Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Елімізде аймақтық ауыл шаруашылығы институттарына көңіл бөлінбейді

Дата: 03 марта 2011 в 13:21 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Елімізде аймақтық ауыл шаруашылығы институттарына көңіл бөлінбейді

Әбдірахман ОМБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор — Қазақстанда асылтұқымды мал саны өте азайып кетті. 

– Әбдірахман Молда­назарұлы, әңгімемізді елдегі асылтұқымды ірі қара төңірегіндегі мәселеден бастасақ. Біздегі асылтұқымды малдардың бүгінгі таңдағы жағдайы қандай?

– Бұрын Кеңес дәуірі кезінде мал шаруашылығымен ірі-ірі кеңшарлар жұмыс істеген болса, қазір жеке шаруашылықтар айналысатын болды. Сондықтан да біз сол жеке шаруа­шылықтарға қай бағытта жұмыс істеу керектігін айтып, атқарған жұмыстарына ғылыми тұрғыда бағыт-бағдар беріп отыруымыз керек. Жалпы, қазіргі кезде, өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда асылтұқымды мал саны өте азайып кетті. Оның негізгі себебі – малдың жеке қолға өтіп кетуі. Осының кесірінен асыл­тұқымды малдарға дұрыс көңіл бөлінбей қалды. Әркім өз жеке қорасында өсірген малдың сапасына, асылына қарай бермеді. Соның нәтижесінде кейбір облыстарда асылтұқымды малдан 1-2 пайызы ғана қалды. Мәселен, өз басым Оңтүстік Қазақстандағы жеке шаруалардағы малды көп араладым. Сол кезде байқағаным, малдың көпшілігі асыл тұқымға жатпайды. Осы кезде асыл­тұқымды мал санын қалайша көбейтеміз, еліміздегі малдарды қалай асылдандырамыз деген мәселе туды. Соңғы 10 жылдың ішінде малды асылдандыру бойынша мемлекетте көптеген жұмыс жасалды. Соның бірі – шетелден ұрық әкеліп, ел ішіндегі малдарды ұрықтандыру болды. Бірақ ол жұмыстардан ойдағыдай нәтиже шықпады. Асылтұқымды малдың ұрығын алып келіп біздікін ұрықтандырғанымен, басым көпшілігі нәтижесіз болды.

– Енді не істеу керек сонда?

– Қазақстанда кезінде асылтұқымды етті ақбас сиырлар болған. Бұл ақбастарды Орынбордың ғалымдары мен Қазақстанның ғалымдары бірлесіп асылдандырып шығарған еді. Бұл сол кездегі ғылымның ең үлкен жетістігі болатын. Ал ақбас сиырлардан еліміз қаншама пайда көрді, мол олжаға кенелді. Бұлар тіпті халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде де танылды. Алайда, өкінішке қарай, бұл ақбас сиырлардан қазіргі таңда азғана қалды. Енді осы малдарды қайта қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, қазір шетелден асыл тұқымдар әкелініп жатыр.

– Қалай ойлайсыз, қаншама қаржы шығарып, шетелден мыңдаған мал сатып әкелу асылдандырудың тиімді жолы ма?

– Осыған байланысты біздегі біраз ғалымдар қарсылық білдіріп жатыр. Олар «шетелден сатып алынып жатқан малдар тым қымбат, қаншама қаржы шығындалып жатыр» деп ренжуде. Расында, егер де қазақстандық ғалым­дарға да осындай қаржы бөлініп, жағдай жасалса, Қазақстанның өзінде 10 жылдың төңірегінде осындай асыл­тұқымды малдар шығаруға болатын еді. Бұған тек қаржы керек. Осы қаржыға байланысты көптеген ғалымдары­мыздың қолы жіпсіз байлануда. Мәселен, өрісте жайылып жүріп-ақ жылына кемінде 5000 литр сүт беретін сиыр тұқымын асылдандыратын бірнеше жобалар жасадық, алайда ол жобалары­мызды әлі жүзеге асыра алмай келеміз. Осы сияқты етті ірі қара малдың тұқымын дайындайтын жобалар әзірлеуге де бо­лады.

– Ал енді әкелініп қойылған асыл тұқымды не істейміз?

