің қасына Шәмілді отырғызып қояды. Базарға кіргеннен кейін ғана Шәмілге ақшасын беріп, босатады екен».

Әлемнің үздік балуандарының бірі Александр Медведь: «Шәмілде осал жер жоқ. Оның ең үлкен қаупі де осы осалдығының болмауы. Шәміл осы бабында болса, бір дүркіннің орнына неше дүркін деген абыройдың асқар биігінен көріне жатар», — депті. Алайда, Олимп шыңына қайта шығу Шәмілдің маңдайына жазылмапты.

1988 жылдың 22-қарашасында Шәміл Серіков жарық дүниемен қоштасты. Сол кезде ол республика бапкерлерінің біліктілік арттыру курсында тыңдаушы болған. Досы Жақсылық Үшкемпіров Шәмілдің сол кездегі жүрген ортасы да нашар болғанын естіген екен.

Сонымен, қазақтан шыққан осындай тұлғамызға біз не істедік? Оның қазаққа жасалған еңбегіне орай біз лайықты сый жасай алдық па? Тіпті бұл мәселе айтылмай да жүрген жоқ. Осыдан екі жыл бұрын бір топ спорт ардагерлері баспасөз арқылы Туризм және спорт министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігіне үндеу жолдаған («Шәміл есімі ел есінде қалуға тиіс», «Жас Қазақ», #27, 11 шілде 2008 жыл). Арасында Әбілсейіт Айханов, Әмин Тұяқов, Аманжол Бұғыбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Әбденалиев, Ермахан Ыбрайымов және Болат Жұмаділов сияқты беделді тұлғалар қол қойған үндеуде Шәмілдің жетістіктері туралы айтыла келіп, мынадай бастамаларды қолға алу ұсынылған: Шәміл Серіковтың атына көше беру, Шәміл Серіков тұрған үйге ескерткіш-тақта орнату, еліміздегі спорт мектептерінің біріне Шәміл Серіковтың есімін беру, Шәміл Серіковтың ескерткішін орнату, Шәміл Серіков туралы ескерткіш кітап шығару, Шәміл Серіковты еске түсіруге арналған дәстүрлі турнир ұйымдастыру және Шәміл Серіковтың өмір жолы туралы деректі фильм түсіру. Дәл осы ұсыныстардың газетте жарияланғанына, міне екі жылдан асты. Жекелеген жанашырлардың көмегімен Шәміл Серіковты еске алуға турнирі өткізілуде, жағында ғана Алматыдағы Алатау ауданының «Дархан» ықшам ауданындағы бір көшеге Шәміл есімі берілді. Ал, үндеудегі басқа ұсыныстар аяқсыз қалды.

Шәміл Серіков атындағы турнирдің алғашқы екеуі чемпионның жұмыс істеген жері ретінде Қапшағай қаласында ұйымдастырылды. Үшінші турнир былтыр Алматыда жоғары деңгейде өтті. Бұл игі шараны ұйымдастыруда Шәміл ағаның достарының үлесі зор. Осыған дейін Бақыт Мырзахметұлы Өтегенов Шәміл Серіковтың атындағы турнир ұйымдастырған, бірақ кейін оған жоғарыдағылар «өзіне өзі қол салған адамға өткізбейсің» деп тоқтатып тастаған болатын. Бірақ осыдан үш жыл бұрын Жақсыбай Бәзілбаев Шәмілге біреулер қастандық жасады деп дәлелдеп шығып, турнир қайта жанданды.

Шәмілдің артында отбасы қалды. Үлкен ұлы Тимур қазір «Динамо» спорт клубында бапкер, Елдар — музыкант. Шәміл ағамыз да кезінде әжептәуір ән салған екен.

Грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы  Шәміл Серіков туралы

Шәміл Серіков 1956 жылы наурыздың 5-і күні дүниеге келген.

Грек-рим күресінен 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен.

1970 жылы күреспен айналыса бастаған.

1975 жылы КСРО спорт шебері дәрежесін алған.

1978 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.

1979 жылы еңбегі сіңген спорт шебері атағын алған.

1978, 1980-82 жылдары КСРО чемпионатына қатысқан.

1978 жылы КСРО чемпионы атанды.

1979, 1980 жылдары халықаралық турнирлер жеңімпазы атанды.

1979 жылы Еуропа чемпионы атанды.

1978, 1979 жылдары әлем чемпионы атанды. (Мексика, АҚШ)

1980 жылы Олимпиада чемпионы атанды. (Мәскеу)

1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

1988 жылы 22-қарашада дүниеден озды.

«Қазақ спорты» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы