Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мұхтар Тайжан: «Қытайдың инфрақұрылымдық жобаларға қол салғаны қауiптi»

Дата: 02 марта 2011 в 14:10 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Болатхан Тайжан атындағы қордың жетекшiсi, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан егер сайлау әдiлеттi өтсе, Серiк Сапарғалиға сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беруi мүмкiн деп есептейдi. Бұл ойын Мұхтар Тайжан қазақ журналистер клубының отырысында айтты. «Президенттiң кiм болатыны анық. Додаға түскен үмiткерлер танымал емес. Бiрақ Серiк Сапарғали — қоғамға белгiлi адам. Сондықтан оған сайлаушылардың жартысы дауыс бередi деп ойлаймын», — дедi ол. «Сонда сайлау әдiлеттi өтсе, Н.Назарбаев қанша дауыс жинайды?» деген сұрағымызға Мұхтар Тайжан: «40-50 пайыз» деп жауап бердi.

«Билiктiң асығыс сайлау өткiзуiнiң бiр себебiн кейбiр сарапшылар бағаның өсуiмен байланыстырып отыр. Сай­лау­дан кейiн баға аспандайды екен деген әңгiме рас па?» деген сұрақ қойылды. Экономист баға өсiмiн сайлаумен байланыстырмайды. Десек те оның ойынша, баға биылғы жылы да, келесi жылы да өседi. Мұхтар Тайжан бағаның шарықтауы бiрнеше факторға тәуелдi дейдi. «Бiрiншiден, кедендiк одақ. Кедендiк одақ­қа кiргенде баж салығын екi-үш есеге көтердiк. Бұрын 0 пайыз деңгейiнде болған салықтар 10-15 пайызға дейiн көтерiлдi. Екiншi себеп — әлемде мұнай бағасы өсiп жатыр. Үшiншi себеп — монополизм».

«Мәсiмов үкiметi де, Ұлт­тық банк төрағасы да бағаның шарықтауын адам факторымен байланыстырады. Арадағы делдалдар, базаркомдар дегендей. Бұл қаншалықты орынды?» деген сұрағымызға экономист былай дедi: «Марченко баға өсiмiн жемқорлықпен байланыстырса, мен мұны монополизм деп жүрмiн». Мұхтар Тайжанның ойынша, бағамен күресудiң бiрден-бiр жолы — мүлде басқа экономикалық саясатты қолға алып, өндiрiстi жолға қою. Өз кезегiнде экономист үкiметтiң 2020 жылға дейiнгi индус­триал­ды-инновациялық бағдарламасын сынға алып, оның iске асатынына күмән кел­тiрдi. «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы 2003 жылдан басталды. Оған үкiметтiң өзi жаман баға бердi. Бағдарлама нәтижесiне көз жеткен жоқ. Алайда ешкiм жауапқа тартылмады. Сол себептi жаңа үдемелi инновациялық бағдарламаға да күмән­мен қараймын», — дей келе Мұхтар Тайжан мемлекет қашанда да жаман менеджер, жаман кәсiпкер деген тезистi еске салды. «Десек те бiздiң мемлекет бүкiл қаржы жүйе­сiн өз қолына алды. Банктер­дiң капиталына кiрдi...» деген уәжiмiзге ол: «Самұрық-Қа­зы­на» қоры банктердiң капиталынан шығуы тиiс. Қазiр сая­си монополизм экономикаға ойысқанын байқап отырмыз. Бiрақ мемлекет оны iс­темеуi тиiс. Мемлекет ин­фра­құрылымға жауап беруi қа­жет. Жылу, электр қуаты, сумен қамтамасыз ету дегендей. Ал бизнеске қол салғанды қою қажет», — деп бiр-ақ кестi.

«Десек те бiзде құрдымға кеткен инфрақұрылымдық жобалар жетiп артылады. Мемлекет осының өзiн ретке келтiре алмай отыр ғой» деген уәжiмiзбен экономист толық келiстi. «Қазiр электр қуаты жетпейдi. Талғар ауданында газ жоқ. Елдегi инфрақұрылымның 89 пайызы ескiрген. Осы қыс мезгiлiнде көз жеттi бұған. 20 жылдың iшiнде осыны ретке келтiруге болар едi. Алайда Батыстағы мұнайдың өзiн Павлодар немесе Шымкент зауыттарына апара алмай жүрмiз. Iшкi құбырлар жоқ».

Журналистер Қытайдан алынған несиенi Қазақстан қалай қайтарады деп сұрақ тастады. Бұл мәселеге Мұхтар Тайжан да қатты алаңдап, зерттеп жүрген көрiнедi. Әңгiме ауанын президенттiң таяуда Қытайға жасаған iссапарынан бастаған ол онда қол жеткiзген келiсiмдердi тағы бiр пысықтап өттi. «Қытай Қазақстанмен бiрiгiп, жел энергиясын осында дамытпақ. Егер қытайлықтар жел қуатын қолға алса, оларға жер берiлуi мүмкiн. Екiншi­ден, 2015 жылға дейiн Астана мен Алматыны жалғайтын, төрт сағатта қатынайтын те­мiр­жол салып бермек. Үшiн­шiден, қытайлар Қазақстанның кен орындарын сатып ала бастады», — дей келе экономист қытайлықтардың инфрақұрылымдық жобаларға ауыз салғанының арты жақсылыққа апармайтынын тәптiш­теп түсiндiрдi.