– Қазіргі әкелініп жатқан малдарға қатысты айтар болсам, оларды жүйелі түрде тиімді пайдалануымыз керек. Шетелден әкелінген малдардың барлығы жерсініп кете алмайды. Жерсіне алмағандықтан, олар болашақта өзінің өнімділік қасиетін де төмендете береді. Қазіргі күнде шетелден 74 мың ірі қара әкелдік. Оларды жақсылап бордақылап, семіртіп сатудан ешқандай пайда таппаймыз. Бұл алыпсатарлық болып саналады. Менің ойымша, сол әкелген малдардың асыл тұқымдылығын, өнімділігін тез арада зерттеу керек. Бұл малдарды әкеп жатқан шаруа қожалықтары да, «ҚазАгро» ұлттық холдингі де оған ғылыми тұрғыда баға беріп, ғылыми жұмыс жасай алмайды. Сондықтан да бұған отандық ғалым­дарымызды тарту қажет. Осылайша малдардың өнімділік қасиетін зерттеуге тиіспіз. Ал кеткен шығынның орнын толтырып, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану үшін барынша қажетті шараларды жасау қажет. Мәселен, сырттан әкелініп жатқан малдардың ішіндегі бұқалардан ұрық алып, сақтап қою керек. Кейін ол ұрық­тармен жергілікті жерлердегі өнімділігі төмен сиырларды ұрық­тандырайық. Сөйтіп, оларды жаппай асылдандыра аламыз.

– «Импортный» малдарды жергілікті тұқымдармен будандастыру арқылы жақын арада асылтұқымды мал ала аламыз ба?

– Кейде кейбір жиындарда, газет-журналдардан «сырттан келген малдарды жергілікті жердегі малдармен будандастыру арқылы төрт жылдың ішінде тектік тұқымы төртінші буынды мал аламыз» деген әңгімелерді естіп, оқып қаламын. Бұл, меніңше, ешқандай негізге сүйенбей айтылған сөз. Ғылыми негізге сүйенсек, тектік тұқымы төртінші буын болатын мал жеті-сегіз жылдан кейін бір-ақ алынады. Төрт жылдың ішінде бүкіл Қазақстанның малын асылтұқымды қылу мүмкін емес. Сондықтан да қазіргі шаруа – асыл­тұқымды малдардың ұрығымен жергілікті малды ұрықтандыру. Ол үшін ғалымдарға осы жұмыстармен айналысуға мүмкіндік беру керек. Ал «шетелден мал әкелуді тоқтату керек» деп айтуға да болмайды. Себебі жергілікті ірі қараның арасында асыл­тұқымды мал жоқтың қасы. Сол үшін де біз бұл шараларды қолдап, тиімді пайдалану жағын жан-жақты зертте­геніміз жөн. Яғни өндіріс пен ғылым бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады.

– Малды асылдандырудың бізде қолданылып жатқан әдістерінен бөлек, тағы қандай жолдары бар?

– Эмбрион көшіру әдісі. Қазіргі кезде дүниежүзілік деңгейде көп қолданылып жүрген әдіс. Бұл өте күрделі мәселе болғанымен, қолдан келетін шаруа. Мәселен, Қытайдың әрбір ауылында эмбрион көшіру пункті бар. Бізде баяғыда осы сияқты мал қашыру пункт­тері болатын.

Бізде баяғыда осы сияқты мал қашыру пункт­тері болатын

Сол пункттерге мектеп оқушылары да барып, эмбрион көшіру әдісін үйренетін. Осылайша әрқайсысы қораларындағы малдарын асылдандыра береді. Ал біз, өкінішке қарай, мұндай деңгейге жете алмай келеміз. Негізінен, түптеп келгенде эмбрион көшіру әдісін алғаш қазақстандықтар қолданған.

1970 жылдары елімізде Фазыл Мұхаметқалиев деген ғалым Алма­тыдағы биологиялық институтта өзге ғалымдармен Кеңес елдерінің арасында бірінші болып эмбрион көшіру әдісін қолданып, асылтұқымды мал алған.

Өкінішке қарай, бұл шаруа әрі қарай қолдауын таппай, қалып қойды. Есесіне басқа мемлекеттер осы әдісті пайдаланып, бүгінгі күні нәтижесін көріп отыр.

Осыдан екі жыл бұрын, 2009 жылы желтоқсан айында Сауд Арабиясына бардым. Сонда байқағаным, Сауд Арабиясында, өзіңіз білесіз, бірде-бір өзен, бірде-бір көл жоқ. Біздегі Мойынқұм мен Қызылқұм сияқты тегіс шөлді, шөлейтті жерлер. Сондай қу далада 4000 мал шаруашылығы кешені бар екен. Мен соның ішіндегі 4600 сиыр ұстайтын кешенге бас сұғып, бағып отырған малдарының жағдайымен таныстым.

Сауд Арабиясында қу далада 4000 мал шаруашылығы кешені бар екен, олар бір сиырдан жылына 10-12 мың литр сүт сауып отыр

Әлгі кешенде 2900 сауын сиыр бар екен. Бір қызығы, олар шөлді жерде отырса да бір сиырдан жылына 10-12 мың литр сүт сауып отыр. Сатып әкелген жем-шөп қорымен ғана осындай өнім алуда. Ал бізде бір сиыр жылына 2000 литр ғана сүт береді.

– Қызық екен... Арабтар сонда мұндай жетістікке қалай қол жеткізіп отыр?

– Олар Америкадан мол өнім беретін сиырлардың эмбрионын алып келіп немесе өздерінің көшірген эмбриондары арқылы малдарын асылдандырған. Соның нәтижесінде осындай шөлге бейімделген, мол өнім беретін асылтұқымды мал алып отыр.

– Несін жасырамыз, бізде өзімізде сауылатын сүт ішкі нарығымызды толықтай қанағаттандыра алмайды. Сондықтан да неге арабтар сияқты сүтті сиырлардың эмбрионын көшіріп, өзіміздің малдарды ұрықтандыру туралы ұсыныс жасамайсыздар?

– Қазір біз Қазақстандағы малдардың ақпараттық базасын дайындап жа­тырмыз. Оған қай жерде қанша сиыр бар, оның қаншасы сауын, асыл­тұқымдысы қанша деген ақпараттар кіреді. Соның бәрін зерттеп, сосын барып өзіміздің ұсыныстарымызды береміз деп отырмыз.

– Демек, эмбрион көшіру технологиясы бізде де қолға алынып жатқаны ғой?

– Иә, қазір біздің ғалымдарымыз да, ғылыми институттар да эмбрион көшіру технологиясымен жүйелі түрде айналысып жатыр.

– Толық меңгерді деп айта аламыз ба?

– Иә, толық меңгерді деуге болады. Ғалымдарымыз бұл бағыттарда нақты жұмыстарды іске асыруға дайын.

– Онда шетелден 74 мың бас әкеліп жатпай, соның жарты ақшасына неге эмбрион көшіріп әкелмеске? Қайткенде де шығын аз болады ғой...

– Меніңше, шетелден қаншама бас мал әкелу асығыс шешім болған сыңайлы. Ол – ғалымдармен ақыл­даспай шешілген шаруа. Олар ет өнімдерін арттырудың жолы шетелден көптеп мал әкелу деп санады. Десек те, мұны да біржақты «дұрыс емес» деп отырып алуға болмайды. Енді әкелініп жатқан малдарды барынша тиімді пайдаланып қалуымыз керек. Яғни бұлардың ұрығымен жергілікті малдарды қашырып алу қажет. Сондай-ақ эмбрион көшіру жұмысын да кешіктірмей қолға алғанымыз жөн.

– Олай болса, арнайы бағдарлама жобасы да қажет шығар?

– Өкінішке қарай, әзірге арнайы бағдарлама жоқ. Біздің ғылыми инс­титут­тардағы ғалымдар кейбір жоба­ларға эмбрион көшіру мәселесін енгізу туралы ұсыныстар жасап жатыр. Бірақ болашақта бәрібір жүйелі түрде жүзеге асырылатын бағдарлама қажет. Мәсе­лен, Оңтүстік Қазақстанда облыс әкімі Асқар Мырзахметов эмбрионды көшіру әдісіне қаржы бөліп, ғалым­дардың жұмыс істеуіне жағдай жасап, үлкен қолдау көрсетуде. Осы сияқты еліміздің барлық аймағында әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, асылдандыру жолында жақсы жұмыстар жүргізуге болады.

– Сөз басында Сауд Арабиясына бардым дедіңіз. Бұл сапарыңыз сонда сол жақтағы ірі қара мал шаруа­шылығымен танысу, былайша айтқанда, арабтардан мал бағуды үйрену мақсатында болды ма?

– Ол жаққа арабтардың өздері шақырды. Ондағы мақсаттары бірлесіп түйе шаруашылығын дамыту екен. Ал олардың ірі қара мал шаруашылығымен өзім үшін таныстым. Сауд Арабиясында түйе өте көп. Мәселен, біздің Қазақстан­да 160 мыңдай түйе бар болса, Арабияда 870 мың түйе бар екен. Бұл – мемлекеттік санаққа кірген түйелер саны ғана. Ал, өздерінің айтуынша, Арабияда шамамен 4-5 миллионға жуық түйе бар көрінеді. Бірақ олар түйенің сүт өнімдерін аса пайдалана қоймайды, біз сияқты түйенің сүтін сауып, шұбат жасамайды. Көбінде сүт күйінде ішіп, өзге де тамақ өнімдеріне ғана қолданады. Сондықтан да біз оларға шұбат жасау технологиясын үйрететін болдық. Сонымен қатар олар­да бұған дейін түйені асылдандыру мақсатында селекциялық жұмыстар жүргізілмеген екен. Бәдәуилер, былайша айтқанда, түйе бағуды ғана білген ғой. Сондықтан да түйелерді асылдандыру үшін бізді шақырып отыр. Жалпы, түйені асылдандыру бағытында қазақ ғалым­дарының жеткен жетістіктері, құдайға шүкір, баршылық. Енді сол жұмыстарды арабтармен бірлесе жасайтын болдық. Олардың ойы – Қазақстан ғалымдары­мен түйе шаруашылығы маңайында байланыс жасап, бір жылы біз жақта, енді бір жылы Сауд Арабиясында үлкен ғылыми конференциялар өткізу. Сол арқылы түйе шаруашылығын қолға алып, әрі қарай дамыту.

– Ал ғалымдардың еңбегі – ғылыми жоба, ұсыныстарына мемлекетіміз қаншалықты қолдау көрсетіп жатыр?

– Біздің тарапымыздан көптеген жобалар ұсынылады. Бірақ ғалым­дарымыздың көп жобалары шетелдік гранттарды ұтып алу арқылы жүзеге асырылады. Алайда гранттан бұйырған қаржы үлкен жобаларға жете бермейді. Жақсы-жақсы идеяларымыз­ды жүзеге асыру үшін бізге қосымша қаржы қажет. Тым болмағанда мемлекет сырттан мал әкелетіндерін бізге ескертіп, біздің пікірімізді тыңдаса, біз де өзіміздің жақсы ұсыныстарымызды айтар едік.

– Көбіне қандай жобалар шетелдік гранттарды ұтып алып жатады?

– Мал шаруашылығында әртүрлі сала бар. Соның ішінде көбіне елтірі типті қойлардың өнімділігін арттыру бағытындағы жобалар гранттарды ұтып алып жатады. Жалпы, нақты мынадай-мынадай жобалар деп айта алмайсың. Себебі ондай жобаның ішіне бірнеше шаралар кіріп жатады. Ал бізге нақты бір мәселенің төңірегінде ғана жұмыс істеу керек. Мәселен, асыл­тұқымды мал алу бойынша бағдарлама қабылданатын болса, соған барлық жақсы деген жобаларды топтастырар едік.

Алашқа айтар датым...

Бізде аймақтық ауыл шаруашылығы институттарына көп көңіл бөлінбей жүр. Қазақстанда үш ғылыми институт бар. Бірі – Алматыда, екіншісі – Петропавлда, үшіншісі – Шымкентте. Осылардың ішінде мал шаруашылығын зерттеумен айналысатын институт Алматыда ғана. Меніңше, асылдандыру бағдарламаларын Алматыдағы институтта ғана емес, үш институтта да жүзеге асыру керек тәрізді. Мал шаруашылығына байланысты ғылыми зерттеулерді үш институтқа бөліп бергенде ғана жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

По сообщению сайта Nur.kz