«Президент «Нұр Отанның» съезiнде Қазақстанда жан басына шаққанда iшкi жалпы өнiмнiң көлемi 9 мың долларға жеткенiн, бiз IЖӨ бойынша жоғары үштiкке кiретiнiмiздi айтты. Президент қайдағы 9 мың долларды айтты? Оның үстiне IЖӨ жоғары үштiкке АҚШ, Қытай мен Жапония кiредi емес пе?» — деген «Жас Алаштың» сұрағына экономист былай дедi: «Халқымыздың қырық пайызының айлығы 56 мың теңгеге әрең жетедi. Тағы бiр ақпарат­қа сүйенсек, банктердегi депозиттердiң небәрi 1-ақ пайы­зы — халық салымдары. Сондықтан әр адамға 9 мың доллар қайдан келдi? Менiң­ше, бұл — тек қана арифметика. Ал IЖӨ жоғары елдерге тоқталатын болсақ, АҚШ-тың бұл көрсеткiшi — 14 триллон долларға, Қытайдiкi — 5,9 триллон долларға, Жапония­нiкi — 5 триллион долларға жуық. Алайда Қытайдың юанi — еркiн айырбасталмайтын валюта. Сондықтан Қытайдың iшкi жалпы өнiмi жоғарылатып көрсетiлген. Оның үстiне Қытай экспортқа тәуелдi ел. Еуропа мен АҚШ-та қытай тауарларына сұраныс төмендесе, Қытайдың жалпы iшкi өнiмi қысқарады. Ал АҚШ экономикасы сыртқы нарыққа тәуелдi емес. Оның үстiне дүние жүзiнiң алтынвалюта резервтерiнiң 60 пайызы доллармен сақтаулы».

Болатхан Тайжан атындағы қордың жетекшiсi үкi­мет­тiң «халықтық IPO» бас­тамасына күмән келтiрдi. «Самұрық-Қазына» қорының ақшасы жеткiлiктi. Егер оның еншiлес ұйымдары қор нарығына шықса, бұл өте қауiптi. Бұл ұлттық компаниялардың қарызы көбейедi деген сөз. Оның үстiне оны кiм сатып алмақ? Халықтың оған ақшасы жоқ. Демек, акцияларды қытайлар не болмаса олигарх­тар ғана сатып алуы мүм­кiн», — дедi ол.

«Теңге бiр мезетте 25 па­йызға девальвацияланғанда Марченко мұны экспортер­лердiң бәсекеге қабiлеттiлiгi үшiн қажет деп түсiндiрдi. Ендi 20 наурыз күнi теңге-доллар жұбының дәлiзi алынып тасталмақ. Марченко теңге нығая­тыны, бiрақ Ұлттық банк оның күрт нығаюына жол бермейтiнiн мәлiмдедi. Ұлттық банк неге халықты емес, экспортерлердiң ғана қамын ойлайды?» деген сауалға Мұхтар Тайжан: «Девальвация сөзсiз қажет болды. Бiрақ оны бiр мезетте емес, Ресей­дегiдей бiрте-бiрте жасау керек едi. Қазiр Марченконың теңге бағамын байлап ұстауға мүмкiндiгi жоқ. Ұлттық банк былтырғы жылы 2 миллиард доллар сатып алса, биылғы жылдың екi айында бұл сомма 3,5 миллиард долларға жеттi. Сондықтан теңге нығайып, бiр доллардың бағамы 135 теңгеге дейiн түсуi мүмкiн, — дедi ол. — Ал экспортерлер­дiң 84 пайызы екi-ақ тауар; мұнай мен металл ғана сырт­қа шығарылатындықтан, оларға теңге бағамы қандай болса да бәрiбiр».

«Сiз өзiңiздi қандай қазақпын деп есептейсiз: шала қазақсыз ба, әлде нағыз қазақсыз ба?» деген сауалға Мұхтар Тайжан: «Әлбетте, нағыз қазақпын» деп бiр-ақ кестi. Болатхан Тайжан атындағы қордың жетекшiсi елде әлi күнге дейiн қазақтiлдi орта қалыптаспағанына налыды. «Би­лiк қазақтiлдi орта ұйымдастыруы тиiс. Шетелге бар­ғанда, елшiлермен кездескенде тек қана қазақ тiлiнде сөйлеуi қажет. Тағы бiр мәселе — қазақтiлдiлер шала қазақтарға қырын қарауды доғар­ғаны жөн. Өйткенi шала қа­зақтар ұялып жүр қазiр. Оларды кемсiтуге, кеудесiнен итеруге болмайды. Түбi бiр ұлтпыз. ХХ ғасырда интеллигенция, элита қырылды. Ендi ғана бой көтерiп, қалыптасып келе жат­қан халықпыз. Менiңше, бұл процесс өз нәтижесiн беруi тиiс», — дедi ол.

Мұхтар Тайжан қазақтың тарихы бертiнде бастау алды, қазақта мемлекет, шекара бол­ған жоқ деген пiкiрге үзiлдi-кесiлдi қарсы екенiн бiлдiрдi. «Қазақтың тарихын ХVIII ғасырдан тарқатып жүргендер бар. Алайда Жәнiбек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандар, оған дейiнгi Қорқыт Ата, Асан Қайғылар қайда қалды? Мемлекеттiлiктiң төрт белгiсi бар: жер, халық, билiк егемен­дiгi және шетелмен қарым-қатынас. Қазақта осының бәрi ежелден болған», — дедi.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

«Жас Алаш» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы